Түркі тілдеріндегі сөзжасамның көкейкесті мәселелері



Дата08.07.2016
өлшемі65.85 Kb.
#185089
Түркі тілдеріндегі сөзжасамның көкейкесті мәселелері
Т.Н. Ермекова,

Н.А. Жаңабаева

ҚазМемҚызПУ, Алматы

Дүниежүзілік жаһандану үдерісі тамыры бір түркітілдес халықтардың қоғамдық-экономикалық, мәдени-рухани тұрғысынан біртұтастануын қажет етеді. Түркі әлемінің рухани құндылықтарының бірігуі жалпытүркілік сана мен болмыстың жаңғыруына, түркі халықтары арасындағы рухани үйлесімділік пен тарихи тұтастықты орнықтыруға қызмет ете отырып, қазіргі түркі халықтарының қоғамдық-мәдени әлеуетін биіктетіп, тарихи тамырын тереңдетіп, адамзат өркениетіндегі түркілік өркениеттің айрықша орнын айқындайды. Сонымен қатар әлемдік өркениеттердің тоғысуы жағдайында қазақ халқының тарихи тамырын нықтамаса, рухани-мәдени даму бағытын басқа арнаға бұру қаупі де жоқ емес. Уақыт көшіне ілесе алмай дүниежүзі бойынша жаңа дәуірге қадам баса алмаған халықтар да бар. Тәуелсіз мемлекетіміздің болашағына оң не кері әсерін тигізетін бұл әлемдік үдеріс ұлтымызға қатысты әрбір істе асқан жауапкершілікті талап етеді.

Еліміздің тәуелсіздігі түркі халықтарына ортақ мәдени мұраларымызды қайта зерттеп, олардың шынайы табиғатын тануға, ұлт игілігіне қолдануға, сол жәдігерліктер арқылы қалыптасқан рухани құндылықтарымызды қайта бағалауға, саралауға мүмкіндіктер беріп отыр. Әр кезеңдерде зерттеушілердің тарапынан қызығушылық тудырып келе жатқан түркі тілдері, соның ішінде қазақ тілінің қалыптасуы, даму жолдарының өзіндік заңдылықтары, ұлттық дүниетанымды қалыптастырудағы белсенді қызметі бүгінгі ғасырлар тоғысында зерттеудің ерекше тәсілдерімен қоса, ұлттық таным мен болмыстың тарихи күретамырын одан әрі тереңдете қарастыруды қажет етеді.

Ел тәуелсіздігімен байланысты мемлекеттік тілдің өміршеңдігіне жағдай туғызу, қолданылу аясын кеңейту, сөздік қоры мен құрамын молайту – заман талабынан туындаған табиғи үдеріс. Ал бұл қазақ тіл білімінде сала ретінде бөлініп шығуы тәуелсіздікпен тұспа-тұс келген, бірақ қалыптасу тарихы көнеден басталатын – сөзжасам саласының дамуына айырықша әсер етуде. Жаңа қоғамдық формация, интеграциялық үдерістер, ақпараттар ағыны тілші ғалымдар қауымын тілдің лексикалық қоры мен сөзжасам салаларына терең де жан-жақты үңілуге итермелеп отыр. Түркі тілдеріндегі сөзжасам жүйесі, сөз кұрылысы, сөздердің жасалымы мен аталымы – ұзаққа созылған тарихи дамудың жемісі болып табылады. Сөздің құрылымдық табиғатын тану үшін сөзжасам ғылымының тарихи даму жолын теориялық және практикалық тұрғыдан жан-жақты зерттеу барысында терең тануға болады. Түркі тілдеріндегі сөзжасамдық жүйенің шығу төркініне, даму және қалыптасу тарихына, ондағы жаңа аталымдардың беретін мағыналары мен атқаратын қызметтерінде қаншалықты ұлттық ерекшеліктері бола тұрса да, олар бейберекет құбылыстар емес, бір үлкен жүйе аясына топтасатын күрделі құбылыс.

Қазіргі қоғамдағы интеграциялық үдерістер қоғамдық өмірдің барлық саласына, оның ішінде – тілдік қабаттардың барлығына өз ықпалын тигізуде. Тілімізге сырттан толассыз еніп жатқан сөздер мен тіркесімдер тіл экологиясының ахуалын қиындатады. Мәдениетаралық ықпалдастықта ең сезімтал саналатын тілдің лексикалық құрамы сырттан дайын бірліктерді сол қалпында қабылдай беруі тіл иммунитетін әлсіретіп, оның қоғамдық, коммуникативтік қызметінің төмендеуіне әсер етуі сөзсіз. Сондықтан кезінде ұлт руханиятының көсемдері көрсеткен «тілдің ішкі мүмкіншілігін сарқа пайдалану» идеясы мемлекеттік тілдің кең қанат жаюына ықпал етеді. Әрине, бұл барлық сөздерді түгел аудару деген сөз емес, қазіргідей озық технологиялар заманында оған тілдің ішкі әлеуеті жете бермеуі де мүмкін. Бірақ тамыры бір түркі тілдерінде осы мәселе қалай шешілуде, сөзжасам үдерісі қандай сипатта дамуда, қазақ тілінің функциясын дамыту үшін өзге түркі тілдерінен не алуға болады немесе қазақ тілі өзге тілдерге қандай тәжірибе ұсына алады деген мәселе күн тәртібінде тұр.

Сөзжасам тәсілдері туралы алғашқы мәліметтер ХІ-ХІҮ ғасырларда жариялана бастады. Жекеленген сөз таптарының жасалуы туралы мәліметтер морфологияның құрамында қарастырылды. Сөзжасам туралы маңызды деректер ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында жарық көре бастады. Мұның бәрі Орхон-Енисей жазбаларының зерттелуі, халық ауыз әдебиетінің хатқа түсуі т.т. факторларға байланысты. ХХ ғасырдың орта шенінен бері қарай белсенді түрде зерттеле бастаған сөзжасам саласы лексикология мен морфологиядан тілдің жеке саласы ретінде бөлініп шыға бастады.

ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басында жекеленген түркі тілдеріндегі сөзжасам мәселесіне арналған жекеленген зерттеулер, монографиялар жазылып, докторлық, кандидаттық диссертациялар қорғала бастады.

1978 жылы Вена қаласында өткен лингвистердің дүниежүзілік ғылыми конгресі сөзжасам саласын зерттеуге жаңа серпіліс берді. Осыдан соң әр тілдегі сөзжасам мәселесімен түбегейлі айналысатын ғалымдар легі пайда болды. Қазақ тілі бойынша Б.Қасым, А. Салқынбай, Қ. Құрманәлиев, Л. Жаналина т.т., татар тілі бойынша Г.А.Ганиевтің, башқұрт тілі бойынша А.А. Юлдашов, өзбек тілі бойынша А.Г. Гулямов, М.Б. Абдиев, А. Бердалиев, қырғыз тілі бойынша Б.А. Орузбаева, тува тілінде С.Ч.Сат, якут тілінде Л.Н. Харитонов, Н.К. Антонов, И.Б. Иванова, қарашай-балқар тілі бойынша А.Ю. Бозиев, З.Б. Трамова, әзербайжан тілі бойынша Г. Талыбов, Э.С. Мамедова, шор тілі бойынша А. В. Есипова, И. В. Шенцова, құмық тілінде Х.А.Махтиев және т.б.

2001 жылы Қазан қаласында өткен «Түркі тілдерінің сөзжасамы» конференциясының маңызы ерекше. Сөзжасамның жалпы мәселелерімен бірге түркі тілдерінде оның жасалу жолы сегізден кем емес деген тұжырым жасалды. Сондай-ақ бұл мконференцияда күрделі сөздердің жасалуына айырықша мән беріліп, оның үш түрлі жасалу жолын бөліп көрсетті: сөзқосым, сөз тіркесінің лексикалануы және суффиксті тіркестердің лексикалануы. Тіл-тілде жекеленген проблемалы мақалалардан бастап, монография, ғылыми жобалар ұсыныла бастады. Сондай жұмыстардың бірі – қазіргі А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының грамматика бөлімі 1984-1988 жылдары айналысқан зерттеу жұмысының нәтижесі 1989 жылы “Қазіргі қазақ тілінің сөзжасамы” деген атпен монография болып шықты.

Бұл кезеңде Сібірдегі түркі тілдеріндегі (шор, тува, хакас, алтай, якут) сөзжасау үдерісі тереңдей зерттеле бастады. Н. П. Дыренкова «Шор тілінің грамматикасы» еңбегінде есім мен етістік тудыратын 49 аффиксті көрсетсе, 2000 жылы И. В. Шенцова «Шор тілінің сөзжасамы» оқулығын жазады. Венгер ғалымы А.Берта қазіргі тілдік деректер негізінде түркі сөзжасамын жаңа әдістер негізінде зерттеу қажеттігін көрсетеді.

Түркі тілдеріндегі сөзжасамды зерттеуші ғалымдар жекеленген сөзжасам тәсілдерін қарастырып, типологиялық және салыстырмалы-салғастырмалы зерттеулер жүргізе бастады. Бұл зерттеулерде түркі тілдеріндегі сөзжасамға қатысты ортақ жақтар мен айырмашылықтар айғақтала түсті. Нәтижесінде юұл тілдердегі ортақ сөзжасам аффикстері, сөзжасам тәсілдері мен моделдері қарастырылды. Тілдік айырмашылықтар ретінде олардың саны мен өнімді-өнімсіздігі, кірме аффикстер, туынды жаңа мағынадағы сөздердің семантикасы көрсетіледі. Соған қарамастан түркі тілдерінің сөзжасам жүйесінде әлі басы ашылмаған төмендегідей жайттар бар:


  1. жекеленген түркі тілдеріндегі сөзжасам сипатын анықтау арқылы оның түркі тілдеріне ортақ жүйесін анықтау;

  2. негізгі сөзжасамдық ұғымдар қатарында сөзжасамдық қатынас, мотивациялық база сияқты зерттеушілер назарынан тыс қалып келген ұғымдарды ендіру және оны әр тілде анықтау арқылы ортақ және әр тілдік туыс топтар үшін айырықша белгілерді ажырату; соның нәтижесінде сөзжасамдық ұғымдардың иерархиясын ұсыну;

  3. сөзжасаның тілдің өзге қабаттарымен қатынасын айқындау нәтижесінде көпдеңгейлі сөзжасам моделдерін ұсыну.

Қазіргі кезде қазақ тілші ғалымдарының алдында тұрған басты міндеттердің бірі туысқан түркі тілдерінің сөзжасам, терминжасам мәселесіндегі озық тәжірибиелерін, оңтайлы да үйлесімді сөзжасау модельдерін зерделеу арқылы мемлекеттік тілдің функциясын кеңейтуге үлес қосу. Осыған орай мына мәселерге назар аударған жөн деп санаймыз:

  • түркі тілдеріндегі сөзжасам жүйесінің қалыптасу және даму тарихына қатысты әлемдік және отандық зерттеушілердің еңбектеріне аналитикалық талдау жасау арқылы қазіргі түркі тілдеріндегі негізгі үрдістер мен заңдылықтарды айқындау;

- түркі тілдеріндегі тарихи сөзжасамның негізгі теориялық мәселелерін айқындау арқылы қазіргі түркі тілдеріндегі сөзжасам және терминжасамдағы озық идеялар мен бағыттарды қазақ тілінің ішкі мүмкіндіктерімен салыстыра зерттеу нәтижесінде теориялық тұжырымдар ұсыну;

- қазіргі түркі тілдеріндегі сөзжасам, терминжасам үдерісіндегі негізгі, оңтайлы, нысанға алынған түркі тілдерінің даму заңдылығына қайшы келмейтін әмбебап модельдерді анықтау;

- қазіргі қазақ тіліндегі кірме сөздерді түркі тілдеріндегі баламаларымен салыстыру және түркілік модельдерді қолдану арқылы қазақ тілінің сөздік қоры мен құрамын байыту, қазіргі кезде баламасы жоқ деп есептелетін сөздер мен тіркесімдердің уәжделген баламасын ұсыну негізінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту.

Әдебиеттер:



  1. Оралбаева Н. Қазақ тілінің сөзжасам жүйесі. – Алматы, 2002.

  2. Салқынбай А.Б. Тарихи сөзжасам. Семантикалық аспект. –Алматы, Қазақ университеті,1999

  3. Құрманәлиев К. Қазақ тіліндегі сөзжасамдық ұя проблемаларының ғылыми-теориялық негіздері. – Алматы, 2002.

  4. Касым Б.  Күрделі аталым жасалымы: когнитивті-дискурстық ұстаным. (Зерттеулер).  –Алматы, 2010.

  5. Орузбаева Б. О. Словообразование в киргизском языке: диссертация. Фрунзе, 1964.

  6. Ганиев Ф. А. Суффиксальное словообразование в современном татарском литературном языке. Казань, 1974.

  7. Гулямов А. Г. Проблемы исторического словообразования узбекского языка: диссертация. Т., 1955.

  8. Мамедова Э.С. Словообразовательные модели в русском и азербайджанском языках. Баку, 2005.

  9. Есипова, Алиса Васильевна Теоретические проблемы словообразования в тюркских языках (на материале шорского языка) доктор филологических наук Москва, 2011

  10.  Юлдашев А.А.  Система словообразования и спряжения глагола в башкирском языке. –М.: Изд-во АН СССР, 1958. –с.20.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет