Тынысбек қОҢыратбаев әуелбек қОҢыратбаев мұрасын зерттеуші абдуллаева Айнагүл Әбдіхалыққызы



Дата10.06.2016
өлшемі59.41 Kb.
#126186
ТЫНЫСБЕК ҚОҢЫРАТБАЕВ - ӘУЕЛБЕК ҚОҢЫРАТБАЕВ

МҰРАСЫН ЗЕРТТЕУШІ
Абдуллаева Айнагүл Әбдіхалыққызы
Ә.Қоңыратбаев – қазақ әдебиеттану ғылымының аса көрнекті ғалымы, фольклортанушы, этнограф, түркітанушы әрі алғашқы кәсіби шығыстанушылардың бірі.

Қазақ ғалымы Ә.Қоңыратбаев өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында өзінің прозалық және поэзиялық туындыларымен көрініп, әдеби сын, фольклортану, шығыстану, түркітану, әдебиет тарихы, әдебиетті оқыту әдістемесі, көркем аударма салаларында жемісті еңбек еткен қаламгер.

Ә.Қоңыратбаев – қазақ әдебиеттану ғылымының негізін қалаған зерттеушілердің бірі. Өткен жылдар өткеліне көз жіберер болсақ, Ә.Қоңыратбаевтың ғылыми шығармашылығы өзінің тиісті бағасын ерте алғанын көреміз. Ғалымның ғылыми ізденістерін ұлы жазушыларымыз М.Әуезов, Ә.Марғұлан, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, М.Қаратаев, аса көрнекті ғалымдар Ғ.Мұсабаев, Р.Бердібаев, Х.Сүйіншәлиев, М.Дүйсенов, Ә.Құрышжанов, Ә.Әбілақов, Ә.Байтанаев ерекше атап өткен.

Ә.Қоңыратбаевтың еңбектерін алғаш жоғары бағалаған ғалым-академик М.О.Әуезов Ғалымның «Қазақтың лиро-эпосы» атты еңбегіне орай жазылған пікірінде былай келтірген:

«Бүгінде біз Ә.Қоңыратбаевты кеңестік Қазақстанның талантты ғалымы ретінде тануымыз керек», - деп ғалымның ғылыми шығармашылығына қырқыншы жылдарда – ақ берген бағасы болатын (1).

Ә.Қоңыратбаевтың басты зерттеулерінің жарыққа шығуына ізбасар ұлы Т.Қоңыратбаевтың қажырлы еңбегімен тығыз байланысты.

Т.Қоңыратбай – ата кәсібін жалғастырушы мұрагер. Ә.Қоңыратбаевтың 100 - жылдығы қарсаңында ғұламаның 10 томдық шығармалар жинағын құрастырып, редакциялап, жарыққа шығарып отыр. Әр кітабы 30-35 баспа табақ құрайтын 10 томдықты дайындаудың өте күрделі жұмыс екені белгілі. Бұл еңбегімен Т.Қоңыратбай әке алдындағы парызын өтеумен бірге өзініңде еңбекқорлығын анық танытып отыр. (2)

Ә.Қоңыратбаев - әдебиеттану ғылымының барлық саласына бірдей қалам тартқан білікті ғалым, зерделі зерттеуші. Оның ғылыми еңбектерінің ең үлкен саласын фольклористика құрайды. Ғалым тек жинақтау жұмыстарымен шектелмей, халық мұрасының озық үлгілерін баспасөз бетінде жариялап, насихаттап отырған.

Ғалымның жеке архивінде қалған халық мұрасын зерттеп, зерделеген Т.Қоңыратбаев біраз дүниелер жарыққа шығарды. Оның ішінде Сыр елінің даңғар ақыны Нұртуған Кенжеғұлдың «Тағаймұрат», «Ақкете Шернияз», «Шұбырынды ақтабан» секілді көлемді дастандары, көптеген өлеңдері де бар. Әкеден қалған ұлы мұраларды жинақтап, көпшілік назарына ұсыну да ғалым еңбегінен негізгі арқауына айналып отыр. Т.Қоңыратбаев өзінің бір сөзінде:

«Бүкіл саналы ғұмырын халық мұрасын жинауға бағыштаған ғұлама ғалымның фольклорлық-этнографиялық қызметін бір еңбекпен толық қамтып көрсету мүмкін емес. Халық мұрасы каншалықты мол, ауқымды болса, оны жинаушы Ә.Қоңыратбаевтың ғылыми мұрасы да соншалықты бай әрі мазмұнды. Олай болса ғалымның жинаушылық, зерттеушілік қызметінің қазақ фольклористикасының назарына ілігуі әбден орынды. Сол негізде біз қазақ фольклористерінің қатарына тағы бір есімді қосамыз. Ол – халық мұрасының қамқоры әрі үлкен жанашыры, профессор Ә.Қоңыратбаев». /(3), 40/

Абай және оның ақындық мұрасын сөз еткенде, оны сыншыл, шыншыл, бұқарашыл және ағартушы ретінде сипаттауға аса іңкәр болып келдік. Осы дағдылы сарынға Абайды зерттеушілер де, ақынның қарапайым оқырмандары да әбден машықтанып алғандықтан, оның өзге сипатына әдеби тәсілдеріне, сырына жете үңілмей келеді. Ә.Қоңыратбаевтың еңбегі ең алдымен бізге осыны аңғартты.

Ә.Қоңыратбаев Абай мұрасына қатысты алғашқы зерттеулер мен пікірлер 20-30 жылдар сабақталып, 40-жылдары жарық көре бастаған.

Мұнда сөз болған мәселелердің сонылығы Ә.Қоңыратбаевтың зерттеуінің маңызын арттыра түскен.

Өз еңбегінде профессор Ә.Қоңыратбаев Абайдың әдеби әдістерінің бір түрі романтизм екенін ғылыми негізде жетік дәлелдеген. Абай романтизмінде өз тұсының болмысынан жеріп, жаңаны іздеу сарыны болса да, соның жалын көрсетудің жоқтығы байқалатыны да ұтымды, дәлелді түрде сөз болған. Автор бұрынғы әдебиеттегі романтизмді жеке әдіс деп танымай, оны пәлсападағы субьективтік идеализмнің төтелей көрінісі деушілерге қарсы тұра келіп, реализм мен романтизмнің тегі, қызметі жайында көптеген ойлы пікірлер айтқан.

Сонымен қатар өзінің романтизм тәсілін қалай түсінетінін ұғымды тілмен жеткізе білген: «Романтизм-көзқарас емес, образдаудың, өмірді көрсетудің әдістік түрі»-деген жерде соны аңғарсақ керек. (4,4)

Автор Абайдың романтизмі мен реализмінің арасына үлкен шек қоймайды. Сөйтіп, бір жағынан романтизм Абайдың шеберлікке жетуінің айғағы болса, екінші жағынан, ол ақынның демократиялық ой-санасы мен актив тұлғасының көрінісі болды деген қорытынды жасайды. Мұны біз құптаймыз дей келе, өз ойын жалғайды.

Бұл еңбектің әдеби сипатымен қатар тәжірибелік мәні де бар. Себебі көп уақыт бойы біздер жоғары және орта мектептерде Абайдың әдеби әдісін, әсіресе оның романтизмі мен сыншыл реализмін нақты сөз етпей келдік. Өз еңбегінде Ә.Қоңыратбаевтың осы олқылықтық орнын толтыруға бет қойғаны анық байқалады. Өз кезеңіне қояр болсақ, бұл зерттеудің маңызының арта түсері хақ.

Т.Қоңыратбаев өз кезегінде ғалым Ә.Қоңыратбаевтың осы зерттеуге байланысты сөз еткен зерттеулерін топшылай келе: «Әрине, абайтану ғылымында 50-жылдары зерттеле қоймаған күрделі мәселеге арналған еңбек болғандықтан, мұнда азды-көпті кемшіліктердің болуы да ғажап емес. Оны біз ең алдымен зерттеудің шағын көлемімен байланыстырар едік. Олай болса Абай шығармаларын түбегейлі түрде сүзіп шығып, кең де кемел пікір айту ісін аяқталған процесс ретінде қарастыруға болмайды. Осыдан 40 жыл бұрын жазылған еңбегінде Ә.Қоңыратбаев бұл мәселенің өзекті тұстарын ғана сөз еткен. Бұл бағыттағы зерттеулер келешекте жалғасын таба беруі шарт. Десек те Абай романтизмін зерттеудегі тұңғыш қадам үшін бұл аз еңбек емес. Мұны баса көрсеткеніміз жөн». (4,8)

50-60 жылдары Ә.Қоңыратбаевтың «Әдебиетіміздің қолы үшін», «Арнайы сөздің арқауы», «Кемел сын керек», «Шеберлік туралы ойлар», «Көркем шығарма және жастар образы», «Бүгінгі романтизм туралы бірер сөз» секілді бір топ мақалалары жарық көрген. Онда ғалым әдеби сынның теориялық арналарына тереңірек үңіліп, образ, онытиптендіру мәселелерін сөз еткен. Ескі сөз шеберлерінің шығармаларына арқау болған сыншыл реализм мен социалистік реализмнің арақатынасы туралы ойлар айтқан. (3,237)

Ғалымның ғылыми бағытта әдебиетті оқыту әдістемесі көшбасшыларының бірі десек қателеспейміз. Бұған дәлел әдебиетті оқыту әдістемесі жеке-дара ғылым саласы ретінде елуінші жылдардың аяғы мен алпысыншы жылдардың бас кезінде қалыптаса бастаған. Сол кезеңдерде көптеген ғылыми мақалалар мен күрделі еңбектер жарық көріп, оларда әдебиетті оқыту әдістемесінің ғылыми және тәжірибелік мәселелері қарастырылады. Осы жаңа ғылыми бағыттың басында профессор Ә.Қоңыратбаев тұрған еді.

Ғалымның ғылыми-шығармашылық ізденіс негізінде «Әдебиетті оқыту методикасының очерктері» (1962) көлемді еңбегі жарық көрді. Республикадағы ғылыми-тәжірибелік негізде жазылған тұңғыш әдістемелік оқу құралы болатын 1966 жылы «Әдебиетті оқыту методикасы» деген еңбегі жарық көрді. Ә.Қоңыратбаевтың ғылыми-әдістемелік еңбектері тиісті бағасын алып отырған. (5,78)

Ә.Қоңыратбаев – республикамыздағы әдебиетті оқыту әдістемесінің негізін салған ғалымдардың бірі. Ғалым соналы ғұмырының соңғы жылдарына дейін оқытудың теориялық және тәжірибелік мәселелеріне арнап мақалалар жариялап, мұғалімдерге ғылыми-әдіскерлік жәрдем бере отырып, оқыту сапасын арттырған.

Ә.Қоңыратбаев жеке мұрағатында әлі жарық көрмеген еңбектері де баршылық. Олар фольклор, әдебиеттің тарихы мен әдебиетті оқыту әдістемесінің сан алуан мәселелеріне арналған. Арасында автордың көркем шығармалары мен аудармалары да бар. Соның бәрі қазақ ғылымына деген үлкен жанашырлықты, қамқорлықты қажет ететін дүниелер. Кейінгі ұрпаққа аманат болып қалған сол мұраны жүйелеп көпшілікке жеткізу - әдебиеттану ғылымындағы жаңа, жас буынның парызы.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті.

Қазақ тілі кафедрасы
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Әуезов М. Қолжазбалар мұрасы. А., 1977 232 б.

2. Сүйіншәлиев Х. «Ата көрген оқ жонар» немесе ғұламаның ізін қуған ғалым.

// Ақмешіт апталығы, 2005, 29 сәуір.

3. Қоңыратбаев Т. Ә.Қоңыратбаев - қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуші. А., Шежіре. 1995



4. Қоңыратбаев Ә. Абайдың романтизмі. Зерттеу-Алматы, 1994. 4-8 б.

5. Қоңыратбаев Т. Қалдырған ізі өшпейді. // Қазақстан мектебі. 1995 №10

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет