Түркістандағы патша әкімшілігі шенеуніктерінің әлеуметтік құрамы



Дата13.07.2016
өлшемі67.18 Kb.
#195812
Түркістандағы патша әкімшілігі шенеуніктерінің әлеуметтік құрамы
Назарова А.А.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті
Биліктің отарлық жүйесінің ең жоғарғы буынына Түркістан генерал-губернаторлығы мен облыстық басқармалардың кеңсе шенеуніктері кірді.

Түркістан генерал-губернаторлығы кеңсесінің құрамына кеңсе басшысы, оның көмекшісі, аға және кіші іс жүргізушілер, есепші мен қызметтік баспалдақтың ең төменгі сатысында орналасқан және негізінен «техникалық» роль атқаратын ұсақ кеңсе шенеуніктері кіретін.

Кеңсе шенеуніктерінің арасында тек қана ерекше орынға оның басқарушысы ғана жататын. Бұл қызметке көбіне Түркістан аппараты басқармасында немесе Ресейдің өзге де губернияларында жоғары лауазым иелері болған тұлғалар арасынан тағайындалынатын. Негізінен бұлар ранг табелі бойынша V класстан төмен емес шен иелері патша генералдары немесе полковниктері болды (А.К. Гейнс. А.И. Гомзин, П.П. Каблуков, Н.С. Щербинский, К.А. Нестеровский, М. Бродовский, Г.П. Федоров, В.А. Мустафин және т.б.).

Түркістан генерал-губернаторлығы кеңсесінің шенеуніктерінің формулярлы тізімін талдай отырып, олардың шығу тегі мен алған біліміне талдау жасадық.

1870, 1902 және 1916 жылдардың салыстырмалы мәліметтері төмендегідей көрсеткіштерді көрсетті (1 - кесте):
Кесте-1. Түркістан генерал-губернаторлығы кеңсесінің шенеуніктерінің шығу тегі туралы [1]


Шығу тегі

1870ж.

1902ж.

1916ж.

Дворяндар

16

20

24

Обер-офицерлер мен діни басқарма балалары

7

6

2

Алуан шенділер

17

18

23

Шығу тегі анықталмаған тұлғалар

1

-

7

Шығу тегін талдау шенеуніктердің көпшілігін бастапқы кезде дворяндар құрады, бірақ кейін біртіндеп олардың саны кеміп, алуан шенділер үлесі артқан. Соңғыларына кластық шені жоқ кеңсе қызметкерлерінің, майда қызметкерлердің, әртүрлі тап өкілдерінің балалары жатты. Әдетте, олар шенеуніктердің адалдау категориясы болып табылады [2, 25 б.].

Кеңсе шенеуніктерінің білім деңгейіне тоқтасақ: азаматтық қызмет бойынша шенге өткізу тәртібі туралы ереже «барлық шенеуніктерді білімі бойынша үш разрядқа бөледі: жоғарғы, орта және төменгі білімді немесе үйде білім алғандар. Төменгі білімдігілер әдетте, гимназияның шетел тілін оқытпаған төрт сыныбын құрайтын үйездік училищені бітірсе, ал үйден білім алғандарға грамматика мен арифметиканың төрт ережесін білетіндер жатады»[2, 33 б.].

Кеңсе шенеуніктерінің көпшілігінің білім деңгейі төмен болды. А.И. Добросмыслов атап көрсеткендей «жоғары білімділерді кеңсеге қызметке алудан қашады. Көпшілігі төмен білімдер. Осы кемшілік кең дүниетанымды қажет ететін маңызды мәселелер шешуге әсерін тигізіп отырды» [3, 453 б.].

Кеңсенің коллеж регистраторынан құпия кеңесші шеніндегі барлық шенеуніктері жоғары жалақылы болды. Кеңсе басқарушысының жалақысы жылына 5000 рубль[ 4, 1-п.], кейін 1876 жылы 7000 рубльге дейін өсті, бұл ресейдің ішкі губернияларымен салыстырғанда бірнеше есе жоғары болды [5, 10-п.].

Облыстық басқарманың штаты ХХ ғасырдың басында 42-43 адамдай болды. Шамамен облыстық басқарманың барлық мүшелерін жалақымен қамтамасыз етуге жыл сайын 59950 рубль жұмсалатын [6, 17-19-пп.].

Граф К.К. Паленнің ревизия материалдарында Облыстық басқарма шенеуніктерінің білім деңгейіне қатысты мынадай фактілер келтіріледі. Вице-губернатор, яғни облыстық басқарманың төрағасы үйездік училищені аяқтаған, ал қалған шенеуніктердің жоғары білімі бары — 8, орта білімдісі — 9, бастауыш білімі бары — 14, үйден хат танығаны— 5. Жоғары білімі барлары: Облыстық басқарманың екі кеңесшілерінің бірі, аудармашылардың бірі, кіші архитектор, су жүйесін меңгеруші, статистикалық комитеттің хатшысы, ерекше тапсырмалар бойынша кіші шенеунік, құрылыс бөлімінің бастығы және оброктық статья бойынша шенеунік.

Басқармадағы 36 шенеуніктің 14-і қазақ тілімен таныс болған. Шенеуніктердің 28-і бұл өлкеде 10-жылдан астам, 3-і бес жылдан астам, ал 5-і бес жылдан кем қызмет жасаған.

Шыққан тегі жағынан: дворяндардан — 3, көпестерден — 1, шенеуніктің отбасынан —6, мещандардан — 7, діни атағы барлардан — 5, казактардан — 7, шаруалардан — 7.

Шенеуніктердің жергілікті тұрғындардан шыққаны бар болғаны 8, олардың екеуі ғана тілмаш қазақтар, ал басқа өлкеден келгендері 28, олардың жартысы, яғни 14-і Сібір мен Дала облыстарынан [7, 70 б.].

Басқару мекемелерге қатысты әлеуметтік тұрғыда патша үкіметі шенеуніктер Түркістанда тұрақтап қалу үшін оларға қолайлы жағдай жасауға тырысты. Үкімет жарлығымен барлық орыс шенеуніктеріне бес жылдық қызмет үшін негізгі жалақының 20 пайызын құрайтын, он жылдық қызмет үшін 40 пайыз, он бес үшін 75 пайызын құрайтын қосымша жалақы тағайындалды. Түркістанда жиырма жыл қызмет еткен шенеуніктер жалақының жартысына тең, ал жиырма бес жыл үшін бір жалақы көлемінде зейнетақы алды [ 8, 10-п.].

Демалыс жыл сайын 28 күнге, 2 айға - бір жарым жылда бір рет, 4 айға - 3жылда бір рет, онда да өлке аумағынан шықса берілді.

Жоғарғы шенді шенеуніктер қысқы және жазғы үй -жаймен, отын-сумен, қызметшімен қамтылды, ал Түркістанда үздіксіз он жыл қызмет атқарса, темір жолмен тегін жүру құқығына ие болды [ 8, 10-п.].

Үйездік шенеуніктердің құрамына тоқталсақ, бұларды патшалық саптағы әскери штабс-капитандардан бастап полковник шеніне дейінгі офицерлер құрады.

Үйез басшыларының қызметтік тізіміне талдау жасау барысында олардың Ресейдің ішкі губерниялары Санкт-Петербор, Мәскеу, Минск, Екатеринслав, Каменск-Подольск, Самара, Пенза және т.б. губерниялардан шыққан дворяндық таптан екендігін көреміз. Білімдері жоғары және әскери орта екендігін және олар Михайловск Артилерия училищесі, Варшава жаяу әскер-юнкерлік училище, Санкт-Петербор, Нижегородск, граф Аракчеев және Орынбор әскери гимназиялары мен прогимназияларының, Константинов, Павлов, Александров әскери училищиесінің және т.б. түлектері екендігін көреміз. Университеттерде жоғары білім алғандар туралы мәлімет кездеспейді [9].

Үйез басшыларының көмекшілері мен учаскелік приставтар – дворяндар, мещандар мен дін өкілдері секілді әртүрлі таптан шыққандығын және олардың арасында әскери училищесін толық бітіре алмаған, бірақ Түркістан Әскери Штабы жанындағы офицерлер дайындау емтихандарын бітіре алғандығын байқаймыз [10]. Қызметтік тізімдердің көбінде олардың тұрмыстық жағдайы, шығу тегі немесе «жаңадан сатып алған» жерлері туралы мәлімет көрсетілмеген. Бары тек үйез басқармасының шенеуніктерінің жылдық жалақысы ғана. Осы деректерге көз салсақ, Түркістандағы үйез басшысы орташа есеппен жылына 4 мың рубль алған [10, 54-п.]. Бұл Ресейдің ішкі губернияларындағы дәл осындай лауазым иелерінің жалақысынан 10 есеге жуық артық болатын [11, 74-п.].

Патшалық үкімет болыс басқарушылары мен ауыл старшындарына ең алдымен төменгі полицейлік орган ретінде қарады.

Ал жергілікті әкімшіліктің білім деңгейіне келер болсақ, бұл мәселеге биліктегілер өте жеңіл, «түземдік лауазым иелерінің ешқандай да білімін тексерудің қажеттілігі жоқ» [12, 35 б.],- деп қарады. Шала сауатты адамдармен әкімшілік байланысқа түсіп, оларға өз айтқанын жүргізу мейлі тілмаштар арқылы болса да ыңғайлы болып табылды. Жергілікті әкімшіліктің көзсіз бағыныштылығы мен айтқанынан шықпайтындығы патшалық билік үшін барлық басқа ойлардан маңыздырақ еді.

Болыстық және ауылдық старшындар мен бұл қызметтерге үміткерлерге сайлауға түсушілерге жас бойынша – 25 жас, ал халықтық соттарға – 35 жас талабы қойылды. Бұл шарттың орындалуы, бұрын-соңды сотталғандығы бар-жоғын анықтауға да іс жүзінде өте көп қиындықтар туғызды, өйткені не туылған күні, не бұрын-соңды істі болған-болмағаны туралы жазылған құжаттар жүргізілмеген еді. Тек әскери-әкімшілік жүйенің енгізілуімен осы мәліметтер мен табысы туралы декларация жергілікті әкімшіліктің арнайы формулярларына немесе қызметтік тізіміне енгізіле бастады.

Болыс басқарушысына жылдық жалақы көлемін болыстық съез тағайындайды. Көбіне бұл сома жылына 300-500 рубльден аспайтын. Писарьлар мен тілмаштарды жалдауға жылына 200-400 рубль көлемінде бөлінді. Ауыл старшындары мен олардың көмекшілеріне ауылдық кеңесте жылына 200 рубльден аспайтын көлемде жалақы тағайындалатын.



Жергілікті әкімшіліктің шығындарын болыс тұрғындарының мойнында болатын және бұл ауыр тиетін. Мысалы, Қазалы үйезіндегі жергілікті әкімшіліктің шығындары 1868 жылы 10550 рубльге тең болса, 1878 жылы бұл сома 20050 рубльден асып жығылған. Перовск үйезінде жоғарыда көрсетілген жылдары тиісінше 14080 рубльден 38880 рубльге дейін өскен [13, 9-10,11-пп.]. Дәл осындай жағдай Түркістанның басқа да үйездерінде орын алып жатты.


  1. Кесте 1.ӨР ОММ. И-1-қ., 20-т., 2439-іс, 1-3-пп.; 2295-іс, 40-42-пп.; 33-т., 295-іс, 93-101-пп.;

  2. Ерошкин Н.П. История государственных учреждений дореволюционной России. - М.: Высшая школа, 1983. - 351 с.

  3. Добросмыслов А.И. Ташкент в прошлом и настоящем. - Т.,1912.- 520 с.

  4. ӨР ОММ. И-1-қ., 20-т., 468-іс.

  5. ӨР ОММ. И-1-қ., 28-т., 423-іс.

  6. ӨР ОММ. И-1-қ., 27-т., 1525-іс.

  7. Қойгелдиев М.Қ. Жетісудағы Ресей билігі (ХІХғ. - 1917ж.). – Астана: Елорда, - 2004. – 215 б.

  8. ӨР ОММ. И-1-қ., 33-т., 212-іс.

  9. ӨР ОММ, И-19қ.,1-т.,3259-іс, 50,51-п.; 5645-іс,7-9п.; 3259-іс,50-п.; 9092-іс, 41-48-п.; 4817-іс, 68-п.; И-18қ., 1-т., 3262-іс, 34,52,253-пп.; 3669-іс, 245-п.; 3262-іс, 34-п.; 3060-іс, 3-4 п.

  10. ӨР ОММ, И-19қ., 7617-т., 4-іс, 37-п; 9037-іс; 38-п.; 4917-іс., 46,52-пп.

  11. 39ӨР ОММ, И-18қ.,1-т.,3262-іс.

  12. Отчет по ревизии Туркестанского края, произведенной по Высочайшему повелению Сенатором Гофмейстером Графом К.К. Паленом. Сельское управление: туземное и русское. - СПб., 1910. - 226 с.

  13. ӨР ОММ, И-17қ.,1-т.,3689-іс.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет