Егемен Қазақстан. – 2014. №30. – 13 ақпан Сарбасова Қ. педагогика ғылымдарының докторы, профессор



Дата23.02.2016
өлшемі39.5 Kb.
#10572
Егемен Қазақстан. – 2014. - № 30. – 13 ақпан

Сарбасова Қ. педагогика ғылымдарының докторы, профессор
Ұстаз
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», деп ұлы Абай айтқандай, нағыз ұстаздар шындығында қанша жасқа келсе де, өскелең ұрпақты оқытып-тәрбиелеуден шаршамайтыны анық екен. Оның жарқын дәлелі ретінде мен үшін ғылымда парасатты, өмірде ұлағатты ұстаз болған Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Болат Әбдікәрімұлын толық айтуға болады.

Қазақстанның ғылыми-педагогикалық қауымдастығы  Б.Әбдікәрімұлын елiмiздiң топтан озған белгiлi де бiлiмдар оқымысты, жаңа толқын жас ғалымдар мектебін қалыптастырған білікті маман ретiнде жақсы бiледi. Оның жетекшілігімен педагогика саласынан 12 ғылым докторы, 60 ғылым кандидаты, экономика бойынша 4 ғылым кандидаты және бірнеше магистрлер дәрежелерін абыроймен қорғады.

Текті елдің тәлімі мен тәрбиесін бойына сіңіре отырып, қасиетті Сарыарқаның кең байтақ даласында білім мен ғылымды дамыту үшін Болат аға аянбай еңбек етіп келе жатыр. «Қариясы бар үйдің – қазынасы бар», деп дана халқымыз бекер айтпаған.  Өмірден көргені мен түйгені көп, кәсіптік білім беру саласынан тәжірибесі мол, ғылымда өзіндік қолтаңбасы бар көрнекті ғалым бүгінде елордадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде қызмет етіп, оның дамуына мол үлес қосып отыр. «Әліпті таяқ деп білмейтін сәбиден саналы азаматты қалай тәрбиелеп шығаруды»  зерттейтін педагогиканы ғылымның төресі деп мойындамайтын адам өзін осы күйінде аспаннан аяғы салбырап түсе салғандай сезінетін шығар мүмкін. Дегенмен, адамды тәрбиелеу ең күрделі іс екендігін кімде-кім болсын мойындайтыны хақ. Міне, осындай үлкен жауапкершілікті істің басында тұрып, күні бүгінге дейін тың идеялар ұсынып ғылыми еңбектер жазудан, бойындағы ұлан-ғайыр білімі мен іс-тәжірибесінен дәріс оқып, шәкірт тәрбиелеуден Болат Әбдікәрімұлы еш жалыққан емес.

Мен үшін еңбек жолын қарапайым жұмысшы болып бастап, ұдайы оқып, тынбай ізденіп, өзін өзі жетілдірудің арқасында кемел азамат биігіне жетіп, бүгінде ел таныған қайраткер дәрежесіне көтерілген ұстазымның орны ерекше.

Дүние де өзі, мал да өзі,

Ғылымға көңіл бөлсеңіз.

Білгендердің сөзіне,

Махаббатпен ерсеңіз, деп ұлы Абай атамыз айтқандай, ұлағатты ұстазымнан көп нәрсе үйреніп, білімімді шыңдай түстім. Оның жетекшілігімен кандидаттық және докторлық диссертация қорғап, бүгінде профессор атанып отырмын. Иә, Болат аға қашанда өзінің ерекше білімділігімен, асқан парасаттылығымен мені үнемі жігерлендіріп алға қарай жетелеп отырады.



Биылғы, он жеті ақпан күні Болат Әбдікә­рімұлы өмірдің тағы бір  асқарлы белесіне шығып, 75 жылдық мерейтойын атағалы отыр. Осы айтулы оқиғаға байланысты барлық шәкірттері атынан Болат ағаға мерейжасыңыз мерекелі, өміріңіз берекелі, денсаулығыңыз зор, отбасыңыз бақытты болсын дейміз.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет