Тұрсын Құдакелдіұлы ЖҰРТБАЙ,
Жоба жетекшісі, филология ғылымдарының докторы,
профессор.
«ӨМІР ІШІНЕН – ӨЛІМ, ӨЛІМ ІШІНЕН – ӨМІР ІЗДЕГЕН...» ЖАНКЕШТІЛЕР
І.
Міне, ойға алған, Біртұтас алаш идеясының тарихи заңды жалғасы, қазақтың ұлт-азаттық көтерілісінің құрамдас бір бөлігі ретінде қарастырылған, Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысы туралы әуелде бес том ретінде ойластырылып, тіршілік талабына орай үш томмен беті қайырылып отырған басылымның да соңғы бетін жабуға тура келіп отыр. Әр қоғамның, әр ұлттың, әр мемлекеттің, әр түрлі көзқарас иелерінің мүддесі мен қарама-қайшы пікірлері тұрғысынан талданатын бұл тарихи оқиға қақындағы қағидалар мен тұжырымдардың барлығын қамту, әрине, мүмкін болмады. Соны түсіне отырып, осынау бір бақ-талайсыз, тағдырлы, «ұмытылған мемлекеттің» тарихына тікелей қатысты ұстаным тұспалы тоғыспайтын идеологияның ықпалымен, әр қилы көзқараста жазылған қазақ, қытай тарихшылары жүргізген ғылыми зерттеулер мен жылнамалар (хроника), ұлттық қозғалысқа тікелей қатысқан төңкерісшіл тұлғалардың естеліктері мен деректі жазбалары, саяси қайраткерлердің пікірлері мен жеке адамдардың күнделіктеріндегі ойлар оқырман назарына ұсынылды.
Ал осынау тағдырлы тарих пен азаттық аңсаған көштің жанкештілерінің тіршілік тауқыметі, арман-мақсаты, аңсары, «өмір ішінен – өлім, өлім ішінен – өмір іздеген» аңсары суреттелген көркем дастандар мен шежірелер, күнделіктер мен жазбалар арнайы жинақ ретінде екі том болып дербес дайындалып отыр. Оны тарихи пайымдауларға қоспай жеке жариялауды жөн көрдік. Зады ол күн де алыс болмаса керек. Сол туындыларда Шығыс Түркістан тарихынан орын алған 400-ден астам көтерілістің (Ж.Бабалықтың мәліметі) ұлт-азаттық бұлқынысының толайымы мен тәлейі, тауқыметі мен талайы, қасиеті мен қасіреті, өкінішке орай, біртұтас ұлт-азаттық майданнан азаматтық соғысқа айналып кеткен аласапыраны араласқан үмітті көз жасының айғыздалып кепкен сорасы, жанкешті ғұмыры барынша ащы шындықпен баяндалған. Зерттеулер мен жылнамаларда қамтыла бермейтін, бірақ кей тұстарда тарихи оқиғаның бетін оңды-теріс бұрып жіберген себептер мен салдарлар, мінез бен жағдай билеп кеткен бұлтарыстар мен қалтарыстар ашылады. Оларды бұл арада талдап жатудың реті бола қоймас. Тарихи оқиғаны көркем талдау – дербес тақырыптың аясы болса керек.
Алайда ұзын ырғасы он томнан асатын «ұмытылған мемлекеттің тарихы» туралы қазақ, қытай, орыс, татар, ұйғыр, монғол, ағылшын, түрік, өзбек, қырғыз тілдеріндегі зерттеулер мен мақалаларды, естеліктерді, мұрағат деректерін оқып шығып, басылымға іріктеп дайындау барысында және аяқтау тұсында, іздеген сұрақтарға жауап алудың орынына, қосымша және бұрынғыдан да терең әрі талқылы сұрақтар көңілімізде ұялап қалды. Бүгін елеусіз көрініп, ескерусіз қалғандай көрінген Шығыс Түркістанға қатысты геосаяси мәселені түптің түбінде Қазақстанның шүйіле зерттеуіне тура келетініне еш күмәнім жоқ. Осы өлкедегі ұлт-азаттық көтерілісіне тікелей ықпалы мен қатысы болған Қытай, Ресей, Америка, Жапон, Монғолия, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Индия, Пакстан, Түркия мемлекеттерінің де саяси көзқарастары қорытылып, 1945 жылғы – Америка, Англия, СССР – үштігі мен сол жылғы 14 тамыздағы СССР мен қытайдың Чан кайши үкіметі арасындағы келісімдерінен бастап, 1949 жылғы ұлт көсемдерінің ұшақ апатынан қаза табуына дейінгі аралықтағы талай құпиялардың ашылатынына сенемін. Өйткені тарихтың шығыршығы бұл оқиғаны еске түсіретіндей кеңістікке заманнан заман озғанда қайта айналып оралатыны анық. Сол тұста тарихшылардың ой екшеуіне мүмкіндік берсе – жоба мақсатының орындалғаны.
Ал әзірге айтарымыз, тарихи тұжырым мен қорытынды пікірді кейінгі толқының еншісіне қалдыра отырып, өзіміздің көңіл ауанымызда көлеңкесі қалған кей тұстарға ғалым ретінде емес, жазушы ретіндегі алған әсерімді баяндай кеткім келді. Онсыз бұл басылым аяқталмай тұрғандай сезілгенін жасырғым келмейді.
Діттеген мақсат жүзеге асырылғандай болған тұста неге мұндай сауал сарсаңына түстім? Мәселе өзгеде емес, тура менің өзімнің өмір жолымда, яғни, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап құшақтарына кіре араласқан осынау тұйық көтерілісті басынан кешірген, жоғарыдағы үш томдық жинақта аттары аталған жанкешті адамдардың тағдырында екен. Бесігімді тербетпесе де, көңіл бесігін тербетіп, маған беймәлім ұлт тағдырына қатысты өмір есігін айқара ашқан бұл адамдардың түгелі де Шығыс Түркістан ұлт-азаттық көтерілісінің ұйытқысы мен қормалы еді. Қайын атам – Сейіт Дүрімбайұлы Итемір осында айтылған партизандардың қатарында болған, Алтайдағы арпалыстың ішінде елу алтыншы жылға дейін болған орман технигі, ал енеміз – Күлғасыл Әлімғазықызы мен осы жинақтарда көтерілісті ұйымдастырушылардың қатарында аталатын қайын ағамыз Балхаш пен Закария Әлімғазыұлы Бафиндер – Баспай Шолақұлы Бафиннің немерелес туыстары еді. Ұлт-азаттық көтерілістің Тарбағатайдағы көсемі ретінде танылған Дубек Нұртазаұлы Шалғынбаевтің де кіндігі бізден алыс емес болатын. Ақын, аяулы аға Нүкеш Бәдіғұл мен Несіпбек Айт, Нұрғазы мен Сәмед ағаларым құдалықтың тізгінін ұстағаннан бастап Шығыс Түркістан деген сөздің олар үшін құдіретті де қасиетті, киелі ұғым екенін терең сезіне бастадым. Менің де ойыма ұлт-азаттық идеясы сіңіп, соңы шығармашылық ауаныма айналды. Олар орайына қарай Алматыдағы Совет және Талғар көшелерінің қиылыс қалтарысындағы бір жылдары Ұзақбай Құлымбетов тұрған жатаған екі бөлмелі үйде жиі бас қосатын.
Олар: Шығыс Түркістан армиясының полковниктері мен подполковниктері, прокурорлары мен сот төрағалары, әкімдері мен оқу-ағарту қайраткерлері – Жағда Бабалық, Балқаш Бафин, Қалдыбай Қанафин, Абдолла Тұрлыбаев, Ахметқали Бітімбаев, Мұсылманбек Төгісов, мәдениет министрі Бұқара Тышқанбаев, ұлт-азаттық армиясының аррмиясы бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Зұнұн Тайыпов, атақты монғол атты полкінің командирі, халық батыры Ерде, көтеріліс ақыны Юсупбек Мухлисов, Қабанбайдың тұқымы Перішше Сүлейменов, жауынгер-қызметкерлер Шаяхмет Тойкин, Шәуен Мәсәлімов, Қадыр Сәменов, Әнуар Төгісов, Ақас Садықов, Жәудет Мұхамед-Рахимов, Жүнісқали Сүлейменов, Ғалым Нөкіш, Жексембай Еділов, Баязит Ахметов, Құсайын Хиссамединов, капитан Найль Юсупов, жастар ұйымының жетекшісі Тұрсын Киізбаев, «Іле» газетінің редакторы Құрманбай Толыбаев пен кино сыншысы, қаламгер Аяған Сағаев, әнші Дәнеш Рақышев, Шығыс Түркістанның алғашқы жауынгер қыздары Сара Таңжарыққызы мен Карима Хафизқызы, уәли мекемесінің кеңсе хатшысы Райса Төгісова, Фаузия Садыри, Шаһадат абыстай, әнші Әмина Нұғыманова, Ғарифа апай, әйелдер қозғалысының қайраткері Фатима Ниқанбаева, Шәуешектегі алғашқы астыртын ұйым құрылған үйдің иесі Әубәкір Бабалық, алғашқы партизан ұйымы құрылған үйдің иелері Закария мен Сейіл Әлімғазыұлдары, Басбайдың ұлы Құрманқажы, қызы Самархан, күйеу баласы Масғұт Шафиғи, елуінші жылдары атылған Таңғыт үкірдайдың (аға сұлтан дәрежелі) ұлы Мейірхан мен Айыпхан, отызыншы жылдардағы Қашқар көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі, сол үшін ауыр жазаға бұйырылған Шәріпбайдың ұлы Зуфар Шәріпбаев, Іле көтерілісінің ұйымдастырушыларының бірі Жабықбай ақалақшының (аға сұлтан дәрежелі) келіні Фарида және Мүтән Абдуллин, жазушы Қабдеш Күдеріұлы Жұмәділ, тарихшы Лұқпан Бәдауанов, күйші Уәли Бекенов, қаламгер Ғалым Тыныбаев, сондай-ақ Ташкенттен, Фрунзеден (Бішкектен) анда-санда ат басын соғатын, Шығыс Түркістан қозғалысын қаржылай қолдаған атақты көпестер Шәнішевтің қызы – Ғарифа Шәріпбайқызы Шанышева мен Ыбырайым байбатшаның ұлы – Талғат, Рафхат Саиди, Хасен Хайбуллин, Құрбанғали Халидидің ұлы Масғұт Құрбанғалиұлы Халиди, Райхана Мұхамеджанқызы Халиди тағы басқалар еді.
Жадымда сақталмаған және ауызекі әңгімелескен қарапайым жауынгер адамдар қаншама десеңші.
Жасымыз бен жолымыз кіші болғандықтан да біз жанекшті сарбаздардың сырын босағада отырып тыңдайтынбыз. Әңгіме әзіл-қалжыңмен басталып, бірте-бірте тереңдеп, Шығыс Түркістанға ауысып, Уәли Бекенов пен Абылай Түгелбаевтің ән мен күйге, Әнуар Төгісовтің мандолиініне қосылған Райса апай мен Зуфар әбзидің жырларына ұласатын. Жағда Бабалықтың «Ер Тарғын» операсындағы ариясымен аяқталып, тұнжырап барып тарқасатын. Сол аралықта Шығыс Түркістанның әр оқиғасын талқыға салып, таразылайтын. Маған соның барлығы елес сияқты көрінетін.
Осы үш томдықты дайындау барысындағы деректермен таныса отырып, олар еске алып отыратын оқиғалардың шындығына көзім жетті. Оларға да қауіпсіздіктің мекемесінің тыныштық бермегені түсінікті. Тіпті менің өзімді де салпаңқұлақ еткісі келген пиғылдары да болды. Әйтеуір, ділімізге сеніп ол тұзаққа түспедім. Өкініштісі, айтылған жайлардың жаңғырығы ғана жадымда сақталып, ол естеліктердің барлығы нақтылап айтуға дерексіз әфсанаға айналып кетіпті. Енді оны орынына келтірудің орайы жоқ. Ол ағалардың денінің қабіріне топырақ салдым. Енді «дүниенің кезегі келіп», біз де төрге шығыпппыз. Әр кеш Жәркен Бөдештің сөзіне шығарған Абылай Түгелбайдың шеру екпінімен айтылатын:
Арылмай сор мен қырсықтан,
Жөргекте жатып тұншыққан.
Арманым болдың бұл күнде,
Аяулы Шығыс Түркістан!
Көз жасқа толы шарасың,
Қайғылы қайсар анасың.
Аңғалдық қылған батырсың,
Аңқаулық қылған баласың.
Сарбазың отыр түрмеде,
Егеудей тілі күрмеле.
Бұлбұлың отыр қапаста,
Жауларың сенің іргеде.
Арыстанмен алысқан,
Жолбарыспен жұлқысқан.
Қасіретім сенсің бұл күнде,
Көзімнің жасын ыршытқан,
Аяулы Шығыс Түркістан!, –
деп келетін «Шығыс Түркістан» әнімен аяқталатын.
Бұдан кейінгі көңіл-күйді айтпай-ақ түсінуге болады. Жазушы, баспагер Дидахмет Әшімханұлы Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық күресі туралы көп томдық басылымды дайындауды ұсынғанда ғылыми жобаға лайықтап, оны жүзеге асыруға келіскенімнің басты себебі де осы жайлар еді. Аздаған ғылыми дайындығым болса да іс барысында өте күрделі сұрақтарға тап болдым. Бұрынғы анық жайлардың тарихи астары қатпарланып, тереңдеп сала берді.
Ал көтеріліс туралы жазбалардың маған – жауабы мүлде күрделі де ауыр, жауапсыз сұрақтарды ұсынуы заңды еді. Түйсікпен түйгенімнен көрі астарлы мағыналар көбейіп кетті. Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық көтерілістің шығу себептері, қарулы көтерілістің тууы, дамуы, азат республика атануы, ұлттық армияның құрылуы, оның жеңіске жетуіне дейінгі қозғалыстың барысы Нұрғожай батыр жазғандай:
«Кейбір ағайындарымыз болса: – Көтерілістің басы дұрыс еді. Аяғы қате болды», – деседі. Расында да, көтерілістің басы дұрыс әрі ғылыми еді. Оның аяғын кім бұзып отыр?» (Азаттықың өшпес рухы. А Сардар 2008, 130-бет) – деген сұрағының мазмұны түсінікті.
Бірақ жауабы тылсым. Мәселе, Шығыс Түркістан республикасының президенті Әлиханның бір түнде қолды болып кетуінен басталып, Оспан Исламұлы мен Қалибек Райымбекұлының, Тәкіманның ұлттық майданды азаматтық соғысқа айналдыруы, республика туының жығылуы, көсемдерінің апатқа ұшырауы, кейінгі кезеңдегі саяси қудалаулардың түпкі астары – мен танысқан он томға жуық зерттеулерде де толық ашылмапты. Алтайдағы көтерілістің отызыншы жылдардың соңында ұшқын атқаны белгілі. Ал Нылқыдағы ұлт-азаттық қозғалысының басты ұйытқысын Нұрғожай батыр:
«Ресей 1944 жылы 7 қараша күні Құлжаның Нылқы шекарасынан қазақстандық Әнуәр полковник бастаған 2 000 армия адамын (әскерін – Т.Ж.) жасырын өткізді Осыдан кейін Ресей үкіметі бандит Шың шы цайдің орынына келген У жу шиге: «– Бізден 2 000 адам қашып өтті. Олар соғыстан қажыған әрі қашқан отан сатқындары, қылмысты элементтер еді. Осы адамдарды ұстап беріңіздер, – деп талап етті. Бұл не деген ептілік! «Құлжа қозғалысы» дейтін қозғалыс, міне, осы» (сонда, 125-бет), – деп көрсетеді.
Мәселе, қай аймақта қозғалыстың бірінші басталуында емес, оның бастапқы себебінде. Бұл уәж сол естеліктегі Дәлелханның Оспанның жасағына қосылғанда айтқан:
«– Мен елдің бәріне: « гоминдаң ұрлап әкетті.Үрімжіден қашып шықтым», – деген едім. – Мен, шынында, Алтайдың өзінен Ресейге өтіп барған едім. Ресей мені жасырын, зорлық қылғандай етіп алып кетті. Мені Ресейге апарып түрмеге саалып қойды
– Шың шы цай бізді алдады. Бізбен жауласты. Біз қару-жарақ береміз. Шың шы цайды құлатып, Шығыс Түркістанды сыртқы Монғолия секілді бір ел етіп алыңдар», – деді. Мен оларға мынаны айттым:
– Бұл қызмет менің идеямнан өтпейді. Мен, керей жөнінен айтқанда, аз ауылдың адамы едім. Менің туыстарым негізінен Монғолияда отыр. Алтай дегенде, керей дегенде ең көп ел – жәнтекей мен жәдік елі болады. Онан қалса – қарақас, молқы бар. Қозғалыс жасауға ұлт жанды адамдар болса, оның ішінде, әсіресе, жәнтекей елінен адам болса», – дедім.
Осы пікірім үшін екі айдай түрмеде жаттым. Түрме жазасы жаныма батқандықтан, төңкеріс істеуге мақұл болдым. Совет өкіметі мен Монғолия үкіметі:
– Шынайы көмек қыламыз. Жаң жие шы (Чан кай шы – Т.Ж.) көп ұзамай жеңіледі. Қытайдағы ішкі соғыстар өте көп. Олар осындай әлсіз болып тұрған кезінде қозғалыс бастап, Шығыс Түркістан да Монғолия сияқты ел болып кетіңдер», – деп үгіттеді. – Ішкі-сыртқы саясаттарыңды Монғолия сияқты өздерің біліңдер» – деген пікір айтылып еді.
Ақыры мен де мақұл болдым. 1942 жылы 20-қарашада, яғни, мен барғаннан кейін 71 күннен кейін: «Шығыс Түркістан – тәуелсіз ел» – деп жарияланған «Интернациональдың» жарнамасын (бағдарлама – Т.Ж.) алып келіп, мені бірнеше күн оқытты. Сонымен қатар 1943 жылы 2-қаңтардан бастап Шығыс Түркістан азат болғанша жүргізілетін (жұмсалатын – Т.Ж.) шикізат, товар, мал саудасының тармақтарын орыстар қздері түзіп әкеп оқып берді. Бұл тармақтарды мен табандап екі ай оқыдым. Бұдан басқа Шығыс Түркістанды ел етіп құрудың бір қанша саяси дәрістерін оқытты. Сонымен Оспан жайындағы болып жатқан қозғалыстардың ахуалын айтып тұрды. Халықаралық жағдайды әрдайым айтып, одан дәріс беріп отырды. Алтайдағы қозғалыстарды ұғып жатсам да, оған: тәуелсіз ел болуды жүзеге асыра алмайды – деп қарап келдім. Өйткені оның халықаралық жақта белгілі иесі жоқ. Орыстар 1932 жылы Шығыс Түркістан жарнамасын (бағдарлама – Т.Ж.) жариялап, Қожаниязды қолдаған болса да, соңғы кезде алдап кеткен еді. Сонымен бірге: Алтайдағы көп ел – жәнтекей. Оларға Көкен мен Тұпанның билігінен басқа орындар билік айтса, жәнтекейлер тоқтамайды. Сондықтан менің мұндай қиын жерде жұмыс істеуім қиынға түседі деп ойлап келдім. Қазір де мен сол ойымнан арылып кеткемін жоқ. Ең ақырда жарнама (бағдарлама – Т.Ж.) мен жазба тоқтамдарды оқып, Оспанның жетістіктерінің біраз ілгерілеп жатқандығын көріп, істесем – істейі деп келіп отырмын. Ендігі істерді сіздерге сүйеніп істеп көрелік, – деуші еді. Бірақ кейіннен Дәлелхан алғашқы мінез-құлқынан барған сайын алшақтап, Оспанды надан деп қарап, басқа билікті ж.ргізетін әдетке көше бастады. Міне, тағдыр – Оспан мен Дәлелхан арасына бқл мінезді әдейі алып келді» (сонда, 153-154-беттер), – деген сөзінде тарихи шындықтың шыжымы жатыр.
Жалпы алғанда, мұнда айтылған толық тәуелсіздік мәселесі түсінікті. Бірақ та СССР, Англия, АҚШ, Жапония және Чан кай шы мен Мао бастаған қытай үкіметтерінің әскери, саяси, экономикалық үстемдік пен қысым жағдайында, солардың империялық мүддесіне орай шайқалып саяси сақнаға шыққан Шығыс Түркістан республикасының өмір сүруі мүмкін бе еді? Егерде: 1945 жылғы 14 тамыздағы Сталин мен Чан кай шының келісіміне дейін және одан кейінгі екі жылғы өліарада Оспанның қосыны мен Шығыс Түркістан армиясы өзара үш жыл қатарынан қақтығыспай, бір майданды бетке алғанда, мейлі социалистік жолға түссін, бәрі бір, Шығыс Түркістан тәуелсіз де тиянақты мемлекет құрып үлгерер ме еді? «Біріккен ұлттар ұйымының қарарына сәйкес Ресей, Америка, Англия, Қытай мемлекеттерінің сыртқы істер өкілдері 1945 жылы 3 қарашада Манас өзеніне кеп ту тікпесе» (сонда, 131-бет), шарасыз күй кешкен саяси тосқауыл қойылмаса, мүмкін еді ғой?, – деген дәмелі ой мені қатты мазалап, соған жауап іздедім.
Шет елде ағылшын тілінде жарияланған еңбектерде де бір жақты қамтылыпты. Ал Хасен Оралтай ағамыз «Елім-айлап» өткен өміріндегі» пайымдауларында:
«1945 жылдың жазында Оспан батыр қосындары Алтайды қытайдан түгел құтқарып, азат етті. Өзі Алтайдың уәлиі болып тағайындалды. Оспан батыр алғашында Әлихан төре басқарған Шығыс Түркістан жұмхұриетінің үкіметін толық қостады. Бірақ қытайға шабуылдау ісі кенет доғарылып, Үрімжіде келіссөз өткізіле бастасымен, әсіресе, "Шығыс Түркістан жұмхұриеті" деген атауға тиым салынып, «Үш Аймақ төңкерісі», «Үш Аймақ үкіметі» деген атау шығып, Әлихан төре де сахнадан тайдырылуымен Оспан батыр өзі «орыстың ойыншығы», «қуыршақ» деп атаған бұрынғы Шығыс Түркістан жұмхұриетінен іргені аулақ сала бастады. Бұл Оспан батырдың және дәл соған мезгілдес Қалибек хакімнің тәуелсіз Шығыс Түркістан үкіметінен емес ... «Үш Аймақ үкіметінен» іргені аулақ салып, коммунизмге қарсы күрес бастауы еді. Сонымен, Оспан батыр «орыстың қуыршағы» «Үш аймақ» үкіметіне қарсы қарулы күреске кірісті. Бұл арада ол бұрынғы жауы гоминдаң үкіметімен ымырласуға да мәжбүр болды. Оспанның, сондай-ақ, Қалибектің олай ығысуына коммунизмнің ызғары әсер етті. Өйткені, Оспан батыр да, Қалибек хакім де коммунизмнің Қазақстанда салған жауыздық ойранын жақсы білетін-ді. Сол үшін де олар «суға кеткен тал қармайды» деп, гоминдаңдық қытай үкіметімен ымырласудан басқа шара таба алмаған-ды», – деп мәселеге басқаша баға береді.
Тарихтың өзі берген мүмкіндікті пайдалана алмаған республиканың тұйыққа тірелу мәселесінің ашық қойылуы – «ұмытылған мелекеттің» тағдырына қатысы бар алпауыт мемлекеттер мен ұлттардың көңіліне келмейді, бүгінгі саясатына іріткі салмайды, – деп ойлаймын. Өз тарихындағы 400-ге тарта көтерілістен сабақ алмаған бұл қандай ұлт-азаттық қозғалысы? Мен түгілі сол оқиғалардың тікелей ұйымдастырушыларының бірі болған Пәтхан Дәлелханұлы Сүгірбаевтің естелігіндегі:
«Есте қалғандардың» екінші бөлімінде Оспанның әрбір тарихи кезеңдегі саяси тұрғысы жөніндегі көзқарастарымды баяндадым. Бұлай жазуыма біз өмір сүрген қоғамдағы кейбіреулер Оспанды: «Тума банды», – дейтін; енді біреулер: «Оспан әуел бастан бастап ақыр соңына дейін дұрыс істеген адам», – дейтін; ал көп сандылар: «Оспанның іс-әрекеті түрліше дәуірде түрліше сипат алды», – дейтін идеялық аңыстардың (мұндай аңыстағылардың арасында – түсінбейтіндер де, сезіміне бой алдыратындар да, бұрмалайтындар да бар) белең беріп келе жатқаны себепші болды. Оспанның 1946-жылдан кейінгі гоминдаң керітартпашыларымен қарым-қатынасындағы жәйіттерде: сол кездегі объективтік себептердің салдарынан қазірге дейін мен біле алмаған, біле алуым мүмкін де болмаған жайлардың аз еместігінде дау жоқ. Сондықтан да, кезінде басы-қасында болған немесе басы-қасында болғандармен жанай жүрген, хабары бар жолдастардың толықтыру пікірін күтемін. Мен ортаға жайып салған фактілер мен көзқарастар жөнінде түрліше пікірде, көзқараста болушылар болса, олардың да шындық тұрғысынан негізделген өз пікірлері мен көзқарастарын айтуын шын ниеттен тілеймін», – деген сөздердің астарында үлкен мән және айтылмаған, ашылмаған шындықтардың емеуіріні жатыр.
Ақыры осы сұрақ маған тыныштық бермей, өзіме сыралғы, тоқсан екі жасқа келіп, «бетін теріс бұрып отырған» (өз сөзі) Жағда Бабалықұлының шаңырағының табалдырығын аттатты. Мүбәрәк тәтеміздің қолынан дәм татқан отаудың ыдыс-аяқтары да иесін сағынып қалғандай екен. Қайран, қарттық! Бәрі де түсінікті. Орынсыздау болса да әзіл айтып бастадым сөзімді. Оның алдында Іле қазақ автономиялы облысының сол тұстағы бас прокуроры Қалдыбай Қанафиннен де «саяси кеңес» алғам. Ұзақ үнсіздіктен соң танысып, тез түсінісіп, сенісе араласқан Хасен Қалибекұлы Оралтаймен естеліктерінде қамтылмаған, әдібі ашылмаған емеуіріндер туралы сырласа пікір алысудың реті келмеді. Әсіресе, шет елдегі құжаттар туралы «бұйымтайларым» көп еді. Осы әңгімеде қозғалуға тиісті, бірақ дегбірсіз уақыт пен дегбірлі сырқат айтқызуға мүмкіндік бермеген жайларды осынау дегдардың ғұмыр жолын қосымша деректермен салыстыра отырып Жағда Бабалықұлына берілген өмірбаяндық мінездемені келтіру арқылы толықтыруды жөн көрдім.
ІІ.
Ақылы сергек, ойы тың, қимылы ширақ, әлі де елім деп жанып-күйіп отырған осынау дегдар тұлғамен ұзақ, бірақ толық мағлұмат алу үшін өте қысқа уақыт әңгімелестім. Жаңа ғана ауруханадан шығып, жазылмас дерттің тырнағына ілінген аяулы азаматты ойының ұшығынан жаңылдырмас үшін балалығынан бастап жәй әңгіме ретінде баяндап беруді өтіндім.
«Жағда Бабалықұлы 1922 жылы 21-ші желтоқсанда қазіргі Іле қазақ автономиялы облысы, Тарбағатай аймағы, Толы ауданы, Жайыр тауы, Құжыртай (Ұты) жерінде дүниеге келген. Қазақ, найман, қаракерей ішінде семізнайман елі, руы – қасқа. Бастауыш, орта (гимназия) мектепті Шәуешек қаласында оқыған. Үрімжі қаласындағы Шыңжаң институтында педагогикалық білім алған».
Жағда Бабалықұлы: – Менің әкем 1860 жылы, Ресей мен қытайдың шекарасы белгіленбей тұрғанда, яғни, қазіргі Шығыс Түркістанның үш аймағы қазақ жерінің әлмисақтан бергі ата мекені боп тұрған кезде туған. Ағайынды Оқыбай мен Дүрімбай қажылардың, Жиекбай бидің, Әбдірахманның апайы Шәкеттен Бабалық он екі бала көрді. Үлкен ұлы Құсайыннан – он бір, Оспаннан – он тоғыз (!), Әубәкірден – тоғыз, менен – екі бала өсіп-өнді. Төрт қыз, екі ұл тоқалынан тарайды. Садық қазір де бар. Ұзын-ырғасын алғанда қазір бір Бабалықтың өзінен 180 төл тарап отыр. Ол кісінің қазаққа қосқан үлкен үлесі осы. Ал өзі шекара бөлісінен кейін саудамен айналысқан. Әкем Бабалықтың мына әңгімесі есімнен кетпейді. Ол маған өзінің кәсіпті қалай бастағаны туралы:
– Екі елдің шекарасы ажыратылған соң Шәуешекке келіп, таяғымды қолыма ұстап алып жұмыс іздедім. Базардағы жұмысшы жалдайтын жерге барып, топты адамға келіп жөнімді айттым. Маған жылы қабақ танытқан ешкім бола қойған жоқ. Көңілсіздеу басып кетіп бара жатыр едім бір адам артымнан дауыстап қуып жетті. Сөйтсем, атақты көпес «Шәнішевтің сабын зауотының» қожайыны Рамазан Шәнішев деген кісінің өзі екен: «Қара жұмыс істейсің. Сабын қайнатасың», – деді. Кәсіп үйренуге жаным құмар болғандықтан да мен неге болса да мақұл едім. Үлкен қораға кіргізді. Қораның іші толы қотыр-қотыр сабын қайнататын қазан. Отынды, қойдың құйрық майын өлшеп береді. Әр нәрсенің өз өлшемі бар. Майдың шыжығын қазаншыға береді. Мен еріткен май өзінің айтқан өлшемімен дәл шықты. Отын да (қи) үнемделіп қалды. Уақыты да созылған жоқ. Маған: «Есің бар екен», – деді. Қойшы, екі-үш қазан қайнатқан соң мені әлгілердің топ жетекшісі етті. Одан жұмысшылар жатағының бастығы болдым. Ептілігімнің арқасында көзге түстім. Енді өзінің жеке қора-қопсысына қараушы, күтуші етті. 2-3 аты бар, соны баптап, күттім. Одан үй-ішін күтуге, тазалауға ауыстырды. Кілемін тазалап жүріп соның арасында қалып қалған тиындарын, теңгесін өзіне қайтарып беріп жүрдім: «Адал екенсің», – деді. Содан беделім өсіп, Рамазан қажының шаруашылығын жүргіздім. Үш жылдан кейін батасын алып, өз бетімше кәсіп қудым. Үш жылғы еңбегіме тарақ, түйреуіш, сабын сияқты ұсақ-түйек, бір күрең қасқа ат, бес қанатты киіз үй сатып алдым. Содан кейін аяғым үзеңгіден түскен жоқ, – дейтін..
Содан кейін Семейдің можандарына (ағаш шеберіне) арба жасатып, сонымен Семей – Шәуешек – Шиху – Турфан – Хами – Күшәр арасына сауда жүргізген. Түйелі адам болса керек. Бабалықтың түйесі «манжуран» деген дала капустасы өсетін Толы ауданының Өндірбүйрегін түгел алып жатады екен. Бабалық 1937 жылы дүниеден қайтты. Сүйегі – Толыда.
Бабалықтан туған балаларының ішіндегі ел сәлем бертін белдісі, шешені, айтысқа да ебі бар ұлы – Құсайын болды. Ол атақты Шәріпқан мен қызайдан шыққан генерал Әбудің бажасы еді. Екі әйелінен он екі бала сүйді, он бірінің ізі бар. Ал Оспан сауатты адам еді, ол мал шаруашылығын кәсіп етті. Оған 4 000 қой, жүздеген жылқы мен қос-қос түйе бітті. Ал Әубәкір саудамен айналысты. Сауатты, істің жөнін білетін. 1945 жылдан бастап кеңес одағының Шәуешектегі консулының жанындағы «Азаматтық қоғамның» шаруашылық ісінінің жауапты жүргізушісі болды. Қарамағында – 20 мың қой, 10 мың сиыр, 40 автомашина болды. Соны саудалап Шәуешек – Пекин – Шанхай – Семей арасында жүрді. Одан кейінгі ұл – менің өзім, міне, 92 жасқа келіп отырмын.
Өмірден азын-аулақ бірдеме көрген сияқтымын. Соған орай түйгенім де болса керек. Әкемнің көзі қарақты, молда ұстаған адам еді. Мен сол молдадан, шеруші Әріпбай молдадан усусул-қадыми үлгісінде (көне араб емілесі) сауатымды аштым. Әулиесымақ адам еді. Дәрісті кеудесін ұрып-ұрып жіберіп бастайтын. Одан кейін усусул жәдидті де тез меңгердім.
Бұл кезде Шәуешекте мәдениеттің туы желбіреп келе жатқан, халық мәдени өркендеуге жабыла бет бұрған кез еді. 1935 жылдары кеңес одағынан ауып келіп Толыға орналасқан татар молдасының Рифхат деген ересек баласымен таныстым. Ол үнемі мен түсінбейтін бір нәрселерді (формулаларды) шимайлап жатады. Таңырқай қараймын. «Бұл не?», – дегенімде, – «Бұл – есеп, математика», – деді. Мен: «Маған да үйрет», – дедім. Ол: «Тегін оқытуға болмайды. Не бересің?», – деді. «Қалағаныңда ал», – дедім. Осыны айтқанымда әкем маған бір ешкі мен бір қой берді. Мен оны Рифхатқа бердім. Ол маған математика үйретті. Ол кезде ызыңдаған дыбыстың өзін қағып алатын кезім. Қалт жібермей жадымда сақтадым. Ата заңы бойынша мені Оқыбай қажының қызы Ажарханға айттырып қойған. Бас қостық. Сол арада әкем қайтыс болды да оқуым үзіліп қалды. Шынын айтайын, басқа түскен жетімдіктің кесірі шығар, Ажархан мені менсінбей, мен де оны жатырқап жүрдім. Жеке отау болғандықтан да, амалсыз, еншіміздің есесіне жазда – егін қоримыз, қыста қора-қопсының жұмысы.
Содан 1937 жылы Шәуешекте төрт кластық мектеп ашылды деп естідім. Есі-дертім қалайда оқуға бару болды. Онда Шағантоғайдамыз. Ойымды інім Тұрсынға айттым. Ол да қатты құмартты. Не керек, Тұрсын екеуміз келісіп алдық та, белдеуде дайын ат болмағандықтан да, қоңыр өгізге мінгесіп, тоқсан шақырым жердегі Шәуешекке жасырынып қашып шықтық. Семіз өгіздің жүрісі өнди ме, тез болдырды. Түнде бір жардың қалқасына қондық. Інімді дағарға орап тастадым да, өзім болдырған өгіздің борбайына тығылып жатып жылындым. Емілдің бойында кіші шешеміз бар еді, сонда кеп бір қондық. Таңертең ерте тұрып елу шақырымдай қалған қалаға тарттық. Әубәкірдің үйіне келіп түстік. Соңымыздан қуа келген кіші шешеміз қояр да қоймай Тұрсынды қайта алып кетті. Мен қашып кетіп құтылдым.
Жоғарыда айттым, Әубәкір кеңес консулының шаруашылығын жүргізеді, сауда жасайды. Мен барғанда төрт мыңдай қойды Жеменейден шекараға өткізбек екен. Маған көмектесуді өтінді. Жеті күн жүріп Жеменейге жеттік. Одан қайтып келгенше желтоқсан болды, мектептің оқуы баяғыда басталып кетіпті. Барып едім, мені қабылдамай, қуып шықты. Содан қыстығып ал кеп жыламаймын ба! Осы Кариманың әкесі Хафиз аға мектепке мені өзі алып барды. Кеңсеге барысымен бағанағы мен қуып шыққан мұғалімге: «Ей, ана баланы оқуға алыңдар», – деді. Мүдір: «Қалай аламыз, мынауың соқталдай жігіт қой», – деді. «Өкінбейсіңдер. Бұл көп білетін бала», – деді. Сол арада менен сынақ алды. Мен төрт амалдан тұратын есепті түрегеп тұрған күйі ауызша шығарып бердім. Екінші сыныпқа қабылдады. Математикаға дайындығым жақсы. Бір айдан кейін үшінші сыныпқа көшірді. Рух көтерілді. Әде биеттен Махмұд мұғалім сабақ берді. 37-38 жылдары оқыдым. 39-жылы орта мектепке түстім. «Тұран» мектебінің 5-6 класын бітірген соң, гимназияға ауысып, 1939-1943 жылдары гимназияда оқыдым.
Арасында Шәуешектегі базарға шығып, қайыңның бір жағына арабша, бір жағына қытайша аттарын ойып жазып, мөр сатумен айналыстым. Ол кездері елдің бәрі өз мөрлерін ұстайтын. Кейіннен кітап түптеу кәсібін меңгердім, жұмысымның сапасы жоғары болғандықтан, көптеген мекемелер өз құжаттарын түптеуте маған тапсырыс беретін.
Оқуды игеріп, білімнің бағасын біліп, қанығып қалдым. Енді Үрімжіге барып, институтқа түсуге ұмтылдым. Тағы да Әубәкірдің саудасын саудалап Қашқарға бардым. Он екі ай жүріп қалдым. Енді Үрімжіге баратын арбакештермен, саудагерлермен сөйлестім. Ақша сұрады. Келістім. Төрт ат жеккен арба күніне жиырма шақырым жүреді. Мен арбаға отырмай алдында жүріп отырамын. 27 күнде Үрімжіге жеттім. Мен барғанда институттың студенттері сабақтарын аяқтап, емтихан тапсыруға шығып кетіпті. Олардың көбі қытай. Мені қабылдамады. Содан Ту деген профессорға жолықтым, ол маған жанашырлықпен қарады. Ректорға ертіп барды: «Осы баланы алшы. Ақысын төлеп оқысын» – деді. Ректор: «Та ма ды», – деп өтінішімді жыртып-жыртып тастады. Жыртылған қтінішімлі жиып алдым да Туға бардым: «Мені осы емтихан тапсыратын студенттермен бірге сынаққа қатыстырыңыз. Егер өте алмасам, өз обалым өзіме», – дедім. Емтихан алды. Ақырында мен әлгі іштей оқыған студенттерден де жоғары баға алып шықтым. Сөйтіп, институтқа түсіп кеттім.
1940-жылдан бастап Өр Алтайда ұлт-азаттық қозғалысы булыға бұлқына бастады. Біз де, яғни, Тарбағатай аймағы да мазасызданып тұрған. Екі-үш студент бас қосып, астыртын ұйым құрдық.
Достарыңызбен бөлісу: |