Құлшар атындағы Бейнеу өнер мектебінің
домбыра сыныбының мұғалімі
Шонтыбаева Асем Токабаевна
Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы
«Домбыра ойнау оңай ма?»
Сынып сағатының бағдарламасы
Мақсаты: Домбыра ойнауды үйренудің ерекшеліктерін меңгеруде терең түсіне білу.
Білімділігі: Домбыра ойнау шеберлігін дұрыс меңгеру, музыкалық мәнерлілікке баулу.
Тәрбиелілігі: Музыканы дұрыс тыңдап, тереңдей түсіне білуіне тәрбиелеу, эстетикалық талғамын арттыру.
Дамытушылығы: Оқушылардың орындау шеберлігін арттыру, музыкалық білімді дамыту.
Көрнекіліктер: Плакаттар, буклет, оқулықтар, аспаптар, үнтаспа.
Жоспары: 1. Ұйымдастыру
2. Кіріспе: өнер, музыка, домбыра аспабы туралы түсінік беру
3. Домбыра сыныбының бағдарламасы, оқушылардың орындауында
Этюд, шығарма, күйлер тыңдау
4. Ансамбль, ДЭККО, терме тыңдау
5. Қорытындылау.
Жүрісі:
Залды безендіру, музыка ойналып тұрады.
Жүргізуші: Қайырлы күн, ұстаздар, ата-аналар және оқушылар!
Домбыра жүрегіммен үндес едің,
Өзіңмен сырласымдай тілдесемін.
Бабамнан қалған мұра сен болмасаң,
Өнердің не екенін білмес едім, - ақындарымыз
жырлағандай, бүгінгі «Домбыра ойнау оңай ма?» сынып концертімізге қош келдіңіздер.
- Әр халықтың өзіндік ұлттық өнері болады. Адамның көпшіл болып өсуі үшін де өнерлі болудың маңызы зор. Өнер – адамның дүниетанымына, сеніміне, адамгершілік – моральдік қасиеттердің қалыптасуына, эстетикалық сезімдерінің тұрақты алдына қойған мақсатының айқындала түсуіне игілікті әсер етеді. Ұлттық өнер дегеніміз – сан мыңдаған жылдар, ғасырлар бойы халқымыздың мәдениетін, салт-дәстүрін, даналылығын, тапқырлығын, батылдығын, сезімталдығын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған. Ұрпаққа оны немен, қалай жеткізген? Күй, ән, би,, қолөнер арқылы жеткізген. Олай дейтініміз – осы өнерден қайсысын алсақ та, қуаныш-қайғыны күй, ән, би, қолөнермен сезіндіріп отырған. Осы айтылған 4 жанр бір-бірімен тығыз байланысты.
Музыка дыбыс өнері. Сондықтан ол дүниеде дыбыс шығара алатын көп нәрсенің барлығын болмаса да бізді қоршаған ортамен табиғат аясындағы көптеген дыбыстар мен шуларды жаңғыртып, қайталап бере алады. Біз одан күннің күркірі мен құстардың үнін, желдің уілі мен қоңырауды, ұшқан араның ызыңын, батырлар мінген аттардың тапуын, сылдырап аққан бұлақтың үні мен теңіз толқындарының шуын естіген болар едік.
«Музыка – жас азаматтардың ішкі дүниесін байытып, өмірдің түрлі құбылыстарын дұрыс түсінуге көмектеседі», - деген екен өнертанушы, композитор Ахмет Жұбанов. Музыка өнерінің дамуының түп негізі – халық музыкасы.
Ұлттық дәстүр мен салт-сана тағылымын жас жеткіншек бойына дарытып, оның жан – жүйесін оятуда, өнерге ынтасын арттыруда қазақтың қасиетті де киелі қара домбырасының ролі ерекше.
Домбыра өзіне тән дыбыстық бояуымен, алуан түрлі желіс-қағыстарымен қатар, өте бай көркем образдық әлемімен де айқындалып, қазақ халқының тарихи дүниетанымы мен психологиялық ерекшеліктерімен тығыз байланысып жатады.
Домбыра – қазақ халқының жан сезімі, жан серігі. Домбыра – көшпелі елдің көне көз шежіресі, көпті көрген қарияның көкірек күйі. Ол халықтың тарихи тағдырымен тамырлас.
«Ертеде бір аңшы жігіт болыпты, - деп айтылады «Қос ішек» күйінің аңызында, сол аңшы жігіт биік таудың қиясын, қалың қарағайдың арасын тұрақ еткен бұғы, маралды аулап кәсіп етсе керек. Бірде жолы болып биік таудың қиясынан теңбіл маралды атып алады да, маралды етекке түсіру үшін ішек-қарынын ақтарып алып тастайды. Арада айлар өткенде аң аулауға ұрымтал жер еді ғой деп, баяғы теңбіл маралды атқан жерге соқса, құлағына ызыңдаған дауыс естіледі. Барлап қарса, өткенде атқан маралдың ішегін қарға-құзғын іліп ұшқан болу керек, қарағайдың бұтағына қос тін болып керіліп қалғанын көреді. Ызыңдаған дыбыстың сол ішектен шығып тұрғанын аңғарады. Қарағайдың бұтақтарына керіле кепкен ішек сәл ғана жел тербелсе ызыңдап, жанға жайлы дыбыс шығарады. Оның өзі бірде уілдеп, бірде сарнап, енді бірде сыңсып жылағандай боп, аңшы жігітті алуан түрлі күйге түсіреді. Сол жерде аңшы жігіт «Қой, мына қос ішекке тіл бітейін деп тұр екен, бір амал жасайын»,-деп, ішекті алып келеді де бір аспап жасап, соған қос ішекті тағады. Содан тартып көрсе, шынында да қос ішекке жан біткен екен. Бұл үн аңшы жігіттің ғана жанын жадыратып қоймайды, тыңдаған жанның бәрін ұйытады. Осылайша, домбыра аспабы көптің сүйіп тыңдайтын аспабына айналады».
Домбыра - қағып, шертіп ойналатын ішекті музыкалық аспап. Қазақтың ән-күй орындау дәстүріне байланысты домбыраның бірнеше түрі бар, олардың пішіні ғана емес, ішек және перне саны да әрқилы болып келеді.
Оқушыны домбыраға үйрету екі үлкен кезеңнен тұрады: теориялық және практикалық дайындықтан. Музыкалық теорияны дұрыс меңгермеген бала домбыраны меңгере алмайды.
Домбырада ойнауды үйрену үшін алдымен оқушының отырысы мен аспапты ұстауына көңіл бөлінеді. Одан кейін сол және оң қолдың саусақтарын дұрыс қойып, перне басу мен ішек қағуды үйлестіре жүргізуге дағдыланады. Ары қарай нота сауаттылығымен жалғасады.
Домбыра үйренудің алғашқы әліппесінде ашық ішектерде орындалатын жаттығулар біртіндеп жеңіл Этюдтар мен пьесаларға ұласады. Этюд - орындаушының техникасын арттырып, шеберлігін шыңдау үшін арнайы машықтануға арналған шағын шығарма.
-
Оқушылардың орындауындағы Этюдтерді тыңдайсыздар:
1.В.Глейхман Этюд 1 - орындайтын Омарова Ә
2.С.Луканюк Этюд - орындайтын Таңатарова Н
3.Б.Ғизатов Этюд 5 - орындайтын Қуантқанова С
Жүргізуші: Домбыра - ерте заманнан бері халқымызбен бірге жасасып келе жатқан, оның рухани жан серігіне айналған аспап болғандықтан, қазақ халқының музыкалық мұраларының бірі – күй. Кезінде халық музыканттары күй тартуды бірінен-бірі тыңдап, есте тұту арқылы үйреніп, дәстүрлі мұра ретінде меңгерген.
Домбыра дәстүрінің дамуы – ХІХ ғасырда өзінің шарықтау шыңына жетті. Мәдениетіміздің дәстүрінде көптеген профессионал күйші-композитор қалыптасып, күйшілік дәстүр көптеген мектептерге бөлінеді.
Домбыра тарту өнерінің негізі – күйшілік. Ол құрылымдық негізі мен орындалу мәнеріне орай төкпе және шертпе күй деп аталатын екі үлкен орындаушылық дәстүрге бөлінеді.
Төкпе күйлер негізінен шиеленіскен тартысты оқиғаларға құрылады. Шертпе күй ерекшеліктері - ән тектес әуезді, сазды және жұмсақ нәзік үнді болып келеді. Қазақ халқы күйге бай болғандықтан болашақ домбырашының репертуарында күй мол болуы қажет. Ол күйді орындағанда бабына келтіріп тамылжыта, тебірене орындауы тиіс.
- Оқушылардың орындауында күйлер тыңдалады.
1.М.Әубәкіров Өрнек
2.Ж.Еңсепов Балбұлақ
3.Дина Той бастар
4.С.Құсайынов Мереке
5.Қ.Ахмедияров Жеткіншек
Жүргізуші: Домбыра тарту өнерінің өнерінің тағы бір саласы – фортепиано сүйемелдеуімен дүние жүзі халықтарының ән-биін, профессионал композиторлардың шығармаларын орындау. Бұл домбырашының басқа елдердің музыка мәдениетімен жақын танысуына, ой-өрісінің жан-жақты дамуына, әртүрлі музыка аспаптарының орындаушылық ерекшеліктерімен хабардар болуына зор ықпал етеді.
-
Оқушылардың орындауында шығармалар тыңдалады.
1. Д.Кабалевский Шағын полька
2. Орыс халық әні Тау етегі бүлдірген
3. Украин халық әні Журавель
4. Орыс халық әні Ай төгеді сәулесін
5. Беларусь биі Янка
6. Е.Үсенов Қосбасар 2
Жүргізуші: Музыкалық шығарманы бірнеше орындаушының бірігіп орындауы ансамбль деп аталады. Ансамбль құрамындағы әр орындаушының өзіндік жеке әуен-сазы болады. Сынып оқушыларының орындауында халық әні «Еркем-ай»-ды қабыл алыңыздар.
Домбыра өнері бұл күнде өз жалғасын тауып, дамып өркендеп отыр. Күйдің жаңа орындау түрлерінің бірі – ДЭККО стилі. ДЭККО - домбыра, эстрада, компьютер, күй, орындаушы, яғни, домбыра үніне эстраданың және электрониканың қосылуы. (Үнтаспадан А.Еңсеповтың, «Ұлытаудың» орындауындағы күйлерді тыңдату)
«Өнер – таусылмас азық, жұтамас байлық, құдіретті күш, ол адамның жан серігі, ертеңгі рухани байлығы», - дей келке, домбырамен ән-жыр орындау да – қазақ халқының дәстүрлі өнері екенін білеміз.
Ендігі кезекте ән-жырдан шашуымыз деп қабылдаңыздар, Нұрсұлтанның орындауында Нұрымның насихат сөзі «Мен қашанғы жүйрігің...».
Жүргізуші: Сонымен, біздің негізгі мақсатымыз, қазақтың ұлттық аспабы – домбырада ойнаудың шеберлігін дұрыс меңгеруге, оқушылардың өнерге деген ынта-ықыласын өсіріп, эстетикалық талғамын арттыруға, музыканы дұрыс тыңдап, тереңдей түсіне білуіне тәрбиелеу болып табылады.
Көп алдына шығып, жеке өнер көрсету, бір жағынан, оқушының орындау шеберлігіне сын болса, екінші жағынан, оның жауапкершілігін де арттырады.
Шәкірттің көп алдына шығып, өнер көрсетуі тек өзінің орындаушылық шеберлігін арттыру емес, сонымен бірге композиторларды және олардың шығармаларын насихаттау екенін есте ұстауы қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |