Студенттік өзіндік жұмыс
Тақырып: “Түркілер өркениеті. Ұлы жібек жолы”
Орындаған:
Түркілер өркениеті және Ұлы Жібек жолы
Ұлы Жібек жолы – елдер мен халықтардың қатынасын нығайтқан , түрлі мәдинеттерді бір – бірімен жақындатқан , Шығыс пен Батыс елдерінің қалаларының арасында байланыс орнатып , қалаларға үлкен ықпалын тигізген сауда жолы болған. Ұлы Жібек жолының ұзындығы 7 мың шақырымнан 12 мың шақырымға дейінгі жолға созылды. Жібек Жолы б.з.д III ғасырда сауда магистралі ретінде пайда болып, XVI ғасырға дейін қызмет етті. Керуен жолы Қытай жерінен бастап , Жерорта теңізіне дейін созылған. Ұлы Жібек жолының негізгі торабы Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу жерін басып өткен. Осы екі торап арқылы Ұлы Жібек жолы Жетісу өңірі арқылы Шығысқа шығады , ал Оңтүстік Қазақстан аймағы арқылы Батысқа шығады.
Шығыс пен Батысты байланыстырған бұл Ұлы Жібек жолы түркі жері үшін үлкен рөлді ойнайды. Ұлы Жібек жолының қажеттілігі мен пайдалану шарттары қаншалықты өзгеріп отырса да , оның қызметін қайта қалпына келтіріп , ұдайы қолданыста болуын қамтамасыз еткендер - ең алдымен түркі халықтары , олар құрған мемлекеттер мен империялар болатын. Қысқартып айтқанда , әлем тарихы мен өркениеті үшін Ұлы Жібек жолының маңызы қаншалықты үлкен болса , түркі халықтары да оның осы күнге дейін келіп жетуінде , жұмысын жалғастыруында соншалықты үлкен рөл атқарған.
Ұлы Жібек жолының тарихында оны түркі мемлекеттері толықтай дерлік бақылауда ұстаған үш кезең болды:
VI-XIII ғасырдың басындағы түрік қағанаттарының бақылауындағы кезең;
ХІІІ ғасырдың басы мен ХІV ғасырда Шыңғысхан империясының бақылауындағы кезең;
ХІV ғасырдың екінші жартысы мен ХV ғасырдың басындағы Әмір Темір империясының бақылауындағы кезең.;
Ұлы Жібек жолының басты тауары жібек матасы саналды. Жібек матасы жұқа , жұмсақ , жеңіл мата. Ал жібектен жасалған киімдер әдемі , ыңғайлы және сәнді еді. Сондықтан түркі ақсүйектері тек жібек матадан тігілген киімдерді киген. Мысалы , Тон – Жабғу қағанның жасыл жібек шапан кигені белгілі. Араб географы әл – Идриси мәліметтері бойынша , дәулетті қиматтар түрлі түсті жібек киімдер киген. Ұлы Жібек жолының Еуропадан Қазақстан жеріне әйнек және теңгелер , айна , шыны ыдыстар , түймелер мен қапсырмалар жүргізілді. Ал Қазақ жерінен тері мен жүн , жылқы , қой тасылған.
Ұлы Жібек жолы бойында өнер туындыларымен алмасумен қатар, артефактыларды жергілікті жерде жасап шығаруға деген ұмтылыс та пайда болды. VІІ-ІХ ғасырлада жібек маталарын тоқу өндірісі Соғдыда да жоғары деңгейге көтерілді. Онда жібек маталарына соғдылық ізгілік рәмізі бұғының суретін салу кең тарады және бұл заттар әлемнің көптеген аймақтарынан табылып отыр. Неше түрлі самұрық құстар мен арыстандардың, қанатты аттар-пырақтар мен тарантулпардың, грифондар мен аждаһалардың жібеккке салынған бейнелері бұл дәуірдің айшықты белгісіне айналды.
Түрік қағандары Жетісу аумағын басып өтетін сауда керуендерін қол астына қаратып , толық бақылауына алды. Түрік билеушілері мен ауқатты түркілер ағылып келіп жатқан тауарлардың ірі тұтынушысы еді. XIII ғасырда Ұлы Жібек жолын Моңғол империясы тиімді пайдаланып , өз бақылауына алады. Бұл кезеңде керуен жолы біршама гүлденіп , халықаралық сауда мен мәдени байланыстарға өз үлесін қосып тұрды. Моңғолдар сауданың дамуын қолдап , дінге қарсылығын көрсетпеді. Моңғол билеушілерінің ордалары ірі сауда
қалаларында орналасты. Жол бойында жаңа қалалар мен керуен сарайлар бой көтерді.
