Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!



бет30/44
Дата09.06.2016
өлшемі3 Mb.
#124119
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   44

Түрмеден шыққан соң бір күні Жүсіпбек редакцияға келді. Біз – Ахмет, Әуеш, Аманғали, Мерғали, мен бәріміз ортаға алып, біраз әңгімелесіп отырдық. Көбінше оған сұрау бердік. Ол бізге жауап берді. Сол сұрақ-жауаптың кейбіреуі әлі есімде:

Ал, түрмеде көпшілік арасында кілең бұзықтармен жатқаныңыз қалай?

Әдейі жаттым. Оларды білгім келді. Бұзақылар өмірінен бірдеңе жазбақ ойым болды»,– деп жауап берді»,– деп (Бейсембай Кенжебаев, Телегей теңіз, «Лениншіл Жас» 1989, 6 қаңтар) еске алыпты.

Жоғарыдағы мағлұматтарға жауап есебінде Жүсіпбек Аймауытовтың соттағы сөздің қолжазба мәтінін ұсынамыз. Оны тапқан адам – зерделі, сергек ойлы аға, марқұм Бейсенбай Байғалиев. Б.Байғалиевтің Жүсіпбек творчествосындағы ірі-ірі “ақтаңдақтарды” қалпына келтіріп, қолжазбаларын іріктеп, қазіргі әріп жүйесіне көшірудегі еңбегі ұшан-теңіз. Тек қана 480-беттік “Ақбілек” романын қайта жаңғыртуының өзі үлкен парасаттылық. Біз, марқұмның өз қолынан алған Жүсіпбектің сотта сөйлеген сөзінің қолжазбасын келтіріп отырмыз. Ол 1927 жылы Қызылорда қаласында жазып алынған.



Жүсіпбек Аймауытовтың соттағы сөзі: «Бұрынғы берген жауабыма менің артық қосарым жоқ. Мені айыптайтын жері:

І) Мал үлестірген комиссияда болуым.

ІІ) Кейбір оқыған азаматтарға деп мал беруім екен. Бұған менің айтарым мынау:

1) Маған малды тез тапсырып қайту керек болды. Себебі: мал айдауға жалданған бақташылардың бірсыпырасы Ақмолаға шейін, бірталайы Торғай жерінің шегіне шейін келісіп жалданып еді. Олар Торғай жеріне аяқ басқан соң-ақ, қайтар» деп арпалысты. Күз түсіп, салқын болып, бақташылар киімі жоқтықтан тоңа бастады. Жолдағы елдерде оба ауруы болып, талай жерде бақташылар қашпақшы да болды, оның үстіне: Торғай аштары кісі етін жеп жатыр, екен дегенді естіп, үрейленумен болды.

2). Менің мал үлестіргенше бас-көз болуымды Торғай қаласындағы жиналған аш қазақтар шулап тіленіп еді, өйткені, бұған шейін Торғай азаматтары аштарға жәрдем бере алмаған, берген жерлерінде қиянатпен үлестірген. Аштар қызмет адамдарына өшіккен. Кіндік өкіметтің берген демін қызмет адамдары оларға бермей тұрған сықылды. Жұрттың, жалпы аштардың рухы сондай екен. Оның үстіне Торғайдағы қызмет адамдарының ішінде ру, ел таласы сықылды негізге тірелген алалық, бірін-бірі көрсету, қуғын-сүргін бар екен. Арғын, қыпшақ жігі бар екен. Сондықтан Торғай аштары өз елінің адамдарына сенімсіз қарайды екен. Бет-ауыздары көнектей іскен, көздері үңірейген, өлім аузында сенделген топты аш қазақтар зарлап, қақсап тұрған соң, дәтім шыдамады. “Мал үлестірген жерде ішінде бол»,деген тілегін орындадым. Міндетім ол емес еді, бірақ адамшылығым, арым аштарды аятқызды. Әуелде де аштарға жаным ашығандықтан, сезімім күштіліктен осындай ауыр міндетті, зор бейнетті мойынға алып, жан ұшырып едім.

3) Мен үлестіру комиссиясына кірмей, малды Торғай адамдарының қолына беріп қоя берсем, малды қол қойып (күш көрсетіп – Т.Ж.) жіберіп, талап алатұғын еді, өйткені малға шапқан елдің беті қойға шапқан аш қасқырдан бетер еді. Ондай талаудың болғаны екінші топ мал үлестіргенде анық көрініп тұрды.

4) Торғай еліндегі бір ғана шет кісі, алыс жерден мал әкеліп, аштарға жақсылық көрсеткен кісі – мен тәрізді көріндім. Мен басы-қасында болсам, бәрі де кенелетіндей, әділдікпен үлестіретіндей көрінді.

Ал енді әрбір оқыған азаматтарға мал берілді деген тақырыпта менің айтарым мынау:

1) Мен Торғайдың кейбірін – оқығандарын ғана білемін, көбін білмеймін. Сондықтан оқығандардың бәріне мен мал бере алмасам керек.

2) Ол азаматтардың кейбірі Орынборда, кейбірі басқа жерлерде қызметте болғандықтан, олардың малды үлестіріп алуы мүмкін де емес.

3) Малды сол адамдардың аш ағайындары алды, мәселен, Жангелді ұлының ағайындары, он бес шақты үй: ашпыз, - деп арыз қылды, тағы сондайлар болды. Ол аштардың ауылнайларына мал берілмейтіні де болғаны бар. Себебі елді аш дегенде, болыс, ауылнай (бойынша есептеп), жалғыз-жарым аштар елеусіз қалған, сондай елеусіз-санаусыз аштар Жалдама, Қараторғай болыстарынан да шұбырып келіп жатты. Соңғы екі болыс (Жалдама, Қараторғай) – Торғай азаматтарының тоқ ел деп тапқан елдері. Сондықтан оқыған азаматтарының аты аталып, олардың аш ағайындарына мал берген, оны маған айтып түсіндірген – тағы да сол Торғай жігіттері, ал үлес беруді ұйғарған – комиссия. Әйтпесе, Міржақып, Ахмет, Жангелді баласы сықылдылар мал алды деп есептеуге болмайды. Алған ба екен, жоқ па, олардың өздерінен сұрауға болар.

Мен өз бетіммен ешкімге мал үлестіргемін жоқ. Өйткені, Торғай елінің бай, кедейін білмеймін. Комиссиясына кірсем де жан ашығандықтан, аяғандықтан, жақсы ниетпен істедім. Пайда, мақтан есімде болған жоқ. Садық деген молданың үйінде болып, бізге бір тоқты сойған-ды, 30-40 аштар келіп, өтініштерін айтып, жығылып кетіп, талып кетіп есеңгіреп отырғанда, алдымдағы ет тамағымнан өтпеді. Аштарды шақырып алып, бәріне үлестірттім, тағы да сондай ауыр әсер берген аштар болды. Сондай аш елді көргенде, бұрынғы істегендерім анық болған соң, тоқ елдің жегені арам екен деген ойлар келді.

Заң тарапынан қарағанда, мүмкін, менің қаталарым бар шығар. Азаматтық, адамшылық жүзінен қаралса, бір кісі аштарға жан салып, қызмет көрсетсе – мендей-ақ көрсетер деп шүкірлік етемін. Мүмкін, менің еткен еңбегім себепті ондаған, жүздеген аштар ажалдан қалған болар, қалмады деп Торғай елі айта алмас.

Еңбегім салауат! Ниетім – арам, жүрегім – қара, қазаққа – зиянды адам болып табылсам, бұ да бір уақыт шығар, жазаға мойнымды ұсынамын. Аштар үшін мен-ақ құрбан болайын. Елімнің заңына көнемін.

Жүсіпбек Аймауытұлы.Тергеуші Сейдалыұлы».

Есіл ағаның аузына: «Мен-ақ құрбандығың болайын», деген сөз қайдан ғана түсті екен. Араға жыл салып, сол «тілегінің қабыл боларын» білмеді-ау. Сөйтіп, бірінші сотта Жүсіпбек айыпкерден айыптаушыға айналып, өзімен қоса өзгелерді де ақтап алды.

2.

Адалдық пен әділдікті «ар ісіне бағалаған» (Абай) атақты жазушы бұл жолы да ақиқаттың жолын кеспеген. Зады, Д.Әділевтің Голощекинге қастандық жасау ниеті болғанға ұқсайды. Бұл өзі Әлихан Бөкейханов: «Қазақта террор жасайтын ержүрек жігіт жоқ»,– деп айтты-мыс деген сөзге намыстанған өжет жігіттің жауап әрекеті ме? Әлде Қара – Ноғай үшін түбінде бір түрмеге түсетінін біліп, не де болса тәуекелге бел буғаны ма? Әлде қызба жігіттің ет пен терінің арасындағы желігі ме? Ол өзін театрдың директорлығын өткізіп бергеннен кейінгі ашынудан-үрейден туған, жай ғана айта салған сөз бе, әлде нақты іс-әрекет пе, оны анықтау енді мүмкін емес. Жиырма жеті жасар жас жігіттің аптығын басу үшін айтылған басу сөзі үшін, өзінің ату жазасына бұйырылатынын Жүсіпбек білген жоқ. Білсе, Әділевке айтқан ағалық ақылынан бас тартып, мойындамас па еді, кім білсін.



Әлқисса, осы арада бір оқшау түсінік бере кетудің орайы келіп тұр. Біз екінші рет, яғни, 1990 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының жанындағы Праволық комиссияның төрағасы ретінде Қауіпсіздік комитетіндегі құпия құжаттармен танысқанымызда жазушы Дүкенбай Досжан да рұқсат алды. Құжаттарды қатар қараған кезіміз де болды. Соның нәтижесінде тездетіліп «Абақты» атты кітабы жарық көрді. Жүрдек қалам иесінің мақалалары да 10-15 күннен кейін баспасөзде жарияланып жатты. Ал біздің Мұхтар Әуезовке қатысты «Талқы» атты зерттеуіміз 1997 жылы ғана басылым көрді. Біз көшіріп алған құжаттар осы «Ұраным – Алаш!..» атты әфсанада барынша толық қамтылып отыр. Құжаттардың аудармасын салыстыра отырып, кейбір мәтіндерді Д.Досжанның жарияланымы бойынша деп ұсынуды мақұл көрдік. Түпнұсқа біреу болғандықтан да салыстыру барысында байқалған деректік ауытқуларды өзіміздің қолымыздағы көшірмеге сүйеніп жүйеге түсірдік. Сондай-ақ ол деректер автордың стилі мен шығарманың ырғағына қарай жинақтала баяндалды.

Сонымен, Д.Досжанның жарияланымында: Қызылорда қаласы, Карл Маркс көшесі 54-үйде тұратын Жүсіпбек Аймауытовтың үйіне 1929 жыл 14 мамыр күні жүргізілген тінтуде тәргіленген заттар: 1. Хаттар, барлығы 88 дана. 2. Екі фотосурет. 3. Жеке басының құжаттары 20 дана. 4. Аймауытовтың қолжазбалары және газет қиындылары 34 бума. 5. Қалың дәптердегі қолжазбалар 33 дана. 6. Кітапта 6 дана. Куә ретінде азамат Ысқақов қатысқан. Тұтқындаған – Дінше Әділевті Бетпақдалада қуғындап жүріп, атыс үстінде қолға түсірген ОГПУ-дің өкілетті өкілі И. А. Шумилов»,– деп көрсетілген.

Жүсіпбек Аймауытовтың тергеу ісінің өзге алаш қайраткерлерінен оқшау жүргізіліп, кейін олардан бөлек тізімге ілініп, атылып кетуіне әскери тергеушінің айыптауы бойынша тұтқындалғаны себепкерлік етсе керек. Ал Евгения Аймауытованың хатында А.Саенко тінту жүргізген – делінеді. Бұл оқиғаның мазмұны Д.Әділевке қатысты тарауда толық қамтылғандықтан да, хаттамамен қысқарта таныстырамыз. «Тергеу хаттамасы. 29 жыл, 16 мамырда толтырылағн. Тергеуді ОГПУ-дің өкілі Саенко жүргізген.

Анкеталық анықтама: Жүсіпбек Аймауытов 40 жаста, қазақ. Семей губерниясына қарасты Павлодар уезі Қызылтал болысының 1 ауылында туған. Әке-шешесі орта шаруа. Әйелі, 3 баласы бар. Семейдегі мұғалімдер семинариясын бітірген. Арнайы орташа білімі бар. Қазір партияда жоқ. 1920-22 жылдары ВКП(б) мүшесі болды, басқа партияға мүше болған емес. Өз еңбегінің табысымен күн көреді. Мамандығы мұғалім. Халық комиссарлары автономиялық Орталық Комитетінде қызмет істеді. 1926 жылы Қылмыстық кодекстің 113 статьясы бойынша істі болған, кейін ақталған. Әке-шешесі кедей шаруа. Ол кісілер қайтыс болған. 16 жасқа дейін туысқандарының қолында өскен.

Хаттаманың мәтіні алдыңғы және кейінгі бөлімдерде дәлел ретінде келтірілгендіктен де төлеу сөз ретінде қысқартып береміз:

Семей семинариясында оқып жүрген кезінен шығармашылықпен айналысқан. 1918 жылдан бастап негізінен Семейдегі семинарияда оқитын қазақ жастарының «Жанар» атты мәдени-ағарту қоғамының ұсақ қарыз серіктестігінің қаржысына басылған «Абай» журналының шығарушысы болды. Бұған Тұрғанбаев жетекшілік етті. Алғашқы кезде «Абай» журналын қолжазба күйінде шығару ұйғарылса да, кейін ұсақ қарыз серіктестігінің мәдени, оқу-ағарту ісіне арналған қаржысы пайдаланылды. Журнал өзінің 12-ші саны шыққаннан кейін қаржы тапшылығынан жабылып қалды. Оның үстіне «Сарыарқа» газеті журналға қырын қарады. «Сарыарқа» газетінің екінші санына «Тұр бұқара, жинал кедей, ұмтыл жастар» деген ұзақ мақаласы жарияланды. 19-жылы семинарияны жақсы бітірді. Колчак үкіметі құлағаннан кейін Семейдегі төңкерісшіл губерниялық комитетте істеді әрі «Кедей таңы» атты жаңа газеттің редакторы болды. Осы кезде ВКП(б) мүшелігіне өтті. 1920 жылдың қазан айында Қазақ Атқару комитетінің мүшесі және оқу-ағарту наркомының орынбасары болып сайланған.

Ж.Аймауытов (жалғасы): «21-жылдың қыс айында Ысқақов пен Сәрсеновтің үйінде, кімнің ұсынысы бойынша жиналғанымыз есімде жоқ, партияда бары және жоғы аралас, ішінде алашорда көсемдері де бар, Семейдегі қазақ қызметкерлері бас қосқанымыз бар. Алашордашылардан Дулатов, Ғаббасов, Тұрғанбаев қатынасты, өзгесі жадымда қалмапты. Әңгіменің ешқандай қортындысы болмады, бір шешімге келе алмай тарқастық. Осы басқосуда болар-болмасы белгісіз, әлі нақты белгіленбеген қызметке кейбір кісілерді ауызша тағайындап жатқаны маған түсініксіз көрінді. Сіздің сұрағыңызға орай айтарым, жиналыста ВКП(б) мүшелігіне қабылдау мәселесі қаралды ма, жоқ па, ол арасы анық есімде қалмапты».

Ал 1929 жыл 23 мамыр күнгі тергеуде Дінше Әділев туралы көрсетінді береді. «Дала қарақшысы» атты тарауда баяндалғанындай Ж.Аймауытов (Д.Досжанның жарияланымы негізінде):



«Әділовпен 1921 жылы, Орынборда оқу-ағарту наркомының орынбасары кезімде таныстым. Ол кезде оның не істеп жүргенінен хабарым жоқ, әйтсе де, Қазақ Атқару комитетінің мүшесі екенін білетінмін. Кейін Әділев жаңғалақ жігіт дегенді естідім: жолдастарынан қарызға ақша алады екен де, оны қайтармай кетеді екен. Ташкентте тұрған кезімде үйіме бір мәрте келді, кейін оған: «Жазғы демалыста үй-ішімді жайлауға жіберсем қайтеді?», деп хат жазғаным бар. Бұл шаруаны кейін Ташкентте өзімен келістім»,– деп жауап берген.

Осы көрсетіндіден-ақ олардың арасындағы таныстықтың орнықты екендігі аңғарылады. Шындығында да, Д.Әділевтің көрсетуі бойынша, екеуі сол жылы Семей қаласында танысқан. Зады Ж.Аймауытов таныстық мерзімін ұзартып көрсеткісі келмеген сияқты.



«Алаш iсiнiң» басталуына себепкер болған куәләрдiң iшiндегi ең түйінді «тұлғасы» да Дiнше Әдiлев болғандықтан да бұл тұзақтан Жүсiпбектiң жазасыз құтылуы мүмкiн емес едi. Егерде жеке тұрғанда оның арнаулы кешiрiмге iлiгiп, тағы да жетi-сегiз жыл өмiр сүруiне мүмкiндiк туатын едi. Жүсіпбек Аймауытовқа тағылған «басты қылмыстың» астарын ашу үшін осы арада «Дала қарақшысы» атты тараудағы Дінше Әділевтің төмендегі көрсетіндісін қайталап ұсынуға мәжбүр екенімізді қаперге іле кетеміз. Жүсiпбектi оқтың ұшына байлаған айып мынау:

«Дiнмұхамед Әдiлевтiң жауабының хаттамасы. 3 ақпан. 1929 жыл.

(Жауаптың басында террор туралы ұзақ-ұзақ толғаулар айтады. Өзiн кекшiл – терроршы ретiнде көрсетедi – Т.Ж.). ... Айтпақшы, Есполовтың үйiнде Голощекин туралы әңгiме болды. Онда Голощекиннiң өмiрiне тiкелей қауiп төндiру жөнiнде мәселе қозғалған жоқ. Тек Голощекин қақында ғана болды. Онда қатысып отырғандардың барлығы да: егерде ретi келсе оған қастандық жасаған артық болмас едi. Бiрақта бұл өте қиын дүние, бұл бiрiншiден, халыққа қатты күйзелiс әкеледi деген қорытындыға келдi. Сөйтiп, бiз үшеумiз осы тақырып төңiрегiнде әңгiмелестiк, алайда бұл мәжілісте нақты шешiм қабылдағанымыз жоқ. Менiң ағайым тұтқындалғаннан кейiн (оның «Алаш iсiне» ешқандай қатысы жоқ – Т.Ж.) Қызылордаға екiншi рет келгенiмде ол әңгiмеге қайтып оралғамыз жоқ.

1928 жылы жаз айында мен Шымкент қаласына келiп Аймауытовпен жолықтым. Әңгiме арасында Голощекин жөнiнде сөз қозғалды. Оған дейiн мен одан: Шымкент губерниялық атқару комитетiнiң төрағасы кiм деп сұрағанымда Аймауытов: «Макин. Ол жерге оңбаған бiр бұзықты қойды», деп жауап бердi. Содан кейiн: Жетiсу губерниялық атқару комитетiнiң төрағасы кім?,– деп сұрадым, бұрын ол орында Әлiбековтiң отырғанын бiлетiнмiн. «Оған да бiр бұзықты қойды», дедi Аймауытов. Ташкентке бару, бармауым туралы Аймауытовпен ақылдасқаным туралы бұрын да айтқанмын. Ол сол жолы қатты мазасызданып: «Әйтеуiр бiр қара түнек төнiп келедi, дүниенiң астан-кестенi шығып, асты-үстiне төңкерiлiп барады. Айналаң толған тыңшылар мен «үндеместер», тынысыңды тарылтып, алға бастырмайды, барлық жерде де тыныштық кеткен, қайда барсаң да аңдудан құтылмайсың. Қазақстанды шыңырауға тастап, қатты күйзелттi, соның барлығына Голощекин кiнәлi. Сол келгеннен бастап дүние асты-үстiне төңкерiлдi», деп мұңын шақты.

Сөйтiп, бiздiң әңгiмемiз Голощекин жөнiнде болды. Әңгiме арасында не ол екенi, не мен екенiм есiмде жоқ, әйтеуiр бiреуiмiз оған қастандық жасауға болмас па екен дедiк, Аймауытов өзiнiң мұны қастандықты қолдамайтынын бiлдiрдi. Ол маған: «Ол қолдан келе ме, жоқ па бiлмеймiн. Сен өзiңнiң ауылыңа қайта бер, мен жолай Ташкентке соғамын, одан Қызылордаға барамын, сонда Қожановпен, Дулатовпен ақылдасамын, сен өзiңнiң адамыңды жiбер, барлық сұрағыңа жауапты сол арқылы беремiн», дедi».

Мiне, Дiнмұхамед Әдiлевтiң осы сөзi Жүсiпбектi «саяси қастандық жасады» деген айыппен кiнәлауға себепкер болды. Дiнмұхамед (Дiнше) Әдiлев өте күрделi өмiрбаянның иесi. Осы арада бірінші кітапта баяндалған оның өмір жолын қысқаша еске түсіре кетеміз.

Оны он төрт жасында көшеден көрiп қалған Мiржақып Дулатов бауырына тартып, Омбыға оқуға түсiредi. Одан қызылдардың әскерiнiң қатарына кiредi, Колчактың түрмесiне түседi, Қиыр Шығыстағы партизан жасағында соғысады, одан Қожановтың көмегiмен қызметке алынады, қазақ драма театрының тұңғыш директоры мiндетiн атқарады. Мiнезi тез, тентек, оқиға құмар Дiнше ауылына барғанда Бетбақдаланы шулатып жүрген, ауылдың қыз-келiншектерiн Сарысудың бойында жинап алып, бейбастақ әрекетке еркiндiк берген Қараноғай дегендi ұстап, оған өзiнше сот құрып, атып тастайды да денесiн мұздың ойындысына батырып жiбередi. Содан бастап қуғынға түседi.

1928 жылы желтоқсан айының 28 күнi ұсталады. Ол өзiн бiрден ұлттың жоқшысы ретiнде жариялап: «Алашорданың» тапсырмасын орындадым»,– деп мәлімдейдi де бүкiл өмiрбаянын хатқа түсiрiп, «Алаш» үкiметiнiң барлық көсемдерiнiң қайраткерлiк әрекеттерiн өзiнше баяндап бередi. Сөйтiп, әуелi Мiржақып Дулатов пен Жүсiпбек Аймауытов, содан кейiн Ахмет Байтұрсыновтар түрмеге қамалып, тергеуге алынады. Соның нәтижесiнде алдыңғы топта 42, кейiнгi топта 30 адам жазаға тартылады. Тергеу барысында Жүсiпбек Аймауытов өзiне Дiнмұхамед Әдiлевтiң бiр рет жасырынып келгенiн, Голощекинге қастандық жасаймын деп қоқиланғанын, бiрақта оған: «Тентектiкпен iс бiтпейдi, сен бар жағдайды айтып, Қараноғайдың қылмысын дәлелдеп, өкiметке жаз. Ал қастандық жасаймын дегендi ұмыт. Халыққа кесiрiң тиедi»,– деп шығарып салғанын айтады.

Сондай-ақ, Жүсiпбектiң үстiнен өзiнiң шәкiрттерiнiң де арыздары жиналыпты. Шымкент педагогикалық техникумының студентi Қалабай Бекдуллаев бастатқан үш шәкiрттен жауап алыныпты. Оның iшiнде кейiннен аты қазаққа танымал болған бiр адамның аты да ұшырасады. Оның барлығын тәптiштеп айтудың пәлендей қажетi шамалы. Голощекин мен «Үндеу» туралы дерек дәлелденбесе де Жүсiпбектiң мойнына айып ретiнде тағылды. Негiзгi себеп осы ғана...

Өзге тұтқындарға қарағанда бұл екеуінің беттесуі тездетіліп ұйымдастырылыпты (Д.Досжанның жарияланымы бойынша):



«1929 жылы 29 мамыр күнгі Ж.Аймауытов пен Д.Әділевтің беттесуінің хаттамасы.

Аймауытовқа сұрақ: Әділевпен соңғы рет қай уақытта кездестіңіз?

Жауап: 27-жылдың жазында. Оны кездейсоқ көшеде ұшыраттым, ұмытпасам, қасында ешкім болған жоқ. Губерниялық атқару комитетінің төрағасы Сәдуақасов Жанайдарға ауылдың әлдебір шаруасымен келгенін айтты. Иә, дәл солай айтты.

Әділевке сұрақ: Кездескеніңізді мойындайсыз ба?

Жауап: 1927 жылы Шымкент қаласында болған емеспін. Сондықтан да Аймауытов мәлімдеген әлгі кездесудің болуы қисынға келмейді.

Аймауытов: Дәл мерзімі жадымнан шығып қалыпты, әйтсе де Жанайдар Сәдуақасов Сырдария Губерниялық атқару комитетінің төрағасы болып тұрған кезде кездескеніміз рас. Содан кейін Әділевпен бетпе-бет жүздесіп отырғаным осы.

Әділевке сұрақ: Аймауытовпен соңғы рет қашан кездестіңіз?

Жауап: Соңғы рет 28-жылдың маусымының басында Ташкентке бара жатқан жолымда Шымкентте жолықтым. Байдуллаев Ағабекті босатып алу оқиғасына келетін болсақ, Аймауытов бұл ойымды құптайтынын айтқан еді.

Аймауытовқа сұрақ: Ол кездесу есіңізде ме?

Жауап: Мұндай кездесу болған емес. Сіздің көзіңізше Әділевке мынандай сауал қойғым келеді: Әділевке үнемі ақыл-кеңес беріп жүріппін бе?

Әділев: Біреудің ақыл-кеңесіне сүйендім бе, жоқ па, ол өз алдына жеке әңгіме, ал айтып отырған жағдайға байланысты Аймауытов маған ешқашандай кеңес берген емес, көмектескен де жоқ.

Аймауытовқа сұрақ: Саяси оқиғаларға орай Әділевке қандай да бір тапсырма берген кезіңіз болды ма?

Әділев: Жоғарыдағы айтылғаннан басқа маған тапсырма берген емес.

Аймауытов: Егер Әділев менің ақыл-кеңесіме мұқтаж болса, сол ақыл-кеңестің қандай да бір нәтижесі болды ма?

Әділев: Шымкент қаласында тұрғанда Аймауытов Дулатовтың айтқан сәлемдемесін менің хабаршы жігітім Нұрлан арқылы маған жеткізді».

Жауапқа тартылушылардың түбіне жеткен соңғы сөздің мәнісі тергеуде қайталана тәптіштеліп, нақтылана түседі. Тергеудің қайырмасы сияқты қайталана беретін бұл оқиғаға жауап ретінде Жоғары сот анықтамасының:



«ВКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің секретары Голощекинге қарсы террорлық қастандықты ұйымдастырғаны жөніндегі айыптау да қызыл сөзге құрылған. Тергеудің осы саладағы қорытындыларында Әділевтің өзінің ойын жүзеге асыруға тырысқан іс-әрекетін және оған Аймауытовтың қатысқандығын дәлелдейтін айғақтар жоқ»,– деген қорытындысын назарға ұсынумен шектелеміз.

Бұдан кейін тергеушілер Жүсіпбек Аймауытовқа астыртын ұйымның мүшесі ретінде айып тағу және оның ісін өзге алашордашылармен, Созақ көтерілісімен байланыстыру мақсатында куәлердің ауқымын кеңейтуге ұмтылған. Тергеудің үшінші томына Жүсіпбек Аймауытовтың үстінен өзінің шәкірті Қ.Бекдуллаевтың: «Жүсіпбек Аймауытов шәкірттерді көтеріліске шығуға шақырып үндеу жазған»,– деген мағынадағы көрсетіндісі тігілген. Онда кеңес өкіметінің “болашақ ұстазы” өзінің ұстазы Жүсіпбек Аймауытовты “халық жауы” ретінде әшкерелеген. Ол өзінің көрсетіндісінде қыза-қыза келе Абайды да “халық жауының” қатарына қосып жіберіпті. Соған қарағанда Қ.Бекдуллаевтің кәдімгі көп можантопайдың бірі екені байқалады.



«1929 жыл, 26 маусым. Қалабай Бекдуллаев, 22 жаста, Қызылорда қаласындағы Атбасар көшесінің 2-үйінде тұрады, 1921 жылдан комсомол, қазақ, батырақ, мектеп мұғалімі, үйленген.

Аймауытов Жүсіпбекті 1921 жылдан (-?- мүмкін 1927-жылдан шығар, жазу бедері өшіңкіреп қалған – Т.Ж.) білемін, өзінің айтуы бойынша оның әкесі Ақмола (-?- Семей губерниясы, Павлодар уезі болуы керек – Т.Ж.) губерниясындағы аса үлкен діншіл-молла екен. Ол 1926 жыл мен 28-жылдың аралығында Шымкенттегі педагогикалық техникумның оқытушысы болды. Аталған оқу орынында сабақ берген кезінде ол өзін барып тұрған ұлтшыл – алашордашы ретінде көрсетті, барлық жерде және үнемі студенттердің миына ұлтшылдық сананы егуге тырысты. Мысалы, арнайы әдеби бақылау орындары (цензура – Т.Ж.) басып-шығаруға рұқсат бермей қайтарып жіберген әдеби шығармаларын, кітаптарын шәкірттерге оқуға берді. Әсіресе, жоғары класс оқушыларына оқу үшін таратып берген кітаптарының ішінде “Үрбек” («Ақбілек» - ? – Т.Ж.) атты шығармасы ерекше көзге түсетін. Бұл кітап “алашордашылардың” рухында жазылған, онда ескі қазақ зиялыларын бірігуге шақырған. «Кеңес өкіметінің олармен күресуге шамасы келмейді», – делінген.

Сондай-ақ, ол студенттерге “Ақ жол” газетінің ескі тігіндісін (1923-жылғы ғой деймін) әкеліп, ондағы өзінің “Қилы, қилы заман болды, қарағай басын шортан шалды” – деген мақаласын оқытты. Ол бұл мақаласында қазіргі қоғамға деген өкпесі мен сенімсіздігін білдірген.

Жоғарыдағы аталып өткен әдеби шығармалардан басқа педтехникумның студенттерінің арасына өзінің “Сылаң қыз”, “Мансапқорлар” т.б. кітаптарын оқуға таратып берді. Бұлар студенттерге қосымша құрал ретінде қолдануға ұсынылды, бірақ та мазмұны жағынан алғанда (ұлтшылдық рухта – Т.Ж.) жазылғандықтан да, ондай кәдеге жарамайтын. Ол туралы “Еңбекші қазақ” газетінде сын мақала жарияланды, ал онда: «Бұл кітаптар кеңес өкіметіне қарсы бағытталғандықтан да, қазақ әдебиетіне ешқандай қажеті жоқ», – делінген.

Педтехникумда әдебиет пәнінен сабақ беріп жүрген кезінде сол пәннің мұғалімі ретінде студенттердің назарын әр түрлі қажетсіз нәрселерге аударып, түкке де пайдасы жоқ Мағжан Жұмабаев пен Абайдың өлеңдері мен поэзиясынан мысал келтіріп, үзінді оқитын. Жалпы алғанда оның оқыған дәрісінен студенттер ешқандай да пайда алды деп айта алмаймын”.

Дейді сабазың! Бұдан кейін Қалабай мырзаға кінә тағуға да болмас.



«1928 жылы көктемде педтехникумның студенттері оқу бітіргелі жатқанда белгісіз біреу Шымкент қаласының көшелеріне алашордашылардың Үндеуін желімдеп жапсырып кетті. Менің пайымдауымша және оның ықпалындағы (Аймауытовтың – Т.Ж.) студенттердің және Губерниялық соттың қызметкері Досовтың (СО ОО ГПУ тұтқынға алған) қолымен істелген іс (Белгілі кеңес қайраткері Ә.Досов емес екені анық. Соған қарағанда Досов деген Ж.Аймауытовтың бұрынғы шәкірттерінің не таныстарының бірі болуы мүмкін – Т.Ж.). Бұл үндеу шыққанға дейін Аймауытов Ербазаров Әлімбек (қазір шет елде жүрген қазақ ұлтшылы Мұстафа Шоқаевтің бауыры) және Хамитов Әлиайдар (Оның да Шоқаевпен туысқандық байланысы бар) сияқты студенттермен ерекше дос болып жүрді. Бұл студенттерді Аймауытов жиі-жиі үйіне қонаққа шақыратын. Үйіне тек молдалар мен байдың баласын ғана қонаққа шақырады. Ленинге арналған қаралы жиында оны мазаққа айналдырған (күліп қойған – Т.Ж.) студенттерді оқудан шығарған соң, оларды Жүсіпбек Аймауытов қайтадан оқуға алдырды. Егерде ішінара кейбір студенттер оған: «Неге сіз бізбен саяси тақырып жөнінде әңгімелеспейсіз», деп сұрақ қоя қалса, ол үнемі: «Біз саясатқа араласпаймыз, ол жөніндегі біздің құқығымыз шектеулі», деп жауап беретін»,– дейді.

Бұдан кейін шәкірт Бекдуллаев өзімен бірге оқитын шәкірттердің айналасынан шығып, «ұлтшылдардың» ауқымын кеңейте түседі. Өзінің ұстазы жөніндегі Қалабайдың жинаған мағлұматтарының тиянақтылығына қарап, сол оқып жүрген кезінің өзінде: «Үндеместің тыңшысы болмады ма екен?»,– деген күдік ұялайды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   44




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет