Қосымша 1
Тәуке хан 1715 жылы қайтыс болды. Оның мұрагері Қайып хан Қазақ мемлекетінің бұрынғы ұлылығын берік ұстап тұра алмады. Жаңадан келген билеп-төстеушіге сұлтандардың топтары тарапынан наразылык күшейіп, бақ таласы мен тақ таласы өрши түсті. Қазақ даласында жоғары билік жолындағы күрес шиеленісе берді. Мұның өзі дәстүрлі қазақ хандығын дағдарысты күйзеліске ұшыратты. Рулар, тайпалар және жүздер арасындағы бірлік пен байланыс әлсіреді. Баяғы алтыбақан алауыздық қайтадан қозды. Сұлтандардың аймақтық сеператизмі күшейді. Қазақтың барлық жүзінің өз ішінде келте хандары пайда бола бастады. Орталык хандық биліктің әлсіреуі Кіші жүзде - Әбілқайырдың, Орта жүзде - Болаттың, Сәмекенің, Кушііктің, Ұлы жүзде — Жолбарыстың, Иманның жағдайын әлдеқайда нығайта түсумен жалғасты.
Бұл хандармен қатар қазақ даласында Барақ, Әбілмәмбет, Батыр, Сұлтанбет сияқты басқа да сұлтандардың беделі арта берді. Атап айтқанда, Сұлтанбет өзінің толып жатқан ұлдары арқылы Ертіс бойы қазақтарына билік жүргізді. Оның жергілікті қазақтардың арасына ғана емес, сонымен қатар шекаралас орыс өкіметі орындарына да елеулі ықпалы болды. XVIII ғасырдың бас кезінде қазақ мемлекетінің іштен ыдырауы күшейе түскен жағдайда, ол сыртқы алпауыт мемлекеттердің тарапынан ерекше қызығушылық тудырған нысанға айналды. Қытай мен Ресей империясы Қазақ хандығы мен Жоңғария хандығы сияқты көшпелі мемлекеттердің әлсіреуіне бірдей мүдделі болды. Ресей империясының Қазақстанмен шекаралас аймақтардағы негізгі қызметі дипломатиялық қарым-қатынастар орнатуды және әскери барлау шараларын жүргізуді еселеп күшейтуге бағытталды. Бұл шаралар қазақтар көшіп-қонып жүретін шекарада әскери бекіністер желісін салуды жиілендіріп жіберді. Мәселен, 1716-1720 жылдардың кезеңінде Ертіс өзенінің оң жақ жағалауында Омбы, Черкасск, Железинск, Жәмішев, Семей, Өскемен сияқты және басқа да әскери бекіністер тізбегі салынды. Кейінірек олардың ара-арасына шағын бекіністер — редуттер мен форпосттар салына бастады.
Бұл кезде қазақтар Еділ қалмақтарының, башқұрттардың, Орал және Сібір Қазақтарының тарапынан мезгіл-мезгіл жасалып тұрған шабуылдардың ауыр зардаптарын бастарынан кешірумен болды. Ал олардың бәрі де патша үкіметінің қол астына қарайтын орыс бодандары еді. Қазақтарды оңтүстіктен Орта Азия хандықтарының билеушілері, ал Оңтүстік-шығыстан жауынгер жоңғар қалмақтары ығыстыра түсті. Жалпы алғанда, бұл кезде Қазақ мемлекетінің шекараларында өте күрделі де қауіпті жағдай қалыптасты.
Достарыңызбен бөлісу: |