Т.Айбергенов өлеңдері
1.Перзент жыры
2.Өмір
3. ӨКПЕЛЕМЕҢДЕР, АҒАЛАР
4.Ақ қайыңдар
5. КӨКТЕМ ӘУЕНДЕРІ
6. СЕРТ
7.Жүрек сөзі
8. Жұлдыздар
9. Үш кезең
10. Жас еменмен сырласу
11. Далада
12. Туған жерден аттанарда...
13. Уақыт
14.О,адамдар
15. Ақ қыс
ПЕРЗЕНТ ЖЫРЫ
Сен менің мәңгілікке өлмес атым,
Атымды ап алыс жылға жалғасатын.
Әкеде өсиет бар өмір жайлы,
Балада қасиет бар алға асатын.
Сен менің ұшар басым биіктеген,
Жолыңа тапқанымды үйіп-төгем.
Сен менің дүрсілдеген жүрегімсің,
Қай нәрсе солжүректен сүйікті екен!
Сен менің – абыройым, көсемдігім,
Сен менің – амандығым, есендігім.
Сенімен мына дүние, дүние ғып,
Сен барда баспақ емес еңсемді мұң.
Сүйкімді неткен ғана әрбір ісің,
Күлші бір дүние шулап жан жылысын.
Баланың зарын тартқан менің ғазиз,
Анамның таусылмайтын ән-жырысың.
Сен мені өскен сайын ойландырып,
Заңдарын табиғаттың ойға алдырып.
Бір қадам басқан сайын өзің мені,
Барасың шежіреге айналдырып...
ӨМІР
Өмір деген - көк мұхиттың толқыны,
Бір - бірімен жатқан шулап жалғасып,
Бір - бірімен жатқан тулап арбасып,
О, толқындар, арпалысып, алға шық!
Өмір деген пәк жаралған махаббат.
Ғашықтықтан жарқылдаған көздері.
Ұғынбайтын өз ойынан өзгені,
Өз жүрегін өртейтұғын өз демі.
Өмір деген - мәңгі гүлдеп жататын
Құштарлықтың толғағы мен көктемі.
Ешкім оған қоя алмайды нүктені,
Өмір деген сөйлем емес өйткені.
***********************
Сенен сұрағаным көп еді,
Қиыныңнан жалтарғаным жоқ еді.
Емес менің жаралғаным қазір-ақ
Бірақ сенен ала алғаным азырақ.
Берші маған теңіздейін тереңдік,
Келбетіңді оюлайын өлең ғып,
Алматының бауырындағы орманнан,
Орын берші саңқылдайын сол маңнан.
Секірейін асқарларға киік боп,
Өсейін бір Алатаудай биік боп.
Достарыңызбен бөлісу: |