V халықаралық жазғы мектеп
МЕДИАЫНТЫМАҚТАСТЫҚ—2010
БЕЛОРУСИЯ РЕСПУБЛИКАСЫ, МИНСК, 21-26 МАУСЫМ
«Болашаққа бірге!» деген ұранмен өткізілген «РИА Новостидің» ТМД елдері жас журналистеріне арналған алғашқы Халықаралық жазғы мектебі 2006 жылы Тбилиси қаласында бастау алған еді.
ТМД елдері жас журналистеріне арналған Халықаралық жазғы мектеп 2007 жылы Ереван қаласының Ресей-Армян (славян) университетінде жалғасын тапты.
Ал 2008 жылы «Ақпараттық интеграция ақпараттық ксенофобияға қарсы» деген ұранмен Кишинев қаласында өткізілген аталмыш халықаралық шараға Әзірбайжан, Армения, Грузия, Молдава, Украина және Ресей елдерінің журналистика факультеті студенттері қатысқан-ды. Мұндай халықаралық шара ТМД елдері жас журналистеріне жаңа кәсіби біліктілік, нағыз журналистік тәжірибе арттыруға мол мүмкіндік берері хақ.
2009 жылы Украина елінде өткен аталмыш шара осының дәлелі.
«РИА Новости» ТМД елдері жас журналистеріне арналған халықаралық жазғы мектеп биыл өзінің 5 жылдығын атап өту үшін Беларусь елінде Әзірбайжан, Армения, Қазақстан, Молдава, Украина, Белорусия және Ресей елдерінен келген жас тілшілерді қабылдады.
ТМД елдерінен жиналған жас журналистер бір-бірімен достық қарым-қатынас орнатып қана қоймай, БАҚ-тың жаңа технологияларымен танысты.
Гуманитарлық ынтымақтастықтың Мемлекетаралық қоры, Ресейдің «РИА Новости» халықаралық ақпарат агенттігі, Белорусия Республикасының ЕсооМ сараптама орталығы ұйымдастырып отырған аталмыш шара жас журналстердің кәсіби білім-біліктілігін арттыру мақсатында танымал тележүргізушілер, саясаткерлер мен газет тілшілерінің тәжірибесімен бөлісуіне ықпал етті.
Көпшілік қауым Орта Азиядан, яғни Қазақстан Республикасы делегациясын қуанышпен жылы қабылдады.
Журналистика және саясаттану факультетінің аға оқытушысы Гүлжазира Ертасованың жетекшілігімен барған 13 студент қатысушылар қатарын толықтыра түсті.
21 маусым, 2010 жыл.
Маусымның 21-де ТМД елдері жас журналистеріне арналған Халықаралық жазғы мектептің ашылу салтанаты болды. Келген қонақтарды Белорусь Мемлекеттік университеті (БГУ) Журналистика институтының оқу базасымен, телерадио-фотостудияларымен, кітапхана қорымен толық таныстырды.
Одан соң баспасөз конференциясы өтті. Оған Белорусия Республикасы Ақпарат министрінің орынбасары А.И. Слободчук, Гуманитарлық ынтымақтастықтың Мемлекетаралық қоры атқарушы директорының орынбасары П.В. Гладков, «РИА Новостидің» ТМД және Балтық елдері редакциясының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, тележурналист, жазушы А.Ч. Касаев, Кавказ институтының директоры (Армения) А.М. Искандарян, «РИА Новостидің» ТМД және Балтық елдері редакциясының жауапты редакторы В.В. Паника, «РИА Новостидің» ТМД және Балтық елдері редакциясының бөлім бастығы О.А. Серова, «РИА Новостидің Украинадағы жетекшісі З.В. Виноградов, Гуманитарлық ынтымақтастықтың мемлекетаралық қор кеңесшісі И.А. Прудникова сынды бірнеше БАҚ өкілдері қатысты. Түс қайта ТМД елдерінен жиналған студенттердің өз елін, өзінің ЖОО-рын таныстыру бағдарламасы өтті. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ жас журналист-саясаткерлері егеменді еліміздің рәміздері туралы, бас қаламыз-Астана және ақ бұйра толқынды Есіл өзенінің оң жағалауынан орын тепкен ЕҰУ, ондағы дәріс беретін білікті ұстаздары жайлы мақтанышпен жеткізіп, дайындаған слайд-шоуларын көпшілікке паш етті. Ұлттық сипатымызға сай келер дәстүрімізге қайран қалып, қол соқпаған жан қалмады. Жиналған қауым біздің студенттерге ұлттық үрдісіміз бен тамыры терең, тұғыры берік тарихи елдігіміз жайлы түрлі сауалдарын жолдады.
Шара соңы әсем ән, көңілді күймен көмкерілді. Келген қонақтарды Минск қаласының қақ төріндегі жазиралы мекен, таулы аймақ «Ратомка» пансионатына орналастырды.
22 маусым, 2010 жыл.
Ертеңгісін «Сталин сызығы» кешенінде «1941жылы 22 маусымда неміс басқыншылары Кеңес Одағына басып кірді» атты мемориалдық акциясымен басталды. Студенттер сұрапыл соғыста елін жаудан азат еткен батырлардың ерліктеріне қанығып, майданда пайдаланған техникаларды көзбен көріп, тетіктерімен таныс болды. Одан соң студенттер Ықпалды саясат қорының Бас директоры К.В. Танаев, WORLD PRESS PHOTO халықаралық конкурсы «Алтын көз» сыйлығының иегері, фотожурналист Б.М. Кауфман, белгілі тележурналист, жазушы Л.М. Млечин, ММУ тарих факультеті деканының орынбасары, ММУ ақпараттық-сараптама орталығының Бас директоры, тарих ғылымдарының кандидаты А.В. Власов, тележурналист, «Russia Today» телеарнасындағы «Sportlight» бағдарламасының жетекшісі А.Б. Гурновтардың шеберлік сыныптарына қатысты. Жас тілшілер мен саясаткерлер кәсіби журналистердің тәжірибесімен бөлісіп, көкейлеріндегі түрлі сауалдарын жолдады.
Кеш соңы «Юность» спорттық сауықтыру кешенінде «Жастар және денсаулық» мәдени бағдарламасы аясында бассейндегі жарыспен түйінделді.
23 маусым, 2010 жыл.
Жас журналистер мен саясаткерлер АҚШ әлемдік қауіпсіздігінің Ресей және азиялық бағдарламасы институтының директоры, профессор Н.В. Злобин мен Кавказ Институтының директоры (Армения) А.М. Искандаряндардың дәрістерін тыңдаған соң «РИА Новости» ақпарат агенттігі дайындаған танымал тележүргізуші Л.Москвититнаның «Мультимедиялық БАҚ-ғы видео» деген тақырыпта өткен шеберлік сыныбына қатысты. Үзілістен кейінгі шара Ресейдің МГИМО МИД-гі PR және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы В.Д. Соловей мен А. Шуберовтердің (Белорусь Республикасы) әскери журналистиканың ерекшелігі жайлы дәрісімен өрбіді. Әскери журналистиканың өзіндік қыр-сырымен танысып, түрлі сауалдар жолдаған жас журналистерге бұл дәріс айрықша әсер еткендей. Мұндай шеберлік сыныптары қоғамдық пікір-талас туғызып, өзіндік ойларын ортаға салған студенттердің біліміне білік қосары анық.
Әдеттегідей шара соңы «Юность» спорт сауықтыру кешенінде «Сәлем, дене шынықтыру!» сайысымен жалғасты.
Жас журналистер қолжазбаның газет бетіндегі мақалаға дейінгі және күнделікті құбылыстағы қоғамның көлеңкелі немесе қалыпты тұстарының бейнесюжетке айналғанға дейінгі барлық үдерісіне көз қанықтыра түскендей.
24 маусым, 2010 жыл.
Таңертеңгі астан соң студенттер WORLD PRESS PHOTO халықаралық конкурсы, «Алтын көз» сыйлығының иегері, фотожурналист Б.М. Кауфман, Ресей Федерациясы қоғамдық палатасының мүшесі, дінтанушы, тележурналист М.Л. Шевченко, постиндустриалды қоғамдық зерттеу орталығының ғылыми жетекшісі, экономика ғылымдарының докторы В.Л. Иноземцевтрдің дәрісін тыңдады. Шеберлік сыныптары слайд түрінде де өтті. Түскі үзілістен кейін АИРО ХХІ ресей қоғамдық зерттеушілер Ассоциациясының президенті, тарих ғылымдарының кандидаты Г.А. Бордюговтың «посткеңестік кеңістіктегі майдан іздері» атты мультимедиялық үлгідегі дәрісімен өрбіді.
Көңілдеріне көп нәрсені түйген жас журналистер-саясаткерлер «салауатты өмір салты» семинарын бассейнде жалғастырды.
25 маусым, 2010 жыл.
Бұл күн Жазғы мектеп шарасының соңғы күні. Студенттер әдеттегідей «Қоғамдық байланыстың даму компаниясы» ЖАҚ жиректорлар кеңесінің төрағасы, журналистВ.Н. Дымарскийдің саяси шолу жөніндегі шеберлік сыныбына қатысумен басталды.
Одан соң шараны ұйымдастырушылар келген қонақтарды Минск қаласының сәулетті жерлерін аралатып, экскурсия жасады. Шараның ІІ бөлімі Terraski деп аталатын агротуристік кешенде жалғасты.
Биылғы өткен жазғы мектептің 21 маусым күнгі ашылуын салтанатында жас журналистерге фоторепортаж, газет, бейнеролик дайындау тапсырмасы берілген болатын. Тамақтанып алған соң әр елден келген жас журналистер әділ қазы мүшелеріне өздері дайындап ұсынған фоторепортаж, газет, бейнероликтерін барлығы бірге тамашалады. 7 елдің де түсірілімі өте сәтті шықты. Белорусия Республикасы Ақпарат министрінің орынбасары А.И. Слободчук: «ТМД елдерінен келген барлық қатысушы жас журналистердің түрлі жанрдағы түсірілімдері кәсіби деңгейде, өте сәтті дайындалған. Мен бәріне «5» деген баға бердім» деген жүрекжарды лебізін жеткізді.
ТМД елдері жас журналистеріне арналған V Халықаралық жазғы мектебіне қатысып, соның нәтижесінде сапалы фото-бейне түсірілімдер мен газет дайындағандары үшін ұйымдастырушылар жас журналистерге диплом табыс етті.
Сөз алған Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің аға оқытушысы, делегация жетекшісі Г.Қ. Ертасова шараны ұйымдастырушылар мен ТМД елдерінен келген делегация жетекшілеріне Қазақстаннан ала барған ұлттық нақыштағы ескерткіш-сыйлықтарын ұсынып, ЕҰУ жас журналистерінің алғысын жеткізді. Шара соңында 1 аптада кәсіби білім-біліктерін шыңдап, достасып үлгерген ТМД елдрінен жиналған жас журналистер «Көріскенше, Минск!» алауын жағып, әсем әннің толқуында би билеп, бір-бірімен қимай тарасты.
Гүлжазира ЕРТАСОВА,
Л.Н. Гумилев атындағы
Еуразия Ұлттық Университеті
журналистика және саясаттану
факультетінің аға оқытушысы
Астана-Москва-Минск-Астана
Достарыңызбен бөлісу: |