ТАЯУ ШЫҒЫСТА АЙМАҚТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ЖҮЙЕСІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ КЕЙБІР ЫҢҒАЙЛАРЫ
Әбдіқадырова Ж.Б.,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті
Халықаралық қауіпсіздік проблемалары соғыс және бейбітшілік, саяси, экономикалық және әскери өзара әрекеттестік, қақтығыстық, одақтардың қалыптасуы мен ыдырауы мәселелерін қамтитын халықаралық қатынастардың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
Саясаттанушылар қауіпсіздікті халықаралық қатынастар жүйесінің тұрақтылығы мен тұрақсыздығы тұрғысынан – халықаралық немесе жүйелік қауіпсіздік; мемлекеттердің өзара әрекеттесу деңгейі бойынша – ғаламдық немесе аймақтық қауіпсіздік; өзара әрекеттесуге қатысушылардың санына қарай – ұлттық, мемлекеттік, топтық және т.б. деп жіктейді [1].
Аймақтық қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздік (немесе сыртқы қауіптерден арылу мүмкіндігі), халықаралық қатынастардың аймақтық жүйесінің факторлары және белгілі бір кеңістік пен уақытта қолдануға болатын (жеке немесе ұжымдық) шаралар туралы жалпы түсінік болып табылады [2].
Аймақтық жүйедегі жекелеген акторлардың қауіпсіздігін сыртқы және ішкі қауіптердің шегінуі деп түсінген қабылданады.
Дамушы елдердің көбісінің күш-қуат мүмкіндіктері айтарлықтай шектеулі. Өздерінің әлсіздігі мен осалдығын теңгеру үшін бұл елдер халықаралық ұйымдарға мүше болуға, аймақтан тысқары мемлекеттермен қауіпсіздік жөніндегі келісімдерге отыруға (Израиль – АҚШ; Кувейт – АҚШ және т.б.) әлде бір-бірімен ресми немесе бейресми түрде одақтасуға (Сирия – Иран және т.б.) мәжбүр.
Әскери күш сыртқы ортаға әсер ететін құрал болып табылады. Ол сыртқы саясатта қайта әрекет етуді тудырып, мүмкін болатын жаудың қауқарын салыстыру арқылы күш тұрғысында аймақта қалыптасып келе жатқан мемлекеттер иерархиясына әсер ете келе, аймақтық жүйедегі күштер балансына өзгерістер енгізе алады.
Сыртқы ортаға халықаралық қатынастар жүйесіндегі мемлекеттердің әрекет етуін жеңілдететін немесе қиындататын сыртқы факторларды жатқызады. Таяу шығыстық аймақта аймақтық халықаралық қатынастардағы жетекші ұстанымдары үшін күшке сүйенген күрес жүргізіп келе жатқан аймақтық күш орталарының (Мысыр, Сирия, Сауд Арабиясы, Ирақ, Иран, Израиль, Түркия) қалыптасуы жалғасуда. Бұл күрес қару-жарақты жаппай шығару және әскери қақтығыстармен, Парсы шығанағындағы бай мұнай шығарушы мемлекеттер мен фундаменталистік мұсылмандық ағымдар күш алған және жетекшілері мұнайдан түсетін табысты кедей араб елдері пайдасына қайта бөлуді талап ететін Жерорта теңізі аймағындағы кедей араб мемлекеттері арасындағы қайшылықтармен бірге жүреді. Бұл ішкі әлеуметтік дүмпу, бірқатар араб мемлекеттеріне ирандық революция идеяларының таралуы қатеріне ие.
Парсы шығанағындағы дағдарыстың аяқталуынан біраз бұрын өзегін Мысыр, Сирия және Сауд Арабиясы құрайтын қауіпсіздіктің жаңа аймақтық жүйесін құру идеясы алға қойылған болатын. Мысыр, Сирия және Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі (ПШАМЫК) алты мүшесінің сыртқы істер министрлерінің 1991 жылы 17-18 ақпанда өткен Каирдегі кездесуінде болашақта зұлымдықтың қайталануын алдын алу үшін сегіз араб мемлекетінің бірлескен күштерін құру мәселесі қарастырылды. Бұл ұсыныс жаңа аймақтық тәртіп және аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылыққа қауіп төндіретін қатерлерге қарсы әрекет етуді жақтаған сегіздіктің сыртқы істер министрлерінің 1991 жылдың наурызында орын алған Дамаск кездесуінде қолдауын тапты. Кеңеске қатысушылар барлық араб мемлекеттеріне Араб мемлекеттері лигасының Жарғысын, бірлескен қорғаныс және экономикалық ынтымақтастық туралы келісім-шартты ұстанатынын растайтын Декларация үндеді. Мысырлық және сириялық әскерлер араб қауіпсіздік күштерінің қаңқасын құрайды деп ұйғарылды. Алайда араб қауіпсіздік жүйесін құру жоспарларына көзделген альянс қатысушыларының қайшылықтары кедергі болды. Сауд Арабиясы, Кувейт және Біріккен Араб Әмірліктері жоспарланған аймақтық қауіпсіздік жүйесі АҚШ-тың қатысуынсыз тиімді бола алмайды деп есептесе, Сирия аймақтағы Батыстың қатысуына үзілді-кесілді қарсы болды. Сонымен бір уақытта Дамаск аймақтық қауіпсіздік жүйесіне араб емес мемлекеттер – Иран мен Түркияны қосуды мүмкін деп санады [3].
Аймақтық қауіпсіздік жүйесіне Иранды қосу Тегеранның иранцентристік саясатымен тежелетін болады. Иран сыртқы саясаты келесідей сыртқы саяси қағидаларға сүйенеді: қосылмаудың ерекше мұсылман сипаты берілетін «Батыс та емес, Шығыс та емес» бағытын жүргізу. Жүйенің бір полюстілік жағдайында ол АҚШ және Ресейден бірдей дәрежеде алшақтауға өтіп, бұрынғы кеңестік мұсылман республикаларымен жақындасуға, сол жерлердегі ресейлік ықпалды әлсірету, мүмкін болса Ресей Федерациясынан бөлу мақсатында оларға өзінің саяси үлгісін таратуға ұласып кете алады. Бұл қағидаға сәйкес ғаламдық державалармен жанасатын мұсылман республикалары антиислами деп есептеледі. Осыдан шығатыны – Иран мен Сауд Арабиясы, Кувейт, Мысыр және т.б. арасындағы ала ауыздықтар. «Батыс та емес, Шығыс та емес» концепциясы Иранға ғаламдық державалардың қатынасуын көздейтін аймақтық қауіпсіздіктің мұндай жүйесін қалыптастыруға келісім беруіне бөгет жасайды.
Тегеран ұлттық мүдделердің ықтимал шектелуіне немесе тіпті олардың халықаралық қатынастар жүйесіндегі салмағының төмендеуіне қарамастан, бүкіл мұсылман мемлекеттерінің исламдық ынтымақтастық және бірлік қағидасына бағынуларын талап етеді. Ақырында Иран басқа исламдық мемлекеттерінің ирандық қоғамдық үлгіні қолдану қажеттілігін білдіретін «исламның универсалдылығы» ұстанымын жақтайды.
Араб мемлекеттері Иранның бұл бағытын араб мүдделеріне қайшы болатын, араб-иран қатынастарының қайшылықта болуын сақтауға жағдайлар туғызатын мемлекетаралық қатынастардың иранцентристік жүйесін құру талпынысы ретінде қарастырады.
Иран Парсы шығанағының араб бөлігінде әскери-стратегиялық және сауда-экономикалық ұстанымдарын нығайтуға, сондай-ақ өз ықпалын солтүстікке және солтүстік-шығысқа қарай – Кавказ, Орта Азия мен Ауғанстан бағытында таратуға мүдделі. Тегеран аймақта Батыстың әсерін кеміту, Сауд Арабиясы және Түркиямен бақталастыққа түсе отырып, Закавказье мен Орта Азиядағы Ресейдің ықпал ету аймақтарына ену міндетін алға қояды.
Тегеран тұйық араб топтарын антиирандық деп қарастырып, оларға күдікпен қарайды.
Иранның көршілес мемлекеттерімен қатынастарында әсер қалдыратын ерекшеліктерге Парсы шығанағы аймағындағы, Ислам ынтымақтастығы ұйымындағы, Мұнайды экспортқа шығаратын елдер ұйымындағы жетекші ұстанымдар үшін өрбитін иран-саудилық бақталастықты жатқызуға болады.
Аймақтық қауіпсіздік жүйесіне Иранды қосу Шығанақтың орташа араб тәртіптерінің ықтимал әскери және экономикалық басып алудан, едәуір шейіттер тобы бар араб елдеріне (Ирақ – 60 %, Бахрейн – 70 %, Кувейт – 24 % және т.б.) қарсы зиянкестік әрекеттерінен сескенуіне байланысты мүшкіл.
Ирақты орташа араб тәртіптерімен оқшаулау және Мысыр мен Сирияға сүйенген тұйық аймақтық қауіпсіздік жүйесін құру жағдайында зұлымдыққа бейім, Парсы шығанағында мұнайды өндірудің айтарлықтай бөлігін бақылай алатын және аймақтық мемлекеттерге өз дегенін жасата алатын, ғаламдық державалардың әрекеттеріне әсер ете алатын Иранның Ирақпен үстем аймақтық супердержавалық бірлестік ретіндегі аймақтық одағы пайда болуы мүмкін. Мұндай нұсқа әскери-экономикалық қарымдары кейбір еуропалық мемлекеттердің деңгейімен теңелуі мүмкін Иран мен Ирақтың шамадан тыс күшеюін тудырады.
Иранның күшеюі Ирақтың үш бөлікке: шейіттік оңтүстік, сунниттік орталық және күрттік солтүстікке бөлінуі жағдайында да орын алуы ықтимал. Бұл жағдайда Ирақтың шейіттік оңтүстігі Тегераннан қорғау іздейді және оны келісім немесе басқа негізде ала алады.
Ирақтың бөлшектенуі күрттері ирақтық қандастарымен бірігуді талап ете алатын Түркия тұтастығына қауіп төндіреді.
Иран Ирақтың бөлшектенуін қолдауға баруы мүмкін, өйткені бұл оны аймақтық көшбасшылыққа шығарады, Парсы шығанағының араб бөлігінде, Тегеранға одақтас араб мемлекетіне айнала алатын Ирақтың оңтүстігінде ықпалын кеңейтеді. Бұл сегіз араб мемлекетінің одағымен (ПШАМЫК және Мысыр мен Сирия) қайшылыққа түсуіне, күрт сепаратизмін аяусыз басып отырған Түркиямен қақтығысқа, аймақтағы жағдайдың тұрақсыздануына және АҚШ пен НАТО-ның араласуына алып келуі мүмкін.
Араб-иран қатынастарының күрделі болуына тарихи қитұрқысы бар этникалық-діни қайшылықтар әсер етеді. Суннит арабтар ирандықтар ұстанатын шиизмді шерік қатушы ілім және «шынайы исламға қарсы қаскүнемдік» деп есептейді. Және де арабтар ислам ілімінің алғашқы ұстанушылары болғандықтан, олар мұсылман әлемінде ерекше мәртебеге ие болу керек деп санайды, ал шейіт ирандықтар болса керісінше көзқарасқа бекім.
Діни ала ауыздықтар «ислам өркениеті» шеңберіндегі арабтар мен ирандықтар арасындағы мәдени бақталастықпен шиеленіседі.
Араб-иран этникалық-діни келіспеушіліктер және бақталастық араб және иран ұлтшылдықтарының соқтығысуында нақты көрінісін табады. Біріншісі араб ұлтын Атлантикадан Парсы шығанағына дейін жағрафиялық кеңістікте біріктіруге, екіншісі Парсы шығанағы аймағында ұстанымдарын нығайтуға және мұсылман әлемінде иран ықпалын таратуға талпынады [4].
Палестинаны (Израиль мемлекеті және Палестина автономиясы территориясын), Мысыр, Сирия, Ливан және Иорданияны қамтитын араб-израиль қақтығысы аймағы аймақтық халықаралық қатынастардың «сезімтал орындарының» бірі болып табылады. Бұл аймақ өткен дәуірлердің ұлы өркениеттерінің мұрасы қазіргі күннің саяси, экономикалық, әскери, діни мәселелерімен тығыз байланысып шиеленіскен тарихи торапта орналасқан. Бұл жерде үш әлемдік діннің: христиандықтың, исламның және иудаизмнің киелі орындары орналасқан. Дәл осы жерде Таяу Шығыс аймағының және оның халықтарының тағдыры ғаламдық тарихи үдеріспен байланысқа түседі. Араб-израиль қақтығысы аймағының аталмыш геосаяси ерекшеліктері қақтығысқа тікелей қатысушы және жалпы бүкіл аймақтың мемлекеттері мен халықтарының ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше шиеленістік береді.
Қорытындылай келе, Таяу Шығыс аймағында аймақтық қауіпсіздік жүйесін қалыптастыруда белгілі бір деңгейдегі екі жақтылық байқалады: бір жағынан, аймақтың барлық мемлекеттердің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын ұйым құру ізденістеріне бейім болуы, ал басқа жағынан, толассыз жүргізіліп жатқан әскери дайындықтар, қарулануды арттыру мен жетілдіру орын алуда. Бұл екі жақтылық айтарлықтай дәрежеде қазіргі кездегі Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайдың қарама-қайшы даму беталыстарынан туындады.
Қолданылған әдебиеттер:
1. Азия и Северная Африка. Проблемы безопасности. – М., 1989. – С. 60.
2. Regional Security in the Middle East. Past, Present and Future. Ed. by Zeev Maoz. – Frank Cass. – L., Portland (Or.), 1997. – P. 6.
3. Международные отношения на Ближнем и Среднем Востоке на рубеже 80-90-х годов. – М., 1992. – С. 83.
4. Хазанов А.М., Заирбек В.А., Панкратьев В.П., Шарипов У.З. Проблемы безопасности в Азии. – М., 2001. – С. 21-24.
Данная статья посвящена исследованию некоторых подходов в создании системы региональной безопасности на Ближнем Востоке. В статье автор определяет позиции главных ближневосточных государств, анализирует различные концепции безопасности и дает общую оценку состоянию региональных межгосударственных отношений и расстановке сил в регионе.
This article is devoted to the study of some approaches in the formation of a system of regional security in the Middle East. The author defines positions of the major Middle Eastern states, examines the different concepts of security and provides an overall assessment of the regional inter-state relations and the balance of power in the region.
Достарыңызбен бөлісу: |