Солардың бірі



бет1/2
Дата19.05.2022
өлшемі58.11 Kb.
#457448
  1   2
Көсемәлі2


КІРІСПЕ
Көсемәлі Сәттібайұлы – қаламы қарымды журналист, арынды жазушы –публицист.Өзінің саналы ғұмырын журналистика саласына арнаған майталман маманның қоғам үшін жасаған қызметі де орасан. Қаламына қара нардың жүгін артып, қоғам тынысын қағілездікпен қадағалап күн кешу қашаннан да журналистке тән қасиет. К.Сәттібайұлында бұның бәрі де бар.Ол қоғамдағы қайсыбір мәселені болсын назардан тыс қалдырмағанын аңғару қиын емес.
Өз ортасында «Көсемсөздің көсемі» аталып кеткен журналист туралы айтылған ойлар аз емес.Солардың бірі Б.Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты Ерғали Сағат өз естелігінде былай дейді:
«Талас топырағынан шыққан Көсемәлінің алдында да небір жайсаң, өлке трихинен хабары мол азаматтар көп болғаны белгілі, әлі де шүкір, жетерлік.
Жамбыл облыстық газетінен ауысып жастар басылымында қызмет жасап жүргенде Жамбыл өңіріндегі тілші Көсемәлі Сәттібаев өңір үшін жақсы қолқанат болып шыққан, өңірдің тарихын, жалпы қай саласының болсын жай-жапсарын жақсы білді, танып жазатын, сөзі тұщымды, қысқасы «сөзі көсем Көсемәлі» деп әзіл-шынын араластырып айтатын еді әріптестері. Жақаң сол жылдардың әсерін ұмытпаған сыңайлы, содан шығар. Әзілдің астарында мысқалдай болса да ақиқат жатады.Көсемәлі сол жылдардан бастап бертіндегі өріс алған еңбек жолында сол сөздің ақиқатын дәлелдеді де.Ол жылдардан бері де арада сынаптай сырғып жиырма бес жылдай уақыт өткен екен»
Мектеп бітіре салып туған ауылы Амангелдіде қатардағы құрылысшы болып жүрген таланты жасты тілшілік қызметке шақырды. Ол жылдар жач журналист үшін өзінше бір үлкен мектеп болды. Нарша Қашағанов пен Серік Томановтың қай жерде болмасын өздерін еркін ұстауы, жалтақтап жасқанбауы, поэзиялық туындылырында болса еліктің лағындай жеңіл ырғақ есіп тұратын, бәріненде әр шумақтан төгіліп жататын шуақты ойлары қандай терең еді, шаң басқан сананы сілкір еді.
Осындай ортада танылып, қаламы ұшталған Көсемәлінің ауданның сан-салалы тіршілігінен жазған көкейкесті мақалалары облыстық «Ақ жол» газетінде жарияланып жатады. Жас журналистің қарымын қадағалап жүрген белгілі қаламгер, басылымның бас редакторы Арғынбай Бекбосынов қызметке шақырады.
Бұл еліміз тәуелсіздігін жариялап, бодандықтан басы босап, ел рухтанып, еңсе көтеріп қалған жылдар еді.
Бірақ ел ішіндегі жағдай күйзелісте болатын. Малдың құны кетіп, жаппай жойылысқа ұшырап, ірі зауыт-фабрикалар кешегі одақтас елдермен экономикалық байланыстар бірте-бірте үзілген соң жұмыстарын тоқтатып, соның салдарынан ауылдық жерлерде де, қалалық жерлерде де жұмыссыздық қатары күрт белең алып, халық арасында «кешегі күніміз жақсы еді ғой» дегендей іштей наразылық болатын еді, оған алауыз партиялар леп беріп елдің берекесі қашыңқырап тұрған кезең-ді.
Көзі ашық зиялы қауым өкілдері бұның өтпелі екендігін, енді еркіндігімізге ие болу керек екендігін айтып шырылдағанымен және де сыртқы күштердің «ел бола алмайды» деген бопсаласы бар, әйтеуір ел іші түсініксіз дүрбелеңді кешіп жатқан-ды.
Бұл өтпелі уақыт тәуелсіз елдің әкім қараларынан басқа саяси партияларынан, жалпы халықтан сабырлықты, төзімділікті қажет етті.
Осы тұс журналистердің қоғамдағы орны бұрын-соңды болмаған мұқтаждыққа ие болды, беделі артты. Олардың ұстамды да өрелі сөздері халыққа ой салып отырды, ел ішіндегі бірліктің сақталуына айрықша дәнекер болды. Сары басылымдар мен телеканалдардың жаңа тынысы ашылып, ащы шындықты шырылдап жеткізуге тырысты. Дегенмен олардың біразы байшікеш иелерінің мүддесін көздеп ұлт мүддесіне қайшы келетін хабарлар да жасайтын. Бүгінде олар жуасыған.
Бұл жылдары өңірдің көзі әрі құлағы болып отырған облыстық басылымдардың үні батылдығымен жарқырап көрінген жылдар еді. Әрине бәрі бірдей емес. Сондай басылымдардың сарбаздары қатарында өзінің өткір де өжет, шыншыл, оқырман санасына ұялап ой салатын жариялымдарымен көзге түсіп, көріне білген Көсемәлі Сәттібаев Алматы, ондағы республикалық жастар басылымы «Лениншіл жастың» (дәл сол кезде аты «Жас Алаш» болып өзгерген) бас редакторы Уалихан Қалижан мырзадан шақыту алады.
Өңірлерде қандай да бір тақырыпты танып еркін игеретін, көтеріп отырған мәселесіне орай көкейкесті ой тастай алатын, жаңа формациялық нарықтық қоғамның мән-маңызын, мақсат-мүддесін оқырмандарға түсіндіріп бере алатын осындай журналистерге зәрулік болды десем асылы артық айтқандық емес. Сондай-ақ ішкі және сыртқы саясаттан түсінік- танымы, хабары мол болуы да қажет еді. Өйткені сол жылдары еліміздің ашық қоғам орнатуы жолына түсуі, соған орай түрлі мақсаттағы сырттан ағылған діни ағым иелері, түрлі саяси қозғалыстар мен ұйымдардың өкілдері ел ішінде боданнан енді босанып азаттық алған аңқау халықтың санасын лайлап, өзінің арамза мүдделеріне бұрмалаушылар көбейіп, етек алған еді.
Осы шақта республикалық, өңірлік деңгейлердегі ұлттық басылымдар мемлекет үшін, оның іргесінің беріктей түсуі үшін зор жұмыстар атқарды. Мерзімді баспасөздің төртінші билік атануы осы жылдардан бастау алып еді.
Осы қарусыз майданда ұлт журналистері мемлекет саясатына демеу болып, шамасынша халқына қорған бола білді. Осы қарулы қалам иелерінің сапында сөз жоқ, жамбылдық журналист Көсемәлі Сәттібаевтің шығармашылық үлесі зор деп айтуға болады. Оның жекешелендіру кезінде тұралап қалған ауылдың ауыр халі, кежегесінен кейін кеткен химия өндірісінің мүшкіл ақуалы, кешегі алпауыт өндіріс ошақтарының тарылған тынысы туралы жазған толғақты дүниелері оқырмандарының көңілінен шығып, мақұлданып жататын.
1991-1994 жылдары жастар басылымында танылып, ой-өрісінде кең тыныс қалыптасқан қаламгер енді, республикалық аға басылым «Егемен Қазақстаннан» табылады. Мұндағы өткен жылдары да Көсемәлінің кесек азамат болып қалыптасуына ықпал етеді. Басылымның бас редакторы көрнекті ақын, парасатты азамат Нұрлан Оразалиннен бас-тап Ержұман Смайыл, Жанболат Аупбаев сынды және басқа да қарымды қаламгерлермен қатар жүріп, тек журналистік қарымын шыңдап қана қоймай, ағаларынан еңбекқорлықты, парасаттылығы мен азаматтық асыл қасиеттерін бойына жұғысты етті.
Жақсы журналист және жақсы жазушы болып қалыптасу әлгіде айтқандай үлкен еңбекқорлықты, талантпен қатар табандылықты қажет ететіні дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Бірақ, олар әрине көп емес. Кешелері өмірден озған Әзілхан Нұршайықов, Шерхан Мұртаза және басқа да азаматтарды бұл қатарға жатқызып атауға болады. Тараз аймағынан айтқанда егіз саланы өгейсітпей қатар алып жүруі Көсемәлінің еңбекқорлығын айғақтады.
Ол көркем әдебиет жанрында ерте танылып, ерте жазушы болып қалыптасты. Әп дегеннен талай таланттың көзін ашып, жазушылыққа танытқан «Жалынның» жабық бәйгесінде «Елгезек бағдаршам», «Тоқ қуат және басқалар» атты көркем шығармалары бәйге сөресінен табылған. Содан бері бірнеше көркем прозалық және публицистикалық кітаптары жарық көріп, өз оқырмандарын тапты. Бүгінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» ордені мен бірнеше мемлекеттік медальдардың иегері. .
«БЕЙБІТШІЛІК ҚОРҒАНЫ»
Мақала 2017 – жылдың 11- шілдесінде Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің № 76 санында жарық көрген. Автор материалы талдамалы жанрда, мақала форматында жазылған. Стилі- публицистикалық. Мақаладағы көтерілген басты мәселе-еліміздің ядролық қимылдан бас тарту маңыздылығы. Аталмыш мақалада К. Сәттібайұлы отыз жыл бұрынғы Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы және бұл тұрғыда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың атқарған ерен еңбегінің маңыздылығын қазіргі заман тарапынан саралап жазады .Осы орайда тұңғыш президентіміздің қауіпсіз Қазақстанды қалыптастыруындағы атқарған қызметінің орасан екендігі шетелдік сарапшылар тарапынан жоғары бағаланып отырғандығын да алға тартады. Бұған дәлел ретінде автор «Bike for Peace» ұйымының жетекшісі норвегиялық тарихшы Торе Наерландттың мына сөзін мысалға келтіреді. Қазақстанның ядролық қаруға қарсы атқарған қыруар және жансебіл жұмысы туралы барша әлем жұртшылығы білуі тиіс . 1994 жылы Н.Ә.Назарбаев ядролық қарудан бас тарту жөніндегі тарихи шешімінен кейін , Украина мен Беларусь елдері осы ізгі жолды таңдады. Қазақстанның территориясында 1400 ядролық арсенал Ұлыбритания, Франция мен Қытайды екі орап алатын еді».
Сонымен қатар мақалада әлем халықтары өткен ғасырда ядролық қарудың зардабын 1945 жылы Жапонияның Хиросима , Нагасаки қалаларындағы атом бомбаларының жарылысы нәтижесінде куәгер болғандығын, ал қазақ даласы да бұл жайттан кенде еместігін айтады. Автордың журналистік шеберлігі материалды деректемелермен толықтыра отырып, тарихи мәліметтерді сөйлете білуінен анық байқалады . Мәселен, Көсемәлі Сәттібайұлы Елбасының « Бейбітшілік кіндігі» атты кітабынан мысал келтіре отыра , Кеңестік кеңістікте ядролық қаруға қарсы бастама ең алғаш Н.Ә.Назарбаев тарапынан болғандығын айтады. Сол кезеңдегі социалистік элита өкілдері тұрғысынан туындаған түрлі қарсы пікірлер мен жалған жалалардың көбейе түсуіне қарамастан, Елбасының батыл бастамасының әсерінен бұқара халық арасында да ядролық қаруға қарсы дүмпулер пайда болады. Ал сол қозғалыстың көшбасшысы белгілі қоғам қайраткері , ақын Олжас Сүлейменов болғандығын айтады.
Қорыта айтқанда, мақаланың концепциялық тұжырымдамасы Қазақтан-ядросыз әлем құру жобасының көшбасшысы екендігі , осынау бейбітшілілікке бағытталған бастаманың ел абыройын әлемдік аренада асқақтата түсетіндігімен түсіндіріледі.

ҚАРТТАРЫМ, АМАН-САУ ЖҮРШІ...


Мақала 2012- жылдың 1- қаңтарында республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің №1 санында жарық көрген. ақпараттық жанрда жазылған. Мақалада әлеуметтік тақырып қозғалған . Бүгінгі таңда жастар жағдайы , жұмыссыздық күйі , еңбекақы мен жәрдемақы мәселесі сынды қоғамдағы қарттарға деген көзқарас есті жұртты елең еткізбей қоймайтыны анық. Автор ахуалы асқынғалы тұрған мәселенің тамырынан дөп басқан. Бауыр еті баласынан қорған таппаған қазыналы қарттардың жай- күйі қоғам тарапынан қолдауға ие болған дейді автор. Мақалада Тараз қаласындағы №1 қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінің жағдайы баяндалған. Аталмыш мекемеде әлеуметтік қызмет түрлері мықтап қолға алынып қана қоймай , жаңа стандартты жағдайға түскендігі материал мазмұнын аша түседі.
Мұндағы автордың журналистік шеберлігі сандарды сөйлете білуінен, сараптамалық-зерттеушілік функциясын орынды пайдалана алуынан анық байқалады. Мәселен, мақалада автор қарттар үйіндегі жасалып жатқан қыруар жұмыстың нақты 7 бағытта іске асып жатқандығын жік-жігімен тарқата жазған. Бұл туралы автор: «Интернатта 7 бағыт бойынша жұмыс өте жақсы жолға қойылған.Олар: әлеуметтік- медициналық, әлеуметтік- тұрмыстық ,әлеуметтік - еңбек, әлеуметтік- мәдени , әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-экономикалық бағыттар» -дейді. Сонымен қатар автор аталмыш бағыттардың іске асу барысындағы жайттарға тоқтала отырып, интернатта түрлі тақырыптарда пайдалы лекциялар оқылатынын да тілге тиек етеді.
Интернат үйіндегі қарттар арасында қолайлы психологиялық ахуал қамтамасыз ету , өзара келіспеушілік жағдайларының алдын алу мақсатында да қыруар жұмыс атқарылуда дейді автор өз мақаласында .Бұл бағытта психолог мамандардың қатысуымен әр түрлі тренинтер ,тестер арқылы профилактикалық шаралар іске асатындығы айтылған. Мысалы «Шіркін, біздің жылдар», «Мен кіммін ?» , «Айзенко» сынды тренинг-тестер адамның мінез-құлқын анықтауға септігін тигізсе, «Үй.Ағаш.Адам» «Сіздің жүйкеңіз қалай? атты психологиялық оңалту мақсатында жасалған жасалған жобалық әдістемелердің мұқият жүргізілгені де сөз етіледі.
Қашанда «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген қазақ халқы үшін бүгінде қазынасы базыналы күй кешуі қабырғаны қайыстырарлық жайт. Ата дәстүр мен ғұрпымызда, салт пен сана , таным мен тағылым тұрғысынан да ақсақалды қариясын сыйлап, құрметтеу керектігі айтылып келеді. Бірақ өркениеттер ұштасып, мәдениеттер қабысып жатқан кезеңде құндылықтар құнтталмаса, құрып кету алдында тұратыны да анық. Міне, К.Сәттібайұлы осы орайда өзінің журналистік позициясын ұтымды пайдалана білген.

БАТЫРДЫҢ ҚҰПИЯ СЫРЫ


Мақала 2008 – жылдың 25- маусымында республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген. Автордың сөз саптау үрдісі мен жазу ерекшелігіне назар аудара отырып, мақаланың публицистикалық стильде , талдамалы жанрда жазылғанын аңғаруға болады. Аталмыш мақалада Ұлы Отан соғысының батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының ғұмырнамасына қатысты деректер келтіріле отырып, батырдың жеке өмірінің ашылмаған қырлары сөз етіледі.
Мақала мазмұнына сүйенсек , автор материалының «бісмілләсінан» - ақ аталмыш мақала К.Сәттібайұлының Баукең туралы жазған алғашқы шығармасы емес екенін аңғаруға болады. Ол бұл туралы мақалада бұған дейін де ұлт қаһарманының жеке өмірі тұрғысында 2005- жылдың 29- қаңтарында «Егемен Қазақстан» газеті беттерінде « Ер Баукеңнің қызы Елена» атты мақаласы жарық көргендігін алға тартады. Автордың осы мақаласы баспасөз беттеріне шығысымен – ақ өз кезегінде оқырман тарапынан қызу талқыға түсіп , қоғамдық пікір тудырған. Ал « Батырдың құпия сырында» сондағы туындаған сан сауалға жауап табылған десе де болады . Мақаладағы автордың журналистік қарым-қабілетін ондағы еркін сөз қолданысынан , көсіле жазған көркем –әдеби фактілерді ұтымды пайдалана білгендігінен байқауға болады.
Мақалаға негізгі арқау болған дүние- Бауыржан Момышұлының естеліктері мен қолжазбалары, батыр туралы жазылған кітаптар. Мәселен, Әзілхан Нұршайықовтың « Ақиқат пен аңыз», Б. Момышұлының «Ұшқан ұя» кітаптарынан үзінділер келтіріле отырып, ондағы Баукеңнің өз өміріне қатысты тың деректемер айтылады. Аталмыш дереккөзде айтылған әңгіменің ауаны батырдың әйелдеріне тікелей қатысты. Автор осы тұрғыда қоғамда түрлі резонанстар тудырған сан- сауалдың шешімін табуға асығады .Бұл журналистің қажырлы еңбегінің көрінісі.
Мақала түйіні автордың ұлы тұлғалардың тағдыры бұлтарысы мен қалтарыстан тұратын, тар жол тайғақты екендігін айта отырып, мақаланы былайша түйіндейді : «Ақиқатты ғана айтып , шындықты ғана жазғанды пір тұтып өткен Баукең туралы бүгінде тек шындық жазылуы тиіс» дейді .

ЖАҢА ӘЛІПБИ ҚҰТТЫ БОЛСЫН !


Мақала Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің 2017 жылғы 28- қазанда № 122 санында жарық көрген. Мақала ақпараттық жанрда , публицистикалық стильде жазылған. Тақырыбы : тіл саясаты .
Қазақ жазба тілінің тарихы тым тереңнен бастау алады. Там-тұмданған тарихымызда қазақ жеріндегі алғашқы жазу үлгілері Түркі қағанаты дәуірінен бастау алады деген күннің өзінде , Есік қорғанынан табылған таңбалы тостағанда жасырылған сыр қаншама. Замана түрленіп , ғасырлар ауысып жатқан тұста әліпбиіміз де сан құбылды. Алдымен араб, сонан соң латын қарпіне ауысқан жазу тіліміз кириллицаға аялдап, тұрақтаған еді. Бірақ жаһан жанданып, заман талабы өзгерген сәтте уақыттың үдесінен шыққаны- латын қарпі. Автор өз мақаласында қазақ қоғамы үшін жаңа әліпбидің қаншалықты маңыздылығын қаузайды .
Көсемәлі Сәттібайұлы мақаласында автордың публицистикалық қыры анық байқалады. Автор өз материалында жаңа әліпбиге деген оң көзқарас танытады. Латын әліпбиі заман талабына сай келіп қана қоймай , кириллицалық әліпбидің тәуелдігінен айырылуға мүмкіндік тудыратындығын айтқан. Автор бұл туралы: «Бұл- Тәуелсіздігін түлетіп отырған Қазақ елінің енді ешкімге бодан еместігін, енді ешқашан жан- жағына қарап жалтақтамайтынын,жүрсе тек қана алға - жарқын болашаққа қарай, онда да өз жолы, өз білгенімен қарыштап қадам басатынын білдіреді»- дейді. Міне , бұл Көсемәлінің публицистикалық көзқарасының айқын белгісі.Күн сайын құбылып, сан мың түрленген замананың сүт пісірім уақыт сайын жаңа мәселесі туындап отыратыны бар. Бірақ ұлтқа қатысты әрбір мәселе ұлтараққұнды болмауы тиіс . Автор мақаласында соны меңзейді.
Қорыта айтқанда , Көсемәлі Сәттібайұлының публицистикасы қазақ қоғамының сан қырын қамтиды. Әр алуан тақырыптарда қалам тербеген журналистің қоғам тіршілігімен де етене таныс екендігі анық . Журналистің тұжырымдамасы мен айтпақ ойы оның талдамалы жанрда жазылған мақалаларынан айқын көрініс тапса, көркем-әдеби жанрдағы мақаларынан К.Сәттібайұлының редакторлық қырын аңғаруға болады. Ал ақпараттық үлгідегі материалдары журналистің қоғамдағы бейтараптылық позициясын ұстанатындығын көрсетеді. Бұл қазіргі қазақ журналистикасының өкілдеріне аса қажет дағдылар.

МЕНІҢ ЕЛІМ



Белгілі жазушы-журналист, публицист Көсемәлі Сәттібайдың «Менің елім» атты публицистикалық жинағында қазақ елінің тәуелсіздік алғаннан бергі тұстағы халықаралық аренада алған орны, әлемдік өркениетке қосылып демократиялық қоғам орнатудағы жеткен жетістіктері жайлы кеңінен айтылады. Автор нақты мәліметтер мен дәйектерге сүйене отырып, еліміздің, қоғам өмірінің әртүрлі салаларында жеткен жетістіктері жайлы тереңнен ой қозғайды. Қаламгер өзі қызмет істеп жүрген оңтүстік өңірі, оның ішінде Жамбыл облысының тыныс-тіршілігі жайлы, экономика мен өндіріс, мәдениет пен өнер салаларындағы оң өзгерістерді тіле тиек етеді.
Мақала Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып жазылған.Аталмыш мақалада тәуелсіздіктей тәтті ұғымның қазақтай халыққа дәмін таттыра білген Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың ерен еңбегі суреттеледі.К.Сәттібайұлы өзі тілге арқау етіп отырған кейіпкердің де жан тебіренісі мен толғанысын көрсетуді ұмыт қалдырмайды:
«Ел тәуелсіздігінің алагеуіміндегі осы тарихи алмағайып кезеңді Елбасы өзінің «Еуразия жүрегінде» атты тамаша еңбегінде «Бұл кең-байтақ республикамызды аралап, менің бір «сабылған» шағым болды. Халықтың абдыраған алаң көңілін сездім. Бір сәтте олардың өмірін өзгертіп қана қоймай, өмір бойы. табынып келген құндылықтарының бүкіл жүйесін. әдіре қалдырған оқиғалардың күйзелткенін көрдім. Жұрттың бәрінің жәудіреген көзінде «Бұдан әрі не болады? Қалай өмір сүреміз?» деген сұрақ тұрды» деп еске алады».
Автор мақаласында Тәуелсіздіктің қазаққа сыйлаған қыруар жетістіктерін де санамалай түседі. Жиырма бес жыл ішінде керегеміз кеңейіп, тереземіз теңеле түсті дейді автор.Елбасының сарабдал саясатының арқасында шекара мәселесі де оңынан шешілгендігін, ендігіде қазақтың төрт құбыласы тең екендігін тілге тиек етеді.Мұнан әріде публицист XXI ғасырдың соңғы онжылдығында Қазақстанның жеткен жетісиіктеріне тоқталады:
Өркениет ғасыры дегеннен шығады, ХХ ғасырдың соңғы он жылдығында қол жеткен Тәуелсіздік XX ғасырдың алғашқы он жылдығында буыны бекіп, қабырғасы қатайды. Тоқтар, Талғаттан басталған «ғарыш маршруты» Kazsat жерсерігіне ұласты. Кең байтақ еліміздің қақ төрінен шаңырақ көтерген Ақордалы Астана құрылысы Алатау мен Арқаның, Алтай мен Атыраудың арасындағы барлық өңірлердегі қала-кенттердің құрылыс индустриясына көшбасшы болды. Әрі-беріден соң ауыл да Астанаға қарап бой түзей бастады.
Алматыдай әсем астананы Ақмолаға көшіру идеясын халықтың жүрегіне жеткізу қиынның-қиыны болды» дей келе мұнан әрі Елбасының мынадай сөздерімен жалғастырады: «Өзгерістер басталған сілкіністі уақыт – 1991 және 1992 «парламенттік» жылдар әлі жадымда. Егер әлдекім мені парламентаризмге қарсы екен деп ойласа, құдай сақтасын. Мен әрдайым Сындарлылықты және уақыттың бос сөзге төзбейтінін толық сезіне білуді жақтаймын. Ал ол кезде қаншама саяси және реформаторлық «мылжың» болды десеңізші... Өмірлік маңызы бар бірде-бір заң өтпей жатты. Заңдарды парламенттік талқылау процесіне араласпайтыны, килікпейтіні жоқ. Бүйірден қосылып жөнді-жосықсыз қыстырыла кету, жоқтан өзгені сағыздай созып сөз ету, лаққан философиялық толғамдар мен әйтеуір өзін көрсетіп қалуға әбден малтығып жатқаны. Мен сондай қажитынмын. Қатты шаршайтынмын. Бұл қажып шаршауым әлдебір іскерлікпен, болмаса қабылданған, қабылданып жатқан заңдардың көптігінен емес, керісінше солардың мүлдем жоқтығынан болатын» деген сөзінің («Еуразия жүрегінде») ащы шындық болғанына бүгін анық көз жетіп отыр».
К.Сәттібайұлының «Менің елім» атты мақаласы тәуелсіздікдің қысқаша тарихын баяндайды десек қателеспейміз. Бүгінде ордалы отыз жылдығын тойлап жатқан еңселі елдің жетістіктері мен телегей табыстары мен қатар түзеуге тиіс кемшін тұстары да бар. Бұл өз кезегінде туралы автор мақаласының қорытындысына арқау бола білген. Автор мақаласының түйіні осы бір көкейкесті оймен түйінделеді:
Көш жүре түзеледі. Қазақ елінің тәуелсіздік көші өркениеттің өркешті нарларына қарап бойын түзеді. Бұқар жырауша термелесек, бүгінгі Қазақстан Республикасы «бағаналы орда, басты орда, байсал орда қонған жұрт, бас, аяғың бай болып, бәсеке дәурен сүрген жұрт, көп жылдарға бек сақтап, есен де есен болған құтты жұрттың» нақ өзі болды.
Тәубе, тәубе, тәубе!

