Турсынкулова д. А



Дата21.06.2016
өлшемі94.95 Kb.
#151794
УДК 342.7 (573)

ТУРСЫНКУЛОВА Д.А.

ЗАҢ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ, ДОЦЕНТ

ӘЛ- ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ


Казахский национальный университет имени аль-Фараби

050040, Республика Казахстан, Алматы, пр.аль-Фараби, 71
ДӘСТҮРЛІ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ӨЗАРАКӨМЕК ИНСТИТУТЫН

ЗЕРТТЕУДІҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ
Аннотация

Қазақ халқының сан жылдық өткен тарихында ел бірлігін сақтауға мұрындық болған тұлғалармен қатар, қоғамдық организмнің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз етіп отырған дала демократиясының көрінісі болып табылатын үлгілер де баршылық. Оның бірі, дәстүрлі қазақ қоғамындағы өзара көмек (Асар) құқықтық институты болып табылады.


Түйін сөздер: әдет-ғұрып, салт-дәстүр, әдет құқығы, адат, асар, әмеңгерлік, сауын, билер институты, өзара көмек, жұртшылық.

Ключевые слова: обычай, традиции, обычное право, адат, асар, аменгерство, сауын, институт биев, взаимопомощь.

Keywords: custom, tradition, common law, adat, Asar, amengerlyk, sauyn, biys institute, mutual.
Елбасы өзінің еңбектерінің бірінде өзара көмек қатынастар жүйесін былай бағалайды: “Жекжат – жұрағаттардың, сондай-ақ ру аралық туыстық қарым–қатынастардың құқықтары мен міндеттері, сый-сыяпаттарының деңгей-дәрежелері, қадір–құрметтерінің шек-шекаралары, тыйым-талқыларының ауқым-аясы әрбір адамға арналған қатал әдепке бағынып отырған. Мінез-құлықтардың өзара міндет-деңгейлері, қарым-қатынастың қылық-қасиеттері, киіз үй ішінде дастарқан басындағы орындары, әрбір қонаққа көрсетілген құрметтің кезек-тәртібі, тіптен сый-сыбаға тағамдардың түр-түріне дейін, бәрі-бәрі сараланған. Қысқасы, өмірдің барлық сәтіне орайластырған құқықтар мен міндеттер болған. Мұндай құқықтар мен міндеттер жүйесі біртұтас әдеп деңгейінде көрініс тауып отырған. Мұның бәрі біздің бабаларымыз болып келетін далалық көшпелілер өмірін іштей реттеп отыратын парасат қайнарына айналған” [1, 43-44 бб.].

Дәстүрлі құқықтық жүйедегі өзара көмек қатынастарын біз қазақ әдет құқығының жеткен жетістіктер деңгейінде алып саралауға тиістіміз. 1989 жылдары академик С.З. Зимановтың қазақ әдет-ғұрып құқығын зерттеудің болашақтағы міндеттері туралы мына айтылған ойы бүгінгі күнде де өзектілігін жоғалта қойған жоқ. Ол кісі былай деген еді: “Все, что сделано до сих пор в области исследования проблем обычного права казахов, можно считать только началом. Первые борозды в изучении обычно-правовой системы дореволюционного казахского общества проложены. Высказаны мнения по некоторым общим и отдельным ее аспектам. Теперь задача состоит в том, чтобы опираясь на достигнутое, перейти к более глубокому и широкому ее изучению. Слишком еще много белых пятен на карте обычного права казахов” [2, с. 22 ]. С.З. Зимановтың басшылығымен жүзеге асырылған “Қазақтың ата заңдарының” он томдығын әзірлеу ісі, осы бағытты арналы деңгейге көтерудегі үлкен шаралардың бастауы болып табылды. Осы тұрғыдан келер болсақ, бұл кішігірім мақалалық зерттеуіміз жоғарыдағы ізгілікті шаралардың жүйелі жалғасы тұрғысында көрініс табатындай.

Қазақ халқының дәстүрлі қоғамдық санасында “Асар” сөзі екі түрлі мағынада қолданылады – кең мағынада және арнайы (тар) мағынада. Соған сай біз өзіміздің зерттеу жұмысымызда да “Асар” сөзін екі түрлі мағынада пайдаландық. “Асар” сөзінің кең мағынасы “өзара көмек”, “өзара жәрдем” деген ұғымды білдіреді, бұл сөздер бір-бірімен синоним сөздер. Демек, кең мағынадағы “Асар” сөзі өзара көмек қатынастарының барлық түрін қамтиды және өзара көмек қатынастарын құрайтын оның барлық құрамдас бөліктеріне (жылу, жұртшылық, қонақжайлық т.б.) ортақ атау.

Тар мағынадағы “Асар” сөзі өзара көмек қатынастарының бір нысанының (бір түрінің), яғни, өзара көмек институтының бір нормасының ғана атауы. Кең мағынадағы “Асар” сөзі тар мағынадағы “Асар” сөзінің мағынасын қамтитындығы сияқты, қазақ әдет құқық жүйесіндегі “Асар” институты өзінің құрамдас бір бөлігі ретінде “Асар” әдет құқығы нормасын қамтиды.

Өзара көмек немесе “Асар” - қазақ әдет құқығының басты институттарының бірі. Ол өзінің тарихи және нормативтік бастауларын протоқазақ (сақ, ғұн, төркі) қоғамдарынан алады да, дәстүрлі қазақ қоғамы дәуірінде кемеліне жеткен, толып-толысқан қазақ әдет құқығы жүйесінің белді де беделді институттарының біріне айналады.

Қазақ қоғамындағы өзара көмек қатынастарының және оларды реттеуге бағытталған әдет құқығы нормалары жүйесінің бірнеше даму кезеңдерін басынан өткергені байқалады. Өзара көмек қатынастары алғашқы кезде қандас туысқандар арасында ғана етек жайып, өріс алса, кейін бұл қатынастар тікелей рулас жандар арасында ғана емес, туысқандығы алшақ тараптар арасында – ағайынды қауымдар арасында да тарай бастайды. Ал, қазақ қоғамының келесі бір даму дәуірінде өзара көмек қатынастарының тіптен қандас туысқандығы түгіл, алыс ағайындық не жекжат-жұратты туыстығы жоқ жандар арасында – көрші-қолаң арасында да дамып, белең алғанын көруге болады.

Демек, дәстүрлі қазақ қоғамындағы өзара көмек қатынастарының бірнеше даму деңгейін бөліп қарауға болады. Олар: а) тікелей қандас туыстар арасындағы өзара көмек; б) туысқандығы алшақ ағайын-жекжат аралық өзара көмек; в) туысқандық қатынасы жоқ адамдар – көрші-қолаң, таныс-тамыр арасындағы өзара көмек қатынастары.

Өзара көмек қатынастарының осы даму сатылары мен деңгейлері әдет құқығы тарапынан белгілі бір жүйелеуге және реттеуге түсіп отырды. Соған сай әдет құқығының өзара көмек қатынастарына байланысты нормалары да дамып, өрбу процестерін бастан кешірді.

Өзара көмек қатынастарының және оларды реттейтін әдет құқығы нормаларының дәстүрлі қазақ қоғамының тарихи даму сатыларына сай әртүрлі деңгейге ие болғанын да байқауға болады. Өзара көмек қатынастары өздерінің алғашқы даму дәуірлерінде рулық деңгейде және руаралық көлемде ғана қанат жайса, кейін тайпа және тайпа аралық көлемде, одан әрі қазақ жүздері аумағында, ал өздерінің дамуларының шырқау шегіне жеткенде бүкіл қоғамдық, бүкіл халықтық, жалпы қазақ қоғамы аумағында қызмет істей бастады. Соған сай өзара көмек қатынастарын реттейтін әдет-құқығы нормалары да әртүрлі ауқымды және деңгейді қамтитын нормалар болып бөлінетінін байқау қиын емес. Айталық ауыл, ру аралық өзара көмек қатынастарын әдет құқығының асар, жұртшылық, жылу сияқты нормалары реттесе, тайпа, жүз аралық өзара көмек қатынастарын сауын, шүлен тарату, аманат мал секілді әдет құқығы нормалары реттейді. Ал, бүкіл халықтың, бүкіл қазақ қоғамының өзара көмек қатынастарын құқықтық тұрғыдан реттеудің әмбебап нысаны қонақжайлылық, сауын айту нормалары екендігі белгілі.

Дәстүрлі қазақ қоғамындағы өзара көмек қатынастарының даму тарихын екі үлкен кезеңге бөліп қарауға болады:

Бірінші кезең, протоқазақ қоғамындағы өзара көмек қатынастарының қалыптасу кезеңі. Бұл кезең аралығында өзара көмек қатынастарының негіздері, оның басты нормалар жүйесі өмірге келіп орныға бастады;

Екінші кезең, дәстүрлі қазақ қоғамындағы өзара көмек қатынастарының дамуы. Бұл кезең аралығында өзара көмек қатынастары өзінің барлық мүмкіндігін жете пайдалануға қабілетті күрделі құқықтық жүйе деңгейіне көтерілді.

Дәстүрлі қазақ қоғамындағы өзара көмек қатынастары қазақ әдет-ғұрып құқығы жүйесіндегі маңызды адами құндылықтарға негізделген күрделі құрылымдық жүйе.

Өзара көмек қатынастарының құрылымын құрайтын нормаларды әр түрлі негіздер бойынша топтастыруға болады. Біз өзара көмек жүйесінің құрылымын оның құрамындағы жеке нормалардың өмірге келу себептеріне, олардың алғы шарттарына, мәні мен маңызына және қоғамдағы атқаратын роліне қарай екі үлкен топқа бөлдік:

Бірінші топқа өзара көмек қатынастарының басты құрамдас бөліктері кіреді.

Екінші топты өзара көмек қатынастарының қосалқы немесе туынды құрамдас бөліктері құрайды.

Өзара көмек қатынастарының басты құрамдас бөліктері дәстүрлі қазақ қоғамында үлкен маңызды роль атқарған және ежелгі дәуірлерден қалыптасып келе жатқан, негізгі құрылымдық элементтердің бірі болып табылады. Олардың қатарына сауын, шүлен тарату, қонақжайлық, жылу, жұртшылық, асарды жатқызуға болады. Ал өзара көмек қатынастарының туынды нормалары оның басты құрамдас бөліктерінің негізінде қалыптасқан және сол бағытта атқарылар шараларды толықтыруға қызмет істейтін жеке құрылымдық элементтер болып табылады. Олардың қатарына аманат мал, қызыл көтеру, ат майы, сыбаға беру т.б жатады.

Өзара көмек қатынастар жүйесі қоғамдағы өзінің тиімділігін оны құрайтын жеке-жеке нормалардың қалыпты қызмет атқаруы арқылы жүзеге асырып отырды.

Сауын дәстүрлі қазақ қоғамында кеңінен тараған көшпелі өмірдің талап тілегіне жауап берген ағайын арасындағы өзара көмек институтының негізгі элементтерінің бірі болып табылады.

Аманат мал жүйесі ежелгі қазақ қоғамынан қалыптасып, дамып келе жатқан құрылымның бірі болып табылады. Қазақстан аумағында бірнеше мемлекеттік бірлестіктердің тарих сахнасынан өткенін білеміз. Аманат мал да, осы мемлекеттік бірлестіктер бірін-бірі ауыстырған дәуірде әртүрлі факторлардың әсерінен, түрленіп дами түсті. Аманат малдың дәстүрлі қазақ қоғамындағы, яғни ХY-XYІІІ ғасырлар аралығындағы көрінісі оның толысып, жетілген классикалық үлгісі болып табылады.

Аманат мал қатынастарына екі жақ қатысады. Бірінші негізгі жақ бақуатты жоғары бай тұлға да, екінші жақ күн көрісі төмен, жұпыны оның рулас ағайыны болып табылады. Бұлардың ортасын байланыстырып тұратын негізгі байланыс ол туысқандық желі және өзара көмек беру, әрі осы көмекті қабылдау ниеті болып табылады. Аты айтып тұрғандай аманат малды алған тұлғаны беруші жақтың пайдасына белгілі қызметтер атқаруы қажет. Бұл дәстүрлі қазақ қоғамында аманат малды беруші тұлғаның қоғамдағы беделін арттыруға қызмет атқарды.

Қазақ қоғамындағы ағайынгершілік қатынастар жүйесінде сауын мен аманат мал бір жүйеде дамып, қалыптасқан негізгі құқықтық нормалардың қатарына жатады.

Жылу және жұртшылық нормалары дәстүрлі қазақ қоғамында кеңінен қолданылған өзара көмек жүйесінің дамыған құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады. Жылу және жұртшылық нормаларының сыртқы ерекшеліктері өзгеше болып келгенімен, бұл нормалардың ішкі мәні бір болып табалады. Олардың негізгі мақсаты әр түрлі табиғи басқа да апаттарға ұшырап, мал-мүлкінен айырылған ағайын-туысты тентіреп кетпеуден сақтау және сол арқылы өздерінің жанашырлығын, туыстығын көрсету болып табылады. Жылу және жұртшылық нормалары көшпелі қоғамның тұрпаттық ерекшелігін, оның бітім болмысын тұтастай сипаттауға мүмкіндік беретін және көшпелі қоғамның психологиясын айқындауға жол ашатын құқықтық-нормативтік құбылыстар болып табылады. Жылу және жұртшылық нормаларының дәстүрлі қазақ қоғамында қолданылуын қамтамасыз етуші негізгі механизмдердің бірі, көшпелі қоғамның менталитетінде жатыр. Жылу мен жұртшылықты қолдану ар-ұят, намыс сияқты адами құндылықтардан бастау алады.

Құқықтық құбылыс ретінде асар нормасының қалыптасуы Қазақстан аумағында ежелгі сақ дәуірлеріне барып тіреледі. Кейінгі қазақ ордасындағы асар жүйесінің классикалық үлгісі сонау дәуірлердің нәтижесі болып табылады. Мұндай жүйе көптеген халықтардың даму тариыхында кездеседі. Мысалы, орыстарда “помощь”, украиндықтарда “толока”, және белорустарда “толака” деген өзара жәрдем көрсетудің дәстүрлері болған. Әрине, бұл жерде оларды асар нормасымен толық бір қатарға қоя алмаймыз. Жалпы алғанда, бұл жүйелер өзінің сыртқы көрінісі бойынша ұқсас болып келеді. Сонымен қатар, жоғарыда аталған халықтарда қалыптасқан жүйе өзінің мазмұны бойынша да, мәні бойынша да, өзгеше және ол нормалар сол халықтардың дамуының белгілі бір кезенінде ғана көрініс тауып, кейін дами алмаған. Асар жасаудың әлі күнге дейін қазақи ортада сақталып, оқтын-оқтын қолданылуы, қазақ қоғамындағы дәстүрлі сананың беріктігімен және оның негізінде жатқан қағидалардың өміршеңдігімен түсіндіруге болады.

Дәстүрлі қазақ қоғамында өзара көмек талаптарының бұзылуы ұяттан, ардан аттағандықтың көрінісі болып табылады. Сондықтан да, туысқандық өзара көмек қатынастары қазақ елінде өзінен-өзі орындалатын ішкі өзіндік реттеу күші бар механизмге айналған болатын. Егер туысқандық өзара көмек жүйесі жүзеге аспай жатқан кезде оны қоғамдық сана әрқашанда теріс деп отырды. Қазақ ішінде кейбір жағдайларда бұл талаптар бұзылып жататын кездер де болған. Қазақ билерінің бұл саладағы билік шешімдерін саралап қарайтын болсақ, көбінесе туысқандық көмек көрсету талаптарын, қонақжайлық дәстүрін бұзғаны, ол талаптарды бұзған тараптар белгілі бір жауапкершіліктерге тартылатын. Сонымен қатар, сауын талабын, ат майы талабын т.б. бұзылу себептеріне байланысты да кесілген билердің шешімдерін кездестіруге болады.

Қонақжайлық талабын бұзу ат шапан айыпқа кесілетін болса, ал басқа да туысқандық (ағайынгершілік) ісіне қатыспау, елдің одан сырт айналуына, әрі ондай бұзақыны елден қууға дейін алып келетін болған. Туысқандық (ағайынгершілік) өзара көмек қатынастарының талаптарын бұзғаны үшін қолданылатын билердің билік шешімдері әрқашанда ру аралық татулықты, ел бірлігін сақтауды, ағайынының ортасына іріткі салмауды мақсат тұтқан болатын. Бұл осы билік шешімдердің басты ерекшелігі.

Қазіргі кезеңде жергілікті жерлерде өзара көмек қатынастары жандануда. Дегенмен, оларды нарық заманының жаңа талаптарына сай өрбіту өмір қажеттілігі. Мұндай қатынастар ауылды жерлерде ағайынаралық татулықты, елдікті сақтауға септігін тигізер еді. Егеменді елдің азаматтық қоғам және құқықтық мемлекет құруға деген талпынысына сай жаңа сипаттағы “Асар” институтының қайта жаңғырып өмірге енуі, қоғамның адамдық ажарын арттырып, болашақ ұрпақты ізгілікке тәрбиелеуге жетелейді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі


  1. Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. – Алматы: Атамұра, 2003. – 288 б.

  2. Зиманов С. Состояние и задачи разработки проблем обычного права казахов // Проблемы казахского обычного права – Алма-Ата: Наука, 1989. – С. 8-30.

1 Nazarbaev N.Ә. Tarih tolқynynda. – Almaty: Atamұra, 2003. – 288 b.

2 Zimanov S. Sostojanie i zadachi razrabotki problem obychnogo prava kazahov // Problemy kazahskogo obychnogo prava – Alma-Ata: Nauka, 1989. – S. 8-30.




Резюме

В данной статье рассматривается философско-правовые методологии изучения института взаимопомощи «Асар» в традиционном обществе казахов.


Summary
In this article «Asar» in traditional society of Kazakhs is considered philosophical and legal methodologies of studying of institute of mutual aid.

Мақаланың атауы: Дәстүрлі қазақ қоғамындағы өзаракөмек институтын зерттеудің кейбір мәселелері
Название статьи: Некоторые проблемы исследования института взаимопомощи в традиционном казахском обществе
Article: Some aspects of the research institute of traditional mutual Kazakh society
Турсынкулова Д.А.

заң ғылымдарының кандидаты, доцент

Әл- Фараби атындағы ҚазҰУ

Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы


Турсынкулова Д.А.

кандидат юридических наук, доцент.

Казахский национальный университет имени аль-Фараби

Республика Казахстан, г. Алматы


Tursynkulova DA

Candidate of jurisprudence, associate professor.

Kazakh National University named after Al-Farabi

Republic of Kazakhstan, Almaty









Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет