ІІ. Қазақ тілін оқытуда интерактивті әдістерді қолданудың дидактикалық мүмкіндіктері
2.1 Бастауыш мектептің қазақ тілін оқытуда интерактивті әдістерді қолдану жолдары
Бастауыш оқу – білім берудің ең негізгі саласы. Бастауыш білім жалпы орта білім беретін мектептердің бастауыш сыныптарында не бастауыш сатысында оқыту мен тәрбиелеудің өзара байланысы арқылы қамтамасыз етіледі. Негізгі мектеп пен жоғары сынып оқушылары осы жерден дағды алып, алғашқы және негізгі дайындықтардан өтеді.
Бастауыш сатының өзіндік ерекшелігі – ғылымның негізгі салаларының бастапқы түсініктері осы жерде беріліп, интеграцияланған пәндердің, сараланған оқыту жүйесінің болуында. Сонымен қатар оның өзіндік оқыту теориясы, өзіндік әдіснамасы қалыптасқан 45.
Жалпы білім беретін мектептерде білім мазмұнын жаңарту, оны жаңа деңгейге көтеру тәжірибесінде әдістерді жаңаша көзқараспен қолдану басты талаптардың бірі. Себебі дұрыс ұйымдастырылған оқыту үрдісі – білім мазмұнын сапалы меңгертетін бірден бір жол. Ал оқушыға терең де тиянақты білім, жан-жақты тәрбие беруде қазақ тілінің алатын орны ерекше.
Қазақ тілін оқытуда оқушыларға тиянақты сапалы да, саналы білім беру – мұғалімнің оқыту әдістері мен тәсілдерін шебер меңгеруі арқылы жүзеге асады. Орынды және дұрыс қолданылған әдістер сабақтың алдына қойылған мақсатын анықтайды, оқушылардың шығармашылық қабілетін жетілдіреді
Білім беру әдістері сан алуан. Қазақ тілі әдістемесі осы әдістерді қолданады, өз пәні тұрғысынан қайта қарастырады. Сондай-ақ «Қазақ тілі» пәнінің ерекшелігіне қарай өз әдістерін құрады және енгізеді. Осы әдістерді әдістемеде жіктеп көрсетудің мәні зор. Жіктеп көрсеткенде, біріншіден, оқушыға берілетін білімнің сапасы артады, екіншіден, оқушымен жүргізілетін жұмыстың дәлдігі нығаяды, үшіншіден, мұғалімнің атқаратын жұмысы жеңілдейді. Әрине, білім беру әдістерін таңдап қолдану, оны қай уақытта іске асыру және білім беру әдістерін қай материалға байланысты сұрыптап алу - әдістеменің қиын, әрі күрделі мәселесі. Сондықтан оқушылардың жас ерек-шеліктерін, сауаттылық деңгейлерін, танымдық, логикалық ой-өрістерінің дамуын ескеріп, оларға ұсынылатын тілдік материалдардың көлемін таңдау аса қажет. Оқушыларға берілетін білімнің көлемін сұрыптап алу білім беру әдістерінің іске асырылуын жеңілдетеді.
Мемлекеттік тілді меңгеру және құрметтеу өзекті мәселе. Сондықтан өскелең ұрпақты ана тіліне оқытуда әр түрлі әдістемелік жаңа әдістерді түрлендіре, күрделендіре түсу қажеттілігі туындап отыр. Осыған орай әр мұғалім қазақ тілін оқытуда жаңа әдістемелік технологияларды қолданып жас ұрпақтың тілге деген ынтасын, көзқарасын, біліктілігін арттыру мақсатын алға қояды. Әрине, тілді меңгертуде әлі де көптеген қиыншылықтар жетерлік. Ол негізінен жеке тұлғаны түрлендіріп оқытудың жетіспеушілігінен туындайды. Тілді меңгертудің негізі- есту, көру қабілеттілігінің байланысын түрлі жаттығулар арқылы дамытып, оқушымен жеке жұмыс дағдысын қалыптастыру. Яғни, жеке тұлғаны қалыптастыру жолы. Қазақ тілін оқытуда жеке тұлғаны қалыптастыру гуманитарлық бағытқа негізделген. Бұл принциптің негізі: оқытуда ең бірінші негізгі түйін - оқушы, ал ұстаз – мұғалім ғана емес – ол тану әрекетінің дамытушысы. Демек, қазақ тілін оқытуда жаңа технологияларды пайдалана отырып әрі нәтижелі әрі қызығарлық сабақ жүргізу, интерактивті тәсілді пайдалану – біздің басты міндетіміз.
Ғалым С.Р.Рахметова «Қазақ тілін оқыту әдістемесі» атты оқу құралында зерттеуші ғалымдардың оқыту әдістерін топтауын басшылыққа алып, әр топтаудағы жекелеген әдістерге тоқталды. «...әдістердің қайсысының қай кезде тиімді екенін мұғалімнің өзі айқындап алып, іріктеп қолданады» - деп, әдістердің тиімді жолдарын таңдауды мұғалімдерге жүктейді 48.
Достарыңызбен бөлісу: |