I тарау. Қазақ әдебиеттану ғылымындағы абайтану мәселелері



бет1/3
Дата08.06.2016
өлшемі0.61 Mb.
#122898
  1   2   3


МАЗМҰНЫ
Кіріспе............................................................................................................ 5
I тарау.

Қазақ әдебиеттану ғылымындағы абайтану мәселелері...................... 8
II тарау.

Қазақ әдебиеттану ғылымындағы абайтану тарихы.......................... 36
Қорытынды................................................................................................. 50
Пайдаланылған әдебиеттер..................................................................... 53

КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Қазақ әдебиеттану ғылымы жыл сайын өсіп, өркендеп келеді. Әдебиеттану ғылымының да ауқымы кеңейіп, сан-салалы болып дамып келе жатқаны қуантады. Жиырмасыншы ғасырдың орта шенінде-ақ әдебиеттану ғылымының көрнекті бір саласы болып қалыптаса бастаған абайтану ғылымының да өзіндік ерекшелігі, алар орны ерекше деп айтуға болады. Сол себепті өзіміздің зерттеу жұмысымызда осы мәселені жан-жақты қарап, зерттеудің ерекшелігіне назар аудардық.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Ұлы Абай ақын, дана, ойшыл, кемеңгер ретінде әбден мойындалған құбылыс. Ал ұлы Абайды тану, жазу, зерттеу процесі ақынның көзі тірісінде-ақ басталған болатын және бұл процесс жүз жылдан бастам уақыт өтсе де ешбір үздіксіз, үнемі дамып, жетілу үстінде. Ғасырға жуық уақыт ішінде кемел қалпына келіп, әбден мойындалған абайтану ғылымын зерттеу объектісі етіп, одан әрі дамыта түсу бүгінгі күннің өзекті, көкейкесті мәселелерінің бірі деп тануға болады. Күні кешегі зерттеулерді жан-жақты қарап, салыстырып, бүгінгі күннің тұрғысынан бастап баға беріп отырудың өзі өзекті мәселе болып табылады. Абайтану ғылымы мен абайтану тарихын салыстыра, қос-қабат алып зерттеу де біздің жұмысымыздың маңыздылығын арттыра түсері сөзсіз.

Тақырыптың мақсаты мен міндеті. Абайтану ғылымы өзіне ерекше назар аудартатын саланың бірі. Ұлы Абайдың өмірі мен шығармашылық жолын, әдеби мұраларының мәні мен маңызын тану, тағылым алу бүгінгі күннің көкейкесті мәселелері деуге болады. Сол себепті абайтану ғылымы да жалпы әдебиеттанудың бір көрнекті саласы болып дамып, өркендеп келеді. Міне, осы аталған жайттардың бәрін ескере келіп зерттеу жұмысымыздың алдына бірнеше мақсат пен міндеттер қойдық.

- Абайтану ғылымының өзіне тән ерекшелігін, өміршеңдігін және келешегінің де мол екенін таныту;

- Абайтанушы ғалымдардың шығармашылығына талдаулар жасау, салыстырулар жүргізу көзделді;

- Сонымен қатар абайтанудың тарихын да тереңнен қозғап, жан-жақты сөз ету көзделді;

- Абайтану тарихында із қалдырған тұлғалардың еңбектеріне бүгінгі күн тұрғысынан баға беруді жүзеге асыру;

- Абайтанудың ғылыми бағыт ретінде қалыптасып, дамып, жетіліп отырғанын дәлелдеу, саралау мәселелері жайында мақсат пен міндеттер көзделді.



Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Қазақ әдебиеттану ғылымындағы абайтану ғылымының қалыптасу жолдары, абайтану тарихының тың дерек көздерінің бәрі сарапқа салынып, ой елегінен өткізілді. Абай мұрасын таныту, баға беру, ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы жайында жазылғандардың бәрінің бір арнаға түсіп, абайтану ғылымына айналу процесін көрсету жүзеге асырылды. Абайтану ғылымының қалыптасуы мен тарихының сан-салалы жолдары көрсетілді, сонымен қатар кешегі мен бүгінгі тарихы салыстырыла отырып талдау объектісіне айналды.

Зерттеудің дерек көздері. Зерттеу жұмысының мазмұнын ашу үшін көптеген әдеби мұралар пайдаланылды. Атап айтқанда «Абай» энциклопедиясы, «Абайтану тарихы», «Абай және қазіргі заман» т.б. алуан-алуан материалдар пайдаланылды. Қазақ әдебиетінің тарихы, сыны, теориясы жайында әркез зерттеулер жазған, теориялық еңбектер берген ғалымдар М.Әуезов, З.Ахметов, Қ.Мұхаметханұлы, С.Мұқанов, Р.Бердібай, С.Қирабаев т.б. ғалымдардың еңбектері дерек көзі ретінде кеңінен пайдаланылды. Одан басқа да еңбектер, баспасөз материалдары, оқулықтар, монографиялық дүниелер де назардан тыс қалмады.

Зерттеудің теориялық және методологиялық негізі. Дипломдық деңгейдегі зерттеу жұмысының теориялық және методологиялық негізі ретінде әдебиеттану ғылымдарының жетістіктері, кешенді, салыстырмалы ғылыми әдістер алынды. Негізінен, отандық әдебиеттану ғылымының тұжырымдары, байыптаулары, әдебиеттану ғылымының өзіндік ерекшеліктерін қарастырған ғылыми еңбектер жұмысымыздың негізгі методологиялық әрі теориялық негізі болды. М.Әуезов, М.Мырзахметов, З.Ахметов, Қ.Мұхаметханов, С.Мұқанов, Р.Бердібай, С.Қирабаев тағы басқа да көптеген ғалымдардың еңбектеріне, монографиялық кітаптарына, сондай ұжымдық ғылыми зерттеулерге назар аударылып, қажетті кезінде ретіне қарай пайдаланылды.

Зерттеудің теориялық және практикалық маңызы. Зерттеу жұмысының теориялық тұжырымдарын қазақ әдебиетінің тарихы, теориясы, XIX ғасыр әдебиетін оқыту барысындағы Абай Құнанбаев шығармашылығы және соңғы жылдардағы оқу бағдарламасына сәйкес «Абайтану» пәнін оқыту кезеңдерінде жан-жақты терең үлгіде пайдалануға болады. Бұл зерттеудің практикалық мәні де зор. Жоғарыда аталған арнаулы пәндерді сонымен қатар қазақ әдебиетінің арнаулы курсы мен арнаулы семинары пәндерін оқыту кезеңінде де зерттеу жұмысының құнды дерек көздерін арнайы пайдалануға, практикалық талдауларға қолдануға әбден болады.

Диплом жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспе қорытындадан бөлек екі тараудан тұрады, сонымен қатар жұмыс соңында әдебиеттер тізімі берілді.

I ТАРАУ

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫНДАҒЫ АБАЙТАНУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Қазақ әдебиеттану ғылымы, оның ішіндегі іргелі үш саласы әдебиет тарихы, әдебиет теориясы, әдебиет сыны ерекше қарқынмен өсіп-өркендеп келеді. Осы үш саланың ішінде әдебиет теориясы мен сынына қарағанда әдебиет тарихының ілгерілеушілігі мол деп қарауға болады. Әдебиет тарихын жасау, түгендеу жаңа дәуірге лайықталып, жаңаша көзқараспен пайымдалып жасалуда. Қазақ әдебиеттану ғылымындағы - әдебиет тарихының үлкен бір саласы - Абайтану. Абайтану ғылымына академик Зәки Ахметов былай деп баға береді: «Абайтану кемеңгер ақынның өмірі мен шығармашылық өнері, философиялық, қоғамдық, эстетикалық көзқарастары, қазақ поэзиясындағы өлең жүйесін, ақындық тілді дамытудағы үлесі, музыкалық мұрасы жайлы сан-салалы зерттеу еңбектерді қамтиды» /1.18/.

Абайдың өмірі мен шығармашылық өнерін зерттеудің алғашқы өнімді кезеңі деп А.Байтұрсынов, К.Ысқақұлы, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, І.Жансүгіров, Қ.Жұбанов, Ы.Мұстамбайұлы, Ғ.Тоғжанов секілді әдебиет пен мәдениет қайраткерлерінің зерттеу еңбектерін, мақалаларын атауға болады.

Абайтануды дербес ғылым саласы дәрежесіне көтерген М.Әуезов болды. Әуезов өзінің «Абай жолы» эпопеясымен ұлы ақын, ағартушының алып тұлғасын дүние жүзі оқырмандарына толық танытып, әдеби бейне қатарына жеткізсе, ғылымда да сондай күрделі еңбек етті. М.Әуезовтің Абай жөніндегі зерттеулері осы ғылымның мызғымас негізі болып табылады. М.Әуезов 1933 жылдан 1957 жылға дейін ақын шығармаларын жариялауда, олардың ғылыми басылымын жасауда орасан зор еңбек етті. Бұл басылымдар ақынның 1909 жылғы жинағы мен Мүрсейіттің бірнеше қолжазбасы негізінде жүзеге асырылды. Әсіресе, 1957 жылы «Ғылым» баспасынан жарық көрген, М.Әуезовтің басшылығымен және тікелей қатысуымен дайындалған Абай шығармаларының екі томдық толық жинағының абайтану ғылымындағы елеулі табыс болғанын атап айту қажет. Алдағы уақытта осы ғылыми басылым үнемі негізге алынуға тиіс. М.Әуезов ұзақ жылдар бойы ізденіп, сан алуан деректерді зерттеп, жүйеге түсіріп, Абайдың ғылыми өмірбаянын жазып шықты.

Кейінгі жылдарда абайтану ғылымы көптеген әдебиетшілер, тіл зерттеушілер, музыка мамандары және басқа ғылым салаларының өкілдерінің еңбектерімен толыға түсті. Абайтану ғылымына С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Т.Тәжібаев, Қ.Мұхамедханов, М.Сильченко, Ы.Дүйсенбаев, З.Ахметов, Б.Ерзакович, М.Мырзахметов, Ғ.Есімов, Ж.Ысмағұлов т.б. ғалымдар салмақты үлес қосты.

«Қазіргі кезде әдебиеттану және басқа қоғамдық ғылымдар идеологиялық қатаң қағидалардың тар шеңберінен шығып, кең құлаш жаюға мүмкіндік алған жағдайда абайтану ғылыми жаңа белеске көтеріліп жалғаса, толыға беруі керек. Абай шығармашылығының танымдық, көркемдік, тәрбиелік мәнін жаңа қырларынан қарап, терең ашып көрсететін еңбектер ғана абайтану ғылымын байыта түспек» /2.25/.

Абайтану ғылымының тарихы бай, кемел, іргетасы мықты ғылым десе де болғандай. Осының бәрін ескере келгенде келесі бір жағдаяттарды толық аңғаруға болады.

«Абайтану – ұлы ақын мұрасын жан-жақты, терең зерттеуді мақсат ететін қазақ әдебиеті тарихы салаларының бірі. Совет өкіметі орнасымен-ақ, өткендегі мұраға қамқорлық жаңа дүниетаным негізінде жүргізіле бастады. Ал Абай мұрасын тану, таныту, насихаттаудың алғашқы белгілері революцияға дейін-ақ көрінгенімен, оны шын мағынасындағы ғылыми тұрғыдан танып бағалау ісі біздің заманымызда ғана жүзеге асты. 1933 жылы М.Әуезов Абайдың тұңғыш ғылыми өмірбаянын жазып, Абайтанудың негізін салуды бастап берді. Бірақ 30 жылдардың аяғына дейінгі кезеңде жазылған сын мақала, зерттеулерде бұл мұраны танып, бағалауға сол тұстың әдеби атмосферасында орын тепкен тұрпайы социологиялық, компоративистік негіздегі теріс танымдардың салқыны тимей қалған жоқ» /3.54/.

Абайтану ғылымының негізін салушы, іргетасын қалаушы Мұхтар Омарханұлы Әуезов десек қателеспейміз. Сол себепті ең алдымен ұлы ақынның шығармашылық мұрасын зерттеуге бар ғұмырын арнаған ғалымның кейбір еңбектеріне қысқаша болса да талдау жасап кеткенді жөн көрдік. 1997 жылы жиырмасыншы ғасырдың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің туғанына 100 жыл толды. Осы мерекеге орай профессор, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мекемтас Мырзахметұлы мен тарих ғылымдарының докторы Ләйла Әуезовалардың құрастыруымен жарық көрген кітап «Абайтану дәрістерінің дерек көздері» /4/ деп аталған екен. М.Әуезовтің бұл кітабының үлкен тарихи маңызы бар. Академик ғалымның Абай мұрасы туралы ғылыми-зерттеу жұмыстары мен көркем туындылары, олардың түрлі қолжазба нұсқалары мол. Ұлы жазушының абайтану саласында жарияланбаған, архив сөресінде сақталынып келген материалдарының өзі әлденеше кітап болатыны белгілі болып отыр.

М.Әуезовтің абайтану саласындағы ғұмыр бойғы ізденістері екі салада қатар жүргізіледі: ғалымның ұлы ақын мұрасын ғылыми негізде тану бағытындағы зерттеулері жиырма жылға жуық мерзімді қамтыса, Абайдың көркем бейнесін әр түрлі жанрда сомдауға он екі жыл өмірін арнады. М.Әуезовтің бұл кітабында абайтанудың негізін салу жолындағы мол мұрасы жүйеленіп берілген. Енді осы жүйелеулердің үлгісін көрсете кетейік.

I. Абай өмірбаяны. II. Абай шығармаларының текстологиясы, III. Абай мұрасының рухани көздері. ІҮ. Абайдың ақындық дәстүрі. Ү. Абайтанудың арнаулы курсы. ҮІ. Баяндамалар, сөздер, пікірлер. ҮІІ. Абайтану жайлы еңбектерге пікірлер. ҮІІІ. «Абай жолы» эпопеясының жүргізілу тарихынан. IX. Түсініктемелер. Комментарии.

Орыс және қазақ тілдерінде, тоғыз бөлімнен тұратын, төрт жүз қырық екі беттен тұратын бұл еңбектің әрбір бөлімі, әр бөлімдегі алуан-алуан еңбектердің қай-қайсысы болса да абайтану ғылымының бір бөлесіндей, абайтану ғылымының өнегелі, өркениетті беттеріндей белгі береді. Абайтануға барар жолдың кілті I бөлімде, бұл бөлімде «Абайдың өмірбаяны», «Абай Құнанбаев (1845-1904)», «Құнанбаев Абай (Ибраһим)», «Абайдың өмірі» т.б. тараушаларды қамтиды. Әрине бұл тараушалардың барлығын бірдей талдап шығу мүмкін емес, алайда «Абайдың өмірі» тараушасынан төмендегі мысал үлгілерін келтіре кетсек.

«Абай 1845 жылы бұрынғы Семей облысының, Семей уезі, Шыңғыс болысында туған. Шыққан руы тобықты. Ата тегі сол тобықты ішінде билік құрып, ықпалын жүргізіп, үстемдік етіп келген тұқым. Үлкен әкесі Өскембай тобықтының атақты биі Кеңгірбайдан бата алып өмір бойы сол өз руының биі болып өткен. Өз әкесі Құнанбай көп заман тобықты болысына старшын (ол уақыттың дәреже ретінде қарағанда болыс) боп кеп, бір уақыт Қарқаралы округіне аға сұлтан да болды» /4.20/.

Абай өзі осы сияқты әралуан соққылармен шөгіп келе жатқанда 1904 жылы көктемде ең жақсы көрген өнерлі ойлы баласы Мағауия өліп, соның артынан қырық күннен соң өзі де өледі. Мағауияның өлімінен соң ешкіммен сөйлеспейтін боп үндемей, ас ішпей жапа жалғыз отырып алған болса керек. Дерті болса өзінде бір алуан осы сияқты дерт болады. Немесе өмірінен қажыған соң өзін-өзі өлтіру ретінде таңдап алған өлім түрі осы болуы керек.

1904 жылы 23 июньде өзі де қайтыс болады. Сүйегі өзінің ата қыстауы Жидебай деген жерде қойылған.

Абайтану ғылымының өміршең, мықты болып қалыптасуы үшін ең алдымен ұлы ақын Абайдың өмірі, өмірбаяны, сондай-ақ ғылыми өмірбаяны түзілуі керек, осы жолда М.Әуезов өлшеусіз үлес қосты, орыс және қазақ тілдерінде қилы-қилы зерттеулер жазды. Ендігі бір назар аударатын бөлім «Абайтанудың арнаулы курсы десе де болғандай.

Ғалым-зерттеуші М.Әуезов «Абайтанудың арнаулы курсында» бірнеше мәселелерді қамтиды, атап айтқанда: «Абай өмір сүрген дәуір - ол дәуірдің ерекшеліктері», «Абай шығармалары», «Абайдың Пушкинге баруы», «Абайдың ақын шәкірттері», «Абайтанудың арнаулы курсы» қамтитын мәселелер өте көп, енді Әуезовтің кейбір ойларына тоқталып, дерек көздеріне үңіліп көрейік. М.Әуезов «Абай өмір сүрген дәуір - ол дәуірдің ерекшеліктерінде» былай деп атап көрсетеді.

«Абайды да сол дәуір, қоғамдық жағдай туғызды. Абай 1845 жылы туды. Осы кездегі, алдыңғы кезеңдердегі ерекшеліктері қандай еді? Бұл кезде Қазақстан Россияға түгелдей қосылып біткен. Сондықтан осы мәселеге жауап беру үшін 30-50 жылдардағы бүкіл Қазақстанның жағдайын айту керек. Ол кездердегі халық көтерілістерінің (Исатай-Махамбет, Бекет) кейбіреулері нағыз халықтық форманы сақтап отырды. Дегенмен ол көтерілістер бұқаралық (крестьянский) жұмысшы күшіне сүйенбеген көтерілістер болып, жеңіліс тауып отырған жайы да болды» /4.187/.

Абай дүниеге, келгенде бұл мәселелер аяқталып біткен болатын, бірақ отарлау мәселесі әлі аяқталмаған еді. Орыс крестьяндары жер жетіспегендіктен, қайыршылықта болатын. Олар патша отаршылдары тарапынан Қазақстанға жіберіле бастайды. Солай ету арқылы Россия ішіндегі ереуіл, қайшылықтан құтылу мақсатын көздейді. Сонымен бірге патша үкіметі өзінің атқан оғы, шапқан қылышы казачестволары да қазақ жерлеріне, тек жақсы, шұрайлы жерлерге орналастырылған.

Қазақ сахарасын билеуге патша үкіметі түрлі әдістер қолданып отырды. Абай өмір сүре бастаған кезде Қазақстан ішкі Россияға сәйкес административтиік жүйеге сай бөлінген еді. Алты облысқа (Семей, Жетісу, Торғай, Сырдария, Орал, Ақмола) бөлінген еді. Әр облыстың басында военный губернатор (жандарал) түрған. Әр облыс бес-алты уезге бөлінген. Ал уезд болыстарға (волость) бөлінген. Бір уезде жиырма-жиырма бестен болыс болған. Ал әр болыс ауылнайға (старшинство) бөлінетін. Бір болыста мың я бес жүз үй болатын. Әр жүз үйден бір ауылнай сайланған. Болыстың басында (волостный управитель) болыс сайланып қойылатын. Ал болыстықтан жоғары әкімшілік қазаққа берілмеген. Болыс үш жылда бір сайланатын. Оларды халық емес, елубасылар (әр елу үйден бір адам) сайлайды. Осы елубасылардың тасын алу үшін, бүгін сайлама салып үш жыл бойы талас жүргізілетін. Бұл жағдайлар Абайдың өлеңінде сықақпен айтылып отырады. Сөйтіп, әкімшілікке ылғи үстем шонжарлар сайланып отырған. Ал, облыстар үш генерал-губернаторларға бөлінді. Мәселен, Семей-Ақмола Омскі губернаторына қарады. Қазақтар осы генерал-губернаторларды «корпус» деп атайтын. Уездный начальниктерге қазақтан тілмаштар болған.

Абайтанудың дәрістерінің дерек көздеріндегі келесі бір зерттеу «Абай шығармалары» деп аталыпты. Бұл бөлімнің де абайтану ғылымына қосар үлесі өте көп деуге боады. Абайдың әр алуан үлгідегі, әр алуан тақырыптағы шығармаларының әрқайсысының шығу тарихына талдаулар жасайды, түсінік, түйін айтады. Мысалы: «Абай шығармалары туралы көп зерттеулер бар. Әр тақырыпты болуы да заңды. Өйткені, Абай шығармалары жан-жақты, өте көп. Сан жағынан басқа классиктерден аз. Ал сапа жағы жеткілікті. Бірақ осылай кесіп, бөліп тексеру керек емес. Шығармаларын өсу жағынан, жылма-жыл, тұтас, эволюциялық жолын аша тексеру керек» деп баға береді, жол көрсетеді.

Абайдың өмірлік программасы, жаңа Абай екенін көрсететін өлеңі 1885 жылғы «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген өлеңі, ұлы ақынның өкініші. Мұнда үлгілі, жемісті өкініш айтылады. Кейінгілерге үлгі ретінде айтылады. Бұл сол замандағы барлық саналы ата-ананың өкініші еді.

«Бұл мақрұм қалмағыма кім жазалы?» дейді. Бұл «мақрұм» қалған Абай сол кезде Пушкин, Лермонтов, Толстой, С.Щедрин, Крылов т.б. біледі. Сонда да білген сайынғы білімге қомағайлықты көрсетеді. «Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім» дегенде дін медресе емес, басқа оқу жүйесін айтады. Шен алуды Абай сол 1885 жылы-ақ жек көрген, патшаға қызмет етіп, «жанбай жатып сөнуден» сырт тұрады.

1886 жылы Абай ақындық жолға біржолата құлай беріліп, үлкен-кішілі 18 өлең жазған. Бұл жылда програмды үлкен өрісті ақындық жеміс беру кезеңі көрінеді. Бар буын түгел қамтылады. Әуелі ата-аналар болып, кейін жігіттерге арнайды. Енді «Интернатта оқып жүр» деп балаларға оралады. Өлеңді қоғам тіршілігін көрсететін құрал екенін түсінеді. Абай мораль тәрбиесімен қауымды түзеуге болады деп түсінген. Бұл Маркстен бұрынғы ойшылдардың түсінігі еді. Осы 1886 жылы Абай халқымды түзеймін деп кіріседі, әрі келешек Абайдың әр жақтылығы көрініп қалады. «Жаз» деген пейзажды өлеңін жазады. 1886 жылғы өлеңдерінен Абай үлкен, жан-жақты ақын екенін көреміз.

Әрине, «Абайтанудың дерек көздерінің дәрістерінде» қамтылған, айтылған мәселелердің бәріне бірдей талдау жасап, айтып шығу мүмкін емес, оған диплом жұмысының көлемі де көтермейді. Ұлы Әуезовтің абайтану ғылымын қалыптастыруға ролі өлшеусіз деп жоғарыда айттық. Соның дәлелі ретінде келесі бір еңбекті айтуға болады. Бұл еңбектің де құрастырушысы, алғы сөзін жазушысы филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мекемтас Мырзахметұлы. Кітап «Абайды білмек парыз ойлы жасқа» (Ибраһим Құнанбайұлының ғұмырнамасы» деп аталып, оқу құралы ретінде ұсынылған. Бұл кітаптың өзіне тән ерекшелігі бар, дәлірек айтқанда кітаптың атауына сәйкес Ибраһим Құнанбайұлының ғұмырнамасы, яғни Әуезов қаламынан туған Абай өмірбаянының төрт түрлі нұсқасы жүйеленіп берілген. Кемеңгер, данышпан Абай ақынның өмірі мен шығармашылығын 20 жылдардан бастап ғұмырбойы зерттеген абайтанушы Әуезов ұлы ақынның ғылыми өмірбаянының алғашқы нұсқасын 1933 жылы түзген екен. Уақыт өте келе жаңа, тың деректермен толықтырып 1940 жылы екінші нұсқасын, ал 1945 жылы ұлы Абайдың туғанына 100 жыл толу мерекесі қарсаңында үшінші нұсқасын жазған екен.

Сондай-ақ Абай жөніндегі алғашқы екі кітабын аяқтағаннан кейін, Абай жайындағы көркем шығарма жазып жүрген ғалым 1950 жылы ақын өмірбаянының ең соңғы төртінші нұсқасын жазған екен және бұған сол кезеңдегі қоғамдық-саяси ахуалы тарих талқысы, тағы да қайтадан жаппай етек алған қуғын-сүргіннің де әсері аз болды деп айта алмаймыз. Бұл кітап екі бөлімнен тұрады, Бірінші бөлімде Мұхтар Әуезов және Абай әлемі (алғысөз орнына), Мұхтартану және Абай ғұмырнамасы деген екі зерттеу берілген, бұл екі зерттеудің авторы Мекемтас Мырзахметұлы, ал екінші бөлім жоғарыда айтқандай Абай ғұмырнамасының төрт нұсқасы жайында айтылған ол жөнінде сәл кейінірек, толығырақ тоқталамыз. Енді Мекемтас Мырзахметов зерттеулерінің кейбір ерекшеліктеріне тоқталып көрелік. М.Мырзахметұлы «Мұхтартану және Абай ғұмырнамасы» деген еңбегінде былай дейді: «Қазақ әдебиетінің теңдесі жоқ ұлы классигі Абай (Ибраһим) Құнанбаевтың өмірбаянын толығырақ білу тілегі мен қажеттілігі ойшыл ақын қайтыс болған соң-ақ, көп ұзамай қолға алынды. Жалпы қазақ ақындарының арасында тұңғыш рет Абайға ғана баспасөзде арнайы өмірбаяндық деректер беріле де бастады.

Бұл салада Абайдың тұңғыш биографы - Кәкітай Ысқақұлы. Кәкітай ұлы ақынның немере інісі болуы себепті 12 жасынан бастап тікелей Абай тәрбиесінде өсті. Ес біліп есейген шағынан бастап Абай өмір сүрген ортаның сыры мен қырын танып, ақын өмірінде орын алған елеулі оқиғалардың бәріне де тікелей араласты. Көптеген Абай шығармаларының дүниеге келу сыры мен жазылу себептерін де өз ортасында кімнен болса да анағұрлым жетік білді. Абай өлеңдерінің қай жылы жазылғанын анықтау жолында да көп еңбек сіңірді.

Кәкітай Ысқақұлы жазған Абайдың тұңғыш қысқа түрдегі өмірбаяны өз заманында елеулі қызмет атқарып, соңыра абайтану тарихынан лайықты орны мен бағасын алды да» /5.5/.

20-жылдардың басында Абай мұрасын зерттеу саласында талантты көркем шығармаларымен, әдебиет тарихын зерттеудегі еңбектерімен үздік таныла бастаған М.Әуезовтің араласуы абайтануға үлкен зерттеушінің келіп қосылғанын бірден аңғартты. Жас таланттың ерте қанаттанып, өз ортасында даралана бастаған қазақ әдебиеті тарихына байланысты зерттеушілік қадамын жете тани білген Семей губерниялық Атқару Комитетінің 1925 жылғы 20 маусымдағы Ленинград университетінде жолдаған ресми қатынасында «...М.Әуезов қазақ әдебиетіне қызығуы мен осы саладағы өз бетінше жүргізген зерттеулері арқылы техникумда қазақ әдебиетін оқытатын лектор ретінде бірден-бір кандидатура болып табылады» - деп көрсетуі шындық еді. 1924-1925 жылдар аралығында Семейдегі оқу орындарында Абай мұрасынан дәріс оқып, «Таң» журналында ақын шығармаларын жариялап, Абайдың өмірбаяны жайлы деректер мен шығармаларын толықтыра түсу жолында тынымсыз әрекет етіп жүрген М.Әуезовті көреміз. Ол бұл кезде көлемді монографиялық еңбегін жазу үстінде болатын. Абайды көзі көрген ақын замандастарына естелік жаздырып, ел аузынан Абай өмірбаяны мен сол заман шындығы жайлы деректерді қағаз бетіне түсіріп қалуға асыға кірісті.

Кейін Абай еліне деректер іздестіру мақсатымен дүркін-дүркін соғып отырған. Тек баспасөзде жарияланған деректерге ғана сүйенгеннің өзінде: 1936 жылы Абай туралы жаңа деректер жию мақсатымен барса, 1943 жылы арнайы ұйымдастырылған экспедицияны өзі басқарып барады. 1944 жылы Е.Ысмайылов бастаған экспедицияны ұйымдастыруға ат салысса, 1945 жылы Абайдың жүз жылдық юбилейі қарсаңында Семей өңірінен басқа Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан тарапынан да арнайы экспедиция шығару мәселесін мерейтой комиссиясы алдына қояды. Абайдың жүз жылдық юбилейі қарсаңында жазылған Абай өмірбаянының үшінші нұсқасын даярлау үстінде «Тіл-әдебиет институты Абайдың өмірін, шығармаларын зерттеу жөнінде екі экспедиция ұйымдастырып (1943ж М.Әуезов басқаруымен, 1944 жылы Е.Ысмайыловтың басқаруымен) Абайдың өміріне, шығармаларына байланысты жаңа материалдар тапты. Бұл осы жинаққа кіріп отырған жаңадан жазылған ғылыми өмірбаян, естегі сөз, ескертулерде толық пайдаланылды», - деп хабарлайды. Әрі Абаймен бірге болған, ақын өмірінің ең жемісті түрінда жазылған шығармаларының дүниеге келу сыры мен көп оқиғаларға куәгер болған тірі архив иелерінің естеліктерін дер кезінде түгел, сарқа жазып ала алмай, көз жазып қалғанына, соңыра қатты өкініш те білдірген еді.

Абайтанудың алғашқы негізі де М.Әуезов жазған Абайдың ғылыми өмірбаянында жатқаны мәлім нәрсе. Абай өмірбаянын ғылыми негізде жаза отырып М.Әуезов абайтану саласындағы бірнеше күрделі мәселелерді тұтастай қарастыруды бірден қолға алды. Бұлай етпейінше Абай өмірбаянын жазуға кірісудің өзі қиынға соғары мәлім еді.

Абай өмірбаянын қалпына келтірудегі басты әдіс - ауызша сұрау, тірі архив иелерінің естеліктерін жинау, жариялау. Ең бастысы Абай өлеңдеріндегі негізгі әлеуметтік сарындарға сүйену арқылы биограф көп шындықтың сырын ашады. Осы арқылы М.Әуезов Абай мұрасының зерттелу жолына зор үлес қосты.

Абайдың ғылыми өмірбаянын ойдағыдай жазып шығару арқылы М.Әуезов келешекте абайтану саласында зор көлемде жүргізер зерттеу жұмыстары үшін табан тірер ғылыми негіздегі ірге тасын жасап алды. 1924 жылдың өзінде-ақ М.Әуезов Абай шығармаларының тұңғыш толық жинағын құрастырып, Абайдың қазақ әдебиеті тарихындағы алар орнын анықтап алуға ұмтылды. «Абай», «Шолпан» журналындағы ақын жайлы пікірлері мен Орыс Географиялық Қоғамы Семей бөлімінің Абайға арналған салтанатты кешіндегі «Қазақ әдебиетіндегі Абайдың орны» деген баяндамасы - осы әрекеттің айғағы. Бұл бөлімдегі келесі бір зерттеу де назар аударатындай, ол зерттеу «Абайтанудың бірегей зерттеушісі» деп аталады. Мекемтас Мырзахметұлы мұхтартану саласында да, абайтану саласында да жемісті еңбек етіп жүрген білгір ғалым. Сол себепті ғалым Мырзахметовтің әрбір пікірі салмақты, тиянақты, ойлы болып келеді. Мысалы: «Үдере даму үстіндегі қазақ кеңес әдебиетінің ірі саласына айналып отырған абайтанудың негізін қалаушы ғұлама ғалым М.Әуезовтің Абай мұрасы туралы ұлан-ғайыр ғылыми зерттеулері туған әдебиет тарихында ерекше орын алатын бірегей қайталанбас құбылысқа айналып та үлгірді. Ұлы ақын мұрасының сыры терең болмысына бойлай еніп, ғылыми зертетулерімен бірге тарихи шындықты бойына дарытқан суреткерлік құдіретімен, көркемдік шындыққа айналдыру арқылы көркемөнердің көптеген жанрында теңдесі жоқ қайталанбас туындыларымен рухани жан дүниемізді айтарлықтай байытты» /6.52/.

Белгілі ғалым М.Мырзахметов М.Әуезовтің Абай мұрасы жайлы ұзақ жылдарға созылған шығармашылық ізденістері мен ғылыми зерттеулерін, көркем туындыларын бір-бірімен тығыз байланыста алып төрт түрлі іргелі салаға бөле отырып қарастыру қажеттігі сезіледі. Оларды бас-басына жеке түрде атап өтеді, санамалап көрсетеді.

1. Абайтанудың іргелі саласына айналып отырған ақын шығармаларының текстологиясы жөніндегі аса қиын да күрделі проблемаларын тұтас қамтитын Абай өлеңдерін жинау, екшеп толықтыру, тұңғыш толық басылымдарын дайындау, түсініктер жазудағы ізденістері мен осы саладағы арнаулы зерттеулерін қамтиды.

2. Абайдың тұңғыш ғылыми өмірбаянын жазу үстінде алғашқы биограф, тарихшы ретінде көптеген ақын замандастарымен бетпе-бет кездесіп, тікелей тілдесу, жүзбе-жүз әңгімелесу арқылы естеліктер жинау, жаздырып алу, соларға орай тарихи деректер көзін іздестіру әрекеті жатады.

3. Абайдың әдеби мұрасы жайлы арнайы ғылыми зерттеу жұмыстарын, негізінен сегіз түрлі проблема шеңберінде жүргізе отырып, әр жылдар айтылған ой-пікірлерін қорытындылау және де ұзақ жылдар бойы жоғары оқу орындарында абайтанудың арнайы курсы мен арнайы семинар сабақтарын өткізумен айналысу. Абай мұрасы жайлы зертетулерге басшылық ету, аспиранттар мен ізденушілерге жетекшілік ету өз алдына дербес бір мәселе.

4. Жоғарыда айтылған әр саладағы зерттеулердің ғылыми нәтижесіне сүйене отырып, Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы көркемөнер саласының әрқилы жанрында жазылған туындылары өз алдына бір әлемді құрайды. М.Әуезовтің ұлы ақын өмірі мен әдеби мұрасын зерттеу саласындағы бірегей табысы әрине XX ғасырдың көркем ойындағы қол жетпес шыңына айналған атақты «Абай жолы» эпопеясында жатыр.

Абайтану саласындағы бұл іспеттес орасан зор ғылыми шығармашылық ізденістердің сәтті аяқталуына айта берсек себептер көп. Бірақ осылардың ішіндегі елеулі буынның бірі – Абай мұрасы жайлы сан жылдарға созылған азабы мен қызығы мол ғылыми зерттеу еңбектері деп қарасақ, бір жағынан, Абай өмір кешкен әлеуметтік ортада туып, сол ортаның сыры мен шындығына жастайынан қанығып қалыптасуы да айтарлықтай орын алған. Балалық балдәурен шағында-ақ Абаймен дос-жаран, сыйлас болған атасы Әуез сүйікті немересінің рухани жан дүниесін Абай шығармаларымен ауыздандырып, ақын өлеңін түгелдей жатқа оқытып өсіруінде де біраз себептердің сыры жатса керек-ті. Өзі ұшқан ұясының Абаймен тікелей достық, туыстық қарым-қатынаста болуы, әсіресе атасы Әуездің Абай жайлы ел іші оқиғаларын толғайтын ұзақ сонар әңгіме-естеліктерінің бала Мұхтар санасына тайға таңба басқандай ізі қалып, өшпес әсер беріп отыруының айтарлықтай маңызы бар рухани қайнарға айналғаны да мәлім нәрсе. Бала жастан сырына қанығып өзі өскен әлеуметтік ортада Абайға қатысты қым-қуыт оқиғалар сыры ел арасында ұзақ жылдар бойы ұзын сонар әңгімелерге желі тартып, таралып жататын-ды. Осы әңгіме-естеліктерді елти тыңдаушылардың арасында бала Мұхтар да сол әңгімелер желісіндегі нелер бір ғажап ой-пікірлерді ой зердесіне тоқи жүретін. Жастық шақтағы әсер естен кетпей ұзақ сақталаныты себепті, Мұхтардың Абай мұрасының сыры мен ақын өміріне қатысты оқиғалардың терең мәні мен шындығын кейіннен Абай мұрасын зерттеушілердің бәрінен де жетік білуі, үздік дараланып шығуы да заңды еді. Бұл жағдайлар, бір жағынан, Абай мұрасын жинап, тереңдей зерттеуіне әрі Мұхтар Әуезовтің әлем әдебиетінің алтын қорына олжа салған ұлы туындысының сәтті аяқталуына зор септігін тигізді. Және де осы танымдары сол тұстың саяси-әлеуметтік сан салалы өмір болмысының тарихи негізі ретінде суреттеліп, жанданып жатты.

«Абайды білмек парыз ойлы жасқа» деп аталатын монографиялық еңбектің екінші бөлімі «Абай ғұмырнамасы» деп аталып, жоғарыда атап көрсетілгендей төрт түрлі нұсқаны қамтиды. Енді осы «Абай ғұмырнамасы» жайлы да кейбір мысалдар, дәлелдер келтіре кеткенді жөн деп таптық. «Абай өмірбаянының алғашқы нұсқасы» (1927-1933) бірнеше тақырыпшаларды қамтиды, атап айтқанда «Абайдың туысы мен өмірі», «Абай туралы Көкбай ақсақал мен баласы», «Тұрағұлдың естегілері», «Абай жазған кейбір өлеңдердің қай кезде, не себепті айтылғаны туралы түсіндіру қосымшалар» деп аталады. «Абайдың туысы мен өмірінде» Абайдың өмірі, шыққан тегі, өскен ортасы жайында көп деректер бар, соның ішінде ұлы ақынның әкесі Құнанбайға қатысты ғана бірер пікірді келтірсек, себебі күні кешегі кеңестік кезеңде Құнанбай жайында мүлдем теріс пікірде болғанымыз рас. Сол себепті М.Әуезовтің Құнанбай жайындағы дерек көздеріне назар аударсақ. «Бүгінгі Семей уезіне қарайтын Тобықты Құнанбай тұсында Қарқаралы өкірігіне қарайтын. Приказ шыққаннан бергі салт бойынша бұл өкіріктің аға сұлтаны ылғи төре тұқымынан болып келген. Құнанбай тұсында аға сұлтан болған төрелер Бөкей нәсілінен: Құсбек, Жамантай, Абылай нәсілінен: Тобықты ішіндегі Шалғымбай деген төрелер болған.

Құнанбай Тобықтының бас кісісі болып өрлеп келе жатқанда қазақ ортасында төре мен қараның жігі ашылып қалған уақыт болады. Әрбір елдің қарадан шыққан Құнанбай сияқты басты жуандары: «Төре қазақтың әрекесін тілейді, берекесін тілемейді» дей бастаған кездері болады» /7.104/.

Көп рудың қалың ортасынан шыққан жуан аталары өз ауданында төреден салмақсыз болмайды. Төре дегендердің ру басшыларының қолдауымен жуан шығып жүргенін сезе бастайды. Оның үстіне әуелде хан мен төрені ұстанған патша үкіметі, енді қалың елді ұстау үшін, ру басыларын қолға ұстау керек деген саясатқа ауған кез болады. Осындай екі жақты себептермен әр рудың Құнанбай сияқты жуандарына төрені сөз қылып, төрені түртпектеу салт сияқты болып тарай бастайды. Бұл туралы көп рулардың, көп басшылардың ынтымағы болуға да мүмкін. Сонымен ел-елдің ортасында: «Қазақ әрекелі болса оңбайды, төре берекелі болса оңбайды» деген төреге қарсы қозғалыс белгісі көп жайылады.

Осы кезде Қарқаралының аға сұлтаны болып тұрған Құсбек төре мен бұрын аға сұлтан болған Жамантайдың партиясы басталады. Ол кезде приказ сайлауына тас салуға жарайтын екі түрлі сайлаушылар болған. Бірі - пәлен сомада алым төлейтін бай да, екіншісі - төре тұқымдары болатын. Төренің 25 жасқа жеткені түгелімен тас салу құқығына ие. Сонымен Жамантай өзі сұлтан бола алмайтынына көзі жеткен соң өзіне қараған тастарды Құнанбайға салғызып, Құсбек жеңіліп, Құнанбай сұлтан болған.

Құнанбайдың осы сайлаудан кейін қанша уақыт аға сұлтан болғаны белгісіз. Қалайда болса Қарқаралы өкірігіне қараған қазаққа қарадан алғашқы рет сұлтан болған Құнанбай. Сондықтан бұл оқиға Құнанбайдың даңқын көпке жайып жіберуге себеп болған көрінеді.

Бұрын хан-төренің туы жығылып өз орталарынан біреудің болуына көп тілеулес болып жүрген ру жуандары, Құнанбайдың болуын Құсбек Жамантайдың партиясынан, орыс саясатынан дегісі келмей, қазақтың артықтығынан, Құнанбай басының қасиетінен деңкіреп кеткен сияқты.

Сол кездегі ел аузындағы аңызға қарағанда: Құнанбай «Қарадан хан болған» деп аталады. Мұның мысалын мына сияқты берер сөзден байқауға болады. Сыбан Кеңесбай деген кісі Жарқымбай деген баласына өлерде өсиет айтқанда: «Төремен ел болса, екінші ел арасында сөз болса Сабырбайға ақылдаспай іс қылма, басыңа орыс орманнан үлкен іс келсе, қарадан хан туған Құнанбайға ақылдаспай істеме» депті.

Одан соң 1850 жылдарда Өскембай өліп, соған Құнанбай Көкшетауға барып ас бергенде Балта ақын:

Атың шыққан Үрімнің қақпасындай,

Айтқан сөзің кілемнің тақтасындай.

Кешегі өтіп кеткен би Өсекем,

Алтынын тастап кеткен ат басындай.

Үш жүзіңді жиып ас бердің,

Келістіріп сәйкесін.

Арғынның өзін биледің,

Алшысы мен тәйкесін.

Келсең-келде кез болдың,

Кейи де беріп қайтесің! - депті деген сөз бар.

Бұл келтірілген деректерден Құнанбайға қатысты қызықты мәліметтер, сол кезеңдегі қоғамдық өмір, ел билеу жүйесі т.б. қызықты деректер бар екеніне көзіміз жетеді, мұның бәрі де абайтанудың бір белестері. «Абай өмірбаянының екінші нұсқасы» (1940) деп аталатын еңбек «Абайдың өмірбаяны», «Абайдың өмірбаянына қосымша материалдар», «Көкбай әңгімелері», «Тұраш әңгімесінен», «Абай жайында Мадияр, Қатпа, Архәм т.б. айтқан әңгімелері», «Мұсылманқұл Жиреншиннің әңгімесі», «Абайдың ата-тегі туралы» дейтін бөліктерден тұрады екен, әрине мұның бәріне тоқталып, талдау жасауды мақсат етпей-ақ, ең алғашқы «Абайдың өмірбаянынан» ғана аз-кем айтып өтсек. «Абай осы күнгі Семей облысындағы Шыңғыс деген тауды жайлаған Тобықты руының ішінде 1845 жылы туған. Абайдың өз әкесі Құнанбай, оның әкесі Өскембай, үшінші атасы Ырғызбай. Бұлардың барлығы да ру ішінде үлкен үстемдік жүргізген адамдар.

Өскембай – Ырғызбайдың өзге балаларының ішінде ең дәмелісі болды. Сол кездегі Кеңгірбай маңайындағы ағайын-туысқан, іні-баласының бәрінен пысық, епті болыпты. Өскембай Кеңгірбай қартайған кезде атқа мінеді! /7.181/.

Өскембай өзінің ел меңгеру әдісінде ең алдымен Кеңгірбайдың көпті мезі қылған парақорлық мінезінен бойын қашаңдау ұстауға тырысқан көрінеді. Ру басылар ортасында сақталып қалған сөздің бәрінде: «Ісің адал болса, Өскембайға бар, арам болса Ералыға бар» деген сөз бар. Бірақ осындай болумен қатар, Өскембай елді күшпен, зорлықпен ықтырып аламын деп, асқақ мінезді көп қолданған. Мысалы, бір уақыт ауылына жүгініске келіп отырған Мәмбетай деген кісіге ашуланып, мұрнын кесіп алған сияқты ісі жаңағы айтқанға дәлел.

Өскембай орта жасқа келгенде баласы Құнанбай ер жетіп, атқа мінген. Құнанбай 1804 жылы туған. Құнанбайдың шешесі Зере, кісі ренжітпейтін жұмсақ мінезді әйел болған деседі.

1850 жылы 72 жасында Өскембай өледі. Зере күйеуінен кейін көп жасаған. Ол бертін келіп: 90-ға жетіп өледі. Мұның ақын болатын немересі Абайдың бала, бозбала күнінде ауылының бәрі Зерені «кәрі әже» дейді екен. Кәріліктен құлағы есітпейтін болды. Балаларына дұға оқытып, үшкірте береді. Сонда өз қолындағы немересі Абай кәрі әжесінің құлағына өлең айтып келіп үшкіреді екен.

Абай әкесі Құнанбайдың 41 жасында туған. Ақынның өз шешесі -Ұлжан. Тегі Құнанбай көп қатынды болған. Үлкен әйелі қыздай алған - Күнке. Бұдан туған баласы Құдайберді. Екінші әйелі Ұлжан - ол Құнанбайдың інісі Құттымұхаметке айттырылған қалыңдық екен. Інісі өлген соң келінін алған. Бұдан туған балалары: Тәңірберді, Ыбырай (Абай), Ысқақ, Оспан. Үшінші әйелі - Айғыз. Одан Халиолла, Ысмағұл деген балалары болған. «Атадан алтау, анадан төртеу» дейтін Абай өлеңінің мәнісі осында. Төртінші әйелі – Нұрғаным. Бұдан бала болмаған.

Абайдың өзі бұл өлімнен бұрын да қажып, талып, ендігі тіршілігін артық нәрседей санай бастаған еді. Өз сынынша ажарсыз, мағынасыз, өткен дәурені жалғыздық дертімен құлазытып, жүдетіп, тоздыруға айналып еді. Соның барлығының үстіне Мағауия өлген соң Абай бір алуан ауруға айналады. Төсек тартып жатпаса да, отырып ауырады. Ешкіммен сөйлеспейді де, ешнәрсемен өзін жұбайтпайды. Ауруын емшіге де көрсетпейді де. Мұның бәрін керексіз деп біледі. Сонымен Мағауияның өлімінен кейін 40 күн отырып, 23 маусымда 1904 жылы 60 жасында қайтыс болады. Абайдың сүйегі Жидебайда Еркежан қыстауының жанына қойылады.

Бұл келтірілген дерек көздерінің бәрі де ұлы Абайды тануда, танытуда көп септігін тигізері сөзсіз.

Абайтану ғылымына ерекше үлес қосқан ғалымдардың бірі де, бірегейі де академик Зәки Ахметов. Әйгілі ғалым зерттеулерінің ішінде ерекше орын алатын еңбегінің бірі «Абайдың ақындық әлемі» /8/. Академик Ахметов өзінің бұл еңбегінде ұлы Абайдың ақындық тұлғасын, адамгершілік мұраттарын бүгінгі заман ұғым-түсініктері деңгейінде жан-жақты, толық сипаттай отырып, оның шығармашылық мұрасының танымдық, эстетикалық, көркемдік, тағылымдық мәнін жүйелі түрде ашып көрсетуді мақсат еткен ғалым зерттеулері өте құнды, тәрбиелік мәні күшті, абайтанудың биік бір белесі деп тануға болады. Кітаптың аңдатуында автор былай деп бір түйеді.

«Абайдың ақындық әлемі дегеніміз мағыналық ауқымы өте кең ұғым. Абай поэзиясы - өз заманындағы қоғамдық өмірдің ең көкейкесті, ең күрделі және маңызды мәселесін қозғаған, толғаған поэзия. Оның өлеңдерінде, қарасөздерінде қазақ өмірінің көркемдеп бейнеленген телегей теңіз шындығы бар. Абай шығармаларының қазақ әдебиеті мен мәдениеті тарихында өзінше бөлек, өрісі аса биік, мүлде жаңа ой-пікір, көркем сезім әлемін ашқаны даусыз. Абайдың ақындық әлемі деп соны айтамыз» /8.3/.

Ақын творчествосы жайлы түйінді пайымдаулар жасау, ой қорыту оңай емес. Жеке бір өлеңді алып баяндау, талдау онан да қиын. Өйткені өлең деген басқадай жай, жадағай сөзбен айтып беруге көне қоймайды. Шынайы шабыттан туған нағыз поэзиялық туындының мағыналық сыйымдылығы, көркемдік әсері де өлшеусіз ғой. Әр адамның өз жан-дүниесі неғұрлым бай болса, өлеңнен алатын әсері де соғұрлым мол болады.

Абайтану да ақын сөзін оқудан, тоқудан басталады. Қуанғанда немесе мұңайғанда оқыса, адамның ішкі сезімімен жалғаса кірген сөз жүрекке берік ұялайды, қайталап оқығанда, еске түскенде, толқытпай қоймайды.

З.Ахметов өзінің бұл еңбегінде, яғни «Абайдың ақындық әлемінде» көптеген мәселелерді тереңінен қарастырады, атап көрсеткенде «Абайтану белестері», «Ақын тұлғасы, адамгершілік мақсат-мұраты», «Әлеуметтік әуендер», «Ғылым-білім, ақыл-парасат жайлы ойлар», «Махаббат сарындары, сұлулық сымбаты», «Ақындық өнер мен ән-күй туралы толғаныстар», «Поэмалардың сыр-сыпаты», т.б. болып келеді. Енді осы еңбектерді кейбіреулері біршама деңгейде тоқталып өтсек. Ең алдымен ақын Абайдың ең үлкен құдіреті оның өз заманындағы әлеуметтік мәселелерді дер кезінде көріп, танып-біліп, соның бәрін өлең үлгісінде суреттеп бере білуінде. Зәки Ахметов осы жайттардың денін өзінің «Әлеуметтік әуендер» дейтін тараушасында жан-жақты ашып көрсетеді. Ғалым былай дейді: «Ақындық өнерді өзіне өмірлік зор мақсат етіп, өз өлеңдерін қағаз бетіне түсіруге Абай тек 80-жылдардың ортасында жұмыла кіріседі. Бұл Абайдың айналасын болжап, әлеуметтік құбылыстарды терең бағалап, кей ойлай алатын, көргені мен түйгені тәжірибесі молайған, әбден кемеліне келген шағы болатын. Ақынның осы тұста (1882-1886 жылдары) жазған өлеңдері идеялық және көркемдік қасиеттері жағынан аса мағыналы, жаңа сапалы, және ұзақ өнімді ізденістерінің қорытындысы, нәтижесі болып табылады. Бұл жылдардағы шығармаларындағы тұжырымдалған идеялар мен тақырыптардың өрісі негізінен ақынның соңғы жиырма жылдағы өмірін қамтитын бүкіл творчествосына үзілмес арқау болып, үнемі тереңдеп, дамып отырады» /8.46/.

Абайдың орасан зор ақындық қуат-күші өз шығармаларында қазақ өмірінің ең маңызды әлеуметтік мәселелерін көтере білуінен, қоғамның алдыңғы қатарлы өкілдерінің ой-арманын, түбегейлі мүддесін терең ұғып, сезіне білетіндігінен айрықша айқын көрінеді. Ақынның «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Сегіз аяқ», «Ғылым таппай мақтанба», «Болыс болдым, мінеки» секілді таңдаулы көркемдік туындыларының қайсысын алсақ та оларға идеялық арқау болатын келелі мәселелер - білімге, адал еңбекке, әділеттілікке шақыру, надандықты, артта қалу кесапатын айыптау, алауыдық пен керіс-тартысты, өкімет билігін теріс пайдалануды әшкерелеу екені бірден байқалады. Және осы идеялар ақын шығармалары тақырыбының ең басты, күрделі мәселелеріне жалғасып, солармен тұтасып, халықтың тағдыры, бүгінгісі мен кешегісі, поэзияның өмірдегі алатын орны туралы ойларымен сабақтас өріледі. Өйткені Абай поэзиясының басты тақырыптары, идеялық нысанасы ұлы ақынның әлеуметтік прогресс үшін, халықты өнер-білімге жеткізу үшін күресу мақсатынан туады. Халықтың ауыр тағдырын, өмір-тұрмысын ерекше шеберлікпен, нанымды көрсете отырып, Абай халықты қоғамдық асыл мұраттарға жетуге ынталандырады.

Абайдың адам мен қоғам жайындағы концепциясы - қазақ топырағындағы жаңа концепция. Абай адамды белгілі қоғамдық өмірдің жемісі, нәтижесі ретінде қарады, оның қимыл-әрекетін, психологиясын, моральдық келбетін өмірге, әлеуметтік тұрмысқа байланысты көріп, бағалап бейнеледі. Мысалы, Абай өлеңдерінен неше түрлі болыс-байлардың әлеуметтік тұлға дәрежесіне көтерілген, жинақталған бейнесін бүкіл іші-сыртымен көз алдымызға келтіреміз. Солардың бірі - «өз малын өзінікі дей алмай, күндіз күлкі, түнде ұйқысы» бұзылған бай. Бұл - кәдімгі бір жағынан билеуші чиновниктер, екінші жағынан, ел ішіндегі әкім, төрелер тарапынан екі жақты қыспаққа ұшырап, есі шығып өз малын өзі билей алмай, әлекке қалып, жапа шегіп жүрген бай. Немесе, Абайдың болысын алайық. Бұл да Абаймен замандас, 80-90 жылдардың болысы. Ол ата-бабасының ел билеген феодал, шынжыр балақ шұбар төс емес, малын шашып, билікке қолы жеткен, байлығынан гөрі қулығына сенетін болыс. Оның ел билеу тәсілі, адамдармен қатынасы алдау-арбауға, әлдіге келгенде шалқайып, әлсізге келгенде қырындауынан танылады. Абай мұндай ел билеушілер үлкен көркемдік шындық, идеялық түйін ретінде ұсынады. Абай адам бейнесін қоғамдық орнына, мүддесіне, сол мүддеге жету жолындағы ішкі сезімі мен айла-тәсіліне байланысты жасады. Ол өз заманындағы сан түрлі әлеуметтік топтардың барлығын да осы тұрғыдан терең зерттеп көре де, бейнелей де білді. Қожа, молда, ауылнай, жүзбасы, еңбексіз мал таппақшы пасық, амалын тауып күн көрмек епті, «бұзылса елдің арасы мал таппаймын демейтін» қулар, қулықты ат-шапаннан кем көрмейтін даңғой, дарақы той-думаншыл бозбала, еңбексіз еріншектер т.б. ақын шығармаларынан кең орын алып, өздеріне ғана тән типтік жағдай, типтік мінезімен көрінеді.

1886 жылы жазылған «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» «Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман», «Көңілім қалды достан да, дұшпаннан да» өлеңдерінде Абай замана жайын толғап, әр топтардың өкілдері, әр алуан адамдардың мінезі, іс-әрекетіне көз жібереді. Осы шығармалардағы айрықша өзгешелік - айту тәсіліндегі, стиліндегі қарапайымдылық, пәлендей әдемі дерлік, әшекейлі сөздерді қолдануға ұмтылмаушылық. Сонда осы өлеңдердің артықшылығы неде? Олар алдымен ақын ойының тереңдігімен, еркін төгіліп отыратын оралымдылығымен, қоғамдық өмір құбылыстарының мәнін ашып, алаламай анық, айқын бағалап, талдап беруімен тартымды. Және бір назар саларлық жай - Абай «Қартайдық, қайғы ойладық» деген сияқты өзінің қамыққан, қажығандай көңіл күйін осы өлеңдердің бастапқы жолдарында ғана айтады. Осылай барып, ішкі сырын ақтаратын рай көрсетеді де, одан әрі бірыңғай айналадағы өмір, әр түрлі адамдардың іс-әрекеттері, қылық-мінездері туралы айтуға ойысады.

Ұлы Абай шығармашылығын, абайтану мәселелерін жан-жақты сөз еткенде назар аударатын мәселелер бар, ол Абайдың ақын шәкірттері, Абайдың ортасы, ақындық мектебі тәрізді құбылыстар. Мүның бәрі абайтану мәселесін тек тереңдете түсетіні сөзсіз. Бұл жайында академик Зәки Ахметовтің келесі бір пікірін келтіре кеткенді дұрыс деп санадық.

«Абайды ұлы ізашар ақын деп қарағанда, оның шығармашылық дәстүрлерін дамытып жалғастырған ізбасар ақындар деп қазақ поэзиясының бір туар аса көрнекті қайраткерлерінен Шәкәрім, Сұлтанмахмүт, Мағжан, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовты алдымен айтамыз. Әрине, бұл топқа басқа бірталай ақындарды қосуға болады. Тікелей шәкірті болған балалары Ақылбай, Мағауия, немесе Абайдың айналасында болған, жақын жүрген Әсет, Көкбай ақындар туралы бұрынды-соңды айтылмай жүрген жоқ. Бұл - өз алдына мәселе. Кең мағынасында Абай дәстүрлерін дамытқан деп, мысалы, Сәкен мен Ілиясты да, ал жеке бір қырларынан келсе М.Әуезовті де, кейінгі атақты ақындардың қайсысын болса да алып қарауға мүмкін екені талассыз. Біздің сөз етпегіміз - нақтылы мәселе, қазақ әдебиетіндегі Абай дәстүрлерінің ұлы ақыннан кейінгі дәуірде тікелей жалғастық табуы, одан әрі өрістеп, дамуы. Абайдың ақындық дәстүрлерін тікелей жалғастырған осы ірі тұлғалар туралы ғана айтсақ та, ұлы ақын өмір сүрген XIX ғасыр мен оның өнерпаздық өнегесін өркендетіп, дамытқан XX ғасырдың бас кезіндегі әдебиеттегі дәстүр мен жаңашылдық мәселелерін талдап баяндауға толық мүмкіндік туады. Абай дәстүрлері дегенде жеке тақырып, сарындар, өлең өрнектері мен сөз қолданыстарындағы жақындық, ұқсастықтар жайында айтумен шектелу аздық етеді. Олардың да мәні бар екенін жоққа шығармай, керекті жерінде тиісті мөлшерде назар аудара отырып, алдымен тарихи-әдеби процесті тұтастай алып қарастыру, әдебиет майданына Абайға ілесе шыққан ізбасар ақындардың шығармашылық тұлғасын анықтау жағынан, олардың әр қайсысы қай бағытта ізденіс жасап, қай қырынан келіп әдебиетке жаңалық әкелді, өзінше жол тапты деген тұрғыдан сөз қозғау ұтымдырақ екені талас тудырмаса керек» /9.28/.

Осы жағынан келсек, Абайдың өз шығармашылық тұлғасы жан-жақты екені бірден ойға оралады. Ондай әрі ойшыл, әрі сыршыл лирик, әрі суреткер әр қырлы дарын иесі болған кесек тұлғалы ақын сирек кездесетіні даусыз. Жаңа реалистік жазба әдебиеттің негізін салған, ұлттық сөз өнеріміздегі жаңа дәстүрді бастаушы болған ақын тұлғасы осындай жан-жақты болуы да тегін емес дейміз. Сонда оған ілесе шыққан аса көрнекті ақындардың - Шәкерім, Сұлтанмахмүт, Мағжан, А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтың қайсысы болсын алдындағы ізашар ақынның дәстүрлерін өз шығармашылық өнерінің өзгешелік сипатына сәйкес өзінше жалғастырғаны заңды құбылыс болып шығады. Сонда біз Шәкерімді Абайдың оқу-білім, ғылымды, адал еңбекті, талаптылықты, адамгершілікті уағыздау өнегесін фәлсапашыл ойшылдығын өзінше өрістеткен ақын десек, Сұлтанмахмүтты әсіресе әлеуметтік өмірдің қайшылықтарын, өз заманының шындығын нақтылы түрде, үлкен сыншылдықпен ашып көрсетуі жағынан Абай дәстүрлерін дамытуда өзіндік тың, жаңа өріс тапқан дей аламыз. Ал Мағжанды айтсақ, ол теңдесі жоқ лирик ақын ретінде Абайдың өз көңіл күйін және жалпы адамның жан дүниесін, ішкі сезімін суреттеудегі дәстүрлерін өзінің сыршылдық шеберлігіне тірек етіп, өзінше жалғастырған деу орынды.

А.Байтұрсынов Абайға қоғам өмірінің бірталай маңызды мәселелер жайлы толғана айтуы және мысалшылдығы жағынан, ал М.Дулатов әсіресе сөз өнерін халықтың санасын оятудың, қоғам көшін алға бастаудың бірден бір күшті құралы деп санаған ағартушылық өнегесі жағынан үндес екенін айтамыз. Және Ахмет те, Міржақып та Абай бастаған ағартушылық, демократиялық идеяларды жаңа заманның тілек-талаптарымен терең ұштастыра алғанының мәні зор дейміз. XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиетіндегі ағартушылық, демократиялық идеялар қоғам өміріндегі ілгерішіл ізденістерге орай кең өріс алғандықтан Абай дәстүрін жалғастырушылар тобы да молая түсті.

Абайдың ақын шәкірттері жайында сөз еткенде белгілі абайтанушы, ұлы Абай мұрасының шән мәніндегі жанашыры, қамқоршысы, жинаушысы Қайым Мұхамедханұлының еңбектерін айтпай кетуге болмайды. Енді бұл ғалымның «Абайдың ақын шәкірттері» деп аталатын кітабынан қысқаша ғана кейбір пікірлерін келтіре кетсек. Аталған кітаптың алғы сөзінде автор былай деп бастайды: «Абайдың ақын шәкірттерінің» 1993 жылы басылған бірінші кітабына: Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл, 1994 жылы басылған екінші кітабына Кәкітай, Көкбай және Уәйіс ақындар енген еді. Мына үшінші кітабына: Әріп, Әсет, Мұқа және Әубәкір ақындар кіргізіліп отыр.

Осы үшінші кітапқа кіріп отырған Абайдың ақын шәкірттері туралы М.Әуезов қысқаша қорытып айтқан ой-пікірлерінің, бұрын жарық көрмеген қолжазбалары, «Абайтанудың жарияланбаған материалдар» атты кітапта («Ғылым» баспасы, 1988ж) жарияланды. Әріп ақын жайында Мұхтар былай дейді: «Абай мектебінің кейіннен қосылатын елеулі ірі талантты, үлкен ақынның бірі Әріп...».

«Біз Абай мектебінің ақындарын айтқанда, сол Абай шәкірті деген атаққа лайығы бар тағы бір топ ақындар жайын әзірше жазғамыз жоқ. Бұл қатарда алдымен аталатын Әріп ақын және Әсет сияқты әнші ақындар қатарынан шыққан, халық ақындарынан құралған бір топ әдебиет, көркемөнер қайраткерлері бар екені даусыз» /10.7/.

Бұл жөнінде мысалы - Әріптің Көкбайға ұқсаған және одан гөрі де молырақ, таланттырақ шығармалар тудырған бағалы еңбектері бар екенін білеміз.

Бұл ақынның да сан өлеңдерінде Абай аты аталып, үлгі-өнеге осыдан тарап отыратыны, әсіресе, әріп жазған өлеңдердің көп мазмұны - ғылым туралы, еңбек туралы, әйел халі туралы және әсіресе, елді зорлаушы жуан содырлар туралы жазылған сыншыл, сатиралық шығармалардан құралады. Осындай мұраларының бәрінде де Әріп Абайға аса жақын келіп, ой-сана жағынан да, шеберлік, стиль, үлгі жағынан да ұлы ақынның реалистік дәстүріне үнемі нық сүйеп отыратындығын сездіреді», - дейді.

Сөйтіп, Мұхтар Әріптің ақындық өнерін жоғары бағалай отырып, оның Абай дәстүрін берік ұстанған, ұлы ақынның нағыз шәкірті екендігін дәлелдеп береді.

Әсет және Мұқа туралы пікірін де ашып айтады:

«Ақындық ерекше үлгілері Абаймен аса жақын түйісіп отыратын тағы бір белгілі ақын Әсет болатын. Оның да Абай атын айтқан, өзіне соны үлгі етіп сөйлеген сөздері аз емес. Бұл алуандас шығарманы біз әнші ақын Мұқадан да кездестіреміз», - дей келіп, осы аталған ақындарды зерттеу мәселесі туралы өзінің ой-пікірін М.Әуезов былай қорытындылайды: «Әзірше осы соңғы аталған: Әріп, Әсет, Мұқа сияқты ақындарды Абайдың әдебиеттік айналасын зерттеп, шолуда қоса тексеріп, тану керек деген пікірді түгел қуаттаймыз. Болашақ арнаулы ғылыми зерттеулерде бұл адамдар да Абаймен байланыстары жағынан толық тексерілуі керек деп білеміз», - деген.

М.Әуезовтің: Әріп, Әсет, Мұқа ақындар туралы осы айтылған ой-пікірлерін, 1940-жылы, оның аузынан естіп, ұғынған болатынбыз. Және Мұхтардың мәслихаты бойынша жоғарыда аталған ақындардың өмір тарихы мен әдеби мұраларын арнайы зерттеп, 1950 жылы аяқталған, «Абайдың әдебиеттік мектебі» деп аталған еңбегімізге кіргізгенбіз. Одан кейінгі жылдарда да Абайдың ақын шәкірттері туралы зерттеу жұмысы толастаған жоқ. Кейінгі жылдарда табылған шығармалары қосылып, толықтырылып отырды.

Абай саласының қиын да күрделі бір арнасы ол - сөз жоқ, Абай шығармаларындағы Шығыстық қайнар көздер.

Абай мұрасының шығысқа қатысы жайлы баспасөзде алғаш жарияланған пікірлер Кәкітай Ысқақов пен «Уақыт» газетіндегі (1908, №388) мақала еді.

Осы тұрғыда Абай шығармаларының Шығысқа қатысы жайлы түбегейлі қарастырып, ғылыми деңгейге көтерген М.Әуезовтің әр уақыт оралып соғып, жаңа таным, соны пікір ұсынып, мәселені тереңнен зерделеп отырғаны белгілі. Абайдың Шығысына байланысты М.Әуезов пікірлері үздіксіз, жанды ізденіспен толығып, байып, дамып отырды.

Абай мұрасының шығыстық белгілері жайлы абайтану саласында М.Әуезов ең алғаш мақсатты түрде мәселені қойды.

Осы ретте XIX ғасыр әдебиеті жайында оның ішінде Абай Құнанбаев шығармашылығына тереңдеп барған ғалым Қ.Мәдібай зерттеулерінен қысқаша үзінді келтіре кетсек.

«Қазақ әдебиеттану ғылымыда болсын, абайтануда болсын ұзақ жылдар бойы Шығыс және қазақ әдебиеті мәселесі елеулі зерттеулерге айналмай, айнала алмай келгендігі белгілі. Оның түрлі себептері болды.

Абайдың ақындық әлеміне Шығыстың әдеби мектебі тигізген әсер, ықпал жөнінде зерттеулер болды. Оларда белгілі бір дәрежеде көптеген өзекті мәселелер қамтылып, қарастырылады. Күні бүгінге шейін Абайдың өлең өрнегіне, тіл кестесіне, дүние танымына Шығыс әдебиеті қаншалықты әсер етті деген мәселе бір шама қарастырылды» /11.193/.

Абайтанушы ғалым М.Мырзахметов өзінің «М.Әуезов және абайтану проблемалары» (1982) монографиясындағы «Абай» мұрасының Шығысқа қатысы М.Әуезов зерттеуінде» деген тарауда былай дейді: «М.Әуезовтің Абай мұрасының Шығысқа қатысы жайлы зерттеулері, ондағы ғылыми ойының қорлану, жетілу, жаңа сапа тауып түрбірлі пікірлерге бет алу жолына ой жіберсек, әр кезеңде әр түрлі таным тұрғысынан айтылған ой толғаныстарын да көреміз».

Осы пікірді тек М.Әуезовке қатысты емес, жалпы абайтанудағы Абайдың Шығысының зерттелу тарихына да қатысты қолдануға болар еді.

Абайдың Шығысы туралы ой өрісінің тұтас шолып қарағанда, әр кезеңде, уақыт озған сайын бұл мәселенің түрлі ауқымда ашылып, қозғалып отырғанын көреміз. Назар аударарлық бір мәселе: не дегенде де қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымында Абай және Шығыс әдебиеті жайлы мол, тың таныммен құнарлана түскен зерттеулердің қарасы басым.

Соған қарамастан, Абайдың Шығысы тереңнен қопарып зерттеуге әлі де зәру. Абай поэзиясындағы шығыстық үлгілерді тұтастай, өзіндік айырым-белгілерімен, атап айтқанда Абайға араб поэзиясының әсері, парсы поэзиясы және Абай өлеңі, ортағасырлық, түрік әдебиетінің, жазба тілдің Абай шығармашылығындағы көріністері, XIX ғасырдағы кітаби тілдің, шағатай тілінің Абай шығармашылығындағы көріністері, мәселелерінәлі де арнайы зерттеулермен толықтыру қажет. Абайдың дін тануы, дүниетанымы мәселесі, нақтылы исламиятқа қатысы, соның ішінде сопылық поэзия мен оның Абай поэзиясына қатысы жайлы нақтылы зерттеулер қажет. Абайдың ақындық айналасы, Абай ақындығының бастау бұлақтары мәселесінде сөзсіз елеулі орны бар Шығыс әдебиетінің Абай поэзиясымен сабақтастық желілерін арнайы зерттеу – абайтану арналарын ғылыми негіздеуді орнықтыруда елеулі мәселе.

Бұл тұрғыда тек бір ғана М.Әуезовтің Абайдың Шығысы туралы айтқандарының өзінен әлі де толып жатқан қисындарды тауып, таратуға болар еді. Әрине, Абайдың өзінен өз бетімізше іздеп табарымыз да аз болмаса керек.

Қазақ әдебиеттану ғылымындағы абайтанудың өрісін кеңейткен, өзіндік үлес қосқан тұлғаның бірі, сөзсіз Сәбит Мұқанов. Академик жазушы, қазақ әдебиетінің тарихы жайында көптеген еңбектер жазған ғалым Мұқановтың абайтану саласында да аз еңбек етпегенін келесі бір еңбектерден байқаймыз. С.Мұқанов жазған «Халық мұрасы» атты кітаптың қамтитын ауқымы кең.

«Шежіре және тарих жайында» деп басталатын бірінші бөлім, «Жазба әдебиет белестері» деп аталатын бесінші бөліммен аяқталады. Ал енді осы бесінші бөлімде ұлы ақын жайында «Абай (Ибраһим) Құнанбаев (1845-1904)» деп аталатын көлемді еңбек берілген. Кез-келген мәселені кең ауқымда қамтитын жазушы Абайдың өскен ортасын, шыққан тегін қамтып өтеді. Мысалы: «Абай – қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, оның алғашқы классигі, бұрынғы Қарқаралы дуанына қарасты Шыңғыс тауының бауырында туған. Руы – Арғын ішіндегі Тобықты. Әкесі Құнанбай Өскенбайұлы сол маңайдағы қазақ ауылдарының ішіндегі байыны, биінің беделді адамының бірі болады. Білетін адамдардың, әсіресе он тоғызыншы ғасырдың алғашқы жартысында Батыс-Сібірге саяси қылмыспен жер ауып келіп, Құнанбаймен таныс-біліс болған поляк офицері А.Янушкевичтің сипаттауына қарағанда, Құнанбай өз заманының ақылды, білгір, көреген, тапқыр, шешен адамының бірі болған. Сондықтан да патша өкіметі оны сол ғасырдың орта тұсындағы бір сайлауда Қарқаралы дуанының аға сұлтандығына да бекіткен. Оған дейінгі және сол тұстағы аға сұлтандар «ақ сүйек» аталатын хан тұқымынан ғана қойылған. «Қара сүйек» дейтін қазақтардан бірінші рет аға сұлтан Құнанбай болғандықтан халық оны «қарадан хан болған» деп дәріптеген» /12.287/.

С.Мұқанов Абай Құнанбаевтың тек қана өскен ортасы, шыққан тегі жайында ғана емес, оның ақындық өнері жайында да кеңінен сөз қозғайды. Ұлы Абайдың әлеуметтік мәселелерді қозғайтын ойшыл өлеңдерінің астарына терең үңіледі. Кейбір пікірлерін келтіре кетсек.

«Абай қазақ арасындағы берекесіздіктің және басқа кемшіліктердің түп тамыры надандығында, оқымағандығында деп түсінеді де, халқының «көңіл көзін», яғни сана сезімін жетілдіру үшін қазақ жастарын оқуға, білім алуға шақырады. Ол:



Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,

Жоқ-барды, ертегіні термек үшін,

Көкірегі сезімді, ойы орамды,

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін, - деп бар үмітін оқуға талапты жастарға жүктейді. Өзі туралы айтқанда:

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ер жеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім, - дейді де, оқыған өз балалары жайында:

Баламды медресеге біл деп бердім,

Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім, - деп, оқығанда әкім болу үшін емес, ғалым болып дүние тану үшін оқу керек екенін еске салады» /12.298/.

Молдадан үш-төрт жыл оқыған Абайдың сабаққа зеректігі байқалған соң, әкесі Семей қаласындағы мұсылман имамы Ахмет Ризаның медресесіне апарып оқуға орналастырады. Ол - «мүтәкәллимин» аталатын дін сабақтарына тарих, поэзия, математика, философия, дүниелік білім салаларына қоса оқытуды қажет тапқан ағымның өкілі болады. Соның медресесінде төрт жыл оқыған Абай мұсылмандық шығыстағы араб, иран және Орта Азия әдебиеті классиктерінің шығармаларымен танысып, соларға еліктеп қысқаша өлеңдер жаза бастайды.

Сонымен, С.Мұқанов сынды әйгілі жазушы да абайтану ғылымына мол үлес қосты, еңбек жазды. Абайтану ғылымы жыл өткен сайын өркендеп, дамып келеді.

«Ұлы ақын мұрасын тану, зерттеу саласында алда тұрған уәзипалар жөнінде пікір қозғауды орынды көреміз. Абайтану бойынша құнарлы еңбек еткен ғалымдар, ақын, жазушы зерттеулерін ел біледі, сол үшін біз оған кең тоқталмаймыз. Дегенмен, солардың ішінен көрнекті зерттеушілерді атасақ, М.Әуезов, С.Мұқанов, Х.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, Е.Ысмайылов, М.Сильченко, Ә.Тәжібаев, Т.Әлімқұлов, А.Нұрқатов, Ә.Жиреншин, З.Ахметов, Х.Сүйінішәлиев, М.Мырзахметов т.б. есімдерін айтар едік.

Ұлы ақын өмірі мен шығармаларын ғылымның бұған дейінгі жетістіктеріне сүйене отырып, тереңдеп тексеретін сала-сала тақырыптар бар.

Ол тақырыптардан бірқаншасын ұлы жазушы, үлкен ғалым М.Әуезов өзінің еңбектерінде ертелі-кешті айтып, ескертіп отырған, негізгі ойлар мен желілерді тізіп көрсеткен.

«Дана ақынның өз халқынан және жалпы адам баласының өнер-ой байлығынан алған үш үлкен салалы түп-төркіні барын байқаймыз. Мұның біріншісі – қазақ халқының есте жоқ ескі заманнан жиып, өсіріп келген өз даналығы, халықтың ауызша әдебиет қоры. Екінші бір қол артқан қазынасы -араб, парсы, түрік тіліндегі шығыстың көркем классик поэзиясы. Үшінші, үлкен өнер, мол азық алған зор саласы - орыс халқының мәдениеті және сол арқылы Еуропа мәдениеті. Осы соңғы өріске құлаш созған Абай өз заманы үшін әрі жаңа тарих, жаңа дәуірдің басы, әрі кең майдан келешек еді» /13.173/.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет