Асқынбаған актиномикоздың клиникасы. Актиномикоздың клиникалық көрінісі организмнің өзіндік ерекшеліктеріне, орналасқан аймағына байланысты.
Жақ-бет аймағындағы жұмсақ тіндерде ауырмайтын немесе сәл ауыратын шектелген инфильтрат пайда болады. Бұл инфильтрат біртіндеп өсіп, шекарасын жоғалтып үлкейіп, „ағаш" тәріздес қатаяды. Пальпация жасағанда ауырады. Инфильтрат үстіндегі тері қызғылт-көк түсті. Дене қызуы сәл көтеріліп, жалпы жағдайы ауырлай түседі.
Бертін келе тері инфильтратқа байланысты қызғылт түске еніп жұқарып „жыланкөз" пайда болады. Жыланкөзден кішкентай ақшыл-сары түйінді сұйық ағады (23-сурет).
23-сурет. Актинамикоз
Бұл түйіндер сәулелі друз деп аталады. Шамалы уақыттан кейін жыланкөз жабылып, орнында шұқырша қалады. Бұндай процесс көп кешікпей басқа жерлерде (инфильтрат үстінде) пайда болады. Осының әсерінен инфильтрат үстіндегі тыртықтар „көктелген көрпе" тәрізді болады. Клиникасы жараның орналасқан жеріне (топографиясына) байланысты. Мысалы, ауру құлақ-шайнау аймағында болса шайнау бұзылып, ауыз ашылмай қалады. Ал мойында болса бас қозғалысы қиындайды.
Ірің микробтарымен қоса асқынған актиномикоздың клиникасы. Егер актиномикозға ірің микробтары қосылса, бет-жақ аймағында флегмона, абсцесс белгілері көрінеді. Яғни аурудың жалпы жағдайы нашарлап, дене қызуы 40°-қа дейін көтеріледі, әр жерде абсцестер мен флегмоналар пайда болады. Оларды емдегеннен кейін, актиномикоздың клиникасы жоғарыда айтылғандай болады. Айта кететін жағдай, актиномикозға ірің микробтары қосылмағанның өзінде, бұл сырқат өте қатерлі науқас болып есептеледі.
Ажырату диагнозы. Т. Г. Робустованың айтуынша, стационардан тыс, тек 8% ауруға ғана актиномикоз деген диагноз дұрыс қойылады. Бұндай жағдайдың басты себебі, дәрігерлердің актиномикоз клиникасын нашар білуімен қатар, бұл науқас бір көрініспен ғана аяқталады деген болжамда болуында. Осыған байланысты дәрігерлер актиномикозды ақыл тіс артындағы оститтен, жедел және созылмалы остеомиелиттен, одонтогендік теріасты гранулемадан, туберкулез бен сифилистен клиникалық белгілері мен келесі қосалқы әдістемелерге сүйене отырып ажырата білу қажет:
1. Сәулелі саңырауқүлақ шоғын (друзын) микроскоп арқылы анықтау.
2. Жыланкөзден шығатын іріңді жағындыны шыны арқылы тексеру.
3. Д. И. Аснин әдістемесі бойынша актинолизатпен тері-аллергиялық сынақ жасау. Бұл сынау тәсілі: білектің ішкі жағына (оң және сол жағына) тері ішіне 0,3 мл актинолизат енгізіледі. Бақылау үшін одан 8—10 см төмен 0,3 мл ет-пептонды сорпа немесе физиологиялық ерітінді енгізіледі. Сынақты 24 сағаттан кейін оқиды. Егер: 1) теріде тек иненің орны қалса реакцияның жоқтығы (—); 2) сынаған және бақылау орындарында бірдей қызыл түсті кішкене қызару пайда болса, реакция күдікті (+); 3) инъекция жасалған жерде (сынау) әр түрлі көлемді қызғылт түсті эритема пайда болса, реакция бар бірақ әлсіз (+); 4) тері эритемасы ашық-қызғылт түсті, сипағанда ауырса реакцияның болғаны (++); 5) эритема ашық-қызыл болып, тері домбығып ісіп ауырса реакцияның күшті болғаны (+++); 6) актинолизат жіберілген жерге байланыссыз организмде жалпы немесе ошақты өзгерістер болса реакцияның өте күшті болғаны (III).
4. Агарға себу арқылы сәулелі саңырауқұлақты бөліп алу.
5. Биопсия арқылы анықтау.
6. Жалпы қанды тексеру (лейкопения, гемоглобин азаюы. ЭТЖ көбеюі. С реактивтік белок пайда болуы).
7. Комплимент байланысы реакциясын ауру сарысуымен тексеру. Актинолизат антиген болып есептеледі.
8. Рентген сәулесі арқылы тексеру.
Достарыңызбен бөлісу: |