Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»



бет6/27
Дата15.06.2016
өлшемі2.19 Mb.
#137264
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27

«Жоғарыдағы айтқандарымызды қорыта келе: Абай философиясын кәдімгі буржуазиялық идеологиялық философияның дінге иек сүйеген бір тармағы деп қиналмай-ақ қортынды шығаруға болады. Бұл философия осы уақытқа дейін қазақ халқының қалың жұртшылығы мен парасатты зиялылардың арасына кеңінен тарап келді, таратылып та жүр. Оны былай қойғанда, біздің өте аянышты өкінішімізге орай, біздің революциямыздың жүзеге асқанына он бір жыл өткен соң да осынау буржуазиялық күл-қоқырды (Абайдың философиясын) ешқандай сынсыз-ақ қазақтың жастары нағыз материалистік философияның қазақы түрі деп есептейді. Абай философиясы осы уақытқа дейін барлық қазақ оқулықтарында, қазақ басылымдарында, қазақша шыққан дәптерлердің мұқабасында басылып, үзінділер келтіріліп келеді, келтіріліп жүр, онымен қоймай барлық баяндамалар мен сөздерде т. б. жатқа айтылады. Егер де осынау бір шеттен шыққан сұрқия қылық осыдан бес-алты жыл бұрын көрініс берсе төзіммен қарауға болар еді, ол кезде Қазақстанда еңбекшілердің үстемдік құруы енді ғана жүзеге асып келе жатыр еді. Ал дәл қазір қазақ халқының өмірінің барлық саласы революцияланып болған кезде, болып жатқан кезде біз: Қазақстанның партия ұйымының идеология саласындағы ең бірінші кезек күттірмейтін міндеті таяу арада шұғыл түрде буржуазиялық күл-қоқыр ретінде абайшылықты құрту болып табылады. Сондықтан да, қысқа мерзімде Қазақстанның партия-совет мекемелерінің мәдениет майданындағы барлық қуат-күшін Абай іліміне және оның қазіргі сыбайластарына қарсы күресуге жұмылдыру керек» («Советская степь», 1928 ж. 2 тамыз), – деп «нұсқау беруіне» онша таң қалуға болмайды.

Ал, «қысқа мерзімде құртылуға тиісті... Абай ілімінің» бірден-бір мұрагері – Мұхтар Әуезов болатын. «Бір-ақ ауыз сөзбен... Абайдың шаруасын бітірген» («Советская степь», 1929 ж. 22 тамыз) соң, кезегі келген М.Әуезов те «тәубесіне түсіп» келді.

Ол түрмеге қамаларының алдында ұлы ақынның екі томдық мұрасын, ол туралы естеліктерді жинап, шығармаларының библиографиялық көрсеткіштерін жасап, баспаға әзірлеп қойып еді. Және Абай төңірегіндегі байбаламдарға қарсы пікір айтпай тұра алмады:

«Қазақ жазушыларынан, әрине, Абайды сүйемін. Менің бала күнімнен ішкен асым, алған нәрімнің барлығы да Абайдан. Таза әдебиет сарынына бой ұрғаны да Абай. Маған Абай деген сөз қазақ деген сөзбен теңбе-тең түсетіндей кездері бар сияқты. Абайды сүюім үнемі ақылдан туған, сыннан туған сүйіс емес, кейде туған орта, кір жуып, кіндік кескен жерді сүюмен бара-бар болатыны бар»,– деп жауап берген болатын досы С.Сәдуақасовтың сұрағына.

Заман қабағы жылынып, қабыловтардың қисыны ыдырағаннан кейін Мұхтар өзінің «Ашық хатында» бас тартқан көркем әдебиет пен өзінің шығармалары туралы пікірлерін бірте-бірте баспақтай қалпына келтіруге бет алды.

Ең бірінші: Абай және әдебиет тарихының мәселелері жөніндегі, көне мұралары хақындағы «уақытша ұстанған» нысаналарын өзге бір ауанмен әдібін жазды. Араға бір жыл өтпей жатып бұл ниеті жүзеге асты. Абайдың бір томдық шығармалары Мұхтардың құрастыруымен басылып шықты. Сөйтіп, «екі мәдениет» туралы қаулы әдеби мұраның халық игілігіне қызмет етуіне қайтадан жол ашты.

Екінші: революцияға дейінгі қазақ тұрмысынан жазылған шығармаларын «салт-сана», «сарыншылдық» деп бағалап, «Еңлік-Кебек», «Қаракөз» пьесаларын өзінің шығармашылық өмірбаянынан мүлдем сызып тастаған еді. Сонымен қатар, «салт, сана жөнінен, әдебиетті таптық тану тұрғысынан мойынсынбаған, заман ағымымен үйлеспейтін түсініктері де» бар еді. Сол үйлеспейтін дарын мен сарын оның С.Сәдуақасовтың анкеталық сұрағына Ленинградта оқып жүргенде жауап берген:



«Бұдан соң Мағжанды сүйемін. Европалығын, жарқыраған, әшекейін сүйемін. Қазақ ақындығының қара қордалы ауылында туып, европадағы мәдениетпен сұлулық сарайына оратылып барып, жайлауы жарасқан, қызық көріп сезгендей боламын. Мағжан культурасы зор ақын. Сыртқы кестенің келісімі мен күйшілдігіне қарағанда, бұл бір заманның шегінен асқандай. Сезімі жетілмеген қазақ қауымынан ертерек шыққандай. Бірақ түбінде әдебиет таратушылары газетпен қосақталып күндегі өмірдің тереңін терген ақын болмайды, заманынан басы озып, ілгерілеп кеткен ақын болады. Әдебиет-әдебиет үшін деген таңба айқын болмай, нәрлі әдебиет болуға жол жоқ. Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін. Орыс жазушыларында анық сүйетінім: Толстой, Достоевский. Адам жанын соларша қойма ақтарғандай ақтармаған соң, жазушылықтың мәні де жоқ. Прозаға психология араласпаса өзгенің бәрі сылдыр су, жабайының тақтақ жолы. Мына екеуіне карағанда өзің де ұяласың, өзің үшін де ұяласың. Жан құдайының алып жұртын көргендей болып кішірейіп, тапталып қаласың. Жазушылықтың асқары деп сүйемін. Европаның жазушысы Анатоль Франсты жақсы көрем. Бұның алуаны өзгелерден бөлек. Терең білімге, сыншы ақылға бой ұрған данышпан жазушы. «Чтобы быть прекрасным, надо быть разумным» деп Еврипид айтқандай, бұл ірі жазушылықтың екінші бір тұрғысы сияқтанады», – деген пікіріне қатысты болатын.

Әрине, енді туралы бұл пікірін ашық айта алмайтын. Сондай-ақ аты аталған шығармаларды жариялауға тәуекелі де жетпеді және ондағы сарынды өзгерту үшін өзге бір көркемдік өрнек қажет еді. Оған Мұхтардың өзі де дайын емес болатын. Алайда Мұхтар Әуезовтің шығармашылығындағы тарихи тақырыптардын игерілуі рухани қажеттіліктен туғандығын уақыт талабы айғақтады. Сондықтан да ертедегі шығармаларының басы біріктіріліп«Ескілік көлеңкесінде» деген атпен жарық көрді. «Ескішіл, байшыл», «ұлтшыл» сарындағы туындылары өнер тұрғысынан өз бағасын алды. Бұған Сәбит Мұқанов себепкер болды.

2.

Соның ішіндегі ең маңыздысы – 1932 жылы Мұхтар түрмеден шыққаннан кейінгі Сәбиттің жолдаған достық сәлемі. Өзге-өзге, бұл ізгі тілек Мұхтарды ерекше қуантып, серпілткені анық.



Өйткені, сол кезде Мұхтарға ауыр соққан жайдың бірі – ұзақ жылдар бойы өмірдің ащы-тұщысын татқан достарынан, пікірлестерінен көз жазып қалуы еді. Оның үстіне Ахмет Байтұрсынов сияқты рухани ұстазы, Жүсіпбек пен Мағжан іспетті абзал жандардың орнын кім баса алсын. Дегенмен де, өзге жазушылардың барлығы оны сыртқа тепті десек – шындыққа қайшы келеді. Соның ішінде он жылдай газет беттеріндегі мақалалары арқылы айтысып келген, Мұхтар түрмеден шыққаннан кейінгі жазушылар үйіндегі жиналыста танысқан Сәбит Мұканов та жәрдем қолын созды.

Сәбит ол кезде Мәскеуде оқуда болатын. Сонда жүріп Мұхтарға хат жазды. Өзге емес, тура Сәбит Мұқановтың достық көңіл бөлуінің маңызы ерекше болатын. Өйткені, Қаз АПП-тың көсемі болған Сәбиттің беделі үлкен және оның пікірімен өкімет те, өнер иелері де санасатын. Әрине, уақыт талабы, өнерге деген көзқарас өзгерді. Мұхтар да, Сәбит те «ет қызуымен» айтылған пікірлерінен қайтып, қателіктерін мойындады. Сәбит, Абайдың қаралаушысынан – насихаттаушысына, зерттеушісіне айналды. Мағжанды да, Мұхтарды да мойындады. Оған 1933 жылы 21 ақпанда Мұхтарға, 1934 жылы қарашаның екісі күні Мағжанға жазған хаттары дәлел. Екі хатта да Сәбит пікір таластыра отырып ойын ашық айтады. Біз осы кездегі саяси және әдеби ортаның жай-күйін толық білдіру мақсатымен хатты қысқартпай, сол қалпында келтіреміз. Және Мұхтарға тағылған айыптардың біразы осында қамтылған. Сондай-ақ, екі алыптың қарым-қатынасы жөнінде орынды-орынсыз, дәлелді-дәлелсіз айтылып жүрген қаусетті анықтау үшін де керек. Сәбит өз өмірінде үш рет Мұхтарға хат жазыпты. Соның ең біріншісі төмендегідей.



«21 февраль, 1933 ж. Москва.

Мұхтар!

Бұдан бірер жыл бұрын біз екеуміз екі таптың жыршысы ек. Марксизм объекті мен субъектіні бірінен бірін айырмайды. Объективно тап тартысында бір-бірімізбен майдандасқан адам болғандықтан, сені білмеймін, менің өз қара басымды алсақ, сені субъективно да ұнатпайтын ем. Сөйткен саған менің осы хатты жазуымның өзі көлденең қараған адамға ұқпайтын нәрсе сықылды көрінуі мүмкін. Өйткені тап тартысы біз майдандасатын кезде күшеймесе кеміген жоқ. Таптар біткенмен, тап өкілдерінің татулығы болу мәселесі әлі ерте. Және қарсы таппен біз татуласып жақындаспаймыз, жоямыз.

Сенің газеттерге жазған хатыңды, Жазушы ұйымының жиналысында айтқан сөзіңді оқыған адам, марксизмге таныс адам, әрине, бұл хаттағы жазылғанға таңданбайды. Бұл заңды хат. Адам тас емес. Адамның дүние тануы тұнған су емес. Бүгін дұрыс деп санаған пікір ертең қата болуы, қата пікірден адамның қайтып, жаңа, дұрыс пікірге көшуі адамдық қасиетіне сыйымды нәрсе. Марксизмнің идеализмнен, дөкір (грубый) материализмнен айырмасы: әр нәрсені қозғалыс ретінде (в движении) алады, ой-сананы тұрмысқа, материалды өмірге тірейді. Адам баласынын, өмір тануы ретінде, өзгермейтін ең соң (ғылым) – ғылыми марксизм болатын себебі де осы. Марксизм өмірді танудың дұрыс әдісі (метод). Сондықтан ол: барлық өмірдің өркендеуін диалектикалық материализм көзімен танығаны сияқты, өзінің өркендеуін де осылай таниды. Марксизмді ленинизм өркендетуі, ленинизмді Сталиннің ілгерілетуі осы дұрыс әдіс, дұрыс ғылымнан туған нәрсе.

Олай болса, сенің хатыңды, сөзіңді көріп марксшыл адам таңданбайды. Бұл заңды, табиғи нәрсе деп табады. Бір таптың жоқшысы боп жүріп, екінші тапқа көшу, тарихта бірінші рет болған нәрсе емес. Әрине, мұндай көшудің екі түрі бар:

1.Устряловшылдық/1. Бұндай әдіс бізде Жүсіпбекте, тағы басқаларда болды.

2. Шын ықыласымен, ескі жолының қателігін танып, жаңа жолға айқын түсініп келгендер.

Біз сені қас (дұшпан – Т.Ж.) күніңде де бағалайтын ек. Өйткені Мағжан мен сен кеңес үкіметіне қастықтарыңды ашып айтатын едіңдер. Сондықтан сенің пролетариат тілегіне келуіңді де адал келу деп ойлаймын. Бұл сенің көңліңді көтеру емес, шыным. Біреулер сенің жазаға тартылғаныңа байланыстыруы мүмкін. Оған повод бар да. Өйткені Достоевский жазаға тартқаннан кейін, төңкеріс пікірінен пышақ кескендей айырылып, барып тұрған реакционер болғаны мәлім. Күшке көнетін кісі де, көнбейтін кісі де болады. Ескі пікірінде шын қатқан тұрақты адам, жазаның ауыры – өлімге бара алады. Менің де өз қара басым сені қорқудан емес, ұяттан келген адам (не перед страхом, а совестью) деп оплаймын. Олай болса, күдіктің орны болмауға тиіс. Және болуға мүмкін де емес. Өйткені әрбір адамгершілік санасы бар адамның негізгі ойы – біреуді құлданбауда, адам баласы теңдес өсуде болу керек. Бұған сөз жүзінде: Каутский де, Чемберлен де қарсы емес. Кәтте, «Пуанкаре – война» атын алған Пуанкаре де қарсы емес. Лига нацияны Пуанкаре құрған. Лига сөзде қару тастауды кеңес қылғалы қанша болды? Бірақ, әңгіме сөзде емес, істе. Марксизм іс пен сөзді қатар алады. Олай болса, іс жүзінде адамды адаммен теңдестіруге қандай жол дұрыс апара алады? Қай топ оны істеуге әлі келеді?

«Өндіріс құралы жеке меншікте тұрғанда, біреуді біреу құлдану қалмайды», – деген Маркс. Бұл марксизмнің негізгі жолының мықты бір бұтағы. Адам – қоғамдас мақұлық. Және адам өзін-өзі ешуақытта асырай алмайды. Қоғам мүшесі біріне бірі көмектесіп, бірінің жоғын бірі табады. Олай болса, олардың бірлесіп жұмсайтын құралы ортақ және өндірушінің өз еріктерінде болуы керек. Пролетариатқа шейінгі тап, біреуді біреу құлдану негізінде құралған тап болғандықтан, бұны істе жүзеге асыра алмайды. Жүзеге асырса өзін-өзі жою керек. Өзін-өзі жою олардың қолынан келмейді.

Маркс неге пролетариатты басқа таптан таңдап алды? Қара шаруаның да біразы еңбек иелері, оларды неге алмады?

Маркстың пролетариатты таңдауы – олардың өзгеше боп жаралғандығы емес, олар да адам баласы. Олардың өзге таптан өзгешелігі – жекешілдік бағыт, меншік жоқ. Оларда еңбек ортақ. Олар – ортақ тұрмысқа үйренген, сондықтан олардың ортақ қоғам жасауға әлі келеді. Энгельс: «Капитализмнің пайдасы, өндіріс құралына ортақ, меншіксіз адамдарды өндіріске жиып, ортақ қоғам жасауға способный пролетариат жасап берді», – дейді. Маркс адамға қарсы емес. Ол – адамшыл. Ол адамды адам жеуге қарсы. Ол қанаушыны жоюға ұран тастаушы. Осы шын мағынасындағы адамшылық өмір жасауға әлі келетін тап – пролетариат. Оған пролетариаттың тұрмысы куә. Маркстың пролетариатқа сүйенуі, марксизмнің пролетариат идеологиясы екендігі осында.

Маркстың еңбекшіл қара шаруаға сүйенбегені – онда жекешілдік бағыт күшті. Қара шаруа, пролетариатпен одақтасқан күнде ғана социализмге бара алады. Іс жүзінде адамды теңдестіру, пролетариаттың қолынан ғана келсе, кімде-кім пролетариатқа қарсы болса, сөзінде пәленмін дегенмен, ол адамгершілікке қарсы. Мұны түсінген адам сөз жоқ, пролетариат тілегіне көшеді. Марксизм адам баласының миллиондаған жылдар жасаған күресінің, өркендеуінің ең жоғарғы мұнарасы. Кімде-кім осы мұнараға шықпаса, биік мұнарасы – коммунизмді көре алмайды. Сондықтан, сен сықылды адамдардың марксизмге келуі, ең алдымен, адамгершілігін өтегендігі.

Сенің бұдан былайғы әдебиет – шығарма жұмыстарыңда біраз қиындықтар болуы мүмкін, өйткені сен пролетариат тілегіне қарсы болған адамсың, сондықтан пролетариат саған біразға дейін сене алмайды. Сен «қателесем бе» деп біразға шейін жалтақтық істеуің мүмкін, «жасасын» жағын басыңқырауың мүмкін. Пролетариат, әрине, сенен оны тілемейді және ондай шарт қоймайды. Пролетариат – сынды, өзара сынды жақсы көретін тап. Кемшілігін жасырмайтын тап. Ол кемшілікті ашуды тілейді. Бірақ қалай ашады? Мәселе сонда. Біздің тұрмыстың жарық жағымен қатар күңгірт жағы да бар. Ол күңгірт пролетариатқа закономерный емес, ол ескі таптан қалған мұралар. Оларды ашу (жолы) – социалистік реализм. Бірақ ашқанда пролетариатша ашу керек.

Қазақстанның былтырдан бергі жағдайында перегип арқылы біраз қиындықтар болды. Бұл қиындық, пролетариаттың таптық тілегінен туған қиындық емес, жеке адамдардың дұрыс басқара алмағанынан туған қиындық. Осы қиындық біраз адамдардьң ішіне күдік салуы: «Марксизм ұсақ ұлттардың жүрер жолы бола алмайды”, – деген ойға келуі мүмкін. Әрине, ол марксизм ғылымына піспеген адамның ойы. Марксизм дұғалық емес, істің құралы. Төңкерісшіл пролетариат төмен қалған ұлттарды социализмге апара алады. Ол біздің одақта дәлелденді де. Ал Қазақстан жайында болған перегиптерге, марксшыл адам сын көзімен қараумен бірге, перегипті жоюға жәрдемдеседі. Марксизм төңкерісшілдікті іс жүзінде сынайды.

Бұл сөздер, әрине, үгіт емес, (сен сықылды пікірі ержеткен адамды үгіттеудің өзі бір жағынан қарағанда балалық болар еді) марксизмнің негізін айтқандық.

Мен өзім партияға өтірік кірген адам емеспін. Бірақ басында ақылмен емес, жүрекпен кірген адаммын. (Бұл демагогия емес). Өйткені мен партияға кіргенде марксизм ғылымының негізін шала білетін адам едім. Бірақ партияға кірдім. Соның өзі странно көрінуі мүмкін. Бірақ онда түк таңдану жоқ. Бұл марксизмнің құрғақ теория еместігіне, марксизмнің тамыры еңбекші халықтың ішінде өсетіндігіне дәлел. Марксті білмеген еңбекшілер толып жатыр. Марксизм солардың ішінен өскен. Біреулер шен үшін партияға кіреді. Біреулер күн көріске кіреді. Мақтануын ішіне ала сөйлегенде, менде мұның бірі де болған жоқ. Білім кемдігінен болған қаталықты былай қойғанда, мен өз қара басымды, таза, пролетариаттың ісіне берілген адаммын деп санаймын. Күңгірт жақтарым болды. Бірақ мен қоғам ісіне қатынасқалы, бір жолда келем деп тарих алдында мақтана алам. Келешек өз алдына.

Өскен сайын (ой өсуін айтам) адам, әрине, объективно бола бастайды. Мен өз қара басым тұмысқа объективно қарай алғаным сықылды (осы күнде), Қазақстан жағдайының қазіргі күйіне объективно карай алам. Қазақстандағы қазіргі еңбекші таптың перегиптен көрген қиындығына іші ауырмаған адам – коммунист емес. Олар – баққұмар, арамтамақтар. Бірақ құр іші ауырып қою, күрестен қол тарту болар еді. Оның арты кеңес үкіметінен, социалды идеядан қайту болар еді. Оған өз басым бара алмаймын. Партияның бүл перегипті түзеуге әлі келуіне сенем. Құр сенім де ешнәрсе болмайды. Біздің мақсат – перегипті түзетуге көмектесу. Көмекке әркімнің маманған құралы бар. Біздін, құрал— көркем әдебиет. Сондықтан біздің мақсат көркем әдебиетпен қазақ еңбекшілерінің тұрмысын түзесуге жәрдемдесу, партияның кәсіпке, колхозға ұстап отырған жолын түсіндіру.

Біз Алма-Атада көріскенде жөнді сөйлесе алғамыз жоқ. Біздің сенімен сөйлескендегі мақсатымыз, сені үгіттеу емес, түзелем деп алған бетіңе жолдастық көмек көрсету. Сол көмек, кеңес ретінде осы хатты жазуға тура келді. Хатта толық пікірді айту мүмкін емес, бірінші – сөзіңе сенгендігімді білдіру, екінші – пікірімді айту.

Егер сен бұрынғы Мұхтар болсаң, «қанжығада көрісермізбен» айдай берер ек. Қазір ол пікірден, әрине, аулақпыз. Түзелуіңе бізден керекті жәрдем болса қолдан аянбаймыз. Сенің міндетің – біздің алдымызда емес, пролетариаттың алдында (біз де соның ішіндеміз ғой) сөзіңді іс жүзінде айту.

Жолдастықпен: Сәбит Мұханұлы».

«21 февраль, 1933 ж. Москва.

Біздің ойымызша Сәбиттің бұл сенімін Мұхтар толық ақтап шықты. Саяси-таптық қарсыласын бауырына тартқан Сәбиттің осы қадамын нағыз азаматтық қасиет ретінде бағалауға толық негіз бар. Әрине, олардың араз боп, айтысып жүрген кездері де болды. Бірақ, оған әлі талай жыл бар еді. Ең бастысы – Мұхтардың басына күн түскенде Сәбиттің жанынан табылуы.

Мұның өзі Мұхтарға дәл уақытында, ділгір шағында жасалған ұмытылмас жақсылық еді.

Біз жазушының таным жолындағы табандылығын, өмірінің қаншама күрделі оқиғаларға толы болғанын, соны санасын сарқа саралап, парасатпен шеше білгендігін көрсету үшін ғана бұл түсініктерді қайыра баяндап отырмыз. Егер де жазушының өміріндегі үлкен түйін боп келген дәл осы мезет айқын ашылмаса, онда Мұхтардың бүкіл өмір жолын түсіну мүмкін емес.

Ендігі ағат адымның ар жағында – терең жар, құлама құз күтіп тұрды. Үрейлене жүріп сырлас іздеді. Дос көңілді дала данышпаны Қалибек Қуанышбаев пен Ілияс Жансүгіровтен тапты. Ол Ілияс Жансүгіровпен «Қилы заман» мен «Қараш-Қарашты» жазарда Қарқарада танысып, соңы сырластық пен сыйластыққа ұласқан. Даланың самалын, кең сахараның шетсіз-шексіз қиырын қатты сағынса да астанадан алыс кетуге рұқсат етілмеді. Өзге себептермен қоса, азық-түліктің тапшылығы да қолбайлау жасады. Сондықтан да, Ілияс екеуі Медеу шатқалының сағасындағы Жалбыртөбенің етегіндегі Мұғалімдердін демалыс үйіне орналасты. Әдеби өмірден, тіршілік қарекетінен қол үзіп қалғандықтан да, әріптестерімен әңгімелесудің өзі бір ғанибет еді. Белгілі-белгісіз қисындарға байланысты, сол тұстағы қазақтың ірі қалам кайраткерлерінің ішінен Мұхтарды жанына жақын тартқан Ілияс қана болды. Қөңілінде қылауы жоқ өзге азаматтардың бұл «жатбауырлығын» түсінуге де болатын. Тамақтың өзін асханаға кезекке тұрып алатын қиын кезде, мұндай мырзалық тек Ілиястың ғана қолынан келетін.

Шындығына сайғанда бұл серуен де, серілік те емес. Шаң басқан көңіл кірбіңін жазу, көкейдегі күдікті ыдырату, сол арқылы тың қуатпен шығармашылық жұмысқа кірісуге дайындық, уақытша бел суыту еді. Еркіндікке шыққан күннің алғашкы аптасында-ақ кітапханаға барып, тарихи деректерді іздеп, қолжазбаларды қағыстыруында үлкен-үлкен мақсаттың ұшқыны аңғарылады. Ол демала жүріп, ой толғағынан арылмады. Болашақ туындыларынын, жоспарын жасады. Соның ішінде өзі әбден сыналған жанр – драматургияға ат басын тіреді.



Алайда төтенше мекеме мен үштіктің: «Бақылауға алынсын, соңына тыңшы қойылсын, қадамы хабарланып отырсын», – деген сұрқылтай бұрыштамасы М.Әуезовтің еркіндікте еркін өмір сүруіне мүмкіндік бермеді. Голощекин ауысып, орынына Мирзоян келгенде, яғни, «Қужақты – «Мырзажан» ауыстырса да тыңшылар қалғымады. Олар Мұхтар Әуезов пен Ілияс Жансүгіровтің шығармашылық байланысын ұлтшыл-алашордашыл астыртын әрекет ретінде бағалады. Оны Мирзоянның өзіне «аса құпия» түрде былай «таныстырды»:

«ОГПУ-дің Қазақстандағы өкілетті өкілінің құпия -саяси бөлімі. №1643284. БКП (б) Өлкелік комитетіне. Мирзоян жолдасқа. Аса құпия. 11 қыркүйек, 1933 .

Қазақстандағы әдеби тврочество мен әдеби күштер туралы Баян хат.

Әдебиет майданындағы күрестің қысқаша тарихы

«Орыс әскери отарлаушыларының Орта Азияға басып кіруіне – татар моллаларының қыр елін жаулап әкелуге ырық берді, олар қазақ жеріне әр түрлі сенімхатпен келген дүкеншілермен, орыс көпестерінің шеркеттерімен тікелей байланыста болды. Молланың атын жамылып келген Орынбор, Қазан, Уфа медіреселерінің шәкірттері православиелік миссионерлікке қарсы қару ретінде қазақ даласына панисламизм идеясын сіңірген алғашқы мұджаһиттер болып табылады. Олар «Мұсылманның шынайы бауырластығы» дегенді ұран ете отырып, артта қалған қазақ елін қанады. ХХ ғасырдың басында қажыға барар жолдағы Түркия арқылы және Бұқара мен Хиуа, тағы да басқа Орта Азиядағы сауда орталықтары арқылы барлық түркі тілдес халықтардың бірігуі туралы ұран тастады. Оған қазақ халқы да қосылды.

Әсіресе, 1905 жылғы революция тұсында, жаңа дыбысты әліппеге көшу – жәдидтік оқу жүйесіне ауысу қарсаңында пантүркизм қозғалысы ерекше жанданды. Жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ зиялылары мектептердің төңірегіне топтасты. Буржуазиялық-ұлтшыл топ өздерінің қатарын көбейту үшін сол кезде саны біршама молайып қалған мектепт шәкірттерін ықпалына алды. Жәдидтік мектептен өткен, татарлардың жоғары оқу медреселерін бітірген бұл шәкірттер қазақтардың алғашқы буржуазиялық-ұлттық интеллигенциясын шоғырын құрады.

Бұл қозғалыс 1917 жылғы төңкеріс тұсында, буржуазиялық-ұлтшыл «Алаш» партиясы құрылған кезде өзінің шарықтау шегіне жетті. Қазақстанның буржуазиялық-ұлтшыл қозғалысының қозғаушы күші әдебиетте, буржуазияшыл-ұлтшыл жазушылар мен ақындардың: Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың, Ғұмар Қарашевтің, Мағжан Жұмабаевтің, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, Бернияз Күлеевтің, Мұхтар Әуезовтің т.б. шығармаларында көрініс тапты. Аталған негізгі жазушылар қазақ төңкерісін қабылдамады, «Алаш» партиясының құрамында кеңес өкіметіне қарсы белсенді түрде күресті. «Алашорда» ұйымы талқандалған соң кеңес өкіметімен крес тәсілін өзгерте отырып, мәдениет майданын өз қолдарында ұстауға тырысып, өздерінің оқу құралдары, дәрістері, әдеби еңбектері арқылы жастар тәрбиесіне идеологиялық ықпал жасауға ұмтылды.

Мысалы, қазіргі қазақ көркем әдебиетіндегі мына бағытты атап өтуге болады: олар – кеңестік жастардың аз бөлігіне әсер етіп отырған алашордашылардың қалдығы мен алашшылдар және ұлтшылдар тобы...».

Бұдан кейін әдебиет, мәдениет, білім салсындағы ұлтшылдарды түгендей әшкерелеп, саяси тұрғыдан талдап, үкімін шығара қорытынды жасайды. Ұлтшылдықпен ұшынбаған қазақ қызметкері қалмаған. Әр қайсысына берілген мінездемеде бірінші Әлімхан Ермековтен басталған. Екінші болып М.Әуезов ілінген.

Жалғасы: «Оқулық мәселесі тіпті сорақы жағдайда, мысалы 1934 жылға арналған оқулықтар идеологиялық тұрғыдан жарамсыз деп табылып, тоқтатылып тасталды. Өйткені оны жазушылардың Мұхтар Әуезов бастатқан (алашорданың бұрынғы көсемі) ұлтшылдар тобы дайындайды.

2. Әуезов Мұхтар – өзінің идеялық ұстанымында қалған «Алашорданың» көсемдерінің бірі, қазір мықты байланысының арқасында толық әшкереленуден сатану мақсатында сон дай ептілікпен жалтарып жүр. Оның бірде-бір мойындауы, 1932 жылдың көктемінде «Казправда» да жарияланған мойындауынан бастап «Литературная газетаға» арнап жазған драматургия туралы мақаласына дейінгі жазғандарында оның өзінің жеке басының контрреволюциялық әрекеттері мен өз партиясының әрекеттері ашылмаған.

Әуезов қазақ интеллигенциясының мұқым бір шоғырының (негізінен жазушылардың) «көсемі әрі идеологі» қызметін жалғастырып отыр және ыңғайын тауып жастармен кездесуге ұмтылады (жоғары оқу орындарына т.б. жерлерге құлшына барып әдеби кеңес береді).

1933 жылы 17 мамыр күні Қазметеатрында қойылған өзінің (Еңлік – Кебек» атты пьесасында, өзінің айтуы бойынша, «өткендегі тарихи оқиғаларды қанық жеткізу үшін қазақтың байлары мен батырларының бояуын әдейі қоюлата көрсетіпті». Бұл реакциялық шығарма, алайда «көрермендер сіңіре қабылдайды», оған сақадай сайланып келуі дәлел.

Жансүгіров Ілиястың (Қазақстан жазушылар одағының ұйымдастыру комитетінің төрағасы) тұлғасы ерекше ықтиятты түрде назар аударуға тұрарлық. Өзі коммунист, ең талантты қазақ жазушыларының бірі. Жансүгров өзінің шығармаларында өзге жазушылардан көрі «Алашорданы» ең көп жырлаған ақын, Қайыпназаровтың айтуына қарағанда Жансүгіров ҚазАП-тың бірінші құрылтайынан кейін ғана, 1925 жылдан соң «Алашордадан» бетін теріс бұра бастаған.

Алайда, әшкереленген контрреволюциялық ұйым мүшелерінің көрсетуінше, Жансүгіров қазір де Әуезов пен Ермековтің тапсырмасымен қазақ әдебиетіндегі алаш идеясына қызмет ететін алашордашылардың идеологгі болып табылады.

«... Өзінің төрағалығы мен әдебиет саласындағы алашорданың идеологиялық ықпалын сақтап қалуы үшін Жансүгіров өзін өте сақ ұстайды, сырттай контрреволюционер-ұлтшылдардың қас жауы етіп көрсетеді, оларды баспасөзде қатты жәбірлейді және әдебиетшілердің жиналыстарында (1933 жылы тамызда) ұлтшылдарға қарсы ашық сөйлейді».

Жансүгіров өзінің алашордашыл шығармаларын жанама есіммен басып шығарғаны, Әуезов өзінің еркі бойынша өзінің еркі бойынша шығармаларын ойдан шығарылған бүркеншік атпен жариялайтыны ұйым жиналысында талқыланды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет