Малғажина Арай Аманкелдіқызы
«Солоновка орта мектебі»КММ-нің бастауыш сынып мұғалімі.
Ғылыми педагогикалық зерттеулерді ұйымдастырудың
әдіснамасы мен әдістері
2-БӨЛІМ. ДӘРІС КЕШЕНІ.
1-тақырып. Педагогикадағы әдіснамалық білімнің құрылымы және функциясы.
Дәріс мақсаты: Әдіснама туралы түсінік беру. Ғылыми білімнің әдіснамалық негізі функциясы және ғылыми тәжірибе құрлымын қарастыру.
Жоспар:
Әдіснама туралы түсінік
Ғылыми білімнің әдіснамалық негізі функциясы және ғылыми тәжірибе құрлымы.
Қазіргі уақытта педагогикалық зерттеулерге, білім жүйесі мекемелеріндегі тәжірибелік-эксперименттік жұмысқа ерекше көңіл бөлінуде. Зерттеуші – педагогтің, педагогикалық ұжымның, эксперименттік алаңдардың ғылыми ізденісінің бағдарламалары мен әдістемелері жазылып даярлануда. Нақты мәселенің зерттелу жұмысының тәжірибесі жинақталуда. Ғалымдардың іргелі еңбектерінде (Л.В.Занков, Ю.К.Бабанский, М.Н.Скаткин, Я.Скалкова, В.И.Загвязинский, В.И.Журавлев, В.М.Полонский және т.б.) педагогикалық зерттеулердің әдіснамасы мен әдістемесі кеңінен берілген. Дегенмен, осы уақытқа дейін ХХ ғасырдың екінші жартысында жан-жақты зерттелген, семинарларда талқыланғанмен де зерттеушінің әдіснамалық мәдениетіне енетін біліктіліктің мазмұны нақтыланбаған. Ғылыми-педагогикалық зерттеудің бағыттарын, тұжырымдамасын, әдістемесін анықтайтын ұғымдық-түсініктік терминологиялық аппараты жеткілікті деңгейде зерделенбеген.
Осы бағыттағы жетістіктерге қарамастан, бүгінгі күні жас зерттеушілер де, тіпті тәжірибелі ғылыми қызметкерлер де зерттеудің ғылыми аппаратын тұтасымен, сондай-ақ оның жеке бөліктерін құрастыруда қиналатыны байқалады. Әсіресе, зерттеудің әдіснамалық негіздерін анықтау мәселесіне келгенде ізденушілердің көпшілігі бұның құрамына не кіретінін іздестіріп, тек зерттеудің ғылыми аппаратын үлгілерден алып жазып қоюмен шектелетін жәйттер де кездеседі. Ғылыми-зерттеу практикасында зерттеушілер “осы әдіснамалық негізді біз жасаймыз” деген пікірде болады да, солай жазады да. Ал шын мәнінде, зерттеуші зерттеуд ің әдіснамалық негізін тек анықтайды. Демек, әдіснамалық негізді әдебиеттен қарастырып өз тақырыбының мәніне, мазмұнына сай таңдап алады. Әдіснамалық негіздің құрылымына, біздің пайымдауымызша, педагогикалық зерттеудің әдіснамалық негізінің алғашқы құрамдас бөлігі өз зерттеу пәнінің – философиялық заңдар, ұғымдардың және материалистік диалектиканың ұстанымдары мен әдістеріне қатысын ойластырады. Әдіснамалық негіздердің келесі бөліктеріне әдіснамалық тұғырлар, әдіснамалық ұстанымдар, зерттеудің тұжырымдамалық негізіне алынатын зерттеудің логикасы (зерттеудің ғылыми аппараты, зерттеудің түсініктік аппараты, зерттеудің өлшемдік аппараты) енеді. Әрине, зерттеудің әдіснамалық тұғырлары мен ұстанымдары зерттеудің ғылыми аппаратының құрамына да кіреді. Әдіснамалық тұғыр мен әдіснамалық ұстанымды бөліп көрсету себебіміз ізденушінің назарын ерекше аудару мақсатында болып отыр.
Педагогикалық зерттеудің әдіснамалық негізі бағытындағы ізденістерде зерттеудің логикасы, зерттеу әдістері, нәтижелері, зерттеу сапасын бағалау мәселелері қарастырылып жүр. Ал енді әдіснамалық тұғырлар туралы білімдер жиынтығы әдіснамашы ғалымдардың еңбектерінде, түрлі ғылыми басылымдар, ғылыми-практикалық конференциялар, әдіснамалық семинарлар, интернет-конференциялар, пікірталастар, дөңгелек столдар, пікірталастар материалдарында көрініс тапқан.
Осы білімдерді жүйесі әдіснамалық тұғырлардың құрылымы мен мазмұны «Методология общей и этнической педагогики в логико-структурных схемах» (2005 ж.) атты оқу әдістемелік құралда «әдіснамалық ұстанымдар» 2.5., «әдіснамалық тұғырлар». 2.6. тармақшаларда берілген. Сонда зерттеудің әдіснамалық негізін сызба түрінде жобаласақ, төмендегідей үлгі шығады. 1-сурет.
Сонымен, әдіснамалық тұғырлар дегеніміз – қайсыбір педагогикалық мәселені зерттеудегі қолданылатын ұстанымдар, әдістер, тәсілдер жиынтығы. Әдіснамалық ұстанымдар деп педагогикалық жүйелерді зерттей отырып, өзгерткенде негізге алынатын қағидаларды айтады. Ғылыми-педагогикалық зерттеуді ұйымдастыру ұстанымдары – жүргізілетін ғылыми зерттеулерге қойылатын жалпы талаптар, жетекші идея, түпкі қағида. Ғылыми әдебиеттерде жалпы ғылымилық ұстанымдар қатарына объективтілікті, ғылымилықты, жүйелілікті, тарихилықты, сабақтастықты және т.б. жатқызады. Демек, тұғыр ұстанымға қарағанда кең ұғым. Бұл тұғырлар мен ұстанымдар барлық ғылымға тән. Сондықтан педагогикада аталмыш тұғырлар мен ұстанымдарды зерттелетін объектілердің мәніне сай қолданып, ізденушілер өз зерттеулерін ұйымдастырады. Нақты тұғыр бірнеше ұстанымдар арқылы іске аспақ. Бұл ретте әдіснама негізінен ғылыми әрекеттің логикасына қатысты түсіндіріледі. В.В.Краевскийдің анықтауынша, әдіснама – педагогика ғылымының жасалу зертханасы, сол әдіснама арқылы зерттеудің қазіргі талапқа сай екендігі көрсетіледі және ғылыми қызметкерлердің кәсіби деңгейі бағаланады. Ізденушілерге біз 2007 жылы «Тұран» баспасынан жарық көрген «Введение в методологию и методику педагогического исследования» атты оқу құралындағы әдіснамалық тұғырлар, әдіснамалық ұстанымдар, зерттеу логикасы, зерттеу әдістемесі туралы мысалдармен тереңдетіле берілген әдіснамалық білім мазмұнын ұстанамыз.
Сонымен, зерттеудің әдіснамалық негізін анықтау үшін әдіснамалық негіздеме жасау қажет. Оның мазмұнына: ізденушінің тұжырымдамасының философиялық негіздері, педагогикалық мәселелерге сын көзқарас, зерттеу тұжырымдамасының ғылыми негіздері (мәселені тарихи-логикалық талдау, зерттеу пәнін диалектикалық жүйелі-құрылымдық талдау, оның сипаттамасын тұтастық тұғырдан қарастыру, зерттелетін педагогикалық құбылыстың дамуының негізі болатын жетекші қайшылықтарды анықтау, осы үрдіске тән заңды байланыстарды ашу әдіснамасына сипаттама), осы педагогикалық тұжырымдама негізіндегі түрлі ғылыми қағидаларды талдау енеді. Осыдан біз педагогикалық зерттеудің әдіснамалық негіздемесінің келесі логикалық тізбесін-алгоритмін қарастырамыз:
педагогикалық дәйектерді, құбылыстырды және үдерістерді, зерттеуге қажет нақты әдіснамалық тұғырларды анықтау;
әдіснамалық ұстанымдарды нақтылау;
зерттеу мәселелеріне тарихи-логикалық талдау жасау;
зерттеу пәнін сипаттауға тұтастық тұғырды пайдалану.
Педагогикалық зерттеудің әдіснамалық негізі оның теориялық базасымен тығыз байланыста беріледі.
Демек, педагогикалық әдіснама дегеніміз – педагогикалық теорияның негіздері мен құрылымы, педагогикалық болмысты бейнелейтін білімдерді жасаудың ұстанымдары, тұғырлары және тәсілдері туралы білімдер жүйесі, сондай-ақ, осындай білімдерді алу мен зерттеу жұмысының бағдарламасын, логикасын және әдістерін, сапсын бағалауды негіздеуге бағытталған әрекетінің жүйесі.
Достарыңызбен бөлісу: |