Тауман амандосов публицист



Дата25.02.2016
өлшемі75.5 Kb.
#20702
Гүлжазира ЕРТАСОВА
ТАУМАН АМАНДОСОВ – ПУБЛИЦИСТ
ХХІ ғасырға қадам басқан қазақ баспасөзі, оның ішінде қазақ публицистикасы жан-жақты өсіп, жанрлық жағынан жетілген, мақсат-мұраты мен атқарар қызметі айқындалған, кей сәтте талдау мен ой-толғау жағынан тереңге бара алатын парасатты да байсалды, салмақты да салиқалы сипатымен ерекшеленеді. Публицистикалық қоғам өміріндегі алатын орнын, мән-мағынасын ғылыми тұрғыда айқындап, тұжырымдаудың теориялық жағынан да, практикалық жағынан да маңызы зор. Публицистиканың жеке ғылым, жеке сала деңгейіне көтерілуіне орай оның өзіндік ерекшеліктері, мазмұн мен түрі, жазылу стилі, басқа да заңдылықтары, яғни теориялық сыр-сипат, айырым-белгілері болатындығы ескеріліп, публицистика жайлы іргелі еңбектер жазылып, зерттеулер жасалуы, сөз жоқ, игі нышан. Бұл орайда қазақ кеңес журналистерінің теориясы мен тәжірибесін жете зерттеп, зерделеген қайраткер, ғалым-қаламгер Тауман Салықбайұлы Амандосовтың ғылыми ізденістері мен еңбектерін алдымен атаған ләзім. Олай болуы заңды да. Өйткені ол - журналистика теориясы бойынша ана тіліміздегі алғашқы оқулықтардың авторы, ұлттық баспасөздің өркендеуіне көп еңбек сіңірген талантты публицист. Ұстаз. Ғалым. Қаламгер. Қайраткер.

Екінің бірінің қолы жете бермейтін бұл биікті бағындыру, әрине, Тау-ағаға оңай соқпағанын былайғы жұрт жетік біле бермейді. Балалар үйінен бастау алатын шырғалаңға толы өмір жолы оны әбден сынақтан өткізіп барып, шығырмашылық атты мәңгілік дүние кілтін қолына ұстатты.

Бұл туралы жазушы Хамит Ерғалиев өз естелігінде былай дейді: «Екеуміз де жетімнен жетілген, адал жанның сарқытын Алланың берген несібесіндей қастерлеген, түнергеннен түңіле де білген пендеміз. Сондықтан бізді түсіну – оңайдың оңайы.

Өзара шүйіркелесіп іш ашысқанда арқандаулы аттай айналып табатын түпқазығымыздың төркіні осыған сая беретін. Шынында да, ол аузын ашса көмейі көрінетін ақпейіл, ойдағысын ірікпейтін барынша батыл, бірсөзді бітім болатын. Адамға қайырым - рахым істеудің риясыз жолын оған өз басына түскен ауыртпалық танытты. Ол ұлағатты ұстаздың дәрежесіне жетім бөбек шағында біреуі кесіліп қалған жалғыз аяқпен жанығып көтерілді. Сол кемтарлықтың есесін ол ерлікпен, қазымыр білімдарлықпен қайтарды. Қазақ, қырғыз елдерінде Тауман шәкірттеріннің талайымен кездескенім есімде».

1942 жылы қазіргі Атырау қаласында шығып тұрған облыстық «Социалистік құрылыс» (қазіргі “Атырау”) газетінде әдеби қызметкер болып еңбекке араласқан кезінен былай қарай ол жорналшылықтан бір елі ажырамай, қаламгерлікті өмірлік серігі етті. Мұнда ол әуелі корректор, әдеби қызметкер сияқты басқыштардан сүрінбей өтіп, бөлім меңгерушілігіне тағайындалды, партия қатарына қабылданды. Тау-ағаның қызметке деген ынта-жігерін, зеректігін, ұйымдастырғыштығын сол кездегі редакция ардагерлері Қадырғали Сасықов, Сапығали Шәкімов, Сүлеймен Сапығалиевтар өз естеліктерінде айтып та, жазып та жүрді. Ол кісілердің айтуынша, ол кезде Тау-аға меңгерушілік ететін хат бөлімі редакцияның күре тамыры іспеттес еді. Т.Амандосов қала мекемелеріне немесе аудандарға бір шығып келгеннің өзінде хат-хабарға қарық қылып тастайтын. Оның жастайынан кісі есігінде өгейсіп, өжет болып өскендігі кейін журналистік жұмыста да қайтпайтын қайсарлық пен принципшілдікке ұласты. Мысалы, ол газет көтерген мәселелерді ақыр аяғына дейін зерттеп, түпкі нәтижесіне жетпей тынбайтын. Ол үшін облпартком, облатком, тиісті заң орындары басшыларына именбей кіріп, газет материалдарына орай тиісті шара алғызатын-ды. «Ғалымның хаты өлмейтіндігін» Амандосов шығармашылығы тағы да айқын дәлелдеп берді.

1946 жыл – жиырма бес жастағы Тауман өміріндегі ең бір шешуші жыл. Осы жылы ол талайлардың асқақ арманы – атақты ҚазМУ-дің филология факультетінің журналистика бөліміне оқуға түсті. Соғыс жаңа аяқталып, елдің тұрмыс-тіршілігі әлі түзеле қоймаған жұпыны кез. Бағына қарай, Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті жанындағы партия тарихы институында кіші ғылыми қызметкер атқаратын аудамашылық жұмыс табылып, оқуын еңбекпен ұштастыруына тура келді. Сол кездегі атақты аудармашылар С.Бәйішев, Ж.Жантөрин, Қ.Сағындықовтардың ақыл-кеңесін тыңдап, тәжірибе жинақтап, кеңес жазушыларының бірқатар шығармаларын қазақ тіліне аударуы талантты аудармашы Амандосовтың алғашқы айтулы табысы еді. Атап айтқанда, С.Л.Лупуновтың «Әлемнің ашылуын», Н.Касильдің «Теңіз қашығындағысын» және А. Сафроновтың «Өкімет» атты пьесасын қазақша сөйлетуі кезінде жоғары бағаланғаны оқырман қауымға аян. Сонымен қатар, талай рет Үндістанда болып, ол туралы “Гималайдың аржағында” атты кітап та жазды.

1950 жылы оқуын үздік дипломмен тәмамдаған жас маманды қасиетті білім ордасы - ҚазМУ аға оқытушы етіп өзіне алып қалуы да тегін емес-ті. Екі жылдан кейін орда бұзар отыз жасында ҚазМУ-дің сырттай оқу жөніндегі проректоры қызметіне тағайындалып, оны абыроймен атқаруы сенім үдесінен шыға білгендігі жайынан сыр шертеді. Соның арқасында қазақтың кәсіпқой журналистерінің ішінен мұндай лауазымға алғаш қол жеткізген талант иесі болып тарихта аты қалды. 1955 жылы «Қазақ кеңес әдебиетіндегі халықтар достастығы идеясы» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, бірінші оппоненті - әлемнің Әуезовінің өзінен бата алды. «Батамен ер көгерер» демекші, ғалым Амандосовтың былай қарайғы табысының кілтін сол қазақ қара сөзінің қас шебері, әулие Әуезовтің батасымен байланысты қарастырған жөн болар.

Ғалымдықты ұстаздықпен ұштастырған, жүректе түйіскен қос арнаны шығармашылықпен ұштаған, сол арқылы еліне қаламгерлікпен қоса танылған Тау-ағаның қайраткерлік қызметі де көңіл көншітпей қоймайды.

Егеменді Қазақ мемлекетіндегі қаламгер атаулыда бұл есімді білмейтін адам бүгінде кемде – кем. Өйткені ол саналы ғұмырын тапжылмай, табан аудармай күллі қазақ жорналшылығының тұтқасын ұстап отырғандардың бірі болды. Қазақ университетінде оқып, қазақ баспасөзіне жолдама алғандардың бәрі – осынау әйгілі білім – ілім – ғылым ордасында бірде проректор, бірде декан, бірде кафедра меңгерушісі болып, бүкіл саналы ғұмырын адам тәрбиесін арнаған профессор Амандосовтың шәкірттері. Тау-аға олардың әрқайсысын өзі баулып-түлеткен қыран бүркіттей көрінетін.

«Өмірге келген пенде өзіне тиісті үш міндетті өтеуі парыз. Бұл ретте Тәкең орда тігіп, қара шаңырақ тұрғызды, перзенттерін аяқтандырды. Ол ағаш өсірмеді, есесіне жүздеген, мыңдаған шәкірт тәрбиеледі. Орыс қаламгерінің “Біз Гогольдің “шинелінен шықтық”... дейтіні сияқты, еліміздегі кәсіби жорналшылығының дамуы, қалыптасуы осындай үлкен жүрек иесіне қарыздар... Бұл күні қазақ баспасөзінің тұтқасын ұстап жүрген жорналшылардың басым көпшілігі – Тәкеңнің шәкірттері... Тәкең аз ғана өмірінде өзіндік із қалдырды. Ендеше, ол оның аруағы бүгін де біздің арамызда, біздің жадымызда. Өскелең елдің ата салты - өмірден кеткен адамның аруағын қастерлеу. Бұл - өмір сабақтастығының үзілмес арнасы...» дейді Манаш Қозыбаев.

1958 жылдан 1966 жылға дейін қазақ білімінің қара шаңырағы ҚазМУ-дің филология факультетінің, алдымен, бір жыл деканының орынбасары, одан кейін атандай тоғыз жыл тапжылмай деканы қызметін абыроймен атқаруы – айрықша әспеттеп айтуды қажет ететін елеулі еңбек. 1966 жылы Тауман Салықбайұлының басшылығымен филология факультеті құрамындағы журналистика бөлімі арнайы факультет болып еншісін алып шықты. Ол осы факультеттің тұңғыш деканы болып сайланып, осынау абыройлы міндетті 1971 жылға дейін үлкен жауапкершілікпен, толымды табыстармен атқарды. 1969 жылы факультетте телерадио кафедрасының ашылуына ұйытқы болып, оған жетекшілік жасаса, 1971 жылдан өз ұсынысымен ашылған қазақ жорналшылығы кафедрасының профессоры болып қызмет етті. Ал 1976 жылдан өмірінің соңғы сәтіне дейін замандастары Амандосов кафедрасы атап кеткен журналистік шеберлік және әдеби редакциялау кафедрасының меңгерушісі міндетінде де үлгілі өнеге көрсетті. Осылайша журналистиканы өмірінің мәні етіп қалап алған Амандосов бар саналы ғұмырын ҚазМУ-дің журналистика факультетінің қалыптасып, дамуы жолына арнады [1].

1982 жылы Мәскеуде МГУ-дың профессоры, әлемге әйгілі ғалым Ясен Николаевич Засурскийдің жетекшілігімен “Қазақ публицистикасының тарихы, өркендеуі және проблемалары” атты докторлық диссертация қорғап, Қазақстанда журналистика теориясы бойынша тұңғыш ғылым докторы, профессор атағын алды. Университеттің үлкен ғылыми кеңесіне талай рет мүше болып сайланды. Ол басында өзі ұйымдастырған “Қазақ университеті” газетінің біраз жылдар бойы редакторы да болды. Ал КСРО журналистер Одағының байырғы мүшесі ретінде Тау-аға осы Одақтың Бүкілодақтық ІІ–ІІІ–ІV съездеріне делегат болып қатысты. Сонымен қатар ол Қазақстан Журналистер одағының Алматы қалалық бөлімшесінің жетекшісі, әрі қалалық журналистер шеберлігі университетінің ректоры болып қызмет атқарды. Міне, жарты ғасырға жуық өмірін университет қабырғасында өткізіп, қоғамдық жұмыстардың осындай алуан түрін қоса атқарған ол қазақ публицистикасының теориясы мен практикасы мәселелері төңірегінде 11 монография, оқулықтар, 100-ден астам ғылыми еңбектер жариялады. ЖОО-ның студенттеріне арнап қазақ тілінде әлі маңызын жоя қоймаған “Совет журналистикасының теориясы мен практикасы” (1968), “Қазақ кеңес баспасөзінің жанры” (1968), “Журналист және өмір” (1967), “Газет жанрлары” (1964), “Бүгінгі қазақ публицистикасы” (монография, 1974), “Публицистика – дәуір үні” (монография) т.б. көптеген оқулықтар жазды. Бұл еңбектер - күні бүгінге дейін журналистика факультеті студенттерінің айнымас серігі. Бұл оқулықтарды тек республика журналистері ғана емес, көршілес Өзбекстан, Қырғызстан университеттерінде де оқу құралы ретінде пайдаланған. “Қазақстан” баспасынан шыққан “Публицистика – дәуір үні” атты монографиясы күні бүгінге дейін өз маңызын жойған жоқ. Публицистиканың қоғам өміріндегі алатын орнын, мән-мағынасын ғылыми тұрғыда айқындап, тұжырымдаудың теориялық жағынан да, тәжірибелік жағынан да маңызы зор. Бұл туралы Т.С.Амандосов мынадай тұжырымға келеді: “Публицистика – ақиқат өмірдің сырлы суреті, оның арқауы – шындық. Публицист - өмірдің фактілері мен құбылыстарының бәрін бірдей, қалай болса солай жинақтай бермейді. Өзінің идеалына, жоғары саналылық мақсаткерлігіне керектілерін таңдап алып, шығармасына арқау жасайды. Бұл ретте ол өмір құбылыстарын өзінің дүниетанымы мен әлеуметтік көзқарасы тұрғысынан саралайды... Бүкіл публицистика, публицистің шығармашылығы қоғамдық өмірдің объективтік заңдылығының ықпалымен дамып отырады” [2].

Монография авторы публицистиканың ерекшеліктеріне тоқталып, оның жанрлық ауқымының кең екенін дәлелдеген. Яғни, белгілі бір оқиғаны, құбылысты, жаңалықты жедеқабыл хабарлайтын кішігірім заметканы да публицистикалық жанрларға қосуға әбден болады. Автор өз еңбегінде қазақ публицистикасының өскен деңгейі, оның қоғамдық өмірге батыл араласып, тақырыбының жан-жақты кеңейгенін нақтылы мысалдар арқылы көрсетеді. Бұл ретте автор баспасөзде жарияланған бірқатар материалдарға талдау жасайды.

Монографияның екінші бөлімі “Қазіргі қазақ публицистикасы және оның жанрлық ерекшеліктері” деп аталған. Мұнда публицистика жанрларының түрлері мен даму заңдылықтары сөз болады. Автор публицистиканы хабар жанрлары, талдамалы жанрлар, көркем жанрлар деп үш түрлі жүйеге бөледі де әрқайсысына анықтама беріп, жеке-жеке тоқталған. Қорыта келгенде, профессор Т.С.Амандосовтың монографиясында публицистика өмірдің әлеуметтік, экономикалық, өндірістік, ғылыми және рухани құбылыстарын, фактілерін паш ететіні, оның ерекшеліктері мен қоғам өміріндегі алатын орны жан-жақты баяндалған.

Сөйтіп, Тауман Салықбайұлы 40 жыл бойғы жан-жақты қыруар еңбегі үшін 1982 жылы Қазақ ССР еңбек сіңірген жоғары мектебі қызметкері деген атаққа ие болды.

Т.Амандосовтың журналистік шығармашылығы терең зерттеуді қажет ететін материалдар негізі. Қозғайтын тақырыптары айшықты сипатының өзі публицистің шығармашылық процесіне, қызметінің әдісі мен формасына белгілі дәрежеде ықпал етті. Т.Амандосов публицистикасынан оқырман ой-санасына жетерлік бай тәжірибе, көркемдік ой-шеберлік, тақырыптық проблеманың молдығын байқап, таныр едік. Көпшілік оқырманға қатысты нақты саяси-қоғамдық пікірін журналистің көптен көкейде жүрген ойы деп тануымыздың сыры осында жатыр. Дегенмен, біз әлі де оның журналистік, публицистік қырын ғылыми тұрғыда толық танып білдік деп айта алмаймыз. Оның бірнеше себептері бар: біріншіден, Т.Амандосовтың газеттерде жарияланған публицистикалық туындылары, шығармашылығы арнайы қолға алынып түбегейлі зерттелмеген. Екіншіден, баспасөз бетінде үзбей жарияланып келген публицистің әр жылдарда жазылған ірілі-ұсақты мақала, очерктерінің топтастырылып, жинақталғаны.

Өткенімізге үңіліп, бүгінгі күн талабы тұрғысынан жаңа көзқараспен таразылау үшін журналистиканың проблемалары, сол арқылы белгілі қаламгеріміздің публицистикалық мұралары жөнінде зерттеу еңбектерін жазу бұрыннан бар дәстүр. Публицистиканың теориялық проблемалары, оның қызмет принциптері публицистикалық шеберлік теориясын жасауға негіз болып, проблеманы зерттеудің бағыттары мен әдістерін белгілеп берді. Осы арқылы публицистикалық шығармашылықтың негізгі заңдылықтары айқындалып, публицистің дүниетанымдық көзқарасын, кәсіби шеберлігін талдауға жол ашылды.

Тақырыпты зерттеу барысында қазақ публицистерінің шығармаларына қатысты көптеген қалам иелерінің естеліктері мен шығармалары төңірегінде әдеби-сын пікірлері пайдаланылды. Т.Амандосов шығармаларына қатысты аталмыш мақалалар мен публицистің өз естеліктерінде қайсыбір туындылары жайлы ара-тұра сөз болғанымен, қаламгер жазбагерлігі арнайы түрде зерттеу өзегіне айналған емес және публицистикасы, мақала-хаттары, өнер, әдебиет жайлы толғаныстары теориялық тұрғыда қарастырылған емес. Міне, сол себепті публицист шығармаларын жанр талаптарын ескере отырып, көркемдік мұрат және композициялық құрылым аясында, поэтика мен стиль даралығы тұрғысында зерттейміз. Бүгінге дейін бірді-екілі айтылған пікірлерді жинақтап, талдап, қорытып, нақты ғылыми тұжырымдарға барамыз.


Сілтемелер көрсеткіші:

[1]. Қ.Ө.Сақ. Декан. // Егемен Қазақстан. 6 сәуір, № 85-86. 2007.

[2]. З.Әйтімов. Публицистика туралы еңбек. // Социалистік Қазақстан. 27 тамыз, №200. 1974.


* * *

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет