Сыр шайыры т.Ізтілеуұлының хат өЛЕҢдерінің ерекшелігі



Дата17.07.2016
өлшемі55 Kb.
#205166
СЫР ШАЙЫРЫ Т.ІЗТІЛЕУҰЛЫНЫҢ ХАТ ӨЛЕҢДЕРІНІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Ұ.Н.Жанбершиева

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің аға оқытушысы А.Қ.Оразова

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, гуманитарлық-педагогикалық факультеті, Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасы

Сыр сүлейлерінің шығармаларын зерттеген уақытта әдебиетшілер болсын, тарихшылар болса да ең әуелі олардың өмір сүрген уақыты мен сол кездің әлеуметтік жағдайына көңіл аударатыны анық. Осы тұрғыдан келгенде, ХХ ғасыр қазақ әдебиетіндегі Сыр бойы ақын-жазушыларының көркем өнердегі алар орны бөлек, шоқтығы биік. Олардың қатарында ел танып үлгірген, қазақ әдебиетін зерттеуші майталмандарымыздың өздері әділ бағасын берген ақын-жырауларымыз: Нұртуған, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Таубай Жүсіп, Нартай, Қарасақал Ерімбет, Шораяқтың Омары, Дүр Оңғар, т.б. бар. Ал біз мақаламызға тиек еткелі отырған Тұрмағанбет Ізтілеуұлы – аталмыш ғасырда әдебиетке жарқ етіп келген ақын, жырау.

Тек Сыр бойы емес, түгел қазақ халқының рухани байлығын сөз еткенде, жыраулар поэзиясының алар орны ерекше. Осы ретте Т.Ізтілеуұлының жыраулық және ақындық талантын даралап айту керек те. Десек те, сол ақындық, жыраулығымен қоса, оның артына бай мұра етіп қалдырған тағы бір қазынасы – хат өлеңдері.

Әдебиет саласындағы хат жанрының шығу тарихы өте ертеден бастау алады. Әлемдік зерттеулерге сүйенсек, ертедегі хаттар Грекияның алғашқы жазбаларынан табылса, Азиядағы халықтың байланысу элементтері тасқа қашалған таңбалардан көрінеді. Ал ағылшындықтар мен француздардың, орыстар мен немістердің бай тарихы мен ғашықтық сезімге құрылған, әлемдік классика үлгісіндегі хаттарының шоғыры да есепсіз. Осыдан-ақ біз, қазіргі «алыс-алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын» неше түрлі телефондар мен айфондардың рөлін атқарған «сымсыз байланыстар» тарихының әріде жатқандығын көреміз. Ал қазақтың халық поэзиясындағы хат өлеңдерді зерттеуші ғалымдар әртүрлі қарастырады. Бұл жанрда ауыз әдебиетінің де, жазба әдебиетінің де элементі бар. Өзінің композициялық құрылысы жағынан дәстүрлі хат, өлең хат поэзияға қажет. Бұл жанр қазан төңкерісі кезінде де кең өріс алған. Ал 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезеңіндегі хаттың рөлі ерекше. Хат өлеңдеріне: Б.Кенжебаев, М.Жармұхамедов, К.Сейдехановтар тиісті бағаларын берген. Ал Н.Төреқұлов хат өлеңдерді халық лирикасының бір түрі дей келіп, былайша топқа бөледі:

а) Ақындардың бір-бірімен хат арқылы хабарласуы;

ә) Қыз бен жігіт хаттары;

б) Жазба айтыстар ретіндегі хат өлеңдер /1/.

Ал зерттеуші ғалым, публицист К.Қамзин хаттың бірнеше түрлері мен қоғамдағы айшықты маңызына баса назар аудара отырып, былай тұжырым жасайды: «...Хаттың деформацияға ұшырауы, оның жанрлық метамарфозасы да тап осында жасырулы. Қоғамдық қатынастардың ұйысуы салдарынан хат бірте-бірте жеке бастық, тұрмыстық-коммуникациялық, интимдік (лат., фр. Intime – терең сезім, жүрекжарды, жасырын сыр) шырайларынан айрылып, проблематикалық эпистолярлық публицистикаға айнала бастады...» /2/. Міне, аталмыш зерттеушілердің көрсеткеніндей, хаттың қоғамдық маңызы бар мәселелерді көрсетіп, көретіп қана қоймай, шешудің жолдарын іздестірудегі атқарар функциясы ересен. Осы тұрғыдан келгенде Тұрмағанбет бабамыздың хаттары ерекше көңіл аударуды қажет етеді. Ендеше, хаттарды сөйлетсек...

Қолқалап, Сәкен, сіздің «Қызыл атты»,

Жолдадым жанабыңа сәлем хатты, –

дей келе, екінші бөлімінде:

Жақсы адам жатық мінез, кішік болар,

Кигені кілең торқа, ішік болар.

Халықтар қай жердегі құрмет етіп,

Таласып сарқытынан ішіп болар.

Жаманның өзі – жерде, көзі – көкте,

Көңілі үрген местей ісік болар.

Сырты – адам, сыйқы – адамдай болмаған соң,

Сұп-суық, көп көзіне үсік болар /3/.

Бұл – ақынның үш бәйтеректің бірі – Сәкенге 1936 жылы жазған хаты. «Сәкенге сәлем хат» деп аталынған үшбуде, ол: Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Сәбит шығармаларымен жақсы таныс екендігін айта келіп, өзінің мұраға татырлық еңбектерін кітап етіп бастыруын өтінген. Дәстүрлі өлең хатта Тұрмағанбет жырау жақсы мен жаманды, адамгершілік пен зұлымдықты салыстырады. Хаттың негізгі идеясы – әркім өзінің көпшілік үшін істеген еңбегі арқылы ғана бағалы дей отырып, өз еңбегінің мән-мақсаты да ел мүддесі екенінен хабардар етеді.

Қазақ әдебиеті тарихының қай дәуірін алып қарасақ та, ақын-жырау, жыршы, жазушылар шығармашылығанда эпистолярлық жанр көптеп кездеседі. Тіпті, бұған ат ізін салмағандары жоқтың қасы. Осыған қарап-ақ, хаттың, оның ішінде, хат өлеңдердің қоғамдағы алар орнының маңыздылығы айқындала түсетіндей. Сондықтан да Т.Ізтілеуұлының бұл жанрдан шет қалмауы да таңқалдырмайды. Оның бұрынғы дәстүрлі түрді кең тыныста қолданып, оны дамытуға үлестес болуы орынды да. Үлес қосқаны өз алдына, егер ақынның жазған хаттары сол қоғамның ойынан шығып, кәдесіне жарап жатса – нұр үстіне нұр. Осындай хаттар шоғыры Тұрекеңде аз емес. Мәселен, «Туған елге сәлем хат», «Тар замана», «Мақатқа хат», «Әділдік жайлы арыз», «Түрмеден хат», т.б. хаттары – Сыр бойы ғана емес, бүкіл қазақ даласының мұң-зары мен арман-тілегінен құралған дүниелер.

1916 жылы жазылған «Тар заманасында»:

Ей, Мақа, сау ма денің, уақытың қош па?

Арзумын жолығуға сіздей досқа!

Әйтсе де үстімізден қарайтындар

Жібермейді жалынғанмен бір дем босқа.

Сол себеп жанабыңа жазып сәлем,

Қадірден Қошекеңді еттім почта /4/,- деп, көңілі қаяу, жүрегі жаралы ақын өзі тұтқында отырып, Ақмешіт уезінің белгілі юрисі Мақан Шыналиевке оның ағайыны мұсылманша да, орысша да сауатты, кезінде болыстың хатшысы болған Қосжан Текебайұлы деген кісіден осы хат өлеңді жазып беріп жібереді. Дәл осы сынды 1935 жылы жазылған «Туған елге сәлем хат» өлеңі де қазақ поэзиясындағы туған елге деген сағыныш, сүйіспеншілікті паш еткен шоғыры биік дүние. Ақынның:

Қалайсың, қатар құрбы, аға-жеңге?

Аман-сау Алматыда жүрмін мен де! - деп басталатын хатынан асқақ рухты, кең тынысты қаламгердің сағынышқа толы жүрегінің лүпілі мен еңбекпен өмір сүріп жатқан алыстағы халқына деген ыстық ықыласын ә дегенннен білдіруге асыққандығын ұғуға болады. Осы өлеңіндегі:

Түзетуге тұрмысыңды сайман сайлап,

Қонысқа ата мекен аунап-көлбе! /5/,- деген екі ғана жолдан ақынның туған топыраққа жете алмай, арманда аһ ұрып, сөйте тұра басқаларға деген көңілінің кеңдігін білдіргенін жазбай танимыз.

Қазақстанның түкпір-түкпірінен бастау алған өзендердей әр облыстан шыққан ақын-жыраулардың, жыршы-термешілердің, көсемсөзшілер мен жазушылардың өз мақамдары мен сөз саптауларында, айшықты ойларында әр алуандық, өзгешелік бар. Тарихқа көз жіберіп, зерттеулерге сүйенсек, Оңтүстік Қазақстан ақындарында хатпен өлең жазу дәстүрге айналған. Сондықтан, біз тілге тиек етіп отырған шайырымыз Т.Ізтілеуұлының сол қоғамда өмір сүре отырып, хат жанрында қалам тербеуі – заңдылық. Ақынның бұл саладағы өлеңдерінде оның ішкі жан дүниесі, Отан, ел, ақындық, адамгершілік, өмір өткелдері жырланады.

Тұрмағанбет ақынның хат өлеңдері жазба әдебиетінің дәстүрінде дамыған. Оның аталмыш жанрдағы өлеңдерін оқи отырып, екі әдебиеттің (жазба, ауыз) байланысын нығайтқысы келген жазушылық мейірбандылығын, үлкен жүректілігін байқауға болады.

Ұлттық әдебиетте «Шахнамеге» тіл бітірген Тұрмағанбеттің орны Сыр бойы ақын-жырауларының ішінде ғана емес, жалпы қазақ әдебиетінде ерекше аталады. Оның біз жоғарыда келтіріп кеткен кейбір «түрме жырларының» көпшілікке таныс болғанына да біршама уақыт болды. Десек те, бұл туралы ғалым С.Қосан: «Тұрмағанбеттің түрмеде жазықсыз жатқан кездерінде шығарған өлең-толғаулары да арнайы зерттеуді қажет етеді. Ақын қапаста отырса да қайғыға салынбай, алдағы жақсы күннен үмітін үзбейді. ... Әдетінше, шайыр таршылықта да адамға қол ұшын созатын бір ғана Алла мен Пайғамбардың барын жолдастарының есіне салып, онысын әр толғауында қайталаудан еш жалықпайды»,- деп жазады /6/.

Ақынның: «Асығып, асылында мұқалмаңдар» атты өлең-хатында Құлнияз, Ырыс, Тілеу, Нұралы, Өтелерге алғысын білдіре отырып, кеңестік билік рақымшылық етіп, түрмеден босатар деген үмітін де ашық жариялайды. Ол сол биліктің жақтаушысы емес, оның өзіне көрсеткен сұмдықтарын ашына айтып, әділдіктің ақ таңы атарына сенеді. 1930 жылы жазылған ақын хаттарынан сол кездегі ұжымдастыру науқанындағы қуғындаудың нышандарын анық байқауға болады.

Тұрмағанбет Ізтілеуұлының өлеңдерінен отбасылық хаттарды да көптеп кездестіресіз. Мәселен:

Болыңдар, сау-саламат, екі қалқам,

Сияқты ең бірің – кенже, бірің – марқам.

Бағуға бағлан қылып, күн тигізбей,

Жүруші ем жайып құшақ, болып қалқан...

Болып тұр сау саламат, біздің ғашық,

Күйініп «Кетер-ау»,- деп, ұзақ, қашық!»

Бар шығар барар жерде баста жазған,

Кемді күн тататұғын тұз бен нәсіп...

Саламат отырмысың, жаным кемпір,

Арада аса алмас бұлт, биік бел тұр.

Онда да уайымдап, үміт үзбей,

Өзіңді өте бағып, бапқа келтір /7/,- деген жолдардан ақынның түрмеден қанша қажыса да сыр бермеуге тырысқан нағыз арыстан бейнесін бағамдаймыз, қайран қаламыз. Бұл – ақынның өзінің жарына, балаларына жазған тұрмыстық қатынастағы хаттар легі.

Тұрмағанбет шайырдың аталған хатттарында жеке бастың мәселесінен гөрі қалың елді сабырға шақыру, түбі бір әділдіктің орнайтындығына сену, сендіру басым. Публицистиканың қоғамдық пікірмен санасып, өзімен де санасуға үндейтін элементтеріне сүйенер болсақ, ақын хат өлеңдері дәл осы принциптің үдесінен шығады. Тұрмағанбет хаттарының мазмұны мен оның идеясы әркез ел бірлігі мен болашаққа деген сенімді құрайды. Оның хат өлеңдерін оқи отырып, айдаудағы арпалыс пен түрмедегі жан қиналысының ізін де таппайсыз. Сол себепті де оның асқан өршіл рухына таң қалмасқа лажыңыз қалмайды.



Тұрмағанбет Ізтілеуұлының хат өлеңдері әлі де жіті зерттеуді, зерделеуді қажет етеді. Аз ғана ойды білдірген мақаламыздың соңғы түйінінде айтқымыз келгені:

  1. Барлық Сыр ақындарына ортақ белгідей, Тұрмағанбет хат өлеңдерінде өнер, дін, саяси тақырыпқа жиі барады ;

  2. Шайырдың хаттары жұртпен жиі сырласуға құрылған, халықты бірлікке шақыру, ымыраластыру белгілері басым;

  3. Қай хатын алып қарасаңыз да, ол «Сәлем – сөздің анасы» екендігін ұмытпайды, сәлемдесіп, достың да, керек десеңіз, қастың да амандығын сұрау – ақын шығармашылығының алтын діңгегі іспеттес, содан соң ғана ойын қорыта отырып, елді ынтымаққа, татулыққа, имандылыққа шақырады.

Тізе берсек, ақын хат өлеңдерінің өзіндік ерекшеліктері таусылмастай көрінеді. Оның өзіндік себебі де жоқ емес. Өйткені, өршіл рухты, кең тынысты ақиықтың хат өлеңдерінде тек қазақтай ұлтқа ғана тән сабырлылық, кең жүректілік пен дархандылық көрініс тапқан.

Әдебиеттер тізімі:

  1. Төреқұлов Н. Қазіргі қазақ фольклоры. Алматы, 1982

  2. Қамзин К. Қазақ көсемсөзі жанрларының кемелдену үдерісі. Алматы, 2009

  3. «Назым» өлеңдер жинағы. Алматы, 1982

  4. Бұл да сонда

  5. Бұл да сонда

  6. Қосан С. Тұрмағанбеттің түрмедегі жырлары // Тұрмағанбет журналы, 2011. №3(3). 4-б.

  7. Ізтілеуұлы Т. Шығармалары. Екі томдық. Астана, 2009. Т.1. Өлеңдер, көңілқостар, нақыл сөздер. 304-б.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет