Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!



бет38/42
Дата04.07.2016
өлшемі6.89 Mb.
#178022
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   42

Iстiң ақырында дауысқа салғанда – дауыс ұлттық тегiне қарай екiге бөлiндi. Iшiнара кейбiреулерi болмаса, қазақтардың барлығы қостап дауыс бердi, ал, кейбiр қалыс қалған жеке адамдарды есептемегенде, орыстардың барлығы қарсы болды. Мәселе сол күйi шешiлмей қалды. Бiрақ та, кейiннен бәрiбiр 3-4 дауыс артық алған Сәдуақасов Қазақстан Орталық Атқару комитетiнiң құрамына өттi».

Бұл мәселе Смағұл Сәдуақасовпен алдын-ала келісіліп алынған сияқты. Істің бәрі де соның ықпалымен және соның күрес жолының бағытымен қақпайланып отырған. Бұл өте бір ауыр кезең еді. Қазақстанның үш түрлі өкімет билігінде (Батыс облыстар – Орынборға, солтүстік облыстар – Батыс Сібірге, оңтүстік облыстар – Түркістан өлкесінде) қалуы өзара түсініспеушілікті тудырды және ұлттық мүдденің тұтастығын сақтауға кесірін тигізді. Әсіресе, Сібір төңкеріс комитетіне қараған Шығыс және Солтүстік губерниялардың ахуалы өте нашар еді. Жаңа орыстандыру мен қоныстандыру саясаты жүріп жатқан. Төңкеріс тек орыстарға ғана қатысты сияқты көрініп, қазақтар қызметтен шеттетіліп жатыр еді.


Ә.Байділдиннің «іске тігілді» деп атап көрсеткен хаттамасы және оған берген тиянақты түсініктемелері, деректері кеңес өкіметінің қылмыстарын әшкерелейтін «құпия құжат» болып табылады. Ұзақ та аса маңызды бұл мәліметтер осы басылымның «Жегі» атты бірінші бөлімінде арнайы талданғандықтан да және осыдан кейінгі Мұхтар Әуезовтің тергеуіне қатысты тарауда тағы да пайдаланатын болғандықтан да, бұл ретте оның жеке басына қатысты түрме тағдырын баяндаумен ғана шектелдік.

Үкім тергеу ісінің ҮІІ томының соңына тіркелген:



«ОГПУ (сот) коллегиясының 1930 жылғы 4 көкек күнгі кеңесінің хаттамасынан көшірме.

Тыңдалды: №78754 іс бойынша айыпталған: Байтұрсынов Ахмет пен Міржақып Дулатовты – ҚЕ 58/2,58/4,58/11,58/10 баптары бойынша, ... Байділдин Әбдірахманды – ҚЕ 58/1,58/13 және 58/10 баптары бойынша ... (жиыны 42 адам – Т.Ж.) айыпты деп тапты.

Қаулы еттік: Байтұрсынов Ахмет, ... 13. Байділдин Әбдірахман – АТЫЛСЫН.

Іс архивке тапсырылсын. ОГПУ-дің хатшысы – қолы.”

Осымен ОГПУ-дің тергеуі мен соты аяқталған. Яғни Әбдірахман Байділдин он үшінші боп тізімге ілінген «аса құпия» хаттама сіздердің назарларыңызға ұсынылып отыр.


Тарих бұл адамды ар-ождан тұрғысынан қалай ақтайды? Оның жолын бiлмеймiз. Мұндай үкiмдi айту – бiзге де ауыр. Бiрақ ол кiсiнiң әрекетiне жекжаттары мен үрiмдерiнiң ешқандайда кiнәсi жоқ екенi анық. Сондықтан да заманның диiрменiне түскен тағдырды тәлкек етудiң өзi де қисынсыз. Ол өзiнiң жазасын өзi алды, өзiне өзi өлiм жазасын кестi. Бұл да зауалдың бiр түрi. Алаш қайраткерлерінің жанын күйдiрген жан иесi туралы бұдан артық сөз қозғауды лайық деп таппадық.

Қалған сөз келесі бөлімде қамтылады.

АРЫЛУ

(Қорытынды орынына)



Сонымен, арасында аз үзіліс жасап барып үш жыл бойы қауіпсіздік комитетінің мұрағатынан жинақтаған «Алашорда» қайраткерлеріне қатысты тергеу ісін көшірген дәптердің соңғы беті де жабылуға жақын қалды. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысқан ұл мен қыздар жаппай қудаланып, партия, кеңес қызметкерлерінің арасынан да ұлтшылдар табылып, тергеу жүргізіліп жатқан тұста жасырын жазылып алынған (ішінара таспаға түсірілген) қатираның соңына – әр томға, әр адамға, әр жауапқа қатысы қысқаша сипаттамалар жазылыпты. Зады, КПСС Орталық Комитеті «қазақ ұлшылдығы» туралы қаулы қабылдап жатқанда да осынау «аса құпия құжаттарды» жариялаудың мүмкіндігі түптің-түбінде туатынына сенген сияқтымыз.

Сол күндердің әсерінен туған алаң ба, жоқ, бұл құжаттардың қайтып қолға түспейтініне көз жеткендіктен бе, әлде аяулы алаш зиялыларының бейнесін жүректе сақтап қалуға деген шексіз ыстық сезім бе, кім білсін, түрме психологиясына қатысы бар-ау деген ойларымыз бен ескертпелер де қағазға түсіпті. Дәл қазір нақ сол кездегідей аңсарлы болмағанымен де, бұл жазбалардың ұмытыла қоятындай жөні жоқ, онда келер жылдардың зерттеушілері де зер сала жүретін ой ұшқындары бар екен. Әсіресе, алаш зиялыларының тағдырына ықыласты зиялы қауым үшін танытар емеуіріні мен айтар астары да бар сияқты. Сондықтан да, «Ұраным – Алаш!..» атты әфсананың тікелей жалғасы болып табылатын үшінші бөлімдегі пайымдаулардың арнасы бұрынғы «әннен өзгерек» болатындықтан да, деректердің жиналуы, салыстырылуы, жазылуы жиырма жылға созылған кітаптың қорытындысын дәптердегі сол сипаттамалармен аяқтауды жөн көрдік.

Тергеу ісімен танысу, барлық елеулі оқиғалар сияқты кездейсоқ әрі табиғи түрде басталды. «Табиғи болуының» себебі, алаш идеясы бала жасымнан маған таныс, тіпті, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолындағы» Әзімхан бейнесі мен Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуіндегі» алашорда қайраткерлері туралы деректермен ұлт көсемдерінің жағымсыз бейнесін салыстыра әдеби кеш өткізіп, мектеп қабырғасынан айға жуық шеттеп қалғанымыз да бар болатын. Университетте курстың тең жартысы: «Тарихымызды білгіміз келеді»,– деген желеумен шет тілі пәні ретінде араб тілін оқыдық. Айтуған Шәйімов, Мұратқан Қаниев, Құрманғазы Бексайынов, Дәуітәлі Стамбеков, Жүрсін Ерманов, Нұрқасым Әмірғалиев, Несіпбек Айтов, Жанболат Әуіпбаев қатарлы курстастар ұлттық кітапхананың сирек қорлар бөлімінде «Айқап» пен «Қазақ», «Сарыарқа», «Алаш», «Ақ жол», «Қазақ тілі», «Сана», «Әйел теңдігі», «Құс жолы» басылымдары мен сол жылдары шыққан сирек кітаптарды алдырып оқитынбыз. Кейін бұлардың біразы сырт тартып кетті. Тек Құрманғазы ғана «Ақ жол» газетіндегі публицистика» деген тақырыпта дипломдық жұмыс қорғады.

Ал біздің ынтамыз үдей түсті. Ұстазымыз Рымғали Нұрғалиев С.Бегалиннің, С.Машақовтың, Ж.Елебековтің үйіндегі М.Дулатовтың «Оян, қазақ», Ж.Аймауытовтың «Жан жүйесі», Мағжанның «Өлеңдері» сияқты кітаптарды алып келіп, үйінен шығармай оқытты. Қазақ журналистикасының «ақ бас бурасы» (Несіпбек қойған), профессор Хайыржан Бекхожин біздің бірінші курстағы «Айқап» журналындағы публицистика» атты курстық жұмысымызды маған да айтпастан студенттердің олимпиадасына ұсынып, республикалық марапатқа ие болдырғаны да бар.

Сөйтсек, аяулы ұстазымыз бізге «ен салып» жүр екен. Күзде шақырып алып: «Мен саған бір сыр айтамын. Келіссең де, келіспесең де тісіңнен шығарма. Өзің маған шәкірт болғың келе ме? Ендеше мен бір сенімді шәкірт іздеп жүр едім. Өлеңді Сырбай мен Қалижан да жазады. Мен ғана емес, бүкіл қазақ қарыздар менің ұстаздарым бар еді. Солардың парызын өтейін деп әр жылдары екі шәкірт дайындап едім. Біреуінен ештеңе шықпады. Екіншісі ауылға кетіп қалды (Сөйтсек ол Зарқын Тайшыбай ағамыз екен). Енді саған таңдауым түсіп тұр. Сен оларды біліп жүр. Мен саған олардың еңбектерімен қайдан, қалай танысудың жолын көрсетемін»,– деді. Өрекпіген жүрегімізді басып үлгергенше университеттің сол кездегі ректоры Өмірбек Жолдасбековке алып барып, табан астында ұлттық кітапхананың сирек қорына ілеспе хат жаздырды. Одан ұлттық кітапханаға жетектеп апарып, сирек қордың емес, арнайы құпия қорда істейтін Сәуле Мұсатайқызы Ақынжанова апаймен жеке таныстырды. Тоғыз айдан кейін өзі емтихан алып, ризашылығын білдіріп: «Олардың заманы келеді. Біз көрерміз, көрмеспіз, бірақ сол кезде сен дайын бол»,– деп батасын беріп еді.

1987 жылы қаңтар айында Жазушылар одағының жанынан Құқық комиссиясын құрып, мені төрағалыққа бекітіп, желтоқсан оқиғасына қатысты деректерді жиып, хабардар етіп отыруды тапсырған және жоғарыдағы жайдан мағлұмдар Олжас Сүлейменов 1988 жылы қаңтар айында бізді сол кездегі жоғары соттың төрағасы Тамаз Айтмұхамедовке жіберіп: «Міне, күні туды олардың. Ұстазыңның үмітін ақтайтын кез келді. Алаш қайраткерлерін ақтауымыз керек. Сен солардың тергеу ісімен танысып шығып, әдеби эксперт бол»,– деп еді. Күрделі кездің қиын үкімдеріне қол қойып жүрген жоғары соттың төрағасы: «Біздің ұлтымызға жаны ашымайды дейсіңдер ме? Дайындалып келген үкімге қол қоямыз. Біз қоймасақ, басқаға қойдыртады. Олжас жіберсе – саған сенемін. «Алаш» қайраткерлерінің тергеу ісін қарап жатырмыз. Онымен Жоғары соттың мүшесі Қазыхан Кенжебаев айналысып отыр. Сонымен бірігіп өзіңе керекті деректермен таныс. Бізге де кеңес бер»,– деді. Қазыхан екеуміздің қатар оқығанымызды және оның келіншегі Гүлнар Сейітбекқызы мен менің әйелім Әмина Сейітқызының кластасы екенін білген соң: «Ендеше күнде таңертең сағат оннан бастап келіп менің бөлмеме отыр. Сағат үште босат. Қалғанын Қазыхан ұйымдастырады»,– деді.

Сөйтіп, бұл дәптердегі алғашқы көшірмелер Жоғары Соттың кеңсесінде түсіп еді. 1988 жылы көкек айында «Алашорданың» 14 мүшесінің азаматтығы ақталып, О.Сүлейменовтің атынан Г.В.Колбинге Қ.Кенжебаев дайындаған бір жарым беттік хат жолданды. Сол кезде Өзбекәлі Жәнібеков хатшы болып келе қалды да, 4-қарашада бас прокурордың ресми қарсылығы жасалып, академик Ж.Әбділдин бастатқан үкімет комиссиясы құрылып, іс қайырымен аяқталды. Сөйтіп, әулие Хайрекеңнің – алаш ардагерлерінің алдындағы, менің – Хайрекеңнің алдындағы парызым өтеліп, ұлт көсемдері ақталды.

Кейін Қауіпсіздік комитетінің төрағасының орынбасары С.Қ.Әбдірахмановтың рұқсатымен 1988-1992 жылдары аралығында және 1997 жылы комитеттің архивімен барынша еркін отырып танысуға мүмкіндік алдым. Сөйтіп, бұл деректер алғашында Қауіпсіздік Комитетінің Алматыдағы ғимаратының жанындағы жер үйде, содан кейін бас кеңесенің солтүстік қанатындағы 2-қабаттағы 14-бөлмеде жазылды. Қауіпсіздік Комитетінің полковнигі Қараби Мұхаметқалиев пен Шыңғыс Салықбаев сынды азаматтар бізге барынша еркіндік берді. Сол үшін де оларға ілтипат білдіремін.

Алаш идеясының саңлауын сезуге мүмкіндік берген мектептегі әдебиет пәнінің мұғалімі Жәңгір Исайыноваға, тарих пәнін санама сіңірген Сағынтай Керімқұловқа, сынға салып сынақтан өткізген Исабек Шыңғысбаевқа, құпия түрде санама сіңірген Рымғали Нұрғалиевке, Мұхтар Мағауинге, қадірменді алаштың «ақ бас бура» ардагері Хайыржан Бекхожинге шәкірттік, сол ұстаздың парызын өтеуге жағдай жасаған Олжас Сүлейменов пен Бекежан Тілегеновке інілік тағзым.

Әлкей Марғұланның алпыс жасқа толған тойында айтқан: «Осы бір айтулы күні ең алдымен, менің кім болып шығатыныма көзі жетпей, өздерінің асыл арманымен өмірден өткен өзімнің ата-анамды есіме алғым келеді»,– деген сөзін осы жолдар жазылып жатқанда алаш мұрасын жатқа білетін, жоғарыда аталған Гүлнардың әкесі Сейітбек Нұрқанов ағамыз біздің есімізге салды. Әлекеңнің сол сөзін мен де өзімнің әке-шешем Құдакелді мен Хадишаға қаратып айтқым келеді. Өйткені, Ахаңның – Ахмет Байтұрсыновтың атының тізгінін бір-ақ рет ұстап, сол үшін түрмеге түссе де, өмір бойы атын қастерлеп өткен Құдакелді Жұртбайұлының да рухы осы жолдарды жазған кезде бізді қолдап отырғаны кәміл.

Бұл әфсананың осындай рухани тарихын еске ала отырып, енді, дәптердегі сыпаттамаларға орын беремін.

Тергеу: контрреволюциялық-террорлық, басмашылық ұйымның (жетекшісі Дінмұхамед Әділев); кеңес үкіметіне қарсы құрылған Орынбордағы астыртын ұйымның (жетекшісі Ахмет Байтұрсынов); шет ел интервенциясының күшіне сүйенген Ташкенттегі контрреволюциялық ұйымның (жетекшісі Мұхамеджан Тынышбаев пен Х.Досмұхамедов) «қылмысты істерін» өзара байланыстырып, дабыл қағарлықтай әшкерелеу бағытында жүргізілген. Голощекин тергеу үрдісін бақылап отырған. Одан алынған мәліметтерді тергеу қорытындысы шықпай тұрып-ақ баяндамаларына пайдаланған.

Тергеу жауаптарының мазмұнынан тұтқындалған адамдардың еркіндікте жүрген кезіндегі өзара қарым-қатынасы, деңгей-дәрежесі анық аңғарылады. «Алашорда» үкіметі мүшелерінің, яғни, самодержавие тұсында түрменің дәмін татып, сынақтан өткен, алғашқы топта тұтқындалған қайраткерлердің жауаптары бір ыңғайда, бір мағынада, аумағы өлшемді ұғыммен берілген. Олар сөз арасына кездейсоқ адамдардың атын атамаған, жанама оқиғаларды кіріктірмеген. Идеясы, мақсаты, күрес жолы, сенімі мен пайымдары да ұқсас Әлихан Бөкейхановтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың, Халел Ғаббасовтың, Елдес Омаровтың жауаптары бір жерден шыққан. Бір қызығы, тергеушілер оларды «жүздік жақындықтарына» қарап топқа бөліпті (мысалы, бірінші топ – А.Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сейдазым Қадырбаев, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Әлімхан Ермеков, Елдес Омаров; екінші топ – Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтер, Иса Қашқынбаев, Кәрім Жәленов; үшінші топ – Мұхамеджан Тынышбаев, Жұмақан Күдерин, Біләл Сүлеев). «Қазақы қарға тамырлық» бұл адамдарға тән емес екенін тергеушілер ескермеген сияқты.

Керісінше, жауапқа тартылғандар бір-бірін жақтыра бермейтінін тергеушіге «ұмытпай ескертіп отырған». Мысалы, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, Ә.Ермеков бір-бірімен сөйлеспейтіндігін атап көрсетеді. Алайда Ә.Ермеков ауруханада жатқанда Х.Досмұхамедов оның көңілін сұрай барғаны сөз арасында білініп қалады. Сондай-ақ М.Әуезов: «М.Тынышбаев пен Х.Досмұхамедовті «Сұғанақ сұр» атты шығармамда сынағанмын»,– дейді. Тұрар Рысқұловтың бажасы Жаһанша Досмұхамедовтің адресі арқылы Сарымолдаевқа жолдаған хатты оның рұхсатынсыз Қожановқа оқытып, оның тінту жүргізгені қамтылған өмірлік шындықты көркем шығармаға арқау еткенін мекзей отырып, сол арқылы «қазақы әдіске салып» олар туралы айғақ беруден бас тартқан. Сондықтан да мұндай көрсетінділер абайлап пікір қорытуды талап етеді.

Әлихан Бөкейхановтың жауабы қысқа да нұсқа. Ойын шымырлата қорытып: «Маған «Алашорданы» білесіз бе?,– деп сұрақ қойма. Мен – «Алаш» партиясы мен «Алашорда» кеңесінің төрағасымын, «Алашорда» үкіметінің төрағасымын. Сондықтан да оның іс-әрекетіне толық жауап беремін. Ал «Алашорда» кеңес өкіметін мойындап, оның бұрынғы іс-әрекеті үшін ешкім де, ешқашан да жауапқа тартылмайтыны туралы Ленин қол қойған келісімнен кейін, ол үкімет тарихтан кетті. Егерде Лениннің қолы оның өзі өлген соң жүрмей қалса, онда үшінші адам болып Сталин қол қойған. Ол келісім күшін жойған жоқ. Жойса, келісім бойынша, маған хабарлар еді. Мен Сталиннен ондай хат алғамын жоқ. Әлде сендер оны мойындамайсыңдар ма? Онда маған жазбаша жазып беріңдер. Ал жазбасаңдар, демек, ол келісім күшінде, одан да келесі сұрағыңа көш»,– деген мазмұнда жауап берген.

Бұл кісінің мысы қашанда басым тұратынын көрген жанның бәрі (Әлкей Марғұлан, Халижан Бекхожин, Ғалым Ахмедов, Мариям Мұқанова, Валентина Николаевна Әуезова) айтып еді. Тіпті тұтқындауға келген «жандыаларлар» да оны басына алмапты. Бұған Лиза Әлиханқызы Бөкейханованың: «Әкемді ұстауға сауылдап кіріп келген тергеушілерді көргенде саспастан: – Лиза, шай қой. Қонақтар келді. Мәдениетті кісілер дәстүр аттамайды»,– деді. Олар үндей алмай қалды. Сол паузаны пайдаланып: – Кешіріңіздер, телефон шалуға бола ма?,– деді. Олар рұқсат берді. Көршісі, аса белгілі кеңес ғалымы трубканы алғанда: – Вася! Мен ұзақ командировкаға кетіп барамын. Лизаны саған тапсырдым. Аманат»,– деді де маған қарап: – Лиза! Сен анда-мұнда жүгірме. Одан ештеңе шықпайды. Бұл «барса – келместің» командировкасы»,– деді сабырмен. Тергеушілер мұның бәрін үнсіз тыңдап тұрды, үндеуге бата алмады. Мен соған таң қалдым»,– деп кеңес тұсында алаш тарихынан жабық тақырыпта докторлық диссертация қорғаған тарихшы Жақсалиевке айтып берген осы оқиға толық дәлел. Жауап алынған жетпіс адамның бәрі де: «Біз Бөкейхановпен еркін сөйлесе алмаймыз. Оның мысы басып тұрады және астарлап сөйлейді»,– деп жауап берген. Ал өзі тергеу ісіндегі жауабында: «Мен тек Байтұрсыновпен, Дулатовпен ғана ұлт туралы ашық сөйлесе аламын»,– деп жазыпты.

Әлихан Бөкейхановтың Мәскеудегі пәтерінде «Алашорда» үкіметі мен «Алаш» партиясының, алаш қайраткерлерінің, соның ішінде Смағұл Сәдуақасовтың мұрағаттары қашан ұлы отан соғысы басталғанша сақталған. Смағұлдан қалған жалғыз ұлы Ескендір майданда қаза тапқаннан кейін, Лиза (Ләззат) Әлиханқызы жалғыздыққа шыдамай өзі де дәрігер ретінде майданға аттанады. Аттанар алдында әкесі мен Смағұлдың архивін қаттап, үйдің шатырына тығып кетеді. Оның біразы шатырға бомба түскенде шашылып кетіпті, ал қалған бөлігін отыннан қиналған солдаттар тамызыққа пайдаланса керек. Қайтып келгенде тамтығын ғана тауып алған. Өзі де соған қатты өкініп, үйіне барғандарға: оның белгісі мынау ғана,– деп үйінің төріндегі Смағұл мен оның ұлы Ескендірдің суретін көрсетеді екен. Ләйлә Мұхтарқызы Әуезова көңілденген бір сәтінде өзіне тән жұмсақ жымиыспен:

«Тұрсын! Сен алаш тарихымен айналысып жүрсің ғой. Бізде Әлихан Бөкейхановтың қызы Лиза Әлиханқызының әкеме тапсырған архиві бар. Оның тарихы былай. Елуінші жылдардың екінші жартысында Мұхтар Омарханұлы Мәскеуге келіп, бір салтанатты жиналысқа қатысты. Екеуміз театрға бардық. Фоэде бір әйел анадайдан: «Әй, Мұхтар!»,– деді өктем дауыспен. Әкем де тез үйіріле кетті. Мен бұрын ол кісіге мұндай өктем сөйлеген адамды көрген емеспін. Таң қалдым. Екеуі ұзақ шүйіркелесті. Қоштасқаннан кейін маған бұрылып маңызды кейіппен: «Бұл – Әлихан Бөкейхановтың қызы Лиза, Смағұл Сәдуақасовтың әйелі. Жастығымыз да, достығымыз да жарасқан адам. Үйінде Смағұлдың біраз архиві сақталып қалыпты. Соны маған тапсырмақ.»,– деді. Араға біраз күн өткен соң сол архивті Алматыға алып кетті. Осы жайды Валентина Николаевнаға айтқанымда: «Бөкейханов – бұлардың көсемі. Ол өзі сондай сұсты, мысы басым адам. Ленинградтағы біздің үйімізге келерде Мұхтар сондай қатты әбігермен дайындалатын. Оның алдында балаша елпек қағатын. Менің де бетіне қарап сөйлеуге батылым жетпейтін. Қорқатынмын. Ал Смағұл біз үйленген жылдары ақша жіберіп тұратын»,– деді. Ол архив осында. Не бар екенін толық білмеймін. Сен көр»,– деп ықылас білдіріп еді.

Мұражайдың қолжазба бөлімінің иесі Талатбек Әкім ұсынған орамда: 1. Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романының қолжазбасы.2. Жүсіпбек Аймауытовтың Смағұл Сәдуақасовтың анкеталық сұрағына 1927 жылы 3-ғинуарда қайырған жауабы.3: Мұхтар Әуезовтің анкеталық жауабы.4. Бернияз Күлеевтің 2 томдық өлеңдер жинағы. Ішінде әңгіме, қарасөздері араласқан роман бар. 5. Әр түрлі қиындылар мен үзінділердің ішінде «21/ІҮ.22 ж» деп қол қjйылған С.Сәдуақасовтың «Сәрсенбек» деген романы бар. Мен ол романды сол кездегі ізденуші Д.Мыңбаевқа (Қамзабекұлы) бердім. Ол жарыққа шығарды. Ал Бернияздың мұрасы әлі жарыққа толық шыққан жоқ. Ғалым Ахмедов дегдар: Бернияздың қарындасы Мария Бегімбетованың Қыздар институтында дәріс беретінін, оның қолында Бернияздың жеңгесі мен қарындасының жоқтауы бар екенін айтып еді, тіршіліктің толқынында ол да ескерілмей қалды.

Тағдыр талқысында ажырасып, қимас та сырлас достарымен Б.Пастернактың өмір соңында қалай табысқаны туралы естелігінде В.Огневтің: «Бывают странные сближениия. Они связывают начала и конца», яғни, «Сондай бір нысаналы тосын жақындасулар болады. Олар өміріңнің басы мен аяғын түйіп байлайды»,– деген пікірі бар. Сол сияқты бір кезде жастық кешуін, барша тағдырлы күндерін, тіпті дәмелі махаббат сәттерін (Ләззат Әлиханқызының өзі ғалым Жақсалиевке: Смағұл, Қаныш, Мұхтар үшеуінің ішінен Смағұлды таңдадым»,–депті) бірге өткізген адамымен өмірінің соңында үзіліп қалған байланысын қайта жалғастырған. Өзі сондай пір тұтатын Әлиханның көңілін отыз төртінші жылдары Мұхтар қатты қалдырған көрінеді. Әлкей Марғұлан: «Мұхтар кейде сондай сақтанып кететін. Отыз төртінші жылы Әлекеңмен әңгімелескенімде: – Мұхтар менің хатымды алмай, почтадан қайтарфп жіберіпті»,– деп қатты өкпелеп отырды. Мұхтар да қызық. Ондай аяулы жандардың көңілін қалдыруға бола ма екен?»,– деп балаша бұртиып отыратын. Бұл да тағдырдың талқысы сыйлаған үрей. Мысалы, осы әфсанада жиі аталатын Қаратілеуовтің үйінде Ғазиз Мұстафин «Алаштың» ұранын әндетіп айтқаны үшін партиядан шығарылып, соңынан екеуі де ұсталып кетііпті. Ал мемлекеттің почтасы қауіпсіздік мекемесінің бақылауынсыз өтпейтін. Егер ол хатты алса, онда Мұхтар Әуезов отыз жетінші жылдан аман қалмайтын еді. Ол үшін жазғыра алмайсың, әрине.

Ахмет Байтұрсыновтың да жауаптары сондай сөзге сараң, байыпты, тек Дінше Әділевпен беттескенде ғана: «Кілті ішіне салынған шифрлы хатты сендей пысықайлардан көрі Дулатов пен Бөкейхановқа сеніп тапсырған болар едім»,– деп қабағын шытқан. Мағжанды: ол – ақын ғой. Ақындар жеңілтек келеді. Сондықтан да онымен пікір алыспаймын; Тұрарды: ол – большевик қой, ал мен большевиктерді ұнатпаймын; Сұлтанбекті: ол – коммунист қой, коммунистер мені жек көреді. Жалпы, бұл екеуімен сөйлесетін ортақ тақырыбым жоқ. Олар ғылыммен айналыспайды. Ал мен бос сөзге әбден тойғамын,– деп өзінен аулақтата жауап берген. Сол арқылы оларды тергеу аясынан сырт қалдырып отыр. Әйтпесе, Тұрар мен Сұлтанбекті хат арқылы уақытша болса да татуластырғаны дерек арқылы дәлелденген шындық.

Тағдырдың мына мазағын қараңыз, тергеу ісімен танысып отырғанда, Ахаңды ұстап, тергеп, ату жазасына кесіп, үкім шығарып, «үкім орындалды» – деп жазған адамның ауыл-аймағын, ағайын-туысын жақсы білетін боп шықтық. Талай адамға, оның ішінде менің жан досым Жәнібек Кәрменұлына істеген жақсылығы үшін ол адамға сүйініп те жүретінмін. Тіпті сонау жетпісінші жылы маған дастан да жаздырмақ болды ғой деймін. Баласы хабарласып, оңашада жай-жапсарды біліп, үнсіз қалғаны: енді жария етесіз бе? – дегендегі сұраулы жанары біздің жүрегімізді шымырлатты. Азаматты жерге қарататын емес, өзгені қайдам, біз ол кісінің атын атамауға іштей бекіндік. Ол үшін кешірім өтінемін. Ал, куә ретінде тартылған, Ахаңның атылуына себепкер болған Ғайнижамал Қабдалиеваның өзі бізді іздеттіріп, басынан кешкенін айтып бергенде, төбе шашымыз тік тұрды (Бұл оқиға бірінші бөлімнің қорытындысы ретінде берілді. Қайталап бір көз қиығын салсаңыз, сіздің де жүрегіңізді шымырлататыны анық). Ал Ахаңның Нұржанов деген тергеуші жерлесі: «Мен Байтұрсыновтан жауап алдым. Сонда бір апта дайындалып барғанда, білімім үш сағатқа қана жететін»,– деп баспасөздерде естелік айтып жүрді. Біз оны қаперге ілмедік, өйткені, 1928-1931 және 1937 жылғы тергеу істерінде ондай есімді кездестірмедік. Мүмкін оның туыстарын тергеуге қатысқан шығар.

Рухани әкеміз санайтын Ахаңның қызы – Шолпан Ахметқызы Байтұрсыновамен Бейсенбай Байғалиев марқұм архивтің оңаша бөлмесінде таныстырып еді. Әкесінің атын өзгертпей алып жүргенінің өзі сол тұста біз үшін құбылысты қасиет болатын.. Байыппен орашолақтау сөйлейтін мұңлы жанарына сондай бір махаббатпен сүйіне қараушы едім. Әлі Республиканың Бас Прокуроры Ғ.Б.Елемесов бекітпеген Жоғарғы соттың үкімінің шешімімен құпиялай отырып таныстырғанымда ол кісі үнсіз жылай берді. Барған сайын құмыға мұңданып, уайымы ішіне түсіп кетті. Содан есін жиған соң барлық жағдайды түсіндіріп, енді Орталық Партия Комитетіне баласы ретінде өтініш жазып, шығармашылығын ақтау туралы іске кірісуіміз керектігін түсіндірдім. Сенер, сенбесін білмей, не алғауын да сездірмей үнсіз орынынан тұрды. Архивтің терезесінен қарап едік, тоқтап қойып, ойланып қалып, ақырын аяңдап бара жатты. Бейсенбай аға екеуміз де үнсіз күрсінісіп тарастық.

Араға күндер салып барып Гүлнар Міржақыпқызы мен Шолпан Ахметқызы екеуі телефон шалды. Апайдың атынан рахметін білдірген Гүлнар Міржақыпқызы бұл мәселені өздерінен хабар болмайынша ешкімге айтпауын өтінді. Қайыра архивтен жолыққанымызда КОКП Орталық Комитетінің Саяси Бюросының жанындағы Заңсыз қысымға ұшырағандардың ісін қарайтын комиссияға бағыттаған арызының көшірмесін берді. Тағы да мұңлы қалпымен орынынан көтерілді. Өтініш сондай бір сауатты, негізді, Лениннің өзінен дерек алынып жазылған екен. Сөйтсем, мұндай ақталудың талай «сүйіншісін естіген» апайымыз, бұл жолы да істің сәтіне сенбепті. Сондықтан да архивтегі деректерді Бейсенбай ағамызға жинақтата отырып, партия тарихы мамандарының ішіндегі А.Игенбаев пен С.Тәкенов сияқты сенімді ғалымдардың ақылына сүйеніп, Ахаңның – Ахмет Байтұрсыновтың барынша нақты өмірбаянын Лениннің өмірімен үйлестіре баяндапты. Бұл өмірбаянның бір данасын мен Жоғары Соттың мүшесі Қазықан Кенжебаевқа бердім. Өйткені алда Бас Прокурордың талқылауы күтіп тұрған. Ол талқылау 1988 жылдың 4-қарашасы күні өтті. Қазақстандағы Партия тарихы институты тарихшыларының өзі сілтеме жасауға сескенетін осы хаттағы деректер Прокуратурадағы талқылауға да, Орталық Комитеттің комиссия мүшелеріне де кәдімгідей демеу болыпты. Сондықтан да алаш ардагерлерін ақтауға септігі тиген осынау бір тағдырлы хатты орайы келген тұста толық келтіруді лайық санадым.

«КОКП Орталық Комитетінің Саяси Бюросына

Заңсыз қысымға ұшырағандардың ісін қарайтын комиссияға

инд. 480083, Алматы қаласы, Қашқар көшесі, №3 үйдің 8-пәтерінің тұрғыны, тел. 39-41-43, азаматша Байсаловадан, тегі бойынша Шолпан Ахметқызы Байтұрсыновадан Өтініш

30-жылдардағы жаппай қысым көрсету тұсында қуғынға ұшыраған әкем Ахмет Байтұрсынұлы Байтұрсыновтың ісін қайта қарауларыңызды өтінемін.



Менің әкем Ахмет Байтұрсынов аса ірі қазақтың лингвист-ғалымы, ақын-ағартушы және аудармашы болатын.

1973 жылы туған, ата қонысы Торғай уезі. Менің шешем Александра, ұлты – орыс, Ахмет Байтұрсыновқа тұрмысқа шыққаннан кейін мұсылман дінін қабылдап есімін Бадрисафа деп өзгерткен.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   42




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет