Тілұстарту тәжірибелері туралы тәмсіл



Дата01.07.2016
өлшемі77.02 Kb.
#169735
ТІЛҰСТАРТУ ТӘЖІРИБЕЛЕРІ ТУРАЛЫ ТӘМСІЛ
Менің негізгі мамандығым әдебиетші болғандықтан да тіл үйренудің жандүние мен рухани көзқарасқа байланысты өмір тәжірибесінен алынған тәмсілдерді менің Алматыдағы американдық көршім Курт пен Диананың тілге қатысты жайлармен салыстыра отырып тілге тиек еткім келеді. Тіл – сол ұлттың жанжүйесі мен ділі, дүниеге көзқарасы, тарихи жады, жан түкпіріндегі киелі жан сыры. Ол сол ұлттың жан жүйесін, сенімі мен танымын, ділі мен тілін, салт-дәстүрін, әдебиеті мен мәдениетін, дүниеге көзқарасын біліп қана қоймай, сол тілін үйренген ұлттың қадір-қасиетіне ерекше ықыласпен құрмет көрсетуді қажет етеді. Өйткені тілін үйреніп жүрген ұлттың жанын түсінбеуге тырыспай, жатсына қараса онда Абай айтқандай: «Білімді мейірленіп үйренбесе, білім де мейірленіп, туған анаңның омырауы сияқты иіп, бойыңа құт боп сіңеді». Ал «мейірсіз үйренген білім өгей шешеңнің жекіп берген емшегі сияқты бойыңа қонбайды». Тіпті кері нәтижесін де беруі мүмкін. Сіздердің шәкірттеріңіз әлі өмірлік тәжірибесі аз, көзқарасы толық қалыптаспаған жасөспірім болғандықтан да, түсініспестік тудыратын: «Сендер доңыздың етін оны пір тұтқаннан жемейсіңдер ем?» – деген сұрақтан соң, американдық режиссердің мұсылмандарды қорлаған фильм сияқты шәкірттер арасында да қырғиқабақ жағдай тууы мүмкін. Сондықтан да мұсылмандар неліктен доңыз бен сесектің етін тиым салынуының нақты себептерін түсіндіріп, ашық айтса, шиеленіп келе жатқан жүйкенің шүйкесін тарқатып жіберетіні анық. Мұндай өмір тәжірибесі біздің орыс тілін үйрену барысында көп ұшырасты. Тіпті әскер қатараында жүрген күннің кезімізде де орын алғаны бар. Бүгінгі бозбала шәкірт екі-үш жылдан соң ересек тартады, пікірі де қасаңданады, сол кезде бұл мәселе өте шетін де шешуші сыпат алады. Шет елдегі тіл үйренуші топқа ең алдымен сол елдің салтты, дәстүрі, тілі, мәдениеті, қасиет тұтатын киелі заттары мен ұғымдары таныстырылады. Тіл үйрену барысындағы мұндай таныстыру тәжірибесі шәкірттің сол тілді түсінуіне тікелей ықпал жасайтынын өмірлік тәжірибелер растайды.

Тілұстарту барысында екінші бір есте қатаң ұстайтын тәлім: осында баяндама жасаған Ділбар Исрапылқызы мен Мың И мырза көтерген пікірдің жаны бар. Ол үйреніп жатқан тілдің халықаралық латын қарпіндегі транскрипциясын игеру мен қазақ тілі – мемлекеттік тіл болып табылатын Қазақстандағы крилл қарпін үйрену, сондай-ақ екі елдегі қазақтар қолданатын мемлекеттік ресми термин сөздердің ортақтастыру және оны барынша сөйлеу тіліне жақындатып қолданудың маңыздылығы. Осында жүрген үш-төрт айдың көлемінде оқыған газет, журналдар мен тыңдаған радио хабарларындағы мемлекеттік терминдердің Қазақстандағы қолданыстағы ресми терминдермен арадағы елеулі айырмашылықтары еріксіз екіұшты ойға қалдырады. Қазақ тілін үйренушілердің түпкі мақсаты Қазақстанмен тікелей байланысты болғандықтан да бұл мәселе ерекше назар аударуды қажет етеді. Әсіресе мемелектаралылық, мекемеаралық ілеспе тәржіме жасау кезінде түсініспестіктер тудыруы мүмкін. Мысалы, осы пікір алысу барысында сіздер қолданған «амалият назариясы», «әдебиет назариясы» деген сөзді сіздердермен ұзақ араласып, біршама жаттығып қалған менің өзім тұспалдап қана түсініп отырмын. Ал термин сөздердің сөйлеу тілінен алшақ болуынан туындай жаздаған тосын оқиғаны тәмсіл ретінде айта кетейін.

Осы жасқа келгенше мән бермеппін, мынау аласапыраны мен алаңы көп, алыс пен жуықтың, жат пен жақынның, көрші мен қоңсының араласы мен құраласы көп заманда, тіл – тек қана байланыс пен білімнің ғана құралы емес, сонымен қатар адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, қатерден құтқаратын бас амандығының кепілі, ажалдың арашасы да екен. Оған биыл жазда тамыздың он сегізі күні таңғы сағат бестен жеті минут кеткенде Алматыдағы көрші үйге лаңкестер тығылып, біздің үйдің ауласын жазалаушы ерекше әскерлер тобы сағалап, екі арадағы атыс екі сағатқа созылып, әуелі тапаншамен, кейін автоматпен атысып, ақыры от бүркетін минометпен он бір адамды үйімен қосып өртеп жіберген кезде көзім анық жетті. Арнайы әскери өрт сөндіргіштерге ие бермеген жалын екі қапталдағы көршілердің үйін, біздің ауланың шетін өртке орады. Сол кезде төтенше жағдай әскерлері бізді үйден шығарып, аулаққа апарды. Ал көршіміз американдық Курт пен Диана үш баласымен үйінің ішінде қалды. Біз әскерлерге шуылдап шетел азаматтарын балаларымен қоса құтқаруды талап еттік. Үйден ешкім шығар емес. Өрт болса қаулап барады. Сөйтсек, біздің жауынгерлер американдықтардың есігін орысша сөйлеп қағып, лабамен орысша хабарландыру беріп жатыпты. Сонда ғана біздің есімізге олардың орысша білмейтіні, тек ағылшынша және қазақша ғана сөйлейтіні түсті. Енді төтенше жағдай әскерлері ресми терминдерден құралған хабарлама жасады. Оның мазмұнын біздің өзіміз әзер түсіндік. Содан кейін біз барып оларға қазақша ауызекі тілмен жағдайды түсіндірдік. Сол кезде барып американдықтардың әдетімен жертөледе үш баласын бауырына басып, тығылып отырған Диана даңғырлап сөйлеп тұрғандардың үкімет әскері екенін білген соң ғана үйінің есігін ашты. Егер ауызекі сөйлеу тілін меңгермегенде Курт пен Диана үш баласымен бірге бесеуі бірдей ысқа тұншығып өлетін еді. Мен қазақ тілінің бір керекке жарап, адам өмірінің арашасы болғанына сондай сүйіндім. Адамды ажалдан құтқарған ана тіліме, оны сыйлаған америка азаматтарына сүйіне отырып, өзінің мемлекетінде өзінің ана тілін қаперіне алмаған, бес шетелдіктің тағдырын ажал отының шарпуына ұшырата жаздаған отан қорғаушыларының мына мақаупестігіне қатты күйіндім. Сонымен қатар кез-келге шет елге баратын азамат сол елдің ауызекі сөйлеу тілін тұрмыстық деңгейде меңгеруге міндетті екен деген ойға қалдым. Міне, ресми терминдердің ауызекі сөйлеу тілінен алшақтығы қандай қиындықтарға соқтыратынының бір кепілі.

Сіздерді қайдам, маған тіл ұстартудың тәсілдері мен тәжірибесі туралы мына алқалы мәжіліске бұл тосын оқиғаның тікелей қатысы бар деп есептеймін. Өйткені, бұл арадағы басты түйткіл ауызекі тіл мен ресми тілдің барынша жатық болуына байланысты. Өйткені орысшадан не басқа тілден аударылған терминдердің қасаңдығы мен жасандылығы сонша, оны төтенше жағдайда ғана емес, жайбарақат жағдайдың өзінде тез ұғынып, істің байыбына байланысты шешім қабылдау қиын. Ал қазақ тілін үйреніп жатқан, келешекте кәсіптік қызметін Қазақстанмен тікелей байланыстыратын шәкірттерді дайындап жатқан ұлттар университетінің профессорлары мен оқытушыларының бұл орайдағы міндеттері өте күрделі деп ойлаймын.

Он бес жыл бойы тiл, жаңа атау, терминдердiң жасалу жолы туралы ойланып, iштей мақала жазуға дайындалып жүрген жайым бар. Әзірше әр сөз, әр ой, әр пiкiр дамытылып, дәлелденіп қағазға түспей, тек Президенттік басқару академиясындағы мемлекеттік қызметкерлерге оқыған «Саяси шешендік», «Сөз өнері» «Тілұстарту» пәндерінің бағдарламасы ретінде жүйеленіп қана тұр. Мен үшін де, ересек тыңдаушылар үшін де нәтижелі аяқталған (дәріс алған он бір тыңдаушының бесеуі қазір Президент аппаратының, сенаттың, мәжілістің, үкіметтің, Астана қаласының акиматының, Шымкент облыстық акиматының іс жүргізу басқармасының бастығы, бастығының орынбасары лауазымына көтерілді) сол бағдарламаның тәжірибесіне жүгінсем, тiлдiң атаулық, терминдік ұғымдарға қатысты жасалу жолының үш парасы бар екен:

Бірінші. Заттың, табиғаттың, құралдың, адамның iс-қимылына қарап қойылған атау: мәселенки, оған етiстiк, шылау, одағай сөздер жатады. А.Байтұрсыновтың «болды», «етті», «қылды», «жасады» деген сөздердің мағынасына орай қойылған «Етiстiк» атауының өзi қандай тауып қойылған және сондай табиғи әрі қарапайым.

Екінші: ескi фольклор, аңыз, ертегiдегi сөздердi бүгiнгi мағынаға сай пайдалану: мысалы, 1980 жылы мен Бетпақдалада шашылып жатқан ғарыш ракеталарының шашыранды бөлшектерін көріп,«ракетаны» – «зымыран» – деп қолдандым. Сол кезде терминкомға ұсыныс білдіріп хат жазып ем. Қазiр «зымыран» сөзі жиi қолданылып жүр. Туннельді – Тескентау,

Үшінші: Iс-әрекеттi екiншi нәрсемен салыстыру арқылы табылатын ұғымдар бар. Қазақтың бiраз атауы солай қалыптасқан: мысалы, кемпiрауыз, кемпiрқосақ, зырылдауық, отарба.

Осыған мысал ретiнде бiр дәйек. Ауруханада менiмен бiрге Владимир Беккер деген банкир жатты. Бiр–ақ күн сөйлесiп қалдық. Мәскеуден. Әйелiнің аты – Шолпан, қазақ, дәрiгер. Өзi Көкпектiден. Нәсен Сембаевтың бажасы. Қу тiлдi, қара өлеңдi де қарша боратады. Немiсшеден, орысшадан көрi қазақ тiлiнде барлық шешендiк қасиетi, iшкi дүниесi толық ашылатын сияқты. Өзi туралы: «Мен жоқта жiгiттер жиналып, боқтық сөздерiн қоймақ болыпты. Бейпiлауыз болып барамыз десiптi. Сонда сырттан әлденеге ширығып келген мен: «Жігiттер, боқтықты қоям деп... айтасыңдар ма?» – деппiн қазақша. Бұл – Мәсеудегi банкирлердiң арасындағы оқиға. Әлгiлер сөздiң ұйқасына қарап аударып бер – дедi. Аударып бергенiмде, күлiсiп, қайтадан «әндерiне басты». Ендi, қазақша еркiн сөйлегенiмдi қоя алмаспын. Зады, менiң бiрiншi қаққан қазығым мықты болса керек. Кеше семiз келiншектi көргенiмде: «Құйрығы мен мықынына бiр пұт тоңмай жиып апты» – деппiн (бұл сөздi маған айтқан). Қу сөздiң өзi ауызыма үйiрiлiп тұрады. Ал, электрокардиограммаңа бар. Бақауыздарын жабыстырғанда денең тiтiркенедi – дедi маған.

Сөйтсем, электрокардиограммаға жазу үшiн денеңе жабыстыратын «присосканы» – бақауыз, бақа ауыз! – деп тұр! Қандай дәл, ұлттық термин. Бәрi – присосканың түрi де, қызметi де терiге жабыса қалайын деп тұрған бақаның аузына ұқсап тұр.


– Бұрын естiген сөзiң бе? – деп ем:

– Жоға! Кеше жабыстырып жатқанда көзiм түсiп, «бақаның аузына ұқсайды екен» – деп ойлағам. Соны саған айтып тұрғаным ғой, – дедi сабазың.

Беккер сабазың екi нәрсенi – жанды мен жансызды салыстыру арқылы, олардың iс - қимылына қарап, жаңа термин тауып тұр.

Присоска – бақауыз!


Банкир Беккердің бұл «бақауызы» сөз жасаудың бірінші тобына жатады.

Бiз ұлттық ойлау жүйемiзден алыстап кеттiк. Меңдуананың орысшасы - колокольчик (әдеби тiлде), ал соны қоңыраугүл деп жүрміз. Меңдуана – У. Анчарь ағашы сияқты. Сол сияқты, присосканы – емiзiк, жабыстырғыш, жабысқыш деп аударып жүргеміз жоқ па, осы. Мүмкiн!

Ал тілді жаңадан үйренушілердің тілұстартуына келетін болсақ, менің байқауымша, үйренуші тілдің табиғатына бойын үйретпей жатып, не үшін қажет екендігін түсініп үлгермеген ережелерді ежіктеп жаттап есі шығатын сияқты. Бұл жөнінде алдыңғы баяндамашы Айдар Мүкаммал орынды мәселе көтерді деп ойлаймын. «Етістіктің» немен, қалай «етісетінін» өзі «етістіріп» көрмеген түбітиек шәкірт оның өткен шақта не «еткенін», осы шақта қалай «етіп жатқанын», ертең не «ететінін» қалай ереже арқылы ежіктеп «ете» алады. Ал енді, мен әдейі келтіріп отырған осы сөйлемнің тәуелді «етістігі», тәуелсіз «етістігі», болымды «етістігі», болымсыз «етістігі», толымды «етістігі», толымсыз «етістігі», атау «тістігі», атаусыз «етістігі» қайсы, ажыратып көріңіз. Сіздерді қайдам, отыздан астам кітап жазған, қырық жылдан астам тек қана сөзбен жұмыс істеп келе жатқан кәнігі жазушы менің өзім де байыбына бойлай алмаймын. Сондықтан да ең әуелі ауызекі сөз бен ауызекі сөйлесуге машықтандырып, тілдік ортаны қалыптастырып, сол ортаны танытып алудың маңызы зор сияқты. Өз басым, осындай тәжірибенің арқасында, он бес күннің ішінде шәкірттерімнің тілін калимаға келтіріп ем. Ал қазір бұл үшін техникалық қосымша құралдар жеткілікті. Тіпті, «шайтанқұлақтың» өзі дыбыстық бейне құралдарды алмастыра алады.

Бірден ережемен есін шығармай, не айтып тұрғаныңды, не айтып тұрғанын түсіне алатындай белгілі бір деңгейге жеткенше осындай бір халықтық қарапайым тәжірибені пайдалану тез нәтиже беретін сияқты. Жоғарыда қазақ тілі арқылы ажалдан аман қалған, өздерін Құрманбек пен Дина деп таныстыратын ерлі-зайыпты Курт пен Диана қазақ тілін еш ережесіз ауыл адамдарының арасында жүріп үйреніпті. Олардың тілінің ләмінің өзінде акцент жоқ. «Бірден Пушкин болмай-ақ, Баймұқанша басташы», – деп Қасым Аманжолов айтқандай, бірден ереже мен етістіктен бастамай, сөз атасы – сәлемнан бастаған жөн сияқты.

Менің өз басым орыс тілін еш ережесіз, қытай тіліне «ни хау» мен «сүй сүй пиң ән» арқылы жаттыққаным сияқты, ауыз екі сөйлесу арқылы меңгердім. Әрине, бұл – пікір ғана, ал бар мәселені оқытушы мен шәкірттің сол тілге деген құрметі мен ынтасы шешетіні анық.

Тұрсын Жұртбай,

Қазақстан Педагогика ғылымдары

академиясының академигі, филология

ғылымдарының докторы, профессор.

2012.12.15



Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет