Үштұғырлы тіл: артықшылықтары мен проблемалары



Дата08.06.2016
өлшемі50.15 Kb.
#123001
Үштұғырлы тіл: артықшылықтары мен проблемалары
Абай ат. ҚазҰПУ, Магистратура және

PhD докторантура институтының

доценті, ф.ғ.д Қ.Ө.Есенова,

PhD докторант Г.Е.Дюсембина



Тәуелсіздік арқылы қол жеткізілген игіліктердің бірі – дүниежүзілік аренаға еркін шығып, әлемдік өркениеттің озық үлгілерімен танысып, оларды өз еліміздің экономикасын нығайтуға, медицина, ғылым және білім беру, т.с.с. қоғамдық-әлеуметтік салалардың іргесін кеңейтіп, заманауи технологиялармен жабдықтауға жаңа мүмкіндіктердің туындауы болды. Әлбетте, бұл арада білімді ұрпақ, білікті маман мәселесі бой көтереді. Қазіргі заман талабына сай жоғары білімді маман үнемі ізденіс үстінде болып, шеберлігін арттырып отыруға міндетті. Ол үшін елімізде жарық көріп жатқан арнайы әдебиетпен танысудың, ондағы ақпаратты білудің аздық ететіні түсінікті. Бүгінде кәсіби біліктіліктің басты шарты – маманның шетелдердегі әріптестерімен байланыс орнатып, күн сайын ашылып жатқан сандаған жаңалықтардан хабардар болып, озық тәжірибе алмасуды қызметінің тұрақты бір бөлігіне айналдыру қажеттілігі болып отыр. Мұндай талаптың үдесінен шығу үшін маманның тілдік біліктілігі жоғары болуы, яғни, оның шет тілдерін, халықаралық тілдерді еркін меңгеруі шарт. Осымен байланысты, әлемге есігін айқара ашқан Қазақстан халқының алдына жаңа міндеттер қойылды. Солардың ішінде аса маңыздыларының бірі ретінде «Үштұғырлы тіл» мемлекеттік бағдарламасын атар едік. Өзге ұлттың мәдениеті мен тарихын, психологиясын, т.б. қырларын жетік білу, тану, әлбетте, сол елдің тілін меңгеруден басталады. Егемендікке қол жеткізген еліміздегі салмақты проблемалардың бірі – бәсекеге қабілетті мамандардың жетіспеушілігі еді. Осы проблеманы шешудің бір ұшы олардың кәсіби біліктілігін арттыру болса, екінші бір маңызды қыры – тілдік біліктілігінің барынша жоғары деңгейде болуы. Жеті жұрттың тілін білуді әуелден мақсат еткен елдің ұландары шартарапты шарлап, «өнер-білімі бар жұрттардан» өркениеттің өресі биік, танымы терең ұрпақ тәрбиелеуде тиімді пайдаланғаны мәлім. Осындай тарихы бар біздің халқымыз үшін Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Жаңа әлемдегі Жаңа Қазақсан» атты (2007 ж.) Жолдауында ұсынылған «үштұғырлы тіл» мәдени жобасы соншалықты тосын жайт болмады. Халықтың рухани дамуын ілгерілетуді ішкі саясаттың дербес бір бағыты ретінде белгілеп берген ұлт Көшбасшысы еліміздің азаматтарына қазақ тілін мемлекеттік тіл, орыс тілін ұлтаралық қатынас тілі ретінде және әлемдік экономикаға жол ашатын ағылшын тілін меңгеруді міндеттеді. Бұл үштұғырлы тіл идеясы тіл саясатының жаңа бір сатысы ғана емес, уақыт талабынан туындаған қажеттілік еді. Әсіресе, сала мамандарының кәсіби біліктілігін арттыру үшін шетелдерде тәлімгерліктен өтуін жүйелеу мәселесі мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасы арқылы оң шешімін тапқаны белгілі. Осы бағдарлама аясында шетел асып, түрлі мемлекеттерде тәжірибеден өтіп, шеберліктерін шыңдап қайтқан мыңдаған маман бүгінде елімізде жемісті еңбек етуде. Мемлекет іргесінің берік болуы біріншіден, халық санының артуымен сипатталса, екіншіден, сол саннан келіп шығатын сапаның жоғарылауы болып табылады. Яғни, тілдік біліктілігі мен кәсіби біліктілігі жоғары деңгейде ұштасқан маман ғана елдің әлеуетін арттырумен қатар өзге елдердің мамандарымен бәсекеге түсуге қабілетті бола алатыны аян. Бұдан бөлек соңғы жылдары ел өмірінде орын алған мынадай оң өзгерістерді атағанымыз жөн: әлеуметтік саланың ауқымды бөлігі білім беру болса, мектепке дейінгі тәрбие мекемелері мен орта және жоғары білім беру орындарында мемлекеттік тіл қолданысы аясының кеңеюі. Яғни ХХІ ғасырдың алғашқы он жылында қазақ балабақшалары мен қазақ мектептерінің саны біршама көбейді. Ал жоғары оқу орындарында қазақ топтарының көптеп ашылуы осы сөзімізге дәлел болмақ. Халыққа қызмет көрсету мекемелерінің басым бөлігінде мамандардың екі тілде еркін сөйлеуі қалыпты жағдайға айналды. Сондай-ақ, Елбасының арнайы тапсырмасымен іске қосылған тек қазақ тілінде хабар тарататын «Балапан» және «Мәдениет» телеарналарының да мемлекеттік тілдің тұғырын нығайтуға өзіндік үлесін қосып жатқаны даусыз. Жуырда ғана тұсауы кесілген «Білім» телеарнасы осы игі шараның заңды жалғасы іспеттес. «Үштұғырлы тіл» жобасында ұлтаралық қатынас тілі ретінде белгіленген орыс тілінің қолданысы ғылыми әдебиет пен білім беру саласындағы оқулықтар, оқу құралдары, т.б. қатысты алғанда өзекті күйінде қалып отыр. Мұның бір ұшы еліміздің көп ұлтты мемлекет екендігімен байланысты болса керек. Себебі, саны да, салт-дәстүрі де, санасы да алуан түрлі болып келетін жүз отыздан астам ұлт өкілдері қатар өмір сүріп жатқан бүгінгі Қазақстанда орыс тілінің дәнекерлік қызметі әлі де сақталып отыр.

Аталмыш жоба Кеңес Үкіметі кезеңінде кейінгі орындарға ысырылып келген шет тілін, атап айтқанда ағылшын тілін меңгеруді Қазақстан азаматтарына міндеттеуімен ерекшеленеді. Дүние жүзі халқының жартысынан астамымен қатынас орнатуға мүмкіндік беретін бұл тіл қазақ жастарына әлемнің таңдаулы оқу орындарында білім алуға жол ашса, іскерлік әлемінде кәсіпкерлеріміздің кез келген елде бизнесін жүргізуіне және дамытуына мүмкіндік беретін факторға айналды. Сондықтан, тілдерді оқытудың тиімділігін арттыру үшін әлемдік әдістемелерде орныққан әдіс-тәсілдерді меңгеріп, іс жүзінде қолдану бүгінгі күннің аса өзекті проблемасына айналып отыр. Демек, Қазақстандағы тіл саясатының үш бағытта жүзеге асырылуы егеменді елдің іргетасын және жалпы әлеуетін нығайтатыны сөзсіз. Сондықтан, қоғам, әлеумет бұл концепцияны барынша қолдауы қажет. Алайда, аталмыш жобаны мемлекет халқының қандай топтарына міндеттеу мәселесінде басы ашылмаған жайттар бар. Солардың бірі – аталмыш жобаны мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру мекемелерінде кеңінен енгізу асығыс жасалған қадам болмақ. Себебі, айнала қоршаған ортамен енді ғана танысып жатқан, ана тілінде сөйлеу дағдысы әлі қалыптасып үлгермеген жас балаларға шет тілін, яғни, тілдік орта жоқ бөгде тілді үйретудің қаншалықты жемісті болатындығы беймәлім. Осы тұста, А.Байтұрсынұлы сынды ұлт зиялысының тіл үйренуге қатысты мына пікірін еске түсірген жөн: «Бала ең алдымен, өз ана тілінде ойлауы, сөйлеуі, білім алуы шарт». Демек, ана тілінің нәрімен сусындап, жалпы тілдік қабілетін жетілдіріп, өз ойын еркін жеткізуге дағдыланған балаға екінші, үшінші, төртінші тілдерді үйретуге болады. Ал көзімен көргенін және құлағымен естігенін тілімен жеткізуді үйрене қоймаған, басқаша айтқанда, қалыпқа түсіп үлгермеген балдырғанды бөгде тілді үйренуге, оның заңдылықтарын меңгеруге мәжбүрлеудің ұтымдылығы күмән тудырады. Сондай-ақ, орта білім беретін мектептердің өзінде оқушылардың үш тілді бірдей деңгейде меңгеруі де сирек кездесетін жағдай. Мұндай нәтижеге қол жеткізу мүмкіндігі, негізінен тілдерді тереңдетіп оқытатын гимназиялар түлектерінде басым деуге болады. Сондай-ақ, ауылдық жерлер мен қала мектептеріндегі оқыту бағдарламасы бір болғанымен, шәкірттерінің тілдерді меңгеру дәрежесі әртүрлі екендігі де аян. Мұны жыл сайынғы Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындылары да (ҰБТ) дәлелдеп отыр. Сондықтан, қандай мектеп болмасын, ең бірінші кезекте шәкірттерінің мемлекеттік тілде еркін сөйлеуі, яғни, қазақ тілін жетік меңгеруі міндеттелуі тиіс. Ал одан бөлек, екінші, үшінші тілдерді білу, меңгеру мәселесі адамның болашақ кәсібіне, таңдаған мамандығына сәйкес анықталатыны сөзсіз.



Сонымен, қазіргі Қазақстан – дүниежүзі халықтарына есігін айқара ашқан, әлемдегі елу озық елдің қатарына енуді мақсат еткен, стратегиясы айқын, зайырлы мемлекет болғандықтан, ондағы тіл саясатына айрықша мән беріліп отыр. Әсіресе, көп ұлтты, көп конфессиялы мемлекеттің бүкіл халқының басын біріктіру, олардың тілдік мүддесін бір арнаға тоғыстыру міндетінің жүктелуі – уақыт талабы. Себебі, жүз отыздан астам ұлт өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүруі ұлтаралық келісімнің берік орнығуы, түптеп келгенде, елішілік тұрақтылықтың кепілі болу рөлін мемлекеттік тіл ғана өз деңгейінде атқармақ. Сондықтан мемлекеттің негізін құраушы аса маңызды үш фактордың бірі – тіл қолданысын кеңейтіп, позициясын нығайтуға үлес қосу – әрбір азаматтың борышы.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет