ҮШІНШІ КӨРІНІС Орест, Хор, Мылқау.
ОРЕСТ. Ұстазым, келетін жерімізге жеттік-ау деймін. (Мылқау үндемейді).
Туғанда қалам есімде қалса керек еді, жадыма бірақ ештеңенің түспей келе жатқаны.
(Мылқау үндемейді).
Әлде ол кезде тым кішкентай болдым ба екен? Жоқ, төрт жаста едім ғой. Есімде неғып ештеңе қалмаған? Расында да, ештеңе қалмапты. Тек сен айтқан әңгімелерге ғана қарап бірдеңелерді шырамытам.
(Мылқау үндемейді).
Әкемді де сенің айтқаның бойынша білетін сияқтымын. Сенің айтуыңша ол батыл да көреген қолбасшы көрінеді; еңгезердей қасқа бас тамақсау кісі болыпты. Бірақ, бұның бәрі жәй әшейін сөз ғой. Онда тұрған не бар? Болашағым туралы ойымда ештеңе қалмағаны таңғаларлық нәрсе екен. Есімде ең бірінші қалған нәрсем он жастағы кезім. Сең менің иығыма қолыңды қойып, сенің атың Федон емес, Орест дегенің. Әкең – Агамемнон патша. Оны Эгист опасыздық жасап өлтіріп, таққа өзі отырды дедің. Сосын тағы да: бүгіннен бастап сені Орест деп атаймын, әйтпесе кім екеніңді ұмытып қалып жүрерсің дедің. Сен өзіңнің кім екеніңді ешқашан ұмытпа, өз халқыңды опасыздан азат етпей тұрып, жаның жай табуға тиісті емес дедің. Мен содан бастап есейе бастадым. Содан бергі нәрсенің бәрі есімде анық сайрап тұр.
(Мылқау үндемейді).
Әрине, әркім көңіліне не ұнаса, соны есінде сақтайды. Біреу шешесінің аймалағанын, біреу алғашқы махаббатын ұмыта алмайды. Ал, менің ұмытпайтыным. өзімнің Орест екенім; ол деген сөз опасыз озбыр сазайын тартуға тиісті екендігі.
(Мылқау үндемейді).
Біз оны алдап соқтық. Ол ақымақ мені күні-түні биші әйелдердің қойнынан шықпайтын, күйіс қайырған сиыр құсап аузы қисаңдап, сағыз шайнағаннан басқа ештеңе білмейтін бір сілекей езу сілімтік көреді. Ондай көрсоқырлықтың ақыры немен тынатынын, аман болсаң, білерсің, падишам.
(Мылқау үндемейді).
Маған не істеу керек сосын? Күні-түні өтірікті соқтым да жүрдім. Эгистің жансыздарын жаңылдыру үшін қайдағы жоқты қардай боратып, ұйқыға жатам, қайдағы-жайдағыны қардай боратып, ұйқыдан тұрам. Тіпті ұйықтап жатып та өтірік сандырақтаймын. Орест екенімді, әлгілердің айтып жүрген адамы екенімді ажыратудан қалдым.
(Мылқау үндемейді).
Әрине, онда тұрған ештеңе жоқ. Тигізетін пәлендей зияны болмаса, өтіріктен қорқатұғын не бар?! Одан көрген зияным шамалы. Өтірікті қарша боратқанмен, титтей де өзгергем жоқ.
(Мылқау үндемейді).
Оны жақсы білетін, ұстазым, тек сен ғанасың. Сайранханада қанша сандалайын мейлі, шарапты қанша судай сапырайын мейлі, жансыздардың жымысқы жүзіне өп-өтірік қанша таңғалайын мейлі, өзімнің Орест екенімді, мойнымда асқар таудай парыз барын ешқашан ұмытқан емеспін.
(Мылқау үндемейді).
Енді мен мынаған таңғаламын. Озбыр билеушілердің полициясы деген де жыландай сумаңдаған зұлым болуға тиісті емес пе еді. Әлде еркіндік жоқ жерде жұрт шетінен миғұла топас боп кете ме екен? Қолымыздағы жалған қағаздардың пәрменімен-ақ жетпеген жеріміз, өтпеген тесігіміз жоқ. Күзеттердің бәрінен аман-сау құтылдық. Енді, көр де тұр, мен сықпыртқан өтірікке Эгистің өзі де имандай сеніп қалатын шығар.
(Мылқау үндемейді).
Сен дұрыс айтыпсың. Өз халқыма қарсы өзім соғыс аша алмайды екем. Қанша озбыр болса да, халық бәрібір өз елін жаудан қорғамай, қол қусырып отыра алмайды. Өйтсем, ертең менің жауынгерлерім өлтірген өрбір боздақты, менің солдаттарым зорлаған әрбір әйелді, менің әскерім өртеген әрбір лашықты бетіме салық қып басар еді. Мен ондай бассыздыққа бара алмадым. Өз еліме тонаушы емес, құтқарушы болып көп тұрмын.
(Мылқау үндемейді).
Қорықпа. Менің жүрегімде кек те, өшпенділік те жоқ. Менің ондай әумесер емес екенімді білесің ғой. Бұл да бір, шахмат та бір. Әуелі ол жүреді, сосын мен жүрем. Тағы да ол жүреді, сосын мен жүрем. Ақыр аяғында барып корольге мат қоям.
ХОР. Шах, шах. Тең ойын. Рокировка. Пат. Мат.