Тараздың көне моншалары



Дата30.06.2016
өлшемі37.5 Kb.
#167374
Тараздың көне моншалары.
Көне деректерге сүйенетін болсақ, Тараз қаласы Талас өңіріндегі саяси мәдениеттің ірі орталығы болған республикадағы ежелгі қалалардың бірі. Онда көптеген елдің көпестері, мемлекетаралық іспен шұғылданған елшілер, әртүрлі діни ағымды таратушы миссионерлер мен жол кезбелер, тарихшылар болып кеткен. Соңғы кезде көне қала жұртындағы археологиялық қазба жұмысы барысында ірі қоғамдық ғимараттардың тұғырлары мен қабырғаларын безендіруге пайдаланған көптеген ою-өрнегі бар бедерлі тақтайшалардың табылуы Таразда сәулетті сарайлар мен қоғамдық ғимараттардың болғандығын растайды. Оған қазба барысында қала датқасының сәнді-сарайлары мен халық бас қосатын қоғамдық көпшілік үйлерге қойылатын тамаша өрнектері бар бірнеше қоладан жасалған шырағданның табылғандығы да дәлел бола алады. Міне осындай сәулетті сарайда 568 жылы Византияның елшісі Земарахты Түркі қағаны Дизабул (Естеми) салтанатты түрде қабылдап, өзара келісім шартқа қол қойғандығы тарихтан белгілі.

Бүгінде тарихымыздың діңгегі болған Тараз қаласының жұртынан бізге жеткен қоғамдық үйлердің бірі - Ортағасырлық моншалар қалдығы. Егер тарихи деректерге сүйенентін болсақ, көне қалалардың әрқайсысында ең кемінде 5-6 монша болған. Ал біздің Тараз қаласының жұртынан екі монша табылды. Зерттеу барысында моншаларды салуда қаланың санитарлық тазалық жағы ескерілгендігі және соған орай олардың қаланың сыртқы қорғаныс дуалдарының ішкі жағына орналастырылғандығы анықталды.

Талас өзені ағысы деңгейінің төмендігі, биіктеу жерден табылған су құбырлары моншаларға қажетті судың өзеннен арнаулы шығыршақ арқылы су сақтайтын қоймаға құйылып, ары қарай көлбей қойылған су құбырларымен ағызылғандығын айғақтайды. Кейде қос моншада жеткілікті мөлшерде су болмай қалған кезде суды қабырғалары тастан өрілген құдықтан алатын да кез болған.

1939 жылы көрнекті археолог А.Н.Бернштам көне қаланың шығыс-терістік жағындағы бұрышынан моншаны қазды. Монша - көлемі 13,60x12,40 және 50-50x6,5 келетін күйдірілген кірпіштен тұрғызылған 6 бөлмеден тұратын болып шықты. Бірінші киім шешетін бөлмеден екі орындық пен пештің калдығы табылды. Ал моншаның оңтүстік-батыс бөлмесінде 1,75x4 м жуынатын астау, еденнен сыртқа су ағатын қуыстары болған.

Қазба жұмыстары нәтижесіне қарағанда үш бөлменің қабырғалары геометриялық өрнектермен, ал екі бөлменің қабырғалары мен жуынатын астау сегіз бұрышты өрнекті сары бояумен, оның айналасы қара бояумен көмкерілген, ал алтыншы бөлменің кабырғалары ақ, қызыл, сары бояулы тақталармен қиылыстырылып, кейбір жерлерде шөп тәрізді өрнек те қолданылған. Төбеден түскен қалдықтарға карағанда монша көп күмбезді болған, Моншаның еденінен Х-ХІ ғасырлардағы 17 көне тиын ақша, өте жақсы сақталған шырағдан табылды.

Археолог А.Н.Бернштам моншаның қабырғаларындағы геометриялы, шөп тәрізді ою-өрнектердің Айша-бибі кесенесіндегі өрнектермен ұқсастығын айта келіп, оны XI ғасырдағы Қараханидтер дәуірінен қалған жәдігер деп тұжырымдайды.

1970 жылы Орталық базарда жабық базар құрылысын салу үшін жер қазу жұмысы жүргізіліп жатқанда, ол арадан қабырғалары қызыл кірпіштен қаланған құрылыс табылды. Соған сәйкес жер қазу жұмыстары тоқтатылып, археологиялық қазба жұмыстары басталды. Нәтижесінде көлемі 10,5х10м, төртбұрышты, қабырғаларының биіктігі 1,5 м-ге жуық, қалыңдығы 90 см күйдірілген кірпіштен қаланған, төрт бөлмеден тұратын екінші моншаның орны табылды. Аумағы басқалардан үлкендеу көрінген 1-ші бөлме шешінетін орын болып шықты. 2-3 бөлмелер жуынуға, буға түсуге немесе массаж жасауға арналған. Ал төртіншісінен аумағы онша үлкен емес ыстық су құятын астаудың орны табылды. Ең қызығы қазба барысында табылған аумағы кішкене қыш құбырлардың көпшілігінің өзегінде онымен ыстық су жүргендігін дәлелдейтін ақ дақтардың іздері сақталыныпты, 2-3-ші
бөлмелердің астында жылу жүретін жолдар бар. Олардың үстін жалпақ тастармен жауып, әк қосқан ерітіндімен сылап тастаған. Мұның өзі моншаға келгендердің аяғы астында жылудың болуына, терлеп-тепшіп рахаттануына мүмкіндік туғызған. Еден астындағы жылу құбырлары қабырғаларының нақышына келтіріліп, әсем әрі берік қалануы олардың осы уакытқа дейін бұзылмай сақталуына мүмкіндік туғызған. Терістік жақтағы пештің орны бұзылып кеткен. Шамасы осында жағылған оттың жылуы еден астындағы қуысты бойлап, негізгі қабырғамен аралығындағы аумағы үлкен құбыр арқылы сыртқа шығып кетіп отырған. Моншада ыстықтың көп сақталуы үшін оттың жүретін қуыстардың астына қиыршық тастар төселген.

Моншаның батыс жағында екі жерден бір бағытқа тартылған ылас жуынды сулар ағатын көлемі бір метрдей келетін қыштан күйдіріліп жасалған түбі жалпақ сүзгіш бар. Пайдаланылған ылас су осында жиылып, одан әрі су құбыры арқылы тастан қаланған құдыққа құйылған.

Біз төртінші бөлменің батыс жағындағы астауға жақын, терендігі 4 метрге дейін айналасы тастан қаланған құдықты қаздық, бірақ түбіне жете алмадық.

Моншаға керекті ауыз суды құдықтан алып отырған. Бөлмелердің еденін қазғанымызда табылған жоғарыдан түскен қалың сынықтар моншаның көп күмбезді және бірнеше рет жөндеуден өткендігін білдіретіндей.

Соңдай-ақ, қазба барысында сол кездегі қала тұрғындарының тұрмыс-тіршілігінде көп пайдаланылған, кішігірім тастар, кұмыралар, әртүрлі ою-өрнекті қола шырағдандар және басқа құнды заттар табылды. Осы қазба барысындағы тағы бір олжамыз, екінші бөлменің шығыс жағында орындық ретінде қойылған тастың арасынан моншаға түсуге келген Тараздың бір сұлу кербезінің шашын тарап отырғанда абайсызда жоғалтып алған алтын сақинаны қоярда-қоймай Астана мұражайы алып кетті.

Тараз жұртынан табылған алғашқы моншаның қабырғаларын көмкерген ою-өрнек жақсы сақталғанымен, еден астындағы жылу жүретін құбырлар сақталынбаған. Ал екінші моншаны алсақ, біріншіге қарағаңда әлдеқайда жақсы сақталынған, онда жылу жүретін қуыстар, лас су жүретін құбырлар тізбегі бар. Оның үстіне қазба барысыңда табылған ыдыс-аяқтарды өзінің табылған орнына қойсақ болғаны. Егер мүмкіндігі болса бір бөлмеге бірінші моншадан табылған экспонаттар мен ою-өрнектерді койып, бір қабырғада безендіріп керсеткен оңды болар еді.

Жуырда осы жоғарыда аталған моншалардың алғашқысы туралы «Егемен Қазакстан» газетінің 5 маусымдағы нөмірінде Қанат Тұяқбаевтың «Көне шаһар маржандары» атты мақаласы жарияланды. Онда автор «мүмкіндік болса Тараз моншасын қайта толығымен калпына келтіруге немесе тап өзіндей көшірмесі салынса» деп орынды меселе көтеріпті. Сірә автор монша орнының ертеде-ақ талқандалып, орнына үйлер салынып кеткендігін, монша туралы деректердің тек А.Н. Бернштамның еңбектерінен ғана белгілі екенін білмейтін секілді. Ол кісі Тараз қаласының 2000-жылдық мерей тойына дайындыққа байланысты ғылыми іс-сапармен келгенінде орталық базардағы № 2 моншаның көміліп жатқанын дәлелдейтін тақтадағы жазуды байқамаған сияқты. Бұл ескерткіш есепке алынып, қорғауға алынған. Егер автор өзінің
республикадағы бірден-бір мемлекеттік жөндеу-құрылыс және қайта қалпына келтіру басқармасының бастығы екендігін пайдаланып, Тараздан табылған 2-ші моншаны мұражай етіп ашуға өз тарапынан көмек көрсетсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Жалпы ортағасыр дәуіріндегі дәрігерлер моншаның адам өміріне тигізетін әсерін жоғары бағалаған. Мәселен, атақты ғалым дәрігер Ибн Сина «әрбір моншаның ыстықтығы бір қалыпты, кіре беріс бөлмесі кең, жарық және бөлмелердің қабырғаларында сұлулықты уағыздайтын тамаша суреттер болуы керек» деген. Демек, орта ғасыр дәуіріндегі адамдар монша кабырғаларындағы әртүрлі тақырыптағы бейнеленген мазмұңды суреттерден қиялы шабыттанып, эстетикалық ләззат алып, рахаттана дем алатын болған. Сонымен бірге монша ертеден-ақ көпшілік қауымның бас қосатын орны болған, онда тек тән тазалығын қамтамасыз ету ғана емес, әртүрлі лауазымды іс адамдарымен кепестер бас қосып, көптеген келелі мәселелерді шешіп отырған.



Тараз моншасы сонау ата-бабаларымыздың аманат ретінде бізге қалдырған бірден-бір ескерткіші. Сол себептен оларды бұзылып қирап қалған демей, қолда бар нәрсені көздің қарашығындай сақтап, қамқорлық жасап, қолдан келсе қаражат бөліп мұражай ашу қажет.

Осындай қолда бар жәдігерлерді көрсету арқылы казақ халқын ықылым заманнан-ақ мәдениеті өркендеген өркениетті ел екенін әлемге танытуға болады. Әрі оның өзі қаланың екі мың жылдық торқалы тойына таралғалы тарту болған болар еді.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет