дін және діни қарым-қатынас саласындағы шет елдердің мемлекеттік саясаты



Дата17.07.2016
өлшемі69 Kb.
#205219
УДК 322 (4/9)
ДІН ЖӘНЕ ДІНИ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС САЛАСЫНДАҒЫ ШЕТ ЕЛДЕРДІҢ МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТЫ
Шаукенова З.К. әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор

Жандосова Ш.М. PhD докторант, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Меңдіғалиев Қ.С. PhD докторант, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Түйін. Мақалада дін және діни қарым-қатынас саласындағы шет елдердің мемлекеттік саясаты қарастырылады. Сонымен қатар, посткеңестік мемлекеттердегі қазіргі діни жағдай, дәстүрлі емес діндердің қоғамдық санаға ықпалы мен діни ұйымдардың ахуалы жан-жақты зерттелген.

Резюме. В данной статье анализируется государственная политика зарубежных стран в сфере религий и религиозных отношений. А также рассмотрены современные религиозные ситуации в постсоветских государствах, влияние нетрадиционных религий на общественное сознание и современное состояние религиозных объединений.

Summary. This article analyzes the public policies of foreign countries in the sphere of religion and religious relations. And also considers modern religious situation in post-Soviet states, the impact of non-traditional religions in the public consciousness and the current state of religious associations.
Түйін сөздер мемлекеттік саясат, діни қарым-қатынас, діни ұйымдар мен конфессиялар.

Ключевые слова государственная политика, религиозные отношения, религиозные объединения и конфессий.

Keywords public policy, religious relationships, religious associations and confessions.
Қазіргі таңда әр түрлі діннің бейбіт қатар өмір сүруі, діни бірлік, конфессияаралық келісім – кез-келген мемлекеттің гүлденуінің негізі болып табылады. Қазақстандағы қазіргі діни жағдайдың ерекше белгісі – конфессияаралық плюрализм. Халықаралық алаңдағы жалпы тұрақсыздық жағдайында Қазақстан дамуының, оның әлеуметтік, экономикалық және саяси жаңаруының маңызды шарты елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтау болып табылады. Осы бағытта дін саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың тиімді жүйесі жолға қойылған.

Мемлекет және діни бірлестіктердің өзара қарым-қатынасының қазақстандық үлгісі діндарлардың құқықтары мен бостандықтарын сыйлауға, қоғамдық және діни қызығушылықтар теңгеріміне, серіктестік қатынасқа және өзара түсіністікке негізделген. Осыған байланысты дін бостандығы және діни тағаттылық (толеранттылық) үрдісінің ілгерілеуіндегі Қазақстанның тәжірибесі мемлекеттің либералдық және бейбітшіл саясатын өмірде жүзеге асыруының үлгісі болып табылады.

Ар-ождан бостандығы саласында Қазақстанның мемлекеттік саясатының үш қағидатын атап көрсеткен жөн – бұл бейтараптық, тағаттылық және бірегейлік қағидалары. Мемлекеттің зайырлы сипаттағы конституциялық қағидаты Қазақстанда мемлекеттің және діни бірлестіктердің құзыреттілік саласын және олардың міндеттерін бөлу арқылы жүзеге асырылады [1].

Қазіргі таңда демократиялық мемлекеттердің діни ұйымдар мен конфессияларға қатысты мемлекеттік саясаты оның ішкі және сыртқы саясатының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Себебі діни сенім бостандығы халықаралық құқықтық актілерде мойындалған және бекітілген жалпы адамзат баласының фундаментальді құқықтарының біріне жатады.

Мемлекетаралық қатынастарда діни және дінге қатысты мәселелер маңызды орын алады. Мәселен, Америка Құрама Штаттары (Конгресс немесе Сенат мүшелерінің пікірі бойынша) діни сенім бостандығы мен құқықтары шектеледі деген мемлекеттерге экономикалық санкция жариялап отырады, сонымен қатар, жылда осы мәселеге байланысты Конгресс алдында түрлі мемлекеттердегі сенім бостандығы жөнінде баяндамалар тыңдалады.

Халықаралық актілер діни сенім бостандығы саласында белгілі дәрежеде мемлекеттік заңдарға талап-шарттар қояды, ал бұл қазіргі таңда көптеген батыс мемлекеттерінің өзіне де, діни ұйымдар мен діни сенім бостандығына қатысты іс-әрекеттер мен заңдарына бірқатар қиыншылықтарды туындатып отыр. Себебі, Еуропа елдеріндегі мұсылман қауымдастығының көбеюі, олардың да сол елдерге ғасырлар бойы дәстүрлі болып келген діни ұйымдармен қатар тең құқықтарға ие болу мүмкіндігіне алып келіп, батыс еуропалық мәдени идентификацияға (бірегейлік) қауіп төндіру мәселесін туындатады.

Қазіргі таңдағы саяси-құқық ойлары мен мемлекеттілік құрылымда либералды-демократриялық идеялар мен құқықтық мемлекет идеялары басым болып келеді. Көптеген мемлекеттердің заңнамаларында діни сенім және ар-ождан бостандығы адамның негізгі құқықтары мен бостандығына жатқызылады. Сол себептен, діни сенім бостандығы мен діни ұйымдардың іс-әректетін реттеу жөніндегі заңнамалар ұлттық шеңберден шығып, халықаралық құқықтық маңызға ие болады.

Жаһандық үрдістердің нәтижесінде түрлі құқықтық мәдениеттердің өзара араласуы, құқықтық жүйелердің бірігуі, еуропалық континенттік құқықтық жүйесінің түрлі мемлекеттердегі діни ұйымдардың іс-әрекетін реттестіруде басты негіз көзі болуына алып келді [2].

Жалпы тарихи-мәдени шарттарға байланысты көптеген мемлекеттерде ұлттық идентификация діни идентификациямен қатар жүрді. Сол себептен де, қоғамдық пікір белгілі бір ұлт өкілі өздерінің дәстүріне сәйкес келмейтін дінді қабылдаса теріс көзқарас танытады. Осымен қатар, дәстүрлі емес діндердің іс-әрекеттері мен уағыздары жалпы халықты, әсіресе, жастарды құндылықтарды теріске шығарып, қарсы тұруға, ұлттық дәстүрді жоюға алып келеді.

Мемлекеттің басты мақсаттарының бірі территориялық тұтастық пен ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етумен қатар ұлттық мәдениет пен дәстүрді сақтау болып табылады. Мәселен, бірқатар мұсылман мемлекеттерінде және Грецияда прозелетизм орын алады, яғни аталған мемлекеттерге дәстүрлі емес діни ұйымдар мен миссионерлердің іс-әрекеті заңсыз деп табылып, оларға рұқсат етілмейді.

Мемлекет өз территориясындағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында діни ұйымдармен қарым-қатынастарын реттеуге міндетті. Алайда халықаралық құқық актілермен шектеулі посткеңестік мемлекеттер өз территориясындағы ұлттық мәдениетке деструктивті болып табылатын және түрлі радикалды топтардың іс-әректерін тежеуде көптеген қиыншылықтарға тап болып отыр. Ал, батыс елдерінде бұл принцип әр елдің тарихи-мәдени ерекшеліктерін есепке алына отырып, ескеріледі.

Мәселен, көптеген батыс мемлекеттерінде белгілі бір діни ұйымдардың сол мемлекеттің құрылымындағы, оның рухани және дәстүрлі мәдениетінің қалыптасуындағы маңызды рөліне байланысты оған конституциялық негізде ерекше статус беріледі. Сонымен қатар, сол діни ұйым елдегі өзге діни ұйымдармен салыстарғанда бірқатар артықшылықтар мен мемлекет тұрғысынан қолдауға ие болады. Мемлекеттік немесе ресми шіркеулер білім беру жүйесіндегі діни білім беру құқықтарымен өз діни ұйымдарынан мемлекеттік салық алу құқықтарына ие.

Қазіргі таңда батыс елдерінде, әсіресе, Германия, Франция, Англия елдерінде мұсылмандық қауымдардың саны өсіп келе жатқаны белгілі. Соңғы жарты ғасырда әлемдегі террористік іс-әрекеттер осы дінді жамылған мұсылмандар үлесіне тигендіктен батыс елдері, әрине, ислам дініне оң көзқарас танытпайды және мұсылмандардың сол елдерде білім беру жүйесіне енуі мен қоғамдық өмірге белсенді араласуын барынша болдырмауға тырысады [3].

Америка Құрама Штаттары және Канада елдерінің мемлекеттік құрылымы мен рухани-мәдени өмірлері діни және мәдени плюрализм негізінде қалыптасқандықтан, аталмыш мемлекеттер «ұлттық мәдениет» пен «дәстүр» деген түсініктерге әлдеқайда кең қарайды. Ал дәстүрлі Еуропа елдеріне дәл осы мұсылмандардың кеңінен таралуы олардың дәстүрлі мәдениетіне төнген қауіп ретінде қарастырылады.

Мәселен, Бельгия Парламенті қоғамдық жерлерде, соның ішінде, саябақтарда, мемлекеттік мекемелерде, көшеде адамдар бетін толықтай жауып жүруге тыйым салатын заң қабылдады, бұл мәселе әлі де Сенаттың қарастыруында жатыр. Дегенмен де, Бельгияның бірқатар қоғамдық аймақтарында қауіпсіздік мақстаттарында паранджа сияқты бетті толықтай бүркеу тәрізді бас киімдеріне тыйым салады.

Ұлыбританияда исламдық діни киім үлгілеріне тыйым салынбаса да, 2007 жылдардан бері мектептерде арнайы киім үлгілері – дресс-код талап етіледі. Англияда кейбір партиялар исламдық орамалдарға толықтай тыйым салу жөнінде заң қабылдауға шақырады. Олардың пікірінше, бұл Британияны жікке бөліп, әйелдерге мәжбүрленетін әрекет және қоғамға төндіретін қауіп ретінде қарастырылады.

Испанияда, исламдық бүркенуге мемлекеттік деңгейде ұлттық тыйым салу болмаса да, Барселона мен Каталонияның бірқатар қалаларында, муниципалды мекемелерде, базарлар мен кітапханаларда толықтай бет-әлпетін көрсетпей жүруге тыйым салынған заң қабылданған.

Қоғамдық жерлер мен мекемелерде исламдық хиджаб немесе паранджа киюге заң жүзінде тыйым салу әрекеттері Дания, Нидерланды, Германия, Ресей, Австрия, Швейцария және т.б елдерінде орын алды. Алайда, аталмыш заңдар діни сенім бостандығы жөнінде халықаралық құқықтық актілерге қайшы келгендіктен, азаматтардың діни еркіндігін шектеу болып табылғандықтан, мұны аталмыш елдердің Парламенттері мақұлдаған жоқ. Дегенмен де, аталған мемлекеттердің бірқатар штаттары мен аймақтары діни киім үлгілеріне заң жүзінде тыйым салды [4].

Діни сенім бостандығы жөніндегі халықаралық құқықтық актілер, әсіресе, соңғы кезде бұрынғы кеңестік республикаларда мемлекет және дін аралық қатынастарда көптеген қиындықтар мен қайшылықтар туындатып отыр.

КСРО ыдырағаннан кейін посткеңестік мемлекеттердің қоғамдық-саяси және экономикалық даму салалары мемлекеттік және саяси құрылымдарда түбегейлі өзгерістерге алып келді.

Қазіргі ТМД елдерінің аталмыш салалардағы даму бағытының ерекшеліктері бола тұрғанымен де, барлығына ортақ жағдай – қоғамның рухани өмірлеріндегі діни сенімге қатысты мәселелер, дәлірек айтсақ, дүниетанымдық бағыттың әр алуандылығы, діни плюрализм мен дәстүрлі мәдениет.

Тәуелсіздік жылдарында, нарық экономикасы шарттарында шетелдік миссионерлерлер де рухани дағдарысқа ұшыраған халықтардың сұранысын қанағаттандыруға асығып, бірқатар жетістіктерге жетті. Халықаралық түрлі адам құқығы және діни сенім бостандығы жөніндегі құқықтық актілер бұрын діни плюрализммен ісі болмаған посткеңестік мемлекеттерге шексіз таралу мүмкіндігін қамтамасыз етті. Нәтижесінде, дәстүрлі емес діндердің кеңінен таралуы елдегі діни жағдайда одан ары өршітіп, дінаралық қарым-қатынастарды шиеленістірді.

Бұрынғы одақтас мемлекеттердегі қазіргі таңда қалыптасқан діни жағдай аталмыш мемлекеттердің конфессионалды саясатын демократизациялауды талап етеді. Бір жағынан конфессионалды құрылымдардың күшеюі байқалса, екінші жағынан елімізде және жалпы достас мемлекеттерге дәстүрлі емес діни ағымдар саны кеңінен таралып отыр.

Жаңа діни ағымдар рухани салада басым болуға ұмтылады, түрлі іс-шаралар арқылы өз қатарын көбейтуге тырысады. Ал, бұрынғы одақтас мемлекеттерге дәстүрлі болып табылатын ислам, православие, иудаизм, буддизм діндері тарапынан бұл құбылыс теріс бағаланады. Дәстүрлі емес діндер бәсекелестік заңдары бойынша әрекет етіп, қоғамдық өмірді діндер нарығына айналдырып отыр. Нәтижесінде мемлекет және дін аралық қатынастарды күрделендіріп, өзге діндер арасындағы күрделі жағдайды өршітеді [5].

Мемлекет-конфессия аралық қатынастарды реттеу саласында мемлекеттік басқару жүйесін жақсарту және елдегі ұлттық мүддеге сай дәстүрлі емес діни ағымдар мен ұйымдарды реттеу, сенім бостандығы мен діни ұйымдар жөніндегі маңызды мәселелер 2011 жылдың қазан айында қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында заңнамалық тұрғыда көрініс тапты.

Бұл Заңға шет елдердегі тәжірибені қарастыра отырып, олардың өз тарихи-мәдени маңызы бар діндерді өзге діндер арасында бөліп көрсетіп, оған қолдау көрсету тәжірибесі енгізілді. Аталған Заң қоғамда бірқатар пікір-талас тудырып отыр. Сондықтан, елімізде азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет қалыптастыру барысында халықаралық қауымдастық пен ұйымдар алдындағы талаптар мен құқықтық актілерді ескере отырып, ұлттық мүдделерге жауап беретіндей конфессионалды саясатты одан әрі жетілдіре түсу қажет.


Әдебиеттер

  1. Сәуле Ибраева. Діни ағарту – бүгінгі күннің өзекті мәселесі // http://www.egemen.kz/2012/07/19/341854/

  2. Zelkina A. Islam and security in the new states of Central Asia: How genuine is the Islamic threat // Religion, state and society. – Keston, 1999. – vol.27, N 3-4. – P. 364.

  3. Нильсен Й. Альтернатива мусульманскому экстремизму // Азия и Африка сегодня. – 2001. – № 9. – С. 49-50.

  4. Илеуова Г. «Исламский ответ» в Центральной Азии // Казахстан-Спектр. – 2002. – № 4. – С. 21.

  5. Голикова В.И. Политика Республики Казахстан в религиозной сфере. – Алматы, 2011. – С.45.





Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет