Тарихи лексикологияның зерттеу нысаны, салалары. Қазақ лексикографиясының тарихы Мазмұны



Дата24.11.2022
өлшемі18.08 Kb.
#465640
түріҚұрамы
тар лек


Тарихи лексикологияның зерттеу нысаны, салалары.
Қазақ лексикографиясының тарихы
Мазмұны: Тарихи лексикология тілдің сөздік құрамын, шығуын, замандар бойында қалыптасуын және дамуын, лексиканы құрастырушы арнала және олардың тарихы тұрғысынан зерттейді.
Тарихи лексикологияның бір саласы – этимология. Этимология сөздердің шығу тегін зерттеп, олардың ең алғашқы мағынасының қандай болғандығын айқындайды. Этимолгиялық зерттеулердің жеке сөздердің шығу төркінін ғана емес, сонымен бірге жалпы тілдің тарихын танып білуде маңызы өте зор.
Тілдің тарихы мен ондағы сөздердің тарихы халықтың тарихымен тығыз байланысты болады. Осыған орай, сөздердің шығу төркіні жайындағы этимологиялық зерттеулер тарихи және этногенетикалық мәселелерді қарастырып шешуде де айрықша маңызға ие. Сөздер бір тілден басқа бір тілге ауысып енуге икем келеді. Көне замандарда бір тілден екінші тілге еніп, әбден қалыптасып кеткен кірме сөздер бойынша әр түрлі халықтардың ерте дәуірлерде бір-бірімен жасаған қарым-қатынастарының түрлерін айқындауға болады. Сөздердің өзгеріп даму тарихынан, әсіресе олардың мағыналық жақтан даму тарихынан, адам ойлауының табиғат құбылыстары мен қоғам құбылыстарын ғасырлар бойында танып білуге ұмтылып күш салуының тарихы көрінеді. Осыдан этимологиялық зерттеулердің екі түрлі проблемаға қатысы келіп туады: оның бірі – тіл мен тарих проблемасы, екіншісі – тіл мен ойлау проблемасы.
Лексикологияның енді бір саласы – салыстырмалы лексикология туыстас тілдердің сөздік құрамын, ондағы сан алуан сөздерді бір-бірімен салыстыра отырып зерттейді. Салыстырмалы лексикология туыстас тілдердің лексикасын салыстырып қана қоймайды, оларды тарихи даму, өзгеру тұрғысынан қарастырады. Сондықтан ол, әдетте, салыстырмалы-тарихи лексикология деп аталады. Салыстырмалы-тарихи лексикологияның маңызы мынада: тілдің ерте кездегі шағын сөздік қоры талай замандар бойында, біріншіден, талай өзгерістерге ұшыраса, екіншіден, өрбіп, өсіп, сан мыңдаған сөздер қосылып, бұл күнде оның аумағы да, арнасы да кеңіді. Қазіргі тілдердің лексикалық байлығы дамудың барысында замандар бойында қор жинау жолымен жасалды. Тілдің лексикасының замандар бойында қалыптасып жасалуының заңдылықтарын және оның тарихын танып білу туыстас тілдердің сөздік құрамын тарихи тұрғыдан қарастырып, бір-бірімен салыстыра зерттегенде ғана мүмкін болмақ.
Тілдің лексикасындағы әрбір сөзде белгілі бір мағына бар. Сөздердің мағыналық жақтары семисологияда қарастырылады. Семисология сөздердің мағыналарын және ол мағыналардың өзгерілу жолдарын, семантикалық заңдарды зерттейтін арнаулы бір сала болып саналады. Семисология – лексикологияның ең басты және маңызды саласы.Семасиологияның лексикографиялық жұмыста да (сөздіктер жасау) маңызы айрықша. Сөздіктерде сөздің мағыналық жақтары талданады. Семисологиялық зерттеулердің топшылаулары мен қорытындылары сөздік жасау жұмысын ғылыми және практикалық тұрғыдан дұрыс жолға қоюға көмектесіп, бағыт-бағдар сілтейді.
Лексикологияның семасиология тарауымен тығыз байланысты бір саласы – ономосиология деп аталады. Ономосиология зат немесе құбылыс ұғымының белгілі бір сөзбен аталуының себебін қарастырады. Нақтырақ айтқанда, ономосиологиялық тұрғыдан қарастырғанда, ұғымның сөзбен аталу, белгілену жағына назар аударылады.
Ономосиологияның диалектологияға да қатысы бар. Ономосиологияның диалектологияға қатысы әсіресе лингвистикалық географиядан айқын аңғарылады. Әр түрлі тілдердің диалектологиялық атластарының лексикологиялық картасы ономосиологиялық негізге сүйеніп жасалады да, бір заттың немесе құбылыстың диалектілердегі әр түрлі атауларының таралу шегі көрсетіледі.
Ономосиологияның айрықша бір саласы – ономастика жалқы есімдерді зерттейді. Ономастика өз ішінде екі салаға бөлінеді: антропонимика кісі аттарын зерттеу объектісі етіп алса, екіншісі – топонимика географиялық атауларды зерттеу объектісі етіп қарастырады.
Лексикография сөздіктерді құрастырудың ғылыми методикасы дегенді білдіреді. Сөздіктерді жасау үшін , тілдегі сөздер мен фразеологиялық оралымдарды жинау үшін оларды жүйеге келтіру жұмыстары жүргізіледі. Сөздік жасау жұмысы лексикографиялық жұмыс деп аталады.
Сөздіктердің тіл-тілде бірнеше түрі бар. Олардың әрқайсысы әр түрлі мәдени қажеттілікті өтеу үшін жасалады. Лингвистикалық сөздіктер жасалу мақсатына қарай бірнеше түрге бөлінеді.
1) Сөздіктердің ішінде тілдің лексикасының шығуын, дамуын және оның бірнеше дәуірін қамтып сипаттайтын түрі бар. Мұндай сөздіктер тарихи сөздіктер деп аталады. Керісінше, сөздіктердің кейбір түрі қазіргі тілде жаппай және жиі қолданылатын сөздерді қамтып, оларға талдау жасап, сипаттама беруді мақсат етеді. Мұндай сөздіктер қазіргі тілдің сөздіктері деп аталады.
2) Сөздіктердің белгілі бір түрі тілдегі күллі сөздерді түгел қамтып сипаттауды мақсат етеді. Мұндай сөздік толық сөздік деп аталады. Сөздіктердің енді бір түрі тілдің сөздік құрамындағы барлық сөздерді емес, оның белгілі бір дәуіріндегі сөздерді немесе лексиканың белгілі бір саласын қамтитын сөздік түрінде жасалады. Мұндай сөздік кіші сөздік немесе толық емес сөздік деп аталады. Сөздіктердің бұл түріне арнаулы сөздіктерді де (терминологиялық, синонимдер, фразеологиялық) жатқызуға болады.
3) Сөздердің сөздікте ана тілінде түсіндірілуі немесе басқа тілге аударылып түсіндірілуіне қарай сөздіктер екі түрге бөлінеді: олардың алғашқысы – бір тілдік түсіндірме сөздіктер, екіншісі – екі тілдік немесе көп тілдік аударма сөздіктер.
4) Сөздіктер оларда берілген сөздердің алфавит тәртібімен көрсетілуіне немесе сөздермен белгіленетін ұғымдардың топтарының рет-ретімен көрсетілуіне қарай екі түрге бөлінеді: 1. дыбыстық немесе алфавиттік сөздіктер; 2. идеологиялық сөздіктер немесе ұғымдар сөздігі.
Сонымен сөздіктерді төрт түрлі топқа бөліп қарауға болады.
І. Сөздердің шығу тегі мен олардың семантикасының дамуы туралы мағлұмат беретін сөздіктер. Бұларға жататындар: 1. Этимологиялық сөздік. 2. Тарихи сөздік.
ІІ. Қазіргі тілдердегі сөздердің мағыналарын түсіндіріп, олардың қолданылуы жайлы мағлұмат беретін сөздіктер. Бұлардың қатарына енетіндер: 1. Түсіндірме сөздік. 2. Аударма сөздік. 3. Терминологиялық сөздік. 4. Диалектологиялық сөздік. 5. Фразеологиялық сөздік. 6. Синонимдер сөздігі.
ІІІ. Сөздердің дыбыстық құрылысы мен олардың жазылуы туралы мағлұмат беретін сөздіктер. Бұлардың қатарына енетіндер: 1. Фонетикалық сөздік. 2. Орфографиялық сөздік.
IV. Заттар мен құбылыстардың ұғымдарын айқындап түсіндіретін сөздіктер. Бұлардың қатарына енетіндер: 1. Энциклопедиялық сөздік. 2. Иллюстративті сөздік.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет