Стахановшылар қозғалысы Қазыналы қарашаңырақ



Дата25.02.2016
өлшемі49.14 Kb.
#20537
Стахановшылар қозғалысы

Қазыналы қарашаңырақ
1935 жылы Донбасс шахтері Алексей Стаханов толық емес бір ауысым ішінде 7 тонна орнына 102 тонна көмір шауып, тамаша еңбек көрсеткішіне жетті. Большевиктік баспасөз бұны таңғажайып рекорд ретінде жариялап, мұндай нәтиже тек қана советтік құрылыс кезінде ғана мүмкін болады деп даурықпа ұрандатып жатты. Шын мәнінде рекордтың сыры мынада еді.

Кадиевкадағы «Центральная -Ирмино» шахтасында көп жылдан бері зобойшы болып еңбек ететін тәжірибелі шахтер А.Стаханов шойбалғамен көмір шабудың ұтымды әдістерін көптен ойластырып жүретін. Егер жұмысты дұрыс ұйымдастыра білсе, яғни забойшыға қолайлы жағдай жасалса тәжірибелі кенші көмір қабатының жігін, кливажын, яғни жарықшақтарын тиімді пайдаланып отырса, еңбек өнімділігін еселеп арттыруға болатындығын тәжірибе жүзінде сынап көрген. Яғни қара күшке салып емес, айламен, еңбекті жан-жақты ұйымдастыру арқылы. Сондықтан да бұл рекордта ешқандай «ғажайыптық» жоқ болатын. Өзінің Қарағанды шахтерлеріне 1968 жылғы 1 мамырда «Казахстанская правда» газеті арқылы жазған хатында даңқты шахтер осы оқиғаны былай еске алады: «30 тамыздан 31 тамызға қараған түнде мен, парторгымыз Константин Григорьевич Петров, учаске бастығы Николай Машуров забойға түстік. Маған бұрын 10-12 забойшы жұмыс істейтін кеңістік босатылып берілді. Константин Григорьевич шахтер шамын жарық қылып тұрды, ал мен жалғыз өзім көмір шаба бастадым. Өмірде бірінші рет тіреушілер забойшыға ілесе алмады. Бес сағат 45 минут ішінде мен 102 тонна көмір шаптым. Бұл - сол кездегі 14 нормаға пара-пар болатын... Әңгіме ондаған, тіпті жүздеген за-бойшылардың бәлендей рекорд қоюында емес. Мәселе осындай жоғарғы көрсеткіштердің барлық шахталар үшін орта дәрежеге айналуында. Озық әдіс бірте-бірте барлығының баспалдақпен жоғары көтерілуінің алғы шарты болмақ».

Міне Кеңестер одағында атақты стахановшылар қозғалысы осылай басталған еді. Халық шаруа-шылығының түрлі салаларында жұмысшылар еңбектің озық әдістерін кеңінен іздестіре бастады. Түрлі өндіріс салаларында, мәселен, автомобиль өнеркәсібінде Александр Бусыгин, тоқыма өнеркәсібінде Евдокия және Мария Виноградовалар, теміржол транспортында Петр Кривонос, машина жасауда Иван Грудов, металлургияда Макар Мазай, ауыл шаруашылығында Паша Ангелина, Мария Демченко, Константин Борин, Федор Колесов стахановтық қозғалысты өрістеткен өрендер атанды.

Қанша айтқанмен стахановшылар жарысы көмір өнеркәсібінде туындады. Қарағанды бассейнінде де бұл жарыс қызу қарқын алды. Сол арқылы үшінші көмір ошағын-да шахтер еңбегі биік тұғырға көтерілді. Қойнауы қазынаға бай өлкеден атақты стахановшылар, олардың ісін алға апарған екпінді еңбек ерлері көптеп шықты.

Донбастық әріптестерінің өнегесін алғашқы болып №12 шахтаның кеншілері өрістетті. Шахта забойшысы Ушаков бір ауысымда 11 вагонетка орнына 70 вагонетка көмір шауып, рекорд жасады. Көп ұзамай бұл нәтижеден №1 шахтадағы Түсіп Күзембаевтың және №4 шахтадағы Дайырбековтың бригадалары асып түсті, 27 қыркүйек күні облыстық газетте мынадай хабар жарияланды: «№1 шахтада стахановтық қозғалыс кеңінен өрістеген. Түсіп Күзембаевтың бригадасы стахановтық тәсілдің таңдаулы үлгілерін көрсетуде. Учаске бастығы Лапиннің шебер жетекшілігімен 26 қыркүйек күні түнде забойшылар Күзембаев (бригадир), Жақсыбеков, Қүсайынов, Рақымов, Қырбасов бір ауысымда 220 вагонетка көмір шапты».

Сол жылдың 16 желтоқсанында №17 шахтаның забойшысы Байд3лда Мұқажанов қолмен көмір шабу жөнінен рекорд жасауға бел байлап шахтаға түсті. Небәрі үш сағат ішінде ол 25 вагонетка орнына 100 вагонетка отын жөнелтті. Сол аусымда озат стахановшы нормасын 800 процент орындады.

Стахановтық тәсілді бассейннің көптеген таңдалы шахтерлері іліп әкетті. Забойшылар Рақышев, Нұрбеков, Такинский, врубмаинистер Боженок, Литвинов, Топаев және басқалары нормаларын үнемі 200-400 процентке асыра орындап жүрді. Жаңашыл әдістерді қолдану көмір өндірудің де қарқыны арттыра түсті. Мысалы тарихшы Н.Дауылбаев өзінің «Қарағанды көмір бассейні» деген кітабында 1935 жылғы қазан айының бірінші онкүндігінде 79139 тонна көмір өндірілсе, екінші онкүндігінде 80110 тонна және үшінші онкүндігінде 92658 тонна көмір қырға шығарылғандығын атап өтеді. Сондай-ақ жаңашылдар салада күн санап арта түскендігін көрсетеді. 1935 жылғы қараша айына қарай олардың саны 2005 адамға жеткен.

Стахановшылар қозғалысы жергілікті газеттерде үзбей жарияланып тұрды. Жоғары жақтың нұсқауы бойынша оларға партия, кеңес, кәсіподақ ұйымдары тарапынан қолдау көрсетілді. 1935 жылдың 7-9 желтоқсанында өнеркәсіп пен транспорт стахановшыларының 182 делегаты мен 700-ден астам қонақ қатысқан қалалық слеті болып өтті. Слет делегаттары отанға мол өнім берудің келелі мәселелерін талқылап, өндіріс озаттарының бай тәжірибелерімен ортақтасты.

Қалалық «Қарағанды пролетариаты» газеті слетке «Қарағанды стахановшылары жұмыс тәжрибелерін ортаға салады» деген бет арнады. Кейін Социалистік Еңбек Ері атанған белгілі шахтер Сікен Шоманұлы (18 шахтаның бригадирі) өз тәжрибесін газет арқылы былай насихаттайды: «Қандай забой болса да көмірді астынан келеп алғаннан кейін жігі босап қалады, сонан кейін көмірді құлатуға көп қиындық болмайды. Тек әрбір пластың жігін тауып алып, көмірді кесек-кесегімен құлата береміз. Пластың жігін білмеген қалайшылар көп күшті бекер шығын қылады. Мен көмір забойларының төбесінің қауіпті-қауіпсіздігін де жақсы аңғарамын. Лаваға, штректерге барғанша көмір шабуға кіріспей тұрып төбе топырағын байқаймын. Көмір құлатудың техникасын шеше білгеннің арқасында менің өндіріс жоспарым да үздіксіз артық орындалады. Стаханов әдісіне көшкелі бұрынғы 9 қалайшы істейтін лавада біз осы күні 4-ақ қалайшы істеп жүрміз. Жоспарды бұрынғы 9 адамның орындағынан бір жарым есе артық орындайтын болдық». Осы номерде сондай-ақ Киров атындағы шахтаның стахановшы бригадирі Рақышұлы, №1 шахтаның маңдай алды стахановшысы Күзембайұлы, №9 шахтаның забойшылар бригадирі Тебайұлы, №2 шахтаның стахановшысы Дайырбекұлы өз тәжірибелерін ортаға салады. Екпінді еңбегінің арқасында қарапайым шахтер Мағауия Рақышев КСРО Орталық Атқару Комитеті Ұлттар Кеңесінің мүшесі болып сайланды.

Жыл аяғында стахановшылар саны 2158 адамға жетті. Осы жылы қарағандылықтар 2,356 миллион тонна отын өндірді.

Стахановтық қозғалыс 1936 жылы одан әрі өрістей түсті. Сол жылы Қарағандыда жаңашылдар-дың 5 күндіктері мен 10 күндіктері ұйымдастырылып тұрды. 3 тамызда Ауыр өнеркәсіп халық комисса-ры С.Орджоникидзе бір топ таңдаулы стахановшыларды қабылдады. Оған қарағандылықтар атынан бассейнде стахановтық қозғалыстың бастамашысы болған Түсіп Күзембаев қатысты. Жыл аяғында Ауыр өнеркесіп халық комиссариатының бұйрығы бойынша бір топ қарағандылық шахтерлер: «Қара-ғанды көмір» тресінің басқарушысы М.Смирнов, бас инженері В.Смерткж және №3-26 Киров атындағы шахтаның бас инженері И.Дрейге «М-1» жеңіл автомашинасы, №17-19 Калинин атындағы, №18, №1 шахта меңгерушілері А.Лаухин, М.Крутько, М.Малютин, №18 және Киров атындағы шахтаның учаске бастықтары М.Попов, М.Әзімбаевқа, врубмашина машинистері Ә.Топаев, Е.Боженокқа, Киров атындағы шахтаның забойшылар бригадирі Байтулинге мотоциклдер сыйға тартылды. Стахановшылар саны жыл санап арта түсті. 1937 жылы олардың саны 2878 болса, 1940 жылы 3417 адамға жетті.

Стахановтық қозғалыстың етек жаюы Қарағанды көміршілерінің 5 қарашада 1936 жылдың жоспарын мерзімінен бұрын орындап шығуға мүмкіндік берді. Осы жылы бассейнде 3,772 миллион тонна көмір өндірілді.



Қарқын жылдан-жылға арта түсті. Сөйтіп 1938 жылы - 4,12 млн. тонна, 1939 жылы - 5,04, ал 1940 жылы - 6,3 млн. тонна кокстелетін тас кемір өндірілді. Үшінші көмір ошағы өз атына сай қанатын қомдап болашаққа зор сеніммен қарайтын болды.
Аман ЖАНҒОЖИН,

Ермағамбет ЛҰҚПАН.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет