ТЫЛСЫМНАН ТІЛ ҚАТҚАН МҮСІНШІ
Заманым! Осыдан бір жыл бұрын, қыркүйек айының аяғында өзіңнің басқан ізіңді аңдып жүр екен, тосыннан тап берген тажал індеті ешкімге ескертпестен ештеңеге зияны тимеген асыл жаныңды суырып алып кетті. Өмір тым баянсыз екенін ұқтырғың келді ме, бәрін тастап ерте кете бардың. Содан бастап қатты есеңгіреп қалған мен, өзіңмен өткен және өзіңсіз өткен өмірді тереңірек тани түскен сайын (ал бұл өмір түбі шексіз терең ғой), өмір сүрудің мәні мені көбірек мазалай бастады, менің өзіңе деген лаулаған сағынышыммен қатар құрметім мен сүйіспеншілігім де арта түсті. Өзіңді тереңірек тани түскен сайын мынау өмірді сүю мен дүниені тануға деген құштарлық пен құлшынысым да ояна бастады. Бұрын құрғақ та қасаң қағидалармен, сірескен, жансыз, қан-сөлсі ұғымдармен өмір сүріп, енжарлық батпағына батқан ой-санамыз «жұрт не дейді дегенге» әбден бейімделіп кеткен екен. Өзіңмен табысқалы бері мен өзімді, сен де менімен табысқалы өзімізді өзіміз ашқанымыз анық. Өмірдің бар мәні жүрек пен сүйіспеншілікте екен ғой, сөйтсек.
Бұрын мен өмірде ешқандай ауытқуға жол бермес үшін өзімді, дұрысы жүрегімді қатаң қадағалап отыратын болсам, енді менің жүрегім ол айтылғандарды қабылдамайтын және оған бара-бара мүлдем бағынбайтын болды. Өзің айтқандай, көңіл жайлауыңда емін еркін шауып жүрген дара еркең бола алғаным үшін өзімді бақытты сезініп, мен қазір таңның атуын асыға күтемін.
Заманым!
Бұрын екеуміз өз өмірімізді өзімізге келісімде емес, өзгелерге келістіріп құрған екенбіз. Содан да қиналдық. Кейінірек кеш табысқанымыздай, әу баста өзімізге келісімде құрсақ, о, онда ма, әр күн сайын Өмірге ғашық болар ма едік.
Ғашық жандар әр таң атқан сайын күлімсіреп оянады,
Олар бар әлемге құшағын жая алады.
Олар үнемі өзінен өзі жадырап жүргенді ұнатады,
Олар аспандағы күн сияқты, кездескен жанның бәрін жылытады,
Олар қиындықтың бәрін ойнап жүріп жеңеді,
Себебі, олар ең үлкен құпияны біледі!
Олардың өмірінің мәні – тіршіліктің сәні ғана емес, керек болса, Жаратушының жаны.
Сөзімнің басында жазғанымдай, біздер өз өмірімізді өзімізге келісімде емес, өзгелерге келістіріп құрғанбыз. Содан да қиналудамыз. Қарап отырсам, екеуміздің де өміріміз бұрын сүреңсіз болған екен ғой деймін. Екеуміз табысқанға дейінгі мына өмірді мен бұрын құрғақ, тұнжыраған, қызықсыз, қатаң, талапшыл өмір деп бөлер едім.
Ал қазір мен кімдің нені болсын сүйіспеншілікке шақырамын. Жүректі, махаббатты, руханиятты ештеңемен өлшей алмайды екенбіз, олар материалды дүние емес, яғни қатаң қағидаға, өлшеулі өлшемге сыймайды. Өмірдің тағдырдан бекітіп берген жалпыға бірдей және бәріне міндетті өз заңы бар десек те, бәрін бір қалыпқа сыйдыру әсте мүмкін емес. Оны қара жерді басып жүрген менен гөрі аспанның төріне шығып кеткен, Рухтар елінде, Ақуыста жүрген Сен жақсы білесің. Әттең оны жер бетіне қайтып кеп тағы бір рет өз өміріңмен дәлелдей алмайтының өкінішті.
Заманым! Өзіңмен табысқалы бері мен өзімді — өзімдегі қасиетті сезімді аштым. Менің Әлеміме Ғалам ашылды.
«Қасиетті сезім» деген сөз нені білдіреді? Ақын Мұхтар Шаханов айтқандай, кез келгеннің қолы жете бермейтін қасиетті шын махаббат екі адамның сана биігінде жолығысуы болса, сол құпия да қасиетті сезім әркімге ықыласына қарай ашылатын болса керек. Сірә, ол екі адамның түйсігі мен сезімталдығына байланысты. Бірақ түйсік пен сезімталдық міндетті түрде құрбандықты қажет етеді: ол бір біріне деген шексіз сүйіспеншілік пен берілгендік, тең дәрежедегі қарым- қатынас жасау, еркін және тығыз байланыс құру арқылы Жоғарыға талпыну. Мұның сырын рухани түрде жүрекпен ғана оқып ұғуға болады.
Заманым! Сен арқылы менің Әлеміме Ғалам ашылды дедім. Сенің «Қарақуыс» атты романыңдағы бас кейіпкердің де есімі Ғалам еді. Ол сенің өзің едің. Мен арқылы Сенің де Әлеміңе Ғалам ашылғанын осылай бейнелеп, осы есімді әдейі таңдаған екенсің ау. Ал саған сәуле түсірген қыр қызғалдағы Қырмызы ол мен едім. Жоғарыдағы Құдіреттің қалауымен қосылған, аяулыңа айналған ардақтың.
Менің мейірімді жолбастаушым әрі қорғаушым және тәрбиешім ретінде Сен көзің жұмылса да күн сайын менімен қатар жасап келесің. Сенің маған жолдаған әрбір хаттарыңды сен қазір ғана жазып отырғандай алған әрбір тынысыңа дейін көз алдыма елестетемін. Сенің сезім мен сенім және мейірімге толы жазбаларың сол жазылған уақыттан бері менімен бірге өмір сүріп келеді. Ол мені түрлі жамандықтардан қорғайды. Міне, сенің хаттарың мені өмір бойы алға жетелейтіні анық.
«Махаббат күш әкеледі» делінеді.
Махаббат Өмірді жандандырады, оған Жарық сыйлайды.
Махаббатсыз өмірдің қуаныш нұры семеді, мақсат кемиді, ықылас оты сөнеді, Бірақ біздер Махаббаттың қуат күшін қалай бағалаймыз? Махаббат күш сыйлайды. Бұл күшті біз игілікке қалай айналдыруымыз керек?
Махаббат рухтан беріледі, ол жүректен шығады, өмірді көркейтеді.
Махаббатты қуаттандыратын өмір емес, өмірді қуаттандыратын махаббат. Сен арқылы менің көзім осыған жетті.
Он сегіз мың Ғалам, Жер бетіндегі бүкіл Өмір – Махаббат пен Қуаныштан тұратын тірі тынысты бір бүтін тіршілік.
Мәңгілік те шексіз Ғарыш та, жарық жұлдыздары жарқыраған, кемпірқосағы алуан түсті құлпырған Аспан да, жарық сәулеге толы Жер де сен болып маған соны ұқтырады.
Заманым менің! Сені ажал уақыт менен алыстатып кеткенімен, көзге көрінбес, қол,а ұстатпас арақашықтық бөліп тұрғанымен, сенен мені қанша алыстатам деген сол уақыттың өзі тықақтап қыр соңыңнан қалмай қойған жоқ па.
Ендеше, оның себебі арақашықтықта емес, менде, менің санамдағы образыңда. Сен маған қиналған сәттерімде достық пен мейірімді рәуішпен күлімсірейсің. Сол баяғы дана күлімсіреуін, жоғарыға ұмсынушылығың, шығармашылық еркіндігің. Біздің күнделікті өміріміздің теріс жақтарын, ішкі әлеміміздің көлеңкелі тұстарын қопсытатын, қалай қашып құтыларыңды білмейтін ойлардан мен мен сенің күлімсіреуіңнен күш аламын. Ол сенің күлімсіреуіңде маған қажетті күш пен қорғаныс бар. Екеуміз біргеміз деп соғатын онда жүрек бар.
Сен менің — рухымның қанатысың. Сен маған алыс жұлдыздардан күлімсіреумен тіл қатасың. Құдай бәрімізге қабілет берген, сол берген қабілеттерімізді тек аша білу керек дейсің. Солайша екеумізге ортақ
бақытты жақындатасың.
Иә, екеуміздің басымыздан ондай да уақыттар өткен.
Бұрын өмір екеумізге де көңілсіз сұрқай еді, себебі сүюдің не екенін білмейтінбіз. Әйтеуір таң атып, күн бататын.
Сол кезде менің өмірімде бір мейірімді періште болып көктен жерге адам кейпінде түсіп, мені жербетілік сынақтан өткізгің келгендей сен пайда болдың. Ал сенің өміріңде мен пайда болдым.
Сенің мейірімді жүрегіңнен шыққан шын сезім мені шабыттандыруға, қуанышқа бөлеуге қызмет етті.
Жүректен шыққан шын сезімің жүрекке жетті, жанымды рахатқа бөледі, тазалыққа үндеді.
Осылайша біздер бір бірімізді жақсылыққа ұмсындырыппыз, бір бірімізге сенімімізді арттырыппыз, рухани нығайтыппыз, үміт отын оятыппыз, махаббатымымызды үрлеппіз. Сол арқылы бір бірімізге жақындастық, мінездерімізді үйлестірдік, өзара түсіністікте, сыйластықта болдық, рухани жақындастық, жүректерімізді жібіттік, өшпенділікті өшірдік. Екеумізді табыстырған көктен берілген руханияттың ісі. Жаратушы Құдіреттің сыйы.
Арамызды жиырма жыл жас айырмашылығы бөліп жатса да, мен одан жүректің шексіз мейірімін, шексіз махаббатын сезіндім. Сол менің рухани ішкі әлемімнің жетілуіне үлкен серпін берді.
Бұл сүю күші маған өмір бойы рухани күш береді.
Міне, махаббатпен сүюдің қуат күші!
Заманым!
Өзің айтатындай, бағасын жүрек қана айта алатын Қымбаттым!
Сен ортамыздағы ақ сезімді ұйыттың. Соған ең басты ұйытқы болдың. Мені жан жүрегіңмен аяладың. Сүюден жалықтырмадың.
Сен жердегі кішкентай күн сияқты едің. Күн терапиясы секілді, тұла бойыма жағымды энергия бағыттай алдың. Жүрегімді жылыттын, мейірім шуағын себетін, жанымды жадырататын. Енді менғ сен секілді кішкене күн бола алам ба, басқаларға деген жан жылуым жетсе әрине.
Мені сағына тосушы едің. Көңіліме кірбің түсіріп алам ба деп, кешірім сұрайтынсың. Жан жүрегіңмен аялаушы едің. Бір хатыңда маған былай деп жазыпсың:
«Жаным менің!
Соңғы екі ай мөлшерінде сенің жүзіңді көріп, дастарқан басында мейірлене шәй ішіп отырудың өзі арманға айналды! Өткен ақпан айы бізге қабағын түйіп, ішіне бүккен сырын айтқысы келмей, жұмбақтап келіп, ақыры зауалды дерттен аман екеніңді көрсетіп қуанышпен қол сілтеді.
Енді міне, наурыз да сені сағынтып, көз көрмеген, аяқ баспаған қиындағы сенің амандығыңды тілетіп қойды! Менің жұбанатын бар медетім кім үшін алаңдап, кімді ынтыға сағынатынымды білу деп таныдым. Жаным, сенің дауысыңды әредік естіп қалғанда расында шұғылалы көктемнің келгенін аңғарамын, сенің жүрегіңнің пәктігі мен пейіліңнің ақтығы мен сияқты өмірдің талай тәлейін көрген адамға Ұлы Жаратушының тартқан сиы деп түсінемін! Рас, кейде жұмыр басты пенденің қылығын істеп кеткен шақта, шеңберден шығып кете жаздайтын кез болады, сондай шақта өзіме өзім ескертемін: «Сенің бойыңда Құдірет бар деп сенім артқан адал жанға қиянат жасама! Ол ондай нәрсеге қиятын арзан дүние емес!» деп, тәубама келем. Өзің айтпақшы, мен де сол Құдіреттің кәрінен қорқам және сенің адал ниетіңмен пәк, сенуге құмар жүрегіңе дақ түсіріп алғым келмейді.
Мына өмірдің тым баянсыз екенін адамзат енді ғана ұға бастаған сынды. Құндылықтың бәрін қайта саралап, ең қымбатын ғана іріктей алу екінің бірінің қолынан келе бермес машақат екені де белгілі. Мейлі, әркім өз қалағанын қастерлер. Бірақ, бір ғана ештеңе жетпес, бағасын жүрек қана айта алатын Қымбат, ол екі адамның арасындағы сыйластық екен!
Жаным, қандай қиыншылық пен теперішті көріп, көруге тура келсе де, лүп еткен сезім әсеріне беріліп, келте шешім шығара көрмейік! Арамыздағы үлесімдікті туғызған жіп жіңішкеріп, тозбасын, ол біздің қандай жағдайға тап болсақ та бір-бірімізді сүйреп шығаратын көмекші арқанымызға айналсын! Көзіміз тіріде көруге асығып, жүрегіміз соғып тұрғанда сүюден жалықпайық! Қалған пенделік шаруалар өз ретімен, біздің қалауымызды талап етіп істеле берер. Ең бастысы, ортамыздағы ұйыған ақ сезім болсын, ал соған ұйытқы болу екі жақтың да амалы. Дара амалы! Басқа қастерлі, адал амал жұл жалғанда жоқ!
Өзіңді жан жүрегімен аялаушы Заманың!»
Заманым! Сен мені мейірім шуағыңа шомылдырдың.
Жанымда жарығың мен қуатынды қалдырдың. Бұл — табиғаттың маған деген айырықша тартуы. Енді ол Күн секілді, сөнбейді.
Еске алушы жан жары: Гүлмира АЖИХАНОВА
Достарыңызбен бөлісу: |