Түркістан қаласы, Қазақстан Республикасы



Дата04.03.2016
өлшемі181.31 Kb.
#37920


УДК 923.2

Тұрсұн Х.М

тарих ғылымдарының докторы, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университеті

Түркістан қаласы, Қазақстан Республикасы
Исаев Мұхтар

докторант (PhD), Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университеті

Түркістан қаласы, Қазақстан Республикасы

СҰЛТАНБЕК ҚОЖАНОВ ЖӘНЕ ТҰЛҒАТАНУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Аңдатпа

Мақалада архивтік деректер негізінде көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Сұлтанбек Қожановтың кеңестік билік жағдайында ұлттық тәуелсіздік идеясын іске асыру жолындағы қайраткерлік қызметі ғылыми тұрғыда қалпына келтіріледі. Қайраткердің Алаш қозғалысымен байланысы және алаштық идеяларға жаңа мазмұн берген саяси көрегендігі баяндалады. Сол сияқты қазақ Өлкелік Комитетінің хатшысы ретінде ұлттық мемлекеттілік қалыптастырудағы қызметі ғылыми тұрғыда қалпына келтіріледі. Сонымен бірге отан тарихындағы тұлғатанудың методологиялық негіздерін толықтыратын тұжырымдар жасалып, тарихи тұлға қызметін бағалаудың өлшемдері ұсынылады. Қожановтың тұлғааралық байланыстарының сырын ашатын жаңа деректік материалдар талданады.


Түйін сөздер: Сұлтанбек Қожанов, Алаш қозғалысы, ұлттық мемлекеттілік идеясы, тарихи тұлғаны бағалау өлшемдері

Тұлғатану отандық тарих ғылымында ділгір мәселелерінің бірі. Мәселе осы бағытта жүргізілген зерттеулердің аздығында емес, керісінше ол зерттеулердің өзегінің осалдығында болып тұр. Тұлғатануда ортақ теориялық-әдіснамалық негіздің және сыннан өткен бағалау өлшемдерінің болмауынан тарихи тұлғаны бүкіл болмысымен емес, жеке, топтық мүддеге қызмет ететін тар танымдық шеңберде ғана танытумен шектеліп келеді. Бұл жағдай көбіне оқырманға тұлғаның өз көңілі қалаған бейнесін ұсынып, тарихи ақиқаттың ауылынан алыстай береді.

Коммунистік партия тарихының мектебінде өскен тарихшылардың көбі тәуелсіздіктің елең-алаңында тұлғатану мәселесінің таптық ұстанымдарынан бас тарта алмады. Ал, рухани тұрғыда қайта түлеп, тәуелсіз тарихи сана қалыптастыруға бас болған санаулы ғалымдардың бірі академик М.Қозыбаев отандық тарих ғылымын тарихи қайраткерлермен тұлғалаудың зәру мәселе екендігін айта келіп: «Күні кешеге дейін жеке адам мен халықтың қатынасы толық ашылмай келді. «Қайраткерлер» ұғымы қызметкерлер, мансап иесі дәрежесіне төмендетілді. Қайраткер - жасампаз адам, жоқтан бар жасаушы, өз мүддесін халық мүддесімен қабыстырып, өз халқын өркениет көгінде жарастырушы болса керек. Отан тарихынан кейбір кездейсоқ адамдарды аластап, тарихи тұлғаларды өз тұғырына қондыру керек» [1] деген ой өрбітеді. Тәуелсіздік жағдайында ұлттық тарихтың мазмұнын жаңалау тұрғысында айтылған бұл пікірдің көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановқа тікелей қатысы бар.

Отан тарихында осы кезге дейін ғылыми тұрғыда игерілмей келе жатқан тақырыптар да, тұлғалар да аз емес. Ал өзінің шынайы тарихи бағасын осы кезге дейін ала алмай келе жатқан тұлғалардың бірі – Сұлтанбек Қожанов. Оның тұлғасын тану мен танытуға қатысты бірқатар арнаулы зерттеулер жүргізілді. Атап айтқанда, осы кезге дейін өзбекстандық тарихшы Р.Я.Раджапова, С.Тілеуқұлов, Ш.Оразымбетов, мәскеулік профессор А.Арапов, қазақстандық Т.Қожакеев, Р.Бердібай, Ә.Тәкенов, М.Қойгелдиев, Қ.Ергөбек, Б.Қойшыбаев, Ж.Әлмашұлы, А.Шәріп, Ж.Симтиков, Ж.Уалиханова, Д.Салқынбек т.б. сияқты тарихшы, әдебиетші ғалымдардың еңбектері жарық көрді. Әйтсе де, қайраткердің қоғамдық-саяси қызметі мен әдеби-мәдени мұрасын зерттеп, зерделеуде кенжелік, соңын күткен кібіртіктеу байқалады. Оның сыры неде болды екен? деген кілтипаны көп сауал ойлантады.

Енді осы мәселеге тоқталайық. Тарихи тұлғаны «өз тұғырына қондырудың» кенже қалуының сыры Сұлтанбек Қожановты өз қатарластарынан ерекшелендіріп тұрған, оның тағдырына терең із қалдырған бағы да, қасіреті де ұлтшылдығы еді. Коммунистік идеяның өзегін құраған таптық мүддеден ұлт мүддесін жоғары қойған ұлтжандылығы қайраткерді саяси қуғын-сүргін барысында көзсіз көбелектей отқа жақса, ендігі кезекте тәуелсіз тарихи танымда ұлтының ұлықтауына өзек болуы тиіс.

Сұлтанбектану біршама кеш колға алынды. Өткен ғасырдың елуінші жылдары тоталитарлық билік саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтағанымен осы бір шетін мәселеге аса сақтықпен қарады. Алғашқы кезекте коммунистік билікке барынша адал қызмет етуге әрекет жасаған С.Сейфулин, Т.Рысқұлов сияқты «қызыл сұңқарлар» мен «қызыл жебелер» ақталып, олардың өнегесі кеңестік қоғам тұлғасын тәрбиелеудің идеялына айналдырылды. Алланың өзі хош көрген ұлттық даралықты [2, Б.517] жойып, ұлтсыздықтың қойыртпағына айналдырған пролетарлық интернационализмге ұлтшылдықты, тұтас халықты таптық жікке бөлушілікке ұлттық тұтастықты қарсы қойған Ә.Бөкейханов бастаған Алаш қайраткерлері мен кеңестік биліктің жоғары эшелонында қызмет еткен алаштық рухтағы Н.Төреқұлов, С.Қожанов, С.Сәдуақасов, Н.Нұрмақов сияқты «национал-коммунистер» партиялық тұрғыда ақталғанымен олардың тұлғасын ұлықтау, шығармашылығы мен өнегесін елдің игілігіне жарату белгісіз мерзімге кейінге шегеріле берген еді. Бұл – кеңестік биліктің ұлттық патриотизмді ұлтшылдық деп бағалаған саясатының қасақана ойластырған әрекеті болатын. Тәуелсіздік рухы осы саясаттың сірескен тоңын жібітті. Алаш арыстарының және Алаш идеясының саяси ақталуымен қатар Сұлтанбектің өмірі мен қызметіне деген қызығушылық пайда болды. Солай десек те, осы кезге дейін Қожановқа қатысты зерттеулердің тың серпіліске зәру екендігі байқалады.

Осыған байланысты тарихи тұлғаға ғылыми баға берудің объективті өлшемдерін басшылыққа алып С.Қожановтың өз ұлтына, ұлттық мүддеге қарсы жасаған әрекеттері бар ма? деген сауалға қолда жинақталған, ғылыми айналымға ұсынылған деретерді талдай келе бір ауыз сөзбен «жоқ» деп жауап қайтаруға болады.

Қайраткердің соңына қалдырған өмірбаяндық деректерінде партиялық биліктің ыңғайымен өз қызметіне қатысты бүгіп қалған жайттары жоқ емес. Кеңестік билікке араласқан қайраткерлердің бәрі өмірбаянында мемлекеттік-партиялық номенклатураның өлшемдеріне сыймайтын кейбір «қызметтерін» бүгіп қалып отырған ғой. Қожановтың да бүгіп қалған «сыры» өзінің Алаш қозғалысына тікелей қатыстылығын айтудан тартынуы. Сұлтанбектің сөзімен айтқанда кейбір қазақ коммунистері Алаш Орданы қаралап, биік мансаптарға қол жеткізіп» жатқанда ол алашшыларды қамқорлыққа алып, олардың идеяларын кеңестік билік жағдайында одан әрі жалғастыра алды. Осыған байланысты бұрын қайраткердің өзі қанша бүркемелегенімен қазіргі кезде ашық айтатын шындық - С.Қожановты билік шыңына шығарған саяси қызметінің бастауы оның Алаш қозғалысымен тікелей байланыста болғандығы. Бұл ғылыми тұжырымға дәлел болатын тарихи дәйектер жеткілікті. Осы пікірді тереңірек өрбітіп көрейік.

1916-1917 жж. Ташкент қаласында қазақ зиялыларының «Кеңес» атты астыртын саяси үйірмесі жұмыс істеген. Ол үйірменің саяси бағыты большевиктік идеядан алыс, алаштық рухта болатын. Түркістан қаласында С.Қожановпен бірге 1918-1920 жж. бірқатар жауапты қызметтер атқарған, Ленинмен кездескендігі жөнінде естеліктер жазған Дүйсенбай Нысанбаевтың құпияхат (донос) сипатындағы деректеріне [3, Л.62-67 об.] жасалған сыни талдау «Кеңес» үйірмесінің қызметін ғылыми қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Оның партиялық басшылыққа, ОГПУ органдарына Түркістандағы алашордашылардың қызметіне қатысты айғақ ретінде ұсынған құпияхаты тікелей Қырғыз (қазақ) өлкелік партия комитетінің хатшысы С.Қожановтың ұлтшылдық қызметін әшкерелеуге арналған. «Жаман айтпай жақсы жоқ» дегендей, бұл құжаттар кезінде Сұлтанбектің саяси мансабына орны толмас нұқсан келтіргенімен қазіргі кезде оның Алаш қозғалысына тікелей қатыстылығын айғақтайтын аса құнды деректер қатарына еніп отыр.

Осы «Кеңес» үйірмесінің төрағасы генерал Сейітжаппар Асфендияров, орынбасарлары М.Шоқай, Садық Өтегенов болатын. Үйірменің басшы органы - бюросының мүшелері Санжар Асфендияров, Қоңырқожа Қожықов, Сұлтанбек Қожанов, Алдабек Мангелдин, Серікбай Ақаев, Зұлқарнайын Сейдалин, Әлимұхамбет Көтібаровтар еді. Осы саяси үйірме ұлттық идеяларды іске асыруды өзінің бағдарламалық міндеті ретінде алға қойған. Үйірменің баспасөз органына айналған «Бірлік туы» газетінің алғашқы редакторы М.Шоқай болса, С.Қожанов (газет жабылар кезде Хайретдин Болғанбаев редакторы болды – авт.) редактордың орынбасары әрі жауапты хатшы, кейін редакторы болып қызмет істеген. 1917 ж. қарашаның 26 күні басталған Қоқан қаласындағы Бүкілтүркістан мұсылмандарының ІV съезі Түркістан мұхтариаты (автономиясы) атты ұлттық үкіметін жарияланғанда «Бірлік туы» газеті осы мемлекеттік құрылымның қазақ, өзбек, орыс тіліндегі үш баспасөз органының біріне айналды. Осы съезге делегат болып қатысқан С.Қожанов газет беттерінде тәуелсіздік идеясын насихаттауға белсене араласты. Түркістан мұхтариаты басшылығындағы ұлттық элитаның көшбасшылары М.Тынышпаев, С.Лапин, М.Шоқай, С.Ақаев, С.Өтегенов, Ә.Оразаевтар Алашорда үкіметімен байланыс орнатып, қазақ мемлекетінің тұтастығы мәселесін алғаш рет ұлттық идея ретінде күн тәртібіне қойды. Бұл идея 1918 ж. 4-9 қаңтарында Түркістан қаласында өткен Сырдария облысы қазақтарының съезінде арнайы қарастырылды. Алашорда үкіметінің атынан Б.Құлманов, Т.Құнанбаев, М.Дулатовтар қатысқан съезд шын мәнінде Алаш қозғалысының оңтүстіктегі ұйымдастырған ірі саяси шаралардың біріне айналды. Түркістан қазағын алашқа қосу мәселесін талқылаған съезд жөнінде «Сарыарқа» газетінің «Алаш һәм Түркістан» мақаласында «Съезде Алашқа қосылмаймыз деген ешкім болған жоқ: кәрі-жас, қарасы-төресі, байы-кедейі бірауыз болды» [4] деп ұлттық идеяның қолдау тапқандығы жазылды. Сұлтанбек Түркістан қаласындағы осы съезді ұйымдастырушыларының бірі болатын.

Съезде көтерілген қазақ жерін біріктірудің алаштық идеясы Түркістандағы кеңестік биліктің жоғарғы эшелонынан орын алған С.Қожановтың кейінгі саяси қызметінің темірқазығына айналды. Осындай саяси шараларды батыл іске асырған Түркістан өлкесінде Алаш қозғалысының Оңтүстік қанаты дербес жұмыс жасағандығын айғақтайтын деректік және дәйектік негіздер жеткілікті. Алғаш рет бұл тұжырым Түркістандағы партия-кеңес органдарының ресми құжаттарында «Алаш Орданың» түркістандық бөлімі «Бірлік туы» газеті органымен аттас ұйым болды. «Бірлік туы» газеті 1917 ж. маусымынан Ташкентте шыға бастады. Аталған газетті ұйымдастырушылардың тұғырнамасы дәлме-дәл алашордашылардың тұғырнамасындай еді» [5, Б. 184-185] деген сипатта негізделді.

Бұндай деректер Түркістандағы ұлт-азаттық күрес тәжірибелерінде Алаш қозғалысының Оңтүстік қанатын дербес тарихи таным нысаны ретінде қарастыруға негіз болды. Орынбордағы Алаш съезінен соң 1917 жылы 2-5 тамызда Ташкент қаласында Өлке қазақтарының І съезі болып өтті [6, С.1-5]. Осы съезде С.Қожанов 15 тұлғаның қатарында Сырдария облысынан Бүкілресейлік құрылтай жиналысына кандидат болып ұсынылады. Съездің алаштық саяси бағдар ұстанғандығын күн тәртібінде қаралған мәселелердің ұқсастығы да аңғартады. Алайда, қыркүйек айындағы қарбалас оқиғаларға байланысты Алаш қозғалысы Оңтүстік қанатының ұйымдық құрылымы қалыптасып үлгермеді. Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының құрамында өлкедегі жергілікті ұлт зиялыларымен тығыз бірлікте жұмыс жасағандықтан Оңтүстік қанат қызметінің мазмұнында аймақтық, конфессиялық және идеялық сипаттағы ерекшеліктері болды. Түркістандағы жергілікті халықтардың арасында отаршылыққа қарсы күрестегі мұсылмандық, түркілік бірлік идеялары Алаш қозғалысының өкілдері М.Тынышпаев, С.Лапин, М.Шоқай, Қ.Қожықов, С.Өтегенов және кеңестік билік тұсында Т.Рысқұлов, С.Қожановтардың саяси қызметінде жаңа қырынан танылып, қазақ жеріндегі ұлт-азаттық қозғалыстың мазмұнын байытты.

Түркістан өлкесінде мемлекеттік құрылыстың, билік құрылымдарының қалыптасуы күрделі мазмұн алған. Кеңес өкіметі ескі қоғамның билік институттарының мазмұнын мансұқтағанымен әкімшілік бірліктер, басқару құрылымдары түрінде олардың сыртқы формаларын сақтап қалды. Осы сияқты басқару элитасы орталық және жергілікті басқару органдары шенеуніктерінің орасан зор бөлігі әкімшілік басқару дәстүрлерін жалғастырып, жаңа қоғамда мазмұндық, түрлік жаңғыруды бастан өткізді. Кеңестік қоғамда басқару құрылымдарының негізін құраған осы мемлекеттік қызметкерлердің басты миссиясы екі қоғам арасындағы байланыстырушылық рөл еді. Өздерінің тарихи миссиясы бойынша ерекше маңызға ие болған бұл категорияның арасынан кеңестік қоғамда көрнекті қайраткерлерге айналған ұлттық саяси элитаның өкілдері өсіп шықты. Олардың қатарында М.Тынышпаев, С.Асфендияров, Т.Рысқұлов, Н.Төреқұлов, С.Қожанов, А.Серғазиев, Қ.Ибрагимов, И.Тоқтыбаев, Б.Аралбаев, Қ.Сармолдаев, С.Есқараев, О.Жандосов, Т.Жүргенов, Н.Рүстемов, Ә.Палмұхамедов, Ә.Құдабаев, Н.Сатығұлов, Қ.Болғанбаев, Қ.Қожықов, Қ.Күлетов және т.б. көптеген тұлғаларды атауға болады. Олар Түркістан республикасының жоғарғы билік құрылымдарында басшылық қызметтер атқарып, жаңа қоғамда ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға елеулі ықпал жасаған еді. Олардың бірі таптық, бірі ұлттық идеяға қызмет жасағанымен өз заманының перзенттері болатын.

С.Қожановтың Түркістан өлкесінде Сырдария облаткомының төрағасы, Ішкі істер, Халық ағарту, Жер-су істері халкомы, Түркатком төрағасының орынбасары, төрағасы, РК(б)П ОК Ортаазиялық бюросының мүшесі болып қызмет істеді. С.Қожановтың бірыңғай партиялық саясаттың сойылын соққан кейбір қайраткерлерден ерекшелігі осы қызметтерінде ол алаштық негіздегі ұлттық идеядан бір сәт те қол үзген емес.

Алаштық идеяның кеңестік билік жағдайында жалғасын тапқандығына өлкедегі қазақ облыстарында жер-су реформасының ұлттық мүдде тұрғысында сәтті жүргізілуі жарқын мысал болады. Осы жер-су реформасының басы-қасында Жер істері халкомы, алашшыл қайраткер Сұлтанбек Қожанов тұрды, оның жанында Қоңырқожа Қожықов болды. И.Сталин 1922 ж. 17 шілдесінде Ортаазиялық бюроның хатшысы Зеленскийге, көшірмесін Қожановқа арнап жеделхат жолдаған. Ол жеделхатта «ұлттар көсемі» «Рудзутактың үш қайтара шақыруынан түрлі себептермен жалтарған Қожанов Жетісуда көшіріп жіберу (қоныстанушыларды – авт.) мен тұтқынға алуды жалғастыруда. Тез арада Жетісуда көшіріп жіберу атаулыны тоқтатып, Қожановты түсінік беру үшін Мәскеуге жіберіңіз» [7, Л.28.] дейді. Қоныстанушылар үшін тартып алынған жерлерді өз иелері – қазақтарға қайтару туралы алаштық идеяны кеңестік биліктің саясатын пайдаланып, батыл іске асыра бастаған С.Қожановтың бұл әрекеті әсте де таптық мүдденің шотын шабу емес, ең алдымен ұлттық мүддеге қызмет ету еді.

М.Қойгелдиев Жұмахан Күдериннің тергеу материалдарынан мынадай дерек келтіреді: 1932 жылы алаштықтардың екінші соты болып, айдауға кеткендерді жер аудару үшін Мәскеудің Павелецк вокзалына алып келгенде оларды Ә.Бөкейханов күтіп алады. Оларға Сұлтанбек Қожанов пен Сүлеймен Есқараевтар қосылады. Сонда Әлекең уақыттың тығыздығына байланысты «Уақыт аз, екіге бөлініп сөйлесейік. Бір тобың Сұлтанбекке барыңдар» [8, Б.22] деген екен. Бұл дерек коммунистік биліктің сыны мен қысымында жүрсе де қырағы көздер мен құпияхат жазғыштардан қаймықпаған С.Қожановтың алашордашылармен байланысын үзбегенін аңғартады.

С.Қожановтың Қазақ Өлкелік партия комитетінің хатшысы болған кезі оның қызметінің ең биік шыңы болды. Ұлтық мүддені мемлекетшілдікке ұластырған әрекеті оның үстінен қазақ большевиктері мен орыс шовинистері тарапынан жоғары партиялық инстанцияларға құпия хаттардың қардай борауына негіз болған. Мұндай арыз-шағымдарды саяси ұпай жинау мақсатында, әсіресе, партия-кеңес қызметкерлері - олардың арасында Д.Нысанбаев, Ә.Жангелдин, С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов сияқты таптық идеяның буына елтіген үзеңгілес серіктері де жазды. Олардың мазмұны «ұлтшыл», «алашордашыл», «оңшыл ауытқушы», «топшыл» деген саяси айыптауларға негіз қалап, соңы Ф.И.Голощекин шығармашылығының «жемісі» - «қожановшылық» деген саяси айдарға айналды. Арнаулы органдардың мекемелерінде жинақталған бұндай компромат тиянақты талдаулармен БК(б)П Орталық Комитеті Саяси бюросы Құпия бөлімінің құзырына жүйелі түрде жеткізіліп отырды. Республиканың саяси басшысы болғанымен оның әрбір ізін аңдыған мұндай әрекетті Орталықтың қолдап отырғаны да жасырын емес. Осылайша саяси еркі шектелген жағдайда С.Қожановтың Қазақстанда қалыпты жұмыс істеуі және ұлттық идеяны іске асыруға еркін кірісуі мүмкін емес еді. Қайта, осындай үлкен саяси қысымға қарамастан оның республика басшылығында он бір ай қызмет жасай алуы ерлікке пара-пар іс еді. Ф.Голощекиннің келуі бұл саяси үдерісті өршітіп, С.Қожанов Мәскеуге кеткен соң оны айыптайтын саяси науқанға кең өріс ашты. Осыған байланысты С.Қожанов И.Сталиннің қабылдауында болып, оның кеңесімен Қазақ өлкелік партия комитетіне 1926 ж. ашық хат жазып, ақталуға мәжбүр болған. Хаттың жазылу мақсаты оның Қазақстандағы қызметіне қатысты Өлкелік партия комитетінің хатшысы Голощекиннің саяси айыптауынан басын арашалау болды.

Осы хатты деректік тұрғыда талдағанда С.Қожанов Қазақстандағы саяси қызметінің сипаты мен мазмұны туралы өз аузынан баяндалған көп мағлұматқа қанығамыз. Сонымен бірге бұл құжаттан С.Қожановтың ұлтжандылық қызметіне негіз болған қоғамдық-саяси көзқарастарының өзегін танимыз. Ол аталған хатында былай деп баяндайды: «Мен партияның алдыңғы қатарында жүріп мына мәселелерге белсене қатыстым:



Отаршылдық пен жергілікті ұлтшылдықты саяси тұрғыдан жоюға; Жерге орналастыру және жер-су реформасын жүргізуге; «Қосшы» одағын ұйымдастыру науқанына; Орта Азияда ұлттық межелеуді іске асыруға; Қазақстанның орталығын Орынбордан Қызылордаға ауыстыруға және Қазақстанның ішкі құрылысында ұлттық мүддені күшейтуге тікелей араластым» [9, Л. 77-89.]. Ұлтжанды қайраткердің өзі саяси қызметі туралы жасаған бұл қорытындыларының әрқайсына жеке тоқталып, нақты тарихи дәйектер және дәлелдермен кеңінен таратуға болады. Тек соңғы мәселені кеңінен тарқатайық.

Ұлттық-территориялық тұтастығы қалыптасқан қазақ мемлекетінің астанасын таңдау туралы С.Қожанов 1924 ж. 17 желтоқсанында «Ақ жол» газетінде жариялаған мақаласында «Қазақстан астанасы орыстың туы тігілген қалада емес, қаласы жоқтықтан қазақтың киіз ауылында болса да, қазақ жұртшылығына жақын болуы керек. Қазақ астанасы болуға Орынбор қаласы шетте болғандықтан ғана жарамайды емес, қазақ қаласы болмағандықтан, қазақ ұлт мемлекетінің ұлтшылдығына орда (астын сызған автор) болуына қисыны жоқтықтан жарамайды. Қазақ ұлт мемлекетшілдігіне әдемі қала, ыңғайлы үйлер керек емес, жаман да болса, өз ордасы болуы керек. Орынбордан көшпей, қазақ ұлтының ішкі тіршілігі оңдалып, қазақ еңбекшілерінің көпшілігінің қолына керекті шаралар іс жүзінде істелуі қиын» [10] деген тұжырым жасаған еді.

Ал тарихи деректер жаңа астанаға «Қызылорда» атауын беру алаштық саяси элитаның ұжымдық ой-пікірінің жемісі екендігіне куәлік жасайды. Қызылорда қаласында өткен Қырғыз Өлкелік V съезінен соң С.Сейфуллин 1925 ж. 19 сәуірде И.Сталинге жазған хатында большевиктік және алаштық лагерьге бөлінген ұлттық интеллигенцияның Ақмешіт атауын Қызылорда етіп өзгерту мәселесіне тоқталады. Революцияның «қызыл қыраны» съездің Алашорда Батыс бөлімшесінің құран аяттарымен көмкерілген жасыл туы астында өткендігін, «қырғыздар үшін қызыл, жасыл, ақ түстің» ешқандай мәні жоқ, ең бастысы Орда сөзі сақталып қалса болды» [11, Л.15-16] деп алашордашылардың Ақмешітті Қызылорда атандырғандығын баяндайды.

С.Қожанов «орда» сөзін дәстүрлі мемлекеттің түрі ұғымында емес, жаңа қоғам орнатқан ұлттың астанасы мағынасында қолданады. Осы идея V съезге дайындық барысында жаңа астана таңдау, оны қалай атау жөніндегі пікірталастың өзегіне айналды. Билік басындағы ұлттық элитаның дәстүрлі орда ұғымына таптық мазмұнды айшықтаған «қызыл» сөзін қосақтаудан құралған ұғымды ұсынуы кеңестік биліктің де, қазақы жұртшылықтың да көңілінен шыққан мәмілегерлік тарихи шешім болды.

Дәстүрлі қазақ қоғамында «орда» ұғымы мемлекет құрылымының өмір сүру түрі ретінде кеңінен қолданылғаны әргі-бергі тарихтан белгілі. Ұлттық тарихымыздың мазмұнында Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда, Ноғай Ордасы, Қазақ Ордасы сияқты мемлекеттік құрылымдар берік орын алған. Осы тарихи мемлекеттер тізбегін кеңестік билікпен таласа өмірге келіп, ұлттық тәуелсіздік идеясын ту етіп көтерген Алаш Орда үкіметі аяқтайды. Ал кеңестік билік тұсында «орда» ұғымы Қазақ елі мемлекеттігінің түрі емес, оның саяси орталығы, астанасы Қызылорда деген мәнге ие болды. Бұл атау «түрі ұлттық, мазмұны социалистік» қазақ мемлекеттілігінің рәміздік мәніне айналды.

Келесі бір назар аударатын мәселе – С.Қожановтың элитааралық қарым-қатынастары. Сұлтанбек Қожанов шын мәнінде жеке харизмасы мықты элиталық тұлға бола алды. Оның өз төңірегіне ұлттық элита өкілдерін топтастырып, оларды ортақ идеяға жұмылдыра алуы жеке басының мүддесінен мемлекет мүддесін жоғары қоятын биік азаматтық және саяси кредосын айқындайды. Осыған байланысты Қожанов–Шоқай, Қожанов–Меңдешов, Қожанов–Сәдуақасов, Қожанов–Рысқұлов, Қожанов–Төреқұлов, Қожанов–Жұмабаев, Қожанов–Дулатов, Қожанов–Асфендияров қарым-қатынастары жеке желі етіп қарастыруға сұранып-ақ тұр. Мысалы, Мұстафа Шоқаймен байланысы қайраткердің ұлтжанды тұлға болып қалыптасуына орасан зор ықпал еткені белгілі.



Сол сияқты Қожановтың кеңестік партиялық-мемлекеттік номенклатураның жоғары эшелонындағы Сафаров, Рудзутак, Куйбышев, Петерс, Кагановичтермен қарым-қатынасы да бірі қуаттаған, бірі қарсы болған ұлттық мемлекеттілік төңірегінде өрбіді. Ал Бас хатшы Иосиф Сталинмен арадағы сөз қақтығысулары оның көзі тірі кезінде-ақ аңыз болып таралды. Ол аңыз Сұлтанбек Орынборға Қазақ өлкелік партия комитетіне хатшы болып тағайындалғанда соңынан ере келгендігін Сәбең – Сәбит Мұқанов мөлдіретіп жазды «Өмір мектептерінде». Бұл жөнінде Ж.Арыстанов та жазды естеліктерінде. Басқа қырынан Шерхан да жазды «Қызыл жебеде». Ал Сұлтанбекпен Қоқан автономиясынан бері таныс өзбекстандық көрнекті тарихшы-ғалым Полат Салиев 1937 ж. тергеушіге берген жауабында Сұлтанбектің осы сөзді айтқандығына куәлік етеді. Бұл деген Сұлтанбектің Бас хатшымен әзілдесуінің, сөз қағыстыруының мысалы ғана. Әсте де саяси теке-тірестен туған егес емес. Солай десек те бұл сөзге ұсталық, қиын сәтте сөз тауып айта алған Сұлтанбектің шешендігінің, батылдығының көрінісі. Өз ойын тыңдарманның сөз саптауына қарай әдемі әзілмен айта білушілік. Сталин де сірескен тұлға емес, сөз қадірін білген. Ол да ұтқыр әзілді, қоластындағылармен ресми, биресми жағдайда әзілдескенді ұнатқан, өз тапқырлығына масаттанып отырған. Сұлтанбек екеуінің арасындағы ел аузында аңыз болып айтылып, жазылып жүрген сөз қақтығыстарының сырын осылай түсінсек керек. Әйтпесе, астарсыз, тура айтылған сөздің бас жаратыны бар ғой.

Қай кезде де тарихи танымның рухани өзегі, ғылыми негізі болады. Кеңестік қоғамда алаштық үлгідегі қайраткерлердің тұлғасын танудағы рухани өзек таптық-партиялық құндылықтар болса, оның ғылыми негізі маркстік-лениндік дүниетаным болғаны белгілі. Ал бүгінгі тәуелсіз қоғамымызда тарихи танымның талабы өзгерді. Мақсат та өзгерді. Қоғам жаңарды, қоғаммен бірге адам да жаңарды. Ендігі кезекте тарихи таным да жаңаруы тиіс. Тарихи танымды жаңартудың жөні осы екен деп жергілікті, аймақтық деңгейдегі тұлғаларды дәріптеу бүгінгі интеллектуалдық тарихқа жараспайды. Тұлғаларды танудағы әрекеттің алтын арқауы, жібек желісі -ұлттық мүдде болуы керек. Яғни, мәселе тура мағынасында қойылғанда - ол тұлға ұлты үшін не істей алды? деген сауалға жауап беруді қажет етеді. Сол сияқты, кейбір зерттеулерде кеңестік дәуірдегі партия-кеңес қайраткерлерін біржақты айыптау тенденциясы да жоқ емес. Ал саяси қайраткер ретіндегі қызметіне берілер баға да олардың қызметінен ұлт тағдырына қандай және қаншалықты зиян келді? деген сауалдың жауабымен айқындалады.

Тоталитарлық қоғамдағы тарихи тұлғалар туралы жаңа ғылыми көзқарас қалыптастыра алған Д.А.Волкогоновтың «көрнекті мемлекет, қоғам қайраткерінің өмірі дегеніміз белгілі бір адамгершілік және әлеуметтік бағдарлар жүйесіндегі оның нақты ойлары мен әрекеттері ғана емес, ол сонымен бірге тұлғаның өзі саясат сахнасынан кеткеннен кейінгі де қоғамдық үдерістерге жасайтын ықпалы» [12, С.4] дегенін ескерер болсақ, сол қоғамның тарихи тұлғалары алдағы уақытта да ғылыми ойдың нысаны болып қала бермек. Осыған байланысты Сұлтанбекті «қызу қанды қазақ» деп атаған большевиктер көсемі В.И.Лениннің өзіне тән категориялықпен «Пролетариатқа саяси қайраткерлердің тірісі және өлісі туралы да шындық керек, өйткені саяси қайраткер атына шын мәнінде лайық болғандардың тәні бақилық болса да олар саясат үшін өлмейді» [13, С.8-9] деген тұжырымының мәні өзгере қойған жоқ. Демек, кешегі көзқараспен бағаласақ та, бүгінгі таным биігінен ой толғасақ та С.Қожановтың тұлғасы саясат үшін де, тарих үшін де қызмет жасай бермек. Ұлт барда ұлттық мүдде бар. Қазақтың ұлттық мүддесі бар жерде өмірі мен қызметі ұлтқа қалтқысыз қызмет етудің өлшеміне айналған С.Қожановтың тұлғасына көлеңке түспей, жарқырай танылатын болады.

Сұлтанбектің саяси ұстазы, кеңестік биліктің Орта Азия мен Қазақстандағы ұлт саясатын әшкерелеген өткір мақалаларымен И.Сталиннің түн ұйқысын төрт бөлген М.Шоқай партия қатарына енгенімен өздерінің шынайы ұлттық элитаға тән азаматтық, отаншылдық биігінен төмендемеген қандастарына ризалық сезімін білдіреді. Ол «Смағұл Сәдуақас, Қожанұлы Сұлтанбек және Меңдешұлы Кеңес дәуірі орнаған кезде кеңес үкіметін бірден жақтап шыққан адамдар болатын. Бірақ олар, өткен тәжірбиелері көрсетіп отырғандай, Кеңес үкіметіне тек қара басының қамы үшін қызмет етпегенін біз жақсы білетінбіз. Сұлтанбек Қожанұлы қара басының қамын ойламайтын, халқы үшін қам жеп, еңіреп туған азамат еді. Ол бұдан былай да осы қасиеттерінен айрылмайды деп сенеміз» [14, Б.60] деген еді. Сұлтанбек осы сенімнен шыға алды. Өмірінің соңына дейін осы қасиеттерінен айнымады һәм ұлтының болашағына деген сенімін жоғалтпады. Бұл бағаны Сұлтанбекке көзі тірісінде берілген әбден лайықты баға деп қабылдаймыз. Ұлтының ұлы көсеміне лайықты тұлғаның бағасы. Ұлтын ұлықтаған ұлылардың бірін-бірі тануының жарқын мысалы.

С.Қожановтың қоғамдық-саяси қызметі ұлтқа қызмет етудің жарқын үлігісі болды. Ол айтыс-тартыспен, қитұрқылығы мол саяси күреспен өткен сан-салалы қызметінде топтық, аймақтық, тіпті таптық мүдделердің деңгейінде қалып қоймай әр кез ұлттық, мемлекеттік биіктен табылды. С.Қожанов сияқты ұлтжандылығы мемлекетшілікке ұласқан, мемлекетшілігі ұлтына қалтқысыз қызмет етуге жұмылдырылған қайраткер алаштың Сұлтанбегі болып халықтың жадынан да, ғылыми танымнан да мәртебелі орын алуға әбден лайық.
Әдебиеттер

1. Қозыбаев М. Ғұмырнамалық жанрын зерттеу мәселелері //Қазақ елі. 1996. 27 желтоқсан.

2. Құран Кәрім. Қазақша мағына және түсінігі. Аударған Халифа Алтай. –Екі харамның қызметкері Фаһд патшаның құран Шәриф басым комбинаты. -1991. -604 б.

3. АПРК.Ф.719. Оп.1 Д.67.

4. Алаш қозғалысы құжаттар мен материалдар жинағы. желтоқсан 1917 – мамыр 1920 ж.ж. -Алматы: «Алаш». 2005. Т.2.-496 с.

5. Қазақстан коммунистік партиясы тарихының очерктері. Орысша екінші басылымынан ауд. –Алматы: Қазақстан, 1985. -735 б.

6. Сборник важнейших декретов, постановлений и распоряжений правительства ТССР за 1917–1922 гг. -Ташкент, Издания Комиссии СНК, 1923, 213 с.

7. РГАСПИ Ф.558, Оп.11, Д.30

8. М.Қойгелді. Әлихан Ахмет пен Міржақыпты бейнеттерінің ақталатынына сендірді // «Аңыз адам» №3 2013 ж.

9. АПРК. Ф. 141. Оп. 1. Д. 1129.

10. Ақ жол. 1924 жыл, 16 желтоқсан

11. РГАСПИ. Ф.811. Оп.24. Д.243.



12. Волкогонов Д.А. Сталинизм: сущность, генезис, эволюция: доклад по совокупности работ на соискание ученой степени доктора исторических наук.-07.00.02. -М.: 1990. – 47 с.

13. Ленин В.И. Полное собрание сочинения. изд. 5-е. -М.: Политиздат, 1973.- т. 20. -532 с.14

14. Шоқай М. Таңдамалы. 2 томдық. -Алматы: Қайнар, Т-2.-1999. -520 б.
References:

1 Kozybaev M. Gumyrnamalyk zhanryn zertteu maseleleri // Kazak eli. 1996. 27 zheltoksan.

2 Kuran Karim. Kazakhsha magyna zhane tusinigi. Audargan Halifa Altai. – Eki haramnyn kyzmetkeri Fahd patshanyn kuran Sharif basym kombinaty. – 1991. – 604 b.

3 APRK. F.719. Op. 1 D.67.

4 Alash kozgalysy kuzhattar men materialdar zhinagy. zheltoksan 1917 – mamyr 1920 zh.zh. – Almaty: «Alash». 2005. T.2. – 496 s.

5 Kazakhstan komunisttik partiasy tarihynyn ocherkteri. Oryssha ekinshi basylymynan aud. – Almaty: Kazakhstan, 1985. – 735 b.

6 Sbornik vazhneishih dekretov, postanovlenii I rasporiazhenii pravitel’sva TSSR za 1917–1922 gg. – Tashkent, Izdaniya Komissii SNK, 1923, 213 s.

7 RGASPI F.558, Op.11, D.30

8 M.Koigeldi. Alikhan Akhmet pen Mirzhakypty beinetterinin aktalatynyna sendirdi // «Angyz adam» №3 2013 zh.

9 APRK. F. 141. Op. 1. D. 1129.

10 Ak zhol. 1924 zhyl, 16 zheltoksan

11 RGASPI. F.811. Op.24. D.243.



12 Volkogonov D.A. Stalinizm: sushnost’, genesis, evolutsiya: doklad po sovokupnosti rabot na soiskanie uchenoi stepeni doktora istiricheskih nauk.-07.00.02.-M.: 1990. – 47 s.

13 Lenin V.I. Polnoe sobranie sochineniya. Izd. 5-e. –M.: Politizdat, 1973. – t. 20. – 532 s.

14 Shokai M. Tangdamaly. 2 tomdyk. – Almaty: Kainar, T-2.-1999. -520 b.
Tursun H.M

doctor, International Kazakh-turkish University named after H.A.Yassawi

Turkistan city, Republic of Kazakhstan


Issayev M.S

PhD, International Kazakh-turkish University named after H.A.Yassawi

Turkistan city, Republic of Kazakhstan



Аннотация

В статье на основе архивных данных с использованием научных методов восстановлена общая картина исключительного вклада видного общественного и государственного деятеля Султанбека Кожанова в становление и развитие идеи национальной незавивисимости в условиях советской власти. Показана связь С.Кожанова с движением Алаш, его политическая дальновидность в обновлении содержания социально-политических идей этого движения и заслуги в деле формирования национальной государствености будучи секретарем Казахского краевого комитета. Вместе с этим в статье сделаны выводы и заключения, дополняющие методические основы персоналистики, проведен анализ новых фактов и материалов, раскрывающих особенности межличностных связей С.Кожанова.


Ключевые слова: Султанбек Ходжанов, движение Алаш, идея национальной государственности, параметры оценки исторической личности.
Annotation

On the basis of contemporary records with use of scientific methods the overall picture of an exclusive contribution visible public and the statesman Sultanbek Kozhanov in formation and development of idea of national independence in the Soviet power period is restored. S. Kozhanov's communication with the Alash movement is shown, his political foresight in updating of the content of socio-political ideas of this movement and merit in formation of national statehood being the secretary of the Kazakh regional committee. Together with it the article deals with the conclusions and conclusions supplementing methodical bases of personalism, analysis of the new facts and materials opening features of interpersonal communications of S. Kozhanov is carried out.


Keywords: Sultanbek Hodzhanov, Alash movement, idea of national statehood, parameters of an assessment of the historic figure.




Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет