Тұрсын ЖҰртбай, Қазақстан Педагогика ғылымдарының академигі



Дата24.02.2016
өлшемі82 Kb.
#15515
Тұрсын ЖҰРТБАЙ,

Қазақстан Педагогика ғылымдарының академигі,

филология ғылымдарының докторы, профессор.

ТҮРКІТАНУДЫҢ БІР СУЫРТПАҒЫ

Сіздерге белгілі, қытайдағы «апиын соғысы», «сегіз мемлекеттің жаугерлігі», «гоминдаң» тұсында жердің бетіндегі өркениет белгісі мен тарихи жазбалар, мемлекеттік архивтер түбірімен қолды болды. Бейжіңдегі әйгілі еуразиялық көне өркениеттің асқан үлгісі, «Галикарнас аспалы көпірімен» теңдестіре бағаланған «Юань миң юань» патша бақшасындағы алтын жалатқан қабырғалар мен өрнектер 1860 жылы жұрнағымен қоса қырналып әкетілді. Эмиль Золя мұны «шығыс өркениетінің бата оқыры» деп атады. Сонымен қоса мұра хаттар, көне қолжазбалар мен кітаптар, тарихи ескерткіштер тұтастай шетелге «көшірілді». Қазіргі жарияланып жатқан көне мұралардың дені шет елде жиырмасыншы-елуінші жылдары жарияланған жәдігерлер. Соның ішінде, түркі халықтарының тарихы мен тағдырына тікелей қатысты Дунхуандағы керіштен ойылған таңғажайып мінәжатханадағы көне түркі, қытай, тибет, санскрит, соғда сияқты 17 тілде жазылған (соның ішінде хұдам бітік, яғни, түркі әрпімен жазылғаны 10 мың, қытайдың таңба жазуымен жазылған 58 мың орам) жазба мұраларды 1907 жылы Уаң даушы деген тақуа тегі мадьяр Стейнге сатып жіберді. Ол бұл қолжазбаларды 60 сандыққа салып, 36 түйеге артып, Еуропаға алып кетті. Оған Козлов сияқты Ресей атжалмандары араласып, Стайннен қалған қолжазбаларды атысып жүріп алып қашып, эрмитажға сатты. Қазіргі Санк-Петербургтағы Шығыстану институтындағы қолжазбалардың дені сондай талан-таражбен келген мұрағаттар. Осы күндері қытайдағы түйткілді мәселе: «Стейн мен Уаң даушы «мәдениет қарақшысы ма, жоқ өркениетті құтқарушы ма? Егер ол қолжазбалар үңгірдің таушасында тығулы күйінде жата берсе, не шіріп кетсе, табылған күннің өзінде мәдени төңкеріс тұсында жойылып кетер ме еді?» – деген сұрақтың жауабы.

Мен осы сұраққа орай өзіме мәлім қосымша бір деректі назарларыңызға ұсына кетейін. Ол талан-тараждың түпкі пиғылы бүгінгі ғаламдық мүдделердің тоғысы мен соғысына алып келеді екен.

Қазан төңкерісіне дейінгі еуропалық және орыс ғалымдары ұсынған түркітану саласындағы аса ірі жетістіктерді ысырып тастап (тұран мәдениеті, жазуы, Алтай мәдениеті мен алтайтану ілімі, алтай тіл жүйесі, Тұран тілі, Тұран жазуы, скиф тілі, сақ тілі, ғұн (хұн) жазуы, көне түркі құдам бітік жазуы, ұлы найман мемлекетінің жазуы, тот монғол жазулары деген тұрақты ұғымдарды – мен сол ғасырда қалыптасқан ғылыми терминді тырнақшасыз қолданып отырмын) ғылыми айналымнан шығарып тастап, ариилік нәсіл телориясына ықтатып әкелген Миллер қалыптастырған «ирантілдес нәсілдер» деген қисынсыз қисынын теориялық тұғыр етіп қалап қойдық. Бартольд сияқты түбірлі ғалымдардың тамырын солқылдатқан, өзінің атағын дүниеге таратқан түркі жұрты туралы зерттеулерінде – отырықшы түркістандықтарды өркениет иесі, көшпелі түркілерді – «тарих сақнасынан тыс тағылар» деп екіге бөліп қарауға емеуірін білдіріп, тұтас түркіні «нәсілдік жіктеу» арқылы мүшелеп тастауға ырық берген еуропалық үстемдік бағыттың екпінін күшейту үшін бірінші дүниежүзілік соғыстың қарсаңы мен барысында Дрейфустың сотталуы мен Палестинаны «қайтарып алу» туралы Теодор Герцльдің кітапшасынан кейін қос жарылған капитал иелері нысаналы мақсатпен ерекше қарбаласыпты.

«Қасиетті жерге» қайтып оралуға мүмкін беретін плацдарм жасау үшін Оңтүстік Африка, Родезия (алпауыт Родостың атынмен аталған), Грекия, Кипр аралын таңдайды. Азия құрылығындағы ең оңтайлы плацдарм Түркістан деп шешеді. Аса қысталаң дүниежүзілік және азаматтық соғыс жылдарында (1917-1922) ғаламдық алпауыттар дүниежүзілік капиталды, яғни, шикізат пен өнеркәсіптік аймақты қайта бөлісіп, бүгінгі эконмикалық ғаламдастырудың ұлы жоспарын жасау үшін «жеті алпауыт» 1922 жылы аса құпия бас қосады (олардың бұл жоспарын білу үшін Гитлер 1922-1924 жылдары арасында кітапханада шүйіліп тұрып отырған, мұны тарихшылар «Гитлердің әйгілі оқымыстылық кезеңі» деп атайды. Ал сол алпауыттардың мұрагерлері, ішінде сол кездегі АҚШ президенті кіші Буш бар екінші рет 1992 жылы «әлемнің бүгінгі капитал бөлісу моделін жасаған. Араб дүниесіндегі аласапыран сол тұста жобаланған). Соған идеологиялық негіз ретінде, яғни, аса мол шикізат қорына ие Исі Түркістан кеңістігінен – Шығыс, Орта, Солтүстік және батыс Түркістаннан (Англия, Франция, Италия, Геркия, мұқым Балқан түбегі елдерін біріктірген құрама армиялардың сол жылдарғы Түркия мемлекетіне шабуылы сол жобаның бір парасы ғана) массондық нәсілдік құрамға жататын тек табу мақсатында арнайы қаржы қарастырылды. Әуелі массондық бағыт ұстанған уақытша үкіметтің , содан кейін кеңес үкіметінің қолдауымен Дунхуаң өңіріне ғылыми экспедиция жасақталады.

Оның басты мақсаты: сарыұйғыр тілін зерттеген болып, түбі көшпелі жойыттардан тарайтын, маздақтардың көтерілісі тұсында мұсылмандықты қабылдаған, қазақтар, жалпы түркі текті қауымдастық сарт деп атайтын тілі – түркі, діні – мұсылман, тегі – семит нәсілді көпестер қауымына мұқым түркінің мәдени және тектік мұрасын телу (қайдағы бір көшпелілерге скифтің, ғұнның, түркінің мұрасын иемдетіп қою – болашақ әлемдік бөлісте үлкен мін болмақ, сондықтан ерте бастан оны жалған жолға салып жіберіп, оларды өркениеттің ұлы олжасынан ада ету) болды. Сөйтіп біз, пиғылы жат, арнайы тапсырмамен көне түркінің барлық жазуын ұйғыр жазуы деп қорытынды шығарып, оны 1922 жылғы түркітанушылардың бірінші құрылтайында бекіттіріп, түркітану мен түркология ғылымының атауларын, тұжырымдарын, мүлдем өзгерттіріп жіберген С.Маловтың «шидем шекпенінінің» қаусырмасында қалдық. Бұрын айтса сенбейтін, бірақ соңғы жылдары ғана құжаттарды оқып жағамызды ұстаған, дүние капиталы мен жағырапиясын, экономикалық даму бағытын анықтап, бүгінгі күндегі «американдық мүдде», «еуропалық мүдде» дегенге идеологиялық негіз қалаған сол «жеті алпауыттың» жоспары мен жобасына Ленин (!) де қатысыпты. Бұл тектік арандатуды Сталин одан әрі өршітті.

Жұбаныштысы, ол қолжазбалар Еуропаның табалдырығын аттасымен зерттеле бастады. Немістер мен француздар іргелі жетістіктерге жетті. Ең алғаш рет 1916 жылы Мюллер ғылыми хабарлама жасағаннан кейін барып түркітану ғылымының екінші бір тынысы ашылып, бұрынғы көне сирия қарпінің негізінде түзілген наймандардың «хұдам бітік» аталған сүйретпе жазуына «ұйғыр жазуы» деген жанама ат берілді.

Осыдан келіп, қытай мұрағаттарындағы түркі, соның ішінде қазақ руханиятына қатысты фольклорлық, эпостық, әфсаналық, діни (буддалық) рауаяттық қолжазбаларды іздестіру, жинақтау, көшірмелерін алу, аудару бағытының міндет, мақсаттары келіп туындайды.

Әсіресеәфсана (миф) демекші, Түркия сапарында тектік танымдық тамырды танытатын оқыс аңыздық желіні естігенімізде жағамызды ұстағанымыз бар. Анкарадан шығысқа қарай атақты Қайсары үстіртіне бет алғанымызда Ақсарайдан өте бергенде басына бұлттан сәлде ораған мұнарлы қарлы шоқыны жүргізуші «Хасан ата» деп таныстырды. Демек: Асан ата, Асанқайғы тауы. Сол тауды екі сағат бойы шыр айналдық. Әуелі иықтасты, одан кейін желкемізге шықты да көз ұшында ағараңдап отырды. Недияға келген соң білдім, оның жөнін сұрағанымда университеттің професорлары: «Ежелгі заманда түркілерге жақсы жер іздеген Асан әулиенің ақ маясы бұлтпенен араласып келіп осы таудың басына шөгіпті. Асан әулие де сол шоқыда дүниеден қайтыпты-мыс. Біздің, түріктер сол әулиеге ілесіп ат басын кіші Азияға тіреген екен», – деп түсіндірді. «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығында Қалбан Ынтыханұлының аударуымен «Фолиант» баспасынан жарияланған қытай ғалымы Гайшан Лидің «Иньшань (Бағылық) оңғыттары» атты зерттеуінде: ХІІ ғасырда Асан ата әулие ханға сәлем беру үшін бес жүз ісек айдап Көкотқа келді» – деп тасқа ойылып жазылған тарихи дерек бар. Ал «Юаньнамада»: «Шамамен 14 ғасырда Оңғыт жерінен Асан деген оңғыт ақ түйеге мініп, бұлғын, сусар терілерін теңденіп, мың ісек қой айдап Сирамөрен өзенін бойлап Қарақорын қаласына қарай өтіп кетті. Жол бойы айырбас саудасын жасаған, теріге мал алмастырған» – деп жазылыпты. Сонда, күншығыста қытай қорғанынан басталған Асанқайғының сапары бүкіл Орталық Азияны көктей өтіп Кіші Азиядағы Қайсары жотасындағы Асан ата шоқысында үзілген боп тұр ғой. Қандай ұлы желі.

Нәсілдік тұрғыдан да, тілдік тұрғыдан да, ататек қонысы тұрғысынан да түп тамырымыз Қиыр шығыста. Мәнжу мен монғол тарихы мен шежіресіне мұрын шүйіре қарау – ғылымдағы можантопайлық. Мүмкін артық, мүмкін кем, бірақ та қалай да назар аударып, ой салу үшін айтылған шағын шалықтауға дәйек ретінде түте-түтесі шыға шүйкеленген тектік жүйенің ішінен өзімізді де таңдандырған бір тал суыртпақ деректі дәйек ретінде ұсынғымыз келеді. Түп-тұқияннан қазбай-ақ, жоғарыда айтылған Ханүй жазығындағы ұлы қорғанның теріскейіне қарай 60 шақырымдай жердегі Ханүй мен Хұни өзенінің тоқырауынындағы Шивэтіұлан (Қызылқорған) жотасының үстіне 682 жылы қойылған, ұлы көк түрк қағанатының негізін қалаған тайпалардың ойылып жазылған 56 таңбасының ішіндегі өзіміз таныған қыпшақ, найман, керей, алшын, жалайырдың кейінгі таралу тегіне ғана қатысты пікір қозғайықшы. Олрадың Шыңғыс қағанатына дейін жеке мемлекет болғаны анық. Ұлы қаған оларды бір ғана «алтын ноқтаға басын сұққан бір ғана алтын тізгінге» айналдырды, яғни, бір мемлекеттің құрамына кіргізді. Сол «алтын жүгеннің тізгіннің» түйінделген бір бауы қазақ. Ең өкініштісі, әлгі түркі хандықтарының бір ханының ордасы не тұқым, әулеті сақталмапты. Иә, сақталмапты. Елұйдашыны тақтан ауыстырған Күшлік ханның сарайына билік еткен Өкіреш (Бұқа) атаның тұқымын (сүйегі Самарқандтың маңындағы «Өкіреш ата» қабірстанында жатыр) наймандардың төресі-міс деп қарастырып, тіпті, Ақсақ Темірді содан таратқан шағатайлық деректерді де назарға ілмейміз. Тек қиыршығыстық (шүршіттік, мәнжулік) және монғолдық текке көз сұғын қадаумен шектелеміз.

Сонымен, «қарға тамырлы қазақ», «киіз туырлықты үйде бір туғанбыз» деген тікелей тектік түйінді білдіретін тұрақты тіркес, Бұлақ көлінде (Бұлақхоли) аққу (пері) қыздан туған ұлдан таралу (Абайдың қазақты «ақ қаздан» таратуын еске алыңыз), өзенге ағып келе жатқан нәресте және оның әуелі – би, кейін хан сайлануы, қобыздың әу баста үйеңкеден шабылуы, киіз үйдің есігінің шығысқа қарауы, хандықтың «алтын орда», керегенің – керу – керегу деп аталуы, «ақ сарбас!» деп ұран шақыру, ақсарбас қойды құрбандыққа атап, ақ боз ат сойып баталасу, үй иесінің мүшелерінің кіреберістегі оң босағаға қарай жайғасуы, үй иелерінің төсегіне дейін оң жаққа салынуы, барлық мүліктің оң босаға жақта (ыдыс-аяқ, шидем, кебеже, саба т.б.) орналасуы, кенже баланы қара шаңырақтың иесі деп тануы, қамшыны кие санап, керегенің басына іліп қоюы, жең ұшының кең пішілуі («Жең ұшынан жалғасу үшін», яғни, құпия белгі арқылы саусақ ұшымен сөйлесу) сияқты аталы ұғымдар мен дәстүрлер көшпелі қауымның ес жия бастаған сатысында қалыптасқаны анық. Сол ұстынды ХХІ ғасырға дейін үш-ақ тек, мәнжу (бұрынғы аты – шүршіт, одан кейін жеке орда тіккенде мәнжу аталған, ол «мен жұртпын», «мәңгі жұртпын», яғни, «мәңгілік елмін» деген көне түркілік емеуірінді білдірсе керек), монғол, қазақ ұлттары ғана ұстанып келді. Тіпті, ағайынды екі адамның аңда жүріп бірі екіншісін өлтіріп алып, өзін өзі жұбататын «Бөкенжарғақ» күйі туралы аңыз да (бұл аңыз 905-916 жылдары қидан жазуымен қағазға түсіпті, сөзіміз сенімді болуы үшін бір үзік келтірейік:

«Аңға шығып ағасы, оғланын оқыс өлтірді, бауырым! Бөкен жарғағынан жаңылысып, сұр жебесін зулатты. Әкей егер сұраса, «Қапыда кетті» деп айтам. Ангасы егер сұраса «Жаңылысты» деп айтам. Кіші оғлан сұраса, «Танымай қалды» деп айтам!» – деген аңыз бүгін де мазмұнын жоғалтпай, монғол, мәнжу, қазақ руханиятына айналып отыр.

Көк түрк қағанатының шығыс қанатын құрайтын, кейін қидан, шүршіт, мәнжу, монғол атанған ұлт пен бертінде қазақ ұлтын құрған қыпшақ, керей, найман, жалайыр, оңғыт (уақ), қоңырат, алшын ұлыстары сол заманда да, қазір де араласып, құраласып, құдаласып отыр. Біз, яғни, түркістандықтар (шығыс, батыс, оңтүстік, солтүстік, орталық Түркістан кеңістігі), соның ішінде қазақ ғалымдары мәнжу мен монғолды жау әрі жат тұқым ретінде жатбауыр санап, менменси, тыжырына қабылдаймыз. Бұл – екі көзі тұмшаланған, бірақ бір ізінен жазбай тиірменнің тасын шыр айналдыра беретін жегінді аттың кебін келтіреді. ІХ-Х ғасырдағы Құнан қыпшақ бастаған шығыс көшпелілерінің ұлы қоныс аударуы тұсындағы мемлекеттік түзілімнің құрамында осы үш тұқымның үшеуі де бар. «Тоқсан екі баулы» қыпшақ (қыпшақ – бұл арада Кеңес одағы деген сияқты ұлыстар бірлестігінің атауы ретінде қолданылып отыр) деп аталуы да сондықтан. Сонау Қиыр Шығыс пен Карпаттың алқымындағы гагауздар мекендейтін өлкедегі түркі тектестердің құрамында (Венгрлердің құрамындағы қыпшақтар, қоңыраттар, мадиярлар, оңғыттар, угрлар сияқты) жоғарыда аталған тектің бәрінің үрімі бар, қазір де солай аталады.

Сол ұлы қоныстанудан кейін ата қоныста қалған ұлыстардың «алтын тізгінін», «алтын жүгенін» ұстаған «алтын ұрықтар» «алтын орданың» уығын көтерді. Қидандардың да, шүршіт-мәнжулердің де, наймандардың да, керейлердің де, қыпшақтардың да, оңғыттардың да (уақ), жалайырлардың да, қоңыраттардың да хандықтары мен мемлекеттері бірінші және екінші көк түрк қағанатының орынында және бір дәуірде пайда болыпты. «Алтын аймақтағы» ата жұртта қалған қидандар меншүршіттер (мәнжулер), монғолдар «алтын орда» құрып, өздерін «алтын патша» деп жариялады. Кең кеңістікке қанатын жайды. Тағы да жонданып қидандардың (кедендердің) тақ мұрагері Елұй Дашы тақ таласы барысында елу адаммен ордасынан қашып шығып, жолай жоғарыда аталған түркі текті рулардан аса жойқын әскер жиып, әуелі Шығыс Түркістанда, содан кейін Самарқанда гүрхан атанды. Егер тектік және тақтық мұрагерлік мүдде болмаса, өздері дәуірлеп келе жатқан тұста «қашқан жауға» нөкер қоса ма? Ол тұста Темужин әлі дүние есігін ашпаған. «Алтын тізгіннің» ұшы, «алтын ұрықтың» тұқымы болмаса, кейін өзінің тағын найманның тақ мұрагері Күшлікке бере ме? Қидан, шүршіт (мәнжу) хандықтарының тарихы кейінгі бошықты – богдыхандардың тапсырысымен хатқа түсті.

Батысқа, шығысқа, оңтүстік батысқа босқан қағанаттың жұрты Шыңғыс ханның тұсында қайта қосылып, аз рулар жүздік пен мыңдықтың, ірі тайпалар түменнің, тектік бірлестіктер, мысалы түркі текті рулар армияның құрамына кірді. Мемлекет – ұлыс, мемлекет құрушы ұлт – монғол аталды. Қағанат төртке бөлінген соң Жошының қосыны Еділдің бойынан» екініші «Алтын орданың» іргесін көтерді. Бүгінгі қазақ ұлтының тектік құрамы сол ордада ұйыды. Ал Жошының, Шағатайдың, Үгедейдің, кейін солардың тізгінін ұстаған Құбылайдың, Құлағудың, Мөңкенің, Өзбектің, Ақсақ темірдің, Тоқтамыстың, Мамайдың, арғы Әбілқайырдың әскері бір тектен тұрмаған. Сол тұстағы саны алпыс мыңға таяп қалатын өзін «монғолмын» деп есептейтіндер қағанаттың қабырғасын жаппайтын. «Ясы» заңы бойынша үйленген, артында ұлы бар еркек қана әскерге алынады. Сонда баласынан жиырма жыл бұрын әскерге алынған әкесі – Едігенің, інісі – Тоқтамыстың, – баласы – Ақсақ Темірдің, немересі – Мамайдың, немере аталасы сонау шығыстағы Арғудың (Арғын) әскерінің құрамында соғысып, өлгені – өліп, өлмегені – жаңа жүздік, мыңдық, түмендік шерік құрды. Әр әскердің құрамындағы атасы мен, немересі, әкесі мен баласы, ағасы мен бауыры «Алтын орданың» ыдырауы тұсында бір-біріне қарама-қарсы майданда болып, танитындары қылыш қағыстырып қана өткені Ілияс Есенберлиннің «Алтын орла» үштағанында басты көркем идея ретінде желі тартқан. Демек, «Алтын ордада» жүздік тек болған емес, болуы да мүмкін емес.

Бұл – қазақ хандығы құрылып, сыртқы дұшпанға қарсы жер ыңғайына қарай жасақталған тайпалар мен рулардың әскери бірлестігі. Еділдегі, Шам мен Бағдаттағы, Қырым мен Аградағы, Орал мен Ауғанстандағы алшын мен керейдің, наймандар мен жалайырлардың, меркіттер мен қоңыраттардың (біз қағазға түскен және мақаланың соңында айтылатын тақырыбымызға тікелей қатысты деректегі ру аттарын ғана алып отырмыз) әскері – Бағылық пен Шұғай тауындағы, Хуанхэнің (Иә, солай) өр ағысы мен Ордос жазығындағы, Құрымбел жайлауындағы, Ханғай мен Мәнжу үстіртіндегі ағайындарына қайтып қосылуы мүмкін? Бүгінгі қытай мен монғол елінде ХХ ғасырдың ортасына дейін хандық құрып келген жоғарыдағы руларды қай жүзге жатқызамыз? Ал осының бәрінің басын біріктіретін көне түркінің көк түрк қағанатының «Тәңір текті тәңірден туған» тұқымдары қайда кетті? Шынымен де олардың үрімі үзіліп тынды ма? Жоқ. Олар бірінші «алтын орда» іргесін көтерген атажұртында әлі де «алтын тізгінді» ұстап отыр.

Сенбейсіз. Осыдан алты-жеті жыл бұрынғы Сыртқы және Ішкі Монғолияны оңды-солды шиырлаған іздестіру сапарымыздан кейін біз де күдіктен арыла алмағамыз. Сыртқы және ішкі Монғолиядағы ғалымдармен пікір алысып, кейбір тарихи жазбалардың мазмұнымен танысып, Хохоттағы (Көкот) Монғолтану ғылыми орталығының бөлім меңгерушісі, ғылым докторы, профессор Жырғалдың (Жырғал, жырық – өжет, батыр деген сөз екен. Демек, «Қабанбай батыр» дастанындағы Әтеке жырық – Әтеке батыр): «Түркі сөзін білмей монғол жазбаларын түсіну мүмкін емес екен. Соны аңғарғанда ғана барып еңбегіміз алға жылжыды», – деген пікірін естігенде бұл саладан біз мүлдем беймақұрым екенімізді мойындауға тура келген. Профессор Жырғал «Түрк-монғол тілінің байланысы», «Түрк-монғол тіліндегі түбірлес сөздер», «Манжур-монғол бұтағындағы монғол, дағұр, тужут т.б. тілдердің салыстырмалы сөздігі» атты зерттеулердің авторы. Ғұн заманындағы тілдік қолданысты тарихи тұрғыдан зерттеуді қолға алыпты. Ішкі Монғолияның солтүстігінде қоңырат, найман, керей, меркіт, уақ тайпалары бар екенін естігеміз. Ал Көкот – Шыңғыс ханның күйеу баласы оңғұт, яғни, уақ ханы Алақұстың астанасы екен. Ол туралы Гай Шань-Линнің «Оңғұттар туралы зерттеуі» Қ.Ынтыханұлының дайындауымен «Фолиант» баспасынан жарық көрді. Домбыра – арху, қобыз – қобыз деп аталады. «Ақсақ құлан» күйінің сарыны сақталған «Жетім бота» атты күй де бар екен. Көне жазбадағы «тағ», «күндік», «түндік», керегу – кереге, көк – Көк, көк – от, яғни, жасыл шөпті жер, көк – аспан, Көк – Тәңір деген сөздерді монғолша аударыпты, ал оны қазақшалаудың еш қажеті жоқ. Сол сапардан кейінгі ғылыми салыстыру жұмыстарының нәтижесінде – біз өзіміздің тарихымыздың тамырын монғол, мәнжу, шүршіт ұлттарының тарихымен салыстыра зерттемесек, батыстық көзқарас пен деректерге бойсынған жай ғана түркі деген сөзбен ешқашанда тектік нысанымызды таба алмайтынымызға анық көзім жетті.

Ойды ой қуып екшей келгенде, шүршіт, мәнжу, монғол, ең соңында жоңғар шапқыншылығы туралы тарихи деректер санамызға үйіріле берді. Қалайда бір тектік байланыстың барлығына барған сайын сенім күшейе берді. Сонымен, былтырғы-биылғы Шиань мен Гансу өлкесін, Дунхуаң мен Шұғай тауын, Ішкі Монғолияның қиыр шығысын аралағанда барып ақыры бір суыртпақтың ұшы қолға тиді. Бұрын шашыранды, кездейсоқ сияқты көрінген деректер нақты заттай айғақ – ханның орда сарайы ретінде және қазақ ұлтының бүгінгі мәйегін құрайтын аталған тайпалар «ру-руымен қолға түсті». Бір мәселенің ұшығын шығара кетейік, түркілердің түбірін үзген қауіптің барлығына шығыстағы қытай империясын деп қараймыз. Түркілердің демеуімен құрылған Таң дәуіріндегі патшалық пен «тоқаш тойынан» кейін таққа отырған Мин патшалығынан басқа 1912 жылға дейін қытайды билеген императорлардың барлығы да көшпелілер әулеті, яғни, «алтын ордалықтар». Мәнжу де сол «алтын ұрықтың» тұқымы. Құлағудың Бейжіңге шабуыл жасаған әскерін жалайыр Мұқылай (Мұқыли) басқарған. Оның әскерінің құрамындағы негізгі рулар – алшын, жалайыр, найман, меркіт, қоңырат, керей, оңғұтт (уақ). Шыңғыс ханның қас дұшпаны Таян ханның ұлы Күшлік пен меркіт ханы Тоқта бек шайқаса жүріп батысқа ауды. Ал оған дейін «Таян (Байбұқа) хан мен Бұйрық хан тәж бен таққа таласып, найман мемлекеті екіге бөлген» болатын («Жамиғат ат-тауарихтағы»). Әрине, Таян ханмен одақтас болудан бас тартқан, сол үшін Шыңғыс қызын берген Алақұс пен Бұйрық хан және Шыңғысты мойындаған не оған бағынған жалайыр, қоңырат, алшын, меркіт тайпалары Мұқалидің қосынына қосылып, Бейжіңді (Пекинді) алды. «Тоқаш тойынан» кейін, яғни, таза қытай әулеттері монғол әскерін кері шегіндіргенде, олар қазіргі Ішкі Монғолияға жаппай қоныстанды. Сонымен, бүгінгі Қытай халық республикасына қарасты Ішкі Монғолияның бес ауданының негізгі тұрғыны ретінде ірге тепті. Көкотта – оңғұттар (уақтар), Алышын ауданында – алшындар, найман ауданында – наймандар, атақты Құрымбел жайлауында – жалайыр, қыпшақ, қоңырат, меркіт, керей рулары мекендейді және бұлар шашыраңқы емес, жұбын жазбай отыр. Міне, Бартольдтан бастап Гумилевке дейінгі ғұламалардың осы тайпаларды «тегі монғол» деп сондай сеніммен айтуының себебі осында. Сырт көзге және ресми құжаттарда, әрине, олар монғол деп есептеледі. Енді олардың қайтадан түріктенуі мүмкін емес. Одан дәметудің де ауылы аулақ. Бірақ өздерінің шыққан тегін ту етіп ұстайды әрі тамырын тануда бізден көрі ілкі түсіп жатқан тұстары да бар екен.

Сәті түскен кездейсоқтық шығар, Пекин ұлттар университетіндегі монғол инстутының студенттері жыл сайын ұлттық мерекелерін өткізеді. Сонда бара қалғанымызда «найман ауданының халық әншісі», «найман ауданының халық жыршысы», «найман ауданының халық би ансамбілі» дегенге сүлесоқтау құлақ түріп отырғанымызда «найман-монғол жазуының ғылыми зерттеу орталығының директорының орынбасары Сайын қыз сөз алып, ол найман-монғол жазуымен басылған кітаптарды сыйға тартқанын көргенде кәдімгідей таңданып қалдым. «Сайын! Мен жақынмын. Таян хан, Тататұнға. Қанымыз бір» – деп қысқа қайырып үлгергенімше Сайын қыз жүгіріп келіп: «Мин джахыны, джахын» деп білеу тамырымды ұстай алып, өзінің тамырын көрсетті. Алғашқы үш сөздің үшеуін (мен – мин, жақын – джақын, сайын – сайын) таудармашысыз түсінгенге қатты қуандым. Қалайда Тұңяу өлкесіндегі Найман ауданына баруға бекіндім. Араға апта салып аға оқытушы Нұрбақан екеуміз Найманшиге жол тарттық. Әңгіме арқауы ұзап кетпеу үшін «Найман энциклопедиясындағы» мағлұматты қысқаша ғана баяндап берумен шектелеміз:

Найман ауданы ҚХР-ның Ішкі Моңғол Автономиялы ауданына (республика дәрежелес) қарайды. Орталығы Тұңлияу қаласы. Жан саны 400 мыңнан асады. Соның 262 мыңы таза наймандар. Бұлардың барлығы да ежелгі наймандардың ұрпағы. Наймандар Хань дәуірінде оғыздардың бір тармағы болған. Таң дәуірінде оғыздар мен Шиянбилердің құрамында болған. Лияу, Жин дәуірінде (б.д 907-1234 жж.) наймандардың жан басы қауырт өскен және «Найман хандығы» шаңырақ көтеріп, дербес ел болған. 1204 жылы найман мемлекеті Шыңғысхан тарапынан құлатылды. Көп сандысы моңғол ұлысын құрайтын тайпалардың құрамына енді. Мандухай – Таян ханның немересіне тиген Шыңғыс әулетінің қызы. Хандықты сақталып қалуына сол қыз ерекше ықпал етіпті.

ХҮ ғасырда Таянханның иелігіндегі жер – «Найман Ытоқ», ал 1636 жылы Цин патшалығы орнағаннан кейін «Найман ордасы» болып аталды. Оларға Уаң хан атағы берілген (Найманшидің орталығындағы біз түскен ең үлкен мейманханада «Уаң хан» деп аталады). Содан бері 17 хан сайланыпты. Хан әулетінің 19 ұрпағы бар, қазір жасы жетпісте екен. Тіпті Мұқылайдың да тікелей ұрпағы Байынғолда тұрады екен. Бір ғажабы сол «Найман ордасының» хан сарайы сол күйінше сақталып қалыпты. Хандық құлағаннан кейін біздегі сияқты әр түрлі мекемелер иемденіпті, қазір ол –найман монғол мұражайы деп аталады. Сол хандардың суреттерінің түгелі өздері ұстаған бұйымдарымен қоса көрсетілімде тұр.

Ұлттық жазуы – найман жазуы. Сол жазумен мынадай кітаптар мен зерттеулер жарық көріпті: 1. Найман ауданының шежіресі. Энциклопедия. Құлынбер. 2. Найман ауданының тарихи материалдары. ІМР Тұңляу, 2009. 3. Найман халық әндері. ІМР, Тұңляу, жасөспірімдер баспасы, 2008. 3. Найман ауданының жер аттары сөздігі. ІМР, Хохот, халық баспасы, 2008. 4. Найман аңыз-ертегілері. ІМР, Тұңляу, жасөспірімдер баспасы, 2008. 5. Найман ауданының жер аттарының түсіндірме сөздігі. ІМР, Хохот, мәдениет баспасы, 2012. 6. Нонжиа. Әңгіме мен өлеңдер жинағы. Хуасия. 2009. 7. Найман ауданыннан шыққан әйгілі адамдар (монғол тілінде). ІМР, Хохот, халық баспасы, 2011. 8. Найман ордасы (альманах), 2 кітап. ІМР, Тұңляу. 9. Найман көркемөнері (журнал), 2 кітап, ІМР, Тұңляу. 10. Бухүшүн (журнал). ІМР, Тұңляу, 2013, № 1-2 сандары.

Бұл кітаптарда найман ордабасының шежіресі және мұрагерлердің кестесі берілген. Сонымен қатар Юань, Миң, Цин патшалықтары дәуіріндегі моңғолдың құрамындағы наймандар жөнінде тарихи деректер баяндалған. Көптеген деректер Цин дәуіріне тән. Мысалы, «Найман ауданының жер аттары сөздігінде» «Бұқа (Өкіреш) өзенінің» ежелден наймандардың тотемі болып табылатыны және ол тотемдік нысананың бүгін де сақталып келе жатқаны дәлелденген (Келбұқа, Кетбұқа, Есенбұқаларды анекдотқа айналдырып алдық).

«Баян төбе», «Қара төбе», «Қарағанды», «Қада сай», «Баян дала», «Сары дала», «Сайқан дала», «Аду су (ат су — көл аты», «Сары дала», «Тарған», «Қашаты», «Сары сор» сынды жер аттарына тарихи деректермен түсінік берілген. Қазіргі Найман ауданындағы наймандардың арғы ата тектері кестемен көрсетілген. Мысалы, олардың аттары – татар, найман, баяғұт, сартағылы, дал, ордос, жақыр, сақалды, даршын, өжет, ұтыр, маңғыт, гүңгір, қалшықұт, жұрқұт. Монғол тілінің 45% түркі түбірінде. Жергілікті Убау (Дүрго, Үзеңгі) ғұлама: «Отызыншы жылдарға дейін арбаны «қазақы арба» дейтінбіз. Сонда: «Қазақтың арбасына отырып, былғары етік кисек арман не» – деуші едік. Асан пай (бай, би, абыз – ?) бізде термин боп кеткен тарихи атау. Өте ежелгі кезеңдегі ықылым дәуірдің заманалық белгісі. Асан пайда әулиелік белгі бар (Біздің Асан қайғымызда әулиелік белгі бар ғой)», – деді бізге. Оқымыстының мағлұматы бойынша: Шиань өзенінің (Киянь өзені) басында 8 өзен бар. Бұл араға наймандар сол Шахар – деген жерден көшіп келген. Оны бастап келгендер Ык наймандар, яғни, ақ наймандар. Қазір олардың аты қытайша Бәй деп жазылады. Шаһар – Көкоттың шығыс солтүстігінде (Түрік қағанаты күйрегенде оңтүстікке кеткен 4 топтың бірі болмас па екен?). «Аға жыры» («Аға него», «Агаан дуу») деген жыр бар. Сөз арасында мына сөздерді аудамашысыз түсіндім: Тарғын – өзен, өзен аты, шаар – шығар, шайны шаар – шәйді шығар, иет – сүйек, білік – ақыл, ойын – ақыл, ой, сайын – ерекше, батыр, кең, құдық – құтых, арыслан – арыслан, тарғын – тарғын, мәңгі – мыңқ, мәңк, орық – құрық (ұстайтын), бригулыкшы – төр, төре, төреші, тірулікші – төреші, тленгут – төлеңгіт, хатын – қатын, тау – тау, аң – аң, аңхына – аңға шығу, аң қинау, таала ел – дала елі (ауылы), кігіт – көгет, Аиік – аяқ (шыны-аяқ), алтын – алтын, жүрық – жүрек, шірік – шерік (әскер), буғдат – бидай, Мяң (мыңх) – мың, тұң – түмен, он мың, жо – жүз, жетік – жетіген (саз аспабы), шага (шаха) – сақа.

Бізге бұл деректерді беріп, мән жайды түсіндірген Пұрла – Найман ауданы ауыл шаруашылық даму банкісінің директорының орынбасары, кеңсе меңгерушісі, Найман-монғол тіл, жазу, зерттеу ұйымының төрағасы; «Өз ағамды таптым. Іздеп келеді дегенге тебірендім» – деп қарсы алған Темірлі Чиемірлі – Аудандық халық құрылтайының төрағасының орынбасары, депутат; Сайын хуа – Сайынгүл көркемжазу ұстазы. Міне, түйіншегі табылмас деген тектің бір суыртпағы осылай ұшығын ұстатты. Сәтін салса, алдағы уақытта Алшын мен Құрынбел аймағына да жол түсер. Ал енді осыдан кейін де С.Маловтың сөзіне сеніп, өз жазуымыздан өзіміз бас тартып, жатбауыр тартамыз ба.



Түсіндіре таратуға көлемі көтермеген, бірақ жоғарыдағы түркітанудағы түйткілді емеуірінді шалықтаулардың салқыны тиген тұстарды еске сала отырып, зиялы қауымның назарын аударғым келген мақсатты түрде жазылған жатбауыр тартқан етбауырлар туралы баяндамаға әзірше осымен нүкте қоямыз.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет