Спорттағы допингке қарсы күрес туралы халықаралық конвенцияны ратификациялау туралы



бет1/3
Дата13.06.2016
өлшемі476.55 Kb.
#131435
  1   2   3
Спорттағы допингке қарсы күрес туралы халықаралық конвенцияны ратификациялау туралы

Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 7 желтоқсандағы N 220-IV Заңы

      Парижде 2005 жылғы 19 қазанда қабылданған Спорттағы допингке қарсы күрес туралы халықаралық конвенция ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының


      Президенті                             Н. Назарбаев

UNESKO СПОРТТАҒЫ ДОПИНГКЕ ҚАРСЫ КҮРЕС ТУРАЛЫ


ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНВЕНЦИЯ

Париж, 2005 жылғы 19 қазан

СПОРТТАҒЫ ДОПИНГКЕ ҚАРСЫ КҮРЕС ТУРАЛЫ
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНВЕНЦИЯ

(2010 жылғы 1 сәуірде күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)

      Бұдан әрі "ЮНЕСКО" деп аталатын Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Бас конференциясы 2005 жылғы 3-21 қазанда Парижде өткен өзінің 33-сессиясында,


      ЮНЕСКО-ның мақсаты халықтардың білім, ғылым және мәдениет саласындағы ынтымақтастығын кеңейту жолымен бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға жәрдемдесу болып табылатынын ескере отырып,
      адам құқығына қатысты қолданыстағы халықаралық құжаттарға сүйене отырып,
      Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2003 жылғы 3 қарашада қабылдаған және тәрбиеге, денсаулыққа, даму мен бейбітшілікке ықпал етудің құралы ретінде спортқа қатысты 58/5 қарарын, атап айтқанда оның 7-тармағын ескере отырып,
      спорт денсаулықты қорғауда, имандылық, мәдениет және дене тәрбиесінде, сондай-ақ халықаралық өзара түсіністік пен бейбітшілікті нығайтуға жәрдемдесуде маңызды рөл атқаруға тиіс екендігін сезіне отырып,
      спорттағы допингті түбірімен жоюға бағытталған халықаралық ынтымақтастықты көтермелеу және үйлестіру қажеттігін атай отырып,
      спортшылардың спортта допинг пайдалануына және допингтің олардың денсаулығына тигізер салдарына, әділ ойын принципіне, алаяқтықты жоюға және спорттың болашағына байланысты алаңдаушылық білдіре отырып,
      допинг ЮНЕСКО-ның Халықаралық дене тәрбиесі және спорт хартиясында және Олимпиада хартиясында бекітілген этикалық принциптер мен тәрбиелік құндылықтарға қауіп төндіретінін ұғына отырып,
      Еуропа Кеңесінің шеңберінде қабылданған Допинг қолдануға қарсы конвенция мен оған Қосымша хаттама елдердің допингке қарсы күрес саласындағы саясаты мен үкіметаралық ынтымақтастығы негізделетін бұқаралық халықаралық құқықтық құрал болып табылатынын еске сала отырып,
      ЮНЕСКО Мәскеуде (1988 ж.), Пунта-дель-Эстеде (1999 ж.) және Афиныда (2004 ж.) ұйымдастырған дене тәрбиесіне және спортқа жауапты министрлер мен басшы қызметкерлердің екінші, үшінші және төртінші халықаралық конференцияларында қабылданған допинг туралы мәселе жөніндегі ұсынымдарға, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның Бас конференциясы өзінің 32-сессиясында (2003 жылы) қабылдаған 32 С/9 қарарына сүйене отырып,
      Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік 2003 жылғы 5 наурызда Копенгагенде Дүниежүзілік спорттағы допинг жөніндегі конференцияда қабылдаған Дүниежүзілік допингке қарсы кодексті, сондай-ақ Спорттағы допингпен күрес туралы Копенгаген декларациясын назарға ала отырып,
      сол сияқты, жетекші спортшылардың жастарға тигізер әсерін назарға ала отырып,
      допинг қолдануды болдырмау стратегиясының тиімділігін мейлінше қамтамасыз ету мақсатында допингті табу әдістерін жетілдіру және оны пайдалануға әсер ететін факторларды тереңірек зерделеу үшін тұрақты негізде зерттеулер жүргізу және кеңейтудің қажеттігін ескере отырып,
      допинг қолдануды болдырмау мәселелері бойынша спортшыларға, спортшылардың қосалқы персоналына және тұтастай қоғамда тұрақты негізде оқу-ағарту жүргізудің маңыздылығын да ескере отырып,
      допингке қарсы күрес бағдарламаларын жүзеге асыру үшін қатысушы мемлекеттердің әлеуетін ұлғайтудың қажеттілігін назарға ала отырып,
      спортқа жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдар спортта допинг қолдануды болдырмау және онымен күресу бойынша, атап айтқанда әділ ойын және оған қатысушылардың денсаулығын қорғау принципі негізінде спорттық іс-шараларды тиісінше өткізуді қамтамасыз ету үшін өзара толықтырмалы функцияларды орындайтынын ескере отырып,
      бұл органдар мен ұйымдар барлық тиісті деңгейлерде барынша тәуелсіздік пен ашықтыққа кол жеткізе отырып, осы мақсаттарға кол жеткізуде ынтымақтасуға тиіс екенін тани отырып,
      спорттағы допингті жою бойынша бұдан әрі және барынша белсенді бірлескен әрекеттерді қолдану шешіміне бекем бола отырып,
      спорттағы допингті жою спорттағы допингке қарсы стандарттарды және практиканы жүйелі түрде келісуге және ұлттық және әлемдік деңгейлердегі ынтымақтастыққа байланысты екенін тани отырып,
      осы Конвенцияны 2005 жылғы он тоғызыншы қазанда қабылдады.

I. Қолданылу саласы

1-бап — Конвенцияның мақсаты

      Осы Конвенцияның мақсаты ЮНЕСКО-ның дене шынықтыру және спорт саласындағы қызметінің стратегиялары мен бағдарламалары шеңберінде оны жою мүддесінде спортта допинг қолдануды болдырмауға және онымен күресуге жәрдемдесу болып табылады.

2-бап - Айқындаулар

      Төменде келтірілген айқындаулар Дүниежүзілік допингке қарсы кодекстің түп мәтінінде түсіндірілгені жөн. Алайда олар әркелкі түсінілген жағдайда, Конвенцияның ережелері басымдылыққа ие болады.


      Осы Конвенцияның мақсаттары үшін:
      1. "Допинг-бақылаудың аккредиттелген лабораториялары" Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік аккредиттеген лабораторияларды білдіреді.
      2. "Допингке қарсы ұйым" допинг бақылау процесінің кез келген элементін әзірлеуге, жүзеге асыруға немесе оның сақталуын қамтамасыз етуге қатысты ережелерді белгілеуге жауапты заңды тұлғаны білдіреді. Оларға, мысалы, Халықаралық олимпиада комитеті, Халықаралық паралимпиялық комитет, ірі іс-шаралар өткізетін және оларға тестілеуді жүзеге асыратын басқа да ұйымдар, Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік, халықаралық федерациялар және ұлттық допингке қарсы ұйымдар жатады.
      3. Спорттағы "допингке қарсы ережені бұзу" бір немесе бірнеше мынадай бұрмалаушылықтарды білдіреді:
      (а) спортшының ағзасынан алынған сынақта тыйым салынған субстанцияның немесе оның метаболитының немесе маркерінің болуы;
      (b) тыйым салынған субстанцияны немесе тыйым салынған әдісті пайдалану немесе пайдалануға талпыну;
      (с) қолданыстағы допингке қарсы ережелерге сәйкес хабарлама алғаннан кейін сынақ алуға келуден бас тарту немесе сынақ алуға себепсіз келмеу немесе сынақ алудан өзге де жолмен жалтару;
      (d) байыпты ережелердің негізінде белгіленетін өзінің орналасқан жері туралы талап етілетін ақпаратты бермеуді және ақылға қонымды тестіден өтуге келмеуді қоса алғанда, спортшының жарыстан тыс тестілеуден өтуіне қатысты қолданыстағы талаптарды бұзу;
      (е) допинг-бақылаудың кез келген кезеңінде оны бұрмалау немесе бұрмалауға ұмтылу;
      (f) тыйым салынған субстанцияларға немесе әдістерге ие болу;
      (g) кез келген тыйым салынған субстанцияны немесе кез келген тыйым салынған әдісті тарату;
      (h) тыйым салынған субстанцияны кез келген спортшыға егу немесе егуге ұмтылу немесе оған қатысты тыйым салынған әдістерді қолдану немесе қолдануға ұмтылу немесе допингке қарсы ережені бұзуға немесе бұзуға ұмтылумен байланысты көмек көрсету, көтермелеу, жәрдемдесу, арандату, жасыру немесе кез келген өзге нысанда бірге қатысу.
      4. Допинг-бақылау мақсаттары үшін "спортшы" әрбір ұлттық допингке қарсы ұйым анықтайтын және қатысушы мемлекеттер танитын халықаралық немесе ұлттық деңгейде спортпен айналысатын кез келген адамды, сондай-ақ қатысушы мемлекеттер мойындайтын спортпен айналысатын немесе төменірек деңгейдегі спорттық іс-шараға қатысатын кез келген басқа адамды білдіреді. Білім және даярлау бағдарламаларының мақсаттары үшін "спортшы" ұғымы қандай да бір спорт ұйымының бастамасымен спортпен айналысатын кез келген тұлғаны білдіреді.
      5. "Спортшының қосалқы персоналы" спортшымен жұмыс істейтін немесе спортшыны емдеумен айналысатын, спорттық жарысқа қатысатын немесе қатысуға даярлайтын кез келген жаттықтырушыны, нұсқаушыны, менеджерді, агентті, команда штатының мүшесін, лауазымды тұлғаны, медициналық немесе парамедициналық персоналды білдіреді.
      6. "Кодекс" Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік 2003 жылғы 5 наурызда Копенгаген қаласында қабылдаған және осы Конвенцияның 1-толықтыруына енгізілген Дүниежүзілік допингке қарсы кодексті білдіреді.
      7. "Жарыс" жекелеген жарысты, матчты, ойынды немесе спорттық тартысты білдіреді.
      8. "Допинг-бақылау" тестілеу жүргізуді жоспарлау, сынамалар алу және оларды ұстау, лабораториялық талдау, тестілеуден кейінгі рәсімдер, тыңдаулар мен аппеляциялар кіретін процесті білдіреді.
      9. "Спорттағы допинг" допингке қарсы ережелерді бұзу жағдайын білдіреді.
      10. "Допинг-бақылаудың тиісті дәрежедегі уәкілетті органдары" халықаралық немесе ұлттық допингке қарсы ұйымдардың басшылығымен әрекет ететін допинг-бақылау топтарын білдіреді.
      11. Егер қандай да бір халықаралық федерация немесе басқа да тиісті допингке қарсы ұйым өзгеше көздемесе, "жарыстық тестілеу" жарыстық және жарыстан тыс тестілеу арасындағы айырмашылықты жүргізу мақсаты үшін спортшының нақты жарысқа қатысуына байланысты тестілеу үшін таңдап алынуындағы тест жүргізуді білдіреді.
      12. "Лабораториялар үшін халықаралық стандарт" осы Конвенцияға 2-толықтыруына енгізілген стандартты білдіреді.
      13. "Тестілеудің халықаралық стандарты" осы Конвенцияға 3-толықтыруына енгізілген стандартты білдіреді.
      14. "Алдын-ала хабарлаусыз" спортшыны алдын-ала хабардар етпей жүргізілетін допинг-бақылауды білдіреді, бұл ретте спортшыға оған хабарлау сәтінен бастап сынама алғанға дейін тұрақты ілесіп жүру белгіленеді.
      15. "Олимпиада қозғалысы" Олимпиада хартиясын басшылыққа алуға келісетіндерді және Халықаралық олимпиада комитетінің өкілеттігін танитындарды, атап айтқанда: Олимпиада ойындарының бағдарламасына енетін спорт түрлерінің халықаралық федерацияларын, ұлттық олимпиада комитеттерін, Олимпиада ойындарын ұйымдастырушы комитеттерін, спортшыларды, төрешілер мен арбитрларды, қауымдастықтар мен клубтарды, сондай-ақ Халықаралық олимпиада комитеті таныған барлық ұйымдар мен мекемелерді білдіреді.
      16. "Жарыстан тыс" допинг-бақылау жарыстан тыс өткізілетін кез келген допинг-бақылауды білдіреді.
      17. "Тыйым салынған тізім" тыйым салынған субстанциялар мен тыйым салынған әдістер көрсетілген, осы Конвенцияға 1-қосымшаға енгізілген тізімді білдіреді.
      18. "Тыйым салынған әдіс" осы Конвенцияға І-қосымшаға енгізілген Тыйым салынған тізімде осындай әдіс ретінде белгіленген кез келген әдісті білдіреді.
      19. "Тыйым салынған субстанция" осы Конвенцияға 1-қосымшаға енгізілген Тыйым салынған тізімде осындай субстанция ретінде белгіленген кез келген субстанцияны білдіреді.
      20. "Спорттық ұйым" спорттың бір немесе бірнеше түрінен спорттық іс-шараны өткізу ережелерін белгілейтін орган ретіндегі кез келген ұйымды білдіреді.
      21. "Терапевтік пайдалануға рұқсат ету стандарттары" осы Конвенцияға ІІ-қосымшаға енгізілген стандарттарды білдіреді.
      22. "Тестілеу" ұғымы тестілеу жүргізуді жоспарлау, сынамалар алу, сынамаларды тұту және сынамаларды лабораторияларға тасымалдау кіретін допинг-бақылау процесінің бөлігін білдіреді.
      23. "Терапевтік пайдалануға рұқсат ету" Терапевтік пайдалануға рұқсат беру стандарттарына сәйкес берілетін рұқсатты білдіреді.
      24. "Пайдалану" кез келген тыйым салынған субстанцияны немесе тыйым салынған әдісті қолдануды, пероралдық енгізуді, инъекцияны немесе кез келген өзге тәсілмен қолдануды білдіреді.
      25. "Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік" (ДДҚА) швейцария заңнамасына сәйкес 1999 жылғы 10 қарашада құрылған осы атаудағы қорды білдіреді.

3-бап - Конвенцияның мақсаттарына қол жеткізу құралдары

      Қатысушы мемлекеттер Конвенцияның мақсаттарына қол жеткізу үшін:
      (а) Кодекс принциптеріне сәйкес ұлттық және халықаралық деңгейлерде тиісті шараларды қабылдауға;
      (b) спортшыларды қорғауды қамтамасыз етуге, спортта этикалық принциптерді сақтауға және зерттеулер нәтижелерін бірлесіп пайдалануға бағытталған халықаралық ынтымақтастықтың барлық нысандарын көтермелеуге;
      (с) қатысушы мемлекеттер мен спорттағы допингпен күрес саласындағы жетекші ұйымдар арасындағы, атап айтқанда Дүниежүзілік допингке қарсы агенттікпен халықаралық ынтымақтастыққа жәрдемдесуге міндеттенеді.

4-бап - Конвенцияның Кодекспен байланысы

      1. Спорттағы допингпен күрес жөніндегі іс-қимылды ұлттық және халықаралық деңгейлерде үйлестіру мақсатында қатысушы мемлекеттер осы Конвенцияның 5-бабында көзделген шараларды қабылдау үшін негіз ретінде Кодекс принциптерін ұстануға міндеттенеді. Кодекске қосымша басқа да шаралар қабылдауға қатысушы-мемлекеттерге осы Конвенцияда ешнәрсе кедергі болмайды.
      2. Кодекс пен 2 және 3-толықтырулардың ең соңғы нұсқалары мәлімет үшін беріледі және осы Конвенцияның ажырамас бөлігі болып табылмайды. Қатысушы мемлекеттер үшін толықтырулар өздігінен қандай да бір халықаралық-құқықтық міндеттемелер белгілемейді.
      3. Қосымшалар осы Конвенцияның ажырамас бөлігі болып табылады.

5-бап - Конвенцияның міндеттерін шешу жөніндегі шаралар

      Әрбір қатысушы мемлекет осы Конвенцияда жазылған міндеттемелерді орындай отырып, тиісті шараларды қабылдауға міндеттенеді. Оларға заңнама, нормативтік реттеу, саясат немесе әкімшілік практикасы саласындағы шаралар енгізілуі мүмкін.

6-бап - Басқа да халықаралық құжаттармен өзара байланыс

      Осы Конвенция қатысушы мемлекеттердің осы Конвенцияның мәні мен мақсаттарына қайшы келмейтін, бұрын жасалған басқа да келісімдерге байланысты туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін өзгертпейді. Бұл басқа қатысушы мемлекеттердің осы Конвенция бойынша өздерінің құқықтарын жүзеге асыруын немесе міндеттемелерін орындауын қозғамайды.

II. Ұлттық деңгейдегі допингпен күрес жөніндегі қызмет

7-бап - Ел ішіндегі үйлестіру

      Қатысушы мемлекеттер осы Конвенцияның қолданылуын, атап айтқанда, ел ішіндегі іс-қимылдарды үйлестіру жолымен қамтамасыз етеді. Осы Конвенцияға сәйкес өздерінің міндеттемелерін орындау үшін қатысушы мемлекеттер допингке қарсы ұйымдарды, сондай-ақ спорттық мекемелер мен ұйымдарды пайдалануы мүмкін.

8-бап - Тыйым салынған субстанциялар мен әдістердің қол
жетімділігін және олардың спортта пайдаланылуын
шектеу

      1. Қатысушы мемлекеттер пайдаланылуы терапевтік пайдалануға арналған рұқсаттарға негізделген жағдайларды қоспағанда, спортшылардың тыйым салынған субстанциялар мен әдістерді, спортта пайдалануын шектеу мақсатында, орынды жағдайларда, олардың қол жетімділігін шектеу жөнінде шаралар қабылдайды. Олардың қатарына тыйым салынған субстанциялар мен әдістерді спортшылар арасында таратумен күрес жөніндегі шаралар және тиісінше, оларды өндірісін, жылжуын, әкелуін, бөлуді және сатуды бақылау жөніндегі шаралар енеді.


      2. Қатысушы мемлекеттер спортшылардың спортта тыйым салынған субстанциялар мен әдістерді пайдалануына терапевтік пайдалануға рұқсат негізінде пайдаланылатын жағдайларды қоспағанда, оларды пайдалануы мен иеленуін болдырмау және шектеу жөнінде шаралар қабылдайды немесе орындылығына қарай өздерінің заңды құзырындағы тиісті заңды тұлғалардың мұндай шаралар қабылдауын көтермелейді.
      3. Осы Конвенцияға сәйкес қабылданатын шаралар өзге жағдайларда спортта тыйым салынған немесе бақыланатын субстанциялар мен әдістердің заңды мақсаттарда қол жетімділігін қамтамасыз етуге ешбір кедергі болмайды.

9-бап - Спортшының қосалқы персоналына қатысты шаралар

      Қатысушы мемлекеттер спортшының допингке қарсы күрес ережесін бұзған немесе спорттағы допингпен байланысты басқа да бұзушылыққа барған қосалқы персоналына қатысты шараларды өздері қабылдайды немесе спорттық ұйымдар мен допингке қарсы күрес ұйымдардың, оның ішінде санкция қолдануына немесе айыппұлдар салуына жәрдемдеседі.

10-бап - Тағамдық қоспалар

      Қатысушы мемлекеттер, орынды болған жағдайда, тағамдық қоспалардың химиялық құрамы мен сапа кепілдігі туралы ақпарат ұсынуды қоса алғанда, оларды өткізу мен тарату саласында өндірушілер мен таратушылардың алдыңғы қатарлы практиканың тағамдық қоспаларын енгізуіне жәрдемдеседі.

11-бап - Қаржылық шаралар

      Қатысушы мемлекеттер, орынды болған жағдайда:
      (а) өздерінің тиісті бюджеттері шеңберінде спорттың барлық түрлерінен ұлттық тестілеу бағдарламасын қаржыландыру үшін қаражат бөледі немесе спорттық ұйымдар мен допингке қарсы ұйымдарға допинг-бақылауды қаржыландыруға тікелей субсидиялар немесе дотациялар түрінде не осы ұйымдарға берілетін субсидиялар немесе дотациялардың жалпы сомасын белгілеу кезінде мұндай бақылау жөніндегі шығыстардың есебі нысанында көмек көрсетеді;
      (b) допингке қарсы ережені бұзу салдарынан шеттетілген жекелеген спортшыларға немесе олардың қосалқы персоналына шеттетілудің барлық кезеңінде спорттық қызметке байланысты қаржылық қолдау көрсетуді тоқтату жөнінде шаралар қабылдайды;
      (с) Кодексті немесе Кодекске сәйкес белгіленген қолданыстағы допингке қарсы ережелерді ұстанбайтын кез келген спорттық ұйымды  немесе допингке қарсы ұйымды спорттық қызметпен байланысты қаржылық немесе басқа да қолдауды ішінара немесе толығымен тоқтатады.

12-бап - Допинг-бақылауға жәрдемдесу жөніндегі шаралар

      Қатысушы мемлекеттер, орынды болған жағдайда:
      (а) ескертпелі бақылауды, жарыстан тыс және жарыстық тестілеуді қоса алғанда, спорттық ұйымдар мен өздерінің заңды құзырындағы допингке қарсы күрес ұйымдарын Кодекске сәйкес допинг-бақылауды жүргізуін көтермелейді және қолдайды.
      (b) спорттық ұйымдардың және допингке қарсы ұйымдардың қатысушыларына басқа елдердің допинг-бақылау жөніндегі уәкілетті топтарында тиісті түрде тестілеуден өтуіне мүмкіндік беретін келісімдер жасауын көтермелейді және қолдайды.
      (с) өздерінің заңды құзырындағы спорттық ұйымдардың және допингке қарсы күрес ұйымдарының допинг-бақылау мақсатында талдаулар жүргізу үшін допинг- бақылаудың аккредиттелген лабораторияларына рұқсат алуына жәрдем көрсетуге міндеттенеді.

III. Халықаралық ынтымақтастық

13-бап - Допингке қарсы ұйымдар мен спорттық ұйымдар
арасындағы ынтымақтастық

      Қатысушы мемлекеттер осы Конвенцияның мақсаттарына халықаралық деңгейде қол жеткізу мүддесінде допингке қарсы ұйымдар, мемлекеттік органдар және олардың заңды құзырындағы спорттық ұйымдар және басқа қатысушы мемлекеттердің заңды құзырындағы осындай ұйымдар және органдар арасындағы ынтымақтастыққа жәрдемдеседі.

14-бап - Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің миссиясын қолдау

      Қатысушы мемлекеттер Дүниежүзілік допингке қарсы агенттікке оның допингке қарсы халықаралық күрес саласындағы маңызды миссиясын орындауда қолдау көрсетуге міндеттенеді.

15-бап - Дүниежүзілік допингке қарсы агенттікті
тең үлесті қаржыландыру

      Қатысушы мемлекеттер мемлекеттік органдар мен Олимпиадалық қозғалыстың Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің бекітілген негізгі жылдық бюджетін тең үлесте қаржыландыру принципін қолдайды.

16-бап — Допинг-бақылау саласындағы халықаралық
ынтымақтастық

      Спорттағы допингке қарсы күрес спортшыларға алдын-ала хабарламай оларды тек тестілеу мен сынақтарды лабораторияларға өз уақытында тасымалдау қамтамасыз етілген жағдайда тиімді болатынын тани отырып, қатысушы мемлекеттер, осы орынды болған жағдайда және мемлекетішілік заңнамалары мен рәсімдеріне сәйкес:


      (а) қабылдаушы елдер тиісті нормативтік ережелерді сақтаған жағдайда Дүниежүзілік допингке қарсы агенттікке және Кодекске сәйкес қызмет ететін допингке қарсы ұйымдарға өз спортшыларына өз аумағында және одан да тыс жерлерде жарыстық және жарыстан тыс допинг-бақылау жүргізуге жәрдем көрсетеді;
      (b) допинг-бақылау бойынша іс-шаралар өткізу кезінде допинг-бақылаудың тиісті дәрежедегі уәкілетті топтарын шекарадан уақтылы өтуін қамтамасыз етуге жәрдем көрсетеді;
      (с) сынамалардың қауіпсіздігі мен сақталуын қамтамасыз ете отырып, оларды шекара арқылы уақтылы тасымалдауға немесе өткізуге жәрдем көрсету мақсатында ынтымақтасады;
      (d) әр түрлі допингке қарсы түрлі ұйымдар өткізетін допинг-бақылау жөніндегі іс-шараларды халықаралық үйлестіруді қамтамасыз етуде көмек көрсетеді және осы мақсатта Дүниежүзілік допингке қарсы агенттікпен ынтымақтасады;
      (е) өздерінің заңды құзырындағы допинг-бақылау лабораториялары мен басқа да қатысушы мемлекеттердің заңды құзырындағы тиісті лабораториялар арасындағы ынтымақтастықты дамытады. Атап айтқанда, аккредиттелген допинг-бақылау лабораториялары бар қатысушы мемлекеттер өздерінің заңды құзырындағы лабораториялары арқылы басқа қатысушы мемлекеттерге, олар ниет танытқан жағдайда, өздерінің дербес лабораторияларын құру үшін қажет тәжірибе мен дағдыларды үйренуге және қажетті әдіснаманы игеруге мүмкіндік беру үшін көмек көрсетуі тиіс;
      (f) Кодекске сәйкес белгіленген допингке қарсы ұйымдар арасында өзара тестілеу туралы уағдаластықтарды жасасу мен іске асыруға жәрдемдеседі;
      (g) өзаралық негізде допинг-бақылаудың рәсімдерін және Кодекске  сәйкес кез-келген допингке қарсы ұйым қолданатын осыған байланысты спорттық санкцияларды қоса алғанда, тестілеуден кейінгі рәсімдерді мойындайды;

17-бап - Ерікті қор

      1. Осымен бұдан әрі "Ерікті қор" деп аталатын "Спорттағы допингті жоюға арналған қор" құрылады. Ерікті қор ЮНЕСКО-ның қаржысы туралы ережеге сәйкес тартылатын нысаналы қаражатынан құрылады. Қатысушы мемлекеттердің, сондай-ақ басқа да қатысушылардың барлық жарналары ерікті сипатта болады.
      2. Ерікті қордың қаражаты:
      (а) қатысушы мемлекеттердің жарналарынан;
      (b) жарналардан, қайырымдылықтардан немесе өсиет етілген мүліктен, оларды:
      (і) басқа мемлекеттер;
      (іі) Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінің ұйымдары мен бағдарламалары, атап айтқанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы, сондай-ақ басқа да халықаралық ұйымдар;
      (ііі) мемлекеттік немесе жеке ұйымдар немесе жеке тұлғалар ұсынуы мүмкін.
      (с) Ерікті қордың қаражатына аударылған кез келген пайыздардан;
      (d) қайырымдылық науқаны шеңберінде Ерікті қордың пайдасына іс-шара алынған қаражаттан;
      (е) Тараптар конференциясы әзірлейтін Ерікті қор туралы ережеде көзделген кез келген басқа қаражаттан тұрады.
      3. Қатысушы-мемлекеттердің Ерікті қорға деген жарналары қатысушы мемлекеттердің Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің жылдық бюджетіне өзінің үлесін төлеу жөніндегі міндеттемелері ретінде қаралмайды.

18-бап - Ерікті қордың қаражатын пайдалану және оларды


басқару

      Ерікті қордың қаражатын Тараптар конференциясы өзі бекіткен іс-шараларға, атап айтқанда осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес және Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің мақсаттарын ескере отырып, допингке қарсы күрес бағдарламаларын әзірлеу мен жүзеге асыруда қатысушы мемлекеттерге көмектесуге бөледі, сондай-ақ осы Конвенцияны жүзеге асыруға байланысты шығыстардың орнын жабуға пайдаланылуы мүмкін. Ерікті қорға деген жарналардың қандай да бір саяси, экономикалық немесе өзге де шарттармен байланыстырылуы мүмкін емес.

ІV. Білім және даярлау

19-бап — Білім мен даярлаудың жалпы принциптері

      1. Қатысушы мемлекеттер өздерінің қаражаты шеңберінде допингке қарсы күрес мәселелері бойынша білім беру мен дайындық бағдарламаларын қолдауға, әзірлеуге немесе жүзеге асыруға міндеттенеді. Тұтастай алғанда спорт қоғамдастығы үшін бұл бағдарламалар мынадай мәселелер бойынша жаңаланған және нақтыланған ақпарат беруге бағытталуға тиіс:
      (а) допингтің спорттың этикалық құндылықтарына келтіретін зияны;
      (b) допингті қолданудың денсаулық үшін салдары.
      2. Спортшылар мен олардың қосалқы персоналы үшін, әсіресе дайындықтың бастапқы кезеңінде бұл бағдарламалар мынадай мәселелер бойынша жаңаланған және нақтыланған ақпараттар беру үшін бағытталуға тиіс:
      (а) допинг-бақылау рәсімдері;
      (b) тиісті спорт ұйымдары мен допингке қарсы ұйымдардың допингке қарсы күрес саясаты мен Кодекс туралы, оның ішінде допингке қарсы күрес ережелерін бұзудың салдары туралы ақпаратты қоса алғанда, допингке қарсы күреске байланысты спортшылардың құқықтары мен міндеттері;
      (с) тыйым салынған субстанциялар мен әдістердің, сондай-ақ тыйым салынған субстанцияларды терапевтік пайдалануға рұқсаттардың тізімі;
      (d) тағамдық қоспалар.

20-бап - Мінез-құлықтың кәсіби кодекстері

      Қатысушы мемлекеттер тиісті құзырлы кәсіби қауымдастықтардың және мекемелердің, Кодекске сәйкес келетін спорттағы допингпен күреске қатысты мінез-құлық, шынайы практика мен этиканың тиісті дәрежедегі кодекстерін әзірлеуін және жүзеге асыруын көтермелейді.

21-бап — Спортшыларды және спортшылардың қосалқы


персоналын тарту

      Қатысушы мемлекеттер спорттық және басқа да тиісті ұйымдардың допингке қарсы қызметінің барлық аспектілеріне спортшылардың және спортшылардың қосалқы персоналының белсенді қатысуына ықпал етеді және өз қаражаты шеңберінде жәрдем көрсетеді, бұған өзінің заңды құзырындағы спорттық ұйымдарды тартады.

22-бап - Спорттық ұйымдар және допингпен күрес мәселелері
жөніндегі тұрақты негіздегі білім берумен
даярлау

      Қатысушы мемлекеттер спорттық ұйымдар мен допингке қарсы ұйымдардың тұрақты негізде барлық спортшылар мен спортшылардың қосалқы персоналына 19-бапта көрсетілген мәселелер бойынша білім беру мен даярлау бағдарламаларын жүзеге асыруға жәрдемдеседі.

23-бап - Білім беру мен даярлау саласындағы ынтымақтастық

      Қатысушы мемлекеттер бір-бірімен және тиісті ұйымдармен қажет болған жағдайда ақпаратпен, мамандармен және тиімді допингке қарсы бағдарламаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша тәжірибемен алмасу мақсатында ынтымақтасады.

V. Зерттеулер

24-бап - Допингпен күрес мәселелері бойынша зерттеулер жүргізуге жәрдемдесу

      Қатысушы мемлекеттер өздеріндегі бар қаражат шеңберінде мынадай мәселелер бойынша спорттық және басқа да тиісті ұйымдармен допингке қарсы зерттеулер жүргізуге ықпал етуге және жәрдемдесуге міндеттенеді:
      (а) допинг пайдалануды болдырмау және оны анықтау тәсілдері, мінез-құлықтық және әлеуметтік салдары, сондай-ақ допингті пайдаланудан денсаулыққа келетін зиянды әсерлер;
      (b) спортшылардың денсаулығына зиян тигізбейтін физиологиялық  және психологиялық дайындықтың ғылыми негізделген бағдарламаларын әзірлеудің жолдары мен құралдары;
      (с) ғылыми прогресстің нәтижесі болып табылатын барлық жаңа субстанциялар мен әдістерді қолдану.

25-бап - Допингке қарсы зерттеулердің сипаты

      24-бапта көрсетілген допингке қарсы зерттеулер жүргізуге жәрдемдесу кезінде қатысушы мемлекеттер осы зерттеулердің мына жағдайда:
      (а) халықаралық деңгейде танылған әдеп практикасына сәйкес;
      (b) спортшыларға тыйым салынған субстанциялар егуді және тыйым салынған әдістерді қолдануды болдырмай отырып;
      (с) допингке қарсы зерттеулер мен оларды допингтік мақсатта пайдалану нәтижесін заңсыз қолдануды болдырмау мақсатында тек тиісті дәрежедегі сақтық шараларын сақтай отырып жүргізілуін қамтамасыз етеді.

26-бап - Допингке қарсы зерттеулердің нәтижелерін


бірлесіп пайдалану

      Қатысушы мемлекеттер тиісті ұлттық заңнаманы және халықаралық құқықты сақтау шартымен бұл орынды болған жағдайда, басқа қатысушы мемлекеттер және Дүниежүзілік допингке қарсы агенттікпен жүргізілген допингке қарсы зерттеулердің нәтижелерімен алмасады.

27-бап - Спорт саласындағы ғылыми зерттеулер

      Қатысушы мемлекеттер:


      (а) Кодекс принциптеріне сәйкес ғылыми және медициналық қызметкерлердің спорт саласында ғылыми зерттеулер жүргізуіне;
      (b) өздерінің заңды құзырындағы спорттық ұйымдардың  және спортшылардың қосалқы персоналының Кодекс принциптеріне сәйкес спорт саласында ғылыми зерттеулер жүргізуіне жәрдемдеседі.

VI. Конвенцияның мониторингі

28-бап - Тараптар конференциясы

      1. Осы арқылы Тараптар конференциясы бекітіледі. Тараптар конференциясы осы Конвенцияның жоғарғы органы болып табылады.


      2. Тараптар конференциясының кезекті сессиялары, әдетте, екі жылда бір рет өткізіледі. Тараптар конференциясы, егер ол тиісті шешім қабылдаса немесе оған қатысушы мемлекеттердің үштен бірі сондай өтініш білдірсе, кезектен тыс сессиялар өткізуі мүмкін.
      3. Тараптар конференциясында әрбір қатысушы мемлекет бір дауысқа ие болады.
      4. Тараптар конференциясы өзінің Рәсімдер ережесін бекітеді.

29-бап - Тараптар конференцияларындағы консультативтік


ұйым мен бақылаушылар

      Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік Тараптар конференциясына консультативтік ұйым ретінде шақырылады. Халықаралық олимпиада комитеті, Халықаралық паралимпиялық комитет, Еуропалық кеңес және Дене тәрбиесі және спорт жөніндегі Үкіметаралық комитет (СИГЕПС) бақылаушылар ретінде шақырылады. Тараптар конференциясы басқа да тиісті ұйымдарды бақылаушылар ретінде шақыру туралы шешім қабылдауы мүмкін.

30-бап — Тараптар конференциясының функциялары

      1. Осы Конвенцияның басқа ережелерінде баяндалғаннан басқа, Тараптар конференциясының мынадай функциялары бар:


      (а) осы Конвенцияның мақсатына жетуге жәрдемдесу;
      (b) Дүниежүзілік допингке қарсы агенттікпен өзара қарым-қатынас мәселелерін талқылау және Агенттіктің негізгі жылдық бюджетін қаржыландыру тетіктерін зерделеу. Конвенцияның тарабы болып табылмайтын мемлекеттерге осы талқылауға қатысу ұсынысы жасалуы мүмкін;
      (с) 18-бапқа сәйкес Ерікті қор қаражатын пайдалану жоспарын бекіту;
      (d) 31-бапқа сәйкес қатысушы мемлекеттер ұсынатын баяндамаларды қарау;
      (е) 31-бапқа сәйкес допингке қарсы жүйені әзірлеу тұрғысында осы Конвенцияны сақтау мониторингінің нәтижелерін тұрақты негізде қарау. 31-баптың шеңберінен шығатын кез келген мониторинг тетіктері немесе шаралар 17-бапқа сәйкес құрылатын Ерікті қордың қаражатынан қаржыландырылатын болады;
      (f) оларды кейіннен қабылдау үшін осы Конвенцияға түзетулерді қарау;
      (g) оларды 34-бапқа сәйкес бекіту үшін, Дүниежүзілік допингке  қарсы агенттік қабылдаған Тыйым салынған тізімге және Тыйым салынған субстанцияларды терапевтік пайдалануға рұқсат берудің стандарттарына түзетулерді қарау;
      (h) қатысушы мемлекеттер мен Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік арасында осы Конвенция шеңберіндегі ынтымақтастықтың бағыттары мен тетіктерін айқындау;
      (i) әрбір сессияда оны қарау үшін Дүниежүзілік допингке қарсы агенттікке Кодекстің жүзеге асырылуы туралы баяндама ұсыну туралы өтініш жіберу.
      2. Тараптар конференциясы өз функцияларын орындау кезінде басқа да үкіметаралық органдармен өзара іс-қимыл жасауы мүмкін.

31-бап - Қатысушы мемлекеттердің Тараптар конференциясына ұсынатын баяндамалары

      Қатысушы мемлекеттер екі жылда бір рет Тараптар конференциясына Хатшылық арқылы ЮНЕСКО-ның ресми тілдерінің бірінде осы Конвенцияның ережелерін орындау мақсатында өздері қабылдаған шаралар туралы барлық тиісті ақпаратты береді.

32-бап - Тараптар конференциясының Хатшылығы

      1. ЮНЕСКО-ның Бас директоры Тараптар конференциясының Хатшылығын қамтамасыз етеді.
      2. Тараптар конференциясының өтініші бойынша ЮНЕСКО-ның Бас директоры Тараптар конференциясымен келісілген шарттарда Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің қызметін барынша ықтимал мүмкін көлемінде пайдаланады.
      3. Конвенциямен байланысты шұғыл шығыстар 17-бапқа сәйкес құрылатын Ерікті қордан тиісті деңгейдегі қаражат шеңберінде ЮНЕСКО-ның кәдімгі бюджетінен немесе әрбір екі жылда айқындалатын олардың тиісті қосылуынан қаржыландырылады. Кәдімгі бюджет қаражаты есебінен Хатшылықты қаржыландыру қатаң түрде аз көлемде, бұл ретте Конвенцияны қолдау үшін ерікті түрде қаржыландыру жүзеге асырылатын болған жағдайда, жүргізіледі.
      4. Хатшылық Тараптар конференциясы үшін құжаттама және оның алдын ала отырыстарының күн тәртібін дайындайды, сондай-ақ оның шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етеді.

33-бап - Конвенцияға түзетулер енгізу

      1. Кез келген қатысушы мемлекет ЮНЕСКО-ның Бас директорының атына жазбаша хабарлама арқылы осы Конвенцияға түзетулер ұсына алады. Бас директор ондай хабарламаны барлық қатысушы мемлекеттерге жолдайды. Егер хабарлама жолданған уақыттан бастап алты ай ішінде қатысушы мемлекеттердің кемінде жартысы өзінің келісімі туралы хабарласа, онда Бас директор мұндай ұсынысты Тараптар конференциясының келесі сессиясына ұсынады.
      2. Түзетулер Тараптар конференциясында оған қатысқан және дауыс беруге қатысқан қатысушы мемлекеттердің үштен екі көпшілік дауыспен қабылданады.
      3. Осы Конвенцияға түзетулер қабылданғаннан кейін, олар ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу үшін қатысушы мемлекеттерге жіберіледі.
      4. Осы Конвенцияға түзетулерді ратификациялаған, қабылдаған, бекіткен немесе оған қосылған қатысушы мемлекеттерге қатысты олар, осы баптың 3-тармағында көрсетілген құжаттарды қатысушы мемлекеттердің үштен екісі сақтауға тапсырған күннен бастап үш ай өткеннен кейін күшіне енеді. Кейіннен оны ратификациялайтын, қабылдайтын, бекітетін немесе оған қосылатын әрбір қатысушы мемлекет үшін сол қатысушы мемлекет ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қайта қосылу туралы құжатты сақтауға берген күннен бастап үш ай өткен соң аталған түзету күшіне енеді.
      5. Осы Конвенцияға қатысушы болатын мемлекет осы баптың 4-тармағына сәйкес түзетулер күшіне енгеннен кейін, өзінің басқа ниетін білдірмесе:
      (а) осылайша оған енгізілген түзетулермен осы Конвенцияның қатысушысы;
      (b) түзетулердің қолданысымен байланысты емес кез келген қатысушы мемлекетке қатысты, оған енгізілмеген түзетулерсіз осы Конвенцияның қатысушысы болып саналады.

34-бап - Конвенцияға қосымшаларға түзетулер қабылдаудың


ерекше тәртібі

      1. Егер Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік Тыйым салынған тізімге немесе Терапевтік қолдануға рұқсат беру стандарттарына өзгерістер енгізсе, онда ол ЮНЕСКО-ның Бас директоры атына жазбаша түрде сол өзгерістер туралы хабарлауы мүмкін. Бас директор Конвенцияның тиісті қосымшаларына енгізілетін түзетулер ретінде ол өзгерістер туралы барлық қатысушы мемлекеттерді шұғыл түрде хабардар етеді. Қосымшаларға түзетулерді Тараптар конференциясы өздерінің сессиясының бірінде немесе жазбаша консультация арқылы бекітеді.


      2. Бас директордың хабардар еткен күнінен бастап қатысушы мемлекеттердің ұсынылып отырған түзетуге қатысты өзінің қарсылығы туралы мәлімдеу үшін, егер әңгіме жазбаша консультация туралы болса, Бас директордың атына, жазбаша хабарлама жіберуіне не Тараптар конференциясының сессиясында білдіруіне 45 күні бар. Егер қатысушы мемлекеттердің үштен екісі өздерінің қарсылығы туралы білдірмесе, ұсынылған түзетулер Тараптар конференциясында қабылданды деп есептеледі.
      3. Бас директор қатысушы мемлекеттерді Тараптар конференциясы қабылдаған түзетулер туралы хабардар етеді. Бұл түзетулер хабардар ету күнінен бастап 45 күннен кейін күшіне енеді, бірақ Бас директорға өзінің бұл түзетулерді қабылдамайтындығын күні бұрын хабардар еткен қатысушы мемлекеттерге қатысы болмайды.
      4. Алдыңғы тармақтарға сәйкес бекітілген түзетулерді қабылдамайтындығы туралы Бас директорға хабарлаған қатысушы мемлекет оларға енгізілмеген түзетулерсіз қосымшаны қолдана береді

VII. Қорытынды ережелер

35-бап - Федеральдық немесе унитарлы емес конституциялық
жүйелер

      Федеральдық немесе унитарлы емес конституциялық жүйесі бар қатысушы мемлекеттерге қатысты мынадай ережелер қолданылады:


      (а) құқықтық заңды тұрғыда федеральдық немесе орталық заңнамалық органдары орындайтын осы Конвенцияның ережесіне қатысты федеральдық немесе орталық үкімет федеративті мемлекеттер болып саналмайтын қатысушы мемлекеттер сияқты міндеттерді атқарады;
      (b) орындалуы федерацияның конституциялық жүйесіне сәйкес заңнамалық шаралар қабылдауға міндетті емес мемлекеттің құрамына кіретін жекелеген штаттардың, облыстардың, провинциялар немесе кантондардың заңды құзырына қарайтын осы Конвенция ережелеріне қатысты, федералдық үкімет көрсетілген ережелерді қабылдауға қатысты өз ұсыныстары туралы сол штаттардың, облыстардың, провинциялар мен кантондардың құзырлы билік органдарын хабардар етеді.

36-бап - Ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу

      Осы Конвенция ЮНЕСКО-ға қатысушы мемлекеттердің тиісті конституциялық рәсімдеріне сәйкес олардың ратификациялауына, қабылдауына, бекітуіне немесе қосылуына жатады. Ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжаттар ЮНЕСКО-ның Бас директорына сақтау үшін тапсырылады.

37-бап - Күшіне ену

      1. Осы Конвенция ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы отызыншы құжаттың сақтауға берілген күнінен бастап бір ай өткеннен кейінгі айдың бірінші күнінен бастап күшіне енеді.
      2. Осы Конвенция бойынша өзіне міндеттемелер алуға өзінің келісімі туралы білдіретін кез-келген мемлекет үшін ол ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжатты сақтауға берілген күнінен бастап бір ай кезең өткен соң айдың бірінші күнінен бастап күшіне енеді.

38-бап - Конвенцияның қолданылуын аумақтарға тарату

      1. Ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжатты сақтауға бере отырып, кез келген мемлекет халықаралық қатынастар үшін өзі жауап беретін және осы Конвенцияның әрекеті қолданылатын аумақты немесе аумақтарды көрсете алады.
      2. Кез келген қатысушы мемлекет ЮНЕСКО-ның атына жіберілген мәлімдеменің соңында осы Конвенцияның қолданысын сол мәлімдемеде көрсетілген кез келген басқа аумаққа таратуы мүмкін. Конвенция осындай аумаққа қатысты депозитарий сондай хабарламаны алған күннен бір ай кезең өткен соңғы айдың бірінші күнінен бастап күшіне енеді.
      3. Алдыңғы екі тармаққа сәйкес жасалған кез келген мәлімдеме сондай өтініште көрсетілген кез келген аумаққа қатысты ЮНЕСКО-ның атына хабарлама жіберу арқылы қайтарып алынуы мүмкін. Мұндай қайтарып алу депозитарий сондай хабарламаны алған күннен бір ай кезең өткен соңғы айдың бірінші күнінен бастап күшіне енеді.

39-бап - Денонсация

      Кез келген қатысушы мемлекет осы Конвенцияның күшін жоя алады. Күшін жою туралы ЮНЕСКО-ның Бас директорына сақтауға тапсырылатын құжаттың жазбаша нысанында хабарланады. Күшін жою туралы құжатты алған күннен бастап алты ай кезең өткен соң айдың бірінші күнінен бастап күшін жою күшіне енеді. Конвенциядан шығу күшіне енген күнге дейін ол тиісті қатысушы мемлекеттің қаржылық міндеттемелеріне ешқандай әсер етпейді.

40-бап - Депозитарий

      ЮНЕСКО-ның Бас директоры осы Конвенцияның және оған енгізілетін түзетулердің депозитарииі болып табылады. ЮНЕСКО-ның Бас директоры депозитарий ретінде осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттерді, сондай-ақ Ұйымға мүше басқа мемлекеттерді:
      (а) ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы кез келген құжатты сақтауға беру;
      (b) 37-бапқа сәйкес осы Конвенцияның күшіне енген күні;
      (с) 31-баптың ережесіне сәйкес дайындалған кез келген баяндама;
      (d) Конвенцияға немесе 33 және 34-баптарға сәйкес қабылданған қосымшаларға кез келген түзету және сол түзетулердің қолданысқа енген күні;
      (е) 38-баптың ережелеріне сәйкес ұсынылған кез келген мәлімдеме немесе хабарлама;
      (f) 39-баптың ережелеріне сәйкес ұсынылған кез келген хабарлама және күшін жоюдың күшіне енген күні;
      (g) осы Конвенцияға байланысты кез келген басқа акті, хабарлама немесе мәлімдеме туралы хабардар етеді.

41-бап - Тіркеу

      Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабына сәйкес осы Конвенцияны ЮНЕСКО-ның Бас директорының өтініші бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының Хатшылығы тіркейді.

42-бап — Тең түпнұсқалы мәтіндер

      1. Осы Конвенция, оған қосымшаларды қоса алғанда, ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тілдерінде жасалды, әрі, барлық алты мәтін тең түпнұсқалы болып табылады.
      2. Осы Конвенцияға толықтырулар ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тілдерінде жасалды.

43-бап - Ескертпелер

      Осы Конвенцияның мәнімен және мақсатымен сыйыспайтын қандай да бір ескертпелерге жол берілмейді.

      I қосымша - Тыйым салынған тізім - халықаралық стандарт


      II қосымша - Терапевтік пайдалануға рұқсат беру стандарттары

      1 -толықтыру - Дүниежүзілік допингке қарсы кодекс


      2-толықтыру - Лабораториялар үшін халықаралық стандарт
      3-толықтыру - Тестілеудің халықаралық стандарты

I ҚОСЫМША




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет