Төлеуов, Е. Бөкетовтен бата алып, Марғұланға шәкірт болған/ Е. Төлеуов //Орталық Қазақстан. 2007. 20 қазан (№169-170)



Дата29.06.2016
өлшемі48.83 Kb.
#165256
Төлеуов, Е.

Бөкетовтен бата алып, Марғұланға шәкірт болған/ Е. Төлеуов //Орталық Қазақстан. - 2007. - 20 қазан (№169-170)
...1975 жылдың жайма-шуақ жазы. Қарт Қызылжар өңірінде қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан қарағандылық археологтарға сол кездегі университет ректоры Евней Арыстанұлы Бөкетов арнайы ат басын тіреп барады. Археологтар арасында университетке екі-үш жыл бұрын Жоғары оқу министрлігінің жолдамасымен келіп, тарих факультетінде оқытушы қызметін атқарып жүрген Сағындық Жауымбаевпен шүйіркелесе әңгімелесіп, біраз жайға қанығады. Кетерінде жас маманға «қазба жұмыстары аяқталған соң, маған келіп жолық» деп қоштасады. Табиғатынан биязы, байсалды Сағындық атағы Ай шарпыған академикке бірден жетіп баруды әбестік санап, бара қоймайды. Ақыры жас маманды ұмыта қоймаған жанашыр ректор ұяң жігітті өзі шақыртып алып, университетке Ғылым академиясының археология институты ұсынған аспирантураның жалғыз жолдамасын беріпті. «Батыр, сен ме нің досым Әлкей Хақанұлы Марғұланға барып жолығыс, аспирантураға , сені жіберуге ұйғарып отырмын»депті ректор. «Өзімді дүниедегі ең бақытты адам деп сезіндім. Қуанғаным соншалық, ректордың бөлмесінен жүгіріп шығыппын» деп еске алады бүгінде асқаралы алпысқа толып отырған жерлес ғалым, археолог Сағындық Убайұлы Жауымбаев.

Бөкетов берген ақ бата жолын ашқан жас маман бүгін қазақтың үлкен археологтарының бірі. Сол жолы аспирантураға қабылданып, Әлкей Хақанұлының соңғы аспиранттарының бірі болды.

Сағындық Убайұлы 1947 жылы 23 қазанда Ақтөбе облысы, Темір ауда-нының Кеңқияқ ауылында шопан отбасында дүниеге келіпті. Шопанның тұңғыш баласы болған соң жасынан еңбекке араласқан екен. Орта мектепті үздік тәмамдаған соң, Беларусь жерінде азаматтық борышын өтеп, 1969 жылы С.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түседі.Университет қабырғасындағы бес жылдық студенттік ғұмырында Сәкең атақты Н.Дауылбаев, С.Кенжебаев, С.Жақыпбеков, О.Исмағұлов, Х.Алпысбаев, К.Байпақов, сынды бірі тарихшы, бірі археолог, этнограф ғалымдардың дәрісін тыңдап, білімге сусындай қанған. Сол кездегі үрдіспен қоғамдық жұмысқа да белсене араласып, курстың, топтың жетекшісі бола білген. Археолог мамандығын да оқи жүріп, түрлі деңгейдегі ғылыми конференцияларға қатысып, ғылыми мақалалар жаза жүріп таңдаған. Университетті тәмамдаған соң жолдамамен осы Қарағандыға келіп, қазығын қағып, отауын көтереді. Жоғарыда айтқандай, Сәкең сол жолдамамен атақты Әлкей Марғұланның алдына барып, қалауын білдіреді. «Шырақ, бұл ауыр, қиын да, қызықты ғылым ғой. Шыдайсың ба, отбасың шыдай ма? Алты ай үй көрмей дала кезіп кетесің ғой» депті Әлкей Хақанұлы. Болашақ археолог болса, «Сіз бастаған ұлы көшке еремін деп келген соң, бәріне көнемін» деп жауап жұптайды.Сөйтіп, 1976-1979 жылдары Қазак, КСР Ғылым Академиясының Тарих, археология институтының аспирантурасында оқып, 1982 жылы тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын алу үшін Ресейдің Кемер қаласындағы Кемер Мемлекеттік университетінің ғылыми кеңесінде «Қола дәуіріндегі Орталық Қазақстандағы тау-кен және метал-лургия» тақырыбында диссертациясын қорғап шығады. 1984жылы доцент атағын алады. 1985-86 жылдары Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультеті деканының орынбасары, 1987-1991 жылдары аралығында «Археология және көне дәуір» кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарды.

Кез келген ғылыммен салыстырғанда археология ғылымы түрлі жұмбақ пен қиындыққа толы ғылым. Мұнда бір-екі күйген төбені қазып ақтарып, бірер моланы қопарып, ғалым бола алмайсың. Ала жаздай дала кезіп, карта сызып, көне қорымдар, қоныстар орнын белгілеп, қазба жұмыстарын жүргізу әдістемесін жоспарлап, тиянақты жұмыс жүргізу қажет. Діттеген орынды қазып, ежелгі мәдениет ұстыны қалыптасқан «материкті» картаға түсіріп, суретке түсіріп болған соң, қазба жұмыстары аяқталған соң, алты ай қыс бойы ғылыми есеп жазу, деректер іздестіру сынды негізгі жұмыс басталмақ. Айналып келгенде, археология үздіксіз, тынымсыз еңбекті талап етеді. Осынау қызық-қиындығы аралас ғылым белесінде Сағындық Ұбайұлы 50-ден астам ғылыми мақала, 2 монография, 3 оқулық жазып, жұртшылыққа ұсынды. Археологтың отыз жылдан астам ғылыми ізденіске толы жолында қаншама тарихи тың жаңалықтар айналысқа түсті. Мәселен, 2006 жылы кезекті қазба жұмыстары кезінде Қарқаралы өңіріндегі Алат өндірістік алаңында біздің жыл санауымызға дейінгі ІІ-І мыңжылдық темір өндірушілерінің металлургиялық пеші табылды. Бұл жаңалық Қазақстанда ерте темір өндіру кезеңі мерзімін екі-үш мыңжылдық уақытқа апарды. Мұны сенсация емес деп көріңіз. Сонымен қатар, Алат III металлургиялық алаңында металл балқытуға арналған көлемі мен құрылымы Қазақстан көлемінде бұрын кездеспеген қорыту пеші мен металлургия өндірісіне қажетті тас құралдардың мол жиынтығы табылды. Бұл жаңалық Орталық Қазақстандағы қола дәуірінің техникалық базисінің, ерекшелігін көрсететіні ғылыми ;ортада бірауыздан мойындалды. Жалпы, мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады.



Ертеректе бір ғалым ағамыздың айтқаны еске түседі. Археолог ғалым болу үшін тек қана қазба жұмыстарын ұйымдастыру мен археология теориясын білу жеткіліксіз. Археолог ең алдымен, мықты философ, ғұлама тарихшы, мәдениеттанушы, жаратылыстану ғылымдарының білгірі, сонымен қатар, бесаспап жұмыскер, техника атаулыны бес саусағындай білетін адам болуы керек дейді әлгі ғалым. Шындығында, елсіз айдалада осы қасиеттің бәрі бойыңда болмаса, ғылыммен айналыспақ түгілі басың қайғы болуы кәдік. Бұл тарапта да Сағындық Ұбайұлы нағыз бесаспап маман, ғылым білгірі деуге әбден лайық.

Қазір Сәкең бастаған қарағандылық ғалымдар «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша үлкен жобамен жұмыс жургізуде. Осынау толассыз жұмыс арасында ғалым азамат бұқаралық құралдар арқылы көне тарихымыздың көпке беймәлім сырлары туралы сыр шертіп, ғылымның өмірімізге аса керектігін насихаттаудан, шәкірт тәрбиесі сынды жауапты істен еш жалыққан емес. Жасынан ата-әже «академиясынан» тәрбие көрген Сәкең ұрпақ тәрбиесіне де баса назар аударады. Өмірлік жары Нұрсахан Ахметқызы да Қарағандының белгілі тарихшыларының бірі. Қос ұстаз бүгінгі қарағандылық ғалым, талапкерлердің бірнеше буынын тәрбиелеген ұлағатты жандар. Ал өмірдің мәні ғылым мен өмірдің қызығын қатар, тең көре білуде болса керек...

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет