04.03.2016
e-islam.kz
Сұлтанмұрат АБЖАЛОВ: Тұтынушылық психология - терроризм тұзағы
Қазір террорлық ұйымдар күш алып тұрған заман. Ислам атын жамылған ниеті бұзықтар әлем назарын өздеріне аударып отыр. Әлдебіреулердің саяси ойынынан қаншама мемлекетте жазықсыз халықтың қойша қырылып жатқанын көру қандай қасірет еді. Сөзге келгенде әлем қарсы болғанымен, іске келгенде бәрі басқаша болып тұр. Уақыт өткен сайын күш алып, жұмыр жерді дүрліктіретіндей бұл ДАИШ қайдан шыққан ұйым? Содырлардың сойылын соғу үшін біздің қандастарымыздың да Сирияға аттануына не себеп? Осы мәселелер жөнінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымының кандидаты, доцент Сұлтанмұрат АБЖАЛОВПЕН сұхбаттасқан болатынбыз.
– Бүгінгіде террорлық ұйымдардың әрекеттері әлемді алаңдатып отыр. Солардың бірі – ДАИШ. Бұлар қайдан шыққандар? Мақсаттары не?
– Бұл террорлық ұйымның қалай пайда болғаны, мақсаты, қаржыландыру көздері жөнінде БАҚ-та аз айтылып жүрген жоқ. ДАИШ немесе ДАИШ бүгінгі таңда әлем қауымдастығының бас ауыртарлық мәселесі болып тұр. Аз ғана уақыт ішінде күшейіп кеткен терроршылар Ирак пен Сирияның аумағын қанға бөктіруде. Бұлар атышулы «әл-Каидадан» әлдеқайда асып түсті. ДАИШ сарбаздары қатыгез әрекеттерімен барша адамзаттың бойына үрей ұялатуда. Белгілі бір мемлекеттерге қоқан-лоққы ретінде шығарылған бейне жазбалары ғаламторды шарлап жүр. Олар үшін адам өмірінің еш құны жоқ екені осы бейне жазбалардан айқын көрінеді.
ДАИШ деген атаудың өзінде «Ислам мемлекеті» деген сөз бар. Яғни, бұл топ өзін ислам дінімен байланыстырады және жер бетінде халифат орнатуды көздейді. Ұйым 2014 жылы 25 маусымда өздерін халифат деп жариялады. Бұқара халық ертедегі Араб халифаты жөнінде, Осман халифаты жөнінде біледі.
– Шын мәнісінде ДАИШ-тың исламмен байланысы қандай?
– Шын мәнінде ДАИШ ислам дінін саяси құрал еткен террорлық топ. Дәл қазіргідей аяусыз қатаң жазалар, қатаң әрекеттер ислам тарихында бұған дейін болмаған. Терроршылардың қазіргі іс-қимылдары Құранға, Мұхаммед пайғамбар мен оның сахабаларының жолына қайшы. Бейбітшілікті ту еткен, мейірімділік пен сүйіспеншілікті таратқан дін ислам мен бүгінгі ДАИШ-тың жолы екі басқа. Қазіргі таңда сарапшылар бұл топтың діни ғұрыптарға немқұрайлы қарайтынын айтып жүр. Терроршылар арасында Құраннан, Пайғамбар сүннетінен хабарсыз жандар да көп. Олар, тіпті, адам саудасымен де белсенді түрде айналысуда. Міне, осы тәрізді дәйектер ДАИШ-нің исламнан алшақ екеніне дәлел бола алады.
– Ең өкініштісі, сол содырлардың қатарына біздің де азаматтар жүр ғой.
– Рас. Бұл өте өкінішті жағдай. Астана қаласының Есіл аудандық сотының 2015 жылғы 15 қазандағы шешімімен ДАИШ террорлық ұйым деп танылып, елімізде қызметіне тыйым салынды. Ресми мәлімет бойынша дәл осы террорлық ДАИШ ұйымы қатарында қазақстандық 400-ге жуық азамат соғысып жүрген көрінеді. Олардың арасында жас азаматтар көп. Жастардың ДАИШ-қа қосылуы туралы айтқанда бірінші кезекте діни сауатсыздықты сөз етеміз. Қазақ жастары әлі де діннің дұрысы мен бұрысын айыра алмауда. Әлдебір діни идеологиялық топтар діни сауаты төмен жастарымызды оп-оңай өз қатарларына қосып алып жатыр. Еліміздегі діни сауатсыздық мәселесінің төркінін біз кеңестік кезеңмен байланыстырамыз. Сол кезеңде діннен хабар жоқ болып өскен буын, бүгінгі күні өз ұрпағына жеткілікті діни тәрбие бере алмауда. Дегенмен, мәселеге осы құбылысты ғана кінәлап, еш әрекетсіз отыруға тағы болмайды. Діни сауаттылықты көтеру бойынша жүргізіліп жатқан шаралар өз деңгейінде жүруі тиіс. Ол үшін дін саласына жауапты мамандардың біліктілігі жоғары болуы, ҚМДБ имамдарының деңгейі экстремистік, сектанттық идеологтардан озық тұруы қажет. Қазір дін алаңында бәсекелі күрес жүріп жатыр. Салафилік, радикалдық, экстремистік топтар дәстүрлі ханафилік мәзһабымызда жүрген ҚР мұсылмандарын өз қатарларына тартуға барынша тырысып бағуда.
– Жұртты өздеріне магнитше тартатындай бұл топтардың нендей күші бар? Жастарды қалай иландырады?
– Назар салып қарайтын болсақ, қазіргі жастардың өмірлік құндылықтары өзгергенін байқаймыз. Жаһанданумен бірге енген техникалық жетістіктер әлем деңгейінде үстемдік жүргізуде. Осының әсерінен жастар арасында тұтынушылық психология басым, барлығын дайын түрде қабылдауға әбден үйреніп алған. Жас буын іздеген дүниесіне қысқа уақыт ішінде ғаламтор арқалы қол жеткізуге бейімделіп алды. Мұндай азаматтарымыз күндердің бір күнінде ойламаған жерден ғаламтордағы уағызшы-идеологтардың тұзағына түсіп қалуы мүмкін. Бір айта кетерлігі, білімі таяз азамат ғаламторды сана сүзгісінен, ой елегінен өткізуге дәрменсіз. Мұндай жастар түрлі әлеуметтік желілерде таралған ақпараттардың бәрін шынайы деп қабылдайды.
Ал ДАИШ ақпараттық кеңістіктің күшін өз мүддесіне өте тиімді пайдаланып жатқан террорлық ұйым. Олар өздерінің интернет-ресурстары, теле-радио каналдары, баспасөз құралдары арқылы белсенді насихат жұмыстарын үздіксіз жүргізіп жатыр. Сол үгіт-насихаттарын әлемнің 24 тілінде таратуда. Жер бетіне «ислам мемлекетін» орнатып, «әділеттілікті» таратамыз деген жалған ұрандары көпшілікке қызықты болып көрінуі мүмкін. Жас азамат олардың саяси мақсаттағы күресін жете түсіне алмай, шынайы дінді насихаттаушылар ретінде қабылдайды. Өзі де өмірде белгілі бір тығырыққа тіреліп, сансыз сауалдарға жауап таба алмаған азамат ДАИШ-тан пана тапқандай әсерде болады. Бұл тұста тұлғаның әлеуметтенуге яғни өмірдегі өз орнын табуға деген талпынысын аңғарамыз. Бұған дейін жолы болмай, сәтсіздікке ұшыраған жан ойға көп батады. Ақырында, өзінің жеке қабілеттерін шыңдап, жете алмаған жетістіктеріне Құдайдың жәрдемімен ДАИШ-те жетемін деген келте ойға тоқтам жасауы мүмкін. Бұдан соң біртіндеп жиһадшылар қатарына қосылуға әзірлікті бастайды. Ең соңында мұндай азамат «Мұсылман бауырларына» жәрдем беру үшін соғыс ошақтарына аттанып кетеді. Жас азамат неліктен мұндай әрекетке барды? Әрине, бұл тұста радикалды ағымдардың халыққа жүргізген насихатының күштілігі байқалады.
– Бұның барлығының алдын алу үшін біздің қоғамға қандай әрекет керек?
– Ол үшін елімізде ақпараттық саладағы жұмыстардың қарқыны жоғары болуы керек. Ақпарат кімнің қолында болса, ол адам халықты өзіне ерте алады. ҚР азаматтарының ДАИШ-тік және басқа да экстремистік мазмұндағы насихаттарға ілігуі жергілікті діни насихатта әлі де әлсіздіктер барын көрсетеді. ДАИШ-тықтар өзге де радикалды, деструктивті ағымдар тәрізді адам тарту әдістерін жетік меңгеріп алған. Олар адамдардың әлсіз тұстарын, өмірдегі сұраныстарын өте жақсы біледі. Әлбетте, бұл секілді ұйымдардың аяқ астынан пайда болып, бірден дамып кетпейтіні белгілі. Олардың артында үлкен мүдделі күштердің бары қазіргі кезде ешкімге жасырын емес.
Ғаламтордан бөлек, тәрбие мәселесі де күн тәртібіндегі маңызды мәселе қатарында. Ата-аналардың балаларға дұрыс тәрбие бере алмауы әсерінен оларға дұрыс жол нұсқалмайды. Заман талабына байланысты қазір барлық ата-ана күнкөріс қамымен жүреді. Осының әсерінен бала тәрбиесі өз деңгейінен қалыс қалуда.
Жастардың ДАИШ тәрізді ұйымдар қатарына кіруіне себеп болатын келесі мәселе ол – әлеуметтік тұрғыдағы мәселелер. Бүгінгі таңда көп жастар тұрақты жұмысқа тұра алмайды, баспанаға қолы жетпейді. Кейбіреулерінің тиісті білімі жоқ, ал кейбірі қолдан жасалған кедергілер әсерінен өзі қалаған қызметке орналаса алмайды. Осыдан соң күзетшілік, даяшылық тәрізді қысқа мерзімді, болашағы жоқ қызметтер атқаруға немесе жұмыссыз болып жүруге мәжбүр болады. Өмірде осындай келеңсіздіктерге тап болып, іші наразылыққа толы жанды ДАИШ-та, өзге діни ағымдар да өз қатарына тез тарта алады.
– Жастар – аса үлкен күш. Бірақ, олардың тәрбиесімен айналысуға ата-ананың уақыты жоқ, дін өкілдерінде дәрмен жоқ. Енді қайтпек керек?
– Ол үшін жастардың әлеуметтік мәселелерін шешуіміз қажет. Тұрақты жұмыс орны, баспанасы, жеткілікті айлық табысы бар жас азамат радикалды ағымдар қатарына қосылмайды. Өз еліндегі тіршілікке қанағаттанған жанның өзге елдегі мақсатсыз, баскесерлік соғысқа қатыспасы анық. «ҚР ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» деп Ата заңымызда айқын көрсетілген. Қорыта айтқанда, мәселе тек ДАИШ-ке ғана келіп тірелмейді. Біз оданда басқа да қауіпті діни ұйымдар қатарына азаматтарымыздың қосылуына жол бермеуге тиіспіз. Ол үшін жоғарыда айтылған мәселелерді шешуге мұқият назар аударғанымыз абзал.
Сұхбаттасқан Жайық НАҒМАШ
Достарыңызбен бөлісу: |