«Кәсіби лицейлер мен колледждердің материалдық-техникалық базасы және оларды бітірушілердің жұмысқа орналастыру» деп аталатын төртінші тарауда лицейлер мен колледждердің материалдық-техникалық базасы, лицейлер мен колледждер түлектерін жұмысқа орналастырудың жағдайы айқындалып, баға беріледі.
1990 жылы кәсіби-техникалық оқу орындарында 25190 орны бар типтік оқу үйлері, 894 шеберханасы, 750 оқу орны бар 45 оқу учаскесі, 21 оқу полигоны, 57 мың оқу орны бар 1903 оқу кабинеттері мен зертханалары болды. Ауыл шаруашылығына жұмысшы дайындайтын училищелерде 67070 орны бар 2234 оқу кабинеттері, трактор және ауылшаруашылық машиналарының 800 зертханасы, 152 автокөлік жүргізушілерін дайындайтын шеберханалар, тракторлар мен автокөліктерді техникалық жағынан бақылайтын және өңдейтін 62 шеберханалар болды [25].
Халық ағарту министрлігіне берілген 73 техникумдардың оқу-лабораториялық үйлерінің жалпы көлемі 401043 м2 болған, бір оқушыға 6,9 м2 келген, бұл мәлімет олардың қамтамасыз етілуінің 90,3 пайызын құрады, қайсы бір оқу орындарында бұл көрсеткіш 15,1, 11,9, 10,4, 16,1, 10,9, 10,2, 14,5, 21,1, 15,5, 10,5, 13,4 м2 -ді құрады.
Колледждердің күндізгі бөлімдерінде 1991 жылы 5165 студент оқыса, олардың 105-нің ғана жатақүйі болған, яғни оқушылардың 78,9 пайызы ғана жатақүйімен қамтамасыз етілген, бір оқушыға орта есеппен 9,5 м2 орыннан келген. Алматы индустриалдық, Өскемен, Қызылорда, Петропавл педагогикалық, құрылыс, Қарағанды, Талдықорған индустриалды-педагогикалық, Теміртау құрылыс, Шымкент автомеханик басқа да колледждерде бұл көрсеткіштер жоғары болды. Кейбір техникумдарда жатақүйі бір адамға шаққанда 6,5, 7,4, 4,3, 6,2, 8,7, 6,8, 1,9, 1,35, 4,4, 3,9, 7,2 м2-ден келген [26].
1991-2007 жылдар аралығында техникумдардың (колледждердің) бірде бірінде оқу және жатақүйі салынбаған. Еліміз экономикалық және әлеуметтік дағдарыстан шығуымен мемлекет кәсіби лицейлер мен колледждерді қаржыландыруға кең көлемде шаралар көре бастады.
Кәсіптік бастауыш білім беру саласына 2000 жылы – 2693 млн, 2001 жылы – 3018, 2002 жылы – 3910, 2003 жылы – 5299, ал 2004 жылы – 6540 млн теңге жұмсалған. 2005 – 2010 жылғы бағдарламаға сәйкес кәсіби оқу орындарына бөлінетін қаржы 2,5 есе көбейе түсуі жоспарланған. Республика колледждеріне 2000 жылы – 2662 млн, 2001 жылы – 2568, 2002 жылы – 2989, 2003 жылы – 34905, 2004 жылы – 5001 млн. теңге бөлінген, яғни қаржы 2005 жылы 2000 жылмен салыстырғанда екі есе өскен.
2008-2012 жылдарға арналған бағдарлама бойынша техникалық және кәсіби білім беру жүйесін қаржыландыру 2007 жылдан бастап 1,5 – 1,8 есе артты, яғни материалдық базаға осы жылдар ішінде 58178,9 млн теңге жұмсалда, ол 5943,04 млн теңгеге оқу орындарына күрделі жөндеу іске асырылады [27].
Талдықорған қаласындағы № 1, Павлодардағы №19, Қостанайдағы № 15, Шымкент қаласындағы № 3, Ақсу қаласындағы № 19, Астанадағы № 1 басқа да кәсіби лицейлердің материалдық-техникалық базасы нығая түсті. Павлодардағы №19 кәсіби лицей 1997 жылы кәсіптік-техникалық училище базасы негізінде құрылған болатын, 19 мамандық бойынша жұмысшылар дайындайды. Тапсырма беруші Есіл ауылшаруашылықұжымдары 1997-2001 жылдар арасында 35 млн.теңге қосымша табыс алынған, олар материалдық базаны нығайтуға жұмсалған. Лицейдің 1710 гектар жері, 250 шошқа, 28 ірі қара, 34 жылқысы бар. «Шебер-слесарь» мамандығын дайындау үшін техникалық қызмет көрсету стансасы (СТО), типті шеберхана ұйымдастырған. Тігін цехы өндірістік тігін машинасымен жасақталған. Көлікті жүргізетін тренажер кабинетінде «КамАЗ-2», «Газ-52,-2», «Волга», «Уаз», «Газель» автокөліктері де бар [28].
Техникалық және ауылшаруашылық мамандарын дайындауға бюджет есебінен мемлекеттік тапсырыстың әлі де шектеулігі бұл республиканың білім беру жүйесінің жұмсалатын қаржысының 3-4 пайызын ғана құраған. 2006 жылдың мәліметі бойынша бөлінген қаржының 54 пайызы жалақыға және әлеуметтік салыққа, 23 пайызы киім-кешек және шәкіртақыға, 10 пайызы коммуналдық қызметке, 3 пайызы қызмет көрсетуге, 10 пайызы басқа қажеттіліктерге жұмсалған. Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2005 жылғы халыққа Жолдауына сәйкес республика бюджетінен 700 орындық Атырау, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында 4 аймақтық орталық ашылды.
2007 жылы республикада 185 мемлекеттік колледждер болды, оларда 151596 студент оқыды, ал олардың ұзақ мерзімді қалыптасқан тарихы бар. Олар экономикалық жылдарында кездескен қиындықтарды жеңе біліп, өз жұмыстарын дамыта түсті.
Алайда колледждердің материалдық-техникалық базасы 1991-2008 жылдарда аз деңгейде жаңартылған. Көптеген колледждерде техникалық және ауылшаруашылық мамандарды дайындау ескі, жарымжан және моральдық жағынан тозығы жеткен, өндірістің жаңа технологиясының талабына сәйкес келмейтін, оқушылардың өндірістік оқуын жоғары сапада жүргізуге қабілетсіз техникалардың негізінде іске асырылып келеді. Көптеген оқу орындары ақылы оқудан түскен қаржылармен өз қажеттіліктерін өтеп келді. 2007 жылы 185 мемлекеттік колледждердің 139-ның ғана жатақ үйлері болды.
1991-1999 жылдары кәсіби оқу орындарын бітіргендер жолдамамен жұмысқа орналаса алмады. Алматы, Талдықорған, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстарының кәсіби лицейлері мен колледж оқушыларының жұмысқа орналасуы облыстық оқу бөлімдерінің жылдық есебі бойынша 38 пайызды құрады [29]. Басқа да облыстардағы жағдай осындай болған, оқуды бітірушілер өз ауылдарында, ауыл тұрақтарында өз беттерінше орналасқан, ал жұмыс таппағандары жұмыссыздар қатарына қосылды.
2000 жылдан бастап жағдай өзгере бастады, оқу орындары еңбек нарығының талабына бейімделе бастады. Олар аудандық және қалалық оқу бөлімдері және әкімшіліктермен байланысып, әртүрлі шығармашылық топтар құрып еңбек нарығына қандай жұмысшылар мен мамандар керектігін зерттеді.
Шымкент, Жамбыл, Қарағанды, Өскемен, Алматы қалаларына 2 мың шаштараз, аспазшы қажеттігі анықталды. Ақмола облысының тың колледжі халықтың тілегін ескеріп механик, бухгалтер, экономист мамандықтарын, Талғар ауылшаруашылық техникумы, ауылшаруашылық экономисі, агроном, жер өлшеуші, бухгалтер, тамақ бұйымдарын сақтаушы деген мамандықтарды дайындауға кірісті. Ауылшаруашылық министрлігіне қарайтын барлық колледждер мамандықтың түрлерін қайта қарап, еңбек нарығына қажетті мамандарды дайындауға кірісті. Алматының экономикалық колледжі бухгалтер-экономист, кондитерлік өндіріс экономисі, экономист жоспарлаушы, Атырау теңіз (морской) колледжі, балық технологиясы, мұздатқыш (холодильник) механигін, кеме жүргізуші мамандарын дайындап балық өнеркәсібіне жұмысқа жолдады, осы техникумның түлектерінің жұмысқа орналасуы 1996 жылы 90 пайызды құрады [30]. Еңбек нарығына қажетті жұмысшыларды зерттеу, олармен тікелей байланыс жасау, олардың тілегін қанағаттандыру жұмысы барлық облыстарда, аудандарда, қалаларда жүргізілгендігі диссертациялық жұмыста белгілі орын алды. Сөйтіп, 2000 жылдан бастап кәсіби оқу орындары еңбек нарығының талабын түсініп, соған сәйкес мамандар дайындауды қалыпты жағдайға түсіре бастады. Екінші жағынан, бүкіл ел, ата-аналар, әрбір жұмыс іздеген жастар да кәсіби білім алмай, оның иесі болмай өз мүмкіндігін тарата алмайтынын, тіпті күн көріске қажетті қаражат таба алмайтынын түсіне бастады. ҚР-ның Үкіметі 15 мамыр 2001 жылы № 721 санды «ҚР-да бастауыш және орта кәсіби оқу орындарын одан әрі дамыту» туралы қаулы қабылдады, ол бойынша білім жүйесінің осы секторын тұрақтандыру, оларды бітірушілерді жұмысқа орналастыру жұмыс берушілермен байланысты жақсарту туралы мәселені шешуде маңызды қадам болды. Сонымен қатар көптеген қиындықтарға қарамастан кәсіби оқу орындарында жұмысшылар мен орта буын мамандар дайындауға, олардың сапасын жақсартуға база назар аударыла бастады.
Сөйтіп, Қазақстан өз тәуелсіздігін алып, нарықтық экономикаға көшіп, оның алғашқы нәтижесін көре бастағанда, қоғамның даму бағыты жаңа арнаға түсіп, кәсіби оқудың мазмұны, құрылымы, бағыты бұрынғы өзгерістерден, жоғарыда жазғанымыздай, мүлдем тың жаңа кезеңге ене бастады. Бұған тікелей әсер еткен жаңа жүйе пайда болып, қалыптасып келе жатқан меншік иелерінің, яғни жұмыс берушілердің жұмыс күшіне деген қажеттілігінің артуы.
2000 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Парламенті «Әлеуметтік Серіктестік туралы» Заң қабылдады. Бұл Заң ТМД елдерінде бірінші рет қабылданған Заң еді. Бұл Заңның негізгі мақсаты - әлеуметтік серіктестермен, яғни жұмыс берушілермен оқу орындарының арасындағы байланысты нығайту, еңбек нарығында сұранымды қажет еткен жұмысшылар мен орта буын мамандарды анықтау, соған сәйкес жұмыс берушілер мен оларды дайындаудың сан қырлы мәселелері бойынша шартқа тұру және оқу орнын бітіргендерді жұмысқа орналастыру болып табылады.
Отандық және шетелдік озат тәжірибелер көрсеткеніндей, еңбек нарығындағы жағдайды, сонымен қатар халықтың өмір сүруін жақсартудың, экономиканың әлеуметтік ауа райын және оны тұрақтандырудың бір шешуші факторы - әлеуметтік серіктестік болды. Осы Заңға сәйкес серіктестік республикалық, салалық, аймақтық деңгейде ұйымдастырыла бастады.
Әлеуметтік серіктестерге жататындар: Мемлекет, себебі ол қаражат бөледі, мамандар дайындауға тапсырыс береді, екіншіден Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау органдары, Білім және ғылым саласының жоғарыдан төменге дейінгі органдары, аудандық, облыстық әкімшіліктер, оқу органдары және жұмыс берушілер, ата-аналар.
Қазақстан Республикасында осы Заңға сәйкес үшжақты келісім-шарт 2002, 2005, 2007 жылдары осы құрылымдармен жасалынды, ол барлық облыстарды, екі қаланы түгелдей қамтыды. Бұл Заңның қоятын шарты нарық экономикасынан, жұмыс берушілердің талабынан туындайды. Келісім-шарт жасаудан бұрын аталған органдар бірігіп, еңбек нарығына қажетті жұмысшылар мен мамандарға әрбір аймақ (регион), қала, аудан бойынша сұранымды анықтайды.
