Соматикалық фразеологизмдердегі универсалия құбылысы



Дата22.06.2016
өлшемі66.23 Kb.
#153677
Соматикалық фразеологизмдердегі универсалия құбылысы

(қазақ және ағылшын тілдері негізінде)
Кейінгі жылдары тіл білімінде қазақ тілін генетикалық және типологиялық жағынан әртүрлі тілдермен салыстыра-салғастыра зерттеу мәселесі кеңінен қарастырылып жүр. Халықтардың бір-бірінің ұлттық айрықша белгілерін немесе өзара ұқсас жақтарын тануға деген құлшыныс ғылымға жаңа салыстырмалы-салғастырмалы тіл білімінің келуіне негіз болды. Аталған әдіс соңғы жылдары кең таралды, тіпті оған байланысты тіл білімінің жаңа тараулары, зерттеудің жаңа бағыттары пайда бола бастады. Сонымен қазіргі таңда лингвистикадағы салғастырмалы зерттеу әдісі әрбір тілдің өрнек бояуын, әрбір халықтың қайталанбас қасиетін, ұлттық айрықша ерекшеліктерін, өзара ұқсас белгілері мен мәдени ерекшеліктерін тануға түрткі болып жатыр.

Сонымен қатар, түрік және герман тілдері, соның ішінде қазақ және ағылшын тілдерінің фразеологизмдерін кешенді түрде тіл біліміндегі жаңа бағыттардың ұстанымдарына сүйене отырып зерттеу мәселесі де қолға алынған. Салғастырмалы зерттеу аясында туыстығы жағынан әртүрлі қазақ және ағылшын тілдеріндегі соматикалық фразеологизмдер бір жағынан, әр халықтың өзіне тән мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі мен өмір сүру дағдысынан хабар берсе, екінші жағынан, олар адамның өз организмінің құрылыс-құрылымы, жұмыс істеу жүйесі, дене мүшелерінің атқаратын белгілі бір қызметі арқылы өзі өмір сүретін ортасын бейнелеп тануына байланысты жинақтаған аялық білімді саралауға негіз болатын тілдік бірлік болып саналады.

Салғастырмалы талдау жүргізуде зерттеліп отырған әрбір тілдің құрылымдық және мазмұндық сипаты тұрғысынан екі түрлі жағдайды ескеру қажет:


    1. оның бірі – тілдің универсалды қасиеттері, әлемнің барлық немесе көпшілік тілдеріне ортақ белгілері – тілдік әмбебірліктер, яғни, тілдегі универсалия құбылысы;

    2. екіншісі – оның өзіндік болмысын бейнелейтін уникалды және ұлттық-мәдени ерекшеліктер жүйесі, яғни, тек бір тілге тән белгілер – уникалия құбылысы [1].

Екі тілдің соматикалық фразеологиялық қорынан халықтың өмірін, болмысын, ұлттық менталитетін сипаттайтын ортақ тілдік бірліктерді талдай келе, тіларалық ұқсастықтар, универсалия құбылысының себебін халық танымынан, түсінігінен қарастыруды жөн деп білдік. Ғалымдардың пікірінше, бұл барлық тілдерге тән құбылыстарды, салыстыра-салғастыра зерттеліп отырған тілдерге қатысты ортақ құбылыстарды және бір тілге тән ерекше құбылыстардың ара-жігін нақты айыруға септігін тигізеді.

Тілдің фразеологиялық құрамы қоғамның дамуына, әрбір кезеңнің тарихи өзгерістеріне тәуелді болғандықтан, әрбір тілде ұлттық реалийлерді, халық тұрмыс-салтының атрибуттарын т.б. тікелей және жанама түрде білдіретін тұрақты тіркестерді көптеп кездестіреміз.

Демек, фразеологизмдердің ұлттық ерекшелігінің кілтін анықтау – ұлттық мәдени, рухани құндылықтарынан хабардар болуды талап етеді және фразеологиялық бірліктердің табиғаты, заңдылықтары, ерекшеліктері тілдік, тарихи-этнографиялық, психолингвистикалық т.б. деректермен ұштастыра қарастырғанда ғана толыққанды айқындалады.

Екі немесе одан да көп тілдердің лексика-семантикалық жүйесіндегі элементтердің ұқсастығы ғылыми еңбектерде үш түрлі фактор негізінде түсіндірледі:



  1. салғастырылып жатқан тілдердің шығу тегі мен олардың генетикалық байланыстарының жалпылығы;

  2. бір-бірімен байланыссыз әртүрлі тілдердегі аналогтік лексико-семантикалық үдерістердің қалыптасуына негіз болатын тілдік әмбебірліктер заңдылығы әсері; өз кезегінде әмбебірлік (универсалия) құбылысы ақиқат шындық пен тіл табиғатының бірлігімен, ойлау заңдылықтары, адамзат психикасының ортақтығымен, халықтардың жеке өмір сүру салтының ұқсастықтарымен ерекшеленеді;

  3. сол тілде сөйлеуші халықтар арасында экономикалық, саяси, мәдени, әлеуметтік байланыстардың болуы.