Мақалада қашанда аспан асты, жер үстін думандатып өткен қазақ халқының бүгінгі жай-күйі суреттеледі. Тойсыз күні өтпеген қазақтың осы күнгі думан-тойы ардагер публицистің қаламына арқау болған. Шығармада автордың өзіндік көзқарасы мен көңіл күй тебіренісі суреттеледі. Мәселен, автор:


«Аптаның жеті күні тойсыз өтпейтін болды. Оны қазақтың атасы тойсыз өтпейтін болды» десе де жарасқандай. Бұған да шүкір. Кешегі Кеңес өкіметінің «кемелденген» тұсында да мұндай «аста та төк» той-томалақ апта сайын болған жоқ. »- дей келе бүгінгі той әндерінің қандай сипатта екендігіне де тоқтала кетеді. Бүгінгідей күн сайын мың құбылған заманда бірінің ізі суып жатпастан, тағы бір әннің шығып жататындығын айтады.Сонымен қатар қайсыбір тұста той сәніне айналған «Мария Магдалена» әнінің астарына үңіледі:
« Тойы көбейген соң қазақтың әншісі мен сазгері, ақыны мен асабасы да көбейді. Ол да заңды. Той сайын жаңа әнге тұщынып, жаңа биге сүйсініп қайтасың. Қырғыз ағайындардан ауыс-түйіс арқылы жеткен «Қызыл өрік» әні тойға жиналған тондылардың әлі күнге дейін «хитіне» айналып тұр. Міне, енді осы әннің ыстық-суығы басылмай жатып «Мария Магдалина» деген ән шықты. Екпіні мен ырғағы, дау жоқ, биге сұранып тұр. Осы ән басталған кезде иықтарын қисаңдатып, отырған орындарында-ақ билей жөнелетін жастарды былай қойғанда, кейбір көкелер мен жеңгелердің өздері ортаға атып шығып қалай тайрандап кеткендерін байқамай да қалады. Мейлі ғой, тойдың сәні ән мен би болған соң қалағандарынша ойнасын, күлсін, билесін, оларын ешкім сөкет демейді.Бірақ сол той төрінде отырған естілер (есерін қойшы) Анші жігіттің «Мария Магдалина oho-hoy» деп сонша тамсанып, соншама өліп-өшіп бара жатқаны кім болды екен?» деп бір-бірінен сұрамайды ғой.». Автор көзқарасынан ауыр күрсініс,қазақ қоғасына дейтін назы бар. Кешегі адуынды орақ тілді, от ауыз данагөйлер мен билердің бүгінгі ұрпақтары сөз астарына,мән- мағынасына бір ауық назар аударса дейді.
Мұнан әріде автор аталмыш әннің тарихына үңіліп, әнге арқау болған бас кейіпкердің кім екендігіне көз жүгіртеді:
«Энциклопедияны парақтап қарасаңыз, «Мария Магдалина, біздің эрамызға дейінгі 1 ғасырдың соңы, Магдал қаласы, Израйль» деп басталатын анықтамаға кез боласыз. Одан әрі қарай Марияның Иисус Христостың ізгі өсиеттерін жалғастыруға шын берілген ізбасарларының бірі екенін оқисың. Қысқаша айтқанда, Иса пайғамбар галейкім уәссәллам жын- шайтандар иектеген отбасында өскен Марияны емдеп, бойын билеген ібілістерден арылтқан соң ол Иисусқа адал пірәдарлардың бірі болған. «Евангелие» мәтіні бойынша имансыздар Иисусты дар ағашына тірідей шегелеп, азаптап өлтірген кездегі қасіретті сәтке куә болғандардың бірі де Мария Магдалина. Бірақ православ дінін ұстанғандар Мария Магдалинаны береке мен бірліктің жаршысы ретінде биікке көтеріп, әулие тұтқандарымен, католиктер түрлі лас іс-әрекеттерден арылу арқылы тәубесіне келген әйел ретінде қарастырады екен. Айта берсек, тарихи тағдыр талайы көп Марина Магдалина сонау ықылым замандардан бері көптеген жазушылардың, суретшілердің,мүсіншілердің, сазгердің бас кейіпкеріне айналған.»
Журналист мақаласының мәні жоғарыда келтірілген деректемелермен ашыла түскен.Онда тарихи тұлғаның образы ашылып, шын бейнесі оқырман қауымға таныстырылады. Автор көтеріңкі көңілмен айтылатын әнге діни кейіпкерді әкеліп қосудағы мақсаттың қандай екендігіне күмән келтіріп, «Жұртқа қандай рухани байлық пен ләззат сыйламақ?»деген сауал тастайды. «Бұл автордың ізденушілік қабілетінің ерекше көрінісі.Мақала қорытындысын автор былай түйіндейді:
« Айтпаса сөздің атасы өледі. Айтса «айтты» дейтіндер де бар. Бірақ соған қарамастан біз осы сөзді айттық. Қажетіне жарату, жаратпау тыңдарманның өз еркінде. Бәлкім, «отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» дегендей, осы ой-пікір әннің сөзін жазған автордың құлағына да жетіп, «кейіпкерінің» аты-жөнін түзетіп, қайта орындап жатса, «ештен кеш жақсы» деп, сәттілік тілегеннен басқа ниетіміз жоқ.»
Қорытындылай келе, той- думан қазақ халқының қанына біткен құндылығы екендігін естен шығармаған жөн. Тек бұрнағы қасиетті өз қалпында пайдаланып, дәстүрдің тағылымды, өнегелі тұсын дәріптей білуіміз керек. Арзан атақ пен абыройдың,мәнсіз дүниенің де ғұмыры қысқа болатындығын естен шығармаған жөн. Журналист К.Сәттібайұлы өз мақаласында осы ойды дәріптесе керек.
ОЛ ЕНДІ ҚАЗАҚТАР ҮШІН «МЫРЗАЖАН» ЕМЕС!

Мақала 1933-1938 жылдары қазақ жерін басқарған Левон Мирзоян турасында жазылған. Автор мақаласында Кеңестік саясаттың көлегейлеуімен көпшілікке «Мырзажан» болып табылған басшының шын бейнесін ашып көрсетеді.


Қазақ қоғамында Мирзоян туралы екіұдай пікір қалыптасқан.Бірі- Мирзоян Голощекин залалымен күресуші десе, енді бірі- ол тек Сталин саясатының сойылын соғушы дегенді айтады. Автор тұжырымдамасы екінші пікірмен астасады. Бұл туралы журналист:
«Соңғы жылдары кейбір бұқаралық ақпарат құралдары интернет газеттер қолдарына түскен құпия құжаттардағы деректерге сүйене отырып Л. И. Мирзоянның адал партия қызметкері емес шын мәнінде қанқұйлы баскесер болғанын дәлелдеп берді » дейді.
К.Сәттібайұлы бұл тұжырымдасвны «Мырзажанның » Сталинге жазған құпия хатттарына сүйене отырып, жазған болатын.Сонымен қатар автор мақаласында мынадай деректерді сөйлетеді:
«Белгілі публицист Бейбіт Қойшыбаевтың дерегі мұндай сұмдықтың болғанын растай түседі.Ол, мысалы, КСРО Ішкі істер халық Комиссары қызметінде жүргенде Николай Иванович Ежов 1937-1938 жылдардағы жаппай қуығын-сүргіннің басты ұйымдастырушы және атқарушысы болғанын айта келіп, оның 1937 жылғы 30 шілдеде шығарған № 00447 құпия бұйрығында «Бұрынғы кулактарды, басбұзарлар мен басқа да антикеңестік элементтерді репрессиялау бойынша жүргізілетін операция 5-тамызда басталып, төрт ай мерзім ішінде аяқталуға тиіс» деп тапсырма бергенін жазады. Бұйрыққа қосымша Кеңес одағының әр өңірі бойынша бірінші және екінші категориямен жазалауға жататындардың саны да көрсетіліпті.. Яғни, Ежовтың бұйрығымен Қазақ КСР-дегі көптеген адал адамдардың «жаназасы» алдын ала шығарылып қойылыпты».
Автор бұдан әріде публицист Б. Қойшыбаевтың зертттеулеріне сүйене отырып сандарды көбірек сөйлетуге тырысады:
«Публицист Бейбіт Қойшыбаевтің зерттеуіне сәйкес 1937 жылдың 5 желтоқсанына дейін 2500 адам атылып, 5000 адам ұзақ мерзімге (бұйрықта 8-10 жыл беру көзделген) сотталу керек екен. Бірақ іс жүзінде науқанның төрт ай емес, 15–16 ай (1937 жылғы тамыз — 1938 жылғы қараша) бойы жүргізілген. Үкімдерді НКВД-ның республикалық, өлкелік, облыстық «үштіктері» шығарып тұрған. Осы кезеңде № 00447 бұйрықпен белгіленген квота (268095 адамды адам репрессиялап, оның ішінен 75095 адамды ату) бірнеше есе асыра орындалған. Ал Қазақстанда осы кезеңде 118 мың адам репрессияланып, оның 25 мыңдайы атылды деп есептеледі. Яғни, НКВД-нің қасіретті № 00447 бұйрығында көзделген 7500 адамды жазалау жоспары 15 еседен де асырып артығымен орындалған. Бұйрықта 2,5 мың адамды атуға тапсырма берілсе, орындаушылар оны он есе асырып жүзеге асырған. Аталмыш бұйрықта квотамен белгіленген цифрларды өсіруге болмайтыны, егер жағдай өсіруді талап етсе, онда Ежовқа (бұйрықта: «маған» деп нұсқалған) тиісті дәйектеме келтірілген өтініш беру керектігі айтылған.»
Автордың меңзеуінше, Қазақстандағы қасапшылық науқан тікелей жергілікті басшылардың тапсырысы арқылы орындалған.Мұнан әріде публицист Сталиннің «Ұлы террорына» белсене ат салысқан Мирзоянды көшелерге атын беріп, құрметтеуге бола ма деп сауал тастайды. Сөз соңында өзінің публицистік қырын ұтымды пайдаланып, Тараз қаласындағы Мирзоян көшесінің атынауыстыруды сұрайды:
«Ендеше, Сталин мен Ежовтың қолшоқпары болып, «шаш ал десе бас алуға» бел буып кіріскен Левон Исаевич Мирзоянды біреулер бір кезде «Мырзажан» деп атады екен деген күмән-күдігі мол сөзге бола, еліміздің іргелі қалаларындағы үлкен көшелерге есімін беріп, құрметтеуге бол ма? Жоқ. Мысалы, орынды сын, уәлі сөзден кейін Астанадағы Д. И. Мирзоян көшесіне елімізге ерен еңбек сіңірген геолог-ғалым, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қаныш Сәтбаев есімі берілді. Қазір еліміздегі басқа облыстардың зиялы қауым өкілдері де өз қалаларындағы көшелерге беріліп кеткен Л. Мирзоян атын алып тастауды сұрап, жергілікті билікке өтініштермен шығып жатыр. Ендеше Тараз қаласындағы Л. И. Мирзоян көшесінің атын да өшіріп, неге елге еңбегі сіңген белгілі тұлғаның немесе тарихи қаһармандар аттарымен өзгертпесе? Өйткені, бұл бүйректен сирақ шығару емес, жоғарыда келтірілген ақиқи деректерден кейінгі орынды ұсыныс деп мән бере қарайтын салмақты мәселе.»
К.Сәттібайұлы мақала соңында аталмыш ұсыныстың тарихи маңыздылығы бар екендігіне де тоқталып өтеді.Бұл туралы автор:
«Әрине, 1936 жылы Әулиеатаның аты болып, 1937 жылы Жамбыл қаласы болып өзгертілгені білеміз. Ойлап отырсақ, Алла тағаланың өзі қолы қазақ зиялыларының қанына былғанған жендеттің атын айғайлап тұруына қарсы болған сияқты. Сондықтан Тараз қаласының әкімдігі мен облыстық ономастика жөніндегі комиссия «Ақ жол» газеті көтеріп отырған осы ұсынысты қарап, тез арада оң шешім шығарады деп сенеміз»,-дейді.
К.Сәттібайұлының көп қаузаған тақырыбының бірі- Бауыржан Момышұлының тұлғалық болмысы деп айтсақ қателеспейміз.Солардың бірі публицистикалық сарында жазылған «Ер Баукеңнің маузері» атты эссе түріндегі шығарма.Шығармада Ұлы Отан соғының қаһарманы Б.Момышұлының ерлік істерінің куәсі болған жәдігер- батыр маузерінің (әскери қару) тарихы суреттеледі.
Автордың айтуынша, қанды соғыстың куәгері болған әскери қаруды батыр 1967 жылы Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырыпты. Осы орайда публицист әскери жәдігер туралы дерек Ә.Нұршайықовтың « Ақиқат пен аңыз» атты кітабында да кездесетінін айтып, роман-диалогтан үзінді келтіреді:
«Автор:

  • Одан кейін 1943 жылы Талғар полкының құрылғанына екі жыл толғанын атап өтіпсіздер ғой, Бауке. Онда Сізге қарулас достарыңыз 173825-нөмірлі маузер сыйлаған көрінеді.

Бауыржан:

  • Оны кім айтты саған? Номерін қайдан білесің?

Автор:

  • Менің архивтен алған материалдарымның ішінде мынандай бір документ бар. Рұқсат етсеңіз оқып берейін.

Бауыржан:

  • Оқығын.

Автор:

  • Бұл 19-шы гвардиялық атқыштар полкі 1943 жылы сізге берген №28 куәлік. Онда былай делінген.

КУӘЛІК
Берілді гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлына, себебі 19-шы гвардиялық атқыштар полкының құрылғанына екі жыл толған күні оған сыйлыққа: «Талғар полкының екі жылдыгы күні гвардия полковнигі Б. Момышұлына. 19-шы гв. Атқыштар полкының ардагер офицерлерінен. 25.7.43 ж. » деген жазуы бар 173825 номерлі маузер тапсырылды.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет