Н.Бердяевтің дүниеге көзқарасының негізгі идеялары:
1. Жаратылмаған еркіндік туралы;
2. Адам шығармашылығындағы Құдайға мұқтаждық туралы;
3. Объективтену туралы;
4.Тұлғаның озықтылығы және оның дүниемен аянышты бітпес дауы;
5.«Соборлық» - рух пен ерік бірлігі – адам тіршілігінің негізі;
Бердяевтің Тұлга мен Еркіндік туралы ілімі Құдай ұғымымен тығыз байланысты. Дүниенің негізі туралы оның пікірі — дуалистік. Канттың этикалық көзқарастарын қабылдамағанымен, оның «өзіндік зат дүниесі» және «құбылыстар дүниесі» идеясын мақұлдайды. Бұл идея ақиқат дүниенін құдай сипатын түсіндіруге ыңғайлы еді. Объективті дүние – зұлымдық. Шын өмір сүретін тек қана субъектілер, яғни еркін рухтар ғана. Адам өмірінін мақсаты — еркін рухтардың көмегімен дүние мен заттар үстемдігінен азат болу. Бердяевтің пайымдауынша, зұлымдық үшін Құдай жауап бермейді. Дүниені өзі жаратқанымен, әрі қарай өз күшін Еркін адамға береді, адам арқылы дүниені басқара береді. Құдайсыз адам әлсіз, сондықтан адам Құдаймен бірге қызмет етіп, өмір сүруі керек. Идеалды Құдайы патшалықты адам мен Құдай екеуі біріге отырып қалыптастырады. Осылайша, Бердяевтің діни философиясы Құдай туралы ілім ғана емес, адам туралы антропологиялық ілім. Бірақ бір ескертетін нәрсе, Бердяев өзі де, жалпы адам да Құдайдың құлы емес деп есептейді. Бердяевтің пайымдауынша, Құдай — адам шығармашылығына дем беруші. Шығармашылық — адамның жер бетіндегі мақсаты, Құдай оны сол үшін жаратты. Құдайдың ісіні адам жалғастыруы қажет, сол үшін Құдай адамға шығармашылық қабілет, немесе өз бейнесін берді. Шығармашылық сәтсіздікті орыс ойшылы эсхатологизм деп атайды, бірақ бұл уақытша құбылыс. Құдай, Бердяевтің пікірінше, шығармашылықты құтқарады, адам оны тарихтан тысқары Құдайы патшалықта жалғастырады. Еркіндікті дәріптеген Бердяев экономикалық еркіндіккс қарсы. Парадокс! Әрине, социализм экономикалық еркіндікті тежеусіз Мүмкін емес, себебі оның басты принципі — Теңдік. Бірақ Бердяев басқа жол іздеуге тырыспайды, экономикалық билікті түгелімен мемлекетке бере салады. Өмірде де, философияда да еркін болуға ұмтылған Бердяев өз көзқа-растарын талай өзгертті. Осындай бір парадокс оның өмірінің ақырында болды. Соғыс кезінде ол Ресейге жылы ықылас көрсетеді. Бұл құбылыстың себебі Отанына деген сағыныш, оның тағдырына деген аландаушылық пен аяушылық болды ма деп ойлаймын. Саналы өмірінде Ресей туралы ой кешкен философ шет жерде жүргенде өз халқының бұрын байқамаған ерекшеліктерін тереңірек түсінген секілді. Не десек те, тағдыры да, философиясы да күрделі де қызықты, өзгермелі Бердяев адам мәселесін, Ресей тағдыры мәселесін зерттеуші, интеллектуальдік жағынан өте бай, терең философ ретінде әлі де талай философиялық ізденістерді объектісі болып қала беретіні сөзсіз.
Достарыңызбен бөлісу: |