Теміржол табанына төгілген тер
«Гурьев-Астрахан» теміржолын салудағы тыл еңбеккерлерінің тағылымды ісі
Теміржол саласы Қазақстанның әлеуметтік-саяси және экономикалық дамуына зор ықпал жасады. Теміржолдың мемлекетіміз үшін маңыздылығын Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан темір жолының ерекшелігі оның үлкен транзиттік мүмкіндіктерінде, ол Еуропа мен Азия елдерін жалғастырады және біз осы артықшылықтарды пайдалануымыз керек», - деп атап өтті. Сонымен қатар Елбасымыз ұсынған «Қазақстан-2030» бағдарламасындағы 7 басымдықтардың бірі транзиттік жолдарды дамыту керек делінсе, соның ішінде осы темір жолды дамыту ерекше көрсетіледі.
Өткенсіз бүгін жоқ, өткен күндердің тарих бетіне қалдырған өрнегі бар. Сол тарихтың - бір кезеңі Ұлы Отан соғысы жылдары болса , 1942-1943 жылдардағы Гурьев-Астрахань темір жолының құрылысы - соның бір парағы.
Соғыс..осы сөзді естігенде көз алдымызға қантөгіс, қырғын, ажал атты қорқынышты көріністер елестейді. Өкініштісі сол, мұндай зұлмат-зобалаңдар адамзат тарихының 6 мың жылында 14 мың 513 соғыс болған және қазірде де қайталануда. Солардың ішіндегі ең қанды да қасіреттісі екінші жиһанкерлік соғыс еді. Оған әлем халықтарының 80 пайызы қатысып, майдан даласына 61 мемлекет тартылды. 40 мемлекеттін жері соғыс отына шарпылып, 110 миллион адам қару алды деген деректер бар.
1942 жылдың жаз айы - майданда елеулі қиын жағдай болған кез. Жау әскерлері Краснодарды басып алды. Майдан шебі Грозный мен Сталинград қалаларына жақындады. Қазақстан Сталинград майданының ең жақын тылы болды. Батыс Қазақстан стансылары мен елді мекендерінің көлемді бөлігі соғыс қимылдарының аумағына тартылды. 1942 жылы 1 қыркүйекте Атырау қорғаныс комитеті құрылды. 15 қыркүйекте облыстың мемлекеттік қорғаныс комитеті соғыс жағдайын енгізді.
Бакудегі мұнай өндірісіне тікелей қауіп төнуіне байланысты Майкоп пен Грозный мұнай кен орындарының жұмысы тоқтатылды. Мұнай өңдеу зауыттары жедел тылға көшірілді. Кавказдағы мұнай өнімдері майданға Гурьев арқылы жеткізіліп тұрды. Қажетті жанармай мен басқа да жүктерді жеделдетіп жеткізу үшін Мемлекеттік қорғаныс комитеті Гурьев-Астрахан темір жолын салуға арнайы қаулы қабылдады.
"Астрахань - Гурьев" теміржолының құрылысы Мемлекеттік Қорғаныс Комитетіңің 1942 жылғы 7 қыркүйектегі № 2257 шешімі мен Жол байланысы Халық Комиссариатының 14 қыркүйектегі № С-943Ц бұйрығы негізінде басталған. Басты жолдың ұзындығы - 335 шақырым. Жер жұмыстарының мөлшерлі көлемі - 35 миллион текше метр. Желіде 25 аялдама пункті, 8 станция, 17 разъезд болады деп жобаланған. Ганюшкино, Новобогатинск және Забурында сумен қамтамасыз етіп отыратын 3 пункт салу көзделінген. 53 кіші, 12 орта құрылыс, 7 үлкен көпір - барлығы 72 құрылысты қолдан жасау жоспарланған. Олардың 1-еуі Жайық өзені арқылы өтетін көпір болады деп жобаланып, оны аяқтау 1942 жылдың 10 қазаны болып белгіленген. Ұзындығы 335 шақырым, жер жұмыстарының көлемі 35 млн. текше метрді құрайтын ауқымды шаруаны тындыру елде қалған 14-17 жастағы балалардан, 40-50 - ден асқан аналар мен үлкендердің мойнына жүктелді.
Теміржолды салу-облыстағы ең маңызды қорғаныс құрылысы болып белгіленді. Құрылысқа өз облысымыздан басқа Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай облыстарынан мыңдаған адамдар жұмылдырылған. 1942 жылғы 16 қарашадағы бір құжатта мынадай деректер келтіріледі: Теңіз ауданынан 2234 жұмысшы, 82 жылқы, 57 түйе; Новобогат ауданынан 2046 жұмысшы, 258 түйе, Бақсай ауданынан 1060 жұмысшы, 10 жылқы, 39 түйе; Есбол ауданынан 659 жұмысшы, 48 жылқы, 168 түйе; Жылыой ауданынан 481 жұмысшы, 13 түйе алынған.
Жоба бойынша өндірістік норма әрбір жұмысшыға күніне 3,25 текше метрді құраған. Техника жетіспегендіктен бұл жұмыс негізінен қол күшімен атқарылған. Өлкенің табиғат жағдайында атқарылған құрылыстың негізгі салмағы әйелдердің иығына түскені анық. Ер азаматтардың көпшілігі майданға аттанғандықтан да осылай болған. Ғажайып техникалары бар қазіргі заманда бұл салыстырып айтуға келмейтін норма шығар. Бірақ, темір жолды қол күшімен салу, соның ішінде әйелдер қолымен салу - ерлік емей немене?!
Темір жолдың Таскран маңындағы құрылысына жергілікті адамдар да, олардың ішінде қыз-келіншектер де тартылды. Олар уақытпен санаспай ауыр қызметті атқарысуға өз үлестерін қосты. Өкінішке орай, оған қатысқан адамдардың есімдері туған жер тарихынан жойылып барады. Олардың жан төзбес ауыр жағдайда жасаған ғажап қайсарлықтары мен есепсіз ерлік еңбектері жайлы бүгінгі ұрпақ хабарсыз қалуда. Біз Ұлы Отан соғысының оқиғаларын ұрыс даласы мен қаласында болған қан төгістер арқылы естіп - білудеміз. Ал Еділ-Жайық арасында да адамдар азап шеккен, ауырған, содан өліп кеткен қаралы күндерді бастан кешкендер аз емес-ті.
Сол киелі Нарынның даңғайыр даланың дара қызы - Дайырқызы Хатиманың шоқтығы биік. Ол ширек уақыт бойына ферма басқарды, атақ - абыройы Одаққа танылды. Партияның ХХІV съезіне делегат болып қатысып, Ленин орденімен марапатталды. Атырау-Ақсарай теміржолы табанын төсеуде өлім мен өмір белдесуінде болды ол.
" 1942 жылдың соңғы айлары. Мен бар болғаны 15 жасқа толғанмын. Теміржолға жер қазуға адам жетпей жатыр деп өзімнің туысым Бақыт Әбілқайырқызы екеуімізді осы Таскранға алып келді. Адамдардың барлығы жерден қазылған қуысқа паналайды екен. Үш адамнан бір топ құрады. Күндік норма үш шаршы метр жердің топырағын бір метр тереңдікке қазып, теміржол төселетін биікке апарып төгу. Мен "қаражоңқа" қайраттылау болдым, жерде тоң қалың, әрі сақылдаған сары аяз. Оған қарайтын жағдай жоқ, қалың тоңға сүйменді ұрғылап топырақ қопсытамын, екі қыз зембілге салып, топырақты көрсеткен жерге апарып төгеді.
1943 жылдың ақпанында Сталинград қаласы жаудан тазартылды деген хабар келді. Теміржол құрылысының уақытша қажеттілігі жоқ делініп, тірі қалған адамдарды үйлеріне қайтаруға рұқсат етті...» дейтін өз естелігінде. Уақыт өткен сайын осынау жол құрылысында тер төккендердің де қатары сирей түспегіне сөз жоқ. Бүгінде жасы сексеннен асқан Әліпқайырова (ол кездегі тегі Бисенғалиева) Мағрупа әже де сол құрылыстың басы қасында бастан-аяқ болған көзі тірі куәлардың бірі екен.
-Е - е, қарағым, оның несін айтасың, мына бастан талай тауқымет өтті ғой, - деді Мағрупа әже сол күндер елесін көз алдына келтіре отырып, үзіп-үзіп айтқан әңгімесінің басында. - Гурьев пен Таскранның аралығын колхоз-колхоздың адамдарына бөліп беріп қойған ғой. "Ақтікен көпір" деген жері де болды. Тұрағымыз - жерден қазып жасаған барақ. Жұмысымыз - тоң бұзу, топырақ тасу, оны үю. Елең -алаңда тұрамыз, содан іңір қараңғысына дейін сол жұмыс. Қиындыққа шыдамай қашқандар да болды арамызда. Күніне алты текше метр тоң бұзып, топырақ тасу оңай ма енді. Өз нормамызды бітіргеніміз орындай алмай жатқандарға көмектесеміз. Бір баракта тұратын 60 адамның бәрінің құралы - сүймен, кирка, балта. Сүйменмен тоңды бұзамыз, киркамен, балтамен уатамыз, күрекпен үш метр жерге дейін атып түсіретінбіз.Бұл теміржолдың табаны осындай еңбекпен төселді ғой.
Теміржол табанын төсеуге қатысқан аналардың бірі Айман Кемелқызы Сейтқалиева болды. Ол 1918 жылы Жалтырөзекте қазіргі Тұщықұдық кеншарында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. 1937 жылы Сейтқалиев Хамзаға тұрмысқа шыққан. 1939 жылы Қадіржан, 1943 жылы Халима дүниеге келген. 1942-43 жылы жолдасы Хамзаның бригадасында Томан тұсындағы (Атырау-Астрахань) темір жолды салуға атсалысқан. Бұл атақты "Қызыл ту" бригадасы болған. 1943 жылы жолдасы Хамзаның басқа жұмысқа ауысуына байланысты колхоз орталығына келіп Молшағыл колхозында еңбекке араласқан. Толық зейнеткерлік жасына шыққанша мал бағумен айналысқан. 2012 жылы қыркүйек айында дүниеден өтті. 19 немере, 49 шөбере, 5 шөпшегі бар.
- Әлі есімде, 1942 жылдың мамыр айында теміржол салу керек деген тапсырмамен Томан елді мекенінен Аққыстау бағытындағы жұмысқа салды. Өзіммен бірге Айтқалиқызы Мыңыш, анам Ұмсынай, Шора, Күмісбаев Сиран, ата-енем Сейтқали мен Марфуға, сіңлім Нәсіп те болғаны жадымда. Жұмысқа ерте кетеміз, іңір қараңғысында қалжырап ораламыз. Жұмысқа ерте кетеміз, іңір қараңғысында қалжырап ораламыз. Осындай ауыр жұмыстан бізге берілетіні 4 кісіге 1 қалаш нан, қара шай, кейде оларға қосымша ысталған балық, тұрағымыз - жер кепе. Ауыр жұмыстан анам сүзекке шалдығып, орнына сіңлім Нәсіпті алып келгені де есімде. Кейін өзім де сырқаттанып, жұмыс орнымда құлап қалыппын. Осыдан соң мені ту көтеріп адамдарды моншаға, асханаға, жиналысқа алып баратын, арбамен нан басқа да азық-түліктерді жеткізетін жеңіл жұмысқа шығарды. Бригадамыз үнемі алдан көрініп, бізге қызыл жалау берілді. Сол қызыл жалауды бригаданың алдында мен көтеріп жүретінмін, сондықтан бригадамыз "Қызыл ту бригада" атанса, үлкендер жағы мені "Қызыл жалау көтерген қызымыз" дейтін. Теміржол табанын төсеудегі жұмыстың барлық ауыртпалығына төздік, қиындықты үлкен-кіші бірге көтерістік. 1943 жылы жолдағы жұмысты одан әрі жалғастыру тоқтатылды да, өз колхозымызға оралдық", - деп еске түсірген. Исатай селосының тұрғыны - Қазима Мусаева, 1924 жылы Гурьев облысы, Теңіз ауданы, 2 - ауылда дүниеге келген. Ол соғыс басталғанда 17 жастағы өрімдей жас қыз еді. 1933 - 1937 жылдары төрт жылдық білім алған бойжеткенге ары қарай оқуға мүмкіндік болмай, өзі қатарлы қыздармен ұжымшар жұмысына араласуына тура келді. “Соғыс балаларды бал дәуренімен ерте қоштастырып, тез есеюге мәжбүр етті. Әр маусымда күндіз шаруашылықта мал бағып, соқаға жұптап жегілген өгіздермен жер жыртып, егін егіп, орақпен шөп шауып, пішен шауып, тасып еңбек еттік. Түн баласында майшамның жарығымен шешелеріміздің иірген жіптерінен қыздар болып майданға қолғап, шұлық тоқыдық. Мектепте бірге оқыған бозбалалар майданға аттанып жатты. Сталинград шайқасына байланысты сол жылдардан бастап салына бастаған “Гурьев - Астрахань” тасжолының, кейіннен темір жол құрылысының қара жұмысында 4 жыл болдық. Таң ата жұмысқа шығып, 1 шақырым жерден носилкамен, түйемен саз төгіп таситынбыз. Соғыс зобалаңын көзбен көрмесек те, соғыстың нағыз қызып тұрған кезіндегі, жаз айларында батыс жақтан жарылған бомбалардың даусы бізге оқтын - оқтын естіліп тұратын, - дейді ол кісі. Ер азаматтар қан майданда от кешкенде, тылда күндіз-түні маңдай терлерін сыпыра еңбек етіп, сол қажырлы еңбектерімен жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосқан аналарымыз қандай құрметке де лайық. Осы тәріздес деректер аз емес. Мұндай күш-қайрат бітірген нендей құдірет деген ой туады.
Әрине, бұл - біріншіден, үкімет бұйрығы. Бірақ, ешқандай бұйрық адамдар бойына құлшыныс, ынта тудыра алмайды. Одан да үлкен күш бар болатын. Ол - қан майданда жүрген отандастар алдындағы борыш, идеяға берілгендік. Отанға деген махаббат, жауды талқандауға үлес қоссақ деген құлшыныс..."Бәрі де майдан үшін, Бәрі де жеңіс үшін" деген ұранмен рухтанған еді. Бұл фразалар бүгінде, бүгінгі бейбіт заманда біреулерге әсіре қызыл болып көрінуі мүмкін. Алайда, жұмыстардың сондай қызу екпінмен жүргізілгендігін құжаттар көрсетеді. "Астрахань-Гурьев" темір жолы сол жылдары аяқталмай қалды. Онымен поездар да жүйткіген жоқ. Алайда, маңызды мемлекеттік тапсырмаларды орындап, маңдай терін аяусыз төккен әйел-аналардың, ер азаматтар мен жасөспірімдердің қажырлы еңбектерінің қадірі бұдан төмендемесе керек. Олардың ерен еңбектері, бейнет-михнаттары қайғы-қасіреттері мен құрбан болғандар тағдыры құрмет көрсетуге лайық. Гурьев-Астрахань жолы оңайлықпен салынған жоқ, оны ескерусіз қалдыруға болмайды. Бұл өзі ешқашан ауызға алынбай келе жатырған күрделі тақырып еді. Бүгінгі және болашақ ұрпақ аға буынның ерлік істерін еске сақтауы керек деп білемін. Бұл-жастарды патриотизмге, ұлттық құндылықтарды қастерлеуге тәрбиелеудің бір жолы, туған ел тарихы алдындағы борыш. Бұл тек қатары сиреп бара жатқан соғысқа қатысқандар мен тылда еңбектің эпопеясын шерткен жандарға, олардың майдандастары мен замандастарына ғана емес, ол бізге, бүгінгі ұрпаққа, болашақ үшін керек. Тарихи мұраны сақтау дегеніміз де тарих беттеріне жазылған бабалар ерлігі мен еңбегін бағалау. Тылдағы жанқиярлық еңбек майдандағы жауынгерлерге азық-түлік пен киім-кешек және мұнай өнімдерін жөнелтудің төте жолын салуға, жеңісті жақындатуға арналған болатын. Тарих тағылымын бүгінгі ұрпақ жадынан шығармай, Ұлы Жеңіске үлес қосқан ата-әжелерінің жасампаз істерін білуге тиісті. Міне, Атырау-Астрахань теміржолының табаны алғаш осылай арпалыс, қантөгіс жағдайында жүргізілгені халықтың қаһарман ерлігі болып тарихта қалды. Арада ширек ғасыр өткенде (1942-1967 жылдар) сол төселген жолдың еш жерін өзгертпестен темір рельстер төсеу басталды. Болат жолдың бойында жаңа өмір көріністері жасалды. Ол жұмыстар 1967-1970 жылдарға жалғасты. Еділ-Жайық қос өзен аралығын қосқан болат магистраль 1970 жылдың желтоқсанында толықтай пайдалануға тапсырылды.
Сұрапыл соғыстың аяқталғанына 70 жылдай уақыт болды. Оның салған жарасы жүректерде қалған әкелерін, бауырларын қан майданға аттандырып, өздері бозбала, бойжеткен шақтарын тылдағы еңбекпен өткізген аға буын өкілдерінің бірқатары бүгін арамызда.
"Тау қозғалса да тарих шайқалмайды" деп халық даналығында айтылғандай, бүгінгі таңда елеусіз қалып, ұмытылып бара жатқан соғыс жылдарындағы "Гурьев-Астрахань" темір жолын салуға қатысқан тыл еңбеккерлерінің өнегелі еңбек жолы мен тағылымды істерін насихаттау, есте сақтау мақсатында аудан орталығындағы көшелердің біріне аты берілсе және аудан орталығынан ескерткіш орнатылса деп ойлаймын.
Авторы:
Қойшекен Светлана Жақсығұлқызы
Атырау облысы Исатай ауданы Аққыстау орта мектебі
Тарих пәні мұғалімі
Достарыңызбен бөлісу: |