Генетикалық және типологиялық жағынан әртүрлі қазақ және ағылшын тілдерінің фразеологиялық қорын салғастыра зерттей отырып, әртүрлі жүйелі тілдердің соматикалық фразеологиялық қабатында кездесетін әмбебап ерекшеліктерді анықтауды жөн санадық. Осыған байланысты В.Н. Телияның төмендегі пікірін келтірейік: «Поскольку разными учеными в зависимости от типа языка и от избранного критерия фразеологичности выделяется то или иное количество таких классов, а в соответствии с этим – и объем фразеологии, мы попытаемся выделить наиболее универсальные их типы, свойственные любому языку, для которого характерна категория слова и сочетания слов» [2, 81]. Сонымен тілдердің негізгі сипатын ашып бере алатын, барлық (немесе көптеген) тілдерге ортақ қасиеттер мен белгілерді универсалия құбылысы арқылы түсіндіре аламыз. Мұны ішкі ағзалардан туындаған соматикалық фразеологизмдер арқылы нақты мысалдармен жеткізуді мақсат еттік.

Қазақ тілінде тәжірибелі адамды дәріптеп көрсететін «тіс қаққан» соматикалық фразеологизмі қалыптасқан. Аталған фразеологизмнің пайда болуында көшпелі қазақ халқындағы этнографиялық мән жатыр. Қасапшы малды сойғаннан соң, малдың басын тазалап жатқанда оның тісін алу ісінде ер кісіден талапты, тәжірибені, ептілікті талап етті. Сондай-ақ «тісі сары қайрақ» (әбден қартайған деген мағынада айтылады); «сары тіс» (орта жастағы адам) секілді фразеологизмдер адамның тәжірибесін, сондай-ақ жасын білдіру үшін қолданылады. Бұл қазақ халқында айналысқан кәсібі мал шаруашылығымен тікелей байланысты болып келеді. Жылқының тісіне қарап, әсіресе астыңғы үлкен тістеріне қарап оның жасын анықтаған екен, мүмкін аталған соматикалық фразеологизмдердің пайда болуына осы жайт негіз болған шығар.

«Елін енді ғана ұрлыққа баулыған сары тіс би қиыннан бірдемені қисындырғандай сақалын сипап қораздана түсті» (Ғ. Мұстафин).

Жоғарыда келтірілген соматикалық фразеологизм ағылшын тілінде де кездеседі. “Long in the teeth” жасы үлкендікті білдіреді. Oxford dictionary of English idioms атты сөздікте аталған соматикалық фразеологизмге қатысты “originally said about horses” – бастапқыда жылқы малына қатысты пайда болған деген пікір білдіреді. Сондай-ақ сөздіктерде қосымша мәлімет ретінде «жылқының ірі тістері – кәріліктің белгісі» деген пікір берілген. Мұндағы мәліметтерден қазақ және ағылшын тілдерінде жануарлар тісінің іріленуі жасының ұлғайғандығын білдіреді, бастапқыда жылқы малының тістері арқылы оның жасын анықтаса, кейіннен адам жасын білдіруде кеңінен қолданылып жүр.



    • «That actor is getting a little long in the tooth to play the romantic lead. I may be long in the tooth, but I'm not stupid».

Қазақ және ағылшын тілдеріндегі соматикалық фразеологизмдер екі халықтың материалдық және рухани өмірі жөніндегі мәліметті дәл әрі бейнелі түрде жеткізеді. Олардың бойында жалпы адамзатқа тән ортақ қасиеттерді белгілейтіндігі анықталды. Бұл ойымызды екі тілде кездесетін келесі соматикалық фразеологизм дәлелдей түседі.

Қазақ тіліндегі «тілі ұзын» соматикалық фразеологизмі шешендікке қатысты сөзшең, ділмәр мағынасында қолданылады. Бұл аталған соматикалық фразеологизмге мағыналық жағынан жақын келетін ағылшын тілінде «have a long tongue» деген баламасы бар. Тіл соматизмінің ұзындығы екі халық ұғымында, лингвомәдениетінде де сөзшеңдікпен, көп сөйлейтін ділмәрлықпен түсіндіріледі.

Now you know me, Joe, I am as good as my word. … Аnd I haven’t got a long tongue either (Catherine Cookson. The Gambling man. Part 1, ch.2.).

