Табиғат әлеміндегі адам: әдебиеттегі экология мен адамгершілік мәселелері



Дата01.03.2024
өлшемі22.31 Kb.
#493902
ОСӨЖ Динара Акниет


Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті


ОСӨЖ

Эссе
Тақырыбы: Табиғат әлеміндегі адам: әдебиеттегі экология мен адамгершілік мәселелері

Ақтөбе 2024
Экологиялық проблемалардың зардаптық ауқымы өсуіне байланысты пәннің өзімен пейілдес генетика, демография, география, әлеуметтану, топырақтану, гидрология, климотология сияқты ғылым салаларымен байланысы да күшейді. Адамға экологиялық жауапкершілік пен сана-сезімді сіңіріп, экологиялық тәрбиені өрістетуде көркем әдебиеттің ролі қандай, жалпы табиғатқа жанашырлықтың әдебиетіміздегі бейнеленуі, насихатталуы, көріністері қай дәрежеде десек, қазақ әдебиеті де бұл мәселеге өз шама-шарқынша үн қосуда. Жүрдек жанр болып табылатын публицистика өзгелерден оқ бойы озық келеді десек артық айтқандық болмас. Бұл мәселелер «Қазақ әдебиеті», «Жалын». «Жас алаш». «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Халық кеңесі», «Атамекен», «Денсаулық» газет-журналдарында кенінен көтеріліп келеді. Басылымдардағы белсенді авторлар қатарына М.Шахановты, С.Балғабековты, С.Жұбатыровты, Р.Бектібаевты, М.Қаназовты, Э.Ғаббасовты, А.Бақтыгерееваны, Р.Отарбаевты, Ө.Ақыпбековтерді жатқызуға болады. Бұл күндері планеталық маңыз алып отырған экология, оның арғы жағындағы халық мүддесі әр уақытта қаламгердің де бас мақсаты болуы хақ. Биосфераны, табиғатты қорғау сияқты мәселені шешуде де халқымыз өз жазушыларына үлкен үміт артуда. Қоғамнын басты даму бағдарын, маңызды мәселелелерін батыл көрсететін көркем шығармалардың қатарында жазушы Қалихан Ысқақовтың «Қараорман», «Ақсу жер жаннаты» романдарын атауға болады. Бұл шығармалардағы басты көтерілген мәселе – ең алдымен жазушының өмірдегі толғағы жеткен, зәру болып отырған экологиялық проблемасын таба да тани білуінде, сол проблеманы суреттей білуінде. Жазушы Қ.Ысқақовтың туған жер табиғатының көз алдымызда құрып бара жатқан байлығына шырқырап ара түскен перзенттік, азаматтық белсенділігі кімді болса да сүйсіндірері хақ. Алтай өңірі – Қалиханның көркемдік әлемі. Ол жоғарыда аталған романдарында ғана емес, «Қоңыр күз еді», «Менің ағаларым», «Бұқтырма сарыны» повестерінде және «Тұйық» романында да Алтай өңірін өзінің зерттеу обьектісі етіп ала отырып, ондағы адамдар, Алтайдың кешегісі мен бүгінгісін, ертеңін реалистік түрде айқын көрсетеді. Алтай тек географиялық орта ғана емес әлеуметтік үлкен адами орта. Жазушы осы ортаны жаза отырып, азаматтық, ортақ шындықтарды іздейді. Осы тақырыпқа қалам тартқан жазушы Қ.Жиенбаевтың «Құлан жанарындағы ғұмыр» атты повесінде теңіз ортасындағы Барсакелмес аралына орналасқан мемлекеттік қорықтың жәй-күйі, ондағы жануарлар әлемі, оның Жетісу бойына көшірілуі бас қорықшы Әбдімомын Ермолаевтың тағдыры арқылы берілген. Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Парыз» деп аталатын диологиясында көне Арал аймағының экологиялық зардаптарын, оның осыған келу жолын тамыршыдай тап басып, көркем прозада кең ауқымда көрсете алды. Академик Әзім Жуан Жақайым, балық колхозының басқармасы Жәдігер бейнелері – айшықты да ойлы бейнелер. Туған жері, өскен өлкесі үшін шыр-пыры шыққан табанды жәдігер бейнесі атақты академиктен гөрі әлдеқайда жоғары тұр. Адамзат һәм табиғат, қоршаған орта. Экология... Белгілі себептермен бұл тақырып жазушының «Қан мен тер» романында кең өрістемеген. Мұнда адам табиғат-анаға тым қатыгез екендігін айтып үлкен бір әңгіменің шетін шығарады да («қолы жетсе, адам аспанды да былғайды»), сол заматында тоқтайды. Бірақ басталған әңгіме аяқсыз қалған жоқ. Жалғасын жаңа шығармадан тапты. Атап айтқанда, маңызы зор экология әңгімесі, табиғат пен адам туралы толғаныс «Соңғы парыз» роман-дилогиясының (1999) өзекті тақырыбына айналды.
Алдымен оқырман адалдықты, адамдық асқақ арманды мақсат тұтқан, туған жеріне, туған еліне перзенттік парызын адал еңбек, маңдай терімен өтемекке бел буған тағдыр иесі Жәдігермен танысады. Одан соң дәл сондай туған жеріне, еліне деген перзенттік парызын пысықтықпен, оза шауып бәйге алумен, атын шығарып атақ алумен өлшейтін ісінен сөзі көп академик Әзімді көреді. Осы екеуінің арасындағы үшінші тағдыр иесі Бәкизат, кешегі, бүгінгі, ертеңгі қоғамдағы қыз, әйел бейнесі. Екінші кітапта үш кейіпкердің ауыр да азалы, қиын да күрделі, қараңғы түні баяндалады. Ерен еңбегі еш болып, елінің де, туған жерінің де берекесі кетіп, ұрпағы кеміс, ауру болып, жары опасыздық жасап сергелдеңге түскен Жәдігер сондай бір түнде сең үстінде жан тапсырады. Бір қарағанда бұл фабула жаттанды махаббат драмасы, тақырға айналған тақырып секілді. Міне осы шындықты жазушы кең байтақ жасыл жазира еткен. Жәдігердің шағын отбасы трагедиясы мен замана трагедиясы тығыз байланыста суреттеледі. Жер де, адам да азып барады, – дейді роман. Кең байтақ Қазақстанның даласында күні кеше миллиондап заулайтын киіктің жұқанасы ғана қалған. Сол азын-аулақ киікке су ішер суат табылмайды. Тартылған теңіз табанынан босаған борпылдақ тұз аралас құм қысқы бораннан жаман ұйтқиды. Құм боран шыдатпаған киік бұрын маңына жуымайтын ауылдардың қора-қопсысына тығылады. Заманақыр зауалындай трагедия адамның өз басына да түскен. «Теңізі тартылған, жері азған, елі босқан» Жәдігердің бүкіл тағдыры замандасына былай дегізеді. «...Есалаң сорлы, есіңді жи! Оңың мен солыңа қара! Басқаны ойламасаң да, ойраны шыққан мына дүниенің ертеңі не боларын ойласаң еді? Осы дүниеге соңыра, өзіңнен кейін келетін сорлы ұрпақтың күні не болатынын ойласаңдар еді». Жері азған, елі босқан жалғыз Арал ғана ма екен? Сондықтан «Соңғы парыз»: адамзат үлкені, кішісіне, басшы мен қара табанына қарамай табиғат, қоғам алдындағы борышын қайтаруға міндетті дейді. Ол міндет қалай өтелуі керек? Нұрпейісов романы мәселені төтесінен қояды. Бәрі-бәрі адамның өз қолында. «Арал өңірі тұзға тұншығып, тамыры күйген шөп көктемде де көктемей, қара кеңірдектеніп қурап барады; адам көрмеген індет шығып, ана жатырында ұрығынан ауруға шалдыққан балалар деліқұл, дімкәс боп, келешек ұрпақ азып бара жатқанына қарамастан Кремльдегі көсемдер біз болмағанда Орта Азия мен Қазақстанның халқы адамзат көшіне ере алмай, ескі жұртта сарыжамбас боп қалатын еді деп, екі көзіңді бақырайтып қойып көкіп жатқан жоқ па?» – деп жосытады. Қайта айналып республика ұлығына ұрынады. «Соларға қарсы қайсысың дауыс көтеріп едің? Басқа-басқа Үлкен кісінің өзі ауыз ашса, соларды қостап... зарлап қоя бермеуші ме еді?» Өстіп «Соңғы парыз» бүкіл елдің берекесін кетірген жалғандық құртының жайлаған мекенін табады. Әзімдей академик боп қомпайып жүргендер – Қазақстан жерінің асты қаптаған су деп өтірік карта жасағандар – Кремльде көз бояушыларының қасында жіп есе алмайды екен.

Кешегі аузын айға білеген «жасампаз идеялар» мен «биік мақсаттардың» иесі – Кеңес үкіметі бір демде аяғы аспаннан келіп, омақаса құлады. Оның жолында қолшоқпары, өз анасы – Аралды құрбандыққа шалған жас маман сенделіп далада қалды. Ұлы теңіз кепкен шөлге айналды. Міне, бұл бір абыржыған шақ еді. «Абыржы» романыны аса күрделі өтпелі кезең, жаңа қоғам қалыптасуының бірегей проблемалары, ел егемендігінің алғашқы жылдарындағы әлеуметтік, экономикалық, моральдік ахуалды мейлінше жіті зерделеуді мақсат еткен. Бұл дара тұлғалы романның негізгі персонажы Медет Жармекеновтың өзіндік дүниетаным-көзқарасы арқылы жүзеге асады. Осынау, кітап тұлғасының ой-пайымы қалыпты стандарттармен өлшенбейтін, ерек құбылыс. Алдыңғы ұрпаққа кешегі тарихтан жақсы таныс коммунистік шыңдаудың (Ұстаз, Нұрлы Идея) темір тезінен өткен «совет азаматының» ділі берік, сеніміне сызат түспестей. Ол өзінің өмірлік қисынына сыймастай жағдайда дүниеге орнығып жатқан өзгерістер мен жаңғыруларды қабылдай алмайды. «Көппен жүріп адаспайтын», «уақыт құбылуларына ауаланбайтын» адамның жеке қасіреті мен азапты ой-пайымы арқылы кезең шындығы батыл сарапталады.



Бұл өзекті де игі дәстүр тек проза жанрында ғана емес, қазіргі қазақ поэзиясында да лайықты қолдау тауып келеді. Ақындар Ә.Тәжібаев, Қ.Мырзалиев, К.Мырзабеков, И.Оразбаев, К.Салықов, Ж.Әбдірашев, Ұ.Есдәулетов, Е.Раушановтардың мерзімді баспасөзде жарияланып жүрген өлең-жырлары соның дәлелі. Берлгілі ақынымыз Қ.Мырзалиевтің «Қызыл кітабын» бірыңғай экология тақырыбына арнауының сыры неде? Бұл, әрине, шабыт перзенттерін, сезімтал жүрек иелерін бей-жай қалдырмағанының белгісі деп қарауымыз керек. Ақын жан-жануар әлеміндегі, өсімдіктер дүниесіндегі зардаптарды айта келіп, енді азаматтығымыз бен адамгершілігіміздің, адамдық қасиеттеріміздің экологияға ұшырауынан сақтандырады... Біз ең алдымен табиғат перзенті екенімізді, қоршаған ортаға тигізетін зәредей зардап өзімізге сан еселей қайтатынын әлі толықтай санаға берік сіңіре қоймаған секілдіміз. Сондықтан да бұл тақырыпты тоқыратпай, күн тәртібінен түсірмей толыққанды туындылар беріп көтере беру – қазақ жазушыларының түбегейлі де, маңызды міндеттерінің бірі болып қала бермек.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет