Біз неткен ер, неткен ер?
Сергелдеңмен өткен ер.
Еділ менен Дендерден,
Сағыз бенен Жемдерден,
Онан да талып өткен ер.
Арқада Әлім бар-ды деп,
Қайыспас қара нар-ды деп,
Оған да барып жеткен ер, - деп азаттықты армандап өткен, елінің тәуелсіздігі үшін толарсақтан саз кешкен, тағдырымен баз кешкен, ер жүрек батыр, дауылпаз күйші, сөзі мірдің оғындай, дәлдегенін қиып түсер сөзі бар, көздегенін ойып түсер көзі бар, ақын бабамыз Махамбет батыр туралы зерттеуімді ұсынуға рұқсат етіңіздер.
Қайырлы күн!
Саламатсыздар ма, құрметті әділ қазылар алқасы, қадірлі сайысқа қатысушылар!
Баршаңызға сәттілік тілеймін!
Ата тегі:
Махамбет Өтемісұлы қазақ елінің батыс өлкесінде Ішкі Бөкей ордасы, Нарын құмының Жасқұс деген жерінде 1803 жылы дүниеге келген. Заманымыздың заңғар жазушысы, әдебиет зерттеушісі Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің «Махамбет» атты зерттеу еңбегінде Махамбеттің аталары жайлы былай жазды: «Туысы Беріш руынан, атасы Өтеміс. Оның атасы – Құлмәлі. Мәлі деген қазаққа бір соғыста қолға түскен тұтқын екен. Беріш ішінде Тумас дегендер еншілес, туысқан қып әкеткен». Осы деректерге сүйенсек Махамбеттің Беріш ішіне кірме рудан тарағаны анық деуге болады. Махамбет бір рудың ғана емес, бүкіл бір халықтың – қазақ халқының мақтанышы. Шежіре жазу руға жіктелу емес, бұл бір жағынан тарихтың этнографиялық ролін атқарса, екіншіден тарихи шындықты ашып, тарихи дерек мәліметтер жасайтыны анық.
Махамбеттің білім алуы:
Махамбет бала кезінен мұсылманша, орысша білім алған. 1824-1828 жылдары Орынбор қаласында оқуда жүрген Жәңгір ханның баласы Зұлқарнайынның қасында көмекші болады. Енді бір деректерде хан баласымен бірге оқыды деген мәліметтер де бар.
Өзі өмір сүрген заманның ағымына жүйрік, қыр-сырын жетік меңгерген, көзі ашық, көкірегі ояу, білімдар адам болған. Шағатай, орыс, татар, араб тілдерін жазбаша түрде де меңгерген.
Махамбеттің ақындығы:
Махамбет Өтемісұлы – қазақтың әйгілі ақыны, күйші-композиторы, Ресей патшасының, жергілікті ел билеушілердің әділетсіздігі мен отаршылдығына қарсы Исатай Тайманов бастаған көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі, сондай-ақ көтерілістің жалынды жыршысы.
Ақынның шығармалары 1908, 1912, 1925 Қазан, Орынбор, Ташкент қалаларында жарық көрген. Шығармалары 1939-1989 жылдар аралығында 8 рет кітап боп шығып, оқулықтар мен жинақтарға енгізілген.
Махамбет бабамыз ақындығымен, батырлығымен қатар күйшілік қасиетімен де елге танылған тұлға. «Қайран Нарын, Жұмыр қылыш, Терезе, Өкініш» т.б күйлері күйтабаққа жазылды. Махамбет шығармалары – бұқара халықтың рухани поэтикалық шежіресі, ұлт-азаттық көтерілістің шынайы бейнесі бола алды.
Махамбет – ел қорғаны:
Махамбет пен Исатай екеуінің де аңсаған арман-мұраты елдің еркіндігі мен тәуелсіздігі, бірлігі мен ынтымағы болатын. Бүгін сол Тәуелсіздікке біздер, Исатай мен Махамбеттің ұрпақтары жетіп отырмыз. Олай болса, Махамбет пен Исатайдай батыр бабаларымыздың алдында бас ие отырып, олар көре алмай кеткен Тәуелсіздіктің ақ туын тік ұстау – батыр бабаларымыздың алдындағы азаматтық парызымыз.
Қаралы Қараой:
1846 жылы қазан айында Орынбор қазақтарының батыс бөлігінің билеушісі, сұлтан Баймағамбет Ашуақов патшаға адал қызмет етуге берілгендігін дәлелдеу үшін Махамбетті өлтірудің жоспарын жасайды.
Өмірінің соңғы жылдарын ауыл-елден жырақта өткізген батыр бабамыз бұл күндері Жайықтың Бұқар бетін, Дендер тауын іргелей жатқан Қараойды мекен еткен еді. Қараойда соңғы мекені екенін, қарасаң көзің талатын, ұшы-қиыры жоқ кең даланың – өзіне арнаған қандай сыйы барын қайран ақын сезбесе керек. «Батыр бір оқтық», «Батыр аңғал келеді...» деп бекер айтылмаса керек. Өзі өскен кең даласы, өзі өсірген, артынан ерген, Тәуелсіздік алсақ туымды ұстар деп сенім артқан бауырларынан мұндай «екіжүзділік пен сатқындықты» күтпесе керек...
Мұхтар Шаханов атамызша айтсақ:
Қапысызда қармақ салып,
Махамбетті алдап соғып,
Басын кесіп, сыйға тарттық сұлтанға... дегендей, сатқындар пен екіжүзділердің қолынан елі артқан үміт пен сенімін аяғына дейін жеткізе алмай, арман-мақсаты Қараойдың қырында қалған ақын, батыр бабамыздың соңғы демі осылайша 1846 жылдың 20 қазаны күні (дәл бүгінгі күннен 177 жыл бұрын) үзіліп тынды.
Махамбет - ерлік пен елдіктің ұраны:
Әдебиет зерттеушісі З.Қабдолов: «Махамбет! Бұл есім – өмірдегі қасіреттің синониміне, өнердегі қасиеттің символына айналған аса аяулы ардақты есім. Көзі ашық, көкірегі ояу қазақтың бір де бірі бұл есімге бейтарап қарай алмайды!» -деген екен. Мені де батыр бабамыздың өз ұлты үшін азаттық жолындағы жалынды күресі, басынан өткен қаншама қиындыққа мойын ұсынбай, халқының азаттығын, ұлтының ар-намысын жоғары қоя білгені толғандырады, ойландырады. Әлі де зерттелмеген өлеңдерін, ерлігі мен елдікке бастар ізгі істерін жалғастыру біз секілді кейінгі ұрпақтың парызы деп түсінемін.
Күрес – Махамбет поэзиясының негізгі тақырыбына айналды. Ол қазақ әдебиетінің ұлы мұхитындағы ерекше бір сырлы арал. Өзінің «Мұңайма» өлеңінде хан әскерлерінен қандай қиянат көрсе де жасымауға, рухты болуға шақырады:
Құдай істі оңдаса,
Ісім жөнге келгенде,
Қамаланған көп дұшпан
Әлі де болса, қойдай қылып айдармыз,
Жолдастарым мұңайма!
Махамбет бабамыздың ізін жалғайтын, егемен еліміздің ертеңін ойлар, елі үшін білімімен де, білігімен де сынға түсуге даяр, рухты ұрпақ өсіп келе жатқанына «тәубә» деп өз жұмысымды аяқтаймын.
Назарларыңызға РАҚМЕТ!
Достарыңызбен бөлісу: |