Әлеуметтік серіктестік – жаңа техниканы меңгерген еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие, құзырлы (компонентті) жұмысшылар мен мамандар дайындаудағы қазіргі қауымдастықтағы сапалы саласы.
Білім және ғылым министрлігінің өз құжаттарында серіктестіктің әлі өз кезегінде қалыптаса алмай келе жатқанын атаған. Бұл министрліктің әлде де әлеуметтік серіктестікті қалыптастырудағы шалағайлығынан туындап отыр. Әрине, біз білеміз, барлық лицейлер мен колледждер, облыс, аудан және қала әкімшіліктері кемшіліктің барын жақсы түсінеді.
2001 жылдан бастап «Әлеуметтік серіктестік туралы» Заңы жұмыс істей бастады, көптеген кәсіби оқу орындары сол Заңның талабына сәйкес өз шәкірттерін жұмысқа орналастыруда жақсы нәтижелерге қол жеткізді.
Кәсіби лицейлер мен колледждерді бітірушілердің жұмысқа орналасуы біртіндеп жақсара бастады, бұл көрсеткіш 1994-1999 жылдар аралығында 30 – 35 пайыздан аспаса, 2003 жылы – 72, 2004 жылы – 75 пайызды құрады. Жоғарыда аталған Мемлекеттік Бағдарламаға сәйкес техникалық және кәсіби оқу орындарынын бітірушілердің 2008-2012 жылдар аралығында жұмысқа орналасу үлесі 80 пайызға дейін ұлғаятын болады.
Кәсіби оқу орындарын бітірушілердің жұмысқа орналасу жағдайын қорыту еңбек нарығында әр түрлі мамандарға әр түрлі сұраным мен ұсыныс барлығын көрсетті. Кейбір кәсіби топтардың қажеттілігі оларды бітірушілерге сәйкес, ал басқа бір мамандықтар бойынша олар еңбек нарығының қажеттілігінен артық екенін көрсеткен (олар – экономика, заң, газ, мұнай құбырын пайдалану мамандары). Сондықтан оқу орындары еңбек нарығында сұранымы азайған мамандарды дайындауды қысқартып, сұраным көбейгендерді оқуға қабылдауды көбейткен.
2000-2004 жж. колледж бітірушілердің жұмысқа орналасуын қорытқанда беделді болған мамандықтар – құқық және экономика мамандары. Ал, 2005 жылы оларға сұраныс азайғанда, қажеттілік мұнай, газ және құрылыс техникалық мамандықтарға 22 және 34 пайызға артқан. Облыстық, Астана және Алматы қалаларының білім департаменттерінің мәліметі бойынша 2002 жылы кәсіби лицейлерді бітірушілердің 24400-і (65,7 пайыз), 2003 жылы 25200 (67,2 пайыз), 2004 жылы 23400 (66,2 пайыз) жұмысқа орналасқан. 2002 жылғы шәкірттердің 2988-ы (8 пайыз) жоғары оқу орындарына, 1487 (4 пайыз) оқушы әскер қатарына алынған. Республикадан тыс жерге 786 (2,1 пайыз) адам кеткен. Толық алғанда, республика бойынша кәсіби лицейлерді бітіргендердің 2002 жылы 85,9 пайызы еңбекпен және оқумен қамтылған.
Колледжді бітірушілердің, облыстық және Астана, Алматы қалаларының департаменттерінің мәліметі бойынша 2002 жылы 17080-і (54 пайыз) жұмысқа орналасқан, жоғары оқу орнына 7062-сі (22,4 пайыз) түскен, әскер қатарына 1068-і (3,4 пайыз) алынған, 1173-ы (3,7 пайыз) республикадан тыс жерлерге кеткен. Сонымен 2002 жылы колледжді бітіргендердің 79,8 пайыз жұмыспен және оқумен қамтылған [31].
Еңбек нарығының бос орнының 90 пайызын жұмысшылар құрайтынын ескерсек, кәсіби оқу орындарының өз түлектерінің жұмысқа орналастыру көрсеткіштері әлдеқайда жоғары болуы шындық. Бірақ жоғары кәсіпті жұмысшылар мен мамандарға деген сұраным мен ұсыныстың бұзылуының нәтижесінде еңбек нарығында бос орындарды мамандығы жоқ адамдар да иеленуде.
Жұмыссыздардың, әсіресе жастардың тарапынан орын алуы жұмыс берушілердің және оқу орындарының талап етілмеген жұмысшылар мен мамандарды дайындауынан да болып отыр. Бұған ата-аналар, сол жастардың өздері де кінәлі. Жоғарыда келтіргеніміздей көптеген мектеп бітірушілер, олардың ата-аналары жоғары оқу орындарында оқығанды дұрыс деп табуда.
Кәсіби мектептер мен колледждерді бітірушілерді жұмысқа орналастырудағы орын алып отырған кемшіліктер жұмыс берушілердің шет елдің мамандарын шақырумен де байланысты. 2003 жылғы мәлімет бойынша шет ел жұмысшылары республиканың экономикалық жігерлі халқының 0,14 пайызын құраған. Жұмыс берушілер республиканың кәсіби оқу орындарының түлектерін жұмысқа алмауын олардың кәсіби шеберлігінің төмендігімен түсіндіруде. Әрине, ондай кемшіліктер жоқ деп айтуға болмайды. Жұмыс берушілер кәсібі жоғары жас мамандарды зор ынтамен қабылдайды, оларды дайындаудың көптеген шығынын өздеріне алады. Міне, әлеуметтік серіктестікті жан-жақты дамытудың қажеттілігі де осындай жағдайлардан туындайды.
Дамыған елдерде кәсіби мектепті қаржыландырудың бұлағы жұмыс берушілердің салықтан түскен қаржысы есебінен іске асырылады. Көптеген елдерде жұмысшылар мен мамандарды дайындауға деген арнаулы қор құрылған, мемлекеттік жәрдем де беріледі. Ол жұмыс берушіні жаңа жұмыс орнына жұмысшылар дайындауға ынталандырады. Сонымен қатар кәсіби – техникалық оқу орындарының түлектерін қабылдап және жұмысқа тұрақтандырғаны үшін жұмыс берушілерге жеңілдік те беріледі.
Индустриалық-инновациялық бағдарламаға сәйкес еліміз шикізаттық экономикадан жаңа технология негізінде өңдеуші экономикаға өтеді. 2015 жылға қарай Қазақстан экономикасы 3,5 есе артуы керек, бұл еңбек нарығында жұмысшылар мен мамандарға сұранымды көбейтеді, бастауыш және орта кәсіби оқу орындарын жаңғырту бағдарламасын жасауды талап етеді.
Диссертациялық жұмыстың бесінші тарауы «Кәсіби лицейлер мен колледждердің оқу және тәрбие жұмысы» деп аталып, бәсекеге қабілетті жұмысшылар мен орта білімді мамандар дайындаудың талабы, лицейлер мен колледждердегі пәнаралық байланыс – мамандарды дайындаудың сапасын, лицейлер мен колледж оқушыларының шығармашылық жігерлігін арттыру, лицейлер мен колледждерде инженер-педагог кадрлармен қамтамасыз ету және олардың біліктілігін көтеру, болашақ жұмысшылар мен арнаулы орта білімді мамандар арасындағы саяси-тәрбие жұмысын жүргізу барысы жан-жақты қарастырылады.
Оқу сапасы – бәсекеге қабілетті жұмысшылар мен орта білімді мамандар дайындаудың сапасы оқу жоспары мен оқу бағдарламасына байланыстылығы аталды. Бізге дейінгі кәсіби-техникалық оқу орнының жұмысын зерттеушілер оқу процесіне, оның барысына назар аудармаған. Қайсы біреулері оқу процесін педагогикалық проблема деп қарайды. Ал бәсекеге қабілетті жұмысшылар мен орта буын мамандардың кәсіби деңгейі дұрыс ұйымдастырылған оқу процесінде ғана қалыптасатыны өмір шындығы. 1991-2007 жылдар аралығында кәсіби лицейлер мен колледждердің бірнеше оқу жоспары және бағдарламасы іске асырылды. 2006 жылдан бастап лицейлер үшін 300 кәсіп бойынша және орта білім бойынша 371 мамандықтың классификацияларына өзгертулер мен қосымшалар енгізілді.
2002-2007 жылдары 828 оқулық және 2395 оқу-әдістемелік кешендер дайындалып іске асырыла бастады. 2002 жылы техникалық және кәсіби оқу орындарына 220 оқулықтар мен 660 оқу-әдістемелік кешендер дайындалып, іске асырылып жатыр.
Лицейлер мен колледждердің 1991-2007 жылдар аралығындағы оқу жоспарлары мемлекеттік стандартқа сәйкес болды, маман жұмысшылар мен арнаулы орта білімді мамандар дайындауға толық мүмкіндік берді. Бұл оқу жоспары оқудың сапасын арттыруға бағытталып, заман талабына жауап беретін жаңа технологиялар кең түрде қолдануға талпынды.
Оқушылардың танымдық іс-әрекетін жігерлендіру үшін де оқытушылар барлық пәндер бойынша сан салалы тәсілдерді пайдаланған: ғылыми жоба тәсілі, проблемалық лекция, оқу айтысы, «іскерлік ойын элементтері», «таныстыру сабағы», «интерактивті тәсіл», лекция – парадок (әдеттен тыс, күтпеген).
Республиканың кәсіптік-техникалық оқу орындарында «технологиялық» және «механикалық» деп аталатын циклдық-әдістемелік комиссиялар жұмыс істеген. Оларда жыл сайын «мамандықтар апталығы», «Үздік маман» конкурс-сайыстар өткізіліп отырды, әдістемелік бюллетендер шығарылды, оқушылардың үздік жасалған дипломдық және курстық жобалары бойынша көрме жұмыстары ұйымдастырылды. Лицейлер мен колледждерде жаңа компьютерлік және ақпараттық технология енгізілді.
Оқу орындарының педагогикалық ұжымдары интерактивті оқытудың төмендегідей тиімді жақтарын атаған: қажетті ақпаратты жедел түрле алу мүмкіндігі, экономикалық тиімділігі, білім сапасының артуы, оқушылардың білім сапасының кеңеюі. Көптеген бастауыш және орта кәсіби оқу орындары теориялық оқу сабағында және өндірістік оқуда интерактивтік тәсілді ендіру туралы әдістемелік құралдар дайындаған, оны білім және ғылым министрлігінің оқу басқармасы ұнатқан. Өскемен №10,14 лицейлері, Семей бизнес колледжі, политехникалық, Петропавл теміржол, Солтүстік Қазақстан педагогикалық, Петропавл гуманитарлық-техникалық, экономикалық, Шығыс Қазақстан колледждерінің педагогикалық ұжымдары өндірістік оқу процесінде блоктық-модулдық жүйені кеңінен пайдаланған. Ол мына міндеттерді шешуге мүмкіндік берді: даралық оқу, оқушының және педагогтың шығармашылық қабілетін тарату, оқыту мазмұнының икемділігін қалыптастыру, оқушының оқу процесінде дәлелдеушілік, дербестік деңгейін көтеру, терең білімін, тәжірибелік шеберлігін, дағдысын қалыптастыру және дамыту мәселелерін. Бұл тәсіл республиканың барлық оқу орындарының оқу процесіне енгізілді. Соның нәтижесінде оқушылардың оқуға ынтасы артты, үлгерімі жақсарды.
Оқу процесінің тиімділігін арттырудағы маңызды мәселенің бірі әрбір мамандық бойынша республика, облыс, қала және оқу орындарының конкурс-сайысын өткізу болды. Республика бойынша электромонтер, монтажник, аспаз, шаштараз басқа да көп конкурс-сайыстары барлық оқу орындарында жыл сайын өткізілген.
Лицейлер мен колледждердің оқушылардың білім сапасын көтеруде жүргізілген әдістемелік жұмыстардың түрлері мен тәсілдері әртүрлі болды. Ең бастысы бұл саладағы жұмыстар әлеуметтік серіктестіктің талабы тұрғысында іске асырылуда. Оқу процесін жаңа технологияны пайдалану арқылы дамыту оқушылардың кәсіби шеберлігін, бәсекеге қабілетті сапалық деңгейі көтерді.
Оқушылар арасында әрбір пәндер мен кәсіп бойынша конкурстар өткізудің орны ерекше болды. Бұл оларды ынталандыра түсті, оқудың, кәсіби білімнің сапасы жақсарды. Енді статистикалық мәліметтерге орын берейік. 2003-2004 оқу жылында кәсіби лицейлерде 37917 оқушы болса, оның 9 сынып негізінде оқығандары 20590, 11 сынып негізнде оқығандары 17327. Бюджеттік негізде 29192 оқушы оқыған, ақшалы негізде оқығандары 8725, мемлекеттік емес лицейлерді 46570 оқушы бітірген. Осы жылы барлық оқушылардың 85 пайызы «4» және «5» деген бағаға оқыған, 10 пайызы түгелдей 5-ке оқыған, 5 пайызы ғана «3» деген бағаға оқыған. Ал 2004 – 2005 оқу жылында 48326 оқушы болса оның 42420-сы бюджет есебінен, ал 5972-сі ақылы төлеп оқыған. Бұлардың да үлгерімі жоғарыдағыдай.
Ал, колледждерде 2003-2004 оқу жылында 242639 оқушы оқыған, күндізгі бөлімінде 182153 оқушы оқыған, оның 61406-сы бюджеттік негізде, 66486 оқушы сырттан оқыған. Бұлардың 73 пайызы «4» және «5» деген бағаға үлгірген, 15 пайызы бір ғана «5»-ке үлгерген, басқалары аралас бағаға үлгірген.
2005-2007 оқу жылында кәсіби техникалық лицейлерде оқыған 96684 оқушының ауылшаруашылығы саласы бойынша – 19109, қызмет көрсету саласында – 19490, машина технологиясы бойынша – 12297, көлікті пайдалану саласында – 9626, ақпарат және есептеу технологиясы бойынша – 5144 жастар оқыған. Бұлардың 72 пайызы «4» және «5» деген бағаға үлгерген. Оқудың сапасының жоғарылылығы нәтижесінде республика бойынша кәсіби лицейді бітіргендердің 75 пайызы жұмысқа орналасқан.
Республикада 2006-2007 оқу жылында 320 кәсіби лицей, оның 289-ы мемлекеттік, 510 колледжі оның 201-і мемлекеттік болды. Лицейлердің 95 пайызы мемлекеттік бюджет есебінен оқыды, ал колледждерде бұл көрсеткіш 18 пайыздың көлемінде болды, бұл орташа көрсеткіш, кейбір оқу орындарында ол жоғары болды.
Техникалық және қызмет көрсету еңбегі бойынша мамандар дайындауды жақсарту үшін мұнай газ, жылу энергетика, өңдеу, машина құрылысы салалары бойынша аймақаралық кәсібі орталықтар құрылды. Бұл орталықтар республика бюджеті есебінен қаржыландырылуда.
Басты назар техникалық кәсіпке аударылуда. Жоғары сапалы жұмысшыларды, орта білімді инженер-техниктер дайындайтын техникалық оқу орындарын ашу жобалануда.
2007 жылдан бастап дайындалған мамандарға мамандық бағасын (квалификация) беретін республикалық арнаулы тәуелсіз орталық құрылды. Мұндай тәжірибе біз зерттеген шет елдерде қалыптасқан. Бастауыш және орта кәсіби білімді дамыту бағдарламасы бойынша техникалық және ауылшаруашылық және мамандықтарын дайындау іске асырылады, бұл орта білімнің құрамдас бөліміне жатады және адамның тиімді кәсіби іс-әрекетін қамтамасыз етеді.
Кәсіби білім беру ісінде кемшілік жоқ десек қателесеміз. Ол - оқу орындарының оқу-материалдық базасының жеткілісіздігімен және инженер-педагогикалық кадрлардың білім сапаларының төмендегімен байланысты. Қазақстан Республикасының 2008-2012 жылдарға арналған техникалық және кәсіби білімді дамыту бағдарламасында бұл кемшіліктерді жоюдың, кәсіби білімнің сапасын жақсартудың нақты шаралары қарастырылған.
Кәсіби лицейлер мен колледждердегі жалпы білім және арнаулы пән және оқу шеберлерінің арасындағы байланыс күрделі мәселенің бірі. Сондықтан да кәсіби оқу орындарының әдістемелік бірлестіктері пәнаралық байланысты оқу жоспары мен бағдарламаны талқылағанда-ақ бүкіл курс бойынша әрбір пәннің, тақырыптың орнын анықтаумен айналысқан.
Кәсіби лицейлері мен колледждеріде математика, физика, химия, биология пәндерін оқытуды кәсіптік бағытпен ұштастырып, мұғалімдер мен арнаулы пән мұғалімдер оқушыларды тәжірибе жасаумен оқытты. Олардың оқу-әдістемелік кабинеттері мұғалімдер мен шеберлердің тәжірибесін жинақтаған, төмендегі проблемалар қамтылған: «теориялық байланысты іске асырудың тәжірибелері мен жолдары», «кәсіби бағытты ұштастыра отырып зертхана тәжірибе сабағын өткізу», «математиканы оқытудағы кәсіптік бағыт - мамандықты меңгерудің негізі» т.б. Бұл тәсіл мұғалімдер мен шеберлердің сабақтың берілуін жақсартуға, әрбір сабақты жұмысшы мен орта буын мамандардың кәсіби мектебіне айналдыруға мүмкіндік берген. Пәнаралық байланысты іске асырудағы Қарағанды облысының №11,17,16,8 лицейлердің мұғалімдері, Жамбыл облысының №1,7,20, Алматы облысының №17, Атырау облысының №9, Солтүстік Қазақстан облысының №7 лицейлері белгілі тәжірибе жинақтаған, олар математиканың бағдарламасына аралас пәндер материалын және өндірістік техникалық мазмұнды есептерді де енгізген. Ақтөбе, Алматы, Қарағанды қалаларындағы теміржол көлігі колледждерінің әдістемелік кеңестерінің мәжілістерінде мұғалімдердің сабақ жоспарындағы пәнаралық байланыс колледждердің жалпы жоспарымен байланыстырылған.
Қазақстанның білім беру ұйымдарында бекітілген мемлекеттік жалпыға міндетті стандарт бойынша кәсіптік лицейлерде 22-23, ал колледждерде 27-32 оқу пәні оқытылады. Оқу орындарының тәжірибесі бойынша пәнаралық байланыстарды іске асыру оқыту мен тәрбиенің бірлігіне қол жеткізген, оқушыларда жаңа көзқарасты қалыптастырған. Сарқанд қаласындағы №14 кәсіби лицей пәнаралық байланысты іске асыруда белгілі тәжірибе жинақтаған. «Кәсіпке тұрақты мүддені қалыптастыру. Барлық оқу пәндерін кешенді оқытудың нәтижесінде іске асады. Бір пәнді білу басқаны толықтырады, екінші жағынан теориялық, өндірістік міндетті шешуде оқуды дербес зерттеушілікпен, шығармашылықпен ұштастыру қажет», - дейді арнаулы пән оқытушысы В.Н. Черепанов [32]. Пәндерді біріктіру оқушылардың қандай шеберлік пен машыққа үйренуі, болашақ жұмысшының кәсіби біліктіліктің қай компоненттерін игеруі тиіс екендігін тани білуіне жағдай жасайды. Осы тұстағы негізгі идея – серпінді даму үстіндегі өндіріске бейімделуге қабілетті, еңбектің бір түрінен екіншісіне жеңіл ауысып істеп кете алатын, кәсіптерді кеңінен меңгерген жұмысшылардың жаңа буынын даярлау болып табылады.
Оқу орындарының оқушылары техникалық шығармашылық үйірмелерге қатынасып, өздерінің техникалық шеберліктерін арттырды. Әрбір оқу орындарында орта есеппен 10-12-ден кем емес техникалық үйірмелер жұмыс істеген [33].
Жыл сайын оқушылардың техникалық шығармашылық жұмыстарының қорытындысы бойынша республикалық көрмесі өткізіліп отырды. 1996 жылғы мәлімет бойынша 39 мың оқушы, ал 2001 жылы 42 мың оқушы техникалық шығармашылық үйірмелерге қатынасқан. Оқу орындары 1996 жылдың 9 айында оқушылардың күшімен 175,5 млн теңгенің, ал 1997 жылы 126 млн теңгенің өнімін, 1999 жылы 650 млн теңгенің өнімдерін шығарған [34]. Өнім шығармаған бірде-бір оқу орны болмаған. Өскемен политехникалық колледжінде шығармашылықпен 168 оқушы айналысқан, олар 2003 жылы 1 млн 451 мың теңгенің өнімін шығарған.
Шығармашылықпен айналысқан оқушылар тапсырмалар алып, әртүрлі құрал-саймандар жасап, олармен оқу кабинеттерін және зертханаларды жасақтаған. Ең бастысы оқушылар бұл жұмысқа өз еріктерімен қатынасқан. Оқушылар арасындағы шығармашылық жұмыс олардың техникаға, кәсібі мен мамандығына деген ынталарын арттырды.
Лицейлер мен колледждерде бәсекеге қабілетті жұмысшылар мен орта білімді мамандар дайындаудың шешуші мәселесінің бірі оларды инженер-педагог кадрлармен қамтамасыз етуге және олардың біліктілігін арттыруға байланысты, себебі еліміз тәуелсіздік алуымен әлемдік қауымдастыққа енді, мұндай жағдайды жұмысшылар мен орта буын мамандардың біліктілігі, шеберлігі мен икемділігі халықаралық стандартқа сай болуы қажеттілікке айналды.
Республиканың кәсіби лицейлерінде 2007 жылы 19381 инженер-педагог кадрлар жұмыс істеді, олардың саны 2001 жылмен салыстырғанда 9,4 пайызға көп еді, яғни бұл жылы оларда 17568 адам қызмет атқарды. Бұлардан көретініміз, 2006 жылы техникалық және кәсіби оқу орындарында 5184 мұғалімдер қызмет атқарған екен, олардың 4410-ның жоғары білімі болған, орта кәсіби білімі барлар 720, оның ішінде инженер-педагог кадрлар саны 194. 5 жылдан астам еңбек өтілі барлар – 3114, 1114 мұғалімнің жоғары, 1307 адамның бірінші, 1202 адамның екінші категориялары болған.
Жекеменшік кәсіби оқу орындарында 355 мұғалімдер қызмет істесе, олардың 331-нің жоғары, оның 37-сі инженер-педагог кадрлар, кәсіби орта білімі барлар 62 екен, 355 мұғалімнің 190-ның 5 жылдан жоғары еңбек өтілі болған, олардың 94-нің жоғары, 61-нің бірінші, 95-нің екінші санаты болған. Бұлардан көретініміз, лицейлер мұғалімдермен жақсы жасақталған.
Лицейлерде 4790 өндірістік оқу шеберлері жұмыс істеген, олардың 1458-нің жоғары, 2448-нің орта кәсіби білімдері болған. 4790 шебердің 2366-ның 5 жылдан астам еңбек өтілі болған. 448-нің жоғары, 778-нің бірінші, 967-сі екінші санатта болған.
Техникалық және кәсіби білім саласының педагогикалық қызметкерлерінің жалпы саны 2007 жылы 11364 болған, олардың 7129-ның жоғары, 3311-нің кәсіби орта білімі болған, 6482 педагогикалық қызметкерлерінің бес жылдан асқан еңбек өтілі барлары - 2632, бірінші санаты барлары - 2396, екінші санаты барлары - 2385. 1991-2006 жылдарда колледждердің инженер-педагог кадрларының құрамында елеулі өзгерістер болды.
1999 жылы барлық колледждерде 7120 инженер-педагогикалық кадрлар жұмыс істеген. Бірақ олардың 25 пайызы қосымша жұмыс атқарған. Қызылорда медициналық техникумында 80 пайыз, Павлодар есеп-экономикалық техникумында 45 пайыз мұғалімдер қосымша жұмыс істеген.
Колледждерге қабылданатын жастардың көбеюіне байланысты олардың инженер-педагог кадрлардың саны 2000 жылы 14666-ге жетті, оның 11475-і мемлекеттік, 3191-і мемлекеттік емес оқу орындарында жұмыс істеді. Ал 2004- 2005 жылдарда колледждерде 19381 педагогикалық кадрлар жұмыс істеген, олардың 12012-і мемлекеттік, 7369-ы мемлекеттік емес оқу орындарында.
Техникалық және кәсіби оқу орындарында кадр құрамының есею (қартаю) тенденциясы орын алуда. Барлық педагогикалық кадрлардың 1 – 10 жыл арасында жұмыс еңбек өтілі барлары 30 пайыз, 10 жылдан жоғарылары – 70 пайызды құрап отыр. Бір оқытушының оқу жүгі 1,5 деңгей, олардың арнаулы пәндерге қажеттілігі 1194 адамды құрайды. Бірақ 2002 жылы кәсіби лицейлер мен колледждерге жоғары оқу орындарында инженер-педагог кадрлар дайындау үшін ҚР Үкіметі жыл сайын 100 грант және 30 несие бөлген. Бұл өз нәтижесін берсе аталған оқу орындарының инженер-кадрларының құрамы, сөз жоқ, жақсаруға тиісті.
Оқушыларға сапалы білім берудің бір шарты мұғалімдер мен оқу шеберлерінің біліктілігін арттыру болып саналады. Сондықтан да Білім және ғылым министрлігі, облыстық және қалалық білім департаменттері лицей мен колледждердің инженер-педагог кадрларының білімін көтерумен айналысып келеді. Барлық облыстағы және екі қаладағы мұғалімдердің білімін жетілдіру институттары лицей мен колледжердің мұғалімдері мен шеберлерінің білімін көтерумен айналысатын әдістемелік бөлім ашты. Оларды 3-4 маман-әдіскерлер жұмыс істеп келеді. 1991-1998 жылдар аралығында республиканың лицей мен колледждерінің мұғалімдері мен шеберлерінің, әр жыл сайын 12 пайызы ғана солардың жанындағы бір айлық курстардан өткен [35]. Бұл, әрине, жеткіліксіз. 2001-2004 жылдарда, яғни осы үш жылда, мультипикаторлық әдістеме негізінде 1350 кәсіптік лицей қызметкерлері білім алған. Жобалық материалдар мультипикаторлар арасында кеңінен таратылып, оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлері үшін теориялық және практикалық сабақ өткізуде және ұйымдастыруда жақсы бәсекелестік туғызған [36].
Білім және ғылым министрлігі лицей және колледждердің мұғалімдері мен шеберлерінің білімін көтерумен үнемі айналысып отырды. 2005 жылдың 27 шілдесінде министрлік техникалық және қызмет көрсету еңбегі саласындағы кадрлардың кәсіби дайындығын көтеру, оларды қайта даярлау және мамандықтарын арттыру туралы методикалық нұсқауды бекіткен, бұл нұсқау ҚР-ның «Білім туралы» Заңының 19-бабына сәйкес дайындалған. Олар төмендегідей міндеттерден тұрады:
- маман-жұмысшылар мен орта буын мамандарды дайындау, өндіріске жаңа технологияны енгізу және оның болашағына негізделіп ұйымдастыру;
- оларды қайта дайындауды өндірістің жаңа бағыт және мақсатымен, еңбек нарығының талабына сәйкестендіру;
- техникалық және қызмет көрсету саласы кадрларының білімін көтеру өндірістен қол үзіп те қол үзбей де жаңа технологияның талабы негізінде өткізу.
Білім және ғылым министрлігінің бұл нұсқауы барлық облыстық және қалалық білім департаменттерінде талқыланып, басшылыққа алынды. Бірақ арнаулы пән оқытушыларын және оқу шеберлерін оқыту, олардың біліктілігін көтеру ісіне кәсібі жоғары мамандар тарту өндіріс орындарының жекешеленіп кетуіне байланысты қиындықтар да туғызды.
Білім және ғылым министрлігі жылма жыл республикалық және халықаралық конференциялар мен семинарлар өткізген. Оларда лицей және колледждердің педагог-кадрларының біліктілігін арттыру, жаңа технологияларды пайдаланулары туралы сан салалы мәселелерді талқылауды тәжірибеге енгізген. 2007 жылы 6-8 желтоқсанда Білім және ғылым министрлігі, Алматы қаласының колледждер Қауымдастығы Алматының құрылыс және менеджмент колледжі базасында өткізілген халықаралық семинар өткізіп, онда кәсіби және техникалық оқу орындарына кредидтік жүйені енгізу мәселесін қарастырған болатын. Бұл жиынға Оңтүстік Кореяның, Германияның, Австрияның Канаданың, Қырғызстанның ғалымдары және эксперттері, республиканың барлық кәсіби лицей және колледждерінің 400-ден астам педагог кадрлары және басшы қызметкерлері қатысты.
Семинарда оқыту процесіне кредиттік жүйені енгізу тәжірибесі туралы Корея Республикасының көлік колледжісінің директоры, доктор Сухун Ли, Орта Азия, Германия JMC-тің директоры, доктор Штефан Зиверт, Канада елшісінің бірінші хатшысы, консул Максим Бердычевский баяндама жасаған-ды.
Семинарға қатысушылар шет елдердің оқу процесіне кредиттік технологияны енгізу тәжірибесімен танысты, солардың қатысымен ұсыныстар қабылданды. Осы семинарда кредиттік технологияны енгізу туралы Алматының құрылыс және менеджмент, байланыс басқа да кәсіби оқу орындарының тәжірибесі талқыланды, олар тыңдаушылардың тарапынан қызығушылық туғызды. Кредиттік технологияны енгізудің негізгі мақсаты – оқудың сапасын арттыру, оның фундаментальдық принципін сақтау, оқу процесіне жүйелілікті енгізу, т.б. Қабылданған ұсыныстар барлық оқу орындарына жіберілген.
Облыстардағы біліктілікті жетілдіру курстарынан 2006 жылы техникалық және кәсіби білім беру саласы бойынша 3444 адам өткен, бұл көрсеткіш 2005 жылмен салыстырғанда 465 адамға (14 пайыз) артық болды.
Арнаулы орта білім беретін медициналық колледждердің оқытушыларының білімін көтеру өзіндік ерекшелігі бар. Батыс Қазақстан медициналық колледжі жанынан 1990 жылы орта білімді медицина қызметкерлерінің білімін көтеретін бөлім ашылды. 2007 жылдың наурыз айында сапа менеджменті жүйесі бойынша бұл колледж сертификат алып, оған толық негіз қалады, оның 90 жылдық өмірі бар, заман талабына сай қызмет істеп жатқан оқу орындарының бірі, кадр дайындау ісінде бай тәжірибесі бар, 5 мамандық бойынша білім береді, осы жүйенің талаптары бойынша жұмыс істеуде.
Колледждің өз оқу-материалдық базасы әр түрлі пәндер бойынша 58 кабинеттен, 15 зертханадан, 25 жұмыс аудиториясынан тұрады. Колледжде диплом алғаннан кейін орта буын мамандардың білімін көтерумен айналысады. Білім көтеру ісі өндірістен қол үзіп те, қол үзбей де өткізілген. Осы 17 жылда мамандық көтеру бөлімі 13178 адамды қайта дайындау курстарынан өткізген: 1991-1994 жылдарда - 1232, 1995-1998 жылдарда – 1211, 1990-2002 жылдарда – 3610, 2003-2006 жылдарда – 7125. [37]
Білім және ғылым министрлігі, облыстық оқу департаменттері мұғалімдердің білім жетілдіру институттары арқылы лицей мен колледждің педагог кадрларының біліктілігін көтеруде белгілі қызмет атқарды. Дегенмен жұмыс істеп отырған оқу шеберлерінің біліктілігін арттыру өз дәрежесінде шешімін тапқан жоқ.
Оқытушылар мен оқу шеберлерінің кәсіби дайындығын арттыруда, оқу орындарының оқу-материалдық базасын нығайтуда, оқу түлектерін жұмысқа орналастыруда, әлеуметтік серіктестермен, жұмыс берушілермен, экономика және әлеуметтік саладағы ұйымдармен байланысты нығайтуда оқу орындарының басшы қызметкерлерінің үлесі зор. Лицей мен колледждерде 694 директорлар, оқу-әдістемелік жұмысты және тәрбие жұмыстарын басқаратын олардың мыңға жуық орынбасарлары болды. Олардың барлығы да жоғары білімді және тәжірибелері мамандар. Сонымен қатар лицей мен колледждер директорларының 96-сының ғылым докторы және кандидаты деген ғылыми атақтары болды.
1991-2006 жылдарда республиканың лицейлері мен колледждері 912 мыңдай жоғары кәсібі бар жұмысшылар, ал колледждерде 750 мыңдай орта білімді мамандар дайындап шығарды. Білім беру жүйелерінің мәліметтері бойынша оларды бітіргендердің 65-70 пайызы бірден жұмысқа орналасқан, ал 15-20 пайызы жоғары оқу орындарына оқуға түскен. Қайсы бір лицейлер мен колледждерді бітірушілер 100 пайыз көлемінде жұмысқа орналасқан.
Бұл мәліметтердің үлкен саяси-әлеуметтік маңызы бар. Жаңа нарықтық экономикаға көшу мерзімінде олардың ел экономикасымен халыққа қызмет көрсету саласына қосқан үлестері ұшан-теңіз. Олардың әрқайсысы өз мамандықтарын толық игерген, Отан алдындағы міндеттерін түсінген жастар.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алуымен оқушылардың арасындағы тәрбие жұмысының жаңа кезеңінің беті ашылды. Білім қоғам дамуының интеллектуалдық қана емес, сонымен қатар экономикалық базасын жасайтын өндірістің рухани маңызды саласы, ол әлеуметтік-экономикалық өрлеу дәуірінде қарқынды дамудың қайнар көзі болып саналады.
Кәсіби лицейлер мен колледждердің жас жұмысшылар мен орта буын мамандар дайындаудағы тәрбие жұмыстарының перспективалық бағдарламалары талданды, кәсіби бағыт оқу-тәрбие жұмысының ең құрамдас бөліміне айналды, оның түрлері мен тәсілдері сан алуан болды. Кәсіби оқу орындарының оқушылары мектептердің шеберханаларын жөндеуден өткізді, жаңа құрал-саймандармен жасақтады. Облыстарда телеклуб жұмыс істеді. Кәсіптік-техникалық оқу орындары өз оқушыларын еңбек озаттарымен кездестіріп отырды. оқушылар ел тәуелсіздігінің әсерінен жаңа леп, қарқын алды, өз елінің патриотына айналды.
Диссертациялық жұмыста қоғамдық пәндерді оқытудың жағдайына белгілі орын беріліп, олардың тәрбие жұмысын жақсартудағы бағыттары қорытылды. Тәуелсіздік – қазақ халқының санғасырлық арманы деп аталатын арнаулы курс оқытылады. Президент Н.Ә. Назарбаевтың жыл сайынғы халыққа Жолдауы жоспарлы түрде оқытылды. Негізгі пәндерден басқа факультативтік пәндер де оқытылды.
1996-2007 жылдары аралығында лицейлер мен колледждерде жыл сайын 16 мыңнан астам оқушылар қатынасқан көркемөнерпаздар үйірмелері жұмыс істеді. 2007 жылы оларда 850 музыкалық, 445 драмалық, 950 хор, 138 вокалдық ұжымдар жұмыс істеді. Жыл сайын олардың байқауы өткізіліп отырды. Сонымен барлық оқу орындарында халықтар достығы кештері үнемі өтіп отырды. Кәсіби лицейлер мен колледждердің оқушылары спорттың 14 түрімен айналысқан, оқу орындары жастардың спорттық шеберліктерін арттыруда белгілі тәжірибе жинақтады, олар облыстық, қалалық және аудандық жарыстарға үнемі қатынасып үздік орындарды иеленді. Оқу орындары мәдени мұраларымыздың құнды бөлігінің бірі ретінде ұлттық ойын түрлерін дамытуға көп көңіл бөлді.
Колледждерде 2001-2007 жылдар аралығында құрылыс бөлімдері жұмыс істеді, олар оқу үйлерін, зертхана, оқу кабинеттерін өңдеуден өткізді, сол арқылы қаражаттарда тапқан.
Кәсіби оқу орындарында жеке тұлғаның кәсіби құндылық сапасын қалыптастыру мақсатында өткізілген сынып сағаттары, диспуттар, дебаттар, көрмелер мен конференциялар қорытылды. Оқу орындарында республика күні, Тәуелсіздік күні, «Наурыз», жаңа жыл мерекелері өтіп тұрады. Қызғылықты өтетін іс-шаралар: «Наурыз аруы», «Жігіт сұлтаны», «Колледж аруы». Жеңімпаздар ақшалай сыйлықпен марапатталып отырған. Сонымен қатар тәрбие мәселесінде жетістікке жеткен оқу орындарының ұлағатты ұстаздары да аталды.
Достарыңызбен бөлісу: |