Тұқымның жарақаттануы


Тұқымның жарақаттану себептері, азайту шаралары



бет2/11
Дата28.10.2022
өлшемі58.12 Kb.
#463558
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
Дәріс 3

Тұқымның жарақаттану себептері, азайту шаралары. Тұқымның ең көп зақымдануы астық бастырумен байла­нысты екендігін ескере келіп, жарақаттанудың себептері мен оларды болдырмаудың мүмкіндіктеріне тоқталған жөн. Астық бастырғанда тұқымның жарақаттануының себептері сан алуан, бірақ олардың негізіне астық бастырудың технологиялық үдерісі мен тұқымның физикалық-механикалық қасиеттерінің сәйкессіздігі жатады.
Тұқымның пісуіне қарай олардың аналық өсімдікпен байланысы әлсірейді. Бұл бір мезгілде болмайтындықтан, жекелеген тұқымды бөліп алуға жұмсалатын күш пен жұмыстың мөлшері әртүрлі болады. Алайда, астық бастырудың қазіргі технологиясы мен бастыру аппараттарының құрылысы гүл шоғырындағы ең мықты бекіген тұқымдарды бөліп алуға бағытталған. Осының нәтижесінде тұқымның көп бөлігі артық салмақ алады да зақымданады. Сондықтан астық бастырғанда тұқымның жарақаттануына әсер ететін факторлар:
1. Барабанның айналу жылдамдығының шамасы (айналу саны). Орталық машина сынау станциясының деректері бойынша комбайн барабанының айналу жылдамдығын минутына 1200-ден 900-ге дейін азайтқанда бидай тұкымының зақымдануы екі есе кемиді, оның үстіне негізінен бұл микрозақымданудың, әсіресе ұрықтың, азаю есебінен болады. Сондықтан тұқымдық егістікті жинағанда барабанның айналу жылдамдығын азайту ұсынылады және мүмкіндігінше бастырудан болатын шығынды азайтуға тырысу қажет. Барабанның айналым саны көп болғанда дәндібұршақ және майлы дақылдардың, қарақұмықтың т. б. тұқымдары ерекше қатты уатылады. Осы жағдайларды еске ала келе тұқымдық егісті жинағанда барабанның айналу жиілігі әртүрлі дақылдарда мына шамадан аспауға тиіс: бидай мен сұлыда — 800—900; қара бидай, арпада — 700—800, тарыда — 600—700, қарақұмық пен асбұршақта — 450—500, күнбағыста — 400—450 айналым/мин.
2. Барабан қырлары мен барабан асты жұқа тақтайшаларының кіру және шығу саңылауларының шамасы. Тұқымды жарақаттамау мақсатымен, дәннің үлгілуін қамтамасыз ете отырып аталған тетіктердің арасындағы саңылауды барынша үлкейту қажет. Егер аталған реттеу жұмысы нәтиже бермесе, барабан­ның айналу санын өзгертуге тура келеді.
3. Бастыру аппаратына 1 сек берілетін астық массасы, не­месе оның жұмыс өнімділігі. Жиналатын дақылдың бастыру ап­паратына берілетін массасын көбейткен сайын тұқымның макро-және микрозақымдануы азаяды. Орталық машина сынау станциясының деректерінде «СК-5» комбайнының бастыру аппаратына берілетін массаны 3,2-тан 5,3 кг/сек дейін арттырғанда түкымның уатылуы 1,9 есе, ал жалпы зақымдануы 1,6 есе төмендеді.
Алайда берілетін массаны белгілі бір, комбайн бастырғышына есептелген, шегіне дейін ғана арттыруға болады. Берілетін массаны мүмкін дәрежесінен жоғарылатса астықтың саба  н мен топанға кететін шығыны күрт артады, өйткені сабан екшеуіш пен тазалау белгілі бір берілетін массаға есептелген.
4. Жаңа комбайнда және жаңа бөлшектерді орнатқанда бастыру аппаратының жұмысшы органдарында кездесетін өткір жиектер мен шығыңқы жерлер тұқымның жарақаттануын біршама арттырады. Сондықтан тұқымдық егістіктерді жинауға жүргізіліп, жаттыққан комбайндарды пайдалану қажет.
5. Әртүрлі дақылдар мен сорттар тұқымдарының морфологиялық анатомиялық ерекшеліктері тұқымның әртүрлі механикалық әсерлерге төтеп беруін анықтайды. Мысалы, қара бидай бидайға қарағанда көбірек зақымданады, өйткені оның дәнінің ұрығы шығыңқы орналасқан және қабыршағы борпылдақ болып келеді. Жылтырлығы (шынылығы) жоғары болғандыктан қатты бидай жұмсақ бидайға қарағанда күштірек зақымданады. Қабыршағы жұқалау ақ бидай қызыл бидайға қарағанда біршама қаттырақ зақымданады. Tic тәрізді жүгерінің тұқымы ұзын әрі эндоспермдегі крахмал дәндері борпылдақ болып келетіндіктен көбірек зақымданады. Қатты бидай тұқымдары (дәндері) механикалық соққыдан көбінесе уатылып, бір бөлігі ұшып түседі, ал жұмсақ бидайда көп жағдайда дән жаншылып, қиын анықталатын деформацияға ұшырайды. Бұл екі дақыл дәндерінде ұрықтың пішіні мен орналасуы әртүрлі. Жұмсақ бидай дәндері домалақтау, бүйірлері толық келген, ал қатты бидайда –қырлы және бүйірлері қысыңқы дәндер тән. Қатты бидайдың ұрығы дәннен шығыңқы орналасқан, ал жұмсақ бидайда – тереңірек сұғылып жатады. С.Сейфуллин атындағы Қазақ Агротехникалық университеті өсімдік шаруашылығы кафедрасының зерттеулерінде тұқымның жалпы жарақаттануы жұмсақ бидайда 14,3% болғанда, ол көрсеткіш қатты бидайда 19,7% болды. Сонымен бірге ірі тұқымдар ұсаққа қарағанда күштірек зақымданады. Бұл барлық танаптық дақылдарға тән, сондықтан бірінші кезекте жарақаттану деңгейін ірі тұқымдарда анықтаған жөн. Жоғарыда аталған кафедра ғалымдарының деректерінде қатты жаздық бидай тұқымдарының жарақаттануы( орта есеппен 3 жылда) мынадай болды: кәдімгі кондициялы тұқымда ол 19,3% болғанда, ұсақ тұқымдарда - 15,0%; ал ірілерінде - 23,3%орташа мен ірі тұқымдар қоспасында - 19,7%-ды құрады.
Тұқымдары қабықты болып келетін дақылдардың жарақаттануы қабықтарының опырылуымен байланысты және ол ұрықтың зақымдануына әкеліп соғады. Барлық осы ерекшеліктерді астық бастыру алдында комбайнды дайындап реттегенде ескеру қажет.
6. Астық бастырған кездегі тұқымның ылғалдылығы көп дәрежеде олардың жарақаттануға төзімділігін анықтайды. Тұқым бастырарда тым құрғақ немесе тым ылғалды болса да жарақаттанады. Құрғақ тұқымдар қатты соққыдан жарылып кетсе, ылғалды тұқымдар деформацияға ұшырап микрозақымдар алады. Астық бастырған кездегі дәнді, дәндібұршақ дақылдарының жеке мал азығындық шөптердің тұқым ылғалдылығы 15—21%, ал майлы дақылдарда 13—15% болғанда тұқымдардың ең аз зақымданатыны анықталды. Егер егістіктің күйі мен ауа-райы жағдайлары мүмкіндік берсе, тұқымдық алқаптарды екі кезеңді әдіспен жинаған жөн, бұл түқымды қалыпты ылғалдылықта бастыруға көмектеседі.
Тұқымның жарақаттануы егін жинағаннан кейінгі тұқым өңдеу (сорттау, тазалау, кептіру) технологиялық үдерістермен де байланысты. Егер қажеттілік болмаса астық тазалағыш машиналардан тұқымды артық көп өткізуден аулақтаған дұрыс. Триерлі машиналар тұқымды қаттырақ жарақаттайды. Тұқымдық материалды өңдегенде тыңғылықты түрде машина тетіктерін, аспирациясын реттеу қажет, қажетті елеуіштерді, қолайлы жұмыс режімін таңдап алған жөн.
Тұқымдық материалды ылғалдылығы жоғары болғанда ғана арнаулы машинада кептіруге тырысу керек, өйткені ылғалды тұқым сақтағанда тез бұзылады. Тұқымдық матери­алды кептіру технологиясы арнаулы ережені талап етеді, мұның өзі механикалық зақымданудың теріс әсерлерімен байланысты. Жұмыс органдары арқылы (шнек, кептіргіш және салқындатқыш барабандар, шахталар) өткенде тұқым уатылу мен микрозақымдануға ұшырайды. Кептіргіш машинаның өткізгіш қабілеті өскен сайын, тұқымдардың механикалық зақымдануы күшейеді. Барабанды астық кептіргіштерде шахталы кептіргіштерге қарағанда тұқым аз закымданатынын тәжірибе көрсетіп отыр. Сондықтан тұқымды кептіргенде мүмкіндігінше барабанды кеп-тіргіштерді пайдаланған жөн.
Дәнді дақылдар тұқымдарының жарақаттануын анықтайтын бірнеше әдістері бар, олар 2 топқа біріктірілген: тікелей және жанама әдістер.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет