— Тұрсын Құдакелдіұлы, мемлекеттің және үкіметтің жастар саясатына қолдау көрсетіпе отырғанына көңіліңіз тола ма?
— Мен өз басым мемлекеттік жастар саясаты және соған арналған ұлттық не мемлекеттік шара бар дегенді естіген емеспін. Бар болса да оның пәрменділігін сезінбедім. Біз, тәуелсіз мемлекетімізді қалыптастыру тұсында еліміздің болашағы мен тамырын тікелей байланыстыратын буынды — жастарды ұмытып кеттік. Үйдің едені мен төбесі бар, ал соның ортасында қалған жастар бос хаоста қалды. Олардың санасын саяси тұрғыдан оятып, саяси көзқарастарын іріктеп, ұлттық танымын екшейтін, соған негіз қалайтын құрылым жоқ. Соның нәтижесінде бесіктегі баладан бастап, қазіргі 35 жастағы ұлт мүшелерін саяси дағдарысқа ұшыраттық. Жастар өз бетімен жол тауып, өз мүмкіндіктерінше өмір сүріп, жағдайы мен мүдделеріне байланысты шешім қабылдап, нарықтың қақпайымен өмірге араласып жатыр. Мемлекеттің және мемлекеттің саяси ықпалын тікелей сезініп өскен жоқ. Соның салдарынан мемлекетке мысқылмен қарайтындай дәрежеге жетті.
Мұндай бейтараптық, бейсаясаттық, бей-жайлық Америка, Еуропа елдерінде өткен ғасырдың 50-60 жылдарында жаппай көрініс берген болатын. Олар мемлекеттің қауіпсіздігіне, ұлттың келешегіне тікелей қатер төнгенін сезіп, қоғамның барлық қарама-қайшылықты тұстарын зерттеп, мемлекеттік идеологияны алдыңғы қатарға қойды. Жастарды жұмысқа орналастыру мен тәрбие ісіне аса ауқымды қаржы жұмсады. Нәтижесінде 10-15 жыл бойы жанталасты жұмыс жүргізіп, түбегейлі бетбұрыс жасады. Сонда да әлгі мемлекеттер бейсаясатың зардабын қаттты шекті.
Біз де бүгін сол жағдайды басымыздан кешіріп отырмыз. Жекелеген ведомостволарда, жоғары оқу орындарында, кейбір қалаларда жастардың қоғамдық ұйымдары құрылып жатқаны рас. Бірақ, ол ұйымдар бір үлкен мекеменің немесе қаржылы бір адамның, солар жұмсаған белсенді топтың ықпалында. Мұндай ұсақ қозғалыстар идеология, іс-қимыл жағынан да, қаржы мен саясат жағынан да соларға тәуелді. Ұлттық дәрежеге көтеріліп, мемлекеттік мүддені жүзеге асыруға пәрменсіз де дәрменсіз. Тіпті қабілетсіз.
— Сіздіңше, жастарға мүмкіндік беретіндей жағдайды ескере отырып, саяси жүйенің қай түрін қолданған дұрыс?
— Кез келген саясат өзінің түпкілікті мақсатын ашып айтып, шешімін түйіндеп, өз күшіне жастарды өзіне иіріп әкетуі мүмкін. Бұл уақытша көрініс. Түпкілікті беталыс емес. Ең бастысы — ертеңгі күнінің күнкөріс қамы: жұмысқа орналасу, пәтермен қамтамасыз ету, мамандық игеру мүмкіндігі анықталған жағдайда ғана мемлекеттік саясат пәрменді бола алады. Қазіргі жастар мемлекеттен бөлектеніп қалды. Мысалы: оларға қару алып, Отанды қорғаудың ешқандай қажеттілігі жоқ. Жер — оныкі емес, байлық — оныкі емес, тіл де ол сөйлейтін тіл емес. Ендеше Мацкевич үшін, Шодиев үшін, Ким үшін, Мадинов үшін, Терешенко үшін, Өтемұратов үшін қару ұстап, қан төгудің ешқандай қажеті жоқ. Олар үшін намысын шүберекке түймейді.
— Бүгінгі жастардың өзгешелігі неде? Олардың артықшылықтары мен кемшіліктерін немен түсіндіріп бере аласыз?
— Біздің жастарымыздың басты кемшілігі — рухани сауатсыздығы. Жоғары оқу орындарын тәмәмдағандардың қоғамдық білімінің деңгейі, бұрынғы жалпы орта білімнің ар жақ бер жағында. Өмірде бір-ақ нәрсені, бір мақсатты емес, бір ғана нәрсені көздеп, қалған қоғамдық құбылыстар мен қайшылықтарды көрмейді, көргісі де келмейді . Әркім өзім жетсем екен деп өз биігін ғага ойлайды. Бір шешімді ғана қабылдауға қабілетті. Өмір атты меңірку қабырғаны тесе ала ма, жоқ па? Бар уақыты соған кетеді. Сол өзімшілдік ұлттық бірлікке зиянын тигізуде. Ал, екінші адамның мүддесін ойлау оларда жоқ. Артықшылығы — өз пайдасын тез әрі жылдам табады. Ал бұл да үлкен еңбек. Қазіргі жағдайда ең қажетті талпыныс болуы да мүмкін. Өйткені сені қолтығыңнан алып демеп тұрған құрбың жоқ. Азаматтық сүйеніш жоқ.
— Ендеше, рухани құндылықтарға тәрбиелеуге кедергі болатын жайттар қандай?
—Жастардың өзіне тән сергек те сенімді, тартымды ұйымдық құрылымды былай қойғанда, рухани құндылықтардың қызығы мен пайдасын көрем бе деген сенім жоқ. Мысалы, өте сирек қолжазба қолыңа түсті делік. Ол қолжазбаның мазмұнын түсіндіріп берген оқытушының беделі студенттердің алдында көтерілуі, назар аудартуы мүмкін. Ал оған тікелей қатысы жоқтар оның қасиеті мен қадірін білгісі де келмейді. Қашан жастар өз ұлтының деңгейін көтеруге ұмтылып, сол арқылы өзінің деңгейінің де көтерілетінін сезгенде ғана ұлттық құндылыққа бет бұрады. Өзге дінге бет бұрып жатқан жастарымыз бар. Бұны — ұлттық қасірет деп түсіну керек. Бірақ, бұл шоқыншық қазақтардың дәуірі ұзаққа барады деп ойламаймын. Қиын кезде, аласапыран уақытта адасқандар, материалдық жағдайлары қиындағандары болды. Әлі де бар. Өзге дінді насихаттайтындардың біздің дінімізді түбегейлі бұзуға, діни танымдық қарама-қайшылық тудыруға әл-әзір күштері жетпейді. Себебі, олар өз діндерін насихаттағанымен де, жастарымыз қазақи ортадан, тұрмыстан алшақтап кете алмайды. Қазақ баласы қашанда қазақ және мұсылман болып қала береді. Ұлтымыз сондай мәжусилікке дейін құлдырай қойған жоқ. Жекелеген ұйымдардың өз ұлт өкілдерін ғана «ұйытқы» етіп ұстайтындары да сондықтан.
— Жастар мәселесіне қайшылық әкелетін нәрсе не?
— Біздің жастардың мемлекеттен түңілгені сондай, бұл көңіл-күй ұлттық жеккөрінішке, тексіздікке, жері мен елінен жерінуге бойыналып келді. Сол қоғамның пейілі мен пиғылын толық сезінбейді. Кезінде Ресейдің бүкіл дворяндары мен княздары еуропаланып, орыс тілінде сөйлеуді ар санап, французданып кеткен. Бәрібір ат айланып қазығын тапты. Бірақ қандай құрбандықтар мен сілкіністер әкелді. Біздің жастар батысқа пен америкаға қарап еміреніп тұрады. Не күтеді, не дәметеді, қандай сыбаға бұйырады, оны өздері де білмейді. Олар сол елдегі ұлттың тең өкілі емес, арзан жұмыс күші ретінде өмір сүреді. Оларды түбінде өмірдің ащы кермек дәмі күтіп тұрғаны анық.
Қазір ұлттық психология санасына сіңген ауыл мен «әзір асқа тік қасық» боп өскен қала жастарының арасында жік пайда бола бастады. Ұлттың ішіне келешекте үлкен қайшылық әкелетін «психологиялық вирус» осы. Осыдан жиырма жыл бұрын сөз арасындағы бір әңгімеде Әнуар Әлімжанов марқұм: «Тұрсын, мен қазақтың рушылдығынан қорықпаймын. Қала мен ауыл жастарының арасындағы жіктелуден үрейленемін. Қазір сондай бағыт бар. Бұл сөзсіз азаматтық соғысқа алып келеді. Ал азаматтық соғыс – қазақ үшін соңғы тұяқ серпу болмақ. Өйткені ондай аласапыранда сенің тағдырыңды өзгелер шешеді» - дегенде таң қалып едім. Енді –өмірлік шындыққа айналып барады. Тіпті қазір өкімет басында отырған жастардың да психологиясы соған қарай бейімделіп кетті. Президент аппараты мен үкімет кеңсесінде «қазақ ұлты» деген сөзді қатты айту қызмет этикасына жат мінез ретінде бағаланады екен. Масқара осында. Анасының емшегін құныға еміп өскен, бірақ оны кедейсініп, мойындауға намыстанатын парықсыз бала сияқты мәжусилік, топастық, тоғышарлық психология. Ауылдағы қазақ психологиясына бұндай нәрселер әзірше жат.
Бірақ, аумалы-төкпелі замандағы өмір, қоғамның әлеуметтік жіктелуі, жер мен оның байлығынан айырылып, бар игіліктен тыс қалып, отансыздануы мен мемлекеттік алдындағы қорғансыздығы соған алып келді. Ең басты қауіп те осы. Түбінде қандай да бір әлеуметтік сілкініс болса, ол осы арадан туындайды. Түптің түбінде жұмысшы табының 70-80 пайызын қазақ жастары құрайды. Әлеуметтік күрес, табанды қозғалыс сол кезде ұлттық сипат алады. Демек, бүгінгі иесіз қалған жастар ертең өзінің «отандық сыбағасы» мен «қазақи еншісін» сөзсіз талап ететін болады. Біз бүгін сол сілкініске негіз қалап жатырмыз.
— Әңгімеңізге рахмет.
(Тұрсын ағай, мүмкін болса осы сұрақтарға толығырақ жауап жазып, осы адреске салып жібересіз бе? Ертең 31 қаңтар түске дейін жауабыңызды күтемін. Әсем «Нұр-Астана газетінен» )
Достарыңызбен бөлісу: |