УДК 811.512.122.
Г.Ә. Мұсаева
ПРЕДИКАТИВТІК ҚАТЫНАС
(әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ф. ғ. к., доцент, Алматы, Қазақстан
email: gulbagiza_70@mail.ru тел: 87017128712)
Бүгінгі сіздердің назарларыңызға ұсынып отырған тілді меңгеру әдісі бірнеше жыл қазақ тілін шетел азаматтарына оқыту, үйрету барысында жинақталған тәжірибеге, сондай-ақ тіл меңгеру теориясымен айналысқан және айналысып жүрген зерттеуші ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып қалыптасып дүниеге келді.
Тілші ғалымдар еңбектерінде сөйлемді әр қырынан зерттеп, түрлі анықтамалар айтады. Біздің мақсатымыз тілді меңгерту. Сондықтан сөйлемді тіл үйренушілер тұрғысынан қарастырғанымыз жөн. Тілді меңгерушілер жаңа тілді оқу үдерісінде сөйлемді өзінің ойын жеткізуші құралы ретінде қарастырады. Сондықтан олар сөйлем туралы барлық мәліметті меңгергісі келеді. Әр тіл меңгеруші өзінің ана тілінде немесе өзінің негізгі қарым-қатынас тілінде өз ойын жеткізуді арнайы тіл сабақтарынсыз-ақ жете меңгерген. Әдетте сөйлеу барысында сөйлемді мүшелеріне, сөз таптарына бөліп, грамматикалық формаларына талдау жүргізіп жатпайды. Ол сөйлем қалай құрылатыны туралы еш ойланбастан-ақ тілдік қарым-қатынасқа түсе алады. Алайда тілдің грамматикасы адам ойын жеткізуде маңызды болып саналады. Екінші бір тілді меңгеруді бастағанда-ақ күнделікті қолданып жүрген қарым-қатынас құралы сөйлемнің құрылымына зер сала бастайды. Сондықтан берілетін грамматика тілді қарым-қатынас құралы ретінде меңгеруге сай болу үшін меңгерілетін грамматикалық құбылыстарды сөйлеудегі қызметіне орай жүйеленген түрде ұсыну қажет.
Тіл меңгерудің бастапқы кезеңінде грамматика жетекші рөл атқарады. Бастапқы кезеңде меңгеруші барлық базалық граммматикалық құбылыстарды үйренеді. Олар өз ниетіне сәйкес сөйлемнің құрылымдық моделін дұрыс таңдап, оның құрастырушы элементтерін өз орнымен өзгертіп, грамматикалық формаларын түрлендіріп қолдана алуы тиіс. Бұл орайда тіл үйренушілер тілдің грамматикалық құрылымына емес, сөйлеу әрекеттеріне: түсініп тыңдауға, оқуға, сөйлеуге, жазуға дағдылануы тиіс. Ал дағдыларды тілдік материалдарды саналы түрде меңгерудің көмегімен қалыптастыруға болады [1].
Қазақ тілін меңгерудің бастапқы кезеңінде грамматикалық минимумның негізін жай сөйлем құрылымы, ондағы элементтердің бір-бірімен байланысу мен түрлену жүйесі құрайды. Тіл меңгеру барысында, әсіресе бастапқы кезеңде тіл меңгерушінің санасында жаңа тіл мен өз тілінің арасында үнемі салыстыру үдерісі жүріп жатады. Бұл оның жаңа тілді меңгеріп, игеріп жатқанын көрсетеді. Егер осы кезеңде жаңа тілдің, біздің жағдайымызда қазақ тіліндегі сөйлемнің құрылымын берік меңгере алса, тіл меңгерушіге одан әрі тек сөздік қорын толықтыру ғана қалады.
Егер ғылыми еңбектерді қарастырсақ, тілді меңгеруде формалды жағынан қарастыру 1858-1942 жылдары өмір сүрген американдық Франц Боастың еңбектерінен бастау алады. Франц Боас американдық үнділерге ағылшын тілін үйретуде ылғи қолданылып жүрген әдіс жарамайтынын, оның орнына тілдің формалды жақтарын сипаттайтын әдіс керек екенін айтып өткен. Бұл формалды жақ дегеніміз тілдің, сөйлемнің құрылымы болып отыр. Одан кейін көптеген шетелдік және орыс ғалымдардың еңбектерінде тілдің формалды құрылымы әр түрлі қырынан зерттелді. Ең көрнекісі канадалық ғалым Н. Хомскийдің және француз ғалымы Л. Теньердің еңбектерінде терең зерттелген. Осы ғалымдар жасаған сөйлем құрылымы теориялары негізінде қазақстандық зерттеуші Ж. Нұршайықова орыс тілін меңгерудің жаңа әдістемесін құрастырып, шетелдік дәрісханаларда үлкен жетістікпен қолданып жүр. Аталған тәжірибелер мен теорияларға сүйене отырып, қазақ тілін екінші тіл ретінде сөйлем құрылымын модельдеу арқылы меңгеру әдісі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жоғарғы оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасында тәжірибеден өтті. Ғылыми тілде бұл модельдер сөйлемнің виртуалды стеммалары деп аталады. Алдымен сөйлемнің негізгі құрылымдық және мазмұндық тірегі қазақ тілі жай сөйлемінің терең құрылымының виртуалды стеммасы түзіледі. Қазақ тіліндегі сөйлем мүшелерінің орын тәртібі әрқашан айқын. Бұл компоненттерді бір-бірімен байланыстырып тұратын синтаксистік байланыстар стеммада барлық сөйлемге ортақ, сызықтар арқылы беріледі. Трансформациялық грамматика теориясына сүйене отырып, сөйлемнің терең құрылымын өзгермелі компоненттердің көмегімен түрлендіріп, сөйлемнің үстірт құрылымын аламыз. Бір ғана грамматикалық материалдың бірнеше құрылымы болуы мүмкін. Осы материалдың құрылымы берілген сөйлем моделі бойынша түрлі мағыналық сөйлем құрастыруға, оларды қолдана білуге дағдылану үшін қадамдық жаттығулар жүйесін жасауға мүмкіндік береді. Сондықтан да таңдап алынған материалдың тіл үйренушілерге ұсынатын мөлшері маңызды болып табылмақ [2,3,4].
Берілген мақалада осы сөйлем құрылымы моделіндегі етістіктерге тоқталмақпыз. Сөйлемнің құрылымдық және семантикалық екі белгісі бір-бірінсіз дербес өмір сүре алмайтын жұптастық. Сөйлемнің құрылымдық белгісі оны құрастырушы компоненттері – сөйлем мүшелері болса, семантикалық белгісін оның предикаттивтілігі ажыратады. Предикативтіліктің негізігі қасиеттері – модалдылық, шақтық, жақтылық категориялары. «Қазақ тілі грамматикасында» модалдылық объективті және субъективті деп бөлінеді. Объективті модалдылық реалды іс-әрекет, қимыл-қозғалыс, оның үш жақта өтуі, екіншісі реалды емес іс-әрекет, қимыл-қозғалыс бұйрық, қалау, тілек, қажеттілік сияқты мағыналарымен ажыратылады. Синтаксистік жақтылық категориясы субъектінің жағына байланысты жіктік жалғаулары баяндауышқа жалғанып бастауыштың баяндауышпен қиысуы арқылы жасалады. Бастауыш пен баяндауыштың қиыспай-ақ жасалатын бір негізді сөйлемдер бар, олар – жақсыз сөйлемдер [5, 627-628б.].
Жоғарыда атап өткеніміздей, кез-келген сөйлемнің өз құрылымы болады. Әр құрылымды құрастырушы компоненттер сөйлем мүшелері құрайды. Сөйлем құрылымындағы тұрлаулы мүшелер сөйлемнің басты діңгегі. Баяндауыш грамматикалық тұлғасы жағынан бастауышқа бағынышты болғанымен негізгі ойды беруде семантикалық рөлі басымдау болып тұрады. Баяндауыштар есім сөздерден де етістіктен де жасала береді.
Г.А. Золотова сөйлем құрылымындағы етістіктерді толық мәнді (полнознаменательный), яғни негізгі және толық мәнді емес (неполнознаменательные), яғни көмекші деп бөледі [6; 7].
Баяндауыш ретінде барлық сөз таптары жұмсала береді. Дегенмен өзінің семантикасы жағынан осы қызметке ең бейім сөздер – етістіктер. Осы ыңғайлығы және жұмсалуы арқылы етістіктер предикативтік құрауға қатысатын формаларды (шақ, жақ, модальдық т.т.) өзінің морфологиялық тұлғасы етіп алған [8; 9; 10; 11].
Баяндауыштар етістікті және есім баяндауыш болып екіге бөлінеді. Ал құрамы мен ұйымдасуы жағынан үш топқа бөлінеді:
-
Дара баяндауыштар.
-
Күрделі баяндауыштар.
-
Үйірлі баяндауыштар.
Біздің нысанамызға әр түрлі сөз табынан болған дара және күрделі баяндауыштардың кейбір түрлері еніп отыр.
І. Шақ мағыналы баяндауыштар.
1.-а/-е/-й ауыспалы осы шақ етістіктерінен болған баяндауыштар дағдылы іс-әрекетті, ұзақ мерзім ішінде болатын істі білдіреді. Мен ҚазҰУ-да оқимын. Мен Алматыда тұрамын.
2. –п жүр, -п жатыр күрделі етістіктен болған баяндауыш та амалдың үнемі
қозғалыс я ауысу үстінде бір қалыппен жалғастырылып істеле беруін я қайталана беруін
немесе заттың дағдылы күйін білдіреді. Мен ҚазҰУ-да оқып жатырмын/жүрмін.
Ауыспалы осы шақ тұлғалы баяндауыш қатысқан жай сөйлем стеммасы:
N V
N ет. +а/е/й+ж.ж.
ет.+ып/іп/п + жүр/ жатыр
3. Өткен шақ етістіктерден жасалған баяндауыштардың грамматикалық формалары:
а) -ды/-ді/-ты/-ті жедел өткен шақ етістіктен жасалған баяндауыштар іс-қимылды еш экспрессивті модальды мағына қоспай, тек процесс қалпында беретіндіктен стильдік ая таңдамай еркін жұмсалатын негізгі форма болып табылады. Екінші тіл меңгерушілер өткен шақта болған іс- әрекетін алғаш осы формамен айтып үйренеді.
ә) -ған/-ген/-қан/-кен тұлғалы баяндауыштардың қызмет ерекшелігі есімшеден жасалуына байланысты. Есімше іс-қимылды статикалық қалыпта, субъектіге тән қылып, сапа тұрғысынан айтады. Сондықтан өткен шақ –ды/-ді формасынана кей жағдайда стильдік тұрғыдан ерешеленеді. Біріншіден, өткен шақтық іс-әрекетті баяндайтын тексте -ған/-ген олардың өзара мезгілдік кезегін саралауға сеп болады. Мұндайда ол –ды/-ді тұлғалы баяндауышқа қарағанда бұрынырақ болған іс әрекетті білдіреді. Екіншіден, статикалық мағынасына сай өмір, табиғат бейнесін суреттеуде көп жұмсалады. Ал болымсыздық мағынаны білдіруде бұл екі форма бірінің орнына бірі сараланбай тең дәрежеде жұмсала береді. [5, 638б.].
б) -атын/-етін/-йтын/-йтін тұлғалы есімшеден болған баяндауыштарды Қазақ грамматикасында негізгі грамматикалық мағынасын ескере отырып, іс-әрекеттің, қимылдың процеске айналу алдындағы қалпын білдіретіндіктен іс-әрекеттің, қимылдың қалпын білдіретін баяндауыштар құрамында қарастырады. Біз бұл формалардың құралуындағы грамматикалық ерекшеліктерді, сол құралған аналитикалық формалардың тұтас тұлға ретіндегі түрлену мүмкіншілігін танып білуді тіл үйренудің анағұрлым жоғары деңгейлеріне қалдырдық. Есімшенің бұл тұлғасының бізге қажеттісі оның дағдылы өткен шақ формасында жұмсалуы. «Есімшенің бұл түрі сөйлемде жіктеліп, бұрын болған әректтің бірнеше қайталанып, дағдылы қалыпта орындалып тұрғанын білдіреді. Мысалы: баратынмын, баратынсың, баратынсыз, баратын, баратынбыз, баратынсыңдар, баратынсыздар, баратын [5, 533б.]». Бұл форманың -ушы еді синоним тұлғасы бар. Мысалы алуыш еді, алатын (еді).
в) -ып/-іп/-п көсемше тұлғалы етістік пен жіктіктің ІІІ жағымен берілген баяндауыштың формасы естіген мәліметті үшінші адамға хабарлау мақсатында жиі қолданылады. Баяндауыштың бұл формасы диалогта және бір нәрсе немесе біреу туралы баяндауда жиі айтылады. Тіл үйренушінің бастапқы кезеңдегі мақсаты өзі істеген іс-қимыл мен естіген іс-әректі туралы екінші немесе үшінші адамға жеткізу болғандықтан, бұл форманы тек жіктіктің ІІІ жағында ғана шектеп берген дұрыс деп ойлаймыз. Мысалы: Сен білесің бе? Елдос кеше театрға барыпты.
Өткен шақ тұлғалы баяндауыш қатысқан жай сөйлем стеммасы:
N V
ет.+ды/ді/ты/ті + ж.ж.
N ет. +ған/ген/қан/кен + ж.ж.
ет.+атын/етін/йтын/йтін + ж.ж.
4. Осы шақ баяндауышқа қалып етістіктерінің отыр, тұр, жүр, жатыр негізгі етістік мәнінде немесе негізгі етістіктің көсемше (-а/-е/-й, -п/-іп/-п) тұлғасына қалып етістіктерінің көмекші етістік мәнінде тіркесіп тікелей жіктелуінен жасалған формалар жатады. А. Ысқақовтың (263бет) айтуынша қалып етістіктері амалдың, әрекеттің, қимылдың, қозғалыстың т.т. бір қалыппен өту процесін және сол процестің кейде үзіліп, кедергіге де ұшырап, кейде үзіліссіз тынбай дамып отыратынын, ұзаққа созылатынын білдіреді. [5, 543б.] Бұл төрт етістіктің алғашқы түп негізгі лексикалық мағынасы – адамның кеңістіктегі қалпын, екіншісі – жанды-жансыз заттардың кеңістіктегі қалпын білдіретінін (мұнда жатыр, тұр етістігі туралы айтылып отыр), ал -п отыр, -п тұр, -п жүр, -п жатыр қимылдың жасалу үстінде екенін білдіретінін жазған. Бұл формалардың ішіндегі көсемшенің –а/-е/-й формасы мен жатыр тіркесінен біз тек төрт күрделі баяндауышты аламыз. Олар: бара жатыр, келе жатыр, әкеле жатыр, апара жатыр.
Осы шақ тұлғалы баяндауыш қатысқан жай сөйлем стеммасы:
N V
ет. + -а/-е/ + жатыр + ж.ж.
N ет. +-ып/-іп/-п отыр/тұр + ж.ж.
жүр/жатыр + ж.ж.
5. Келер шақ баяндауыштардан үш түрлі форманы қарастырамыз.
-мақ/-мек /-бақ/-бек/-пақ/-пек тұлғалы қимыл атаулы етістіктер іс-әректті субъектінің мақсаты тұрғысынан атайтын баяндауыштар. -мақ+шы және -мақ болды формаларын -мақ формасымен бірге функциялық қызметі жағынан біріне-бірі жуық сыңар варианттар деп есептейді. -мақ формасы көмекші етістіктермен тіркесіп түрлі мағыналық, шақтық реңктерге ие бола алады.
6. -ар/-ер/-р болжалды келер шақ етістіктен болғанг баяндауыштар қимылдың, іс-әрекеттің болу мүмкіндігін айқын көрсетпей, болжай ғана айтылуын білдіреді. Бұл тұлғамен тіркесіп жұмсалатын түрлі көмекші етістіктерден туған мағыналар (барар еді, айтар болар) біздің еңбегімізде қарастырылмайды.
7. Ауыспалы келер шақ -а/-е/-й формасынан болған баяндауыштар мен ауыспалы осы шақ формасынан болған баяндауыштар бір-бірінен сөйлемдегі мағынасы жағынан ажыратылады.
ІІ. Іс-қимылды, әрекетті белгілі бір субъектіге істеуді ұсыну және міндеттеу тілдік көрінуі жағынан бір біріне жуық, бұл мағыналарды білдіретін үш баяндауыштық форманы атап көрсетеді Р. Әмір. «тұйық рай етістік» + керек (келуім керек, келуің керек), «тұйық рай етістік» + ғой (алуың ғой, алуым ғой), . «барыс септіктегі тұйық рай етістік» + тиіс (алуға тиіс, көруге тиіс). Баяндауыштардың бұл формаларынан бізге қажеттісі тек бірінші «тұйық рай етістік» + керек (келуім керек, келуің керек) формасы.
Келер шақ тұлғалы баяндауыш қатысқан жай сөйлем стеммасы:
N V
ет. + -а/-е/ -й + ж.ж.
N ет. + мақ/мек/бақ/бек /пақ/пек + ж.ж.
ет. + -ар/-ер/-р + ж.ж.
ІІІ. Есім баяндауыштар
-
Бастауышы зат есім – баяндауышы атау септіктегі зат есім сөйлемдерді Ұ Мұсабаева биноминативті сөйлемдер деп атаған. Биноминативті сөйлемдер мынадай синтаксистік мағынаны білдіреді:
А) Иденцификациялық қатынас (Темір - металл);
Ә) Субъект ретіндегі зат пен оның заттық сапасының қатынасын білдіру
(Өзеннің жағасы – құм);
Б) Субъект ретінде аталған зат (көбіне кеңістік туралы ұғымды атайтын зат) пен оны жайлаған заттың қатысын хабарлайды (Жаға – толған мал); В) Субъкт ретіндегі зат пен оны теңейтін заттың арасындағы қатынасты білдіреді [12].
2. Септік жалғауы жалғаған есімнен жасалған баяндауыш қатысқан сөйлемдегі мағына конкретті болып келеді [8].
А) Жатыс жалғаулы зат есім баяндауыштар. Ананың көңілі – балада, баланың көңілі - далада. Сөздік – оқытушыда.
Ә) Шығыс жалғаулы зат есімді баяндауыштар. Ақыл жастан, асыл тастан
Б) Жіктік жалғаулы зат есімді баяндауыштар. Мен студентпін. Ол – дәрігер.
Жатыс, шығыс жалғаулы зат есімдердің жіктеліп қолданған формасы.
Мен қазір университеттемін. Олар Корядан.
3. -нікі/-дікі/-тікі қосымшалы зат есімді баяндауыштар. Бұл ғимарат университеттікі.
4. Зат есімді күрделі баяндауыштардың Т. Сайранбаев бірнеше түрлерін атап көрсетеді [11, 138б.]
1. Адамның аты, әкесінің аты мен күрделі жалқы есімдер арқылы: Оның аты-жөні – Гүлмира Асанқызы.
2. Ілік жалғауының жасырын түрі мен тәуелдік жалғаулы сөздердің тіркесі арқылы: Әке болу – табиғат заңы.
3. Ілік жалғаулы сөз бен тәуелдік жалғаулы сөздердің тіркесі арқылы: Лима – Перудің астанасы.
4. Зат есімді күрделі баяндауыштардың бірінші сыңары ілік жалғауының ашық, жасырын түріндегі сөздер мен тәуелдік жалғауынан кейінгі жатыс септігінің жалғауында келуі арқылы да зат есімді күрделі баяндауыштар жасалады:
Мен Алматы қаласынанмын.
Баяндауышы зат есімнен болған жай сөйлемдердің стеммасы:
N V
зат ес. (nomin.)
зат ес. (nomin.) + ж.ж
зат ес. + О5 + ж.ж.
зат ес. + О6 + ж.ж.
N зат.ес. + -нікі/-дікі/-тікі
зат.ес. зат. ес.
зат.ес. + О2 зат ес. + т.ІІІ ж.
зат. ес. зат ес.+т.ІІІж.+О6+ж.ж.
Сын есімді баяндауыштар.
-
Сапалық және қатыстық сын есімнен болған баяндауыштар. Менің досым - әдемі. Ол – ақылды.Сын есмідер жіктеліп те баяндауыш бола алады. Сен көріктісің.
-
Еді, екен, болды, болады сияқты көмекші етістіктердің сын есіммен тіркесуі арқылы жасалған күрделі баяндауыштар тіл үйренудің алғашқы кезеңдерінде жиі қолданылады. Бұл тіркес субъектінің айтылған пікірге, болған немесе болатын іс-әрекетке өзінің субъективтік бағасын,қатынасын білдіреді. Мұндай форманы тілші ғалымдар модальдық категорияға жатқызады. Тамақ дәмді екен. Қойылым тамаша болды. Сонымен қатар, сын есмінің асырмалы шырайы арқылы жасалған баяндауыштар: Сіздің балаңыз өте сүйкімді (екен). Алматы - өте әдемі.
Баяндауышы сын есімнен болған жай сөйлемдердің стеммасы:
N V
сын ес. (nomin.)
N сын ес. + ж.ж
сын ес. + еді, екен, бол
Сан есімдердің баяндауыш болуы:
-
Жинақтық сан есімдер жіктеліп барып баяндауыш болуы: Біз топта бесеуміз.
-
Жатыс жалғаулы есептік сан есімдердің баяндауыш болуы тіл үйренушілердің жас мөлшерін айтып үйренуге көмектеседі. Менің жасым жиырма бесте. Мен он сегіздемін. Менің әкем қырықта.
Баяндауышы сан есімнен болған жай сөйлемдердің стеммасы:
N V
сан ес. + ау/еу + ж.ж
N сан ес. + О5
сан.ес.+ О5 + ж.ж.
Есімдіктің баяндауыш болуы.
-
Есімдіктер тек сөйлемнің соңында келіп, мағыналық жағынан сөйлемді тиянақтау барысында ғана баяндауыш бола алады. Бұл кім? Бұл – мен.
-
Есімдіктер баяндауыш қызметінде жіктеліп (Бұл менмін), септеліп (Кітап менде) баяндауыш болу жағдайлары оқытудың алғашқы кезеңдерінде қолданылады.
-
Есімдіктер қатысты күрделі баяндауыштар: Бұл – менің әкем.
Баяндауышы есімдіктен болған жай сөйлемдердің стеммасы:
N V
есімдік (жікт.,сілт,...)
N жікт., сұрау есімдік + ж.ж
есімдік + О5
жікт. еімдік зат ес. + т.ж.
Бар, жоқ сөздерінің баяндауыш қызметінде болуы:
Р. Әмір бар, жоқ баяндауыш болып қатысқан сөйлемдер бастауыш ретінде аталған заттың, субъектінің болмыста бар-жоқтығын хабарлайды дей келе, екі түрлі көрінісін айтады: 1. Шектеусіз болмыстағы бар-жоқтық (Дәлел жоқ. Жеті қабат аспан бар), 1. Шектеулі болмыстағы бар-жоқтық (Ауылда қариялар бар. Бізде көлік жоқ). Бұл сөйлемдер субъектінің бар жоқтығын болмыстың кеңістік, объектілік, мерзімдік ұзігіне байланысты етіп – шектеулі етіп хабарлайды.
1. Бар, жоқ сөздері нөльдік тұлғада баяндауыш болады: Еңбексіз - рахат жоқ.
2. Бар, жоқ сөздеріне түрлі модаль сөздердің тіркесуі арқылы баяндауыш жасалады. Үміт жоқ сияқты.?
Бяндауышы бар, жоқ сөздерінен боған жай сөйлем стеммасы:
N V
N бар, жоқ
Жай сөйлемнің бастауышы мен баяндауышының жасалу жолдарының жалпы стеммасы:
N V
Зат ес. Ашық райлы етістіктің шақтары
Есімдік Зат есім
Есімше Сын есім
Етістік Сан есім
Сан есім Есімдік
Сын есім Бар, жоқ, (керек)
Бұл мақалада қазақ тілін екінші тіл ретінде меңгерудің алғашқы кезеңіне қатысты предикативтік формалары барынша қысқа қарастырылды.
Сөйлемдердін, коммуникативтік тұлға болуына байланысты тағы бір жай бар. Сөйлемнің формасы тек предикативтікті білдіруге ғана бағынышты емес. Оның көптеген формалары сөздің (сөйлеудің) мақсатына да байланысты. Мысалы, хабарлау үшін, бұйыру үшін, сұрау, жауап алу үшін құралатын сөйлемдердің әрқайсысына тән формалары бар.
Бұл мақалада сөйлем құраудағы негізгі компоненттердің бірі предикаттық қатынасты білдіретін тілдік материал сөйлем құрылымының модельдері негізінде талданды. Тіл меңгерудің бастапқы кезеңінде ұсынылатын грамматикалық материал сұрыпталып, оның сөйлемнің құрылымындағы орны анықталды.
Қолданылған әдебиеттер:
1 Захава-Некрасова Е.Б. Роль и место грамматики в процессе обучения русскому языку на начальном этапе. – В кн.: Русский язык и методика его преподавания нерусским. – М., 1973;
-
Теньер Л. Основы структурного синтаксиса. – М.: Прогресс, 1988. – 656 с.
-
Хомский Н. Аспекты теории синтаксиса. – М.: Изд. МГУ, 1972. – 117 с.
-
Нуршаихова Ж.А. Теория алгоритмизированного синтаксиса: автореф. дис. д-ра филол. наук. – Алматы: Қазақ университеті, 2002. – 41 с.
-
Қазақ грамматикасы. Фонетика. Сөзжасам. Морфология. Синтаксис / жауапты ред. Жанпейісов Е. – Астана, 2002. – 784 б.
-
Золотова Г.А. Синтаксический словарь. Репертуар элементарных единиц русского синтаксиса. – М.: Наука, 1988. – 440 с.
-
Золотова Г.А. Коммуникативные аспекты русского синтаксиса. – М.: Наука, 1982. – 367 с.
-
Әміров Р., Әмірова Ж. Жай сөйлем синтаксисі. – Алматы: Қазақ университеті, 2003. – 199 б.
-
Аманжолов С. Қазақ тілі теориясының негіздері. – Алматы: Ғылым, 2002.
366 б.
-
Арғынов Х. Жай сөйлем синтаксисінің методикасы. – Алматы: Мектеп, 1967. – 112 б.
-
Балақаев М. Қордабаев. Қазіргі қазақ тілі. Синтаксис. – Алматы: Мектеп, 1971. – 339 б.
-
Балақаев М., Сайрамбаев Т. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы: Санат, 1997. – 240 б.
Koldanylgan adebietter:
1 Zaxava-Nekrasova E.B. Rol i mesto grammatiki v processe obucheniya russkomu yazyku na nachalnom etape. – v kn.: Russkij yazyk i metodika ego prepodavaniya nerusskim. – M., 1973;
2 Tener l. Osnovy strukturnogo sintaksisa. – M.: progress, 1988. – 656 s.
3 Homskij N. Aspekty teorii sintaksisa. – M.: izd. mgu, 1972. – 117 s.
4 Nurshaixova zh.a. Teoriya algoritmizirovannogo sintaksisa: avtoref. dis. d-ra filol. nauk. – Almaty: Kazak universitetі, 2002. – 41 s.
5 Kazak grammatikasy. Fonetika. Sөzzhasam. Morfologiya. Sintaksis / zhauapty red. zhanpejіsov e. – Astana, 2002. – 784 b.
6 Amіrov R., Amіrova Zh. Zhaj sөjlem sintaksisі. – Almaty: Kazak universitetі, 2003. – 199 b.
7 Zolotova G.A. Sintaksicheskij slovar. Repertuar elementarnyx edinic russkogo sintaksisa. – M.: nauka, 1988. – 440 s.
8 Zolotova G.A. Kommunikativnye aspekty russkogo sintaksisa. – M.: nauka, 1982. – 367 s.
9 Amanzholov S. Kazak tіlі teoriyasynyң negіzderі. – Almaty: gylym, 2002.
366 b.
10 Argynov X. Zhaj sөjlem sintaksisіnіn metodikasy. – Almaty: mektep, 1967. – 112 b.
11 Balaқaev M. Kordabaev. Kazіrgі kazak tіlі. sintaksis. – Almaty: mektep, 1971. – 339 b.
12 Balaқaev M., Sajrambaev T. Kazіrgі kazak tіlі. – Almaty: sanat, 1997. – 240 b.
Г.Ә. МҰСАЕВА
ПРЕДИКАТИВТІК ҚАТЫНАС
Мақала бастауыш баяндауыштың қатынасы – предикативтік қатынасты сөйлем құрылымы негізінде меңгеру жолдарын анықтайды. Тіл меңгерудің бастапқы кезеңіндегі грамматикалық минимумның негізін жай сөйлем құрылымы, ондағы элементтердің бір-бірімен байланысу мен түрлену жүйесі құрайды. Осы екі мүшенің грамматикалық қатынасы сөйлем құрауға негіз болатындықтан тілді алғаш меңгеруде қажет болатын тілдік материалдарды меңгерту әдіс-тәсілдерін қарапайымнан күрделіге ұстанымын сақтай отырып, алгоритмдік жүйемен меңгертудің жолдарын жан-жақты қарастырады. Сөйлем құрылымының алгоритмдік моделі грамматикалық білімнің табиғатын нақты түсіне отырып коммуникацияға енуге мүмкіндік туғызады. Сөйлем құрылымын құрастырушы компоненттердің формалды көрінісі инофондардың сөйлем конституенттерінің функционалды семантикасын және сөйлем құрылымы элементтерінің синтаксистік байланыстарын тіл меңгерудің алғашқы күндерінен бастап түсінулеріне мүмкіндік жасайды.
Тірек сөздер: құрылымдық лингвистика, сөйлемнің тұрлаулы мүшелері, предикативтік қатынас, сөйлем құрылымы, тіл меңгеру
МУСАЕВА Г.А.
ПРЕДИКАТИВНЫЕ ОТНОШЕНИЯ
В статье рассматриваются взаимосвязи главных членов – подлежащего и сказуемого на основе усвоения с позиции предикативных отношений в составе предложения. Грамматическая связь этих двух главных членов предложения как главная составляющая основы предложения изучена с целью разностороннего усвоения языковых средств и методов. Форамлизованное представление структуры казахского предложения дает инофону видение функциональной семантики конституентов предложения и понимание синтаксических связей структурных элементов предложения с первых шагов погружения в новый язык. Алгоритмически сконструированная модель предложения, составленная при помощи трансформационных компонентов, должна быть последовательно усвоена инофонами с целью наилучшего овладения грамматическим материалом и скорейшего вступления в процесс коммуникации.
Ключевые слова: структурная лингвистика, главные члены предложения, предикативные связи, состав предложения, усвоение языка.
MUSAYEVA.G.A.
PREDICATE RELATIONS
In article interrelations of the main members – subject and predicate on the basis of assimilation from a position of the predicative relations as a part of the sentence are considered. The grammatical link of these two principal parts of the sentence as the main component of the basis of the sentence is studied for the purpose of versatile assimilation of language means and methods. The formalized representation of the sentence structure in Kazakh language gives to inofon the vision of functional semantics of constituents of the sentence and understanding of syntactic relations of structural elements in the sentence with the first steps of immersion in a new language. Algorithmically constructed model of the sentence, made by means of transformation components, must be consistently assimilated by inofons to best mastering grammatical material and early entry into the communication process.
Key words: structural linguistics, sentence structure, assimilation, structure of a simple sentence, theory of language.
Достарыңызбен бөлісу: |