Тақырыбы:
МАТЕМАТИКА САБАҒЫНДА
ОЙЫН ЭЛЕМЕНТТЕРІН ПАЙДАЛАНУ.
«Ұстаздың биігі ойлана қарасаң биіктей береді, үңіле қарасаң, тереңдей береді, қол созсаң қарсы алдыңда, айналсаң артыңда тұрғандай»
Сократ
Егеменді еліміздің алдыңғы қатарлы отыз мемлекеттің қатарына қосылуға табандылықпен жылжу саясаты қоғамымыздың барлық саласында түбегейлі өзгерістер енгізіп, жаңа талаптар қойылып отыр. Соның ішінде болашақ ұрпаққа әлемдік деңгейде білім беру мақсатына орай білім мазмұнына жаңаша қарау – басты міндеттердің бірі. Қазіргі кезде білім берудің жаңа жүйесінің жасалынуы, білім мазмұны мен әдіс-тәсілдерінің жаңаруы бәсекелестікке қабілеті мол, шығармашылық бағытта еңбектенетін, ой қабілетімен ерекшеленетін азаматты тәрбиелеуді көздейді.
Сапалы білім – ел болашағын айқындайтын басты көрсеткіш болып табылады. Бүгін мектеп партасында отырған бүлдіршіндер ертең ел тағдырын шешетін азаматтар. Олардың сапалы білім алуын бүгін қамтамасыз ету –мұғалімнің басты міндеті.
Қазіргі күн тәртібіндегі өзекті болып табылатын мәселелердің негізгісі – оқушылардың әрқайсысының өзіндік қабілетін, мінезін танып, жетілдіріп, сол бағытта жеке тұлғаларды тәрбиелеу. Орта мектеп бағдарламасындағы пәндердің бірі – математика. Математика сабағында оқушылардың осы пәнге деген қызығушылығын арттыру, алдына қойылған есеп шешімін өз бетінше табуын жетілдіру, ойлау деңгейін, қабілетін шыңдау ұстаздың басты міндеті. Математика сабағын жүргізгенде әр түрлі тәсілдерді тиімді пайдалана білу керек. Білім беруді ізгілендіру, оқыту әдістерін жетілдіруді, дамыта оқыту әдістері мен тәсілдерінің тиімді пайдалануын талап етеді.
Білімді меңгерту, біліктілікті қалыптастыру үрдісінде бақылаудың алатын орны ерекше. Бақылау - білім, біліктерін айқындау, есепке алу, бағалау, тексеру.
Егер берілетін білім мен оны меңгертудің арасында үйлесімділік болмаса, тиісті нәтижеге қол жету мүмкін емес. Білім берудегі шамаға лайықтылық тиісті кедергілер мен қиындықты жеңе отырып, меңгерілсе, ұғым – түсінік тиянақты болады. Жүйелі түрдегі әрекет мақсат еткен нәтижеге жеткізеді және одан шәкірт рухани қуат алып, ақыл - ой еңбегінің дағдысын қалыптастырады. Берілетін білімнің беріктігі шәкірттің шамасына лайықтылығы мен жүйелілігіне байланысты, оқушының көңілін әр нәрсеге алаңдата бермей, олардың зейінін нақты бір мәселеге тиянақты бағдарласа, математиканы игерту нәтижелі болмақ. Оқушыларды математиканы оқытуға қызықтырып тарту үшін қолайлы жағдайлар туғызу қажеттілігі, оқуға қызықтырудың басты шараларының бірі – нәтижеге жетуге ынталандыру. Математика сабақтарында дидактикалық ойын элементтерін қолданып сабақ өткізу өте пайдалы. Ойынсыз ақыл ойдың қалыпты дамуы да жоқ және болуы да мүмкін емес. Ойын дүниеге қарай ашылған үлкен жарық терезе іспеттес. Ол арқылы баланың рухани сезімі жасампаз өмірімен ұштасып, өзін қоршаған дүние туралы түсінік алады.
Математикалық ойын дегеніміз тынысы кең, алысқа меңзейтін, ойдан ойға жетелейтін, адамға қиял қанат бітіретін ғажайып нәрсе, ақыл - ой жетекшісі. Сабақта ойын элементтерін пайдалану оқушылардың ой - өрісін, танымдық белсенділігін арттырады. Теорияны практикамен ұштастыруға жол ашады. Алайда ойынды үнемі оқу процесінде пайдалануға, ұзақ уақыт созуға болмайды. Ойын белгілі бір уақыт аралығында жүзеге асырылып, сабақ кезеңдеріне де нұқсан келтірмейтіндей жымдасып жатуы тиіс. Ойынға педагогикалық басшылық жасау дегеніміз оқушыларды ұйымшылдыққа, шығармашылық дербес қызметтерін алмастыратын, балалардың ұжыммен қарым - қатынасын жетілдіре түсуі болып табылады. Ойын барысындағы қарым - қатынаста педагог басты назарды достыққа, жолдастық қарым - қатынас, өзара түсіністікке көңіл аударады. Ұжымдық ойындағы оқушының алар орны күнделікті өмірден айтарлықтай өзгеше. Ол ойындағы атқаратын рөлінен туындайтын мазмұнмен сипатталады. Ойын оқушылардың қарым - қатынасын орнықтырады, бір - біріне сенімін, түсінігін арттырады. Ойын мектеп оқушыларын тәрбиелеудің тиімді жолы, сабақтың барысын өзгертіп жаңалықтар енгізіп отырсақ, оқушылардың білімге деген құштарлығы артары сөзсіз.
Көрнекті педагог В.Ф.Сухомлинскийдің «Егер мен сабақ беруші ғана болсам, педагогтік деңгейде көтеріле алмас едім, шәкіртімнің жүрегі мен үшін қақпасын мәңгі ашпас тас қамалдай болып қала берер еді» деген сөзін өз санамызға сіңіріп, бұл тұжырымға көп мән беруге болады. Мысалы, мектеп оқушыларының көпшілігі математика пәнін меңгеруде көптеген қиыншылықтарға ұшырайды. Қайсыбір оқушы болмасын одан осы пән туралы сөз қозғасаң, оны дұрыс түсіне алмай жүргенін, оған деген құштарлығының жоқтығына көз жеткізуге болады. Әрине, басқа пәндерге қарағанда бұл пәннің қиыншылығы да бар. Бірақ кез келген пәнді жақсы меңгеру үшін оқушылардың сол пәнге деген қызығушылығын арттыру мұғалімнің шеберлігіне келіп тіреледі. Математикалық ойындар сыныпта жүргізілетін жұмыстардың ең қызықтысы. Ойынның қандай түрі болмасын, балаларды өзіне тартады. Мұның өзі мұғалім үшін өте қажетті жағдай. Мұғалімде әрбір ойын элементтерін қолдану оқушылар арасында саналы жарыс туғызған жағдайда жүргізілуі тиіс. Мұғалім де әрбір ойын жөнінде терең толғанып, оның оқу және тәрбиелік маңызын түсіне білуі керек. Оқушыларға қойылған сұрақ қысқа, түсінікті болуы шарт. Ойын процесінде мүмкіндігінше ойынның бірнеше түрін кезектестіріп отыруы керек, әйтседе бізде көбіне бағдарламаға байланысты бір сарынды оқыту әдетке айналған. Мысалы; үлестірме екі бөлініп, біреуінде сұрақ, екіншісінде басқа сұрақтың жауабы жазылады. Оқушылардың міндетті сұраққа жауапты дұрыс тауып, үлестірме қағазын дұрыс құрастыру. Егер тапсырма орындалса, үлестірме қағаздың екінші жағынан белгілі бір сурет немесе мақал - мәтел шығуы керек.
Қорыта айтқанда, дидактикалық ойындардың математика сабақтарында атқаратын рөлі ерекше. Ол оқушылардың қызығушылығымен қатар, оқушыларды белсенділікке, тез ойлауға, ауызша есептеулерге, логикалық ойлау қабілетін арттыруда ерекше маңызы зор. Сондықтан математика сабақтарында ойын элементтерін неғұрлым жиірек пайдалансақ, соғұрлым сабағымыз қызықты тартымды өтер еді.
ОЙЫН АРҚЫЛЫ ОҚУШЫ НЕНІ МЕҢГЕРЕДІ?
1. Оқушылар нақты қызмет тәжірибесін меңгереді.
2. Оқушылар тек бақылаушы ғана емес, өздері қатыса отырып қиын мәселелерді өз бетінше шеше білуге үйретеді.
3. Оқу процесінде алған білімді нақты істе қолдана білуге мүмкіндік береді.
4. Оқушы әрекетіне негізделген оқу көлемін басқарады.
5. Уақытты үнемдеуге үйретеді.
6. Оқушылар үшін психологиялық жағымды.
7. Ойын барысында шешім қабылдау оқушылардан аса жауапкершілікті талап етеді.
8. Оқушылар үшін қауіпсіз.
9. Кейде қарапайым оқу қызметімен салыстырғанда көп уақыт мөлшерін алады.
10. Ойын материалдары дәстүрлі оқу материалдарымен салыстырғанда күрделірек.
11. Кейбір ойын түрлерінде қатысушылардың саны шектеулі.
12. Ойын нәтижесі, өз жетістіктері, әсерлері, алған білімі, дағдысы жөнінде оқушылар ата-аналарымен, өзге балалармен, мұғалімдермен көбірек әңгімелеседі, кітапханада өз бетімен іздене білуге, қажетті материалдарды іріктей білуге үйренеді.
2. МАТЕМАТИКА САБАҒЫНДА ОЙЫН ЭЛЕМЕНТТЕРІН ПАЙДАЛАНУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Ойын балалардың негізгі іс-әрекеті ретінде психологиялық, анатомиялық-физиалогиялық, педагогикалық маңызы зор қызметтер атқарады. Ойын баланың даму құралы, таным көзі, тәрбиелік дамытушылық мәнге ие бола отырып, адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Ойынның тәрбиелік маңызын жоғары бағалай келіп, А.С.Макаренко былай деп жазды: «Бала өмірінде ойынның маңызы зор, ересек адам үшін еңбектің, жұмыстың, қызметтің қандай маңызы болса, нақ сондай маңызы бар. Бала ойында қандай болса, өскен соң жұмыста да көп жағынан сондай болады». Сондықтан келешек қайраткерді тәрбиелеу ең алдымен ойыннан басталады.
Ойын – баланың қажетті әрекетінің бірі ойынды кіші жастағы балалардың табиғаты керек етеді. Балалардың еңбегі, оқуы ойыннан басталады. Ойын арқылы оқушы білім алуға, оқуға қызықтыра отырып, тұлғалы дамуын қалыптастыруға болады. Жалпы, математика сабағында қолданылатын ойын түрлері оқушылардың математикалық ұғымдарын кеңейтіп, ойлау қабілеттерін арттырып, есептеу дағдыларын шыңдай түсетіні белгілі. Математика сабағында қазақтың ұлттық ойындары қолданылады. Мысалы, «Сақина салу», «Ақсүйек» ойыны белгісіз санды табуға арналған ойын. Ойынға толық сынып қатысады. Кестедегі белгісіз сандардың орнына «ақсүйек» тығылып жатыр. Кім дұрыс шығарса, сол табады. Кім ақсүйекті көп тапса, сол ұтады. Өтілген тақырыптардағы сабақ материалына лайықталған ойын есептерін алып, тек ғана оқушының орындай алатын іс - әрекетімен шектелу жеткіліксіз. Мұндай ойынды ұйымдастырудың және басқарудың сипаты мен жолдары және жолдары және оларды қолданудың тиімді бөліктері жан-жақты ойластырылуы керек. Ойын үрдісінде балалардың білімі тереңдей түседі, осыған дейінгі білімдері мен түсініктері баянды болып жаңа білім игеріледі.
Жалпы білім беретін мектептердің бастауыш сыныптары оқушыларының ой-өрісін дамытатын «Сақина тастау» ойыны. Дидактикалық мақсаты: 20 көлеміндегі қосу және азайтуға берілген мысалды тақтаға шығарып, сақинаны өзі қалаған оқушыға салады. Ойын осылайша жылдам түрде жалғасады. Ойынды басқара жүріп, мұғалім баланың жеке басының ерекшелігіне, оның санасына, сезіміне, ерік-жігеріне, мінез-құлқына ықпал жасайды.
Ойын - адамның өміртанымының алғашқы қадамы деп білеміз. Оның басты ерекшелігі баланың ойлау қабілетін жетілдіру болып табылады. Атау ұйқастарын санау арқылы оқушылар сан үйренеді, санға аты ұйқас заттарды танып біледі. Санамақтар сан үйретеді, әрі дүние танытады, әрі баланың қисынды ойлауы мен математикалық ойлау қабілетін дамытады. Санамақтың түрлері өте көп. Ойында балалар әр нәрсеге жақсы зейін қояды және көбірек есіне сақтайды. Ойын үстінде ол алға қойылған мақсатты шұғыл және оңай жүзеге асырады. Ойын шарттарының өзі баладан заттарға, айналатын көріністер мен сюжетке зейін тоқтатуды талап етеді. Егер бала ойын талабына зейін қойғысы келмесе, ойын шарттарын есте ұстамаса, онда оны құрдастары ойыннан шеттетуі ықтимал.
Ойын - балалардың негізгі іс - әрекетінің бір түрі. Ойын барысында баланың жеке басының қасиеттері қалыптасады. Кіші мектеп жасындағы балаларды көргендерін, байқағандарын, айналасынан естігендерін ойын кезінде қолданалытанын байқау қиын емес. Ойын айналадағы болмысты бейнелейді. Ойын барысында балалар дүниені тани бастайды, өзінің күш-жігерін жұмсап, сезініп білдіруге мүмкіндік алады, адамдармен араласуға үйренеді.
«Көрші-көрші» ойынының мақсаты 10 көлеміндегі сандардың ретін меңгеру. Яғни, мұғалім бір санды атайды, «Жеті» дейді жеті саны тағылған бала ілгері шығып, балалардың алдына тұрады. Сонаң соң мұғалім бұл санның көршілері қатарына тұрыңдар дейді. 6,7,8 сандарын құрады. Одан соң 6 және 7 сандары салыстырылады. 6-ның 7-ден біреуі кем, 6-ға 1-ді қоссақ 7 болады. 6 саны 6 бірліктен тұрады. Одан соң 7,8 т.с.с.
Алайда, ойын арқылы есептер мен тапсырмаларды орындау ақыл-ой, адамгершілік, эстетикалық және дене тәрбиесінің мақсаттарына жету үшін пайдалану орынды. Баланың қуанышы мен реніші ойында айқын көрінеді. Ойын кезіндегі баланың психологиялық ерекшелігі мынада: олар ойланады, эмоциялық әсері ұшқындайды, белсенділігі артады, еркі қасиеті, қабілеті, қиял елестері дамиды, мұның бәрі баланың жан-дүниесіне әсер етіп, оның рухани адамгершілік сезімінің дамуына ықпалын тигізеді.
Халқымыз ойынға тек балаларды алдандыру, ойнату әдісі деп қарамай, жас ерекшеліктеріне сай олардың көзқарасының, мінез-құлқының қалыптасу құралы деп те ерекше бағалаған. Жаңылтпаш, жұмбақ санамақты айту арқылы бала әрі сан, жұмбақтың шешуін тауып, ойын дамытады. Оқушылардың ой белсенділігін, саналы ойлана білуін дамыту, жетілдіру - мұғалімнің негізгі міндеті. Ойын баланың ойлау қабілеті мен сөздік қорын дамытуға, түрлі дағды мен шеберлікті меңгеруге, қиындықты жеңуге, төзімділікке баулиды. Санамақ айтыста бала санға ұйқас сөз табу арқылы, ақындық қабілетін байқайды. Егер ол ұйқас таба алмаса айтыста жеңілген болып табылады. . Жалпы қорытындылай келе, мектеп оқушыларына математика сабағында ойын - тиімді тәсіл екендігіне көз жеткіздік. Ойын - оқушылардың пәнге деген қызығушылығын, ынтасын арттыруға әсері мол болады деген сеніміміз мол. Сонымен сабақ барысында мынадай талаптар басшылыққа алынуы қажет:
1. Мұғалім оқыту кезінде билік жүргізу әдісінен арылуы керек.
2. Оқыту үрдісі кезінде сабақтағы басты тұлға білім беретін мұғалім емес, осы білімді қызыға қабылдауға дайын оқушы болуы тиіс.
3. Балалардың оқуға деген ынтасын күшейту керек.
4. Өз дербестігін, белсенділігін дамыту қажет.
5. Оқу, дамыту жұмысын ұтымды жүргізу үшін баланың табиғи талабын, қасиетін дер кезінде айқындау керек.
Осы қағидалар негізінде сабақты ойын элементтерін пайдалану арқылы жүргізу - оқушының өзін-өзі дамытуына, өз біліміндегі олқылықтарды өзі тауып, өз сұрағына өзі жауап іздеп жан –жақты білім алуына көмектеседі. Әр уақытта бала білімін алға қоюшы ұстаз үлкен көрсеткішке қол жеткізу жолында талмай талаптанып, шаршамай еңбектенеді. Сол кезде ғана еліміз көкке шарықтап, басқа елге елді танытады. Елді өсіретін де, елді төмен түсіретін де – білім. Сондықтан қолда бар амалдарды тиімді пайдана білу сіз бен біздің үлесімізде, құрметті әріптестер!
Ақмола облысы
Жарқайың ауданы
Тасөткел орта мектебі
Молдрахметова Сымбат Аманжолқызы
математика пәні мұғалімі
санаты-жоқ, білімі-жоғары
МАТЕМАТИКА САБАҒЫНДА
ОЙЫН ЭЛЕМЕНТТЕРІН ПАЙДАЛАНУ.
Достарыңызбен бөлісу: |