Тұрсын ЖҰРТБАЙ
ЖАҚСЫ ДОС
Қаншама бір тақуа болып кетсең де, Абай айтқандай, өз өміріңе өзің күніне, аптасына, айына, жылына емес, жылдап барып есеп бергенде, жүрегіңде жан жылуының табы сақталған жандарды есіңе алып, сол адамның сенің өміріңнен алатын орынын іздеп, айналаңмен салыстыра отырып соған баға беретін сирек сәттердің болатыны анық. Сол баға арқылы өткендегі қуаныш-жұбанышыңды, реніш-сүйінішіңді, күйініш-өкінішіңді еске аласың. Еске ала отырып өзіңе де, досыңа да, өмір сүрген ортаңа да, қоғамыңа да баға бересің. Сондай сәттерде, шығармашылық психологиясының түйсігі солай ма, кім білсін, әйтеуір, әлгі адамның тіршіліктегі мінез-харакеті, пейіл-пиғылы, жақсы-жамандығы, қулық-сұмдығы, өмір сүру қабілеті мен мақсат жолындағы айла-амалының қайсысы басым болса, сондай оқиғалар алдыңды орап, сондай көңіл-күймен қолға қалам аласың.
Қараша айының басында қол алысып, төс түйістіргенімізге артық-кемі жоқ тура қырық жыл толған Қожахмет ақсақалдың Құныпиясымен өткен өмірді, кешкен ғұмырды екшегенімде, тіршіліктегі пендеге қаратыла айтылатын ең ұлы да әділ баға – «жақсы адам» деген сөз апта бойы ойымда үйіріліп тұрып алды. Санаға сап сараласам да, түйсікпен түйсінсем де, сынап екшесем де, шын мәнінде, Құныпия жақсы деген ұғымның мағынасына толық лайық жігіт екен. Кеше де, бүгін де, ертеңгі қарбалас, етекбасты тіршілікте де осы мінезінен таятын адам және бұл емес. Ендеше: «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» – деген халықтық қағиданы ұстанып, неге қанжығалас достың, оқымысты қаламдастың, сауатты пікірлестің нұрын тасытпасқа – деген ойға келдім және бұл пікірге оны білетін жүздеген әріптестері, ондаған қалам достары, мыңдаған шәкірттері (иә, оның қырық жылдан бергі дәріс берген шәкірттерінің өзі де қазір бір қауым ел болды) қосылатынына еш қылауым жоқ.
«Жақсының сегіз қыры, бір сыры бар» дейді. Осыған жауап беретін мінезді түгендеп, оны Құныпияның бойына шақтап өлшеп пішпей-ақ қояйын және ол сегіз қырдың қандай өлшемге сиятынын толық тап баса да алмаспын. Сондықтан да, өзіме жақын, мағынасы анық Құнанбайдың тіршілік тарихатындағы жақсы адамға берген «неғылайынсыз» бағасымен ғана шектелейін және ол ұғымдар бүгінгі тілмен үйлесіп жатуы үшін тігісін жаза ойымды жеткізгім келеді.
Ақыл мен жүрек қаншама үйлесіп жатса да, адамның азаматтығы өзіне тән үлкенді-кішілі мінезімен өлшенеді. Дархандығың – дарақылыққа жол беріп, жақсылыққа да, жамандыққа да қызмет етсе, жылы жүрегің – жақсыға да, жаманға да езіле берсе, «мінезіңнің қалыбына симағаны», ондай мінезде мейірім-қайырым да болмайды, яғни, қайырсыздың қайырымы болып шығады. Әу баста – ағайынның, ес білгенде тапқан «Құнаш» деп тұратын достарыңның, өмір майданындағы әріптестеріңнің, яғни, діл, тіл, дін қарындастарыңның көңілін осы мінезіңмен аласың. Осындай мінезімен өмірден орын алған адамның бойында (мейлі ол кәдімгі етікші болсын, мейлі ол ел таныған тұлға болсын, бәрібір) жақсыға тән толық мінездің бір нышаны бар болғаны.
Бұл реттен алғанда осы алпыс жылдың ішінде Құныпиямен қанжығаласып, ауыздықтасып, қамшыласып келе жатқан қатарластары мен құрбы-құрдастары да, курстастары да, бір кезеңде бір маусым қамыттас болған әріптестері де, бір күндік жолы қиысқандар да оның сырбаздығына мін таға алмасына сенемін. Өйткені ол ешқашанда: барды – байытуға, жоқты – жонуға, артықты – кемітуге, кемшілігіңді – бетіңе басуға ұмтылмайды. Керісінше, үнсіз ғана: аласаны – биіктетіп, кемдікті – толтырып, жоғыңды – тауып, қиыспаған ісіңді қиыстырып, шынтағыңа жастықты қойып, тыныш қана өз жөнімен жүре береді. Кейде оның мұндай қамқорлығын жылдар өткен соң біліп жататынымыз бар: «Жақсылығың үшін де ұяласың ба? Тым құрығанда ескерте салмадың ба», – деп өзінің жақсылығын өзіне бұлдағаныңда: «Е, бопты. Менің орынымда басқа біреу болса да жасалатын іс қой», – деп қарап тұрады. Ұзын сөздің қысқасы, Құныпияны мақтап – биіктете алмайсың, жамандап – аласарта алмайсың.
Егер шығармашылық туралы сын айтсаң тағы да үнсіз тыңдап, үнсіз шешім шығарып, үнсіз ойға алғанын тындырып, үнсіз ғана қолжазбасын алдыңа қояды. Тағы да сыни пікір айтсаң тағы да сол жай қайталанады. Әбден иі қанғанда тағы бір тәптіштеп, үнсіз ғана жымиып баяғы «боптысын» қайталап айтып бұрыла береді. Құныпияның осы «боптысына» қарсы майдан ашып, осы сқзінен жаңылдырамыз деп кәдімгідей сайланған жансар құрбылары да (иә, құрдастары емес, құрбылары) түк шығара алмаған. Тура, Евгений Онегинге Абай аудармасында берілген: «Жасынан түсін билеп, сыр бермеген, күлсе де, ренжісе де білдірмеген» мінездінің өзі және осы мінездің барлығы оның жан жылуымен астасып жатыр. Жан алып, жан беретін ең тынымсыз да даулы жұмыс – жоғары оқу орындарындағы түсу емтиханын алатын комиссиясының жауапты хатшысы. Мұндай даусыз тарқамайтын міндетті ширек ғасыр бойы ауыспай атқаруына Құныпияның осы жақсыға тән мінезі себеп болса керек. Оның бұл мінезінің тереңін түсінбегендер мұны жуастық деп бағалап қалатыны бар. Бәрін ішіне тындырған мінезді қаталдық та оның бойына «үнсіздікпен» қоса біткенін сыралғылар болмаса, сырт жұрттың аңғара бермеуі заңды да. Қалай болғанда да ақыл мен жүректің басын біріктіреп, «сауытында ұстайтын мінез» Құныпияда бар. Мен үшін оның бұл «мінезі» – жақсыға тән мінез. Бұл мінез оның өміріне де, өнеріне де тән.
Ал ондай мінезді ұйытқан мәйек – бір үйірлі елдің қормалы атанған Қожахмет дегдар мен Әтихан кейуана, ал Сейдахмет, Қанафия, Әнәфия сияқты ағалары сол иіндіні шайқаған сабабасы сарбаздар. Қалған Гүлбаршыннан бастап Едігеге дейінгі іні-қарындастарын осы мінезге баулып келе жатқан Құныпияның өзі. Ал Бөпесі мен Торғыны да сол мінездің бесігінде тербелген инауатты жаратылыс иелері. Бұл да Құныпияның мінезіне сай берілген өмір сиы. Мынау алмағайыпты, алыс-берісті заманда оның «мінезінің сауытын» шайқалтпаған да осы ағайындары болса керек. Достары, біз де, оның «боптысына» қанағаттанып, «мақұлына сеніп», марқайып келеміз. Мінез қаталдығы демекші, бір мысалды тілге тиек ете кетейін. Қазір өзгені былай қойғанда өзінің баласына өзі қазақша үйрете алмай, не сөйлете алмай жүрген тіл патриоттары көп қой. Ал Бөпе Құныпияның қолына кеп қонғанда қазақша сызбайтын: «Ағашки! Бата хочу» – деп сызылып отыратын сылқымның өзі еді. Араға тура бір жыл салғанда Жәнібектің үйінде Несіпбек екеуміздің аяғымызды бір етікке тығып, қара өлең айтысынан жеңіп кеткені бар емес пе. Осы күнге дейін Құныпияның осындай ұстаздық қырына таң қалумен келемін. Маған: қолына аю түссе де Құныпия соған қазақша үйретіп жіберетін сияқты көрінеді де тұрады. Ал, мінез керек болса!
Қазақтың сыншы билерінің жақсынының сынын анықтайтын екінші сыны – «сөз түсінетін кісі» деген тіркестен шығады. Оның белгісі – сөз аңғарын түсініп, сол сөзді екінші адамға өз ауанында айнытпай жеткізіп, ол адамның жауабының аңысын аңдап, астарын сезіне отырып, ешқандай сөзді алып-қоспай әуелгі иесіне тиянақты жеткізу, сол сөздің астарын билік шешілгенше екінші адамға жария етпеу. Бұл – билерді бітімдестіретін, елді елдестіретін, адамның түйсігіне салмақ түсіретін сөз психологиясы, кәсібімізге лайықтап қолдансақ, творчество психологиясы. Сөзуар қазақ үшін бұл да оңай талап емес. Тіпті ең басты әрі орындалуы қиын сын. Қанша сыршыл болсаң да, орайы келгенде әлгі сөздің өз өзінен тіл ұшына үйіріле кететінін қайтерсің. Қазақтың: «Досы көппен – сыйлас, досы жоқпен – сырлас» дегені мұндайда есіңнен шығып кетеді.
Ал Құныпиядан досы көп адам аз. Өйткені ол өзіне достан басқа адам іздемейді. Тіршілік болған соң, оның үстіне, шығармашылықпен, ғылыммен айналысқан соң көзқарас тартысы болмай тұрмайды. Сондайда жасанып келген адамға да «боптысын» айтып, сөз қайтармай, сөзін тыңдап, қадерінше жақсылығын үнсіз жасап, шығарып салады. Тіпті өзіміз араласып, оның өзі ішінде болған жайларды кейде санаңда қайта жаңғырту үшін сұрасаң, нақтылайтынын нақтылап қана береді де ар жағын «боптысымен» аяқтай салады. «Ей, бұл неғылған таусылмайтын «бопты». Боптыңа да бір «бопты» дейтін кезің бола ма?», – десең, тағы да сол «боптымен» жауап береді.
Бұл реттен алғанда Құныпия нағыз сыр сандық. Бірақ сол сыр сандықтың ішінде қаншама адамның жан құпиясы мен сыры, мінезі мен қыры, шындығы мен өтірігі, алдауы мен алғауы жатыр десеңші. Соны сыр ретінде сыралғы досына айтпайды. Мұндай да дәл осындай ділі қатты, тілі берік адаммен қатар жүргеніңе таң қаласың. Сондықтан болса керек, кейде жан қысылғандағы жақсы сөзді де, жанама сөзді де Құныпияға майын тамызып, айызыңды қандырып тұрып айтасың да, «боптысын» естіп, мәз болып қайтасың. Астанаға ауысу туралы сөз қылаң беріп, екі ойлы, екіұшты боп тұрғанымды айтып, ақыл сұрамаймын ба. Сонда берген жауабы: «Ел ауған жаққа ырыс ауады» – деген Жұртбаев», – деді. «Бұл қостағаның ба, жоқ, шығарып салғаның ба. Онда мынадай қиындық болса қайтемін», – деп қазабалап едім: «Бопты.», – деді. Ақыры осы «боптысымен» өзін бопсалап Астанаға ат басын бұрғыздық. Ендігі тіршілікті оның осы «боптысын» малданып өткізгеннің өзі жанға олжа. Әйтпесе, Астанада да достар көп қой. Бірақ соның өзінде де кейде Құныпияның «боптысы» жетпей тұратыны бар. Әрине, мұның ішінде, әннің бабын келтіретін сызылған дауысы да жүректі қытықтап, өткен қырық жылдың қызығын көз алдыңа әкеліп, Жәнібекті бір еске түсіріп қоятын сүйкімділігі де бар.
Сонымен, «сөз түсінетін жақсы кісінің» санатына қосқымыз келіп отырған Құныпияның «сөзді ұғып, аңысын аңғарып, жеріне жеткізіп, үнсіз билік айтатын» мінезіне дәлелді өзгеден емес, оқымыстылығынан ғана сурытпақтасақ жеткілікті. Біз де ғалым атанып, дәріс оқып жүрміз ғой. Бірақ ұстаздыққа мойынсына қойғамыз жоқ. Өйткені, тамыры бір болғанымен де, ғылым бір басқа да, білім жүйесі бір басқа. Қазақтың сыншы билерінің: сөзді ұғып, бойына сіңіріп, оны басқаға жеткізіп, қайта өз бойына сіңіре білетін адамды жақсылардың қатарына қосуы тегін емес. Құныпияның бойынан бұл мінез де табылады. Өйткені оның табиғи тумысы – сөз ұстазы болғандығында. Қолына қалам ұстап, ой қуғаннан бері оның әр еңбегі сөзді оқытудың әдістемесімен тікелей байланысты. Отыз жыл еңбектеніп жүріп әуелі оқу методикасы, содан кейін шығармашылық психологиясы кафедрасын ашты. Шындығын айтсам, педагогикалық әдістемесіз шәкіртіңе білім сіңіру мүмкін емес екен. Оны мен енді түсініп жүрмін. Демек, Құныпия білімді бойына жияды (сөзді тыңдайды), оны түсініп дәріс береді (келесі адамға жеткізеді), содан кейін бағалап, оның нәтижесін қайтадан ұстаздарға жеткізеді. Яғни, «Көркем шығарманы талдау жолдары», «Тарихи шығарма: таным және көркемдік», «Поэма және сюжет», «Қазақ аудармасының теориясы мен тәжірибесі», «Поэзия парасаты», «Мұқағали өрнегі», «Қазақ әдебиеті» деп кітап жазып, профессорлармен, докторлармен, оқытушылармен ақыл қосады. Мектепке арналған оқулықтары бір сара. Және осының барлығын жариясыз қалыпты мінезімен жарыққа шығарады да, соны үнсіз қанағат тұтады. Мақтай бастасаң сол баяғы «боптысымен» дымыңды құртады. Демек, ол өз сөзінің қадірі мен пайымын біледі.
Сөздің тындырымдысы мен тындырымын ұнатады. Тіршілікте, өзгені былай қойғанда, тек менің өзім ғана қаншама қайырылмай жатқан қарбаласты шаруаға қол үшін беруін өтіндім деші. Өтініп емес, қашан «боптысын» айтқанша өктемдете бастырмалатып та алатын кезіміз болды. Кезекті «боптысы» ауызынан шыққаннан кейін еш қаперсіз, ол іс сенің желкеңнің қырына батып тұрғанына қарамастан «неғылайынсыз», алаңсыз жүре бересің. «Ал, Жұртбаев...», – деп хабарласса, істің оңғарылғаны. Оған дейін өзің де дымыңды ішіңе тартып жүресің. Соған қарағанда берген уәдесіне қамшы салдырғанды ұната бермейтін кірпияздығы да болса керек. Оған да қаратпай бір-екі рет шайқап жіберсең: «Бопты. Мен құтылдым...» – деп атқарған ісіне өзі қысылғандай боп ыңғайсызданатыны тағы бар. Тура осы сәтте бар шеберлігің мен шешендігіңді іске қосып, әй бір, айызыңды қандыра әзілдесең, майпаз ғой, шіркін, тізгін қақтырмай жорғалай жөнеледі. Кейде өмірдің сондай сәттерінде одан сүйкімді адам есіңе түспей қалатыны бар. Сөзіне ісі сай тындырымды жақсыға тән мінез осындай-ақ болар. Әйтпесе, қайырым-жақсылығын бұлдаңқырап жіберсе, өзіңді қоярға жер таппай қалатының анық қой. Бірақ ондай мінез көрсетсе, жақсының қатарына қосылмай да қалар еді.
Жоғарыдағы айтылған жақсыға тән үшінші мінез – әділдік. Бұл сөздің астарына адалдық, шыншылдық, қайырымдылық, түйсіктілік, алғырлық, елгезектік, ақ ниет сияқты ізігілік нышандар жататын шығар. Мен Құныпияны періште дей алмаймын. Бірақ, оның ойы да, ісі де шын ниеттен туады. Мақсатыма жетсем, ана істі істесем, ол үшін ана адаммен сөйлессем дейтін пейілге бейім пенделікті ойлайтын шығар, бірақ оны пиғылына жеңгізіп көрген емес.Өйткені ол не ойына алса да адам баласына деген ілтипатпен кіріседі. Адам жанының көлеңкесінің өзінен жақсылық іздейді. Осы жарқын мінез достарының жанына да, әріптестерінің көңіліне де, шәкірттерінің жүрегіне де жақсылық нұрын құяды.
Жақсыға тән қалған мінезді қозғамай-ақ қояйын. Осы үш мінездің біреуінің өзі де бір адамның өмірінің мағыналы өтуіне әжептәуір кепіл береді. Адамға, ортаға, қоғамға осындай сиымды мінезімен силы дос тәуелсіздік, рухани тәуелсіздік әмселесіне келгенде үзілмейтін, тат баспайтын күміс өзекке айналады. Бұл да мінез. Жақсының жасына жақсылықтың жылуын силаумен келген жақсы досқа қаратыла айтылған бір ауыз жақсы сөз де оның нұрын тасытпаса жасытпас деп ойлаймын.
Достарыңызбен бөлісу: |