Ортағасырлық зерттеушілердің жазбаларын мен археологиялық қазбаларын зерттеу нәтижесінде Ұлы Жібек жолы бойындағы халықаралық сауда ІХ ғасыр мен ХІІІ ғасырдың басында өзінің ең биік деңгейіне жеткендігін айғақтайды. Испиджаб , Кедер , Отырар , Тараз , Науакент , Баласағұн ірі сауда орталықтары болып қалды. Оларға солтүстік-шығыс Жетісудың Қоялық , Екі – оғыз қалалары қосылды.
Осы кезеңде Шу , Талас және Сырдария өлкелерінде қала орталықтары қалыптасады. Бұл қалалар Арал бойындағы құрғақ шөлейт аймақта өте жақсы сақталды. Олардың күнге қараған сары қабырғалары бүгінге дейін биіктен көрінеді , ал төбелер астында үлкен көне қорымдар сақталған. Тараздың жанында Жамуқат қаласы болған. Оның қалдықтары Талас алқабында жатыр. Бұл орын қазір Қостөбе деп аталады. Жібек жолының бойында бірнеше жаңа қалалар пайда болып, ал бұрынғы қалалар одан әрі дами түсті.
Ұлтаралық төзімділік, көп түрлі діндердің татулығы , бөгде салт-дәстүрге құрметпен қарау Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалардың басты ерекшелігі болды. Келе жатқан кез келген жолаушы бұл жерлерде өз халқының мәдениеті мен дәстүрін көрсете алды.
Ұлы Жібек жолының Қазақ жеріндегі бағытындағы сауданың дамуы ақша жүйесінің қалыптасуына алып келді. Жол бойында әр елдердің теңгелерін айырбастау орындары болды. Отырар , Испиджаб , Тараз , Жент , Қойлық қалаларында теңге сарайлары жұмыс істеді. Теңгелер , мыс пен күміс тиындар , дирхем , алтын динар соғылды.
Жошы ұлысында теңгелер Сарайшық , Сығанақ және т.б. қалаларда шығарылды. Қолөнершілер шаруашылыққа қажетті құрал – саймандар , сәндік бұйымдар жасаумен айналысты.
Ортағасырлық Сырдария қалаларында археологиялық қазбаларды жүргiзген кезде табылған заттар Ұлы Жібек жолын зерттеуде маңызды дерек көздерi болып табылады. Осындай олжалардың қатарына Отырардан табылған күміс көмбе жатады. Көмбенің теңгелер жиынтығы таңғалдырарлық. Онда Түркiстан қалаларының , Кiшi Азия , Еуропа , Еділ бойы қалаларының ақша сарайларының белгілері бар. Қазбалар барысында зергерлiк бұйымдар , тұрмыс заттары , теңгелер табылды , оларды Ұлы Жiбек жолындағы барлық қалалардың өзiндiк «сыр сандығы» деуге болады.
Жібек жолы тек сауда - саттық жолы болып қана қалмай , Еуразия өркениетін тоғыстырып , қоғамның дамуына зор үлес қосты. Осынау Ұлы Жібек жолының жатқан территориясында ислам , иудаизм , христиан , индуизм діндері , үнді - еуропалық , семит , син – тибет тілдері , алуан түрлі көзқарастар , инновациялар , символдар , ғылым салалары өркендеді. Мысалы, грек тілінің құндылықтарын Орталық Азия мен Инд жазығынан естуге болатын. Қазақ тілі құрамындағы араб , парсы , грек , шумер , аккад тілдерінен енген сөздер Ұлы Жібек жолы бойындағы рухани байланыстардың , қарым – қатынастардың нәтижесі , мәдени - экономикалық жаһанданудың жемісі. Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу қалаларының Византия , Иран , Орта Азия , Кавказ , Алтай , Сібір , Шығыс Түркістанмен тығыз сауда байланыстары болғандығын ежелгі қолжазбалардағы мәліметтер дәлелдейді. Шаштан жол Гизгирдқа , Испиджабқа келіп , одан әрі керуен Таразға бағыт алған. Тараздан солтүстікте Адахкет , Дех-Нуджикет қалалары орналасқан қимақтарға , оңтүстікте өздерінің туған өлкесінде – Шельдяни , Куля және т.б. қалаларға тірелген. Сондай-ақ Тараздан Төменгі Барысханға , одан әрі Құлан , Мерке арқылы Аспараға жететін болған. X ғ. бастап Ӏле жазығындағы сауда жолы арқылы керуендер жүре бастайды. Осы жерден Ӏле Алатауының көпестері қазіргі Алматы мен Талғардың елді мекендеріне жолға шыққан. Талғарда жол қазіргі Шелек , Есік , Кеген аудандарында , Подгорныйға , одан әрі Шонжыға иек артады. Алакөл ауданында жол тармақталады. Екіөгіз , Қиялық , Көктем керуен жолдарымен Шығыс Түркістанға , Алтайға , Моңғолияға шығуға болатын еді. Сырдария қалаларын байланыстыратын жолдардың маңызы орасан зор. Ол Испиджабтан басталып , солтүстік-батыста – Арсубаникент , Арыс , Кедер , Шауғар , Сауран , Сығанаққа әкелетін. Сығанақтан Жентке және Янгикентке тірелген. Испиджабтан солтүстікке қарай түскен жол Құмкент , Аба – Ата , Созаққа барады. Одан әрі Орталық Қазақстанның жазық жерлері арқылы Кеңгір , Жезді , Нұра далаларына шығады. Атаулы керуен жолы XX ғ. басына дейін сақталып келді , тіпті , Ресей , Қазақстан және Орта Азияның қалалары мен елді мекендерін байланыстырып отырды , оған жақын жерлерде жәрмеңкелер ұйымдастырылды.Ұлы Жібек жолы көп халықтардың мәдениетін түйістіруімен бірге оның табиғатының ерекшеліктерін анықтауда тарихи қызмет атқарды. Бұл істе Қазақстан жерін мекендеген халықтардың еңбегі де бар. Олар киіз үйді , ат әбзелдерін жасау өнерін , кілем тоқуды , күмістен түрлі әсемдік бұйымдарды соғуды , бай ауыз әдебиетін мұра етіп қалдырған. Осының бір айғағы - Есік және Аралтөбе қорымдарынан табылған «Алтын киімді адам» ескерткіштері , Шығыс Қазақстандағы Берел қорымынан табылған олжалар , ежелгі Түрік жазба әдебиетінің Орхон ескерткіштері.
Әмір Темір мемлекетінің тарих сахнасына шығуымен XIV ғасырдың соңында Ұлы Жібек жолындағы сауда қатынастары біршама құлдырады. Әмір Темірдің әскери – ұрыс қимылдары мен шапқыншылық жорықтары нәтижесінде қалалар қирады , жерлер тоналды , көрші елдердің экономикасы құлдырады , транзитттік сауда желісі үзілді.
Теңіз жолдарының ашылуы да Ұлы Жібек жолының құлдырауына алып келді.
Түркі әлемінің Ұлы Жібек жолымен байланысы негізінен , табиғи – географиялық , саяси – экономикалық және мәдени факторларға сүйенеді. Түркілер ұзақ уақыт Ұлы Жібек жолы бойында жүргізілген сауда мен мәдени байланыстардың басты қолдаушысы, қолданушысы , әрі ұйымдастырушысы , яғни серіктесі болған. Түркі мемлекеттері мен империялары Ұлы Жібек жолының Еуразиямен коммуникация жүйесі ретінде қызмет атқаруында өзінің тарихи миссиясын абыроймен атқарып , бұл жолдың тарихында белгілі бір аймақтық шекараларда оны өз бақылауында ұстаған. Жібек жолы саясаты - түркі өркениеті мен саяси мәдениетінің іргелі құндылықтары арасында басты орын алады. Жібек жолы түркі дүниетанымының әмбебаптануына септігін тигізсе , ал түркілердің әскери – саяси дарыны Ұлы Жібек жолының кеңейіп , гүлденуіне жол ашқан. Мыңжылдықтардың өркениет жадысы мен құндылықтарын өзінде сақтап қалған Ұлы Жібек жолы расында да , адамзаттың дамуында маңызды рөл атқарды. Аталмыш жол алыс – жақын елдер арасындағы тек тауар айырбасын ғана емес , сонымен қатар , жаңашыл технология , дін , ғылым және өнер саласында қол жеткізген жетістіктермен өзара алмасуды да қамтамасыз еткен. Тарихы терең осынау сауда – өркениет желісі тек Шығыс – Батыс бағытында ғана емес , сондай-ақ кері бағытта да сауда-саттықты жүзеге асырып , Еуропаның көптеген жаңалықтарын Шығыс елдеріне алып келген. Жалпы алғанда , Ұлы Жібек жолы жаңа дәуірге дейін әлем халықтары мен мемлекеттерінің экономикалық және мәдени дамуын жүзеге асырып , олардың өзара байланыстарындағы бай тәжірибесі арқылы бүгінгі жаһандану үдерісіне қатысуын негіздейтін тарихи – мәдени процестерді басынан өткерген. Ұлы Жібек жолы Шығысты Батысқа, ал Батысты Шығысқа ішкі мазмұны мен кұрылыс ерекшеліктеріне қарай жан-жақты танытқан. Осыған байланысты, екінші және үшінші мыңжылдықтарды тоғыстырған бүгінгі тарихи кезеңде жаһандану процестерінің аса қажетті амал-әрекеті ретінде Ұлы Жібек жолы идеясын заманауи технологиялық жетістіктер базасында қайта жаңғырту мүмкіншілігі туып отыр. Қазіргі таңда тарихи «Ұлы Жібек жолын» қайта қалпына келтірудің бір үлгісі ретінде «Жаңа жібек жолы» ТРАСЕКА – Еуропа – Кавказ – Азия халықаралық тасымал дәлізі жобасы жүзеге асырылуда.
Достарыңызбен бөлісу: |