Мағауина Зағия, Шығыс Қазақстан облыстық
Абай атындағы әмбебап кітапханасының
ақпараттық-библиографиялық бөлімінің меңгерушісі
Өр дауысты ақын
Ақын Нұрлыбек Баймұратовтың
туғанына 125 жыл
Қазақ поэзиясы тарихында өзіндік орны бар дарынды тұлғаларымыздың бірі – «Қазақ ССР-ның өнеріне еңбегі сіңген қайраткер» (1939), СССР Жазушылар Одағының мүшесі (1939), орақ тілді, өр дауысты, айтыскер ақын Нұрлыбек Баймұратов.
Ол 1887 жылы 6 желтоқсанда Семей облысы, Бесқарағай ауданы Балапан деген жерде қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Баймұраттың туған жері Павлодар облысы Май ауданы Бозарал-Жалаңаш ауылы.
Ақынның ақын болып қалыптасуына біріншіден өзінің отбасы, екіншіден айналасындағы адамдары, туыстары әсер етеді. Өздігімен оқу жасына жеткеннен кейін қабілет қарымына қарай ізденіп, қазақтың бай ауыз әдебиетін, орыс әдебиетін оқу арқылы білімін кеңейтіп шығып жатады. Он жасқа келген Нұрлыбекке ақындықтың әліппесін үйреткен терең білімді әрі ақын, әнші Ахметшәріп Молдажанов екен. Дарынды баланы қасынан бір елі тастамай ақындық өнердің қыр-сырымен таныстыра бастайды.
Ахметшәріптің оқу тәрбиесінен кейін Бесқарағай ауданының Башкөл ауданында медреседе дәріс алады. Табиғатынан талантты бала Нұрлыбек ғылымға да жүйріктігін танытып, арабша жазу-сызуды білген соң, медреседе ең үздік оқушылардың біріне айналады. Ерекше қабілетті болашақ ақын қисса, дастан, аңыз-ертегі, яғни қазақ ауыз әдебиетінің небір озық үлгілерін іздеп жүріп оқып білімін шыңдай береді. Қолы босаған сәттерде ауылдың татар балаларының қасына еріп музыкалық аспаптарда ойнауды да үйренеді, сөйтіп ауылдың нағыз сал серісіне айналады.
1912 жылы 25 жасында сері жігіт орыстың ауқатты жанұясынан шыққан Евлалия Васильевна Щитинина деген қызына үйленеді. Еріне адал бола білген орыс қызы мұсылман дінін қабылдап, Евлалия атын Балқия деп өзгертеді. Олардың жалғыз ұлы Мансұр да әкесі сияқты ақын болады.
Нұрлыбек ақын мен М.Әуезовтің арасында шығармашылық байланыс 1920 жылдардан басталған. Жазушы М.Әуезов ақынға бағыт-бағдар беріп, шығармашылық жолдарда жетістіктерге жетуіне үлкен көмегін тигізген көрінеді.
Н.Баймұратұлы айтыскер ақын болумен қатар жазба әдебиетінде де өз қолтаңбасын қалдырған. Тұңғыш баспа бетін көрген өзінің тырнақалды шығармасы «Қала сұлуы» поэмасының қағаз бетіне түсуіне көп көмегін тигізген М.Әуезов екенін ырзалықпен айтады. 1
Ақын Н.Баймұратұлы өз өмірінде көп атақты адамдармен кездескен, орны бөлек сондай адамдардың бірі – ақын Иса Байзақов болған екен.
Абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханұлының зерттеуі бойынша Нұрлыбек өлеңді қолма-қол суырып салып айтатын ақпа ақын болумен бірге, домбырасы мен қаламы қосарлана қатар жүйткитін, жазба әдебиет саласында да өрен жүйрік, төкпе ақын болды. Ол, әсіресе, ақындық айтыс өнеріне суырылып шығып самғайтын саңлақтардың бірі еді.
Нұрлыбектің ерте кездегі айтыстары толық сақталмаған. Оның 1922 жылы атақты айтыс ақыны, импровизатор Иса Байзақовпен Семей қаласындағы бір айтысының қасында болған Мұхтар Әуезов былай деген екен:
«1922 жылы Семейдің екі ақыны Байзақов Иса мен Баймұратов Нұрлыбек айтысады. Екеуінің айтысындағы жаңалық – бұрынғы айтыстарындағыдай ру таласы жоқ. Оның орнына қала мен ауыл жайларын тың тақырып етіп алысады. Иса қаланы жақтап ауылды мінесе, Нұрлыбек ауыл еңбегін бағалаушы болып, Семейдің қалың құмын сынайды. Бұдан сол 1922 жылдың өзінде-ақ ақындардың әлеуметтік, мемлекеттік мәселелерге беттерін анық бұрғанын көреміз» - дейді.
Осы екі үлкен ақын, Иса мен Нұрлыбек жаңа заманның, совет заманының ақыны болып, елге адал еңбек ету үшін, бір жақты ақындық таланттың жеткіліксіз екенін түсініп білімдерін көтеру үшін сол кездегі Қазақстан астанасы – Орынбор қаласына барып, рабфакқа оқуға түседі. Орынбордағы оқуын бітірген соң совет, партия мектебінде оқып, жауапты қызметтерде болады.2
Н.Баймұратов өміріндегі Орынбор кезеңі ақын шығармашылығының өзіндік бір арнаға түсуіне септігін тигізеді. Осы кезден бастап әдебиет пен мәдениеттің зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, шығармашылық байланыста болады.
Нұрлыбек ақын туған халқының ауыз әдебиетімен сусындап қана қоймай, оның үлгілерін жинаумен айналысып, әдебиетіміздің мұрасын толықтыруға өзіндік үлесін қосты. Ақынның «Ақбура Боранбай ақынның қартайғанда айтқаны», «Кемпірбай ақыннан Әсеттің көңілін сұрай келгенде айтқаны», «Алаша ханның әңгімесі», «Тәуке батыр», «Қасымбек батыр» т.б. жазып өткізген шығармалары Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының қолжазба қорында сақтаулы. 3
Ақынның республикаға танылып, ақындығымен атағы шыққан кезі 1939 жыл болған екен. 1939 жылы 21-27 шілдеде Алматыда өткен Қазақстан жазушыларының ІІ съезіне Н.Баймұратов делегат боп қатысып, мінберге шығып өлең айтып, құттықтау сөзін сөйлеген. Сол съезд үстінде КСРО Жазушылар Одағына мүшелікке қабылданғаны және өзінің де осы съезге делегат боп қатысып, ақынмен осы кезден бастап достасып кеткені туралы белгілі абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханұлының айтқан сөзі растайды:
«Нұлыбек зор денелі, балуан тұлғалы, қошқар мұрынды, жайраңдаған жарқын жүзді, өлең бастарында ұзақ ащы айғайға басып алып, жүйтки жөнелетін жүйрік еді»4, -деп жазады.
1939 жылы қарашаның 10-12 күндері халық ақындарының республикалық слетінде қызылордалық атақты ақын Нартай Бекежановпен айтысқа түседі. Ол туралы да ғалым Қ.Мұхамедханұлы М.Әуезовтің берген бағасын зерттеу еңбегінде келтіреді: «Айтысушы екі ақын жалынды, көркем жырларды суырып салма өлеңмен қалың жұртшылық алдында тудырып жарысты. Олар өздерінің шыққан жерлері, Семей, Қызылорда облыстарын салыстыра отырып жарысады. Бірі шалқар өзен Ертістен, екіншісі – Сырдан шыққан ақындар, социалистік дәуірде жаңғырып көркейген табиғат көріністерін де, ел тірлігін де айтыстың кең жарқын тақырыбы етіп алды».
Ақындық тарихи өмірінде талай айтыстарда оза шығып, жүлде алған жүйрік ақын Н.Баймұратов айтыс сахнасында Иса Байзақовпен (1922), Нартай Бекежановпен (1939), Майасарымен (1943), Төлеу Көбідковпен (1945) сөз сайыстарына түсіп, қазақ ауыз әдебиетінің поэзиялық жанрының дамуына үлесін қосты.
Ақын өз дәуірінің тынысын терең сезініп соған дер кезінде үн қосып отырған ақын. Өлең-жырларының өзекті тақырыптары - Октябрь, Ұлы Отан соғысы, советтік жаңа заман, күн көсем Ленин, Коммунистік партия, халықтар достығы.
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда Семей облысынан Нұрлыбек, Төлеу, Сапарғали бастаған халық ақындары Отанға төнген зор қауіпті халыққа өткір жырлары арқылы жеткізу, әрбір совет адамының жүрегінде неміс фашист басқыншыларына деген өшпенділік пен кек жалынын тұтату еді.
Тілін алмас қылышқа, қаламын болат найзаға балаған ақын:
Халқымның мен ақыны қайтпас жүрек,
Жау отын өшіруге қостым тілек.
Тілім – алмас, қаламым – болат найза,
Қолқаңа қос өкпеңнен салсам керек, - деп жауға қарсы жыр нөсерін төкті.
Ақынның тұңғыш шыққан кітабы «Қала сұлуы» атты поэмасы. Қалаға алғаш келген қазақ сахарасының ақыны, шаһардың тұрмыс-салтымен таныса жүріп, кезінде аталып тұрған «Городской сад» (қазіргі Мемлекеттік Медицина университеті тұрған жерде болған) қала бақшасына барады. «Қала сұлуында» сол бақшаны суреттеп, қаланың кейбір жеңіл мінезді, қуыс кеуде бояма қыздарын мінейді. Ол шығармасы Семейде шығып тұрған «Таң» журналына 1925 жылы басылған екен.
Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасының сирек қорында қазақ және орыс тілінде 1945 жылы «Ер Төлеген» поэмасы, 1962 жылы «Қанды жорық» поэмасы, 1982 жылы жарыққа шыққан «Қазына» өлең кітаптары мен ақын шығармашылығы туралы және өлеңдері мен поэмалары енгізілген басқа да кітаптары сақталған.
Туған халқының өмірінен алынған айтулы оқиғалараға арналған туындыларының бірі - «Қанды жорық» (1962) поэмасы. Дастан 1918-1920 жылдардағы азамат соғысы жылдарын қамтиды.
Мың тоғыз жүз он тоғыз күздің айы,
Бұлыңғыр бұлтты тұман күннің райы.
Кенеттен қар аралас бұршақ жауып,
Сұрланып сала берді жер шырайы,- деп жырлағандай, ақын тілімен айтқанда «ойы –арам, қаны – қара, жүрегі тас» атаман Анненков бастаған ақ бандылардың бейбіт жатқан елде кегі бардай, қазақ ауылын шауып, аяусыз қанға бояған адам төзгісіз бүліншілігі мен оған қарсы Семей маңындағы бұқара халықтың күресі шынайы суреттеледі. Күреске белсене қатысушы ауыл адамдары Ілияс, Жексенай, Әбіш, Степан, Антон сияқты ұлдарының ерлік істерін толғана жырлап, олардың батыл тұлғаларын сомдайды. Қаһармандық, отансүйгіштік сезімдерге толы шығарма өмірде болған нақты фактілерге негізделе отырып жазылған.
Ұлы Отан соғысы жылдарында туған өлеңдерінің ішінде ерекше айтатын шығармасы Советтер Одағының батыры Төлеген Тоқтаровқа (1920-1942) арналған «Ер Төлеген» (1945) поэмасы. Сол бір сұрапыл жылдардағы сарбаздың ғажайып ерлігін:
Отан үшін аттанған,
Ел тілегі ақталған,
Ерлердің ісін жырлаймын.
*** ***
Бойда қуат, көзде нұр,
Жүрекке жігер, тілде жыр,
Көңілге медеу сен едің,5 - деп жырлаған Нұрлыбек ақын шығысқазақстандық жас батырдың Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілігін, азаматтық мінез ін көркем поэзия тілімен өрнектеген. Бүгінгі және келешек ұрпақ үшін Төлеген сынды хас батырдың аңыз болған тамаша ерлігі жайлы жазылған бұл дастан өзінің өміршеңдігімен құнды дүние.
Ақынның тағы да бір кітабы «Қазына» (1982) деп аталатын өлеңдер мен поэмалары. Бұл жинаққа әр жылдары жазылған өлеңдері топтастырылған. Сонымен қатар «Ер Төлеген», «Қанды жорық» дастандары енгізілген.
Ең алғаш шыққан «Қаралы сұлу» поэмасы мен өлеңдері зерттеуші, педагог Мұрат Иманжапаровтың жаңаша пайымдап жазған «Халық ақындары мұрасы» (2010) кітабына енгізілген.
Нұрлыбек ақынның Иса Байзақовпен бейнесі орыс жазушысы Н.Ановтың «Ән қанаты» (1979) деген кітабында өте көркем бейнеленген.
Ұлы аңғар ұлы дүбір той болғанда,
Уа шіркін, Нұрлыбек қой керек ақын 6, - деп Төлеу ақын айтқандай есімі қазақ әдебиеті тарихында көрнекті орын алады.
Абайдан үлгі-өнеге алған, қарт жырау Жамбылдың алдын көрген, М.Әуезов, Ж.Аймауытов, Ә.Қашаубаев т.б. зиялы ұлт өкілдерімен араласқан, халқының есінде ақындық өнерімен бағаланған ойлы ақын Н.Баймұратов 1969 жылы 8 қарашада 82 жасында дүние салды.
Ақынды есте қалдыру мақсатында туған жері Бесқарағай ауданы, Башкөл совхозының орталығы Жаңа-Николаевкада ақынның мұражайы ашылып (1992), басына ескерткіш орнатылды.
Әдебиеттер тізімі:
Баймұратов Т. Қазына: Өлеңдер мен поэмалар.-Алматы: «Жазушы», 1982.-240 б.
Баймұратов Т. Қанды жорық: Поэма.-Алматы, 1962.-123 б.
Баймұратов Т. Ер Төлеген: Поэма.-Алматы, 1945.-77 б.
Нұрлыбек Баймұратовтың жырлары: (Абай бейітінің басында) // Семей таңы.-1991.-21 қыркүйек.
Нұрлыбек Баймұратовтың өмірбаяндық өлеңі: асыл мұра // Семей таңы.-1990.-21 шілде.
Төлеудің Нұрлыбекпен айтысы // Көбдіков Т. Өлеңдер.-Алматы: ҚМКӘБ,1955.-239 б.
*** *** ***
Алтынбаев Қ. Ертістің серке сүлейі: Халық ақыны Н.Баймұратовтың туғанына 100 жыл толуына // Семей таңы.-1987.-16 декабрь.
Алтынбаев Қ. Арқаның арқалы жүйрігі: (Халық ақыны Н.Баймұратовтың шығармашылығы туралы) // Семей таңы.-1977.-10 август.
Анов Н. Ән қанаты: роман.-Алматы: «Жалын», 1979.-432 б.
Қорабаев Р. Жыр дүлдүлі: (Халық ақыны Н.Баймұратовтың шығармашылығы туралы) // Семей таңы.-1977.-15 декабрь.
Мұхамедханов Қ. Тілі алмас, қаламы болат найза: (Н.Баймұратовтың туғанына 95 жыл) // Көп томдық шығармалар жинағы. Т.5.-Алматы: «Ел-шежіре», 2007.-259-267 б.; // Семей таңы.-1982.-19 ноябрь.
Ертіс атырабының бұлбұлы: (Халық ақыны Н.Баймұратовтың туғанына 105 жыл) // Үш анық.-1992.-№14 (шілде).
Иманжапаров М. Халық ақындары мұрасы: Зерттеулер, өлең-толғаулар, поэма-дастандар. 1-кітап.-Семей, 2010.-322 б.
Иманжапаров М. Семей өңірінің ақын-жазушылары: оқу-әдістемелік кешен.-Семей: «Үш биік», 2010.-113 б.
Кәкенов Т. Төкпе ақын: (Н.Баймұратовтың туғанына 110 жылдығы қарсаңында) // Семей таңы.-1997.-24 маусым.
Түгісов У. Ақияқ ақын еді Семейдің.... // Арна.-2000.-31 наурыз.-20 б.
Шәріпов Е. Нұрлыбек ақынның мерейтойы: (туғанына 110 жыл толуына орай) // Семей таңы.-1997.-30 қыркүйек.
Достарыңызбен бөлісу: |