Тіліміздің тарихын қарастыру үшін, оның басынан кешкен кезеңдеріне ерекше назар аударуымыз керек. Олай болса, қазақ тілінің тарихы түркі тілдерінің даму, қалыптасу кезеңдерімен тығыз байланысты екендігі белгілі
Тіліміздің тарихын қарастыру үшін, оның басынан кешкен кезеңдеріне ерекше назар аударуымыз керек. Олай болса, қазақ тілінің тарихы түркі тілдерінің даму, қалыптасу кезеңдерімен тығыз байланысты екендігі белгілі. Тіл тарихын дәуірлеуге байланысты ғалымдардың арасында түрлі көзқарастар бар. Мысалы: Н.А.Баскаков зертеулерінде түркі тілдерінің даму кезеңдерін 6-ға бөліп қарастырады: 1) Алтай дәуірі; 2) Ғұн дәуірі (Ү ғасырға дейін); 3) Көне түркі дәуірі (Ү-Х ғасырлар); 4) Орта түркі дәуірі немесе негізгі түркі тайпаларының дамуы мен қалыптасуы дәуірі (Х-ХҮ ғасырлар); 5) Жаңа түркі дәуірі немесе түркі халықтарының қалыптасуы мен даму дәуірі (ХҮ-ХХ ғасырлар); 6) Ең жаңа 8 дәуір немесе түркі тілдерінің Қазан социалистік төңкерісінен кейінгі даму дәуірі [3, 15].
Қазіргі кезде тілімізің тарихын алтай дәуірінен бастап жүргені белгілі. Бұл – ғылымда айқындалып жетпеген, өмір сүрген дәуірі де нақты емес, өте көне дәуір. Бұл атауды қолданушылар біздің заманымыздан көп бұрынғы көне заманда түркі тұқымдары моңғол, тұнғыс-маньчжур, жапон, корей халықтарымен бірлікте болған, бұлардың тілдері де өзара туыстас, төркіндес тілдер. Бұл халықтардың ертедегі отаны Алтай өңірі болған дейді де, бұл мезгілді Алтай дәуірі деп атайды. Алтай дәуірінде аталған халықтар және олардың тілдері бір-бірінен жекеленбей бірлікте өмір сүрген деп есептеледі. Қазіргі тұрғыдан алғанда, Алтай ТМД мен Моңғол Халық Республикасы және Қытай жеріндегі Азияның ірі таулар жүйесі.
Бір топ ғалымдар түркі тілдері өз алдына бөлініп шыққанға дейін алтай тілдері семьясында болған деген топшылау айтады. Олар алтай тілдері семьясынан: түркімоңғол, тұңғыс-маньчжур, жапон-корей тілдері бөлініп шықты дейді. Ал кей ғалымдар тіпті алтай тіл бірлестігінен де арыға барып, орал-алтай тіл бірлестігі теориясын ұсынады. Орал-Алтай теориясын қолдаушылар Ф.И.ТаббертСтраленберг, М.А.Кастрен, О.Бетлинг, Г.Винкор, О.Доннер сияқты зерттеушілердің пікірінше, түркі тілдері басқа алтай тілдерімен, сондай-ақ угро-фин тілдерімен бірге орал-алтай тілдері семьясына жатады. Бұл жоба бойынша: уақыт кезеңі анықталмаған дәуірде орал тілдері мен алтай тілдері генеологиялық жағынан туыстас болған. Тайпалар одағының ыдырауы негізінде орал тілдері алтай тілдерінен бөлініп шыққан.
Ал алтай тілдері үш тармаққа бөлінген (тұңғыс-манчужур, жапонкорей, түркі-моңғол).
Түркітануда Алтай дәуірі «алтай теориясы» деген атаумен өткен ғасырдың орта кезінен бастап қалыптасты. Оны қалыптастырушылар неміс ғалымдары В.Шотт және М.Кастрен. Бірақ бұл екеуінің теориясына түрткі болған тұжырым әріректен, ХҮШ ғасырдан басталады. І Петр заманында болған швед соғысында тұтқындалып, ұзақ жылдар болған Сібір өлкесінде швед армиясының офицері Табберт Страленберг 1730 жылы Стокгольмде «Европа мен Азияның солтүстік және шығыс бөлігі» атты еңбегінде ол түркі-монғол, тұнғыс-манжур тілдері о баста бір негізден тараған туыстас, төркіндес тілдер дейді де, оларды «Алтай тілдері» деген атаумен атайды. Жоғарыда аталған неміс ғалымдары Страленбергтің осы пікірін теориялық жақтан тереңдете түсіп және аталған тілдер құрамына угро-фин, самоди тілдерін қосып, оларға «Орал-Алтай тілдері» деген ат береді
Түркі тілдері тарихының маманы Н.А.Баскаковтың пікірінше, түркі тілдері моңғол, тұнғыс-маньчжур тілдерімен туыстас, бұлар арасында тек типологиялық қана емес, туыстастық, төркіндестікті білдіретін белгілер олардың фонетика жүйесінен де, негізгі сөздік қорынан да мол кездеседі [2, 96]. Ал түркітанушы А.Н.Кононов түркі, монғол, тұнғыс-манжур тілдері арасында лексикалық та, фонетика-грамматикалық та ұқсастықтың барлығы даусыз, бірақ ол жақындықтың себебі нақтылы емес, – дейді [3]. Алтай дәуірі жайындағы пікірлер тыңғылықты шешілген теория емес, ғылыми болжам ғана. Алтай дәуірінің тілдік сипатынан мәлімет берерлік дерек жоқ, ол заманнан ешқандай жазба нұсқа біздің заманымызға жетпеген. Бұл дәуірде қазіргі түркі, моңғол тілдерінің бір негізден тарағаны жайында ғылыми-болжам пікірлер қалыптасты.
Осы дәуір жайында Ғ.Мұсабаев: «Бұл тілдер – тарихи тұрғыдан әрі сан қилы, әрі алыс сонарға соғатын шытырман. Соның өзінде түркі-монғол тілдері мен угро-фин тілдерін салыстырсақ, тікелей қайталамаса да, алыстан аңғарын көрсетіп қалатын жайттары бар. Олай болатыны, ол тілдер бір-бірінен ажырап, әрқайсысы өз алдына бөлек тіл болып кеткеніне кем дегенде, бес-алты мың жылдар болған шығар. Көне заман туралы үздік-создық, болмашы мәліметтер бұл тілдердің жай-күйі, мән-мағынасы туралы ешбір дерек бере алмайды» [4, 5] дегенді айтады. Ғ.Мұсабаев: «Уақыттың өткеніне, жағдайлардың құбылғанына қарамай-ақ тәуелдік категориясының Орал Алтай тілдерінде сақталу фактісінің өзі тамаша. Сонымен қатар негізінен алғанда, І жақ тәуелдік жалғауында -м элементінің сақталуы, ІІІ жақтағы -сы угро-фин тілдері мен түркі-моңғол тілдерінің туыстық субстратының қалдығы екенін көрсетеді. Көпше түрі де түркі тілдері фактісінен аулақтамаған. Тәуелдіктің І жақ көпшесінде түркі тілдерінде жекешенің форманты үстіне көне көптік жалғау -сыз (біз) қосылса, мордва тілінде ең алдымен көпше –н морфемасын қабылдайды да, оның үстіне ІІІ жақ көрсеткіші -сы қосылады, з/с дыбыстары алмаса беретін дыбыстар болғандықтан, негізгі формасы -сы деп отырмыз»
Б.Базылхан өзінің «Қазақ және моңғол тілдерінің салыстырмалы-тарихи грамматикасы (фонетика)» атты оқу құралында Орал-Алтай тілдері мен Алтай төркіндес тілдердің ортақтығы, Алтай төркіндес тілдердің даму сатысын көрсетеді. Алтай төркіндес тілдер эволюциялық дамудың үш кезеңін өткізді деп және оларды «ымтіл дәуірі», «келте сөз дәуірі», «күрделі сөз дәуірі» ретінде атап көрсетеді. Автор «Ымтіл дәуірі» 950 мың жылға созылған деп жорамалдап, ең басты табиғи сипатын көрсетеді. Арғы ата тегіміз бір біріне «V», «СV» тұлғалы дауыс шығарып қатынасты. Бұл дауысқа қол, аяғының ымын ұштастырып, «бас изеу, қол бұлғау» секілді дене қозғалысын сәйкестіріп, сөйлеу мүшелері арқылы «жуан, жіңішке», «қатты бәсең» дауыс шығарып, өзара тіл қатысып отырған. «Ымтіл дәуірінде» сөздік қордың түбір сөздері қалыптаспаған.