Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
10-11семинар сабақтың тақырыбы: «Етістіктің категориялары»
Орындаған:Мұқажан Мақпал
Тексерген: Балабекова К
2022 – 2023 оқу жылы
Етістіктің грамматикалық категориялары бойынша сұрақтар:
Етістіктің грамматикалық категориялары, олардың көрсеткіштері
Қазақ тілінде сөз таптарының бірі болып табылатын етістік өзіне тән белгілі бір мағына білдіре алатын, бірақ қазіргі кезде сол күйінде қолданылмайтын түбір тұлға және неше түрлі грамматикалық мағынаның тұлғалық көрсеткіштері болып табылатын формалардың түрлену жүйесінің бірлігінен тұрады. Тілімізде етістік түбірдің грамматикалық сипатын айқындауда кездесетін пікір-таластар көп. Мәселен: А.Ысқақов етістіктің грамматикалық категорияларына: 1) қимыл атау категориясы, 2) салттылық және сабақты категория, 3)етіс категориясы, 4)болымдылық және болымсыздық категория, 5) амалдың өту сипаты категориясы, 6) есімшелер категориясы, 7) көсемшелер категориясы, 8) рай категориясы, 9) шақ категориясы, 10) жіктік, көптік жалғауының шаққа қатынасы ( Қ.Қ.Т. 286-287б). Ғ.Әбуханов етістікті лексика –семантикалық категориялар (көсемше,есімше, болымды және болымсыз етістік, сабақты және салт етістіктер) және грамматикалық категориялар (рай, шақ) деп екіге бөлген(Қ.Т. 175-181 б). Ы.Маманов етістік атаулыны негізгі етістік және функциялық етістік деп екіге бөлген. Одан кейін негізгі етістікті түбір етістіктер және модификациялы етістіктер деп бөліп, модификациялық етістікке етістіктің салт және сабақты, етіс, күшейтпелі етістік, күрделі етістік, сыпат, болымсыздық етістік категорияларын енгізген. Сонымен қатар ғалым етістіктің берілу тәртібін көрсетеді : бірінші орында түбір етістіктер,екінші орында модификациялы етістіктер, үшінші орында функциялы етістіктер, төртінші орында рай, шақ категориялары (И.М. Қ.Қ.Т. 3-5 б). Сөйтіп, етістіктің грамматикалық категорияларын лексика –грамматикалық (салт-сабақты етістік, етіс, күшейтпелі етістік немесе көрініс, болымсыз етістік) категориялары және таза грамматикалық (рай,шақ, жақ) категориялары деп қарау керек дейді профессор С.Исаев. Бірақ бұлардың ішіне есімше, көсемше, тұйық етістік немесе қимыл атауы енбеген. С.Исаев бұларды етістіктің ерекше бір түрлері деп қарастырады. Ал басқа еңбектерде бұларды категориялар деп қарастырады. Етістіктің сабақты-салттылық категориялары Сөйлеу тілінде табыс септікті сөзді, тура толықтауышты керек ететін семантикасы бар етістіктер сабақты етістік деп аталады. Етістіктердің ішінде кімді?, нені?- деген сұрақтарға жауап күтпейтін, табыс септіктегі сөзге сабақталмай-ақ жұмсала беретін етістіктер салт етістіктер деп аталады. Салт –сабақты етістіктердің семантикалық сипатының басым болу қасиетіне қарап, кейбір зерттеушілер, біріншіден, салт етістікті сабақты етістікке және сабақты етістікті салт етістікке айналдыратын қосымшаларды сөзжасам қосымшалары деп, екіншіден салттылық-сабақтылық белгіні етістіктің полисемиялық немесе омонимиялық сипатын ажырататын критерий етіп ұсынады. «Салт және сабақты етістіктердің бір-біріне ауысуы етіс формаларымен ұштасып жатады. Яғни өздік және ырықсыз етіс жұрнақтары сабақты етістікті салт етістікке айналдыратын морфема болса, өзгелік етіс жұрнағы салт етістікті сабақты етістікке айналдыратын морфема болып табылады» - деп санаған Ы.Маманов. С.Исаев етіс тұлғалары белгілі дәрежеде салт я сабақты етістік тудыру қызметін атқарса да, олардың грамматикалық тұлғалар жүйесі, категориялық көрсеткіші бола алмайды деп тұжырымдайды.
Достарыңызбен бөлісу: |