Қазақ халқымен қатар ағылшын халқындағы «тас жүрек» = «a heart of stone / stony heart» соматикалық фразеологизмінде тас сөзі өзінің негізгі қатты деген тура мағынасында қолданылып, жүрек соматизмімен тіркесе келе, жүректің тас секілді қатты күйге, жауыздық символына айналуы халықтар арасында дүниені, ақиқат болмысты бірдей түсінушілік пен қоршаған ортаны қабылдаудағы пікірлерінің ортақтығымен түсіндіріледі.

It could not be said his wife had a heart of stone, for his usually implies some conscious rejection of pity. Mrs Cresset’s heart was more likely made of wood, as people are said to be wooden-headed; she just did not notice other people’s emotion. (Angus Wilson. Anglo-Saxon attitudes. Ch. 3)..

Ағылшын тіліндегі «Honestly with one’s hand on one’s heart» (шындықты жүрегін ұстап айту) – жүрегіне қолын қою, нағыз шындықты айту мағынасындағы соматикалық фразеологизм құрмет көрсету, ант беру, шындықты айту, шын жүрегімен орындау дегенді білдіреді. Қазақ ұғымында да қолын жүрегіне қою үрдісі бар. Еліміздің әнұраны орындалғанда оны тік тұрып, қолды жүрек тұсына қоя тыңдау да тегін емес. Мағыналық жағынан да сай келеді, яғни құрылымы әртүрлі екі халық мәдениетінде шын жүрегімен жасалған жұмыс не шындықты аутуда жүрегіне қолын қоюы қазақ және ағылшын тілдеріндегі универсалия құбылысын айқын көрсетеді. Келтірілген мысалдардан байқағанымыздай жүрек соматизмі екі халықтың лингвомәдениетінде ортақ белгілерге ие екен.

Тіл соматизміне байланысты қазақ және ағылшын тілінде төмендегідей ортақ белгілер бар екендігі анықталды: «Be (have smth.) on the tip of one’s tongue» = «Тілдің ұшында тұру» – айтатын сөзін есіне түсіре алмаған жағдайда «тілімнің ұшында тұр» соматикалық фразеологизмі қолданылады. «Find one’s tongue» = «тілін табу» – ортақ келісімге келу, түсінусу мағынасында қолданылады. «have a quick (glib) tongue» (жылдам, шапшаң тілді болу) = «тілге жүйрік болу» – а) тілге шешен, шебер болу; ә) сыпылдап, көп сөйлеу; «Have lost one’s tongue» (тілін жоғалтты) – «Тіл қатпау, Тілін жұту» – сөйлемеу, үнсіз қалу мағынасында екі халық ұғымында да жұмсалады.

Құрылымы әртүрлі қазақ және ағылшын тілдеріндегі дене мүше атауларының ұйытқы болуымен жасалған соматикалық фразеологизмдер қорынан екі халықтың дүниеге деген көзқарасында, ақиқатты түйсінуі мен болмысты қабылдауында ортақ белгілердің бар екендігіне куә болдық. Бұл тілдегі универсалия құбылысымен түсіндіріледі. Тіл табиғатының бірлігімен, ойлау заңдылықтары, адамзат психикасының ортақтығымен, түрлі халықтардың өмір сүру тәсілінің кейбір жақтарының сәйкестілігімен сипатталады.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:


  1. Байрамова Л.К., Садыкова Г.З. Универсалии и уникалии во фразеологии // Материалы конференции, 1989. – с. 29.

  2. Жалпы және салғастырмалы фразеологияның өзекті мәселелері. Алматы, Альянс-2, 2003. – 165б.

  3. Кайдар А. Тысяча метких-образных выражений: (казахско-русский фразеологический словарь с этнолингвистическими пояснениями). – Астана: Білге, 2003. – с. 368.

  4. Кеңесбаев І. Фразеологиялық сөздік. – Алматы: Арыс. 2007. – 800 б.

  5. Cowie A.P., Mackin R., McCaig I.R. Oxford dictionary of Idioms. Oxford University Press. 2002. – 685 p.

  6. Cambridge International Dictionary of Idioms (Кеймбриджский международный словарь идиом). Cambridge University Press. 2003. – 725 р.

  7. Аманжолов А.С., Арғынғазина Ш.Б. Ағылшынша-қазақша етістікті фразеологизмдер сөздігі. Алматы: Қазақ университеті, 2003. – 51 б.

  8. Кеңесбаева Ү. Ағылшынша-қазақша фразеологиялық сөздік. English-Kazakh dictionary of Idioms. Астана, 2010. – 772 б.

  9. Кунин А.В. Англо-русский фразеологический словарь. В 2 томах. Изд. 3-е, Москва: Советская энциклопедия, 1967. – с. 738.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет