Т.ізтілеуұлының дидактикалық ӨЛЕҢдеріндегі діни-ағартушылық сарын



Дата14.06.2016
өлшемі82 Kb.
#136071
Ғабит Тұяқбаев,

филология ғылымдарының кандидаты,

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда

мемлекеттік университетінің доценті


Т.ІЗТІЛЕУҰЛЫНЫҢ ДИДАКТИКАЛЫҚ ӨЛЕҢДЕРІНДЕГІ

ДІНИ-АҒАРТУШЫЛЫҚ САРЫН
ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы әдеби үдерісте дидактикалық поэзия ерекше сипатқа ие болды. Оның себептері де жоқ емес. Бірінші себеп, осы кезең поэзиясындағы тақырып таңдау, өлең көркемдігі, әдеби әдіс-тәсілдер, эпикалық шығармалардағы сюжеттік желі т.б. шығыс әдебиетімен етене байланысып жатты. Әдебиет зерттеушілері дидактикалық поэзияның қазақ әдебиетіне келу жолын да шығыс әдебиетімен байланыстырады. Бұл негізсіз де емес. Екінші себеп, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басы қазақ даласындағы өзгерістері кезеңі еді. Бұл халықтың тек әлеуметтік-тұрмыстық өміріне ғана емес, рухани өміріне, сонымен бірге мінез-құлқына да әсер етті. Патшалық Ресей өз отаршылдығын нығайту үшін қазақтың ұлттық менталитетін бұзуды ең басты міндет етіп қойды. Осындай қитұрқы саясаттың салдарынан қазақ арасында парақорлық, зұлымдық, өзара алауыздық өрістей бастады. Сөз зергерлері түбі жақсылыққа апармайтын қоғамдағы осындай келеңсіздіктердің алдын алуға барынша ат салысты. Өздерінің ғибраттық ойларын жыр жолдары арқылы қалың қауымға арнап отырды. Үшіншіден, отаршылдық езгісінен құтылудың ең сара жолы білім мен ғылым, өнер мен мәдениет деп түсінген ақындар өз халқын осы жолға үндеуді ақындық, азаматтық парыз тұтты. Әдебиеттану ғылымында «дидактикалық поэзия – (didaktikos – үлгілі, өнегелі, тағылымды деген сөз) үгіт-насихаттық, өсиет сарын сипатында түзілген, поэзиялық жанрда жазылған шығарма» [1,80],-деп баға берген жанр осылайша әдеби үдерісте кең көрініс тапты.

Өкінішке орай, ұлттық әдебиетіміздегі мол әдеби мұра болып есептелінетін осы жанрға тек жалаң өсиет, ғибрат, насихат сөз деп қарау көзқарасы әлі де басым. Бірақ біз осы үлгі, насихат, ғибрат сөздің астарында ағартушылықтың жатқандығына аса мән бере қоймаймыз. Профессор Т.Кәкішұлының ХХ ғасыр басындағы әдеби бағыттар мен ағымдар туралы: «Әдебиеттегі ағымдар мен бағыттарға, көркемдік ізденістерге шындап көңіл қоятын болсақ, онда әдебиеті мен саясаты араласып кеткен құбылысты, дидактика мен ғақлияны тұтастай қарастырғанда ғана шындық шығады, әдебиет тарихы оң шешім табады»,-деген пікірі [2,381] дидактикалық поэзияның көтерер жүгі мен алар орнын айқындай түсетіндей. Кез келген әдеби ағым суреткердің ұстанған бағытына, сол кезеңдегі әдеби үдеріске байланысты екендігін ескерсек, мұндай шығармаларды дидактикалық-ағартушылық бағыттағы шығармалар дегеннен біз ұтылмайтынымыз анық. Қалай болғанда да біз әдебиет тарихының жүріп өткен жолына, оны қалыптастырушылар мен дамытушылардың азды-көпті еңбегіне әділ бағасын беріп отыруымыз шарт.

Дидактикалық өлеңдердегі ағартушылық бағыт әсіресе, ХХ ғасыр басындағы әдебиетте ерекше сипатқа ие болды. Өйткені қаламгерлер ғасыр тудырған заман өзгерісін қалайда жөнге салуды азаматтық-ақындық борышы санады. Заманды түзеудің ең басты жолы адам санасын түзеу екендігін түсінген олар сол қоғамдағы адамдардың бойындағы теріс қылықтардан арылу қажеттігін, алдымен мінез-құлықты түзеу қажеттігін насихаттады. Сонымен бірге заман түзеуші ұрпақ үшін ең басты қажеттілік білім мен ғылым екендігін өз шығармаларына арқау ете отырып, қара халықты білім, ғылым, мәдениет арқылы өркениетке жетелеу жолында ғибрат, өсиет, насихат сөздер тудырды. ХХ ғасыр басындағы ұлттық поэзия өкілдері Нұржан Наушабаев, Мақыш Қалтаев, Шәді Жәңгіров, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Мұсабек Байзақұлы, Ғұмар Қарашев т.б. осы бағытта жыр төккен зергерлері болатын. Әдеби үдерістегі осы дәстүрден қазақ ұлттық сөз өнерінің бастау бұлақтарының бірі, өзіндік дара дәстүрмен ерекшеленетін Сыр мектебінің өкілдері Базар жырау Оңдасұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Омар Шораяқұлы, Қаңлы Жүсіп Қадірбергенұлы, Қарасақал Ерімбет, Кете Жүсіп Ешниязұлы т.б. сырт қалған жоқ.

Т.Ізтілеуұлы ХХ ғасыр басындағы қазақ поэзиясындағы өзіндік орны бар сөз зергері. Ақын шығармашылығында осы кезең әдебиетіне тән өсиет, ғақлия, насихат өлеңдер көп кездеседі. Адамгершілік, ізгілік қасиеттерін насихаттау, білім ғылымға ұмтылуға шақыру арқылы өз халқын іргелі елдер қатарына қосуды мақсат еткен ақынның шығармашылығында бұл тақырыптың кең көрінуі де заңды. Олай дейтініміз қандай да бір суреткер – халықтың ұлы. Оның ең басты арман-мұраты да өз халқына қызмет ету. Ал бұл мақсатқа қол жеткізудің ең басты жолы ұлт болашағы болып есептелетін ұрпақты тәрбиелеу. Тұрмағамбеттің дидактикалық-ағартушылық бағыттағы туындыларын зерделей отырып біз көз жеткізген бір шындық ақынның ұрпақ тәрбиелеу арқылы ұлтты тәрбиелеуді мақсат еткендігі. Оның азаматтық, ақындық позициясы:


Емеспін білгенімді бүркеп қойып,

Айтудан ақыл, үгіт сараң болған.

Тілегім, тірілікте түбі терең,

Құтқару қатарымды қараңғы ордан [3,74].


деген өлең жолдарынан-ақ анық көрінеді. Бұл өз халқын жанындай сүйген, оның болашағы үшін шарқ ұрған ақынның жан сыры, перзенттік ой-арманы. «Азаматтық позиция ұғымы ең алдымен ақынның биік адамгершілік болмысымен, иманды гуманистік көзқарсымен, суреткерлік күш-қуатымен, ішкі ойлау мәдениетінің жоғарылығымен, қоғамдағы белсенді іс-әрекетімен, дүниетанымының кеңдігімен әрі теңдігімен, жан-жақты парасаттылығымен, білім-білігінің молдығымен, тазалыққа, әділдік пен адалдыққа құштарлығымен, халық мүддесіне етене жақындығымен, әлеуметтік мұрат-мақсаттарының биік өресімен, ақиқатқа, шындыққа ұмтылуымен, жақсы мен жаман, ақ пен қара ұғымдарына байланысты көзқарастарының айқындығымен өлшенсе керек»,- [4,135-136] деген профессор Балтабай Әбдіғазиұлының тұжырымы ақындық азаматтық позицияға берілген нақты анықтама іспетті. Осы ұстаным биігінен қарасақ, Тұрмағамбеттің азаматтық позициясының биіктігі мен беріктігі, парасаттылығы мен өрелілігі анық көрінеді.

Ақынның дидактикалық өлеңдерінде оның мұсылмандық-ағартушылық дүниетанымы айқын көрініс береді. Сондай туындысының бірі «Үгіт сөз» деп аталады. Адам бойындағы жалқаулық, жатыпішерлік, бекер малшашушылық сынды жағымсыз қасиеттерді сын садағына алған ақын, мұндай мінез-құлықтың қазақтың жауы екендігін тілге тиек етеді. Ал оларды жеңу өз кезеңінде, уақытында орындалса ғана құнды, өтіп кеткеннен кейінгі өкініш орынсыз қылықтың орнын толтыра алмайды деген ғибратты ойлары ақынды бір сәт сөз зергерінен ойшылдық, пәлсапашылдық деңгейге көтеретіндей. Өлеңнің өн бойынан байқалатын бір ерекшелік қалың қауымға арналған үгіт сөзін Тұрмағамбет тұспал, бүркеме арқылы жеткізеді. Әдеби жаратындыдағы ең басты ерекшелік ақынның ғибратты ойларының діни-ағартушылық сипатта берілуі. Мұның төркіні шайырдың мұсылмандық дүниетанымында екендігі дау туғызбаса керек-ті.


Бағатын бағландарыңды иман атты,

Ақылды өздеріңе ес көріңдер.

Қалмасын қапияда қатаң шөлдеп,

Қолына құйып қатық мес беріңдер [3,66],-


деген бүгінгі оқырман үшін түсініксіздеу болып көрінетін өлең жолдарындағы астар, айтар ой тереңі исламдық танымда жатыр. Ақын өз тыңдармандарына яғни, қалың қауымға иманды жетілдіру, шыңдау мәселесін астарлай жеткізеді. Исламдық танымда иманды шыңдау көркем мінездің – бастау бұлағы, түп негізі болып табылады. Ендеше ақын айтып отырған иманды шыңдау адам бойындағы теріс қылықтардан арылудың ең басты, әрі ең төте жолы. Өз иманыңды кемелдендіруді ешкім жасап бермейді, ол тек өз қолыңнан келетін нәрсе деген өсиеттік ойлар айтады.

Тұрмағамбеттің дидактикалық өлеңдерінің ішіндегі ағартушылық ұстанымын білдіретін шығармаларының бірі – «Шәкірттерге айтылған сөз» деп аталатын туындысы. Адамзат баласы үшін ұрпақ тәрбиесінен асқан құнды байлық жоқ. Бүкіл бақ-дәулет атаулының қымбаттысы – ұрпақ тәрбиесі. Өйткені ұрпақты тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу. Ақындық-азаматтық мұраты осындай асыл ойдан бастау алған Тұрмағамбет үшін де заманды түзетудің жолы ұрпақ тәрбиесі. Сондықтан ақын өз ұрпағының болашағына бей-жай қарай алмайды. Оның адамзат баласын биікке жеткізер білім мен ғылымды игергенін қалайды, армандайды. Тек армандап қана қоймайды, өз ұрпақтарының осы жолды таңдауына септігін тигізуді борыш санайды.


Ақылмен аңдасаңдар ғылым, хикмет,

Секілді сауыт-сайман, садақтарың.

Бақ қонып бастарыңа, орнап ықпал,

Әркімнен ауыр болар қадақтарың.

Көркейтіп кеуілдеріңді күңгірт тартқан,

Ойлатар Жаппар Хақтың жанаптарын [3,74].


Ғибраттық насихат адам өміріндегі білім мен ғылымның орнын анықтай отырып, оның тек әлеуметтік-тұрмыстық өмірде ғана емес, адам мінезін, ішкі жан дүниесін тәрбиелеуде де ролі ерекше екендігін жеткізеді. «Күңгірт тартқан кеуілге» жарық сәуле беріп, нұр шашатын білім мен ғылымды игеруді ұрпаққа аманат етеді. Мұхаммед Пайғамбардың 648-хадисінде: «Білімнің екі түрі болады: біріншісі – адамның жанын жандандырып пайдасын тигізеді, екіншісі – адамның тіліне қонып, Алла тағаланың құдіреттілігін ғылым жүзінде негіздеп береді» дейді [5,63]. Ақынның шәкірттерге айтар өсиет-тілегі мен Пайғамбар хадисіндегі ой өзегі өзектес, негіздес. Өлеңнің өн бойында айтылатын кейінгіге айтылар өсиет пен үлгі сөз мұсылмандық-ағартушылық сипатымен ерекше.
Ғылымның кеуіліңе Алла гүлін ексе,

Байлардан болар толық танаптарың.

Қысқасы, ғалым болып үгіт айтып,

Хақ діннің жаңартыңдар тараптарын [3,74].


Ең басты байлық – ғылым мен білім деген ойды ақын шебер жеткізе білген. Материалдық байлық пен рухани байлықтың ара салмағын көңіл таразысына сала отырып, мәңгілік байлық ғылым екендігін болашақ ұрпақтың жадына сіңіруді мақсат етеді. Өз шәкірттерінен тек білім мен ғылымды игеруді ғана емес, оны адам игілігі үшін жарата білудің, әрі қарай дамытудың, жаңартудың қажет екендігін еске салады. Мұхаммед Пайғамбардың мұсылман жұртына: «Тіпті, Қытайда болса да білім алуға ұмтылыңдар, неге дегенде білім алуға әрекеттену - әрбір мұсылманның парызы»,-деген [6,6] өсиет сөзін поэзия тілімен өрнектейді.

Жалпы ислам дінінде білім мен ғылымның орны ерекше. Құран Кәримде білім мен ғылымның адам өміріндегі ролі туралы, оған өмір бойы ұмтылып, ізденудің қажеттілігі туралы Таһа сүресінің 114 аятында: «Шынайы меңгеруші Алла әр нәрседен жоғары. (Мұхаммед Ғ.С.) саған етілген уахи бітуден бұрын Құранда оқуға асықпа да: «Раббым, білімді арттыр!»,-де»,-десе [7,320], Хадисте: «Кімде-кім білім іздеу жолына түссе Алла Тағала оған жәннатқа бару жолын жеңілдетеді. Періштелер ғылым ізденушінің талабына разы болып, оның аяғының астына қанаттарын жаяды. Шын мәнінде, ғалымға көктегілер мен жердегілер, тіпті судағы балықтарға дейін жарылқау тілейді. Қарапайым мұсылманнан ғалымның артықшылығы, айдың басқа жұлдыздардан артықшылығындай. Әлбетте, ғұламалар – Пайғамбардың мұрагерлері. Пайғамбарлар мұраға динар немесе дирхам қалдырған жоқ, ғылымды мұраға қалдырды. Кімде-кім Пайғамбарлардың с.ғ.с. мирасын алса, мол үлесті алған болады»,-дейді [8,13]. Сондықтан да дүниетанымы мұсылмандық тұрғыда қалыптасқан ақындардың білім, ғылымға шақырған насихат өлеңдеріндегі ой өзегі діни-философиялық тұрғыдан беріліп жатады.

Тұрмағамбеттің жастарды өнер-білімге шақыруға арналған өлеңдерінің арасында шоқтығы биік шығармаларының бірі – «Болсаңдар, балаларым, хатқа ұста» деп аталатын туындысы.
Болсаңдар, балаларым, хатқа ұста,

Төрден жай аларсыңдар тұрмай тыста.

Төр түгіл төменнен де тимейді орын,

Жүрсеңдер жалқаулықпен жазы-қыста,- [3,79]


деп, білімнің адам өміріндегі маңызын ұрпақ санасында жаңғырта түсуден басталған өлең, ғибрат, үлгі, өнегеге толы. Жастық шақ тек қызық-думанымен, сұлу-сымбаттылығымен, қайрат-жігерімен ғана қымбат емес, ойдың алғырлығымен, ақылдың толықтығымен, есте сақтау қабілетінің мықтылығымен де ерекше. Адамның жас кезінде алған білімі құнарлы, өміріңе азық болар білім-ғылымды жастық шақта игеру қажет деген ой білдіреді. Ақынның білім-мен ғылымды, өнерді меңгеру мәселесін адамның өмір кезеңдерімен байланыстыруы оны жаңа бір қырынан – педагогтік-ағартушылық қырынан көрсететіндей. Педагогика, психология ғылымдары негіздеп берген адамның жас кезеңдеріне байланысты білімді игеру ерекшелігін Тұрмағамбет өзінің ағартушылық-дидактикалық сипаттағы өлең жолдарында шеберлікпен жеткізе білгендігін аңғарамыз.

Жастарды өнерге, білімге, ғылымға шақырған қайбір шығармасын алып қарасақ та Тұрмағамбеттің исламдық дүниетанымы анық көрінеді. Осындай қасиет біз сөз етіп отырған лирикалық шығармада да бар.


Сауалын Сүлейменнің берген шешіп,

Білімге бай болған соң бір құмырсқа,- [3,80]


деген өлең жолдары осының дәлелі. Тұрмағамбет шығармашылығына тән тағы бір қасиет мысал, хикая сынды эпикалық шығармаларындағы суреткерлік идеяны кейбір лирикалық өлеңдерінде бір ғана ауыз сөзбен, тарының қауызына сыйғызғандай ептілік-шеберлікпен беріп отыруы. Ақынның «Сүлеймен хикаясы» атты эпикалық шығармасы мен «Болсаңдар, балаларым, хатқа ұста» ғибрат өлеңіндегі идея біреу. Ол - білімдінің қашанда жеңіске жететіндігі. Құран Кәримнің Нәміл сүресінің 17,18-аяттарын [7,378] негізге алып жырлаған «Сүлеймен хикаясында» Дәуіт Пайғамбардың өмірден озар шағында өз мұрагерін іздеуі, сол мақсатпен баласы Сүлейменнің ақыл, ой парасатын тексеру үшін жұмбақ жасыруы, ол жұмбақты құмырсқаның шешіп беруі туралы сөз болады. Ғибрат өлеңінде жастарға білімнің өмірлік қазына екендігін өз хикаясындағы ой түйіні арқылы жеткізеді. Ал оның негізі исламдық танымда, Пайғамбарлар өміріне байланысты әпсана-тарихтарда жатқандығы анық.

Тұрмағамбет қаламынан туған «Жігіттің жарастығы жан барында», «Жігітке жарамайды алаң болған», «Ой – терең, ойлар – нәһән теңізден де», «Қимаймын адам «дәлін» надандарға», «Ақыл – тон аңдағанға тозбайтұғын» т.б. шығармалары ақынның ағартушылық-гуманистік мұратын танытатын дүниелер.

Нағыз адам қандай болу керек деген өмірлік сұраққа жауап іздеу Шығыс ойшылдарынан бастау алады. «Кәміл адам» ұғымын алғаш енгізушілердің бірі әл-Ғазали «Амал өлшемдері» атты шығармасында нағыз адамға тән қасиеттер туралы толғанады. Құранның Нұр сүресін негізге алған ол адамдық сипаттарды бір мезгілде, бір кеңістікте өмір сүруінің әр түрлі амал-әрекеттерін талдау арқылы анықтауға ұмтылады. Ал қазақта Абай «кәміл адам», «көркем мінез» мәселесін зерделеуде алға шықты. Ақынның адамдық қасиеттер туралы толғаныс-өлеңдері мен қара сөздері адамгершілік моралінің түп қазығы боларлық дүние. Осы тақырыпқа қалам тербеп, өмірлік сұраққа жауап іздеген ақылман-ойшылдардың, сөз зергерлерінің жауап іздер көзі – түп қазығы ислам дүниесі екендігі даусыз. Түйін – ақыл әрқашанда бақылауда, тәрбиелеуде болу керектігі. Оның бақылаушысы мен тәрбиелеушісі таза рух пен жан, жүрек пен діл. Шындығында ақыл өте қуатты күш. Оны үнемі бақылауда ұстап, тәрбие тізгінін босатпау қажет. Бақылаусыз, тәрбиесіз ақылдан түрлі жамандықтарды да күтуге болады. Бұл нәпсінің жетегінде кетуден барып туындайтын ақылдың адасуы. Сондықтан да гуманист-ойшылдардың ең басты мақсаты адамзат баласын осы қауіптен сақтандыру болды.

Қазақ әдебиетіндегі жыраулар поэзиясынан бастап, бүгінгі күнге дейін өзекті болып келе жатқан жақсы мен жаман, мінез-құлық турасындағы дидактикалық шығармалардың түп-төркінін де осындай пәлсапалық, ойшылдық рисалалар мен ғибрат сөздерден іздеуіміз керек шығар. Тұрмағамбет те осы дәстүрден ұзап кетпейді. Бірақ дәстүрді тек жалғастырушы, қайталаушы ғана емес, жаңартушы, жаңғыртушы ретінде өзіндік үнмен, өзіндік өрнекпен ой тербейді. Заман мен адам, қоғам мен тіршілік иесі арасындағы байланысты, үйлесімді болжай отырып, қоғамға ықпал етуші ең басты күш ретінде адам факторын алға шығарады. Адамды тәрбиелеу арқылы ғана қоғамды өзгертуге болатындығын ақындық түйсікпен сезінеді. Сол үшін де замандастары мен болашақ ұрпаққа ең бірінші мінез-құлықты тәрбиелеу керектігін айтып үн қатады. Ақынның «Түзеп ал татаусыз ғып мінезіңді», «Нәпсі», «Жігіттің жарастығы жан барында», «Бәз біреу бақ-дәулетке масығады», «Жарылған жалған дүние жар басындай», «Туымды ер туралықпен билейді ұлтын», «Ер болсаң алдыңды ойла ақыраймай», «Жаманға жақсы адам ақыл айтар», «Бектерім, ойласаңдар үшбу жаһан», «Жақсы өзін жан біткеннен кем көреді», «Сабырлы салтанатқа ие болар», «Ерлерім, өзгені қой, өзіңді ойла», «Болса егер көзің көкте, кеуілің биік», «Шырын тіл, шырайлы жүз, болсаң балдай», «Шырын тіл, шырайлы жүз, болсаң кішік», «Жаһанның жоқ қарары тұтынба дос», «Ақылсыз нені аңдар көз болғанмен», «Арасы төрт-ақ елі шын, жалғанның», «Ер деме артында аты қалмағанды», «Жақсы адам жатық мінез, кішік болар», «Әй, нәпсім» т.б. шығармалары осындай өмірлік мәселені көтеруімен құнды.

«Жарылғандай жалған дүние жар басындай» атты өлеңнің оқырманға айтар өзіндік пәлсапасы жоқ емес. Жалған дүние! Поэзиямен бірге жасасып келе жатқан тақырып. Өлең сөзді жанына серік еткен сөз зергерлерінің бұл тақырыпқа қалам тербемегені жоқ шығар. Тұрмағамбет те қалам иелерінің осы бір сүйікті, һәм өмірлік тақырыбына соқпай кетпейді. Бірақ, тағы да өзіндік өрнекпен ақындық қиялын діни-пәлсапалық оймен ұштастыра, байланыстыра бейнелейді.

Ахирет күніне сену – мұсылманның бір парызы. Исламдық танымда өлім – адамзаттың белгілі және өлшеулі болған өмірінің бітуімен мәңгі өмірдің басталуы. «Өлімнен кейінгі өмірге сену – адам баласында әрқандай бір жаман іс қаншалық көмес жасалса да оның бодауы болады деген пікірді тудырады. Сондықтан бұл сезім кісінің парасатты түрде байқап, өлшеулі әрекет етуіне жол ашады» [9,22]. Яғни, өлімнен кейінгі өмір мұсылман жұртына бұл дүниеде жамандықтар мен зұлымдықтардан, арам пиғылдан аулақ жүру қажеттігін ескертуші. «Жаннаттан орын адамдардың істеген жақсылығына байланысты тиеді. Ал жаһаннам қылмыс пен күнәға қарайды. Қорытып айтқанда нәпсіге қызықпаған адамның орны жаннат. Байлығын шашып, нәпсінің қызығына әуейіленгендердің орны жаһаннам» [5,54]. Ой биігінен қарасақ тәрбиенің бастау бұлағы осы исламдық танымда жатқаны ақиқат. Тұрмағамбет өлеңінің ой арқауы да осыған келіп саяды.


Сайманын сапарыңның сайла, бектер,

Жазы-қыс жан қалад деп жарға асылмай.

Шайтанға шатып басыңды беретұғын,

Нәпсің – жау көргеніңмен жалғасыңдай [3,70].


Пайғамбар сөзінің (хадистің) өлеңмен өрнектелген түрі сияқты әсер етеді. Ал «сапар сайманы» Тұрмағамбетше тірліктегі жасаған жақсылықтарың, мейірім мен шапағат, жан тазалығы мен тән тазалығы, көркем мінез:
Көрікті көп көзіне көрінбейді,

Кеуіліңнен кетіп тозаң, шаң басылмай.

Өзіңді өзің түзеп үгітші бол,

Жан-жаққа жарық бермейді шам да ашылмай [3,70].


Жан мен тән мәселесінің діни-ағартушы ақындар шығармашылығының негізгі тақырыбы мен өзегіне айналуының мәні мен маңызы тереңде. Олардың пайымдауында жанның азығы – рухани жетілу болса, тәннің азығы – нәпсіге қатысты жайттар. Ал нәпсіні қоздырушы – шайтан. Сондықтан да адам бойындағы адамшылық қасиеттер жан мен тәннің, рух пен нәпсінің қатысы негізінде айқындалып, бағаланып жатады. Тұрмағамбет тұжырымы да осы. Кеуіл – жан. Тозаң мен шаң – жанның кірлеуі, нәпсінің дегеніне көніп, тура жолдан ауытқу. Ал жан тазалығын сақтау - өзіңді өзің тәрбиелеумен келеді. Нәпсінің айтқанына ермеу үшін үнемі рухани жетіліп отыру керек. Яғни, жисмани тазалық.

Жақсы адам – күн сияқты. Жан-жағына нұрын шашып, сәулесін түсіріп жүреді. Жақсылық – адамның жүрегінде, көңілінде. Жан мен жүректің, көңілдің тазалығы адам бойындағы барлық мінез-құлықтың билеушісі деген ақылмандық ой өлең түйіні. Өлең бойындағы айтылар ақындық ойға нәр беріп, мазмұны мен мәнін арттырып отырған ақынның діни-исламдық танымы екендігі ақиқат.

Осы ой өзегі Тұрмағамбеттің «Туымды ер туралықпен билейді ұлтын» деп аталатын өсиет өлеңінде айшықтала, нақтылана түседі. Ақын адам мінезінің азуына себеп не деген сұраққа жауап іздей келе, оның мәнісі дін исламның мұсылман қауымына ықпалының күннен-күнге азайып келе жатқандығынан, ел ішінде дінге деген көзқарастың төмендеуінен, құдайға құлшылық етіп, Алла тағаланың құдіретіне шек келтіруден деп түйін жасайды.
Бұл күнде әһлі исламнан ықпал тайып,

Бақ-дәулет қашуға тұр беріп сыртын.

Уайым оның үшін ешкімде жоқ,

Келе жатыр күннен-күнге бұзып құлқын [3,75].


Заман сыңайын тап баса білген ақын енді ғасырлар бойы ұлтымыздың рухани идеологы болып келген діннің осылай күй кешуінің себебіне ой көзін жібереді. Оның астарын отаршылдық қамытынан іздейді. Ақынның бұл тұжырымы заман шындығы еді.

Ұлттық сана мен ұлт жады кез-келген халық үшін ең қастерлі, баға жетпес құнды қасиет. Олай дейтініміз, ұлттық санасы сынған, жады өлген халықтың ел, жер, ұлт, мемлекет, болашақ, ұрпақ туралы ойлауы екіталай. Бұл мәселеге отарлаушы-озбыр дүниенің аса мән беріп қарайтыны да осыдан. Яғни, ұлтты рухани мәңгүрттендіру кез-келген отарлаушы мемлекеттің басты мақсаттарының бірі. Ол дін, тіл, діл арқылы жүзеге аспақ. Қазақтың рухани әлемін отарлау мәселесіне байланысты Сәбит Мұқанов: «Қазақ даласын отарлаған патша үкіметі отарын мықтап бекітіп алғаннан кейін үнемі мылтық күшін жұмсай берген жоқ. Бір жағынан әскермен қорқытса, екінші жағынан үгітпен көтеруге кірісті. Қандай үгіт қолайлы болады деген мәселені тексергенде патша үкіметінің көзіне ислам діні түсті»,-деп [10,27] отаршыл патша үкіметінің жымысқы саясатын тап басып айтады. Алғаш татар, башқұрт молдалары арқылы қазақты ислам дінімен алдаусыратқан Ресей отаршылары, кейін 1868 жылдан бастап, түпкі мақсаттары – шоқындыру саясатын қолға алды. Оны қазақ даласында орыс-қазақ түземдік мектептерін ашу арқылы жүзеге асыруды көздеді. Бұл отаршылардың екі бірдей мақсатын – шоқындыруды және тілінен айыруды жүзеге асыруда таптырмас құрал болатын. Патшалық Ресейдің осындай саясатының астарын ұққан ақын өз халқын рухани жаңару мен жаңғыру жолына шақырады.


Қаптады халықтың үстін қараңғылық,

Жиһад қыл, жарыққа шық, жатпай түртін.

Қызметін қалыс қылып Қадыр Хақтың,

Ғасияның лайынан бетті сүртін [3,75].


Тек Тұрмағамбеттің сөздік қорында ғана емес, ХХ ғасыр басындағы қазақ ақындарының, соның ішінде Сыр сүлейлерінің поэтикалық тілінде араб, парсы сөздері жиі кездеседі. Бұл кезең ақындары негізінен араб, парсы тілінде білім алды. Екінші жағы, діни-ағартушылық ойлары мен ислам философиясын жеткізу үшін исламияттық терминдерді пайдалану тиімдірек болды. Жоғарыдағы шумақтағы ғасия сөзі араб тілінен енген. Ғасы, ғасый – 1. бой сұнбаушы, бас тартушы, бағынбаушы. 2. Күнәлі, күнакар [11,63] деген мағынаны білдіреді. Құдайға құлшылық етуді ұмытудың нәтижесінде мінез-құлқы азған замандастарына күнадан арылудың жолын көрсеткен ақын, Алла тағаланың мейірімді, шапағатының мол екендігін ескертеді. Өз кінәсын біліп, шын пейілмен мінажат еткен мұсылманның күнасы кешірілетінін, кеш қалмай тұрғанда сол жолға түсу қажеттігін айтады. Тек өз басыңды ғана емес, тұтас мұсылманның қамын жейтін уақыттың келгендігін тілге тиек етеді.

Жалпы Тұрмағамбет танымында өзін өзі тәрбиелеу мәселесі алға шығады. Оның жолы – иманды таза ұстау, нәпсі – шайтанның жетегінде кетпеу. Иманды шыңдау - әркімнің өз қолында деген ұлағатты ой. Сондықтан да ақындық ой бастауы исламдық танымда жатқан Тұрмағамбеттің дидактикалық өлеңдері ағартушылық сипатымен ерекше, құнды.



Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Әдебиеттану терминдерінің сөздігі. Құраст.: З.Ахметов, Т.Шоңбаев, - Алматы: Ана тілі, 1996 - 240 б.

  2. Кәкішұлы Т. Сын мен сыншы, Жанр жайлауы, 1-кітап. - Алматы: Қазақ университеті, 2007. - 460 б.

  3. Ізтілеуұлы Т. Шығармалары. Құраст.: Б.Жүсіпов, Қ.Бабағұлов, - Алматы: Дешті Қыпшақ, 2007. – 588 б.

  4. Әбдіғазиұлы Б. Шәкәрім әлемі. - Алматы: Раритет, 2008.- 408 б.

  5. Пайғамбар сөзі. (Алланың елшісі Мұхаммедтің хадистері.) - Қызылорда: Қызылорда облыстық баспаханасы, 1992. - 81 б.

  6. Хадистер. (Мұхаммед Пайғамбардың өзі айтқан өсиеттер һәм оның өмірі мен қызметі туралы). Құраст. Е.Раушанов. - Алматы: Мұраттас, 1991. - 48 б.

  7. Құран Кәрим қазақша мағына және түсінігі, Аударған, Алтай Халифа, Сауд Арабиясы, 1991. - 604 б.

  8. Хадистер. (Ардақты Пайғамбарымыздың с.ғ.с. Хадистері). Аударып, баспаға дайындаған: Абдуссамад Махат. 1-кітап. - Алматы: Өнер, 2001. - 86 б.

  9. Соймен М. Ғылымхал. (Исламның бес парызы.) Толықтырып, қазақшаға аударған Халифа алтай. - Істанбұл: Ажар баспа құрылысы, 1991. - 144 б.

  10. С.Мұқанов. ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті. – Алматы: Атамұра, 2008.

  11. Бекмұхамедов Е.Б. Қазақ тіліндегі араб-парсы сөздері. Түсіндірме сөздік. - Алматы: Қазақстан, 1977. - 200 б.




Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет